Жасыл жаңбыр таңдамалы өлеңдер



Pdf көрінісі
бет5/7
Дата01.01.2017
өлшемі1,22 Mb.
#903
1   2   3   4   5   6   7

* * *
Аунақшып тұр ауа мен жел, 
Ойнақшып тұр күн жанары. 
Сансырайды сары белдер,
Сырбаз таулар сызданады. 
Сары белден құйын шықты, 
Сары топырақ көкке атылды. 
Шеткі ауылдың үйін жықты,
Шырылдатып көп катынды.
Құйын алды күлді, көңді, 
Қойлыбайдың шұлғауын да.
Сұрп асылдар қолды болды,
Сұрапылдың шырмауында.
Таз үйінің қонағы еді, 
Тасыр құйын құтырған-ау... 
Қайран біздің қазақ елі, 
Осындайдан құтылмады-ау.

285
НЕ ДЕЙМІН?
Досым айтты: 
“Есімді еңді алмаңдар. 
Әңгіменің бәрі біткен... Рәсуә! 
Қыран болып... 
Қырғи болып самғаңдар,
Бірақ менің қонбаңдаршы қасыма.
Мен – адасқақ, 
Мынау бытқыл жалғанның
Түлейіне, қалыңына түкірдім. 
Күю, сүю,
Ойнау, күлу –
Қалған мұң, 
Омыртқасын көр түзейді бүкірдің. 
Бір дауыл кеп жүрегімді дал-дұл ғып, 
Бірнайзағай... тағы аямай түйреген. 
Жаным менің – 
Жаңбыры жоқ жалбыр бұлт, 
тері сынды тексіз қатын илеген.
Есек дәме – 
ессіздердің сүйгені, 
Есалаң боп естілер жүр – 
дәруіш. 
Күледі, әне, күрең атты, 

286
күймелі, 
Күйсіздерге бермесе де нан уыс.
Жердің беті –    
Жансебілдің Отаны.
Жәдігөйдің және де осы мекені.
Бет-ауызы
бояу, сүрме, опалы
қаншықтар да, 
қаңсықтар да жетеді.
Амал қанша!
Кеудем барда тым асқақ,
мен соларға ата алмадым төтен үн.
Бұл жалғанның жалғандығын растап,
мың саудагер миды жеді... 
Не етемін!?
Мен тоқтадым.
Тоқтадым да бұзылдым:
Тоқтау судай кім көріпті шерліні!
Сайқалдардай келмес, сірә, сызылғым,
Сайтандардың күні дағы белгілі.
Енді маған қалғаны не? 
Арман ба?
Кірлеп, тозып бітті-ау деймін сол байғүс; 
Үміт оты бір жылт етіп қалғанда. 
Қиял-құсқа деуші едік қой: “Самғай түс”...
Құр өтірік,
Кіл өтірік, кіл алдау, 
берер болса, бермес пе енді бүгін бақ?

287
“Ертегің де, ертеңің де тұмандау” – 
дейді маған ібілістер сыбырлап.
Ертең дейміз...
Ертең басы – бүгіннен. 
Ал бүгінім көтермей тұр иегіні
Абай шал да “бүгінінен” түңілген,
Көрмес жерін көргеннен соң дүниенің.
Жоқ, жоқ енді
менің есімді алмаңдар. 
Солай, достым,
мен бәрінен түңілдім, 
Мұның бәрі – бұрынғыдан қалған зар, 
Бір Тәңірдің алдына тек жүгіндім...”
...Досым солай зарын төкті...
Не деймін?
Қалай, кайтіп қолтығынан демеймін? 

288
* * *
Ойлар, Ойлар  
Жанды жеген жегілер,                      
Жегілер де жегілерден жеңілер.       
Жеңген менен жеңілгенің майданын 
Көргің келсе– 
Көп іздеме, мені көр.
Жұпар кеуде, жұлдыз көзді, гүл қанат,
Періштемді пері нәпсім ұрламақ...
Адал ардай ардақтаған мөлдірім, 
Көздерімнен ағып түсті сырғанап.
Бота күнім боз дүниеден сәуле емген, 
Желп-желп етіп өте шықты дәуреннен. 
Бозбала күн – кемпірқосақ, ол да өшті,
Жетеу емес, жетпіс түспен әрленген.
Қарамайтын жігіттей боп қызға тік,
Тұрады ылғи тұмшаланып бір бақыт.
Ол қай бақыт? 
Біле алмадым мен соны,
Жүріп алды жүрегімді сыздатып. 
Қанша қыс кеп, қанша көктем құлпырды, 
Кәрі емен де биіктерге ұмтылды. 
Бәрі соның әсем сынды бір түрлі, 
Бәрі соның ... бекер сынды бір түрлі.

289
Күзде қайдан келе қойсын көңілді ой, 
Сары...  Сары жапырақпен көмілді ой. 
Жанға жара салатын да өмір ғой, 
Жан жарасын жазатын да өмір ғой.
Ойлар, ойлар
Жанды жеген жегілер,
Жегілер де жегілерден жерінер.
Ой көтеріп ойға қарай жөнелген,
Өмір – менмін, өмір – сенсің, өмір – ол.

290
ТАБАЛДЫРЫҚ
Озбаған ғой, озбаған есік төрден, 
Түсінеді мұны әркім бесік көрген.
Төр дегенің бірақ та төре сынды,
Есік жаққа бір жақтан көшіп келген.
Төредей боп түрғанда төр дегенің,
Кеп тұрады сол жаққа өрмелегің. 
Төр дегенің жақсы ғой, мұрттан күліп, 
Өлшеп жатсаң бойыңмен көлденеңін.
Төршіл болып, төресіп, есіп, күліп, 
Көп нәрсені ойлаудан кешікті жұрт. 
Ергенектен еңкейіп кірсе дағы,
Қалдырады шіркіндер есікті ұмыт.
Тас маңдай ғой қашаннан табалдырық, 
Құдай мүны жаратқан табанды ғып.
“Табалдырық – тау” деген дана сөзге
Бір түкіріп, бастадық жаман қылық.
Болмаса есік бола ма төр – төрешік, 
 Есік қойған сол төрді еркелетіп. 
Ең биігі бәрінен – табалдырық, 
Соны алайық алдымен өлшем етіп. 

291
* * *
Қайғы алмағын, жүрегім,  
Қайғы алмағын, 
Алдыңда әлі алапат майдандарың.  
Майдандардан масайрап шықкан күні, 
Байланбағын біреудің тайған бағын.
Тайған бағын байлансаң қас жауыңның, 
Аласарып қалғаны ақ тауыңның. 
Аузы тұщып ақ бозың су іше алмас, 
Ақ тұмасы лайланса бастауыңның.
Ақ бастауың – ақ шанқан балалығың,
Мәңгі-бақи тыңдайды ол ана жырын. 
Қасиетті сол жырмен қажет болса, 
Дертін емдеп береді жаралының.
Асқынбағын, жүрегім, асқынбағын. 
Ар тауының панала ақ шындарын,     
Одан өткен даңқ та жоқ, бақыт та жоқ,    
Арзан, арсыз атаққа бас бұрмағын. 
Асқынбағын, жүрегім, асқынбағын. 

292
ҮМІТ ДҮНИЕСІ
Тістің суын сорғанмен ас бола ма, тәйірі,
Әр нәрсенің сөйтсе де болар түбі қайыры. 
Үмітімді ып-ыстық үрлеп, иіскеп көрдім мен,
Тәтті тамшы үзіліп түсті сонда ернімнен.
Сол тамшыда не кетті? 
Затым ба еді керекті?
Біле алмадым – 
тәттіге үйренбеген себепті.
“Сілекейін сөз етті” десін біреу дедім де, 
Бір мысқылды үйіріп қойдым дереу ерінге – 
Сілекейге сүрініп сілең қатқан жан едің,
Менен тәуір білесің тәттілігін дәменің.
Арман көп-ау не түрлі, 
Соның көбі кетілді. 
Тамып-тамып тоқтады
Үміт... 
жасым секілді. 
“Адамдармен жар емен қуанбайтын,  
                                   күлмейтін,
Менің жаным – сақилық, 
                                  тарылуды білмейтін”,–

293
деп жар салды әлемге
менің дөкей бір ағам.  
Сол кісі де...
Сонау күн... “кедеймін” деп жылаған.
О?! Несі екен мұнысы? 
Кедей ме еді бұ кісі?
Көп еді ғой жазғаны, 
жайлы еді ғой жүмысы... 
Әңгіме емес бұл сөзім –
пендешілік баяғы, 
Бұзық болып шығады бұндай сөздің аяғы. 
Көңілімді көтеріп, үмітімді үрлейін, 
Ақылы асқан ағадан әңгімеге қыз бейім...
Еске алайын анамды. 
Еске алайын даламды,  
Байқап-байқап сілтейін, 
Балаң ойлы қаламды.
Ерлік істей алмадық, ездік көрдік бірталай,
Тоқырадық, тоқтадық, 
                                         шымырламай, шырқамай. 
Қарын бастан жоғары шығып кеткен заманда, 
Ақын деген немене?
Ақын деген адам ба? 
“Заманыңа ыңғайлы, 
Өлең жанға тым жайлы.
Болсын» – 
деген ұранды 
тұтып, 

294
біреу жырлайды.
Жырлағаның жақсы-ақ-ау, 
Тынбағаның жақсы-ақ-ау. 
Мына сөзді бірақ та тыңдап алғын,
“жақсы” аға-ау:
Заманыңа сай өлең жазу сенің не теңің,     
Әрең ұстап жүрген соң екі сөздін етегін.
Бар болса егер, ойынды,
Айт та, жаса тойыңды.
Бос қораңды күзетпе,
Айдап кетсе қойыңды. 
Біз отырмыз, мінеки, тістің суын сорумен, 
Сен отырсың, әнеки, бос қораңды көрумен,
Тіс сарсығын сорғанмен ас бола ма, тәйірі, 
Болар бізге сөйтсе де бір күн істің қайыры.

295
* * *
Ұшар жағын біліп ұшар торғай да, 
Білесің бе, сен жүретін жол қайда? 
Ұл атыңа ұраның да сай болсын,  
Жалғандықпен күресуге бел байла.
Кекке суар сен өзінді сол үшін, 
Сен өйткені ақиқаттың көзісің. 
Махаббатқа қорған жаса кегіңмен, 
Шын досыңа берем десең қол ұшын.
Ақыл билеп тұрған мынау заманда, 
Сенген дұрыс тек сенімді адамға.   
Күңірентер күндер келсе бір кезде, 
Сенде қайна, ол қайнаған қазанда.
Асау толкын ойнап жатса қаныңда,
-Жамандарға күнің үшін жалынба. 
Жатырқамай, жақын келтір өздерін,
Жүре білсе, жүрсін біраз жаныңда. 
Күншілдігі қозса, қозсын асылсын, 
Мейлі алдыңа тәжім етсін, бас ұрсын,   
Ол өзінің сорлылығын түсінсін,   
Не болмаса бүркемелеп жасырсын.
Сені көріп сасар болсын ол бейбақ, 
Қашар болсын қиыс кетер жолды ойлап.

296
Ұзатып сал арамдықтың сұлбасын,   
Бірақ оны шақырмағын айғайлап. 
Ұшар жағын біліп ұшар торғай да, 
Білесің бе, сен жүретін жол қайда? 
Арамдықпен алысқанды білген жөн, 
Адалдықты білу керек қорғай да...

297
* * *
Тұщы сулы,
тұнып аққан тұма сынды
Поэзия!
Тыңда менің мүратымды.
Мен сенен тілемеймін – 
менменсіген
“Мен”-нен басқа түгі жоқ мың ақынды.
Тілейтінім – 
Бер маған бір ақынды – 
арамдықтың атасын ұратынды, 
шындықтардың шыңына шығатынды. 
Берсең болды тек осы тілегімді,
Өзім тауып аламын шын атымды.

298
ҚАП ЖОҒАЛҒАН
Көсеулерін сүйретіп қатын жүрсін, 
Асауларын үйретіп батыр жүрсін. 
Қапқа қолы тимесе қатын ба екен, 
Атқа бұты тимесе батыр ма екен, – 
Деген сынды сөздерді төркіндетсек, 
Менің Байбол құрдасым пақыр ма екен?
Байбол құрдас сөзге бай есебі жоқ, 
Зайыбының демеспіз көсеуі жоқ. 
Бірақ... Бірақ Бәкеңнің жылқы тұрмақ 
Бидай артып әкелер есегі жоқ. 
Оған биыл көрінер былтыр болып,    
Оған бүгін көрінер кешегі боп.
Жұмыс жағы ауылда тапшы болды, 
Бұның өзі Байболға жақсы болды. 
“Аштан өлсін демесең... алып кел”
Әйелі оған босаған қапты берді.  
Картоп болсын, ұн болсын, күріш болсын, 
Байбол мырза бір амал тапсын енді.
Байбол шықты көшеге. Қап қолында,
Сайлап алған адамдай ат, тонын да. 
Кейде ысқырып қояды “Әдемі-ауға”, 
Алтын жатқан секілді тап жолында. 

299
Қисық көше бойында еске алады, !
Қытайы арақ ішетін достарын да.
Бір көретін әркімнің жарығы бар, 
Байболдың да аузының салымы бар. 
Көмек көрші кезікті қарсы алдынан, 
Көмейімде көңілді әзілі бар.
Қылтияды қойнынан қытайы арақ – 
Ішпейтүғын мұның не жазығы бар?!
Айтыла ма досқа сыр қан қызбастан, 
Одан дағы жақсы ғой жалғыз жатқан. 
Арпалысып ар жаққа от түскен соң 
Әңгімені Байекең андыздатқан... 
Айтып-айтпай не керек, 
Ертеңінде 
Айырылып қайтыпты ол жалғыз қаптан.

300
“ЕШТЕҢЕ ЖОҚ”
Келін сүймей өтер болып өмірі,
 Кемпір-шалдың кемшін күні кеміді.
“Қарағым-ау, қашан енді?..” дей қалса:
“Ештеңе жоқ, Қыз жетеді”, – деді ұлы.
Болмай қалып отын-суға көлігі, 
Таусылды әбден шал байғұстың төзімі.
Десе: “Қашан түсіресің шөбіңді”:
“Ештеңе жоқ. Түсіреміз”, – деді үлы. 
Селтеңдеген «сері» болып серігі, 
Тотай ұлдың тоқтамады желігі. 
Анасынан арақ сұрап қыдыңдап:
“Ештеңе жоқ. Әкеліндер”, – деді ұлы.
“Ештеңе жоқ” сіңіп кетті санаға,
Ақыл кірмес болып алды балаға.
“Ештеңе жоқ” дей бастап ед бүгін де,
“Ештеңе жоқ өзі– дағы”, – деді ана.
Келін деген түспес болды еске де, 
Үйдің іші зар боп қалды кеспеге. 
Қарттар отыр ұлдың сөзін қайталап: 
“Ештеңе жоқ, ештеңе жоқ, ештеңе»

301
ӘНШІ МЕН ТАНАБАЙ
Зыр жүгіріп әм қарындас, әм келін„
Тартып жатыр табақтарын, дәмдерін.
Домбыра алып қара жігіт қаршадай,
Зарлантады Алтынбектің әндерін.
Әнші боздап, зар шығарып еңкілдер, 
Жаулығымен көз сүртеді кемпірлер. 
“Мынау аға неге жылап отыр?” – деп 
Таңданады Ерболдар мен Еркіндер. 
Бәрі осында – батыр ағаң, мықты ағаң 
Жағаласса, жаулары жоқ жықпаған. 
“Қара кемпір”, “Қара шалды» естіп ек,
“Қара бала” деген қайдан шыкқан ән?!
“Жүйкемізді жүн еттің-ау, балам-ай! 
Деді бір кез шопан аға Танабай, – 
Жұрт аманда жылағанға үйір боп,
Ән саласың алды-артыңа қарамай.
Көрген едік көп әншіні кемеңгер,
Айтушы еді кілең қызық өлеңдер.
Шырқалатын сонау соғыс жылдары 
“Көк шолақ” пен “Ағаш аяқ” дегендер”.

302
Осыны айтып тұрып кетті малшы ағаң, 
Түр-өңінде түніліс бар шаршаған. 
Әлгі әнге емес, Танекеңнің сөзіне 
Қатты ойланып қалды сонда барша адам.

303
ҚҰМАЛАҚ
О! Ауылда көп бақсы, құмалақшы, 
Кей “коммунист” отырып Құран ашты.
Мұңын айтып біреулер жыламақшы, 
Жоғын айтып біреулер сұрамақшы.
Анттары ауып кеткен бе былай елдің – 
Үйін үптеп кетіпті бір әйелдің. 
Жалғыз атын ұрлатқан бір пұшайман, 
“Келіп отыр, – деп салды, – шын-ақ өлгім!”
Алдырыпты біреуі қыс киімін,
Бір шал отыр баса алмай іш күйігін.
Қолды ғыпты мына әйел жайып қойған,
Көйлек, шалбар... өзінің іш киімін.
Көп, әйтеуір, ұрланған, тоналған да, 
Тәубе дейсің мұндайда жоғалғанға. 
Милициясы ауылдың маңып кеткен, 
Ұры шығып жатады олардан да. 
Заң дегеннің болған соң құр атағы, 
Қайсы ұрыны дәл көздеп құлатады? 
Жүрт сондықтан “үмітсіз-шайтан” десіп, 
Құмалақпен көңілді “жұбатады”.

304
Құмалакшы көбейді бақтарына, 
Сенбесе де сенеді ақпарына.
“Пәлен жерде сиырың байлаулы тұр”, 
– Деген сынды мәз болар айтқанына.
Кейде тұрып: “Ұрлаған көршің”, – дейді, 
“Тез мойындап, алғанын берсін”,– дейді. 
Көршісінен көретін куәсі жоқ,
Әлгі байғұс лай судай көлкілдейді.
Құмалақ шын кіріпті өмірге ендеп 
Ізшілер мен тергеуші орын бермек. 
Құдай неге имейді бұл қазаққа
Құмалақпен отырған көңіл демдеп!?

305
НАРАЗЫ НАУҚАН
Анау жатыр арбасын құрамалап,
Мынау бүгін трактор қуаламақ.
Шөп шабудың науқаны оңай емес –. 
Шөп шаппаса құриды мына қазақ.
Күзде жерге жақындап көк суығы, 
Әне-міне қатады шөп буыны. 
Қойлыбайдың өгізі үйретіліп,
Майлыбайдың биесі көп суыдыы. 
Көз байлана керуендей арба шығып,
Жөнеледі үмітпен жан қашырып.
Тиеп алып білдірмей қайқаяды,
Шауып қойған шөбінен шаруашылық.
Біреуі орта, біреуі тола келді, 
Өстіп күнін көрмесе бола ма енді. 
Қаңтарылған күшкөлік жанармайсыз, 
Қан қақсатып барады тәмам елді.
Болмаған соң билігің қолыңда бұл – 
Ашылмаған жанмын де сорым да бір. 
“Шөнтегіне” толтырып шөлмектерін, 
Бір қауым ел орақтың соңында жүр.

306
Шөп басында әңгіме – боқтық егес, 
Дойыр бопты кешегі көп күлегеш. 
Бірін-бірі кететін қойдай тапап, 
Бұл баяғы қазақ қой, ешкім емес.
Жату қайда жамбастап, тонға оранып, 
Айту қайда бір әнді домбыра алып. 
От басында бекісіп бірер сөзге,
Шөп басында шекісті сорлы халық.
* * *
Күн шыққан соң күрсінесің сен ақыр, 
Тәтті түсті тандайға сап таң атыр. 
Тор қалтасын толтыра алмай томсарып, 
Сүт бидонын саддырлатып қала тұр.
Жинай қойған өрмекшідей өрмегін, 
Түн кетеді тиеп алып көр – жерін. 
Күн шығады сұқ саусағын шошайтып, 
Алматының шұқи жаздап көздерін.
Бір тұманы, бір тұмауы серпілмей, 
Сүрғылт ауа сызданады... өлтірмей. 
Анда-санда бір трамвай өтеді,
Тас кебісі тарсылдаған кемпірдей.
Ерттемей-ақ “ит тірліктің” есегін,   
Түнде жүріп түгендеген есебін. 
Марғау жігіт сипалайды ыңырсып, 
Жан жарының суып қалған төсегін.

307
Міне, осылай, Алматының таңы атты, 
Аналарға арқалатып азапты. 
Көшелер тұр маскүнемдей мең-зең боп, 
Түні бойы сілтеп алған арақты.
ШАМ
Бәріміздің қолымызда бір-бір шам, 
Ал Күн болса тас төбеде... жап– жарық. 
Жұрт күледі-ау – 
Өз шамымды сындырсам –  
Кеткен ғой деп мастанып. 
Біз осылай қара түннің бетіне, 
алдын ала қамшы ұрдық. 
Күн батырмай тауып жемек несібе, 
Шам көтерген шамшыл жұрт.
Бір кейуана бір сәбиді арқалап, 
Шам ұстауға жетпей қапты қолдары. 
Кейде-кейде Күннен көзін қалқалап, 
Әр нәрсені байқастайды жолдағы.
Шамдар. Шамдар.
Жарықтары тым әлсіз.
Күн жеп қойған күреңіткен сәулесін 
Қажет бірақ!
Қандай амал қыларсыз, 
Қойсаңшы адам әуресін. 

308
Өзіме тән ойым бар ғой менің де – 
Күн жарықта шам ұстаған бұрын кім? 
“Мұнсыз да мен өмір сүрем” дедім де, 
Шамды жерге бір ұрдым.
Бір сақал кеп шамын маған таятты, 
(Жалын тілі жалап барад бетімді). 
О, бей-ша-ра! – деп ол мені аяп тұр,– 
Шам сындырдың... не тынды”?
Оның бірақ майы аз екен шамының
Түтіндепті...
Аздау шығар баяны...
Мұның өзі
Мынау шамның бәрінің
Күн батпай-ақ сөнеріне саяды.

309
ТІРІ ӨЛІК
Кірпігіңнен талай моншақ секірді 
Енді күнің – екінді.  
Дүние болса дірілдеп тұр теңселіп 
Кір мәшине секілді. 
Бұл мәшине тазаламақ нелерді – 
Тозған шалбар,  
Әлде сатал сейсеп пе?  
Ондайлармен сүртуші еді еденді, 
лақтыратын кей сәтте...
Жұлдыздардың өтті-ау әбден мысқылы,
“тәлеңкемен” тәлкек қып,
Сипалайды қара жердің ышқырын,
бұл не деген тентектік!
Сазарып бір қарап қалды сарғыш көк –
Аспан дағы табашыл.
Сол бір жақтан адамзатқа алғыс жоқ!
Жер де содан қара сұр.
Бүгін, міне, бас диірменнің тасындай,
жүрек сынап секілді. 
Ғасыр соңы  үрқітуде, япырмай,
Сенің торғай есінді.
Ібілісті тойдыру да бір міндет – 
Аудара сал калтаңды.

310
Мінгізе сал міндетсімей міңгірлеп – 
Тос қотыраш арқаңды.
Сен бір тамшы...
Жарылмайсың атом боп,
Тұрған да жоқ гүл еміп. 
Адаммын деп – айтуға да хақың жоқ. 
Өйткені сен – тірі өлік!

311
АЛМАТЫ ТУРАЛЫ ЕКІ ӨЛЕҢ
1. Ана омырау сен едің
Ей, Алматым!
Ей, жалғыз сүйенішім,
Қара үлдарың өзіңді сүйеді шын.
Ана омырау, сен едің,
Аузым тұщып,
Ембеген соң,
Еңіреп күйеді ішім.
Кімге барып жалындым – 
Қарным аш! – деп, 
Тоқпейілміз тұрғандай алдыға ас 
Сұр үйлерің сұрланып қарайтындай,
«Қайдан келдің?  
Кет! Жоғал, қаңғыбас!» деп.
 
Өгей болып өз жері,
өз еліне, 
Ұл кім сонда, қоянның көжегі ме?...
Көжек емес ол саған,
Өз балаң ғой,
Тепсең дағы кетпейтін өзегіне.
Ей, Алматым! 
Тас бауыр анамысың?

312
Бір ақырып қалсаңшы балаң үшің.
Өріп жүрген өгейлер өз балаңдай,  
Жаттан бала тағы да табамысың?
Тұманыңмен бетінді тұмшалап ап, 
Тұра бермей,
Ойланшы бір шамалап! 
Жаны сірі жабайы мысықтай боп, 
Жанкештілер өзінді жүр сағалап.
Жарлысы көп қазақтың,
Жалаңашы,
Қайда барып сыяды қара басы?
Соны күнде көретін пысықайлар,
Кескініме мүсіркеп қарамашы! 
Биліктілер ойланса, мейіріммен, 
Сараңсиды қазақка неге үйіңнен? 
Жаутандатып қойған соң жатқа кілең
Биліктіден жерідім, 
кейідім мен.        
“Төзім” деген тұяққа бар ма таға?
Солай, солай!..
Тыңдап ал, Алматы – Ана,
Сен ұқпасаң,
Сең болып бұзыламын,
Қабанбайдай сиынып арғы атама.
2. Бейбақ сұлу
 
Бір басылып, бір толып көкірегі,
Алматы тұр жасаурап екі көзі.

313
Әлденені ол бәлкім өтінеді,
Әлденеге ол бәлкім өкінеді.
Жас босанған әйелдей қалжасы жоқ, 
Белін буып, бұл кашан бекінеді?..
Қатарласып қайыңы, көк терегі,
Сұлу қала сыланып өскен еді.
Жасып қалды жас сұлу жасы жетпей,
Басып қалды басқалар төс-денені.
Енді қайтіп ес жиыр мұңлық байғүс, 
Енді кімдер “сұлу” деп ескереді? 
Келімсектер келді атын сабылдырып, 
(Келген жоқ қой кетуге халін біліп). 
Балпаң басып Батыстан “байлар” келді!
“Қоямын – деп – мен сені малындырып”. 
Келіпті енді Шығыстың “шонжарлары” 
Жүргізуде саудасын қағындырып.
Кеше менен бүгінді салғастырып,
Қарап тұрсаң, бұл өмір тұрмас күліп. 
Алматыдай аруды саудаға сап, 
Пысықтар жүр шаруасын жымдастырып... 
Аруынан шын сүйген айырылған 
Теріс қарап жылап тұр бір жас жігіт.

314
* * *
Дәл жаныңда досың тұрса мысқылдап,
Жаздың өзі жауратады, қыс тұрмақ. 
Жел ызғиды жүрегіңнің үстімен, 
Қар жауады содан кейін ұшқындап.
Күңіреніп күзді күнгі көкпектей, 
Жатып қалар жан-жүрегің етпеттей.
Қайта-қайта итереді кеудеңнен, 
Әлгі мысқыл ішке теуіп беттетпей.
Ой – найзағай жүрегіңді тілгілеп, 
Қойыныңды аралайды жынды леп. 
Жанталасып жағадағы балықтай, 
Дал боласың: “Жақын тартқам кімді?” деп.
Досың еді ол... кеше жүрген қайғың жеп. 
Сұрай көрме “Неге жолдан тайдың?” деп, 
Құтылғанға қуан қайта дер шақта, 
Мақұлықтан мысық тілеу, маймыл бет.
 

315
* * *
Жердің жайлап төсегін, 
Бұлт түнеп, күн жауған. 
Қурай желдің өсегін 
Шаршамады тыңдаудан.
Бозбас бұлт тау асып, 
Түн жамылып ол кетер. 
Адал жолдан адасып,
Сөйлеп жатыр жел бекер.
Бекер дейміз... Бекер ме?
Бұлтты алға салды жел.
Өксіп бұлт кетерде,
Бетін басып қалды жер...
Күрсінеді көк шыбық,
Жерге бұлт қонбаса,
Кетер еді көк шығып,
Өсекші жел болмаса.

316
  МЕН ЖӘНЕ ЖЕР
Мен – Адаммын,
Жерлікпін.
Басқа емеспін.
Мен құлымын мейірлі жақсы елестің.
Жерден ғана өнгенмін,
Жерде өлемін. 
Кіндігім бар байланған жерге менің.
Жерде ғана желпінем,
Сайран салам. 
Жерден безіп, мен емес Айды аңсаған.
Қара жерден үзілсе қайран табан,
Тікенегін жерімнің қайдан табам?!
Мен – Жерлікпін,
Қаламын мәңгі осында.
Тудым, өсітім, есейдім,
Жанды отым да.
Жанарымда жарық нұр –
Күн сәулесі, 
Жасыл шалғын төсеулі жамбасымда!?
Жарық сәуле – 
Ол менің бар мұратым. 
Жан-тәнімді жасартып,
Қандыратын. 
Жарық пенен ауадан тұрған жерді

317
Қасіретте қалайша қалдырасың.    
Мен – Жерлікпін, 
Жер менің болашағым.
Жер бетімен жүйткимін, 
Жол асамын. 
Жаратылған Қара жер бақыт үшін, 
Жауыздарға мен қалай тонатамын.
Сөнбес менің Ақ сәулем –
Жарықтарым.
Жарық сүймес жан болсаң,
Алыстағын.
Қара пиғыл ғылымның қажеті жоқ,
Өзі-ақ теріп алады халық дәнін.
Халық – сәби,
Ол мәңгі жерді емеді.
Жерде ғана бакыттың көмбелері, 
Ауа, Нан, Су жерде ғой
Жерде болса,
Керек емес зиянды өңгелері.
Мен – Жерлікпін!
Қайталап айта берем.
Айта берем,
Айналып қайта келем.
Галактика –
Шегі жоқ байтақ әлем, 
Жермен ғана қосылып айтады өлең!..

318
* * *
Қиылған жоқ арыстанның тырнағы, 
Жұлынған жоқ жолбарыстың азуы. 
Шерге толы Шекспирдің жырлары, 
Сарқа алмады замананың бар уын, 
Құрта алмады қанішердің қаруын. 
Жемтік іздеп жөңкіп ұшкан қарғалар,
Тоқтатпады қанаттарын қағуыш.
Епті туған екі аяқты пенделер, 
Ұға алмады ұлылардың жазуын.
Кім кінәлі, кім жазалы осыған,
Керек пе енді өртенуің, жануың,
Не болмаса, өзіңе алмас салуың?!

319
ҚАСҚЫР
Болса дағы қаталдықтың, каскөйлікгің бейнесі, 
Қасқыр болып ойланамын кейде осы. 
Қақпан қауып, сирағымды шорт кесіп, 
Жүрсем егер тағдырыммен кектесіп – 
Ұлыр едім ұзақ-ұзақ аспанға, 
Жалғыз ғана жауыз Аймен беттесіп..
Жек көрсем де Айға қарап айтар едім сырымды,
– Қулық менің түсірді деп құнымды.
Ұрлық жасап көрген жоқ ем,
Тек қана
Ата жолын жалғастырдым бұрынғы.
Адал болдым өз ісіме болаттай,
Қасқыр арын қастерледім,
Атыма кір жолатпай.
Қатал Адам қақпан құрды,
Қулық қылды,
Қуаламай оқ атпай.
Ой-хой, шіркін,
Өз жолы үшін күйіп кеткен бір пенде
бар ма екен мен секідді молақтай?!
Айтсаңшы, Ай, 
сен бәріне куәсің ғой, 
Куәсің... 
Мен өлемін, 

320
Ал сен қайта туасың
Қатал Адам қақпан құра берсе егер,    
Менің бейбақ ұрпақтарым туатын – 
Қайда ғана жұмсамақ  Қасқырлығын, қуатын?!
Әлде біз де қоямыз ба адал асты асауды. 
Адамдардан оқимыз ба қулық-сұмдық жасауды? 
Онда менің қарыс азу тістерім, 
Қор болады-ау қанқұрт жайлап түптерін
Қор болады-ау қасқырлығым, 
Қайратым.
Қайда сиып жүрер екен айбатым. 
Көріп өлген жолбарыстың уысын, 
Бақытты екен менің Көкжал туысым. 
Мен – бақытсыз!                                          .
Сен не дейсің жарық Ай?
Халім бітті...Көрінесің...
Көрінесің тарыдай.
Соңғы тілек –
Қасқырларым қасқырлыққа құнықсын,
Ал адамдар қасқырлықты ұмытсын.
Мен де жедім Адам жеген тәтті асты, –
Неге олар меніменен қастасты?
Айт оларға,
Қақпандарын... Қақпандарын әкетсін.
Адамдығын өздеріне бас етсін, 
Адалдығыш қасқырларға паш етсін!
...Мен – қасқырмын 
Қақпан кескен сирағын, 
Қасқыр болып, қасқырлықты сыйладым.

321
Қасқыр болып ұлып тұрып Адамға,
Осы жырды, осы сырды сыйладым.
ЭЛЕГИЯ
Ыңырсып мұнды ән айтып, 
Ылажсыз келем ырғалып.
Жіберді мені мұңайтып, 
Күткен бақыт бұлданып. 
Көңілім менің тойғандай,
Көркіне көктем – жастықтың.
Қызуым қалып қойғандай,
Астында көрпе – жастықтың.
Несіне мені күлгізді , 
Жылатар болса, бұл өмір. 
Келді де көктем, күн қызды, 
Жете ме күз де түнеріп.
Ыңырсып мұңды ән айтып,
Ылажсыз келем ырғалып. 
Шимайсыз қарға сап айшық, 
Артымда ирек із қалып. 
 

322
ҚАЙРАТЫ КЕМ ПЕНДЕЛЕР
Арулар мен ер жігіттен тұлғалы,   
Бар ма бізде махаббатың құрбаны. 
Ойбай, рас, біздегілер жарға адал – 
“Күнәсізбін” деп жар салып тұрғаны.
Бейкүнә ғой, бейшара ғой барлығы, 
Жатқызбайды, жауратады жар мұңы. 
Алда-жалда кылдан тайса аяғы,
Күнәсі емес, жүрегінің жарлығы.
Кеудесіне кесел күмән, сыр туйіп,
Жары жайлы жаман ойлап, қыртиып. 
Кейбір сорлы теріс қарап жатады, 
Әнші әйелдің күйеуіндей бұртиып.
Мұндай дерттен күн болмайды емделер,. 
Әйеліне бәрі байдай өңгелер.
Өзін өзі иттей мүжіп тастайды, 
Қаны салқын, қайраты кем пенделер.
 

323
* * *
Шақырады мені бір оңашалық, 
Соны іздеймін көзімнің сорасы ағып. 
Кетсем деймін керемет алыстарға, 
Алсам деймін қойнаудан қора салып.
Қоңырайып отырам қоңыр кеште, 
Хат та жаза алмаймын көңілдеске. 
Қадаламын қап   қара түңғиыққа, 
Жиі аламын сол шақта өлімді еске.
Мен несіне мұңданам, қамығамын?
Жалау еді кеп-кеше жаным, арым.
О, өкініш!
Мен сүйдім адамдарды,
Сүйдім дағы аузымды қарып алдым.
Сездім бөтен сезімнің оянғанын, 
Пәктігіме өзімнің тоя алмадым.
Сүйкімсізбін, ағайын, мен өйткені, 
“Кереметсің барлығың!” дей алмадым.
Өлшенбейтін құндары теңгеменен, 
Махаббатым маздауда Ерге деген. 
Жиіркендім пысықай адамдардан,
Ешкіні апа, текені жезделеген. 

324
* * *
Келмейтүғын текені жезделегім,
Мезгілінде мен дағы “мен-мен” едім.
Айдарынан жел ескен аппақ ашу,     
Еді менің ежелден сенген ерім.
Демеп едім: “Досыма кем беремін”
 Деген едім: “Барымды тең бөлемін”.
Сол доспен де соғысып қалатынмын, 
Болмай бара жатса егер өз дегенім.
Көргенімнен көп еді көздегенім, 
Аралауға ант еткем жер көлемін. 
Арман деген ақ шыңға шығамын деп,
Үміт деген арқанмен өрмеледім.
Өрмеледім... Өкпемнің қаққанын-ай, 
Ойламап ем болар деп баста бұлай. 
Үміт-арқан үзіліп кете ме деп, 
Дей беріппін: “Бар болсаң, сақта, құдай!”.
Көрешекті осылай көріп-көріп, 
Шың басына шықсам-ау көріктеніп. 
Шыға алмасам, шыңғырам,
Жатам сонсоң, 
Табанында тағдырдың өлік болып.

325
ҚАЗАҚЫ ҮН
Кеудемді бір кернеп-ақ тұр қазақы үн, 
(Қазақы үнсіз жүрек құрғыр сазатын). 
Мен атаның көргені көп ұлы едім, 
“Алтын шыққан жерді белден қазатын”.
Соқталы ойды соза түсіп тізгінше, 
Көк дөненге мінер менмін – бір мінсе. 
Арып ашу, ардан қашу, әншейін,
Алтынды да терең қазу біздіңше.
Біз емеспіз білмес оймен бас бағар,
Бұл туралы айтқан біздің қасқалар. 
Алтынды да алып берсін басқалар, 
Арқамды да қасып берсін басқалар.
Күн жарықта тілемейміз басқа дау,
Өзіміз де, жолымыз да қасқалау. 
“Пендешілік неге керек осы?!” деп 
Кең көсіліп көкке қарап жатсақ-ау.
Қарқылдайды кейбір халық қарғадай,
Өмір сүрсе өле ме екен зарламай?.  
Біз келеміз ескі көштің ізімен,
Бабам жеккен белі жуан арбадай.

326
Қазақ жоқта “қазақ” деген ат алған,
Бұл арба да қалған мұра атамнан.
Атам айтқан: “Арба барда, ат барда,
Қалмаймыз – деп, – озбаймыз – 
                                        деп – қатардан”.
Кеудемді бір кернеп-ақ тұр қазақы үн. 
Шарап бар ма басымды ептеп жазатын?
Бір тілегім: алмаса екен біреулер, 
Менің марғау мишығымның мазасын.

327
ЫЗА
Қаламымды алып қолыма, 
Қалшиып қалдым мен лажсыз. 
Өлең бұл жүрек соры ма, 
Мұңдассыз және сырлассыз? 
Еңбек деп мұны мен айтпан, 
Еңіреген жанның бұл мұңы. 
Көзімді менің қарайтқан, 
Әлемнің бейбақ шындығы.
Әсіреқызыл сөзге тән, 
Әдірем қалсын өрлігім! 
Оңаша отау орнатам, 
Жесір мұңдарға мен бүгін.
Жинап беріңдер, жиғыштар,
Жесір мұң, жетім зарды да. 
Мұнан да қандай сыйлы іс бар, 
Тартуға тұрар алдыма?
Ләззаттың уы мас етіп, 
Ләйліген көздер таң да емес
Таптап өткендей нас етік, 
Былғаныш... былжыр қалды елес.

328
Сүйкімді дейді сайқалды,  
Сүйегі жұмсақ еркектер.
Сақтайды тірі сайтанды, 
Бөкселер, белдер, емшектер.
Пейіл бергіштік бір соры, 
“Періште” пенде сорлының– 
Түлейге қамап түн соңы, 
Көрсетер зауал, қорлығън.
Біреуге беріп арт жағын, 
Біреуге беріп без бетін,
Тынымсыз жүріп тапқанын, 
Шашқанын неге сезбесін.
Төленген ләззат үйіне, 
Төсектің құны іш өртеп.
Келе алмай кербез күйіне, 
Күйініш зәрін ішер тек. 
Ұмытып бәрін күні ертең,
Басы мен мойны тұтасып, 
Шығады тағы бұл еркең,
Бұтына толып, бұқасып.
Жетімнің жасын ол бірақ,
Жеңімен сүртіп тастамас.
Боқ басты дене болбырап,
Тершиді текке қасқабас.
Өзі жоқ және көзі жоқ,
Бар екен мұндай қай елде?

329
Қол ұшын берер кезі жоқ, 
Жетім мен жесір әйелге... 
Көлгірсіп күлген көзге тән,
Не керек, әлем, кеңдігің?!
Ойымнан отау орнатам 
Жесір анаға мен бүгін,
Жетім балаға мен бүгін!

330
«АБАЙ!» ДЕП...
Қан да бүгін қызынғандай, 
Бұзылғандай арман-сең. 
Қыжыл мұңды көтеретін, 
Қызыл нардай бар ма еңсем?
Сары запыран – сана күйік, 
Қалады ұйып кеудемде. 
Жас тәніне жара жиып,
Жүргендер көп шерменде.
Заман сұрын зар ғып айтсам, 
Қан ғып айтсам егерде. 
Жылап тұрып жан мұңайтсам,
Маған залым сенер ме?
Күшік ойдың қыңсылаған,
Тыншын алам демес ем. 
Жүрегімді шымшылаған,
Бір аяз тұр ересен.
Қазақ қайтіп ел болады, 
Қозғалады қашан бұлт?
Желге ұшуда қолда бары,
Қорланады ашаң жұрт.   

331
Мен кімдерді Күн перзенті, 
Шын перзенті санаймын. 
Біздің заман “интеллигенті» 
Арманы ма еді Абайдың?..
Арманы ме еді, үміті ме еді, 
Жігіті ме еді хош көрген. 
Әзәзіл сайтан кірісіп еді, 
Бірі жоқ бірін дос көрген.
Елдік пен ерлік байқалар әлі, 
Шайқалар әлі талай көк. 
Кеткенін халқым қайта алар әлі, 
“Алла!” деп... Сонсоң “Абай!” деп.

332
СУЫҚ АУА
Суық ауа, 
Сұр ауа,
Сұлу ауа
Сұлқ кеудеме кіргендей жылу ала.
Сұлу ауа кіргенде жылу ала, 
Менің тәнім қоймайды суына да.
Удан ащы үйретіп уайымға да, 
Көшіп кеткен көзімнен сайын дала. 
Шымшып тұрған кеудемді уайымды ала, 
Сыңсып тұрған сиқырлы қайың ғана.
Көз алдымнан тағы да көш көшеді, 
Көштің ізі көзімнен өшпесе еді. 
Өшпей қалған сол ізбен жүгірген қыз. 
Көлдей етіп көз жасын төкпесе еді!
Сыр-сыр етіп кеудесі барады күз. 
Шыр-шыр етіп жылады манағы қыз, 
Манағы қыз дегенім – қарағыңыз. 
Қарағыңыз – кәдімгі қазағыңыз, 
(Қатты-қатты тартты ма қабағыңыз?).
...Суық ауа,
Сұр ауа,
Сұлу ауа 

333
Шомылдырып тастады буына да.
Бұл өмірдің ет өліп, уына да, 
Сіміре де саламыз, жуына да. 
Суық ауа...! Сүлу ауа!.. 
Ең тәтті дәм – өмірдің уы ғана.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет