121
Жеке органдарды қанмен дұрыс қамтамасыз ету үшін айналымдағы қан
мөлшері мен қан тамырларының жалпы сиымдылығының арасында белгілі
сəйкестік болу керек. Оны жүйке мен гуморальды реттеу тетіктері
қамтамасыз етеді. Мысалы, организм қансыраған кезде жүрекке оралатын
қан мөлшері азайып, артериялардағы қысым төмендейді де, жеке ағзалардың
қанмен жабдықталуы нашарлайды. Осы өзгерістерге жауап ретінде жүрек
жұмысы жиілеп, қан тамырлары тарылады. Арнаулы ішкі секреция
бездерінде тамырларды тарылтатын адреналин, вазопрессин гормондарының
бөлінуі күшейіп, қан қоймаларындағы қан тамырларға қуылады да,
айналымдағы қан мөлшері көбейеді. Аталған өзгерістердің арқасында қысым
жоғарылап, қан айналымы қалпына келеді.
Дегенмен, организмнің айналымдағы қанның мөлшеріне бейімделу
мүмкіндігінің белгілі шегі бар. Қансырау кезінде организм қанның жалпы
мөлшерінің 10-20 пайызын жоғалтса, қысым тек аз ғана уақытқа төмендейді.
Қанның 30 пайызы жоғалса, өмірге қауіп төнеді, ал қанның 50 пайызы
жоғалғанда - тіршілік тоқтайды. Əрине, қансырау салдары организмнің
жалпы күйіне, оның жүйке жүйесінің жағдайына байланысты. Мысалы,
қажыған, немесе симпатикалық жүйке жүйесі істен шыққан организм үшін аз
мөлшерде қансыраудың өзі қауіпті.
Достарыңызбен бөлісу: