360
бұзылады. Бұл ауруды
жемсау (зоб) деп атайды. Без қызметі біржола тоқтап
қалса шырышты ісік - микседема дерті байқалады. Ауру балалардың өсуі
тоқтап, сүйектің жетілуі тежеледі, жүрек соғуы сиреп, зат алмасу процесі
нашарлайды, дене температурасы төмендеп, ас қорыту ағзаларының жұмысы
бұзылады. Мұндай балалар өспей, жарымес болып қалады. Ересек адамдарда
зат алмасу процесінің қарқыны 30–40 пайызға төмендеп, белоктың алмасуы
бұзылады, ұлпа аралық қуыста муцин мен альбуминнің мөлшері көбейіп,
ұлпалық сұйықтың онкостық қысымы жоғарылайды. Осының салдарынан су
ұлпаларда қалып қояды да, организм ісініп кетеді, жоғары дəрежелі жүйке
қызметі нашарлайды, адамның ойлау қабілеті төмендейді. Қалқанша бездің
қызметі бəсеңдесе малдың өсуі баяулап, жыныстық жетілуі тежеледі, жыныс
айналымы бұзылады.
Бұл бездің қызметі əртүрлі жағдайларға байланысты ауытқып отырады.
Қыста бездің белсенділігі жоғарылап, жазда төмендейді. Бездің
физиологиялық гиперфункциясы буаздық, сүттену кезеңдерінде байқалады,
ал маусымдық ұйқыға кететін жануарларда қысқы ұйқы кезінде без қызметі
төмендейді. Мұндай жануарлардың ұйқыдан оянуы бездің жұмысының
күшеюімен байланысты.
Қалқанша без көпіршігінің сыртында орналасқан ерекше торшалар
(парафолликулярлық торшалар) тиреокальцитонин гормонын түзеді. Бұл
гормон қан құрамындағы кальцийді сүйек ұлпаларына жинақтап, оны
үнемдеуге мүмкіндік туғызады. Сонымен қатар тиреокальцитонин бүйрек
арқылы фосфордың бөлінуін қамтамасыз етіп, қандағы кальций мен фосфор
элементтерінің ара қатынасын реттеп отырады. Аталмыш гормон қалқанша
серік безінің паратгормонына кері əсер етеді. Бұл гормондардың бөліну
қарқыны олардың қандағы деңгейіне байланысты өздігінен реттеліп
отырады. Мысалы, тиреокальцитониннің əрекетімен қандағы кальций
деңгейінің төмендеуі өз кезегінде паратгормонның бөлінуін күшейтіп,
сүйектен кальцийдің қанға шайылуын шапшаңдатады.
Қалқанша бездің қызметі рефлекторлық жəне гуморальдық жолдармен
реттеледі. Орталық жүйке жүйесі қалқанша без қызметіне мойынның
симпатикалық түйінінен шығатын симпатикалық жүйке талшықтары мен
кезеген, тіл-жұтқыншақ жəне бұғақ (тіл асты) жүйкесінің талшықтары
арқылы ықпал етеді. Қалқанша без гормондарының бөліну қарқынының
температура ауытқуларына, дене жұмысына жəне басқа да стрессорлар
əсеріне байланысты өзгерістері осы жолмен қамтамасыз етіледі. Қалқанша
бездің қызметін торлы құрылым симпатикалық жүйке арқылы күшейтеді.
Қалқанша без гормондарының түзілуі мен бөлінуін реттеуде тиреотроптық
гормон бөлетін гипофиздің де маңызы зор. Өз кезегінде қалқанша без басқа
бездермен тығыз байланысты. Ол ұйқы безі гормондарының бөлінуін тежеп,
бүйрек үсті безі мен жыныс бездерінің қызметін жандандырады.