Жасыл жаңбыр таңдамалы өлеңдер



Pdf көрінісі
бет1/7
Дата01.01.2017
өлшемі1,22 Mb.
#903
  1   2   3   4   5   6   7

Әбубәкір ҚАЙРАН
ЖАСЫЛ ЖАҢБЫР
Таңдамалы өлеңдер
ЖК «Нуракынов»
Алматы
2014

УДК 821. 512. 122-1
ББК 84 (5 Қаз)-5
Қ 23
Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі  «Әдебиеттің 
әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы 
бойынша жарық көрді. 
         
ҚАЙРАН Ә.
ЖАСЫЛ ЖАҢБЫР: Поэзия/ Ә. Қайран.  
– Алматы: ЖК 
“Нуракынов”, 2014. – 380б.
        ISBN 978-601-03-0300-3
     
Қазіргі қазақ поэзиясында өзіндік орны бар ақындарымыздың 
бірі – Әбубәкір Қайран есімі оқырман кауымға көптен бері танымал. 
Оның шығармашылық қолтаңбасы тың ырғақ, соны оралым, ұтқыр 
ұйқастармен ерекшеленеді. Лирика мен эпика ақынның қос 
қанатындай.
 
Ұсынылып отырған осы кітапқа енген шығармаларнынан ақын 
жүрегінің лүпілін ғана емес, адам, заман, қоғам шындығын және қазақ 
халқының тағдыры мен тарихи болмысын анық аңғаруға болады.
Кітапқа ақынның таңдамалы өлеңдері енгізілді.
 
 
УДК 821. 512. 122-1
ББК 84 (5 Қаз)-5
                                                           
ISBN 978-601-03-0300-3
©  ЖК «Нуракынов», 2014
Қ 23

3
ЖАСТЫҚ ЖЫРЫ
Ей, қиялым!
Сабылыстан,
Шаршама сабылыстан.
Қаға бер қанатыңды алып ұшқан.
Біз баратын жерлер көп мамырстан,
Көлдер көп күн көзіне шағылысқан.
Кернеп барад кернейлі үн жүрегімді
Қорқар емес кеудемде жарылыстан.
Бір керемет жасамақ ойымда бар,
Мына жұрттың бәрі ұмытқан!
Бәрі ұмытқан!
Құштарлықты,
Мына өмірге құштарлықты.
Түрме сезім жоқ менде ұстар мықты.
Мен ғашықпын ғаламға,
Адамдарға,
Жек көремін әлемнен тысқарлықты.
Ей, қиялым, естіртпе деген сөзді
«Жаным суып барады, күш қарлықты»
Жауыздықты жеңе біл,
Ителгінің
Тырнағынан алып қал, құтқар құсты.
Суынбайды,
От денем суынбайды,

4
Қиялым қыран қанат суылдайды
Мен жасаймын өмірде бір-ақ рет,
Ешбір адам екі рет туылмайды.
Сондықтан соза берем құлашымды,
Адамдар, өзіңе айтам расымды.
Менен әлі талай жыр туындайды,
Өмірге ғашық болған көңіл-көлдің
Құрағы сырын айтып шуылдайды.
Тұлпар шығар кер дөнен керемдегі
Естіп дүбір арқасы дуылдайды.
Жанған оттар!
Жүректе жанған оттар.
Өшпестей мәңгі лаулап қалған оттар.
Жалыны жақсыларды жылытса да,
Қанатын күйдіреді жарқанаттар
Осы отпен алаулайды алтын тауым –
Мен мәңгі табынатын арман асқар.
Осы оттың ұшқынысың, ей, қиялым,
Түн төсін жарқыратып қармалап қал,
Түнде де ұша алмасын жарқанаттар.

5
АҒЫН
Ағын. Ағын.
Өмірдің бәрі де ағын.
Осы ағындар қалдырар жазып әнін.
Осы ағындар от өзен секілденіп,
Ошағыңның орайды жалындарын.
Осы ағындар озған ат, жеңген ердің
Мәңгі қорғап қалады ар-ұжданын.
Ағын. Ағын.
Ақынның жаны да ағын.
Қара сөзбен қалдырар қазына мың.
Ағын емей немене ағылған тіл
Уын сыртқа шығарар бар ызаның.
Ағандардың ішінде ақ бас толқын –
Ақындардың ішінде табынарым.
Ағындардың ішінде ақкөйлек қыз –
Арулардың ішінде табынарым
Ағындарды аралап бара жатыр 
Өз жүрегім, өзімнің арым – жаным.
Арын керек ағынның барлығына,
Ей, бұлттар арқанды сабындағын,
Нөсеріңнің төккейсің бәрін-бәрін.
Ағын. Ағын.
Даланың өзі де ағын.
Дала сырын өзгеден көп ұғамын.

6
Торы ат мініп толқын боп келе жатсам,
Ақ ат мінген ағынға жолығамын. 
Ағыстардан алыстап кеткен жандар
Жарыстарда азбайды– соры қалың.
Соны ұғамын, әйтеуір,
Сондықтан да
Ағындарға ағын боп жолығамын.
Жолықпасам, 
Қартайған қас қырандай
Заулап келіп заңғарға соғыламын.

7
ҚОҢЫР ҚАЗ
Қоңыр қаз болып бір күні
Қаңқылдап ұшып мен кетем.
Таулардан асып өр шыңды
Бұлтпен бұйра кездесем.
Найзағаймен де жүздесем.
Оны да көзге ілместен
Ұзасам дүбір-дүрмектен.
Қоңыр қаз болып қаңқылдап
Жүргенім бақыт болмас па?!
Аспаннан күтер аңқылдап
Сағынса мені жолдас та.
Сағынса мені жан анам
Аспанға жаяр қолдарын
Ғашығым айтып ғазал-ән,
Аралар ойдың орманын.
Мен бірақ оны сағынтып;
Сарылтып ұзақ қоймаспын
Көмейден жырды ағылтып,
Түсермін көктен ойнап бір.
Ойламас бірақ ол мені
Қоңыр қаз болып кетті деп.
Тек қана оның көргені
Жас жігіт еді от жүрек.

8
Жатырқай қарап ол маған
Жаныма таяу келмес те,
Бір гүлді тістеп солмаған
Апарып оған бермес пе ем.
Қоңыр қаз болып қаңқылдап
Аспанда жүрсем мен солай,
Қыдырған қазбен жарқын бақ,
Тұра алмас мені аңсамай.
Аңсайды мені барлығы –
Тауым да тарғыл тасым да
Жерімнің суы, шалғыны,
Астыма мінген атым да.
Қоңыр қаз болып бір күні
Қаңқылдап ұшып мен кетсем.
Сәбидей мені тербеткен
Сырласар едім жер-көкпен.

9
АТ ПЕН АРУ
Атқа мініп,
Аңыратып,
Ауыл кезген қандай бір.
Самды өзің жамыратып,
Жұлдыз болып самғай біл.
Арқыраса
Жарау бура санды айғыр,
Жарқыраса
Терезеден
Күндей күліп маңдай бір –
Паһ, паһ, шіркін,
Тумас екен қандай жыр!
Сұлу маңдай
Сұқтандырып
Тарта берсе көңілді.
Бой қыздырып,
Іш жандырып,
Аштырса екен өңірді.
Көптен кейін
Көйлек киіп көгілдір,
Әлгі сұлу үйден шықса,
Паһ, паһ, шіркін, өмір – бұл!
Ат оттатып,
Аулақтарға

10
Көгал қуып қайтса бір.
Сонан кейін бау-бақтарда
Қол ұстасып айтса жыр.
Жас сұлуды сүйгің келіп,
Именіп –
Тұрсаң қандай
Минутта мың күйге еніп.
Аппақ таңда
Аттандырып,
Ат үстіне мінгізіп,
Ару қайтса шаттандырып,
Көзінен сыр білгізіп.
Асау айғыр арқыраса астыңда,
Шалқып аса
Қойып кетсең
Таңғы сағым тасқынға,
Бұдан басқа керегі не бақтың да...
Сол бір күндер еске түссе,
Батып кетем ақ мұңға.
Ат пен ару,
Сендерсіңдер –
Жарым дағы жақсым да!

11
* * *
Ей, жүрегім, сен қанша сыздамадың, 
Құрайы боп сыңсыдың түз-даланың. 
Ботасы боп боздадың аруананың, 
Мұндасы боп, өксідің қыз баланың,
Ей, жүрегім, сен қанша сыздамадың.
Сыздаймысың, сен әлі сыздаймысың, 
Жиып алып адамның мұң-қайғысын. 
Сен одан да бір таудың тасы болып, 
Найзағаймен шайнасып, тұрмаймысың. 
Тау бұлағын тақырға бұрмаймысың?
Ей, жүрегім, езілме, езілме сен, 
Мұңлы күйді мен қанша безілдетем?
Ойсыз болып көрейін бір азырақ, 
Тамұқ сынды кеудеден жерінбесең, 
Тас бауырға өзіңді желімдесең.
Келістік пе, жүрегім?– Жоқ!– дейсің бе, 
Сыздауменен өмірден өтпейсің бе?

12
ҚЫС ПЕН ШАЛ
Паһ, шіркін, мына күннің аязын-ай,
Көтермес көп жүрісті баяғыдай.
Түтеленген түтіндер тік ұша алмас,
Жер бауырлап қанатын жаяды жай.
Бірде киіз болғанда, бірде мүйіз
Қарашы қатал қыстың аяғын-ай,
Барады салқын тартып саялы жай.
Есіме келіп түсті-ау дала тағы.
Даланың түйе баққан қара шалы.
Мына аязға мыңқ етпей шауып жүр ме,
Сілкініп, сілкінгенде сары атаны,
Қабырғасы қайысып қауға тартып,
Тілініп кеткен шығар алақаны...
Мына қыс сені еске түсірді ғой,
Қазақтың қайсар туған қара шалы.

13
ДАЛА
Жатушы еді-ау әндетіп дала мына,
Көкіректі дәндетіп самалына.
Дала неге бүк түсіп жатыр бүгін,
Дала емес пе тал бесік қарағына?
Дала емес пе дана атам шежіресі,
Қарайыншы дұрыстап қабағына.
Жатыр екен дана атам шаруа шалдай,
Ұйықтап кеткен тойып ап шалабына.
Шаруа шалға ұқсайды дала неге?
Аузынан ақ бу ұшып барады әне.
Тыншымайтын жүгіріс, шуылы көп
Баласындай даланың қала деген.
Қасиетін атаның білсе жақсы-ау
Бал жалағым, базаршыл бала неме!
Осындай ойға баттым далам жайлы,
Ызғытып келе жатып шанаменен.

14
ӘКЕ
Маған ауыр қоштасар шақ –
Қарт әкемнің кемсеңі.
Маған аян от басар шақ –
Қарт әкемнің ертеңі.
Маған ыстық қарт әкемнің
Астындағы торы аты
Ол ішінде бар қатердің
Қартпен бірге болатын.
Ауырғанда дейтін әкем:
«Мінейінші атқа мен.
Құлыным-ау, қамшым қайда,
Қайда апарып тастап ең?
Әкем кетіп бара жатыр
Айғанға, не Шүрекке,
Ілеседі атпен қатар
Ақ құрығы білекте.
Тұрушы едім ұзақ қарап,
Ұзақ қарап артынан.
Оралар деп дерті тарап,
Ай туғанда балқыған...

15
Мен әкемді көргім келіп,
Ылғи аңсай беремін.
Отыр ма екен таспа кесіп,
Үнсіз тосып кезегін.

16
* * *
Сырқаттанып қарт әкем
Қала ма деп қорқрмын.
Айдап салып түйесін,
Өргіземін торпағын.
Бетке жұғып қалды деп,
Сабын езіп жуамын.
Сыртта жүріп жырлаған
Сары даланың сортаңын.
Сонан кейін кеудеге
Кереметтер толады.
Дала жайлы толғанып
Жырлау керек болады.
Бұл даламның бірақта
Таусылған ба тозаңы
Түйе айдасам бұрқырап
Тағы бетке қонады...
Осындай бір кірпияз
Мен даланың қонағы.
 

17
* * *
Бір топ түйе жусап жатыр, шіркін-ай,
Пыс-пыс етіп, еріндері салбырап.
Аққан жұлдыз жанып өшкен шырпыдай,
Ұйқым келді... Қысқа жазғы таң бірақ.
  * * *
Жылқышы құс тынбайды
Түні бойы қиқулап.
Мен ойлаудан тынбаймын,
Жүрегімде күй тулап.
Қасымдағы қара шал
Әңгімесін созады,
Айтатыны арғы бет –
Шәуешек жақ, Шиху жақ.
  * * *
Қасында бар құлыны
Тор биені тепеңдеп
Келе жатқан адамға
Бұрылдым «кім екен?» деп.

18
Бара бере байқадым
Бұрымы ұзын қыз екен,
Дереу бойды жинадым,
Атым басы кекеңдеп.
Үрккен елік секілді
Маған ару қарады.
Қарады да, қалқам-ай,
Төмен салды назарын.
Ару екен ақ бетті.
Өн бойында міні жоқ,
Ат терінен тек қана
Былғаныпты балағы.
* * *
Күлімдеп келіп үйіме,
Дүрілдеп кетіп жүретін.
Қайта-қайта қоштасып,
Ақылын айтар білетін
Досымның бірі үйленіп,
Отау тікті оңаша.
Содан бері ол маған
Жоламайды көп аса.

19
БІР ҚЫЗЫҚ
(баллада)
Кемпіріне шал айтыпты бір күні:
«Кемпір, кемпір, іс істейік күлкілі.
Қандай ғажап, аспан айлы, кеш жарық,
Қайтайық бір жастық шақты еске алып.
Бозбала боп мен күтейін көшеден,
Бойжеткен боп клубка тарт төтемен.
«Мақұл, – депті кемпірі сәл ойланып, –
– Бұл қызықты қалай таптың, ой, ғаріп?»
«Таптым!» депті шалы күліп қулана,
Көшеге де шыға  кепті шулаған.
Жас жігіттей асықтырған ақ арман,
Пәле шалың гүл іздепті базардан.
Бір аздан соң қып-қызыл гүл құшақтап,
Жүдеу өңді «жігіт» тұрды түсі аппақ...
Киносына жатыр, міне, ел кіріп,
«Келемін» деп ғашығы айтқан сендіріп.
Сағат жарым уақыт болды, жоқ «ғашық»,
Шал «жігіт» тұр өн бойынан от қашып.
«Қалған неме қайда жүр – деп – тот басып»,
Қояды іштей кемпір «қызбен» боқтасып.
Қайтса шалың жаурап-тоңып көшеден.
Кемпір отыр шайды тартып кеседен.
«Ой оңбаған неге мұнша тостырдың, –
Депті шалы – қаншама уақыт бос жүрдім».

20
Сонда кемпір: «Болды – депті – тап қырсық,
Кинаға апам жібермеді қатты ұрсып».
Сонда шалың өле жаздап күлкіден,
Кәрі емендей басын дауыл сілкіген,
«Болды қызық, болды қызық! – дей берді, –
Елестеттің қыз кездегі бейнеңді!»
Ей, жігіттер, қызық шықпай қалса егер,
Ол да қызық, ренжімей тарта бер!
* * *
Тауға барып қайтсам ба,
Тауға барып.
Жатқан шақта сайыннан саумал ағып.
Күркіреген күрең жал өзеніне
Сүңгіп шығып,
Сұр құмға аунап алып,
Отырсам ба құз басын жаулап алып,
Сонан кейін кетсем бе қалашылап,
Самал желге шашымды таратып ап.
Бірақ-бірақ-бірақ көзіне түспей кетсем,
Далам – анам қалады-ау баласырап.
Мауқыңды бас,
Маң далам,
Саған кетем,
Шабыттың шағыр көгін жаратып ап!

21
* * *
От ұрынды көзіме от ұрынды,
От ұрынды,
Көзімнен оқы мұңды.
Жазған жырым жазылып қойған екен,
Қайда апарып қондырам қосынымды.
Қайран жүрек,
Қайталап не табасың,
Тоқтат енді,
Соқпай қал,
Өшір үнді!
Тоқталмаймын дейсің бе
Тоқталмаймын.
Онда-онда соныдан от табайын.
От қарайын ор киік секілденіп,
Шиыр қуған сиырға ұқсамайын
Сен тоқтамай, жүрегім, тоқтамаймын.
 

22
***
Бозторғайлар ән салуын қоймас та,
Ұя салған көк шалғыннан өрт алмай.
Менің көзім туған жерге тоймас та,
Бақи дүние мезгілінен ерте алмай.
Бозторғайлар жолаушыдан қалмас та,
Еріккен бір мерген оғы тимесе.
Менің тілім жырлаудан бір талмас та,
Ыстық ұрттап аузым бір күн күймесе.
Бозторғайлар мың жыл бойы ән салар,
Көктемі бар, көк шөбі бар жер барда.
Менің жаным лаулап күнге қарсы ағар,
Қазақ жырын ұға білер ел барда.
 

23
***
Түсінермін өмірді,
Түсінбеспін.
Түкірмеспін –
Көрмесе ісімді ешкім.
Ішінде өстім жалаңаш жартастардың,
Сондықтан да келмейтін бүтіндеткім,
Жыртығым бар,
От жанса жасыра алмас түтінді ешкім,
Мен бәлкім бұл өмірді түсінбеспін.
Мен туыппын,
Сонан соң туыпты арман.
Ер жетіппін от іздеп суық қардан.
Суып қалған кезімде шуақ төгіп,
Арманым қол бұлғайды жуық маңнан.
Біреулердің арманы теңге болып
Құтыла алмай жатқанда уыстардан.
Ұғынғым кеп,
Өмірді ұғынғым кеп,
Жырын жыр деп, Нұрын  нұр,
Түнін күн деп,
Сәби болып қарап ем жан-жағыма,
Бір сұлудың бір сұлу түрін күндеп,
Бір ақынның бір ақын жырын күндеп,
Тұр екен бір-біріне сүрінгін деп.
Көрдім бәрін,
Көрмеуім керек еді,

24
Тұрдым бір сәт Помпей боп бүлінгім кеп.
Бүлінбедім,
Мен бірақ бүлінбедім,
Бір бүлінсем жиналмас үгінді едім.
Құмнан тұрған құмыра қирап түссе,
Қиын болар дедім де,
Күбірледім.
Құм құмыра ішінде шарап емес,
Шабыт қана тұрған соң түңілмедім.
 

25
ТАҢСӘРІ
Білесің бе жаным нені көкседі?
Бұлттарым босып кетті көшпелі.
Қызықтарым кеткен сынды қыр асып,
Түйелі ауыл түтіндері өшкелі.
Толып, қайта солатұғын бақтайын
Өмір қалай өзгереді сәт сайын!
Түйелі ауыл – түскен жерім «шыр» етіп,
Соны жүрек түкпіріне сақтайын.
Сонда менің маңдайымнан күн сүйген.
Алғаш сонда үзіліпті бір түймем.
Кең шабындық, қалың томар, ну шиден
Тұңғыш рет тұмар тұтып, сыр түйгем.
Сол аспан ғой көзімді ашып көргенім,
Сол аймақ қой сарғалдақ гүл тергенім.
Бармысыңдар, сүттігенім, сүйірігім,
Бірсалар мен адыраспан, ерменім?!
Қайдасыңдар, жусаным мен көкпегім,
Қараған мен тобылғымды көкседім.
Сағындырған сәттерімді қайтейін,
Сағым жуған Тарбағатай бөктерін!

26
Бір жақсы жыр жазбаспын да... жазармын.
Мен, әйтеуір, сол бір жерден жаралдым.
Сомдалыпты сойым менен бітімім
Арасында Қарғыба мен Базардың.
Көкте Күнім тас төбеден ауғалы,
Аңсарымның ақ нөсері саулады.
Елесетейді – құдығымыз қауғалы.
Шешем, әне!.. Кетті түйе сауғалы.
Елестейді... Елестейді баршасы.
Өтіп кеткен бұл өмірдің қаншасы:
Өссе сонда ұлық түлік ұрпағы,
Ең бірінші қара шалдың арқасы...
Бұл өңірде тарих жатыр қаншама.
Түскен екен талқыға да алқаға.
Қалмақ қорым – Шарбақ бейіт міне тұр,
Әне жатыр Қырық оба мен Төрт оба.
Қайран, қайран, қасиетті қоныстар!
Өткен мұнда қанды майдан соғыстар.
Ата-баба аруағынан айналып,
Тәу етемін, басымды иіп борыштар...
Білесің бе, жаным нені Аңсады?
Шаш – буырыл шабатым да шаршады.
Барам, бүгін талма түстен тайғанап,
Ол күндерім – сүттей аппақ таңсәрі.
Таңсәрім ғой сағымды да сарынды.
Сол шақ баурап жүреді ылғи жанымды,

27
Солқ-солқ етіп сор татыған жүрегім,
Тікен-тікен түйе тілін сағынды.
Шеңгелімдей қоңыраулар тағынып,
Тұрам тағы түйе тілін сағынып...
Сәскеге емес, талтүске емес, мен, сірә,
Көз жұмармын таңсәріме табынып.

28
* * *
Уай, мына қыс самалында да ұран бар –
Серпіліп кетті ғой мұнарлар,
Желпініп қолды ғой шынарлар.
Жаз қызығынан қажылған,
Естімей кеткен сарын – ән
Аңқиытып аузын тұр аңғар.
Шыртиып тұрған шындардың
Не ойлағанын да сұраңдар.
Шартиып жатқан жондардың
Сезімталтығына күмән бар.
Самалдан да көрі тышқанды,
тышқанды қалай ұстарды
ойластырып ақ қардан түлкінің жоны 
қалаңдар.
Қағып түсер ме екен шіркінді
Қыраулы қанат қырандар!
Күн қарғып түссем дейді мынау салаға.
Қарғысаң қарғы, қарама –
өзіңнен бәрі садаға!
Шырша мұртынан күлгендей,
Қайыңнан өңі кіргендей,
Ұнады-ау қысқы самала!
Көпіршіп жатыр қымыз қар
Симай кетердей сабаға.
Мына бір  жаздағы бал бұлақ
Ұқсап қалыпты балаға –

29
сүт орнына су ішіп,
аузынан аппақ бу үшып,
Өкпелеп қапты Анаға.
Анау бір жалпақ беткейден,
сырғанар ма едім, шіркін-ай
отырып алып шанаға!
Қайтпай-ақ қойсам қайтеді?..
Қанымды ішіп болған қалаға...

30
* * *
Жүр осы маған не жетпей?
Кеудімде сөнбей тұр шырақ.
Қасқырдан қорққан төбеттей,
Жүрегім жылар қыңсылап.
Отырам кейде сазарып,
Көрсеткен жандай кісілік.
Шашымның талы ағарып,
Көзімнің алды ісініп.
Бәрі бар менде, бәрі бар,
Шүкірлік, тәуба Тәңірге.
Мандаймының да бағы бар,
Ризамын ғой Өмірге.
Мұңданам бірақ мен неге?
Музадан мүмкін шет қалдым.
Асылып қалған кермеге.
Атындай болдым көкпардың.
Есесін жүрген ала алмай
Еңсесі түскен жан да емен.
Өзімді өзім таба алмай
Шаршадым ба әлде мен?

31
ҰЛҒА СЫН
Ұлға сын бәрі
Туғасын еркек болып бір.
Сондықтан менің
Кеудеме оттар толып жүр.
Отырсам болды өзімнен-өзім жыр тілеп,
Ойларым менің
бұлттар болып күркіреп, 
Қаптайды маған, 
қара шыңға ұқсап отырам 
назарымды алмай 
найзағайлардан жосыған. 
Жосыған жасын 
жолдары қалар жыр болып. 
Ойларым – бұлт, 
Бастайды тағы мың жорық.
Осылай дәйім өтеді сансыз түндерім.
Жыр жазу деген
несібем сынды бір менің.
Бір тамшы терім
болса екен деймін қайнарда.
Жердемін өзім,
Көздерім найзағайларда.
Ұлға сын бәрі
Туғасын еркек болып бір.

32
Сондықтан менің
Кеудеме оттар толып жүр.
АНАМА АШЫҚ ХАТ
Тәте, тәте,
Тәте, тәте, тәңірім! 
Саған жетсін сағынышым, бар үнім,
Самал ессін сар даланың үстімен,
Сағынышын жыр еткенде қара ұлың.
Сағым ішін араласын құлының,
Тағы да иісін алпыс екі тамырың,
Мен өйткені тамырыңның қанымын,
Мен өйткені сағыныштың сазымын.
Мен едім ғой меңсіз қараң үкілі
Берсін дейтін арғымақтың арынын.
Тәте, тәте, тал бесікке сүйеніп, 
Қалғыр едін, көкірегіңе күй еніп, 
Біздер сенің кіп-кішкене арқаңа 
Қанша ұйқысыз түндерді әкеп тиедік. 
Жетім қалған боталарға сүт беріп, 
Өсірген де сен едің ғой түйе ғып.
Жетім бота бір сені іздеп боздайтын, 
Мейірімің жан жүрегін қозғайтын. 
Сары май салған түйе сүтін сен берсең, 
Жетім байғұс суыққа да тоңбайтын. 
Білгір әкем бір сырманы жауып сап, 
Сол ботаны ол да бірге қорғайтын.

33
Ботақан-ай, ботақан-ай, бейбак-ай, 
Өсуші еді құрбысымен ойнамай. 
Бұзаулармен, балалармен дос болып, 
Жүруіші еді түйе екенін ойламай. 
Ана, сені көрген шақта сол бота 
Тайраң қағып қуанар ед ол да аса. 
Көрші ауылға барар еді-ау ілесіп,
Қабағандау қара иттері болмаса, 
Қарлы боран қалтыратып, тоңбаса, 
Кейде ренжіп қайтушы еді
Көрші ауыл 
Балалары сымтемірмен жондаса...
Сен – анасың,
Аруанасын, жан тәтем
Сен өсірген аруаналар қанша екен?
Солар менің туғандарым секілді,
Барар жерге меніменен барса екен.
Өзіңмен де өмір бойы калса екен.
Мына мені сағынғанда, жан тәтем,
Мен солардың жанарынан жалт етем.
Білем бәрін, білем бәрін, жан тәтем, 
Үміттерің үрленусіз жанса екен. 
Адам болам халқым үшін, сен үшін 
Ар атынан, Ана атынан ант етем.

34
БЕЛГІСІЗДІК
Белгісіздік!
Бұл менің кереметім!
Кереметім – өмірмен ерегесім.
Белгісіздік – медиен құла түзім
Қаталайтын, ерінім кезеретін.
Ол мүмкін ағыл-тегіл ақ нөсер боп,
Қандырар қара түздің кенезесін.
Ол мүмкін пайғамбарлық парасат боп,
Бұзады терең ойдың кенересін.
Ол маған жауым боп та кездеседі
Қаруын қарсы келіп кезенетін.
О, менің белгісі жоқ керметім,
Сен ғана бұл өмірде сенер есім!
Белгісіздік!
Бұл менің асыл арым.
Тасығаным, немесе жасығаным.
Қамшымды қара бұлттай сілтеп-сілтеп,
Артынан нөсерлетіп шыламын.
Белгісіз үміттерге иек сүйеп,
Көктейді сонда менің жапырағым.
Белгісіз бір әуеннің соңына еріп,
Шырқайды жүрек сонда ғашық әнін.
О, менің белгісі жоқ асыл арым,
Өзіңе өле-өлгенше бас ұрамын!

35
Белгісіздік!
Бұл менің мият күнім.
Мен соған тым тәуелді сияқтымын.
Жылаған «айды әпер» деп жас баладай
Белгісіз күндеріме жылап тұрмын.
Білмеймін қаншама рет құс боп ұшып,
Білмеймін қаншама рет құлап-тұрдым.
Белгісіз бір қиырға көз талдырып,
Белгісіз бір дауысқа құлақ түрдім.
Белгісіз ертеңіме ернім кеуіп,
Келеді не боларын сұрап-білгім.
О, менің белгісі жоқ мият күнім,
Мен саған тым тәуелді сияқтымын.
Белгісіздік!
Бұл менің ғазалдарым.
Ғазалдарым – ғажайып әз арманым.
Ажалдан әз арманым биік тұрар,
Ендеше жазам бәрін, жазам бәрін.
Бейтарап бір қиянда жатқан шығар
Жап-жасыл жан баспаған оралдарым.
Қалғумен, құлазумен тұр ма екенсің
Қара ну, қара қоныс, қара орманым.
Өртеніп сағыныштан соларды ойлап,
Сарнайды сары қурайдай санамдағы үн.
О, менің белгісі жоқ ғазалдарым,
Ендеше жазам бәрін, жазам бәрін!

36
ҰЛЫМ ТУҒАН КҮНІ
Ей, тағдырым!
Бас иемін мен саған.
Алып бердің арманымды аңсаған.
Құшақ жайып құлынымды қарсы алам.
Ұлым бар деп ұлы әлемге жар салам,
Ризамын,  ей тағдырым, мен саған!
Жанарыма толып тұрған нұрды көр,
Жүрегіме толып тұрған жырды көр.
Жақсылық пен шапағаттын аңасы –
Ұлан байтақ ұлы қазақ даласы
Көріп тұр ғой,
Күліп тұр ғой, қарашы!
Көпті керіп көнермеген көк аспан,
Сол аспанға соншалықты жарасқан
Күміс күн де күлімсіреп тұр маған,
Мынау әлем күлімсіреп тұр маған.
Мынау әлем, мынау өмір тұнған ән
О, ендеше!..
Бір керемет жыр жазам.
Жетпей тұрса төбем көкке бір елі. 
Қуанбайды қандай жанның жүрегі. 
Келсе біреу қарсы алдыма түнеріп, 
Кетер ме екен жүрегіме мұң еніп? 
Көзімдегі қуаныштың жасынан 

37
Берем саған жас сәбидің атынан.
Жүрегімде болып жатқан жарылыс – 
Көкіректі кернеп жүрген сағыныш. 
Сол сағыныш сәбиімді тербетіп, 
Алыстарға армандарын серметіп, 
Жеткізсе екен мұраттарга тым биік, 
Жүрегіне, жанарына нұр құйып.
Жүрсе болды жүзін жуып аялап,
Жүрсе болды ұлым соны саялап.
Ей, тағдырым,
Бақытымды шет көрме.
Лапылдаса, лапылдасын от кеуде.
Керім самал, келе жатқан көктемге,
Көктегелі тұрған анау көк белге 
Қарап тұрып жыр оқиын азырак. 
Тұрсын олар сол жырымды жазып ап.

38
* * *
Жел тұрып, міне, келеді, 
Жел тұрып, міне, келеді, 
Серпіліп тұман желегі, 
Аспанды бұлт кезеді.
Жарқ етіп қазір жарық күн, 
Жер-жаһан күлер жайраңдап, 
Үстіне сортаң жазықтың, 
Құйын да шығар тайраңдап.
Азынап айғыр арқанда, 
Елеңдеп тұр-ау пақырың. 
Жылқыға мініп барсам ба,
Көрсетіп бір сәт «ғашығын»?..
Жел тұрып міне келеді... 
Аспанды бұлт кезеді. 
Желбірей түсіп желегі 
Келмейді қыздың неге өзі?

39
* * *
Мазамды алған ойлар көп,
Мазамды алған,
Түс қашырып тұрғызған азандардан.
Замандардан қалғандай тәмамдалған,
Жан басынған келгендей оралдардан,
Аң-таң болып қараймын Ақ Дүниеге,
Таңдану ма тек қана маған қалған?
Жанар жасып барады жарқылдардан,
Жарық дүние жан-жағым алтындалған.
Салқындардан тоңазып қалған түнгі,
Шуақ есіп тұр қазір бар шыңдардан.
Ғажайыптың, не түрін қалап қойған
Ғаламат қой шынында аршынды Адам.
Мен жасайтын керемет қалдырмаған,
Жүрегімде тек қана жарқыл қалған.
Мен кім едім шынында,
Мен кім едім.
Дауыл болып түрмедім түн түнегін.
Жапырақтай жап-жасыл дүниеге 
Тамшы болып тек қана іркілемін.
Тұнған нұрға тоймастан тұрып-тұрып,
Тамып кетсем, көреді бір күн елім.
Тамып кетсем...
Дариға-ай, күрсінемін...

40
* * *
Шыланған жасқа кірпігің, 
Шырайлы жүзің бозарған. 
Батырған сорға бір түнін. 
Қайыңсың ерте тоналған. 
Сол түні ағып жұлдызың, 
Төсінен көктің жоғалған.
Жасырып жауыз, түн жүзін 
Мойныңа сенің оралған 
Бір сұмның кетті қойнында 
Махаббат, күлкі, мол арман...
Сол түні қайтты бір аңшы 
Олжалы болып сонардан.
Өтті ғой бәрі, кетті ғой, 
Жарқ еткеи жаздың күніндей, 
Бағыңа у шөп екті ғой. 
Жымысқы, жылпос білінбей, 
Кеудеңде не бір кетті ме ой, 
Кірпігің бір сәт ілінбей?
Сүріндің, сүлік көк едің 
Тұяғың жүрген сүрінбей. 
Бүгілдің қайғың жоқ еді,
Үзілдің күзгі жүзімдей.
Қолымнан келер шара жоқ. 
Дірілдей бердім, дірілдей 
Кірпіктеріңнің біріндей...

41
* * *
Сыйламаушы ең. 
Таң қаламын, бұл жолы 
Сияпатың өтіп кетті тым қатты. 
Үздіктің де, үлбіредің гүл болып,
Дірілдедің 
«Күнім – дедің – қымбатты!»
Ашуыңнан селт етпейтін жүрегім
Қатты қорықты
Қапылыста тайсалып.
Жылан құсап сезілді аппақ білегің,
Бірақ сені итермедім қайтарып.
– Ашшы – дедің – қабағыңды!
Жалындың.
Бұлданды деп ойладың-ау сен мені,
Өзін ұстап алғандай боп сағымның,
Таусылғандай отырмын ғой ермегім.

42
* * *
Ей, жігіттер, ер жетсек те біз бүгін, 
Түсінбейміз жаны нәзік қыз мұңын. 
Қызғаныштың қызыл өртін өршітсек, 
Айыпты ма, айтпаса олар шындығын.
Жат еріннің табы қалған ақ тамақ
Тұрар кейде өзін-өзі ақтап ап. 
Ол, өйткені, бір жігіттің қылмысы 
Өзіміздей өліп-өшкен ашқарақ.
Қайран ару кете берсе қан жылап, 
Даңғой басың қалады ғой даңғырап. 
Жүрдек ойлы жүрегінді жүгенде, 
Бауырыңда бақыт жатса балбырап.
 

43
НЕ ЖЕТЕДІ
Кеудесіне толтырып қызыл гүлін, 
Қыр жатады керіліп ұзынды күн. 
Жалтыр басы қасқайып қарап түрған 
Жалақ шынның еріні жырым-жырым.
Құштарлық, па, құдай-ау, не желік бұл –
Шындығында еріні кезеріп түр. 
Жүрегінің жалынын ішке тығып 
Қарағансып қояды безеріп құр...
Мына дәурен, мына күн тез өтеді, 
Тез өткен соң қалғаны мезі етеді. 
Сорлы шыңдай сопиып түра бермей,
Айтып-айтып салғанға не жетеді?

44
  ЖАБАЙЫ ГҮЛ
Жабайы гүл.
Атағы оның – жабайы.
Жабайы гүл. 
Шатағы оның – жабайы.
Жабайының
анасы – күн арайы.
Жабайының
панасы – жер сарайы.
Жабайы гүл әкеп берсең жарыңа
Көрінеді неге бірақ анайы?
Оның мәні емес сірә ажарда,
Оның мәні – сатылмайды базарда.
Жабайы гүл үй гүлінен бөлек шын, 
Мандайынан сипамаған оны ешкім.
Күн нұрынан,
Жер нәрінен ол өсті,
Басқаларға ол тәуелді емес-ті.
Міне, досым,
Жабайы гүл – жабайы.
Жаңбыр, желдің құшағында бар айы.
Өзді-езімен еркелесіп өтетін
Өмірі оның –
Жұбайлардың бал айы.

45
* * *
Бұлданатын жүрегім бұлданбасқа 
Бұлданбас та, 
Бұлқынып жынданбас та. 
Бұлдыр-бұлдыр күн кешкен бұл шіркінде 
Сағыныш пен не қалды мұңнан басқа?
Түлейлерді түн қатып шиырлаған, 
Түлкі өмірді түсіну қиын маған. 
Тазы болсам тастар ем таңын жарып, 
Талайыма ол бақыт бұйырмаған.
Жақсылыққа әрнені ырымдайсың,
Ұғынбайсың,
Қеудеңді сығымдайсың.
Қырық адам, сексен көз тыйым салған
Оң жақтағы біреудің қызындайсың.
Әр нәрсеге тұрса да өрең жетіп,
Өзіңді өзің ұстайсың төмендетіп. 
Айналаңда анқай-шу толып жатса,
Аша алмайсың айқара өлеңге есік.
Бірі мұңды ар болғанда, бірі мұндар 
Пенделердің білмейсің үғымын дәл.
Тесік қазан секілді кеуделердің 
Қайсы бірін бітейтін тығының бар?!

46
ЖЕЛ ӨТІНДЕГІ ЖЕТІМ ҚЫЗ
Қиын ғой өлең деген, 
Қиын білем.
Қиын деп неге өзімді күйіндірем. 
Кейде мен керемет бір ойларымды 
Қиялдың ханшасындай киіндірем.
Жетім қыз жел өтінде желеңдеген, 
Ойы бар қай адамның көрем деген. 
Сұлу қыз сұрп асылға оранғанда, 
Қай көңіл құмарлыққа бөленбеген.
Қыздарын әрбір адам «сұлу» дейді, 
Пұшыкпен қысықтары білінбейді. 
Білсе де білдіртпеуге тырысады – 
Жылтырақ, жібектерін жыл іздейді.
Жетім қыз жел өтінде желбіреген, 
Жеріне жетпей жүрген ол бір өлең. 
Өміршең, өлмейтұғын махаббаты
Мұң тұнған көзінде тұр мөлдіреген.

47
* * *
Салқын. Салқын.
Сал бөксе сары уайым, 
Сенен қайтіп сергиін, сауығайын.
Бір күнімнің бітірсем бұйырғанын,
Ертеңімнің еншісі тағы дайын.
Іш пыстырар көлгір сөз естігенім, 
Естимін де езілем, тек жүремін. 
Білмес емес, «білгіштің» көбейгені 
Біздің ғасыр сырқаты деп білемін.
Милар, милар, 
Мың сан ой қалжыратқан,
Еңселерін көтертпей мәңгі басқан.
«Ақша «деген бір сөзге тіреледі
Ой шіркіндер оқтардай қаңғып аққан.
Қайда ғана барады қайран Адам?
Ақша иісі аңқиды айналадан.
Өмір деген бес тиын бақыр сынды 
Аппақ мұздың үстімен тайғанаған.
Өзге түгіл өлең де саудаланып 
Құйылады қалтаға саулап ағып, 
Ақша – патша Музаның ақ тауын да 
Қоя ма деп қорқамын жаулап алып.

48
* * *
– Нағыз ақын болар деп қайырымды, 
Қайталама сен маған жай ұғымды. 
Қастығымдай кабылдап алар ма едің, 
Таяқ салып көрсетсем тайызыңды. 
Ақынсың, – деп арқамнан қағар ма едің, 
Мақтау айтып қандырсам айызыңды? 
Жоқ, жоқ, достым, 
Жоғалсын зындан ойың, 
Аулақ әкет кемемнен кайығыңды.
Сәби жырым талпынған,
Шырқыраған.
Бесігінен домалап мың құлаған.
Мен ызалы анамын,
Аямаймын –
Түк келмесе қолымнан, қыршып алам.
Тиіспе маған,
Қолыңды көп жүгіртпе.
Сенің көне бермеймін ырқыңа, адам.
Екі жүзді жандардан жалыққанмын. 
Зорға өзімді солардан алып қалдым. 
Құлдилап кеп құдыққа құлағанша, 
Тырнағынан өлейін арыстанның. 
Сырласы боп күлгенше сырбаздардың, 
Мұңдасы боп жүрейін ғарыптардың.

49
КІРІПТАРМЫН
Кіріптармын, бәріне 
Кіріптармын.
Кәусарына тоймадым тұнықтардың. 
Бұзықтардың былғанған пышағындай, 
Күнәнің де не екенін біліп қалдым. 
Жарқ етпедім қайтадан жай отындай, 
Қылпып тұрып, қынымда жүріп қалдым. 
Бірақ.... Бірақ паңсыған немелердің 
Тас жүрегін келіп жүр бұзып-жарғым. 
Кіріптармын!
Қол жаям! Жұрт қарасын! 
Ұрттап жүрген ұлмын мен ұрттамасын. 
Мен өмірдің бергенін ала берем, 
Бұл ісімді пенделер құптамасын. 
Олар тоңбас тоңдары тозбағасын,
Налымас та білген соң өз бағасын.
Мырза керек ал маған түсіп берер 
Ұлы жәңгір бәйгеде озған атын. 
Қыран керек қиырға самғарымда 
Қиып беріп кететін өз қанатын. 
Дандайсыған жандарды дал қылуға 
Дауыл керек қара жер қозғалатын. 
Дарын керек дауылмен қозданатын. 
Данқ та керек далама сөз болатын.

50
Бәрі керек, бұл маған бәрі керек, 
Үні керек бұлбұлдың әні бөлек. 
Көп керектің барлығын көре алмасам, 
Бұл өмірдің ойлаймын мәні не деп.
Мен бәріне әзірше кіріптармын, 
Ортасында жүргем жоқ қызықтардың. 
Жүріп қалдым жастықпен шарап ішіп,
Сол шарапқа бір демде қызып қалдым.
Бітті бәрі!
Енді мен түйілемін
Жұдырығы секілді мұжықтардың.

51
ҚОРҚЫТПЕН СЫРЛАСУ
Жан едім мен адамның мұңын емген, 
Күй шығады кеудемнен күңіренген. 
Қобызың боп боздасам, Қорқыт ата, 
Қарғып тұрып көріңнен,.. тірілер ме ем?
Ардағым деп аялап адам ұлын, 
Ой көшеді санамда қара құрым. 
Өле сүйгем, өртенгем, соным үшін 
Шынымды айтсам, ей ата, жаралымын.
Жаралымын,
Жанымды жан ұқпаған. 
Жартас – мүңым кеудемді жаныштаған. 
Қобызыңнан қорықпаған пенделерден, 
Мен қалайша өзімді алып қалам.
Айтшы, бабам. 
Айтарың таусылған ба? 
Тұншықтырып қара жер қаусырған ба? 
Күрсінісің күй болып боздап еді, 
Мен айғайлай алам ба даусым барда?
Әй, білмеймін, 
Білмеймін, бабам Қорқыт,
Ауып кетпес арамдық менен қорқып. 
Айдалаға ажалдан қашып жүрген 
Өзің құсап... 
Тентіреп келем жортып.

52
ОҚЫМАДЫМ
Мен жырымды оқымадым,
Оқталып,
Қалдым сонсоң тез суынып,
Тоқталып.
Бір тыңдаушым өрем қапқан сезімі
Өп-өтірік өлең сүйгіш боп қалып.
Оқымадым, «Оқы» – деді, жалынды.
Қайдан ұқсын,
Түсінбейді ол жанымды. 
Сонда менін сор татыған жүрегім 
Тікен-тікен түйе тілін сағынды.
Манғазсынып,
Күлімсіреп маған жай,
Сал көңілі салқын тартқан адамдай,
Күренденіп қолын созды акырын,
Ышқырынан тиын берген сараңдай.
Үндемедім.
Қолын алдым тершіген, 
Құтылғандай болдым оңаз елшіден. 
Жүрегімді жыр сыздатып жүргенде 
Сақта мені дәл осындай «емшіден».

53
АҒАРЫП ОЛ ДА БАРА МА?
Ауада ақ қар қалқиды. 
Ауадан ақ қар аңқиды.
Әндетіп ақ қар әр қилы, 
Әр қилы жаққа шалқиды.
Таулардың түсі ағарып, 
Ауланың іші жаңарып, 
Айнала толған жаңалық, 
Әлемнің бәрі, бәрі анық.
Бала да нұрлы, ана да, 
Қала да сырлы, дала да... 
Қарайған ой көп санада, 
Ағарып ол да бара ма?

54
ТАРБАҒАТАЙ
Өмір өткен бұл тауда,
Өмір өткен. 
Өмір өткен ерлерін еңіреткен.
Сері де еткен сайымен серуен құрып, 
Тамылжып ән тастарын тебіренткен.
Тарбағатай – қара нар
Қапталында
Сүйретіліп қазақтың соры кеткен.
Көштер өткен басынан,
Көштер өткен,
Құздан құлап, ары асқан көп белестен.
Жаяу-жалпы босыпты қайран қазақ,
Күнгейде күткен бақыт жоқ деместен.
Өтіпті те кетіпті Арғыбетке
Қатты шошып әлдебір отты елестен,
Теріскей теріс қарап қала берді
Анадай жалғыз ұлы өкпелеткен.
Анасынан безген үл, 
Анасынан.
Жақсылық таппас жаттың арасынан. 
Қайран қазақ толқыпты қайта бері 
Теңіздей төңкерілген шарасынан. 
Өткен ел өткен екен Бергібетке 

55
Адасып іні кепті ағасынан, 
Айрылып піспек қапты сабасынан...
Тарбағатай – мұңды тау,
Мұнарлы тау.
Тасы тарғыл,
Тарихы тұманды тау.
Бір бағы қайтқан елі қазақтығын,
Діндары әкеліпті құранды сау...

56
ӘКЕМЕН СЫРЛАСУ
«Өкпең бар ма өмірге, – деп, – шырағым?» 
Әке, менен неге сонда сұрадың? 
«Өкпем жоқ деп айта алмадым – өмірге»,
Келді-ау, әке, сонда мені сынағың.
«Өкпем жоқ» деп айтсам, тойған болармын. 
Шат боп күліп, мұңды қойған болармын.
Үндемедім –
Жүрегімде әжім көп, 
Сай-саласы жібермейді солардың.
Күлкімменен күрсіністі жасырдым, 
Жүректегі сілкіністі жасырдым. 
«Өкпелемей өссін,– деген – осы ұлым»,
Әке, саған іштей ғана бас ұрдым.
Өкпем бар ма? 
Оны да анық білмеймін.
Көктем барда көгеремін, гүлдеймін.
Ызғырыққа ыза болам қалтырап 
Сондай сәтті, шынымды айтсам, тілдеймін,
Мен дағы, әке, мейір күткен шынармын
Өмір – дауыл, шыдармын, не сынармын. 
«Өкпең бар ма өмірге?– деп сұрама, 
Бұл фәниге құмармын ғой, құмармын.

57
МЫЛТЫҚТЫҢ МОНОЛОГЫ
Мен – мылтықпын, 
Мылқаумын, саңыраумын,
Қарасымнан қайтады сағы жаудың.
Қайырымсыз, қайғысыз, үмітсізбін,
Ауызымда ақ түтін, азынаулы үн.
Үйретемін үніммен құдіретті
Не екенін атасын танымаудың.
Мен – мылтықпын.
Мен – құлмын. Адам – тәңір.
Ием тынбай мен қалай табам сабыр. 
Өзегімді өртейді берген асы, 
Қайран ішім қайнайды қазанша бір. 
Садақ бабам: – Санасыз құдайларды – 
Деді маған – қайғыға қамалта тұр.
Сонан кейін жебесін желге ұшырды
Құдайы да құлады ер мүсінді.
Ол құдайдың баласы мені қолға ап:
«Көрсет, – деді – мылтығым, сен күшіңді.»
Сонда ғана мен білдім –
Құл екенмін.
Құдайымның қолында тұр екенмін.
Қорғасынды жұттым да от түкірдім.
Қанын төктім сол жерде бір есердің.

58
Дедім іштей өзімнің құдайыма:
«Сенің дағы күніңді түн етермін».
Болды солай,
Оған мен сенген едім.
Адам болды ақыры көздегенім.
Ақымақтар ажалды үстап түрып,
Қуанысты тапқандай ең керегін!   
Мен – мылтықпын, 
Ұрпақсыз емеспін мен – 
Олар келді дүниеге ерекше үнмен 
Менен гөрі менмендеу дүлей болып, 
Өртін қойды өмірге ер екпінмен. 
(Адам шіркін мұны да керексінген). 
Олар – менің ұлдарым, 
Бірақ, бірақ
Құдайларға сөйлейді бөлек тілмен, 
Жан қоймауға тырысып өзектіден. 
Оларды емес, қарғайды адамдарды, 
Қорқатындар қорғасын қоректіден.
Мен – мылтықпын,
Қалжырап шаршағамын.
Адам – құдай істеуде аңсағанын
Мен бірақ та әлі де қызықты етем
Аң құмарлау адамның қансонарын.
Мен – мылтықпын
Өмірім аз-ақ қалды.
Дауысыммен бұзбаймын ғажап таңды.
Менсіз дағы «мейірлі тәңірлерім» 
Арқалап жүр ап-ауыр азаптарды.

59
«Ей адамдар,– дер едім тілім болса –
Жандарыңа бір уақыт тыным болса. 
Ұрпағымнан қорқыңдар енді менің, 
Олар керек қылмайды мыңыңды онша. 
Сондықтан да құртыңдар тұқымымды, 
Өшіреді әйтпесе түтініңді».
Ақыл айту адамға маған жаттау 
Ей пенделер, әйтсе де, азаң қатты-ау.
Қаруыңның қарты ғой сөйлеп тұрған, 
Тілегі оның: өзіңді арандатпау. 
Тілегі оның: Адам боп жаратылып, 
Жауыздықпен жалғасып, адамды атпау.

60
* * *
Масайраған сезімдерді тәрк етіп, 
Мас боп жатып көз ілемін кейде мен. 
Махаббатым көк бұлттан жарқ етіп, 
Қалғып кетем бір тамаша ойменен.
Күйкі өмірім күлгін тартып күлдейін, 
Шеңгел шоғы секілденіп өшеді. 
Басқа шаттық білгенім жоқ, білмеймін 
Деген ойлар дем-дем сайын көшеді.
Махаббаттан басқа сезім болмайды –
Жақсылықтың жапырағы ол деген.
Ол жапырақ мәңгі бақи солмайды – 
Көздің жасы суарады көлдеген.
Басқа сезім бар десеңдер дауласып, 
Оның бәрі пендешілік далбаса. 
Сене алмаймын бір-бірімен жауласып, 
Адам біткен бірін-бірі алдаса.
Мас боп жатам махаббаттың деміне, 
Маған ешкім сыйлаған жок, мұндайды.
Мен жылаған кездерімде егіле, 
Тек махаббат тебіреніп тыңдайды.

61
ОТ ПЕН ТҰЗ
Отан, маған отыңды бер, отыңды, 
Сол отпенен жылытайын қосымды. 
Сол отпен мен сом темірді илейін, 
Сол отқа мен шақырайын досымды, 
Отан маған отыңды бер, отыңды.
Жыр оқысам оттар ұшып көзімнен, 
Сәуле шашып мен тұрайын өзімнен. 
Ұран отын жағар күндер келсе егер, 
Тұңғыш отың мен болайын көрінген– 
Хабар беріп мен тұрайын өмірден.
Отан, маған тұзынды бер, тұзыңды, 
Тұзыңмен тарт, жырыңмен тарт ұлыңды. 
Түйір тұзың түгел менің өмірім– 
Көргім келмес басқа жерде күнімді. 
Отан, маған тұзыңды бер, тұзыңды.
Сенің тұзың – батыр ұлдын соңғы әні, 
Саған деген сағынышы сондағы. 
Сол бір ұлдай сүйем сені, сүйем мен, 
От пен тұздан айырмасаң болғаны.

62
ӘКЕТІП, ӘНЕ, БАРАДЫ
Жылау да жылау, жылау жыр, 
Жыртылып, тозған сыр-ау бұл. 
Шартиып жетім қозы жүр, 
Маңқиып жетім бұзау жүр. 
Жылау да жылау, жылау жыр, 
Жасыңды керек бұлау бір.
Көрдің бе көзді анау бір 
Ойнамас онда алау-нұр.
Қасиетін сол көз біледі,
Дүниеге мынау қараудың.
Жылау да жылау, жылау жыр, 
Шақырып сені тұр-ау қыр. 
Шөлдеген оның гүліне 
Жасыңды төкші бір ауқым...
Былғанған шаңға балағы 
Көрдің бе анау баланы? 
Жоғалтқан сенің жоғыңды 
Әкетіп, әне, барады.
Әкетіп, әне, барады...

63
ІЗДЕР ЕДІМ
Анау қыздың көзі саған ұқсайды, 
Ал ана қыз өзін сендей ұстайды. 
Мына қыздың өзі саған ұқсайды, 
Бірақ менің жүрегімді ұқпайды.
Анау қыздың билегенін ұнатам, 
Әлем-жәлем кимегенін ұнатам. 
Ал ана қыз... өзі сүлу, өзі жас, 
Жаудырайды... жанарымнан нұр атам.
Анау қыздын адалдығын сыйладым, 
Ұсынуға базар гүлін жинадым. 
Сүйер едім, сүйгенім жоқ мен бірақ, 
Мен деп соққан жүрегіңді қимадым.
Үңіліп те көрдім сенің жаныңа, 
Түңіліп бір көрген жоқпын, бағыма. 
Жинап алған, қасиеттің баршасын, 
Риза боп сендей қыздың барына 
Мен келемін,
Шынымды айтсам, әйтпесе, 
Әдемі қыз іздер едім тағы да.
       

64
* * *
Дағыстанның шың-құздарын көргем жоқ, 
Данышпан деп жырлап жүрген Ғамзатов. 
Өлеңменен жүректерде өргенде от, 
Расул жерін жатқан сынды ән басып.
Ерлік жыры, ол мәңгілік өлген жоқ, 
Деп жырлайды қашандағы Ғамзатов, 
Батыр Шәміл тек өтірік өлген боп 
Жатқан сынды жүрегінде қан қатып.
Махмұт та өлген емес, тірі әлі, 
Жүрген сынды махаббатын лаулатып. 
Авар жері – ақындардың тұрағы 
Деп жырлайды қашандағы Ғамзатов.

65
МЕНІҢ КҮНІМ
Анам мені әкелмеді өмірге,
Отырсын деп бір қуыстың төрінде. 
Мені әкелді
Мерекенің карсаңы –            
Көктем айын көзімді ашып көруге.
Жайнасын деп жапырақпен жарысып, 
Ойнасын деп асау атпен алысып, 
Тойласын деп тірлігінің мейрамын 
Барын берді, балын берді жаны ұшып.
Мен есейдім, мерекені көп көрдім, 
Көп күнімді көк қуумен өткердім. 
Қанаттанып, ұшып кеттім алысқа, 
Балапаны секілденіп кептердің.
Ұшып кеттім, ұшудан да жалықтым, 
Ұшудың да орны барын... жаңа ұқтым. 
Айнымастан мені айналып жүріпті 
Айналайын Ана деген жарық Күн.
 

66
ҚЫЗЫЛ АЯЗ
Қызыл аяз қысып тұр түз – даланы, 
Түз – даланың жүрегін құз жалады. 
Қызыл іңір болғанда кызыл жігіт 
Қыж-қыж қайнап тосып тұр қыз баланы.
Тоса-тоса зарығып қыз баланы, 
Жігіттің де жүрегін мұз жалады. 
Алып қалған аруды аяз шығар
Бәлкім оны жігіттен қызғанады.

67
* * *
Таудан төмен түсіп келе жатырмын,
Тас құлатып, талай гүлді жапырдым.
Табанымда даты қалды сан гүлдің,
Жанарымда жасы қалды жаңбырдың.
Таудан төмен түсіп сайға құладым,
Құладым да жылғадайын жыладым.
Мен құлаткан тастар суға қарықты,
Мен жылатқан гүлдер солып қалыпты.
Көнбейді ғой ендігі айтқан сылтауға,
Енді қайтып шыға алмаспын бұл тауға.
Енді гүлдер имейді ғой бастарын,
Енді көзге ілмейді ғой тастарым!
* * *
Солма гүлім 
Сен солсаң –
Мен өлемін,
Сені айналып ұшып жүр көбелегің.
Мен мұзарттан мелшиіп құлағанда,
Мұз жалаған кеудеме керек едің.
Сен барсың ғой. . .
Сен барда неге өлемін?!

68
СЕНІ ҚАЛАЙ ДӘЛ ТЕҢЕГЕМ 
ЕРМЕНГЕ


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет