«Әлһамдулиллә, оңнан келді.
Ей, сопы, талап қылсаң Хақ Дидарын,
Жаннан кеш, алқа ішінде жан қыйнағын.
Алла үшін тәрік болсын бар жыйғаның,
Талақ қыл түн ұйқыңды – өшсін мұндар.
Ғашыққа Хақ рахметі жуық шығар,
Өң – сынық, жүзін жаспен жуып сығар.
Тамұққа
менмендерді қуып тығар,
Тозақта тәкаппарлар өтпес сын бар.
Жарандар бұрынғы өткен аулақ кетті,
Тақ – халас, жасы жуды саулап бетті.
Сенің де ғұмырың тәмәм – нәубет жетті,
Тәуба қыл күнің үшін ей, пәтшағар!
Не істемес ит-нәпсіге берсең ерік?! –
Алла – жат, еңіресең де өршеленіп.
Жеңілсең – тіріледі, жеңсең – өліп,
Ұйқыңды құстай үркіт – түнде шырмар.
Шығармас нәпсі деген түрме-құлып,
Аздырар жолдан бұрып мүрде қылып.
Сонымен сүрдің өмір бірге жүріп,
Нәпсіні, нәпсіні теп ей, пәтшағар!
Тұлдырсың – нәпсіге ерсең ақырдемде,
Қосады діннен қуып кәпірлерге.
Өлерде иман кетер ғафыл желге,
Нәпсіден ақылға ер де болғын бизар.
Перғауын, Һарун кетті шайтанға еріп,
Сондықтан жер жарылды – сойқан болып.
Үлгісін Мұса Кәлим айтар келіп:
Екеуін үлгі алмаған Құдай қарғар!
Хақ сыны тәубасызға тиді қатал,
Кетем деп, жолға жыйнал, сыйлық апар.
Көр-дағы кеткендерді – ғибрат ал,
Тек сонда жатқан жерің болар гүлзар.
Момындар жыйнап өтер Ар мен Ғылым,
Хақ үшін құрбан қылды Жан мен Ділін.
Дүние емес, ақыретке пәрменді кім? –
Сол жанға үр мен нөкер бәрі даяр!
Алланың ғарасат таңы бір атады,
Жер де ойбай, көк те ойбай ғып жылатады.
Парызшыл, тәубашылды ұнатады,
Жарылқап, – сол құлдармен сұхбат құрар.
Намаз бен ораза тұтқан күлер тақтан,
Бар халық сол бір жанды тілер Хақтан.
Ондай құл қиямет күні жігер тапқан,
Ол ұлды періштелер құптап тұрар.
Хауыз бар – жарандарға ем сауда қылған*,
Ғашықтар татады оны тәуба қылған.
Қайығы
тәубасыздың аударылған,
Ішер-дүр ол бейбақтар улы зәһар.
Бір күні қияметтің – мың жыл болар,
Санынша бұл дүнияның құрдым болар.
Қайым күн жетпіс мың жыл сүргін болар, –
Тәубашыл құлдар үшін туды баһар.
Кім Хақтың құлы болса – Хаққа жақсын,
Тәкаппар, қалай бері аттамақсың?!
Құл Ахмет, нәпсі тыйып, дат қыламын,
Пірмұған тағар ма екен ақ тұмарын!?
Бейхабар көрмей-білмей қан ағызар,
Жан даусын естігей де Пәруардигар.