Сары дене уақытша эндокриндік без қызметін атқарып, қанға
прогестерон гормонын бөледі. Бұл гормонның əсерімен жатырдың кілегей
қабығында ұрықты қабылдауға жəне оны қоректендіруге қажетті өзгерістер
жүреді: эндометрий эпителийі өсіп, көпсиді, жатыр бездері ұрықтың бекуіне
жəне қоректенуіне қажетті секрет бөле бастайды.
Прогестерон əсерімен аналық бездерде жаңа фолликулалардың жетілуі
толастап, шылымдану жəне күйлеу процестері тоқтайды да, жыныстық
айналымның теңелу сатысы басталады. Егер мал ұрықтанбай қалса, онда
сары дене жыныстық айналымның сары денесі деп аталып, ол бірте-бірте
кішірейіп, түгелдей сорылып кетеді де, орнында дəнекер ұлпа торшалары
қалады. Малдың қоректенуі, күтімі нашарласа сары дене толық сорылмай, өз
қызметін атқара береді. Мұндай сары дене кенжелеген немесе
пресистенттік сары дене, деп аталады. Ол жыныс айналымының
бұзылуына, малдың көбею қабілетінің жойылуына соқтырады. Мал
ұрықтанған жағдайда сары дене буаздық сары денесі деп аталады. Ол
буаздықтың жалғасуын қамтамасыз етіп, малды іш тастаудан сақтайды.
Сонымен жыныстық айналымда қысқа фолликулалық кезең ұзақ
лютеиндік кезеңмен алмасып отырады. Лютеиндік кезеңде жыныстық
белсенділік бəсеңсіп, организм буаздыққа немесе келесі жыныстық
айналымға дайындалады.
Ұрғашы малдың жыныстық қызметіне сыртқы орта жағдайы, əсіресе жыл
маусымы мен климат əсер етеді. Кейбір малда (ірі қара, шошқа, жылқы т.б.)
жыныстық айналым жыл бойына бірнеше рет қайталанып отырады. Мұндай
жануарларды көп күйтті (полициклді) деп атайды. Жалғыз күйтті
(моноциклді) жануарларда (ит, жабайы аңдар) жыныстық айналым жылына
1–2 мəрте ғана қайталанады. Жыныстық айналым жылдың белгілі бір
маусымында бірнеше рет қайталанып отыратын жануарларды (қодас, қой,
ешкі, бұғы, түйе, қоян) аралас күйтті топқа жатқызады. Ал, маусым
арасында байқалатын «жыныстық теңелу« жағдайын анафродизация деп
атайды.
Достарыңызбен бөлісу: |