Уа, Жаратқан
Уа, жаратқан!
Хақ есігін аш алыстан,
Мен бір жемтік, жеді нәпсім – аш арыстан.
Күнәм шексіз, бақытсыздық батпағынан
Шығара гөр мен бейбақты қасарысқан.
Дүние – нәпсі, соны іздеген соры қалың
Иттей болдым, сүйек тастар жолыма кім?
Қара басты! – Хақ жолынан мен адастым,
Қайда барам, ей, достарым, не қыламын?
Нәпсі, шайтан жүргізеді жарлық маған,
Бір пенде жоқ соған құл боп шалдықпаған.
Пендең сорлы – танымаған оң мен солды,
Уа, дариға, қасіреттен қаңғып барам.
Десе сенбе: менен де өткен болды әлемет,
Қылығыммен салып біттім елге де әлек.
Жүзім – қара, басып өткен ізім қара,
Қай түріммен көрінемін, мен – қарабет?!
Әзіз жанның жақсылығын танымадым,
Қайтіп онда жан сырына бағынамын?!
Бас ұрмады дәргейіңе масыл, залым,
Иә, Раббым, енді, міне, зары қалың.
Күнәм – ауыр, не бетім бар Досқа қарар? –
Сансыз тәубе жеңілдетпес масқара бар.
Құл Қожа Ахмет жылап келді, ал панаңа,
Назарың сал, жерім бар ма басқа барар?!