Снеллиус заңы немесе Снелль заңы екі ортаның шекарасындағы жарық сәулесінің сынуын сипаттайды. Дыбыс толқындарының сынуын сипаттауға да қолданады.
9.Оптикалық жүйелер. Оптикалық жүйедегі кемістіктер Оптикалық жүйе - жарық көзінен шыққан ағындарды басқаруға және заттардың оптикалық кескінін алу үшін белгілі бір тұрде тұрғызылған линза, айна, призма және тағы басқа жиынтығы.
Оптикалық жүйелердің аберрациялары (кемістіктері) Идеал оптикалық жүйені қарастырғанда нәрсенің бір нүктесінен шығарылған сәулелердің кең шоқтары сынғаннан кейін де (немесе шағылғаннан) бір нүктеде – кескін нүктесіне түйіседі деп ұйғарылды. Басқаша айтқанда, нәрсенің әрбір нүктесіне кескіннің тек бір нүктесі сәйкес келеді, нәрселер кеңістігіндегі сәулелердің гомоцентрлік шоғына кескіндер кеңістігінде де сәулелердің гомоцентрлік шоғы сәйкес келеді.
Нақты оптикалық жүйе өзінен өтетін сәулелер шоғының гомоцентрлігін бұзады, сондықтан нүктелердің кескіндері көмескіленіп шығады. Тек оптикалық өске кіші бұрыштармен келетін сәулелердің жіңішке шоқтары қарастырылатын нақты жүйенің қасиеттері идеал жүйе қасиеттерімен теңбе-тең болады. Бірақта осы жағдайда алынған кескіннің жарықтылығы да, кескінделетін нәрсе мөлшерлері де кіші болады. Бұған дейін идеал жүйеде шын мәнінде тек біртекті (монохроматты) жарықтың таралуы, шағылуы және сынуы қарастырылды.
Нақты жүйеде идеал жүйеге тән барлық қасиеттер бұзылады. Сонымен қатар, оптикалық өске перпендикуляр нәрселік жазықтықтың кескіні жазықтық болмайды; нәрсе мен оның кескіні арасындағы геометриялық ұқсастық бұзылады; нәрсенің ақ жарықта алынған кескіні боялып шығуы мүмкін.
Идеал жүйемен салыстырғанда сәуле жолының ауытқуы туғызатын нақты оптикалық жүйедегі кескіннің кемістіктері аберрациялар деп аталады. Оптикалық жүйедегі кескіннің сапасы аберрациялардың шамасына тәуелді болады, өйткені аберрациялар болғанда кескіндер стигматикалық болудан қалады. Сандық түрде аберрацияларды тригонометриялық дәл формулалар бойынша және параксиалдық (идеал) оптиканың формулалары бойынша есептелінген кескіннің координаттарын салыстыру арқылы бағалауға болады.
Оптикалық жүйелердің аберрациялары монохроматтық және хроматтық аберациялар болып бөлінеді. Монохроматтық аберрациялар деп нақты бір толқын ұзындығы бар жарық сәулелері өткенде пайда болатын кескіннің кемістіктерін айтады. Бұларға мыналар жатады: сфералық аберрация, кома, астигматизм, кескін бетінің қисықтығы және дисторсия.
Енді оптикалық жүйенің негізгі кемістіктеріне қысқаша тоқталайық.