400
шағылысу жағдайындағыдай жатыр еттерінің жиырылуы байқалады. Еркек
малды көру, немесе басқа жыныстық тітіркендіргіштер үлкен ми
жартышарлары арқылы жатырдың жиырылуын шартты рефлекторлық
жолмен күшейтеді.
Жатыр қимылы аналық бездің функционалдық жағдайына қарай өзгеріп
отырады. Аналық бездерінде жетілген фолликулалары бар саулық
жатырының бойлама еттерінің жиырылуы күшейеді. Овуляциядан соң бұл
еттердің жиырылуы бəсеңдеп, сақина еттердің жиырылуы күшейеді де,
толқынды қимылдар басталады. Осыдан кейін жатыр еттері босаңсиды да,
жатыр мүйіздері ұзарып, ағза жамбас қуысына қарай ығысады жəне жатыр
мойнының арнасы жабылып, шəует өтпейтіндей қалыпқа келеді.
Табиғи шағылысу кезінде немесе қолдан ұрықтандырғанда рефлекторлы
түрде гипофиздің артқы бөлігінен окситоцин гормоны бөлініп, жатыр
еттерінің жиырылуы жанданады. Шағылысу кезінде кездейсоқ қолайсыз
факторлардың əсерімен мал шошынса, үріксе бүйрек үсті безінен адреналин
бөлініп, ол окситоцин əсерін тежейді де, жатырдың жиырылуы əлсіреп,
ұрықтану мүмкіндігі төмендейді.
Шəует құрамындағы спермийлердің тек қана аз мөлшері жұмыртқалық
жолдың ұшына өзінің ұрықтандырғыш қабілетін сақтап жетеді. Спермийлер
аналық жыныс жолдарымен минутына 2–5 мм жылдамдықпен жылжиды.
Шағылысқаннан соң олар сиырда 2–4, қойда - 6, шошқада - 10-15 минут, ал
жылқыда алғашқы бірнеше секундтар ішінде жатыр мүйіздеріне
(жұмыртқалық жолға) жетеді.
Спермийлер өздерінің бұрандалы қимылдары, жыныс жолдары еттерінің
жиырылуы жəне жұмыртқалық жолдың жыбырлағыш торшаларының
қозғалыстарымен қалыптасқан сұйық ағыны арқылы жылжиды. Ұрықтың
белсенді қимылдары тек жатыр мойнынан, жатырдың жұмыртқалық жолмен
жалғасқан жерлерінен өткен кезде жəне жұмыртқа мембранасына енерде
қажет.
Аналық жыныс жолдарында спермийлер тіршілік қабілетін бірнеше сағат
бойына сақтайды (36- табл). Оған малдың күйі үлкен əсер етеді. Мысалы,
арық, жұмыстан қажыған биелердің жыныстық жолында спермийлердің
ұрықтандырғыш қабілеті 12-24 сағат қана сақталады, сондықтан мұндай
биелер көбінесе қысыр қалады. Қынап жағдайында да спермийлер тез өледі.
Дегенмен, аналық жыныс жолының кей бөлігінде спермийлер біраз уақыт
өздерінің ұрықтандырғыш қабілетін сақтайды. Жатырлық ұрықтану типіне
жататын жануарларда (жылқы, шошқа) мұндай қолайлы жағдай жатыр мен
оның мүйізінде, ал қынаптық ұрықтану типіне жататын жануарларда (сиыр,
қой) - жатыр мойынында байқалады. Жатыр кілегей қабығы бөлген шырыш
спермийлер белсенділігін төмендетсе, фолликула сұйығы оны жоғарылатады.
Овуляция кезінде осы сұйықтық жұмыртқалық жол арқылы жатырға
құйылып, спермийлер қимылының күшеюіне себепкер болады.