20-бап. Қызметтік жануарлармен жұмыс істеу кезіндегі талаптар 1. Қызметтік жануарларды даярлауды (үйретуді) тиісті мамандар жүзеге асырады. 2. Қызметтік жануарларды даярлау (үйрету) кезінде жануарларды жүйелі түрде жарақат алуға алып келетін әрекеттерді орындауға мәжбүрлеуге тыйым салынады. 21-бап. Үй жануарларына қарау және оларды ұстау кезіндегі талаптар 1. Жануардың иесі немесе жауапты адам: 1) ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидалардың, ветеринариялық және гигиеналық нормативтердің талаптарын сақтауға; ЗҚАИ-ның ескертпесі! 2) тармақша 01.09.2023 бастап қолданысқа енгізіледі – осы заңның 31-б. қараңыз.
2) үй жануарларын есепке алу қағидаларына сәйкес үй жануарларын есепке алуды жүргізуге; 3) басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзбай, үй жануарларына жауапкершілікпен қарауды жүзеге асыруға; 4) адамның және (немесе) жануардың өмірі мен саулығына, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың мүлкіне үй жануарының зиян келтіруін болғызбау үшін қажетті қауіпсіздік шараларын қабылдауға; 5) үй жануарына Қазақстан Республикасының ветеринария туралы заңнамасына сәйкес ветеринариялық көмектің уақтылы көрсетілуін және профилактикалық ветеринариялық іс-шаралардың, оның ішінде вакциналаудың уақтылы жүргізілуін қамтамасыз етуге; 6) жергілікті атқарушы органдардың ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын бөлімшелеріне, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдарға, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау органдарына үй жануарларының аса қауіпті және жұқпалы ауруларына ұшырау күдігі туралы, сондай-ақ үй жануарының аса қауіпті және жұқпалы аурулардың салдарынан өлгені туралы дереу хабарлауға; 7) стерилизациялау арқылы үй жануарларының қалаусыз ұрпағын болғызбау бойынша шаралар қабылдауға; 8) денсаулық сақтау ұйымына және жергілікті атқарушы органдардың ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын бөлімшелеріне, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдарға, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау органдарына жануарының жеке тұлғаларға немесе жануарларға дене жарақаттарын салған жағдайлары туралы дереу хабарлауға және аса қауіпті және жұқпалы аурулардың ықтимал болуын анықтау мақсатында қарап-тексеру және қажетті клиникалық және (немесе) зертханалық-диагностикалық зерттеулер не ветеринариялық байқаулар жүргізу үшін өзінің жануарын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымға, ветеринария саласында емдеу-профилактикалық кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға жеткізуге; 9) үй жануарларының тұрғын және тұрғын емес үй-жайларды, оның ішінде кондоминиум объектілерін, қоғамдық орындарды ластауына, сондай-ақ үй жануарларының қоршаған ортаға зиян келтіруіне жол бермеуге; 10) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында көзделген өзге де талаптарды сақтауға міндетті. 2. Үй жануарларының құлақтары мен құйрықтарын тұқылдау, егер бұл тұқым стандарты бойынша міндетті болып табылса ғана жүргізіледі. Рудименттік бақайларды алып тастауға, егер олар тұқым стандарты бойынша міндетті болып табылмаса, үй жануарына ыңғайсыздық немесе ауырсыну тудырса, жол беріледі. Үй жануарларына аталған емшаралар ауырсынуды басумен немесе анестезиямен жүргізілуге тиіс. Жануар денесінің бөліктерін кесу үй жануарына қажетті көмек көрсету мақсатында жүргізіледі.