Қызыгымсың сен менің,
Қызуымсың сен менің!
Қызыл гүлім сен менің,
Қырдагы өскен ерменім!
(Бұрынғы өлеңнен)
“Қызығым” деп қалай айтқам мен сені?!
Рас, сенің күлкің маған емші еді.
Шашылды ғой бақытымның бөлшегі,
Басылды ғой көкірегім еңселі.
“Қызығым” деп қалай айтқам мен сені?!
“Қызуым” деп қалай айттым, білмеймін,
Соны ойласам көзімді бір ілмеймін.
Өртеніп ап өзімді-өзім тілдеймін,
Көкжиекке құлап кеткен күндеймін.
“Қызуым” деп қалай айттым, білмеймін.
“Қызыл гүлім үлбіреген – сен” деппін,
Рас, сені самал болып тербеттім.
Қызылыңды бірақ маған бермепсің,
Қызығынды бірақ сенің көрмеппін.
“Қызыл гүлім елбіреген – сен” деппін.
69
Ақырында сені теңеп ерменге,
Баламанды дәл тауыпты шерменде.
Ерменге тән ерлік тұрды кеуденде,
Көп жылдан соң маған іздеп келгенде.
Сені қалай дәл теңегем ерменге?!
70
ЕЛЕС
Елес. Елес. Қалмай қойды бір елес,
Қыр соңыма түскені бір бұл емес.
Шашын жайған, сәл мұңайған сол бейне,
Кейде қайсар, кейде сайқал, күлегеш.
Керенау түн. Кермал самал. Кең көше,
Кең көшеде адаспадым мен неше?
Елес менің есімді алды, қайтейін,
Елес болып мен де кетем ендеше!
Жанарымды жасқа малам кейде мен,
Жан арымды мазалайды ой деген.
Ақ бораны азынаған қыс түні,
Атып шығам кең көшеге жейдемен.
Елес мені, мен елесті мазақтап,
Өтті көктем, өтті қыс пен жаз аптап,
Елес қуып, есі кеткен әлдекім
Келе жатыр өзін-өзі азаптап.
Келе жатыр... Кімнің несі кеткендей,
Өтер ол жан еш адамды жек көрмей.
Елес қуып, елден жырақ бөлінер,
Ұясынан ұзап ұшқан кептердей.
71
Елес пе екен ессіз ғашық, дерт өлең,
Күндіз-түні күрсіндіріп өртеген?..
Ақын-елес, елес-ақын екеуі,
Жолға шығып бара жатыр ертемен.
* * *
Алыстан бір үн естілген...
(Ай батқан және түн ауған).
Жолаушы ма екен кеш жүрген,
Аумайды-ау даусы жылаудан.
Еңсесін езіп ауыр мұң,
Еңіреп жылап бара ма ол?
Сыртына сүйреп ауылдың,
Сырықтай түзу қара жол.
Есалаң ол ма, мен бе әлде?..
Естілді тағы... сыңсиды.
Отыр ма өксіп шерменде,
Паналап желден бір шиді.
Желегі түспей жас қалған,
Жесір ме әлде, кім білсін.
Көзінен жұрттың жасқанған,
Жесірге түскен күн құрсын.
Ару ма екен ай мандай,
Арына таңба салған кім?
72
Қара түн шашын жайғандай...
«Алдаңдың, сорлы, алдандың...»
Құдай-ау, міне, тағы да –
Қасымда сыңсып отыр кім?
Сағынып келген жаныма,
Сағынышым ба екен...
Соқырмын...
Алыстан бір үн естілген,
Сол түнді кейде тілдеймін.
Ыңырсып жолмен кеш жүрген,
Өзім бе, ол ма, білмеймін.
73
* * *
Қымыран исі аңқыған,
Қызылды – жасыл о күндер.
Жұмыртқадай аршыған,
Алма бет, қызыл еріндер.
Емізіп тілдің шырынын,
Ертеңсіз дүние қызығын
Мәңгілік болар дедіндер,
Шынында шыншыл едіңдер,
О, қайран, сол бір сенімдер!
Он сегіз жастың отынан
Шарпылмай аман кім өткен?
Жұлдыздай болып жосыған,
Жерге бір ғашық жүрекпен
Ғашықтар ғайып болыпты,
Айқасып барып түнекпен.
Соларға деген ізеттен
Жүрегім талай шым еткен...
Өткердім жыл мен айларды,
Он сегіз қалды алыстап.
Жүрегім талай қайғы алды,
Ұшпады қиял шарықтап.
Жаныма шаттық бермеді,
Жап-жасыл жазғы таныс бақ,
Көңілім бірақ сенбеді,
Алдыға бас деп қарыштап.
74
Базарға кірдім басқадай
Тұр екен бәрі құн бұлдап.
Тоқтадым алға аттамай,
Көзімнің алды бұлдырлап.
Алыстап бара жатқандай
Қоңырау үні сыңғырлап.
Теңгелер ғана сылдырлап,
Сағымды менің сындырмақ...
Қымыран исі аңқыған
Қызылды-жасыл сол күндер,
Теңіздей тентек шалқыған,
Шалғынға түскен соңғы іздер,
Сонау бір менің таңғы шық,
Сәтімді сендер көрдіңдер,
Сәнім мен әнім, бағымды
Апарып кімге бердіндер?
Сұрайын оны сеңдерден,
Келмеске кеткен күндерім.
Шертілмей жатқан шерлерден
Табылар, бәлкім, білмегім.
Шертіліп кетсе барлығы,
Шерменде болып жүргенім...
Шалғында калған іздерім
Шаттығым ба екен бір менің?
75
* * *
Жүрегімнің ішінде
Жүгендеулі, ерттеулі арабы айғыр
Шылбыр тартып,
Шырқырап тұр азынап.
Босатпауды көңілім қаламай тұр –
Ал, босатсам,
Жасайды-ау күнә бірақ,
Босатпаймын!
Босатам!
Босатпаймын!
Босатамын –
Сергісін бір азырақ!
Алдым бәрін –
Жүгенін де,
Ерін де,
Ноқтасын да,
Ақ сағымдай бұлдырлап кетті шауып.
Шақырсам да енді ол тоқтасын ба?
Құлай кеттім шалғынға есім ауып...
Айғыр сынды сезімге ерік беріп,
Мен осылай жатамын ауық-ауық.
76
* * *
(Қиын-ау, қиын суреттеу мұны,
Түсінсе жақсы-ау құрметтеуімді!)
Тәбеті тәтті тылсым еріндер,
Қаныма түскен кіршік едіндер.
Алған соң күнде мазаларыңды,
Былғадың бәрің таза қанымды.
Сүйгізіп енді жаза алмайсындар,
Жаныма түскен жараларымды.
Қалғытып менің ояу жанымды,
Қанымнан алған бояуларыңды.
Әсемдік үшін жағудасындар,
Өртенген гүлдей жанудасындар.
Татады-ау біреу ақынның қанын,
Жатады-ау жылап асыл мұндарым.
Бұлттан шықпай бүйығып қалған,
Құлайды-ау сонда жасын– жырларым!
Сендерге барған жігіттей болып,
Өмір де мені сүліктей сорып.
Күлдіріп түрып күйретіп кетті,
Күлкіні жалған үйретіп кетті.
Жымиып, жымсып тұрамын ба енді?!
Бір мазақ дауыс құлағыма енді:
“Еріндер саған еп емес екен,
Тапсаңшы, байғұс, тұрағынды енді”.
77
Көбірек жырлап не керек мұнды,
Қанаты шайыр көбелек жынды.
Жағындар соның қанатын енді,
Табыңдар енді табатын емді.
Жүріңдер сөйтіп жылтырап қана,
Шырақтай әлсіз қалтырап қана.
Кетемін өзім керуендерге еріп,
Келмейтін жаққа сан сұрақты ала.
78
ЖАСТЫҚ-АЙ, ЖАСТЫҚ...
Жастық-ай, жастық,
Мен сені тербетем күнде.
Тербетем неге –
Сенімен теңбе-теңмін бе?
Бас сұғып мынау
Отыздың ойлы орманына,
Терлетемін бе өзімді,
Кері кетемін бе?
Сырғуда менің сыңсыған
Сынап күндерім,
Қайран қап тұрып,
Қай үнге құлақ түрмедім.
Құлап кетем бе бір күні,
Жылап кетем бе,
Сияқты мынау жалғанға
Жылап кіргенім.
Жастық-ай, жастық,
Жанымды ұқ,
Жасытпа мені,
Суыған жанның жетпейді
Ғашыққа демі.
Өртімді қайтіп басамын,
Еркімді қайтіп,
79
Аймаңдай маған;
– Аптықпа, асықпа, – деді.
Баса алмай жүрмін,
Баспаймын жан құмарымды,
Жасынмен сипап оятам
Жаңбыр әнімді.
Сарқа көрмеші
Сап-сары сағынышымды,
Ей, жастық, менде бар болсаң,
Сал құлағыңды.
80
ЖАУҚАЗЫН
Жаңа бір түскен келіндей,
Нәп-нәзік сырлы сезімдей,
Ашыла түскен ып-ыстық,
Ләззәтқа толы еріндей.
Жауқазын, сені көрем деп,
Келуші ем осы маңайға.
Жаңбырдан кейін қалайда,
Жаяулап жалғыз ерінбей.
Биіктеп, бірде төмендеп,
Бозторғай әнін айтатын.
Жауқазын сені көрем деп,
Ерте кеп, кешке қайтатым.
Мөлдірей қалған тамшылар,
Кешіксем жерге тамардай,
Нәумез боп гүлім қалардай,
Өзімді-өзім қамшылар.
Кездерім еді ол менің,
Асыға басып, аптығып.
Бар еді талай келгенім,
Өзіме аян әйтеуір
Жүрекке сәби ергенім.
Жаңбырдан кейін жасарып,
Жалындап жайнай беруші ең.
81
Көзіне түрған жас алып,
Арудай сені көруші ем.
Жауыннан соңғы жауқазын,
Журекті неге тербедің.
Өзіме аян әйтеуір,
Жүрекке сәби ергенім...
Жаңа бір түскен келіндей,
Қызулы, кызыл еріндей.
Жауқазын сені көрем деп
Келемін тағы ерінбей,
Баяғы бала кезімдей.
82
* * *
Талма түнде тал басы тербетіліп,
Құлан жон ай құлағын жерге түріп.
Тұрса тұнып тұңғиық мынау дүние,
Қалғып кетсе бір сәтке пендешілік.
Жатсаң сонда оянып, не оянбай,
Тазалыққа не тойып, не тоя алмай.
Жүрек сонда бұлқынар, бұлқынар-ау,
Сәл караңғы кеудеден босана алмай.
Талма түнде тал басы қозғалғанда,
Жүрек қолын қаншама созды арманға.
Жақын болсам деді ол жалғыздарға,
Жылу болсам деді ол тоңғандарға.
Ай секілді айналып Қара Жерді,
Сүйгісі кеп көк төсін балаң ерні.
Қанша жүрек қалғиды талмаусырап,
Құшағына сыйдырып бар әлемді.
Талма түнде тал басы тербетілсе,
Айдан аққан аппақ нұр Жерге сіңсе.
Жатсаң сонда жаңғырып көкірегің,
Жатсаң сонда ойланып өз бетіңше.
83
ҚАРАҢҒЫДА
Түн қараңғы.
Тым караңғы.
Қараңғы,
Қараңғылық алдайды екен адамды.
Терек діңін кісі екен деп қалдым мен,
Жапырағын құс екен деп қалдым мен.
Түн қараңғы,
Тым қараңғы.
Қараңғы,
Қараңғылық арбайды екен адамды.
Терек діңін тебіреніп сипадым,
Шықты сонда жапырақтан шипалы үн:
“Көптен бері елеген жоқ бізді ешкім,
Жақсы жігіт, келді ме әлде тілдескің?”
Жауап бердім:
«Жастығымды сағындым,
Жапырақтай пәктігімді сағындым.
Өмірімді құрметтеймін өзімнің,
Өміріңді құрметтеймін бәріңнің»
Жапырақтар қуанысты қол соғып,
Мен күрсіндім...
Шаршадым ба жол соғып?...
84
ТАМШЫ-ҒҰМЫР
Жапырақта тұр еді,
Мөлдір еді,
Жаңа түскен аспаннан өндір еді.
Күлімсіреп түрды да...
Құлап кетті.
Кәрі қайың күрсініп:
«Өлді!» деді...
Тамшы-ғұмыр,
Тамшы-мұң, тамшы бақыт,
Теңіз болып кетсеңші шалқып, асып.
Тамшы бақыт тұр менің жүрегімде,
Күлкісімен кеудемді жарқыратып.
Арман шіркін бастамас қай тарапқа?
Күн санап та бітпейсің, ай санап та.
Жапырақтай дір қаққан жүрегімнен,
Таамшы-ғұмыр, құлайсың қай сағатта?
85
КҮЛКІ ҚҰРБАНЫ
Бір бойжеткен...
Жүкті болып оң жақта,
Қарай-қарай көзі талды жол жаққа.
Көршілердің көзі – дүрбі, сөзі оқтай,
Енді оларға тегін олжа болмақ па?!
Жаны жаурап жылайды енді жас адам,
Атқан оқтар дәл тиеді тасадан.
Жеген – желім, ішкен – ірің болады,
Көзге шұқып көйте берсе ата-анаң.
Өсек өршіп, сөз көбейіп жыбырлақ,
Әйел тұрмақ, еркек біткен сыбырлап.
Қадам басып үйден аттап шыға алмай,
Жатады қыз қос құлағын тығындап.
Суып көңіл туыстан да, елден де,
Тағдырменен тайталасқа келгенде,
Шырт үзіліп шыдамының шылбыры,
Бөтен жаққа бетін бұрды шерменде.
Не болды?..
Ол өлді...
Не көрді?!
86
СИРЕНЬ
Сирень. Сирень.
Сорлы сирень бөлмеге,
Келіп қапты.
Құлпырады ол неге?!
Масайрайды,
Мас қылады сұлуды,
Мақтан етіп түрғандығын көрмеде.
Сирень тұрды.
Сирень күлді аз-ақ күн,
Санын ұрды –
Сағындырды азат күн.
Иіскемейтін болды сұлу қуанып,
Жұпарынан жұрдай болып ғажап тым.
Сирень. Сирень.
Сорлы сирень сарғайды,
Іштен тынып,
Іштен ғана зарлайды:
«Неге мендей некен-саяқ сұлулық
Мәңгі болып,
Жанды болып қалмайды?!
«Иісі жоқ.
Артық қой – деп – үйге енді» –
Саудыратып алып шығып сиренді,
87
Күл-қоқырға тастай салды жас сұлу
Кеше ғана керемет деп сүйген-ді–
Сорлы сиренді...
88
АҚ ЖУСАН
Жусан. Жусан.
Ақ жусан, иісің қандай?
Сылқым емес,
Сыршылдау сиқың бардай.
Жұпарынды жұта алмай
Жүрмін қазір,
Содан болар тұрамын ұйқым қанбай.
Шырылдауық торғайың
Шырқынды алмай,
Қалды-ау, шіркін, керемет жыр тыңдалмай.
Ол күн қандай, айтшы өзің,
Бүл күн қандай,
Саған қарай жүрегім жұлқынғандай.
Жұпарым-ау,
Сен барда қараппын ба,
Қараппын ба көркіне абаттың да.
Сағынумен келіп ем
Салып ұрып,
Қалыпсың ғой қатігез қар астында.
Асап едім сол қарды,
Ғашық иіс
Кернеп кетті кеудемді...
Ғажап мүнда!
Маған деген махаббат, сағынышты
Құрта алмапты құрығы азаптың да..
Құмарымды қалдырып қар астында,
Берілем-ау тағы да азап – мұңға.
89
* * *
Шеруқұмар,
Шері жоқ от күй едім,
От күйіме бұл күні көп күйемін.
Көк ши едің сен-дағы көлбедеген,
Ақ ши бопсың, көзіме дөп тиерім.
Тіршілік ең тіреген көкке иегін,
Ақ ши бопсың, кайтейін, көк ши едің!
Қыраубас боп,
Қызықты тәрк еттің бе?
Шіркін өмір шынында шәлкес мүлде.
Әндетер ең,
Әлемді әлдилер ең,
Әндетер ем мен-дағы нәркес түнде.
Мелшидің бе, мен жоқта әндеттің бе?
Қайта оралар күн бар ма дәмдес күнге?!
Көк ши едің,
Шіркін-ай, көркем едің,
Өн бойымды өзіңмен өлшер едім.
Мұз құрсаған денеңе
Мұң көзімді
Енді қалай елжіреп төңкеремін...
Бұл қалпынды от шақта көрсем едім.
Өзегіңді от қылып өртер едім...
90
* * *
Махаббатсыз,
Мандайы алтын әміршім,
Айыбнымды айт бетіме тағы да.
Мейлі ашудың дабылдары қағылсын,
«Сүйкімсіз»– деп, сүйкеп жібер жағыма
Сүйгеніңнен сол жағады жаныма.
Шапағатсыз,
Шар айнадай мөлдірім,
Шайқалмаған бір тұнығым жоқ менің.
Шатырлаған найзағайдай өрлігім
Көшірді ме көңіліңнің көктемін,
Өтірік боп шықты-ау менің өпкенім.
Аса жатсың.
Қаталаппын бір жанға,
Жасамапсың қырсыққанда бір күнә.
Сен еріксіз маған мойын бұрғанда,
Сыртым күліп, ішім тұрды қынжыла.
Мойын бұрма мен секілді жындыға.
91
* * *
Әрбір, әрбір жеңістерін тәнімнің,
Мойындамай қоюға мен әзірмін.
Басымды исем,
Ол жеңісім қылыш боп,
Қиып түсер қайырмасын әнімнің,
Қиып түсер жалғыз гүлін жанымның.
Шабуылын салған кезде бұл тәнім,
Ұясынан ұша алмайды сұңқарым.
Шынымды айтсам.
Арпалыскан арыма
Ол кездері өзім-дағы ұрсамын.
Арды байлап,
Тәнге ерік бергенде,
Шіркін, адам айуандығын сезген бе?!
Құлайды олар биігінен құлдилап,
Арын тәні мәңгілікке жеңгенде.
92
* * *
Келмей-ақ қой, келмей-ақ қой сен маған,
Құсым едің қолыма ерте конбаған.
Қара түнсің сен үстіме орнаған,
Мен– теңізбін, дөңбекшимін, долданам.
Келмей-ақ қой, келмей-ақ қой сен маған.
Мейірсізбін, мені әурелеп қайтесің,
Бар болса егер алмай жүрген, айт, өшің.
Сен– перісің бір көрсеткен ай төсін.
Мен– пендемін– біздерде жоқ сәйкесім.
Меңіреумін, мені әурелеп қайтесің.
Келмей-ақ қой, мойныңды енді бір бұрма,
Жүк түсірме жүрек деген құрғырға.
Мен өзімді байлап қойдым шынжырға,
Бір сындырған сағымды енді сындырма.
Келмей-ақ қой, мойнынды енді бір бұрма...
93
* * *
Түндегі өртті көріп пе едің сен –
Менің жүрегімдегі түннің?
Шуағында болып па едің сен –
Менің жүрегімдегі күннің?
Түндегі өртті көре алмадың сен –
Онда адасып кетпес едің ғой. –
Күн шуағын сезе алмадың сен –
Тоңып, жасық төкпес едің ғой.
Түндегі өрттен түк қалмапты де –
Күйіп кеткен күлді көрген соң.
Күнімді түн құтқармапты де –
Тас қараңғы түнді көрген соң.
94
СОЛМЫН МЕН!
– Мен саған ешкім емеспін,
Сен маған жатсың...
Солай ғой.
Тонаған жоқпа сені ешкім?
Тонаса... мені тонай ғой.
Таныспын ба әлде мен саған,
Көрдім бе сені бір жерде?
Таяшы, бері... бері таман,
Орайын сені гүлдерге.
Жатсынып, әрі шын танып,
Жұмбақтау күліп тұрсың сен.
Жүзінен түрған нұр тамып,
Жұлдыздай жаным,
Кімсің сен?
– Мен саған тым жат емеспін,
Өйткені, сендей көп ағам.
Тонаған жоқ қой мені ешкім,
Сеніғой...
Сені тонаған.
Тамшымын...
Әлі тамғам жоқ,
Қайтесін мені гүлге орап.
95
Көзіңнен ағып арман боп,
Кетемін мен де сырғанап.
Тұрғаным рас шын танып,
Өзіңмен талай болдым мен.
Әніңмін кеткен шырқалып,
Жаныңмын... Солмын, солмын мен!
96
ҚАМЫС ПЕН ҚУРАЙ
(мысал)
– Күнәһарсың,– деді Қурай
Қамыска,
Мойның созып көп карайсың алысқа.
Үлпілдеген үкің сенің не теңің,
Салдақысың, сатал– сатал етегің.
Қамыс қатты қапаланды,
Қысылды.
Намыстанды,
Назарын да түсірді.
Қурай-қыздың қужақтығын білмеген,
Түрі ме екен түр-сипатын күндеген.
Көрінгеннің аяғына оралған,
Қурай оны сөкті бүгін,
О, жалған!
«Ішің толған ібіліс»– деп айтуға
Қамыс-қыздың тілі бармай, қайтуда.
–Күнәһарсың! – деді Қурай тағы да,
Батпақ сенің кезігіпті бағыңа,
Тастақ болса тастар еді лақтырып,
Момын неме қалған екен жақтырып.
– Қурай құрбым,– деді Қамыс,
– Не дейін.
Күндегенің үкім болса...
97
Берейін.
Батпақ саған бақыт болса ерекше,
Оны да алшы, оны да алшы керексе.
Қурай сонда тұрды қатты түтігіп;
– Кеттім – деді – мен үкіңе түкіріп.
Білді өзіне жараспасын үкінің,
Білді өзіне жаратқанның үкімін.
Содан бері Қамыс әнін салуда,
Содан бері Қурай қурап қалуда.
98
СҰЛУЛЫҚ
Сұлулық, сенің сырың мол,
Сыралғы емессің ешкімге.
Сопы да сен деп күбірлер,
Есінен танар естің де.
Сиқыр боп, сыр боп, нұр болып,
Сен көштің әйел бетіне.
Қадалдың сонсоң мір болып,
Еркектің тажал ниетіне.
Патшаның тағын ойрандап,
Бүктірдің тізе хандарға.
Сен шыға келсен жайраңдап,
Жымияр жыртқыш аңдар да.
Қансырамады қай жүрек,
Мәжнүнді естен айырдың.
Суретшілерге қайғы боп,
Қасіреті болдың шайырдың.
Сен өзі болдың Ардың да,
Сен болдың жыр мен күй алды.
Қызарып сенің алдыңда,
Ұяттың өзі ұялды.
Басына алмады еш пенде,
Бағалай білдің бағыңды.
99
Үмітін өзің кескенде,
Талайлар топырақ жамылды.
Сұлулык, сұмсың, зұлымсың,.,
Айыбың да емес ол сенің.
Үзілмейтұғын жұлынсың,
Ұғымға сыймас өлшемің.
Ерлердің бәрі құлдар шын–
Емеуірін берсең болғаны.
Жүректегіні де ұрларсың,
Дәулетті де алып қолдағы.
Жайнамас сенсіз ғажап бақ,
Сайрамас бұлбұл кұбылып.
Келесің бәрін азаптап,
Нәпсінің көзсіз құлы ғып.
Қолына түссең біреудің,
Қайғысы сенсің, соры да.
Қара боп бәрі тілеудің,
Айналар адам қорына.
Мақтанар байғұс аз-ақ күн,
Алғаным сұлу болды деп.
Құлы боп сонсоң мазақтың,
Семер де, сөнер сол жүрек.
Сұлулык, сонша мұндысың,
Жылайсың сен де еңіреп.
Біреудің сүйіп “жындысын”,
Құшса екен дейсің мені кеп.
100
Тәнті етіп тартсаң өзіңе,
Тәніңе кірер қара алмас.
Көрінбей қайтып көзіңе,
Қойныңа сусап оралмас.
Саяңда болып кетсе де,
Сайқал деп сені білер ол.
Жез таға қағып өкшеңе,
Біреуге барып күлер ол...
Сұлулық жалқы, жесірсің,
Қасың көп және досың жоқ.
Біреулер үшін кесірсің,
Қолынан келсе өшірмек.
Сұлулық, күнсің, жылусың,
Аспансың ашық, қаракөк.
Сүлулық, мәңгі сұлусың–
Адамға қалсаң Ана бол.
101
* * *
Жаздың таңы, мінеки, келеді атып,
Сәл ертерек қалмағам неге жатып?
Әубәкіров айтқандай анау жылы,
«Көз майымды қылдым ба көже-қатық».
Әне-міне қызарып күн шығады,
Тү-у алыстан бір ғажап үн шығады.
Боп-боз болып тұр екен Ай бейшара,
Әлгі үн соның, мен білсем, сыңсығаны.
Мұңын мұңдап көп тұрдым жесір Айдың,
(Жесір Айдың жүзінен шошымаймын).
Шым-шым етіп жүрегім шаншып кетті,
Кейде-кейде мен неге осылаймын?
* * *
Түнемел ойды көп іштім,
Түлкі көз түндер ұзарды.
Көгілдір таңмен көрістім,
Көзімнің ағы қызарды.
Ысындым, қайта суындым,
Ысырап қылдым қиялды.
102
Кірінен түннің жуындым,
Кірпияз таңым ұялды.
Күніме қарап күрсініп,
Күп-күрең болып мен тұрдым.
Жетелеп мені тіршілік,
Желкеммен аздап желпіңдім.
* * *
Іштен тынып. дыбысыңды шығармай,
Жүрсін әлі өзінді-өзің ұға алмай.
Түйткіл ойдың түйме басын көргенде,
Ақ құясың үйге кірген жыландай.
Бос отырсың болмас істі қиялдап,
Болашаққа сыбаға арнап, сый арнап.
Сынай көрме, Әбубәкір, елді сен,
Қара да отыр қаламың мен сияңды ап.
Қара да отыр қаламың мен сияңды ап,
Ұлыңды бақ, ұятың бақ, ұяң бақ.
Бітірмеген істеріңнің көз жасы,
Біле-білсең, бір басыңа зиянды-ақ.
103
* * *
Ол айтты:
– Мен сүйемін өмірді,– деп,–
Өйткені өмір деген көңілді,– деп.
Мен айттым: ‘.
– Мен де сүйем өмірді,– деп,
– Өйткені еске аламын өлімді,– деп.
Ол айтты:
– Мен сүйемін жарымды,– деп,–
Өйткені құшағы оның жалынды,– деп.
Мен айттым:
– Мен де сүйем жарымды,– деп,–
Сол ғана түсінеді жанымды, – деп.
Ол айтты:
– Мен сүйемін Отанды, – деп,–
Өйткені тәрбиелер ботамды, – деп.
Мен айттым:
– Мен де сүйем Отанды, – деп,
– Сүйеймін соған ғана жотамды, – деп.
Ол айтты:
– Атамекен – киеміз, – деп, –
Бәріміз соған басты иеміз, – деп.
Мен айттым:
– Жердің шары – киеміз, – деп, –
Сүйеміз, соны өлердей сүйеміз, – деп.
104
* * *
Сен кім үшін сәнденесің, мұнды қыз,
Қабағыңнан білінеді күзгі мұз.
Сені сүйген жігіттерден естелік –
Жүрегіңде қалып қойған сұмдық із.
Шырайланып жымиюшы ең ілкіде,
Мұң қосылып кетіпті ғой күлкіңе.
Кесе алмайсың бұрымыңдай үмітті,
Жете алмайсың «арман» деген түлкіге.
Бір-ақ сілтеп барлығына қолыңды,
Жүрер едің,
Ойлайсың ғой жолыңды.
Көрсоқырлар көп өсекке таңатын,
Көрмейді ғой көзден аққан сорыңды.
Өсек өртеп талай үміт кетті өліп,
Сәнден, сұлу, сен сол үшін кектеніп.
Қарақшылар қарап тұрсын тамсанып,
Арманыңды ала қашқан бөктеріп.
105
* * *
Аман калған жандайсың арашадан,
Қабағыңды аш,
Не болған, аға, саған?!
Пісіп-пісіп қойсаңшы піспегіңді,
Әлде ортайып қалған ба қара сабаң?!
Қажытты ма қу тірлік қажырыңды?
Кім жеңіпті сол бетпақ, қазымырды.
Көп ойланып кеттің бе адам жайлы,
Көп айналып кеттің бе қазығыңды.
Кабағыңды аш, ей, аға, қажымағын,
Сен жазылсаң, мен дағы жазыламын.
Несібе ме?
Несібе не тәйірі,
Берсе-дағы қанағат азырағын.
Біреулердің жүрегін орып, сойып,
Қайтер едің жүргенде толып, тойып.
Күлімсіреп түрғаның рахат маған,
Көк түтінді құмарта сорып қойып.
106
* * *
Тебіренгенімен терендер,
Еміренбейді ғой биік шың.
Күңіренгенімен кемеңгер,
Қайғысын қандай ми ұқсын.
Тереңде қандай шаруасы,
Биіктің мүңы – басқа мұң.
Биік қой таудың қар басы,
Терең ғой бірақ Аспаның.
Қосылып Жермен аунаңдар,
Жоталар, жондар, қырларым.
Білмейді-ау бірақ тау заңғар,
Тереңге төніп түрғанын.
Бөлмейді ол бірақ көңіл, ой –
Жер тауы даңққа жауланған.
Сұраса білер еді ғой,
Жұлдыздан түскен таулардан.
107
МАХАББАТ
Махаббат пейіш желі емес,
Махаббат – дауыл, долы күш.
Махаббат – майдан, ерегес,
Нойыс күштермен соғылыс.
Махаббат – ақыл, ойда емес,
Сезімде, көзде, қаныңда.
Махаббат баста, бойда емес,
Жаралған жүрек қабында.
Махаббат сенім, серт те емес,
Сенімдер қурап, семуде.
Махаббат – мәңгі дертті елес,
Мақсаты – сүйіп өлуде.
108
КҮН– КЕЛІНШЕК
Сұр аяз тұр сызданып, сынбай әлі,
Ұясына домалар Күн баяғы.
Бұрқыраған боз будың арасында,
Бір келіншек бұралып кір жаяды.
Сұлу жүзі суықты ұмыттырып,
Маңайына қарайды ол тұрып-тұрып.
Ақ білегі жалаңаш, балтыры да,
Қалмас па екен шіркінге суық тиіп!
Тентек аяз сүйеді күліп беттен,
Келіншек тұр “кел, кел” деп, үрікпестен.
Күн де батып барады,
Келіншектей
Кірін жайып, үйіне кіріп кеткен.
109
* * *
Сыңсып-сыңсып
талдан бүршік.
шығады ыршып,
шығады үркіп.
Тоқтамайды бұл тіршілік...
Жесір қайың тұр күрсініп.
Жесір қайың,
Жесір қайың,
Сары уайым
Салма дәйім.
Балалайтын бар ма жайың?
“Бар ғой” десең... алданайын.
Енді бүгін
дүние ділін,
келсе білгің –
шығады үнің.
Жауабы сол сұрағыңның –
Қурағаны сыңарыңның.
Естен танып,
Қурап қабық,
Сөнім жарық,
Болып табыт
Өлген қайың – сенің жарың,
Ұмыт, сорлы, енді бәрін!
110
* * *
Сәби гүлге тамды көктен аққан сүт,
Бағбан самал шөптің түбін жатты аршып.
Кір-қожалақ күшіктерін ойнатып,
Күншуақта көсіледі аш қаншық.
Көн-терісі сүйегіне жабысқан,
Құрғап емшек, құрсағы да қабысқан.
Аш қаншықты алатұғын ажалдай,
Манағыдан маңайлап жүр сауысқан.
Күшіктердің көп ойлаумен тоқтығын,
Ит ұмытқан иесінің жоқтығын.
Тым бақытты көрінеді қозылар,
Тістеп жатқан балаусаны көк тұлым.
Көктем күні қандай қысқа!
Кеш кірді,
Түн де келді алаң етпей ешкімді.
Көктем түнін күңірентіп тек қана
Аш қаншықтың ұлығаны естілді.
111
* * *
Есіркеп маған қарадың,
“Есейіп кеттің ғой, – деп, – сен”.
Далаға сонда қарадым,
Дымданып тұрған әйнектен.
Есейіп кеттім мен рас,
Есейген бірақ, есім жоқ.
Есірік шағым көзі – мас,
Мазалар «кешір, кешір!» деп.
Шірітпей кеткен жер бар ма,
Жігіттік деген... шіркін-ой!
Қараймын үнсіз жондарға...
Дымданған әйнек... Дымқыл ой.
Сынаптай сырғып тоқтамай,
Құйқылжыр көңіл байызсыз.
Жастық күндерді жоқтамай,
Қартайсақ па екен айыпсыз?
112
* * *
Сыңсиды жел бір әнді сызылдырып,
Көрсетпейді қыз-қайың қымыз қылық,
Менің-дағы кеудемді кесіп өтті,
Құбыладан күлаған бір ызғырық.
Тұрушы еді-ау көгімде жұлдыз еріп,
Жүруші еді-ау жанымда бір қыз еріп.
Күлдірлетіп күреңге мінбей жатып,
Күйген саусақ секілді күлдіредік.
Сыбырыма сыр қосты сыңсыған жел:
«Таяп калды, батырым, тыншығар жер”.
Сыңсыған жел – сынықшыл, не біледі,
Құлшына бер, көңілім, құлшына бер.
113
ҚҰРДАСҚА
Таза бақыт тілейсің бе өмірден,
Онда, досым,
Көңілден сен, көңілден.
Сұлу қыздың сымбатында сиқыр бар,
Кеудесіне барша ләззат көмілген.
Сыйла соны...
Сиқырлан да дуалан,
Қорқа көрме күнәдан да куәдан.
Балтырына шұлық болып киіліп,
Алқымына орамал боп сен оран.
Кеудеңде бір күйік болса кемірген,
Жуып таста, шәрбат сорып еріннен.
Көкірегің көк аспандай кеңейіп,
Дем шығады дертіп тұрған жеріңнен.
Санаңа сен таң қаласың жаңарған,
Садаға боп қала берер сан арман.
Алапат бір күш аласың алыптай
Алау отты алма төстен – анардан.
Күйкі тірлік,
Күйбең өмір бәрі қап,
Жұлдыздарың шыға келер жамырап.
114
«Қайда жүрсің!?» деп зекісе бәйбішең,
Өтірікті аңырат кеп, аңырат.
Сонда, досым, ашылады жан гүлің,
Төгіледі көмейіңнен ән-жырың...
Шын екен деп ойлап қалма сен мұны,
Бұл, әншейін, қалжыңым ғой, қалжыңым.
* * *
Тылсым үн кернеп маңайды,
Нұр маған күліп қарайды.
Алтын да салқын сарайлы
Кірпігі Нұрдың арайлы.
Көрсетіп аппақ жүрегін,
Созады сұлу білегін.
Білемін, мүны, білемін–
Бұл менін Нұрым гүл ерін.
Нұр күліп үнсіз калқиды,
Жалындай лебі шарпиды.
Жұпары гүлдің аңкиды,
Балқиды тәнім, балқиды.
Дөңгеле, Нұрым, дөңгеле,
Көрінбей биле өңгеге.
Көрінбей келіп өңгеге,
Кіріп кет менің кеудеме!
115
* * *
Аяулы жан!
Саған арнап жыр жазам, Оңай да емес,
Қиын да емес бұл маған.
Мен өйткені, мейірімнің құлымын,
Мен өйткені күңдеріңмін зырлаған.
Аяулы жан, саған арнап жыр жазам.
Серпіп ашқан сезімімнін, түндігін,
Махаббаттың махаббаты бұл жырым.
Күн қуанып күлімдесін аспанда,
Түрсін мынау түнеріңкі түн мүңын.
Жүрегіңе жүрек болсын бұл жырым.
Мендегі Ардың оқ өтпейтін қалқаны –
Сендегі бар сезімдердің аңсары.
Сенің жолың түйіседі менімен,
Менің жолым саған қарай тартады.
Жалғасады жас өмірдің бал шағы.
Көзіңдегі көктем кандай, нұр қандай,
Бар адамға бақыт тілеп тұрғандай.
Рахаттанып мен шомылдым сол нұрға,
Ешбір көзден жасырынбай, ұрланбай.
Маған ғана өмір күліп тұрғандай.
116
Бұл өмірге сүю үшін келгенмін,
Саған ғана бұл өмірде сенгенмін.
Аяулы жан, айналайын мен сенен,
Сені ғана сүю үшін келгенмін.
117
САМ ЖАМЫРАП БАРАДЫ
Сам жамырап барады өліп-талып,
Шам жамырап барады өшіп – жанып.
Бозарады көздері бозбаланың
Ақ көйлектің етегін көріп қалып.
Сайран да өмір, әрине, ойран да өмір.
Қараңғыға бір сәтте айналды өңір.
Бозбаланың бозарған көзі жанды,
Қасқыр сынды қомағай қайран көңіл!
Қасқыр сынды жігіт бұл мысық табан
Жөргегінде “перілер ұшықтаған.
Қорғанына арудың қойып кетті,
Демеді ерің– “жау қолға түсіп қалам”.
Терезесін таяу кеп шертіп еді,
Екі иіннен дем алып ентігеді.
Ентіксе де бөрібір, мертіксе де,
Қүмар істің қисыньш келтіреді.
Сәл сырылды пердесі терезенің,
Кепкен жері осы ғой кенезенің.
Арман бар ма – арудың нақ өзі екен,
Ымдап қалды бозбала – “керек едің”.
118
Қыз да ымдады – “тыныш” деп белгі берді,
Жан жүрегі жігіттің елжіреді...
Қайта айналып келмейтін қайран ғүмыр –
Сол бір жастық не деген мөлдір еді!
Қыздан басқа ойлатпас ештеңені,
Сол бір шақтар ұйықтасаң, түске енеді.
Көп құрдасым қыздарға қырындауды,
Тоқтатты ғой... болған соң “кішкенелі”.
Сам жамырап барады өліп-талып,
Шам жамырап барады өшіп-жанып...
119
ЖАР
1.
Жылдар өтті...
Сен – әйелсің, мен – ермін,
Басымыздан өтті-ау, қайран, нелер күн!
Шалқып жүріп шындап мәнін ұқпаппын,
Бір қауызда өмір сүру дегеннің.
Сезе алдың ба –
неге мәнін білмедім?
Кінәратым, кінәм да емес бұл менің.
Себеп біреу – сенің маған сенгенің,
Мезгіл– мезгіл менің шалқып жүргенім.
Сен ашылдың қауыз жарған гүлдей боп,
Мен шашылдым күркіреген күндей боп.
Сен толқыдың дәнді егінмен бірдей боп,
Жел боп тидім қадіріңді білмей көп.
Көкірекке күн көтеріп сен жүрдің,
Екі иыққа жын көтеріп мен жүрдім.
Күн мен жынның арасынан туғандар,
Найзағайдай мәрт болады, мен білдім..
Солай, жаным, бізде қарсы мінездер,
Түн күнді іздеп, түн соңынан күн іздер.
Артымызда қисық, түзу екі із бар –
Сонысымен тым қымбатты бұл іздер.
120
2.
Алдыңа алып отырған бөбегіңді,
Кейде маған қарайсың неге мүңды?
Жатқа біліп алдың ғой жан-дүниемді,
Жатқа оқитын қыз едің өлеңімді.
Жабырқасам, жабықсам есіме алам,
«Жалғыз досың менмін ғой» дегеніңді.
Бар да шығар достарым, жоқ та шығар,
Көбелекпін, әйтеуір, отқа асығар.
Жан достарым жанымды жерлеп кетсе,
Онда мені бар деме, жоққа шығар.
Көшке берген тайларын қайтарып бер,
Кекілінен кес дағы, ноқтасын ал...
3.
Кінәлама.
«Қайда жүрсің?» – деп менен сұрама да,
Сен деп тұрған әйтеуір бірдеңе бар.
Ол кеудемде – ол, міне, мына арада.
Қазаныңды отқа қой, қарным ашты,
Күңірінбе, күрсінбе, жылама да.
Қалжырама.
Отырғанда сүйкімді қалғып ана,
Түңғышыңдай еркелеп келіп түрмын–
Қандай өзі?
Кімдермен каңғыған,ә?!
Ғажапсың ғой,
121
Ғажайып үн шығаршы
Қолым тиіп кеткендей домбыраға,..
Күл осылай,
Таудың таза бұраң бел тұмасындай,
Күл, күл тағы, сонан соң мен күлемін,
Сен күлмесең– тұманым тұр ашылмай...
Мінезіңнің ауыры-ай, сары бәйбіше,
Сәл кінәлап, сәл күліп тұрасың жай.
Ұмыт болған ғасырдың мұрасындай.
122
* * *
Жүруші едің, құрбыжан,
Маған ыстық наз айтып.
Жігітке еріп бір бүлаң,
Кеттің оны азайтып.
Мен де саған наз айтып,
Жүруші едім, құрбыжан.
Кеттім оны азайтып,
Соған кейде қынжылам.
Өкінішім емес бұл,
Онсыз да көп өкініш.
Тек көкейде елес жүр,
Елес те емес... Өтініш.
Түсінерсің ар жағын,
Түсінерсің, құрбыжан.
Бүл сөзімнің салмағын
Барла биік түрғыдан.
123
ТӘРК ЕТІП БӘРІН
(арманды сәт)
Көзіңде жүлдыз нұры бар – үр қызындайсың,
Құрмет қып тұрса кей жігіт құр жымыңдайсың.
От гүлдер болып оянған он алты жаста,
Арманшыл жастың аяулы сыр-мұңындайсың.
Кіл жымыңдайсың, шынында күлмейсің қатты,
Тіл тиіп әлі көрмеген тілдейсің тәтті.
Сыңқ ете түсіп, сынықсып, ұяла қалсаң –
Бүтін бір бақтай түрленіл, гүлдейсің қатты.
Таңшебер көркің тастайды сиқырлап бәрін,
Өзіңе деген сезбейсің сый-құрмет барын.
Аққудан үшқан мамықтай қылығыңменен,
Ғажап-ау тылсым әлемге күй тындатқаның.
Гүлдердің исін ұрлайсың, жұлдыздың – нұрын,
Бір сәтте құртып кетесің мың қыздың дымын.
Алтыннан етік киетін ертегі қыздай,
Тұрғыздың бірін паңдардың, жүргіздің бірін...
Тұлғаңды сенің тау-тасқа қашайын ба анық?
(Баспайтын тұсты бас тігіп басайын барып).
Тәрк етіп бәрін дүниені, өсекті, сөзді,
Көз көрмес жаққа өзінді, қашайын ба алып?..
124
* * *
– Келді көктем, – дейсің ғой,
– Келді көктем.
Көктемге сен де мендей елжіреп пе ең?
Көктем бе екен, мен бе екем
Жанарыңда,
Жалғыз тамшы жасыңды мөлдіреткен?
– Көктем келді, – дейсің ғой.
Көңілденші,
Көрік кірсін жүзіңе шер жүдеткен.
Бүршігінді ашсыншы, жауқазыным,
Мына нөсер дүниені сел ғып өткен.
Есіңде ме, сол бір түн...
Күз бе еді?
Татып ек қой тәп-тәтті “бірдеңені”,
Көктем емес, жаз емес,
Күз сыйлады-ау,
Жүректердің сондағы іздегенін.
Мұндағыдай мұңданбай,
Сол бір күзде,
Кеуденді ашып дауылға күлген едің.
Жанарыңмен аймалап,
Жаркылдаушы ең,
Табылушы ең қасымнан күнде менің.
125
Көктем келді,– дейсің ғой,
Қабақ ашпай,
Жапырақпен жарысып, жағаласпай.
Ақ самал күзгі дауыл болмай тұр ма,
Жұлқып қап, жүрегімді ала қашпай?
Япырай, күлгеніңді көрмеймін бе,
Қоштасып көктем кетіп бара жатпай?
Неге сен тұрсың бүгін қабақ ашпай?
126
САҚТЫҒЫҢ БОЛСЫН
Сезгенің жақсы жүректің,
Әлемдей әсем сырларын.
Сезгенің жақсы тілектің,
Арманға бастап тұрғанын.
Кезгенің жақсы, әйтсе де,
Жанымның шөлейт құмдағын –
Таңдайың кеуіп, талықсып,
Тапсаңшы сезім гүлзарын.
Қайтесің маған табынып,
Басы жұмыр пендемін.
Жүрсем де сені сағынып,
Сезімге кейбір кендемін.
Бәлкім, ыстық сөздерім –
Әзілі қылжақ жеңгенің...
Сақтығың болсын соншалық
Қаншалық болса сенгенің.
Сезімге кейбір кендемін.
127
* * *
Рәсуә...
Қанша күндер шашылған,
Кім аяйды сипап енді басыңнан?
Қайран бақыт
Бұлдырлаған көзіңе,
Оттай ыстық омырау боп басылған.
Оттай ыстық омырау боп...
дір етіп,
Сүйкеп өтті
Сені кетті жүдетіп –
Аяғыңды сен шешетін орында,
Тұрды бір күн зілмауырдай бір етік.
Өзіңді-өзің көрсеткенмен өр етіп,
Іштей бүгін лепірмейсің неге түк?
Сені жаншып, таптап өткен қор етіп,
Білемісің...
Атың өшкір сол етік.
128
* * *
Бір запыран бар дейсің,
Жүрегімде жатқан көк.
Жерді мынау тар дейсің,
Кеткің келер аспан боп.
Мен қайтемін, не етемін?
Самал болып ессеңші.
Жел көтерген етегін,
Құйын болып кетсеңші.
Қара-қара қанаты,
Қарлығашты көрдің бе?
Жердің жеті қабаты,
Соған көңілің бөлдің бе?
Карлығашты көрсеңші –
Саған қарап ұшты ғой.
Көңіліңді бөлсеңші,
Қайғы залым күшті ғой.
Күрсінесің, налисың –
(Ұры өмірмен ұтыстық).
Көкірегімді қарисың,
Деміңменен ып-ыстық...
129
Қара-қара қанаты,
Қарлығашқа қарама.
Алты зеңгір қабаты,
Аспаныңды арала.
Ұшып кетсең, биік ұш –
Уайым қалсын беріде.
Күрсініс пен күйініш,
Тән нәрсе ғой Жеріңе.
Шырқай-шырқай Күн жырын,
Шырқап көкке үшып кет.
Жүрегімнің бір гүлін,
Көкірегіңе қысып кет.
130
* * *
Көзіңдегі жасыңды сығып-сығып тастайсың,
Менің жапырағымды жұлып-жұлып тастайсың.
Сенің жасың – шерлерің, таусылмастай болады,
Жапырағың ал менің, сарғаяды, солады.
Ая мені, аяй гөр – жұлма жапырағымды,
Түсінбейді әйелдер сендей менің жанымды.
Жүрегімді бір айқай деміл-деміл кернейді,
Түр-өңіңді құдайдай неге көзім көрмеңйді?
Жүректегі айқайың – перзентің шығар тумаған,
Не бетімді айтайын – жаңбыр жаумай су болам.
Ая мені, аяй гөр –жұлма жапырағымды,
Түсінеді қай ерлер мендей сенің жаныңды?
131
АУРУХАНАДА
Мен ояумын таң ағарып атқалы,
Терезе аштым... ыстығымды басқалы.
Түн ыңылдап таудан асты жайменен,
Күн жыбырлап кірпіктерін ашқалы.
Тым ғажап қой таңның бұлай атқаны,
Елемеуге болар еді басқаны –
Сәл қызарып, сәл жымиып сол кезде,
Бір бойжеткен еден жуа бастады.
Бұрып едім мойын деген құрғырды,
Мазам кетті өзімнің де сол ғүрлы –
Қыз қысылып, шүберегі іліп қап,
шелек ауды, су төгілді... бүлдірді.
Бәрі де өтті бір-ақ сәтте қас қағым,
Ұялғаным, қысылғаным, сасқаным –
Шүберегін іліп алып қолынан
Су еденді сүртіп ала бастадым,
Малшып-малшып сығып алам сол суды,
(Көрмеген ем дәл осындай мол суды).
Сестра қыз шырылдап жүр “ағайлап”,
Абыржулы, таңырқаулы, қорқулы...
132
Неге сонша дегбірім шын қашты екен,
Ойланып та үлгермеді бас-шекем.
Енді ойласам – өрт көңілдің алдында,
Сұлу қыздың су төккені жақсы екен.
* * *
Жылауық күздің түнінде,
Жылауық қызбен бір жүрдім.
Бірауық тұрдым дірілдеп,
Жылуын аңсап күндіздің.
Жас, әлде жаңбыр тамшысы,
Қыз бетін жуды, не етейін.
Өтті ғой түннің жартысы,
Таңға да шыдап жетейін.
Жылама, жаным, сен де енді–
Өксісе , жүрек өксісін.
Еске алып өткен күндерді,
Күлейік, басқа жоқ бітім.
133
* * *
Менің терім ағып жатыр бұршақтап,
Сенің жасың ағып жатыр бұршақтап.
Екеуміз де мықты екенбіз,
Тіл қатпай,
Жатырмыз-ау, ішімізге сыр сақтап.
Сен айтпақсың маған үлкен бір өкпе,
Мен айтпақпын – жараймын – деп – тірекке
Менің терім, сенің жасың теңіз боп,
Жүзе-жүзе жетеміз бе тілекке?
Менің терім ағып жатыр сорғалап,
Тамшы жасың кеудемде жүр қорғалап.
Сенің шерің мақпал қара шашыңдай,
Тарқатасың, қайта өресің созбалап.
Еһ, дариға! Мұндай түнді кім көрген,
Кетсем жақсы болар еді-ау бүл жерден.
Жек көргенім емес, сірә, бұл сені,
Қорыққаным ғой дәл мынандай түндерден.
134
БҮГІН ТҮНДЕ
Бүгін түнде жаңбыр жауар сиқы бар,
Күркіреген күй басталар, күй тынар.
Басылғанша сол бір күйдің солығы,
Саған қандай ұйқы бар,
Маған қандай үйқы бар.
Жақсы көрем түнде жаңбыр жауғанын,
Сары даланың бұлттарды сауғанын.
Сімірсем-ау, сарай ашар ауаның
Жер иісті саумалын,
Тер иісті саумалын.
Өріміндей иреңдеген қамшының,
Жақсы көрем найзағайдың жарқылын.
Жауын көркі жасын емес дегенге
Мәңгі-бақи қарсымын,
Дауласпашы, алтыным.
Оның мәнін сұрайсың ба, сұрасаң,
Жасын болам, қазір сені жылатам.
Жылатпаймын... жыр оқимын енді мен
Жанарымнан нұр атам,
Сені... сені құлатам.
Бүгін түнде жаңбыр жауар сыйқы бар,
Бүгін түнде бізге қандай ұйқы бар.
135
ӨЗЕН ҒАНА
Аспан – апа көрсетіп жақындығын,
Жер – сіңілі желпініп жатыр бүгін.
Бұйра жалды бұлтқа мініп келген,
Айтып жатыр айғайлап ақын жырын.
Ару Жердің аймалап аяулы өңін,
Жел білдіріп қояды баяу демін.
Ақ қымызын ағызып, шұбат құйған,
Аспан, Жердің ауылы бай-ау дедім.
Құдіретті күйімен құлақка еніп,
Аспан – апа қоштасты жылап келіп.
Қуаныштан қол соғып қалжыраған,
Бала құрақ ұйықтады бұлақты еміп.
Не керемет бұл тойда жасалмады,
Не керемет бұл тойдан аса алмады.
Ғажабына ғарыштың ғашық болған,
Өзен ғана өксігін баса алмады.
136
* * *
Қамырық күйді көп кешем,
Қамығып, оймен қаңғимын.
Қараңғы түнмен кектесем,
Қабарып таңды аңдимын.
Қанаты қан-қан құстаймын,
Қасарып ұшқан шың жаққа.
Қансырап қонсам – ұшпаймын,
Қаламын мәңгі түн жақта.
Қайрат қыл, қайрал, шыдамым,
Қайсарлық – қиғыр қылышың.
Қайраңнан мен де шығамын,
Қан жүтқан күндер құрысын.
137
* * *
Аспан, жердің арасында жүр Арман,
Тыр жалаңаш бір сәулеге ілесіп.
Мен емеспін оны көкке шығарған –
Өзі кеткен ерегесіп, сіресіп.
Жөнін ұқпай, жөргегінде қағынды Ол,
Жүлдыз жақтан жұпар самал есті де.
Жер, суға емес, аспан жаққа табынды Ол,
Ақылымнан ат құйрығын кесті де.
Ақылымнан ұзап кетті сол Арман,
Аз ақылым содан бері Армансыз.
Шындығым да, мұң жырым да жоғалған,
Бұл жалғанда жүру қиын жалғансыз.
Бүл жалғанның Жан екен ғой шын аты,
Жан жоқ жерде жалғаныңа орын жоқ.
Тәннің бірақ мәңгілікте мұраты,
Қалың зират жатса-дағы қорым боп...
138
* * *
Байлық деген мал мен дәулет болса егер,
Онда мені қара жаяу кедей де.
Бақыт деген жастық, сәулет болса егер,
Ол да қалды сонау жылы Семейде.
Көп нәрсені көміп қойдым томпайтып,
Көлеңкеммен күбірлесем, кеңесем.
Бала емеспін аузын жүрер қомпайтып –
Тумысымнан мен өкпешіл емес ем.
Құласам да кінәлімін бір өзім,
Өкпешіл боп өкпелеймін кімдерге?
Желбірейді тозған тудай жүрегім,
Обалы оның аптап, аяз күндерге.
Алшаң басып, талтаң қағып жүруге,
Жаралмаған жан екенмін, соң білдім.
Намыстандым абалауға, үруге,
Өзімді өзім сөгуге әбден көндірдім.
Мал мен дәулет маңдайыма бітпеген,
Дүниеден өтті талай Қарынбай.
Тұнығым бар арам ауыз ішпеген,
Ол өзімнің аңқау, арлы жарымдай.
139
Мені, тағдыр, қол жетпеске әуре етпе,
Өтсем болды өзеуремей, бұзылмай.
Барша бақыт жастық пенен сәулет те
Менің балғын ұлдарым мен қызымдай.
140
* * *
Бір тауымнан биік болды бір тауым,
Шымырлауым керек пе енді,
Шырқауым?
Шындықтардың шылдырлаған шынжыры –
Ішімдегі іріп жатқан мылқау үн.
Ішімдегі шынжырлардың шылдыры –
Ақын жанның айтылмаған шын жыры.
Шынжырымен шындық өліп кетсе егер,
Той жасайды топастықтың құзғыны.
Қаптап сонсоң небір ойсыз күлкілер
Адалдықтың аппақ туын мың тілер.
Тойған торай томпаң кағып жүгіріп,
Күйсіз аққу күзгі аспанда күрсінер.
Бір кеңістік – ішкі дүние, ішкі әлем.
Ішкі әлемді бір нүктеде үстап ем.
Сол нүктені сорлы басым айналып,
Ұятты күн ұясынан шықты әрең.
Есілем бе, көсілем бе, не етермін?
Не нәрсе екен түбіндегі кесемнің?
Заһар болсын, шекер болсын мен соны,
Бір-ақ ішіп жетеріме жетермін.
141
СЕМЕЙ
Қанаты ұшқан қатайып,
Балапаныңмын мен сенің.
Алысқа кетсем несі айып,
Ақсарым сенсің, еңселім.
Өнерге жер көп өте бай,
Өтері сенен жоқ бірақ.
Алмауыт жырдың мекені-ай,
Жетемін саған отсырап.
Өзіңнен туған ұл едім,
Өлеңге өмір арнадым.
Аңсатып тарттың жүрегін,
Аңқасы кепкен арданың.
Аяулым менің Ай – жүрек,
Жұлдызы биік самғаған.
Мен үшін біреу қайғы жеп,
Өзіңнен жырын арнаған.
Қазақтың атын паш епкен,
Туғызған ұлдар ең дана.
Атаққа жұртты мас еткен,
Ардағым, Семей, сен ғана.
142
Мақтауға қайтып сидырам,
Маңдайы кере қарысым.
Жырыңды сенің сый қылам,
Кездескен жерде танысым.
Жүзімді жуған самалың,
Шашымды тарап желкемің.
Булайды кейде жанарын,
Бұзықтау туған тентегің.
Бұлдырап кейде көз алдым,
Бұйығы мұңмен дос болдым.
Қиялмен саған оралдым,
“Семейде жүрмін” деп көрдім.
Ұштым мен қанат байланып,
Қоңыр қаз болып жеттім мен.
Төбеңде жүрдім айналып,
Жыр болып сонда кеттім мен.
Төгілдім дағы өрілдім,
Жүрегім жанды лапылдап.
– Қазым ғой менің өзімнің –
– дедің сен маған жақындап...
Сағыныш жырын толғасам,
Таусылып болмас, не дейін.
Егерде өзің болмасаң,
Болмас ем мен де, Семейім!
143
* * *
Армысыңменің, ақтөрім
“Ақсуат” деген,
Аспаның маған дегендей –
ақ шуақ төгем.
Аңсарым жаным –
арасы Қарғыба, Боғас –
Қорғалжын деген қорықтан
жақсырақ дер ем.
Көргенде сені
кеудемнен құйылып бір ән,
Көрменов құсап шырқамай,
күйініп тұрам.
Алатауда өскен құдалар аласа дейтін
Тауыма қарап тамсанып,
сүйініп тұрам.
Шырғадан шыққан шымшықтай
алқынып келем –
Махаббат деген май – нүрға
малшынып денем.
Ақсуат басын аққұла
былғағандардың
таспасын тіліп,
балама қамшы ғып берем!
144
Шіркейі құсап шілтиіп
жасыл аумақтың
Шалғайда жүріп,
өзімді бақылауға аппың.
Ақ жынымды ертіп қасыма,
атыма мінсем,
Адайы келсе таң қалар
Атырау жақтың.
Түсімде көрем тауымның
қар басын кей күн.
Таңертең жорып –
талабым самғасын деймін.
Жарқырап шыққан жастарым
талмасын деймін,
Еркежирендер...
құса боп қаямасын деймін.
145
НЕ ДЕ БОЛСА ӨРТЕГІН
Жүрегімді отқа салдың,
Өртедің,
Қайдан табам,
Қалай табам дерт емін?
Демім жалын,
Денем болса қызыл өрт,
Неге мені отқа салдың, Ертегім?
Неге сүйдім?
Неге еліттім?..
Нең кетті?
Мені болса мейірімің меңдетті.
Жолбарыстын жолағындай жолдарға
Салдың мені –
Салбуырын терлетті.
Қаталап ем –
Қанып ішкем жоқ әлі,
Қасарып ем –
Хантәңірім жоғары.
Шашалып ем шайқап ішіп шарапты,
Шаттығымды тербемеді о дағы.
Ауылыңды аңсадым да...
Бармадым,
Тістей-тістей ақ жем болды бармағым.
Көшің өтіп бара ма деп тұсымнан,
146
Қарай-қарай көзім қанша талмады.
Мен тұрған жер Ұлы Өзеннің бер жағы,
Сен тұрған жер бұл өзеннің ар жағы.
Ойсызбын ба ойламайтын ертеңін?
Нең кетеді,
Не де болса өртегін.
Сыр-сырғаңды кайық кылып бері отші,
Ей, періште,
Поэзия – ертегім.
147
* * *
Шіркін қиял!
Күн сайын жаңғырасың,
Жанғырасың,
Жүректі жандырасың.
Жанарымды кей сәтте талдырасың,
Көңілімді кей сәтте қалдырасың.
Ақыл-естен бір сәтте тандырасың,
Түсінбедім мен сені, қаңғыбасым.
Сен жарыстың көктем боп жапырақпен,
Сен жүгірдің құлын боп атыраппен.
Мен жасысам, сен-дағы жасымап па ең,
Сен жасысаң, мен дағы жасымап па ем?
Саған сенген мен бейбақ ақымақ па ем,
Маған сенген сен-дағы ақымақ па ең?
Соншама ұшқыр сен өзің болармысың,
Шаппай жатып шалдығып, тозармысың?
Қолтығынды сен әлде созармысың?
Қос бүйірді сен өлде соғармысың?
Құйынбысың, сен әлде боранбысың,
Көзден аққан сен әлде сорамбысың?
Біле алмадым...
Әзірше орамдысың.
148
БІЗ, АДАМДАР...
Біз, адамдар,
бармыз жердің бетіңде,
Біз, адамдар,
тұрмыз жардың шетінде.
Біз, адамдар,
жапырақпыз кәдімгі,
Жерден өндік,
Аспан бізге жамылғы.
Біз, адамдар,
білімдіміз, білеміз,
«Міне, көктем,
Міне, жазың, міне күз.
Міне, ақпан,
Міне, мамыр келді!» – деп
Көктемеге көз сүземіз елжіреп.
Түрен салып,
түріп жердің қыртысын
айырамыз топырақтың түр-түсін.
Дәнді сеуіп
суарамыз, күтеміз,
Қаталаймыз, қара терге түсеміз.
Диқан баба,
Шопан ата бірігіп,
149
Той жасайды
Жер рахатын сіміріп...
Адамзаттың толықсыған дер шағы,
Неге бірақ жаутаңдайды Жер шары?
Кінәлі кім?
Диқан ба, әлде шопан ба,
Геолог па кен іздеген Отанға?..
Біз, адамдар,бармыз жердің бетінде,
Біз, адамдар,
тұрмыз жардың шетінде.
Қақымыз жоқ
бірақ біздің құлауға,
Қақымыз жоқ
жалынуға, жылауға.
Құлайтындар онсыздағы құлауда
Жауап ізде тек жоғарғы сұрауға.
150
* * *
Қолымда кесе бос деме –
Ішінде ауа толып тұр. –
“Көңілім бүгін хош” деме –
Шайтандар сені көріп тұр.
Кесені төңкеріп ұстама –
Аспаннан лағыл төгілмек.
Көңіліңді жерге тастама –
Қуанып шайтан елірмек.
Кесенің рахатын көрерсің –
Лағыл сусынға қанарсың.
Көкірегіңе төгерсін –
Лағыл боп өзің жанарсың.
Мұны Алла жасар,
Сенен шайтан қашар.
Достарыңызбен бөлісу: |