М.Мақатаевқа
Күз де келді-ау күлбеттеніп,
Қарысып,
Қар да жауар жаңбырменен жарысып.
Қайтқан қаздай тізбектелген бұл күндер
Жатар әлі жас көктеммен табысып.
Күз де келді-ау...
Күлу керек дегенмен,
Жаз да келер жас келіндей безенген.
Мұңлы жеңгем мен бе деп қап қуанар
Бір салт атты шыға келсе белеңнен,
Күн ертең-ақ жаз келеді, сенем мен.
Күзде келді-ау...
Күрсінемін ақырын,
Мұңлы бір ой...
Бармай отыр батылым.
Көктемде кеп, кеткен қайта көктемде
Кім еске алды қазақтың бір ақынын.
Кім еске алды о дүниелік жақынын?
Күз де келді-ау...
Басқа сөзге бет бұрма,
Мұңдануға келдік біздер тек мұнда.
204
Алатаудың аңғарынан айғайлап,
Қайран Мұқам, көктем келер
Деп тұр ма?
Қайран Мұқам,
Қайран Мұқам, жет мұнда!
205
ҚҰЙЫН
Т. Айбергеновке
Құйындарды құйын емес дер ем мен,
Құдірет деп айтса біреу сенем мен
Бұл құйынның
Бұзықтығын кешірем –
Құйғытпаса құйын болар несімен.
Көк аспанның тіреуіндей шаншылып,
Құйын жүрер күміс күнге талпынып.
Табаны – жер,
Төбесі – көк,
Көшпелі
Дала ұлдары әрқашанда өстеді.
Жеткізбестен барша арман, барша үміт,
Құлын-құйын құласа егер алқынып.
Қайғырамын,
Қиналамын мен де шын,
Бұл сөзіме сенбегендер сенбесін.
Себебі оның,
Құйын болып өткен бір,
Қыршын аға көкейімде көптен жүр.
Сұрасаңдар,
Оның аты – Төлеген,
Жүрегі оның–
Өшпейтұғын өр өлең.
206
СЕН – РУХСЫҢ
СЕН – АРСЫҢ
Жұматай Жақыпбаевқа
Арамызда Ар едің ғой, Жұма-аға-ай,
Жаңа жауған кар едің ғой, Жұма-аға-ай!
Қайыспайтын нар едің ғой, Жұма-аға-ай,
Кеше ғана бар едің ғой, Жұма-аға-ай!
Мынау өмір не боп кетті?!
Бұ қалай –
Неге теп-тез сөне қалдың шырадай!?
Сүлей едің.
Сүйкімді едің.
Сүйікті ең
Ерте оқ тиіп жараланған киік те ең.
Жанталасып өлген жоқсың күйіктен,
Жанұшырып қарғып кеттің биіктен.
Жырың қалды –
Жүректермен сүйіскен,
Күйің қалды –
Күрсіндірген, иіткен.
Күнің қалды,
Айың қалды –
207
Айкүнің.
Жарың қалды.
Арың қалды – айқының.
Ақын болдың ақындыққа сай түрің,
Бақұл болғын,
Байланған жоқ бай тілің,
Бақұл болғын,
Жайланған соң ал тыным.
Ұлы ақыннан қызғанған соң күн, айды,
Қалай ғана тілдемейміз құдайды.
Дарынсыздар енді кімді сынайды,
Дарындылар енді кімге үнайды?
Енді жоқсың, ей, Жұма-аға,
Бұ қайғы.
Талай-талай жүректерді сынайды.
Таза жүрек қансырайды, жылайды –
Саған жәннат, саған иман сұрайды.
Арамызда сен – рухсың,
Сен – Арсың.
Үйқтағаңда түсімізде боларсың.
Көзімізге жас та болып толарсың,
Кеудемізге құс та болып қонарсың.
Топырағың торқа болсын,
Қымтаншы,
Күз келді ғой,
Қыс та келер... тоңарсың.
208
АСАУ
Асқар Сулейменовке
Шын асау шылбыр танымас,
Жүген-ноқтамен жаны қас.
Шайтан мінсе де бәрі бәс –
Шаптан түрткендей тулайды Ол.
Қасқыр шапқандай қарайлап,
Бойында тарпаң қаны ойнап,
Дөңгелеп, аунап бар аймақ,
Өрттен қашқандай зулайды Ол.
Күркіреп күндей кісінеп,
Күңіреніп жындай есінеп,
Есірген сайын есіред –
Дұшпанын жықпай тынбайды Ол.
Жетімдей өксіп еңірер,
Қара қайғыға көмілер,
Көзінен жасы төгілер –
Жанарын кекпен булайды Ол.
Танауына салса шұр бұрау,
Тақымына салса қыл бұрау,
Сабаса келіп бір дырау –
Құтыра түсіп қыңбайды Ол.
209
Демендер: “Көніп тынады Ол!
Бәрібір жеңіп шығады Ол.
Жеңбесе – өліп тынады Ол,
Туар ма шіркін мұндай да Ер!
* * *
Қанаттарын қағып-кағып жіберіп,
Қаз-тырналар көкте қатар түзеді.
Жан оттарын жағып-жағып жіберіп,
Ақын байғұс соған көзін тігеді.
Қаз-тырнаның канатының суылын,
Ол естиді, естімейді басқа жан.
Кеудедегі сәби жырдың уілін,
Қорғаштайды, қызғанады басқадан.
Қаз-тырналар оралады қайтадан,
Думан қылып жібереді көл бетін.
Мама қаздар жұмыртқасын шайқаған,
Ұяға алаң,
Ұмытады өңгесін...
Аралаған ақын жаны жыр елін,
Аспан құмар құс секілді ол-дағы.
Шіріп кетпей, жарып шығар жүрегін,
Балапандай жыры болса болғаны.
210
* * *
Құмарым бар қанбаған,
Құмарым бар.
Күнім,
Түнім,
Жолдарым, ұзарыңдар.
Бір әнім бар бастаған бүгін ғана,
Аяқтайын мен соны,
Құп алындар!
Айлар менен апталар,
Ұзарыңдар,
Жылы ағындар жылжысын, бұла жылдар.
Құмарым бар қанбаған,
Құмарым бар.
Құмарлықтың артында тұра ма ызғар?
Жұт секілді жұтатын білдірмей кеп,
Сол ызғардан өле ме шын абыздар?
Шын құмартып істеген ісім де ерен,
Бір құмарым – істерім бітірмеген...
Қыз құманын көтеріп бара жатса,
Ақ шұбатым алдымда ішілмеген?
Кішірмегем мен осы құмартудан –
Құмартпасам құримын, түтінденем.
Қозға салған қорғасын секілденген
Құмарлықтан құйғандай бүтін денем.
Мен, сірә, қара қайғы – қапаста емес,
211
Құзырлы құмарлықтың ішінде өлем...
Құмарым бар қанбаған, құмарым бар,
Күнім, түнім, жолдарым ұзарыңдар.
Құп алыңдар, шын ғашық адамдарды –
Жалғыз рет құмардан шығарыңдар!
212
АЛҒАШҚЫ САБАҚ
Жас ұстаздың жанарында жанады от,
Ол да келген бір мектепке бала боп.
Бүгін үстаз...
Бүлдіршіндер тұр күтіп,
Енді оларға сөйлеу керек дана боп.
Әлі-ақ,
Әлі-ақ қырандайын түлейді ол,
Бар балаға бақытты күн тілейді ол.
Алғаш сабақ беріп тұр ғой...
Абдырап,
Қайта-қайта галстугін түзейді ол.
«Ей, жас ұстаз!
Қысылма да, қымсынба!
Түсіп көрген талай ағаң бұл сынға.
Сабаңа түс,
Сабағыңды бастап кет,
Баяғыдай бала болып тұрсың ба?!
Естілді осы үн...
Жүзі бейне таңғы рең,
Құлағы да қалқияды қан күрең.
Алғаш түскен сөзі болды аузына,
«Ал, балалар, танысайық алдымен!»
213
Міне, ғажап!
Бәрі жақсы, бәрі сән,
Құлағына құйылады таныс ән.
Кеше тіпті ойлаған да жоқ еді, –
«Шәкірттермен дәл осылай табысам».
Қайта келді босап кеткен жүйе, бой,
Жүріп берді жүйрік тіл, жүйелі ой.
Терезеден ымдап тұрды Ана Күн:
«Шәкіртіңді сен де мендей сүйе ғой!»
214
ҚАЛАМҒА
Қағаз аппақ, Қалам, сенде сия мол,
Сол сияға сор, бағымды жия гөр.
Ер адамның көз жасындай үш тамшы
Мөлдірінді ақ қағазға қия гөр.
Көтереді ол көтергендей бөбегін,
Бөбек барда қорқыта алмас оны өлім.
Жасымды бер, Жанымды бер қағазға,
Сонда сені сүйенішім көремін.
Екі езуің көк сияға көпіріп,
Ақ қағазға айта берсең өтірік,
Айғыз-айғыз іздерінді ақ боран,
Басып кетсе, қалмайсың ба өкініп?
Қараланып қалмасын деп аспаным,
Жараланып қалмасын деп жас жаным,
Келмесін деп керек емес ойларым,
Кешір, қалам, сені сырып тастадым.
215
* * *
Арды ойламас адамға аласа аспан,
Мұңаймайтын жандардың санасы ақпан.
Өмір сырын соларға ұқтырсам деп,
Бір құйын жүр ішімде аласатқан.
Атып жатыр ататын тандар күліп,
Күн шығады өмірді жандандырып.
Жасытады біреуді жалған дүние,
Тасытады біреуді паңдандырып.
Тез ұмытып пенделер сәби күнін,
Арқалайды азды – көп фәни жүгін.
Біреулердің кеудесін жыр кернейді,
Біреулердің кеудесін қариды мұң.
Ойлай – ойлай от болып жанды-ау денем,
Адами жыр адамға арнауменен.
Ғажап екен қыран боп самғау деген,
Азап екен адам боп қалмау деген.
Мүмкін осы жалғанның зандылығы,
Мүмкін осы жалғанның зарлы мұңы.
Ар секілді ақ таңның атқан кезі,
Қан секілді күндердің алқызылы.
216
Қайшылығы неткен көп тіршіліктің,
Ақ-карадан өмірдің ғұрпын ұқтым.
Жер бетіне тесіліп көп қараған,
Ай бетіне қалғандай іркіліп мұң.
Түгін айтпай қор болам айтарымның,
Жетегіне ілесем қайсы ағынның?..
Амандығы халқымның арман маған,
Мәртебесін тілеймін байтағымның.
* * *
Күн келеді шапағы қызыл-сары,
Құстар үнін құбылтып, сызылтады.
Құйғытады құлдырап күнге қарай,
Тор биенің тор қасқа құлыншағы.
Құлдыраған құлыншақ не біледі,
Ерігеді, ойнақтап желігеді.
Күндер келіп жатады, күндер кетіп,
Құнандығын ертең-ақ сезінеді...
Күн келеді тағы да көтеріліп,
Күз бұлты аспанда көшеді үлып.
Сұрқай көкке сұлқ қарап біреу тұрар,
Бүгін тағы ақталмай кешегі үміт.
Бір қауіпті тор құнан жүр аңыстап,
Жылқышы жүр қолына “жылан” ұстап.
Жылан-арқан сарт етіп түсе қалды,
Үйренген-ау пәтшағар құнан ұстап.
217
Тор құнанның сондағы тулағаны-ай,
Тулағаны-ай, жанарын сулағаны-ай.
Шыңғырды кеп “анашым, келе гөр” деп,
Ал енесі барады бір қарамай.
Тулап-тулап тор құнан жуасыды,
Тұңғыш рет жүрегі тым ашыды
Ер салды да ер жігіт алды мініп,
Құнан кетті иенге құлаш ұрып.
Жыртылғандай қолтығы, сөгілгендей,
Көз алдында ажалы көрінгендей.
Елпең қақты езуі ашығанда,
Тырысса да қаншама өзін бермей...
Көктем күні келеді көтеріліп,
Көк жүзіне барады от өріліп.
Арқа-басын кеңітті ауыл-дала,
Ұмыт болды бір сәтке кешегі жұт.
Айдалада қойшы шал қой бағады,
Қой баққан соң өткенді ойға алады.
Пай-пай шіркін, жас шағы қандай еді,
Кезі еді ғой түп-түгел бойда бары!
Шал күрсінді шаттығын шақыра алмай,
Сарғаяды-ау бұл күнін батыра алмай.
Шалмен бірге күрсінді кәрі торы,
Оттап тұрып кияқтан басын алмай.
218
* * *
Ақырын!
Асау жастық ашынбағын,
Басыңдағың – жырларың – асыл жарың.
Асыл жардың кеудесі басылғанын
Көрмей-ақ қой,
Қайғы бұл – жасыл жалын.
Жасыл жалын өртесе өр кеудеңді,
Ажалдың аузынан көр ақын жанын.
Ашынбағын, ей Жастық, аһ ұрмағын,
Нөсерлет!
Ойнат жырдың жасындарын.
Кеудені кернеп шығып атылды ағын,
Ашылмағын, ақ нөсер,
Басылмағын!
Жалының жалмап өткен арыстанның
Естиін ақырғы рет ақырғанын.
Естиін екпініңнен толқып теңіз,
Толкынып тастағында сапырғанын.
Ей, Жастық ер едің ғой,
Сері едің ғой,
Көрсет бір кең дүниеге ақын барын.
Білсін Жер,
Білсін дүние,
білсін-білсін,
Селдетіп мен қояйын дүркін-дүркін.
219
АҚҚА ТОЛҒАН ҚАЗАНДАР
ҚҰТҚА ТОЛЫП...
Наурыз келді!
Барлығы жасарады,
Наурыз тойын жатыр жұрт жасағалы.
Келсап ұстап келіншек зыр жүгірсін,
Ақыл айтсын бәйбіше қасабалы.
Алпыс төлдің анасы шашу шашып,
Аластасын пәледен босағаны.
Наурыз келді!
Барлығы құлпырады,
Құрсақтағы құлыншақ бұлқынады.
Былтыр туған бір тентек тұсау кесіп
Күлімсіреп Ақ әже – Күн тұрады.
Аққа толған қазандар құтқа толып,
Кісінейді аспанның жылқылары.
Ұлыс келді!
Ұлыспен тыныс келді,
Ақ боз үйдің уығы күмістелді.
Торғай біткен топырлап шұқынып жүр.
Бітіре алмай жатқандай бір істерді.
Бір қария қасына ап немересін,
Бұлақ көзін ашқанды дүрыс көрді.
220
Ұлыс келді!
Ұлы Жер бір түледі,
Тәңір нұры аспаннан сіркіреді.
Бір көк өрім жаудырап шыға келді,
Топырақты бір тамшы түртіп еді...
Осы наурыз құт болып келген шығар,
Құдай қосса, халқым бір сілкінеді!
221
БАЛАЛЫҚ
Сен баланы бала екен деп ойлама,
Сен оларсыз тойыңды да тойлама,
Батпырауық ұшыратын балалар,
Бай болады бақытқа да, ойға да.
Қабағына қарап өскен қарттардың,
Бала болдық мына біздер бап-балғын.
Түйе ойнаса боран болар деп білдік,
Танушы едік тұяғынан аттардың.
Алты жаста ат үстінде ойнадык,
Кетуші едік түйе бағып, қой бағып.
Қазір киял жетпейтүғын жерлерге,
Жетуші едік жеті минут ойланып.
Ой-хой, шіркін, балалық шақ, бал дәурен,
Жүруші едік құс боп ұшып самғаумен.
Бала болып көрді ме екен бір кезде
Өмір бойы өткен жандар алдаумен.
Рас. Рас. Біздер талай алдандық,
Алдандық та армандарды қармандық.
Ойлап тұрсам осы күні,
Бір жерге,
Симайды екен балалық пен жалғандық.
222
Ұмытпаспын шалғышардың жүздерін,
Ұмытпаспын тырналардың тізбегін.
Ұмытпаспын “ұлым” деген шалдардың,
Әрі бала, әрі дана түрлерін.
Мен ұмытсам соның бәрін ада ғып,
Тас мүсіндей отырар ем сазарып.
Арды берген, арман берген біздерге
Сол баяғы балалық қой, балалық.
* * *
Түні бойы тамырыммен ой ақты,
Ұйып қалған сезімімді оятты.
Ұмыт калған ұяң мұңым жас болып,
Жауып-жауып, жастығымды бояпты.
Түні бойы айдың әнін тыңдадым,
Түні бойы қалықтаудан тынбадым.
Түні бойы тереземнің алдында
Ән сап тұрды менің ғашық қыздарым.
Таң еркелеп мойыныма асылды,
Жұлдыз күліп, жайлап жүзін жасырды.
Сонда ғана кірпіктерім айқасып,
Ұйқы жаулап бара жатты басымды.
223
* * *
О, менің өрт күндерім, өрт түндерім,
Өзегімді тілгілеп өттің менің.
Көшкіндерін құлатқан әлдеқашаң,
Тау секілді сезіндім оттың демін.
Қара бұлт қамшы етіп найзағайын,
Нөсерлетсе, жаншылып, қарғамайын.
Алданайын ақ нұрға шомылдым деп,
Жаурадым деп айтуға арланайын.
Танданайын,
Тәкәппар көкірегім,
Басылып қалды ма деп осы менің.
Көшкінімді көшірсе өлең қышып,
Тағдырымнан от пен су өтінемін.
Өтінемін шілденің шіліңгірін,
Қарайып кетсін, мейлі, түрім бүгін.
Сонда мен нөсерлерді сағына алам,
Сарғайып сағына алсам, ғүмырлымын.
224
* * *
Сырласа бергім келеді өткен өмірмен,
Мұңдаса бергім келеді көк белімменен.
Жолдармен мынау жосылтып
Шалторылармен,
Жүйткідім талай жүйірік көк темірменен.
Партизан сынды еді ғой парталастарым,
Мен-дағы қоңыр бұл күні тарта бастадым.
Кіржіңшіл болып кетіпті кешегі достар,
Ер алып қойған аттардай арқа-бастарын.
Арулар бізде көп еді-ау альбомшыл кілең,
Дариға-ай, сол шақ не деген арманшыл күн ең!
Сарықарын тартып қалған ба
“сайтандар” біздің,
Қыз ғұмыр қызыл, жалт етпе,
жалғаншыл білем.
Өлең-жыр болып келсе екен өткен күн маған,
Көк пен жер аман, шүкірлік, көксеңгір аман.
“Үйленіп қойдық ертерек”, – демеші, досым,
Дейді ғой: “Басып өседі өкшенді балаң”.
225
* * *
Кеше құстар көктем тойын тойлады-ай,
Ертең тағы қар жауарын ойламай.
Міне, бүгін қар құйып тұр аспаннан,
Мынау өзі қалай болды, ой бәлі-ай!
Тыныш еді-ау...
Бүріседі-ау құстарым!
Құдай-екем көпсінді ме ұшқанын?
Жаңбыр менен қар аралас төгіп түр,
Қалдырмады-ау қоналқалық тұстарын!
Құспен ойнап қуанып ед сал терек,
Бүршіктері Күн-Анаға еркелеп.
Сулы қарды көтере алмай сыңсыған,
Құлап түсті анау алып бәйтерек.
Ең соңғы рет беріп жатыр қыс ақпар,
Сатыр-сұтыр сынып жатыр бұтақтар.
Күңіренген үнге толмаса екен де,
Кеше ғана гүлге толған құшақтар.
226
ӘСЕР
Жатырмын,
Жалғыз, дарамын,
Жатырмын – Қайда барамын?
Түн сұлу кіріп бөлмеме
Қадайды маған жанарын,
Сыйлайды маған шарабын,
Ұятсыз ұйқы шарабын,
Ішемін соны, қанамын,
Тірі өлік болып қаламын.
Уақытша өлем,
Уланам.
Жылайды жырлар тумаған,
Кетеміз дейді желге ұшып
Жапырақ кұсап қураған,
Шыққысы келер жырымның
Көшеге анау шулаған.
Қонғысы келер жырымның
Жүрекке асау тулаған.
Тұлпардай оны тосады
Тусырап жатқан ту далам.
Білем ғой бәрін,
Түн уын
Сыйлап жүр “ішкін, ішкін” деп,
Жастыққа тамған тамшыдай,
227
Төсекке тамып түстім мен,
Меңіреу ұйқы күттім мен –
Жарымдай көптен күттірген
Түн тәнін ғана құштым мен.
Жатырмын.
Ұйқы құшактап,
Тәнімен ыстық баурайды.
Күндерім мені түсі аппақ
Бейтаныс жақта заулайды
Өкпелеп кеткен сонау жыл
Арудан әсте аумайды.
Жанымды солар жаулайды,
Жанымда түнек аунайды.
Түн, жаным!
Босат!
Жалынам!
Ішпеймін шарап – мен тойдым.
Жаралғам жарық жанынан –
Жібермей қойсаң – өртеймін!
Түн жаным, босат, жалынам.
Жібермей қойсаң – өртеймін!
228
* * *
Жұртым тыныш , ел аман,
Көңілім менің неге алаң?
Деймін бе ертең жоғалам,
Деймін бе ертең тоналам,
Көңілім менің неге алаң?
Басымда – панам, жер – анам,
Қолымды көкке соза алам.
Жүремін десем жол аман,
Оралам десем, оралам,
Көңілім менің неге алаң?
Жанары жарық адамын,
Ұлымын ұлы заманның.
Ішкем жоқ асын арамның,
Жанатын жерде жана алдым.
Ендеше неге алаңмын?
Күнімді өткен санаппын,
Алдыма барлап қараппын.
Дәмін де таттым шараптың,
Оны да бойға тараттым.
Япырау, неткен қазақпын –
Өзіме-өзім азаппын.
229
Шошынам кейде, шошынам,
Іздеймін жауап осыған.
Түңілген жандай досынан,
Түнеріп келіп отырам.
Көңілім менің неге алан?
Көңілім менің неге алаң?
Өмірден бұлай өтер ме,
Өр болып туған ер адам.
Бір жүрек Отан – бір өзі,
Отанмен бірге күледі.
Отанмен бірге тілегі,
Оған да күдік кіреді.
Отаным барда ел аман,
Жүрегімменен дем алам.
Жерімді еркін кезе алам,
Бар бірақ менің шекарам...
Жасыннан келді от алғым,
Оны да жырға қосармын.
Жеңісін әлі тосармын,
Жүректей ұлы Отанның.
230
* * *
“Мисыз” деген бір сын есім жекұрын,
(мүны, сірә, келмейді ғой естігің).
Бұл сын есім зат есім боп кетеді,
Көмейінен шыққан кезде естінің.
Ол өйткені “мисыз” дейді сені де,
Мейлі ызалан, мейлі жыла, еңіре.
Сын есім ғып қоймағанға шүкір де,
Сен жатасың зат есімнің тегіне.
Қалай сені “мисыз” дейді сол есті,
Жаратушың миды ұмытқан емес-ті.
Сенде аздаған ақыл да бар, ой да бар,
Кейде-кейде тартқанымен көмескі.
Сен білесің – жұмсақтық бар жастықта,
Кейбіреуге жасай алдың қастық та.
“Өй, мисыз!” деп сен де ұрсасың балаңа,
Бір кісідей жағынасың бастыққа.
Сен білесің – етті қалай жеу керек,
Жиналыста сөз сөйлейсің кеуделеп.
Неге сені “мисыз” дейді сол есті,
Ал, меніңше, сені “милы” деу керек.
231
“Мисыз” ылғи зат есім боп елестеп,
“Мисызбын ба?” деп жүргенің дедектеп.
“Мисыз” сөзін сын есім ғып сөйлеші
“Менің өзім мисыз адам емес” – деп.
232
* * *
Кейде шырқап, кей кезде баяулаймын,
Кейде ұйқылы, кей кезде ояудаймын.
«Ақын көп қой, солардан не қалар?» деп,
Қойғым келіп өленді, қоя алмаймын.
“Жаңылман – деп – өлеңнің тігісінен»,
Кей тырнақтың қан ақты көбесінен.
Бәз бір ақын өлеңнің ауылына,
Аяқ емес, келгендей төбесімен.
Өлең үшін қу жанын қинаған-ау,
Бұл да болса өлеңді сыйлағаны-ау.
Терлеп келіп біреулер, жер боп кетті,
Тезектерін тым құрса жинамады-ау!
Мініп алды біреуі күш-күреңін,
Іліп алды біреуі тұс-кілемін.
Өріп жүрген өлермен “өлең” көрсем,
Тіксінемін, немесе түшкіремін.
Дей алмаймын – олардан көп көргенім,
Көріп алсам, барлығын көксер ме едім?
Демеді ғой біреуі Абайдай боп –
«Дөп сермесем қолымды, өстер ме едім!»
233
* * *
Көгімде күн бар,
Көрімде түн бар, білемін.
Көзімде мұң бар,
Сезімді тыңдар жүрегім.
Барым – баяным,
Арым – аяным.
Күн күліп тұрсын,
Сындырып тұрсын түнекті.
Түн біліп түрсын –
Көндіріп көрсін жүректі.
Жарық - мүратым.
Халық – қуатым.
Сыйынған дұғам,
Қиыннан бір ән әкелгей.
Миымнан сығам.
Қиырдан шығам бөкендей.
Өлең – өрнегім,
Өлген – көнгенім.
Жалғаусыз төзім,
Арбаусыз көзім – шындығым.
234
Алдаусыз сезім,
Жалдаусыз сөзім – мұң, жырым.
Жаным – акиқат
Жырым – насихат.
* * *
Таулар шөгіп,
Баулар бүлген заманда,
Саулар солып,
Жаулар күлген заманда,
Жер қуарып,
Көл суалған заманда,
Ер түңіліп,
Кер сүрінген заманда –
Жанарыңнан шыққан сөлді сия қыл!
Тоқ шайқалып,
Оқ байқалар заманда,
Көк шайқалып,
Кек қайтарар заманда,
Тулар тулап,
Қулар шулар заманда,
Гүлдер қурап,
Сулар булар заманда –
Жүрек қанын дәуітіңе құя біл!
Жан еңіреп,
Тән езілер заманда,
Ана жүдеп,
235
Дана егілер заманда,
Қастар тасып,
Достар сатар заманда –
Жастар жасып,
Бастар қатар замавда –
Жұртың үшін шыбын жанды құя біл!
Көктер жайнап,
Кептер сайрар заманда.
Кетпен қайрап,
Лектер қайнар заманда,
Жүрек күлер,
Тілек түлер заманда,
Білек түрер,
Шіреп жүрер заманда –
Көкірегіңді көк пен жерге ұя қыл!
236
СЕН КІМСІҢ, ҚАЗАҚ?
Казақ!
Сені кім деп біледі сырт ел?
Білемін–
біреуі күлер,
біреуі түртер.
Ұшады күнде көзіңнен бір мұң,
Қысады кеуде,
Қысады бір тер.
Ол тер – не тер?
Кеудеңді көтер.
Қазақ!
Қазақтық бар ма қаныңда қасық?
Бар болса–
биле (өзіңді),
Бағынба жасып.
Сабаңның түбі сасып кетпеп пе,
Неғып жатырсың дамылдағансып?!
Құмарсын-ау дамылдағанға
Құмарсың-ау дарылдағанға.
Қазақ,
Қай мықтың бүгін бас мұжып отыр?
Сүрақ па осы?!
237
(Қазақтығым айтқызып отыр).
Қойыңның басы қолыңнан кеткелі қашан,
“Жақының” сені жалшыға жатқызып отыр.
Болмаса ерқің,
Сен – жалшы.
Сен кім?
Қазақ!
Қашан шығасың капырық ойдан?
Санаңды сайрат,
Салмай-ақ ақырып ойран.
Құр атой беріп,
Құрықпен жауына шапқан (біреу)
Қан болып қайтып,
Қаһарсып,
Қатынын сойған.
Жат тұрмас аяп,
Жеп калма таяқ.
Қазақ!
Үркітіп сені сонау жыл шошайған мылтық.
Мың түртіп еді,
бас шауып,
бақайдан қырқып.
Қырғыннан қалды,
қызталақ, қыршаңқы, қорқақ,
Ақымақ қалды
адамсып ақиған... қыртып.
Сен соларданбысың?
Шын тоналғанбысың?..
238
ҚАЗАҚ ДЕГЕН АРЫСТАН...
(Өксік күй)
Мешеу қоғам...
Мешеу адам...
Мешел бала тағы бар,
Қайтіп қазақ ел болады,
Қандай емші табылар?!
Сүйретілген,
Күйретілген тәні бар,
Кеудесінде шығар-шықпас жаны бар,
Көріп көңілің жабығар...
Тән келеді
Тәлтіректеп.
Ізі із емес, кара қан.
Тұла бойы толған тыртық,
Сау жері жоқ жарадан.
Ыржияды,
Тыржияды
Қарт арыстан – қарт қазақ,
Аш бөрілер алып сокқан...
Талаған.
Ізі із емес, кара қан,
Сүйретіліп,
Сүметіліп,
239
Сүлде жолға шығышты.
Көкте – қарға,
Күтіп жолда,
Аш бөрілер ұлып тұр.
Нар денелі,
Шал келеді
Жаурап тоңған, жүдеген.
Мола болып туғандары.
Мүрделермен түнеген.
Қан сорғалап білегінен,
Зар сорғалап жүрегінен,
Жаратқаннан жалбарынып
Жарық сәуле тілеген.
Шал келеді...
Жан кешті еді не деген!
Тән келеді,
Жан келеді .
Бет-бейнесі жоғалған.
Шапаннан да,
Атаннан да,
Отаннан да тоналған.
Отты айбарлы,
Көк найзалы
заман қайда?..
Сол арман.
Бір ұран бар кұлағында
Ескі өмірден оралған –
Естіледі
Өр Алтайдан,
Сарыарқадан,
Оралдан.
240
Ұран еді ұмыт болған,
Жоғалған.
Сағыныпты...
Тән үміті солардан.
Тән келеді –
мыжық мұрын,
Мұжық мыжып тастаған.
Қайда, байғұс,
Қайда далаң,
Қайда калаң,
Астанаң?
Қарайламай,
Қалай қарай бет алдың,
Қайыр күтпей басқадан?
Қайда, байғұс, қара жұртың,
Баспанаң?
Бет-аузынан,
Көрмейді тән –
Көзі зағип соққыдан.
Шыдап, төзген –
Қара көзден
Қап-қара қан атқыған.
Қараниет қансыратты,
Жаншып бақты,
Айғайлатты,
Ойбайлатты
Қазық қойып астынан.
Көзі соқыр...
Шықпайды енді жас бұдан.
Бір есі бар
Бір есі жоқ
241
Бұл бейшара ғаріп тән –
Күші барда,
Тісі барда
Жолбарыспен алысқан,
Түрі кеткен,
Тірі жеткен
Бұл күнге
Қазақ деген
Азап көрген
Арыстан.
Есіркей көр, жарық таң!..
Есіркей көр, жарық таң!..
242
ҚАБАНБАЙ БАТЫРДЫҢ
РУХЫНА ШАҒЫНУ
Батыр баба!
Ерасылы қазақтың – атың дара.
Сордан өзің шығарған сорлы халқың
Аруағыңды аузына ап жатыр жаңа.
Ертеректе ерлер бар жауға шапқан
“Қабанбайлап” қамы үшін қатын-бала.
Қатын-бала қамы үшін, онысы үшін
Байлап шапты белбеумен басын жара.
Сол ерлердін соңғысы кімдер екен –
Елін білмес, біледі қасың ғана.
Солай, баба!
Жер де бүгін шаршады көп айнала.
Ел де бүгін шаршады елпі-желпі,
Ер де бүгін шаршады көп ойлана.
Үйде отырып үретін итаршы көп,
Батырымыз жалп етер қора айнала.
Қазақ болмай мазақ боп қала ма деп,
Етегіне сәбиін орайды ана.
Тұяғынан тұлпарлар тұра алмады.
Тоқ жүретін тоқпейіл торай ғана.
Тыңда, баба!
Үн қатпайды біздерге шыңдар ана.
243
Біз мақтаныш қылатын ерлік жыры
Сіңіп кеткен сықылды құм далаға.
Күңіреніп көшкен соң ата салты,
Күн қала ма, білмеймін, түн қала ма?
Тұла бойы тұнған сыр тума тарих
Тұлдана да алмайды, бұлдана да.
Тас табанға тастаған тарих жырын
Назалансаң назалан мың балаңа.
Мұңдан, баба!
Жүртың кіріп кеткендей түнгі орманға,
Ырғын елің ыңырсып ығып кетті
Батыс желі басынып, жынданғанда.
Аштық, соғыс, қырғынның бәрін көрді
Не болмады, дариға-ай, бүл маңдарда.
Жалпақ жерді жайлаған жәйіл жауыз
Құм қыламын деді ме құлданғанда.
Ел-жұрты үшін еңіреп ерлер кетті,
Тәу етеміз иілмей сынғандарға.
Самға, баба!
Қыран болып үшып кел маң далаңа,
Зиярат қып қайтар ек қабіріңе
Зиратынды білмейміз – арман – аза.
Көрінер басы ағарып би Боранбай,
Өзіңе әз ақылшы, заңғар аға.
Құшақтасып пейіште рухтарын,
Алдарыңнан әлі де шам жана ма?
Ерасылы казақтың – ер Қабанбай,
Қыран болып көгіңде самға дара.
Қанатыңнан қасиет нұр тарасын
Сол нұрыңнан сыйлай кет бар балаңа.
244
КЕШІРМЕЙДІ
Заманның желі іргеңді неше үрлейді әлі
Қоздантып қойып қордаңды
өшірмейді әрі...
Шәмілді даттап сөйледі сонау бір жылдар –
Ғамзатов өзін сондықтан кешірмейді әлі.
Замана зытқыр, зымыстан, өтпелі, білем,
Күн дағы нұрын бір ыңғай төкпеді кілең,
Халықтың орны өлшенсе өткеніменен –
Бұл казак бүгін табысты көктеміменен.
Өтті бар өмір өртпенен, аласатпенен.
Тапталып бітті табанға парасат деген.
Халықтың орны өлшенсе болашақпенен –
Шын казақ болып қалуға жарасақ дер ем.
Тағдыр да таудың жолындай –
тараңдай маған.
Адассам – ақ боз үйімді таба алмай қалам,
Үш ғасыр бұрын найзамен жол салып кеткен
Шалдығып кеше оралды Қабанбай бабам.
Көлеңке қуып жүргенде көрмәдік бала,
Жылады тарих жылғадай ұрланып кана.
245
Сабасы сасып, байлаусыз биесі қашып,
Мұңданып жеңге, мас болып
жынданыпты аға.
Алқасын құрмай ақылға дархандар біздің,
Жамалын бұзбай өсірмей жар
тандар қыздың
Аруақтар болмай риза ұрпаққа тірі –
Күніміз тумас ел құсап талтаңдар біздің...
Заманның желі іргеңді неше үрлейді әлі,
Бауырын жазып боз айғыр көсілмейді әлі.
Расулдай мойнын кылышқа ұсынбай түрып,
Кенелер...
Кенесарылар кемтар ұрпағын
кешірмейді әлі.
246
АЛЫС АУЫЛ
Алыс ауыл, сен маған тым жақынсың,
Құлазысам – қуатым, мұңдасымсың.
Бұрынғыңды ойласам – мың ғасырсың,
Бүгінгіңді ойласам – құрдасымсың.
Ант ішкендей өзіңде батырым бар,
Хан тіккендей өзіңде шатырым бар.
Алыс ауыл, сен менің қасымдасың,
Бізді бөліп жатқан тек шақырымдар.
Не керемет кеудемді кернеген үн?
Ол– Аңсарым, өзіңе шөлдегенім.
Сері күнім қалды ғой сенде менің,
Пері болып тайраңдап көрмеп едім.
Коз алдымда көлбейсің алыс ауыл,
Сағымданып қырларың сары сауыр.
Ашуы – қыс, ары – қар, жаны – сәуір
Ағалардың сендегі бары тәуір.
Шын асылдар, әрине, тым аз, дара,
Тым аздарға құдайдың күні аз ғана.
Ақсақалың бар еді бір аз ғана,
Сөзін ұстап қалды ма мұңы аз бала?
247
Алыс ауыл...
Сөз емес алыстығың.
Мың шақырым дегенің – қарыс бүгін!
Қасиеті сенде бар нан үстінің.
Қасіреті сенде бар намыстының.
Сол қасірет жаныма тым батады,
Кейде, кейде қабаққа мұң қатады.
Бишікештің опа емес бір матары,
Байшыкештің дәрі екен кімге атағы!?
Кейде мені керемет арбайды мұң,
Арбалған соң құлаққа сарнайды жын.
Сенің маған мұң ба екен шалғайлығың,
Қайда кеткен, құдай–ау, бар байлыгың!?
Той қызығын ұмытпас тойған ғана,
Қой терісін ірейді сойған ғана.
«Тайраңдама – десеңші – тайраңдама!”
“Ойлан, бала! – десеңші, – Ойлан бала!”.
Алыс ауыл!
Мен – түйір топырағың.
Торқа болып торқаңа косыламын.
Керек болсам – менмін ғой шакырарың,
Терек болсаң – менмің ғой жапырағың...
Алыс ауыл... мен – түйір топырағың...
248
ТАБИҒАТЫМНЫҢ
ҚАҚПАСЫ
Сонымен... сойқан бұл нөпір,
Соққылап бұзбақ Қақпаны.
Құламас Қақпа, көр де түр,
Нөпірді нөпір таптады.
Қылышын қайрап тісіне,
Найзалы найсап үдеп тұр.
Мұнда жоқ аң да, кісі де,
Тек қана малғұн жүрек түр.
Соғып тұр малғұн. Соға түс.
Айызың қансын – қақпаны ұр.
Қаныңды жалап, сора түс,
Қақпаны қират, тапта, кір.
Жасылын таптап болып ең,
Асылын қират сен енді...
Аруақтар тұрып көрінен,
Аласат қылғыр денеңді!
Нөпірден нөпір... көп нөпір.
Қақпаның есін алды шын.
Құдайым қалай көкте түр,
Жылатып Жердің аң, кұсын?!
249
Осылай, өстіп... айтам зар,
Ыңырсып Күнім батқасын.
Соққылап жатыр сойкандар,
Табиғатымның Қақпасын!
Ар-ұятымның Қақпасын!..
250
ДІР ЕТЕ ҚАЛАМ
Дір ете қалам жапырақ құсап,
Жылбысқы бір дем жаныма тиіп.
Аңсаған шалдай жасырақ құшақ,
Мүттәйім жандар жыныма тиіп.
Дір ете қалам қантүбіт құстай,
Жымысқы көрсем – жылан деп біліп.
Көрінсем дейді-ау аршылап мыстай,
Бұзылған қыздай бұраңдап күліп.
Дір ете қалам анадай жесір,
Өрекпіп түрған өрт–өсек көріп.
Мінезім – тентек баладай кесір,
Қалмасын деймін жер–төсек болып.
251
НЕЛЕР ТАЯП КЕЛЕДІ?
(қорқынышты түсім)
Жер бетімен келеді –
У ішкендер келеді.
Ін түбінен ін қазып,
Су ішкендер келеді.
Құрым етік,
құрбақа,
тамыр жеген келеді.
Қарындасын каңғытып,
қамыр жеген келеді...
Жер бетімен келеді –
қансыраған келеді.
Қансыраған жүректі
Жаншып арам келеді.
Құрт-құмырсқа қуалап
Құмай тазың келеді.
Қара құстың астымен
Қоңыр қазың келеді.
Жер бетімен келеді –
Атпал Адам келеді.
Атпал Адам алақтап
масқарадан келеді.
252
Кірпиязын кірлетіп –
қылаң қыздар келеді.
Қылаң қыздан дәметіп
шын арсыздар келеді.
Жер бетімен келеді –
Ішіп-тойған келеді.
Ар – дастарқан үстіне
құсып қойған келеді.
Жанарлары жасқанып
жасық туған келеді.
Маңғазданып,
мастанып,
пасық туған келеді.
Жер бетімен келеді –
ыбыр-жыбыр келеді.
Күңіреніп Күн – Тәңір
бетін баса береді.
Шошқа мұрын,
ит басты,
сиыр аяқ келеді.
Пайғамбарлар пендесін
қиын аяп келеді...
Нелер таяп келеді?
Нелер таяп келеді?
253
ЖҰТ
Елдің, жердің еңсесін тұман басты.
Ақ даланың үстімен жылан қашты.
Ақ көбігін аузынан бұрқыратып
Ақ кебегін елеп тұр бір албасты.
Бұл албасты, білмеймін, қай албасты,
Таятып түр алқымға таянбасты.
Қыстың қызыл жалмауыз өңешінен
Бүктетіліп бір жетім қоян қашты.
Қоян қашты. Жүр екен не күн көріп?
Жатыр ақ қар жабысып, желімделіп.
Үсік мұрын малшы тұр үрлеп қолын,
Әлдеқандай бір мұңды сезімге еріп.
Сезімге еріп тұр екен ол да қандай?
Болмағандай ештеңе, тоңбағандай.
Жақсылықтан үмітсіз жанарымен
Жылы жаққа бір сәлем жолдағандай.
Шындығында, бар ма екен жылы мекен?
Күні бөтен шығар-ау, түні бөтен.
Жылы үйдегі жылтыр бет, жылан көздер
Бұл құдайдың шын сүйген құлы ма екен?
254
Құдай қайда, заң кайда, патша қайда?
Қойдан жуас қазақты жат санай ма?
Ел бүтінде есті алған мына жұтта
Жаны дертіп, сүйегі қақсамай ма?
Айғыз-айғыз сауал тұр ақ самайда –
Көлік қайда, шөп қайда, ақша қайда?
Білгені де, білмегі тым аз малшы,
Бір күрсініп қарады батқан айға.
Ақырды аяз, қар бұрқап, жел желігіп,
Жалмауыз жұт тұр әлі жер кеміріп.
«Мен бүйтемін халқыма, мен сөйтем» деп,
Дүрілдеді мінбелер кеудені ұрып...
Ауырды ақын ауылдың күйісінен,
Мезі болды мінбенің “сый” ісінен...
Тұрмаса екен тұншығып биылғы жаз
Өлексенің борсыған иісінен.
255
* * *
Біздің қазақ бірбеткей ғой...
Намысшыл.
Көк дөнені бұрынғыдай әлі ұшқыр.
Қарай қалсаң қазекемнің көзімен,
Жақын болып көрінеді алыс қыр.
Қазағымдай халық көрдің қай ұлы?
Айтатыны: «Қиын боп па, тәйірі!»
Әттең, бірақ өкінеді артынан,
Теңізге ашық шығып кетіп қайығы.
Біздің қазақ ақкөңіл ғой...
Қолы ашық.
Есігіне қойған даңғыл жол ашып.
Отырғаны болмағандай ештеңе,
Күн жарықта үй-мүлігін тонатып.
Қазағындай халық көрдің қай ұлы?
Айтатыны: “Ештеңе етпес, тәйірі!”
Сиқы кетіп, сиыр мініп жүрсе де,
Ширегіне келе алмайды бай ұлы.
Біздің қазақ кінәмшіл ғой...
Өкпеші.
Өкпелеумен өтіп жатыр көп кеші.
256
Бір жыл бойы сөз болады біреудің
Бір жапырақ еті менен кеспесі.
Қазағымдай халық көрдің қай ұлы?
Айтатыны: “Ден сау болсын, тәйірі!”
Қайран қазақ! Жиылмайтын айылы.
Қайран қазақ! Қайтпайтұғын қайыры..
Әлі де отыр «тәйірі, – деп, – тәйірі»,
Осы-ақ қана бұл халықтың айыбы.
257
* * *
Мен мұңымды сарқып іштім
Сарқып іштім санаммен.
Мәңгі-бақи тартылыстың
Құзырында қалам мен.
Күн боламын, Ай боламын.
Айналамын осімде.
Қайғы аламын, жайланамын,
Туған жердің төсінде.
Биші қыздың биін көрдім.
Сүйінбедім... ұнаттым.
Ойларымның түйіндерін
Ойсыз жанға сынаттым.
Тауға шықтым, тасты бастым.
Қатты ұнаттым батқанын.
Қан саулады,... қатты бастым –
Бек қуантты тапқаным.
Шат боп күлдім, шалқаладым,
Ән саламын мен тағы.
Қатты ауырды қан– табаным –
Төқкерілді Жер Шары.
258
Төңкерілді, төңкерілдім,
Көмкерілдім аспанмен,
Осы жердің өрқенімін.
Туысы бір тастармен.
Мен дағы ертең тас боламын,
Тақ боламын бүркітке.
Тас болмасам, жас боламын –
Дос боламын кірпікке.
Тақ болсам да, тас болсам да,
Мені мәңгі берді Ана.
Жанардағы жас болсам да
Баратыным Жер ғана...
Мен мұңымды сарқып іштім.
Сарқып іштім санаммен.
Мәңгі-бақи тартылыстың,
Құзырында қалам мен.
259
* * *
Сумандаған суық тіл
Жалап жатыр маңайды.
Ұры боран ұлып тұр –
Жалмап болар талайды.
Аждаһадай зәр атып,
Аузын ашқан бұ қай жын?
Жұртты жерге қаратып,
Кеткені ме Құдайдың?!
Ақ жыландар жарысып,
Жын ойнағын үдетті.
Аш бөрілер табысып,
Бір-біріне “ыр-р” етті.
«Уай, дүние-ай, деді шал, –
Көрмегенім осы ма?
Ары салма, бері сал,
Шемен жүрек, шошыма.
Жұт деген де жалмауыз –
Кетер өзі тойғасын.
Әне, саған салды ауыз,
Байқа... жұтып қоймасын...»
260
...Боран, боран ұлып түр.
Қалтырадым мен тоңып.
Боран, боран ұлып тұр,
Барам неге өртеніп?
* * *
Тау – саңырау
Жер – мылқау
Адам – араз,
Ер қырсау.
Өсек – сөздің өршілі,
Өлең сөзге жендірсе-ау.
Бақыт – байлық,
Мансап– көл.
Шамалыны шаршатты ол.
Малай бол да малсақ бол,
Сараңдыққа жан сап көр.
Сөз– саудагер,
Көз – жәләп.
Сатар сәнін созбалап.
Жетім көңіл жол қарап,
Бота болып боздамак...
Оны кімдер қорғамақ,
Қала берер қорғалап.
Жан – жапырақ,
Өмір – жел.
Сан қалтырар көңіллер.
Арман – Айдың сынығы,
Зиратта тұр көріңдер!
261
АЛБАН ҰЗАҚ БАТЫРДЫҢ
АҚЫРҒЫ СӨЗІ
Жасынға жігерімді жанып алған,
Жан едім жолдас ерткен ары бардан.
Шайнаумен бармағымды кетіп барам,
Өрт алды алды-артыңды, қалың Албан.
Өрт алды алды-артыңды, қалың Албан!
Өлсем де бұл корлықтан арыла алман.
Шынымен түнек болып өшкені ме,
Елімді емексіткен жарық арман?!.
Суының қанып ішкен тұнығынан,
Қайран ел айырылды-ау қызығынан.
Ойран-сел ойда жоқта келер деген
Ой жоқ ед Ресейдің ұлығынан.
Ойпырмай, мынау дүние не боп кеткен,
Ой менен қырдағы елді безектеткен!?
Барағым май жемейтін заман қайда?
Бақ пен сор осы екен ғой кезектескен.
Бақыттың лебі есетін бар тасынан,
Аңқитын жұпар иіс аршасынан,
Қайғысыз дәурен кешкен кеше ғана
Қайран жер бұл күндері қан сасыған.
262
Орыстың ұлығындай пасық бар ма!
Қанымды ұрттап ішіп, қасықтар да.
“Елім!” деп еңіреген ер қазақтың
Жемтігін жеп жатыр-ау сасық қарға...
Алқалы ел, айналайын, айдын жайлау.
Серті еді рухымның қайғыңды ойлау.
Түрмеден дүр сілкініп шыққанымда –
Қой боғы қорғасын оқ болды-ау байлау.
Мен қалай бар мұңымды ақтарамын.
Түбіне жетпей кеттім ақ-қараның.
Қош боп тұр, қоңыр қозым, қайран елім,
Артынан Жәмеңке ердің аттанамын.
263
1986 ЖЕЛТОҚСАН
(Қаладан қашқан қазақ жігіттің зары)
Қап-қара түнде
Қап-қара орман ішімен
Қалжырап, шаршап,
Ақ Сәуле аңсап келем мен.
Мұншама мұңды,
Мұншама құнды,
болады екен
жарықсыз бақсыз өмір де.
Бір жұлдыз мана
Жылтырап қана
Түр еді-ау менің көгімде.
Тұмшалап тұман,
Оны да қазір жалмапты.
Азалы бір ән
барады кернеп жан-жақты.
Тік басып жүріп,
Түнекті тіліп баратқан
Өзге ме, әлде өзім бе?
Білмеймін түкті,
Көңілім күпті.
Жұмулы менің көзм де.
Көзімді ашсам –
Жанарым жасып
Кетердей қара бояудан.
264
Құлақты бассам,
Етпеттеп жатсам,
Құтылсам құрғыр мына ойдан,
Құтылсам құрғыр мына әннен,
Алатын ажал,
Жұтатын тажал бұл әлде.
Айтайын өкпе,
Бармысың көкте, Тәңірім?
Таусылды арман,
Таусылды талмар азығым,
Дертіме дауа
Жоқ болды-ау. жүрек жұбатар.
Қап-қара ауа
Тәніме жұқты.
Кірімді менің кім ашар?
Бармысың Тәңір,
Бармысың, әлде жоқпысың?
Сыйладың жылау, сықтауды маған,
Сыйлашы енді оқты шын.
Қайдасың өзің,
Түнерген мынау көкпісің,
Бармысың, әлде, жоқпысың?!
Естілді, әне, естілді тағы азалы ән.
Ауырлау бұл ән.
Есімді алған жарадан,
Ән салған кімдер?
Шерлі ұл мен мұңды ер,
Шығар-ау қашқан қаладан.
265
Мен дағы қашқын,
Олар да – қашқын,
Ақ Сәуле іздеп жөнелдік.
Мен бейбақ– жалғыз,
Ал олар бір топ,
Тағдырын жүр-ау өлең ғып.
Айғайлап көрсем, дауысым әлсіз –
Жетер ме екен оларға?
Қап-қара түнде
Қарсақпын жортқан,
аңшылар жүр-ау сонарда.
Айғайлап көрсем,
Айғайлап өлсем...
Көметін бір жан болар ма?
Шіркін-ай, шіркін,
Қайырлы бір күн
Қап-қара мына дүние
Шүғыла нұрға толар ма?
Ей, бір туған жандар,
ұмтылған жандар жарыққа.
Қап-қара тәнді,
Қап-қара маңды,
Қап-қара заңды
сұм тағдыр
Біздерге ғана жазып па?!
Азап пен мазақ,
Тозақ пен тамұқ.
Отына
Біз күнде жанып,
Көсеу боп азып,
жүрдік қой, жүрдік,
266
достарым, енді шошыма.
Не қалды енді,
Өмір ме, әлде өлім бе?
Тәнімді менің,
Тәніңді сенің
Нұрымен жуар
Бір жұлдыз туар
Қазақтың мұңды көгінде.
От болып маздап,
Өртене жаздап
Тұрмын ғой менің өзім де,
Тұрсың ғой сенің өзің де...
Қап-қара түнде
Қап-қара орман ішімен
Келемін қашып –
Құтылсам қорқау тісінен.
Құдайды қарғап,
Қап-қара қанды
Қап-қара көкке түкірем.
Қаймықпан енді,
Сыйлаған шерді
Тағдырдың қатал күшінен.
Әйтеуір өзім жұмылмай көзім
Бір күні бір іс бітірем.
Нар ұлдар! Ер ұлдар!
Жүріңдер!
Қаланың қоры үшін,
даланың соры үшін .
түнекті түріңдер!
Біліңдер!
Біліңдер –
Мен де бір Ер Ұлмын.
267
Түнектің түріндей
Қап-қара кегімнің
Қайтарам барлығын.
Жетеді!
Адастым.
Қаңғыдым.
Ал бүгін...
Ал бүгін...
Ал бүгін...
268
“МЕН ЕМЕС!”
(Суретші Мәлік Хайдаровтың осы аттас
суреті бойынша)
Қан аралас,
Жын аралас мына әлем.
Көмкерілген күрең-қызыл күнәмен.
Бүл бір үйшік –
Күнәдан көп тесігі,
Әлдеқашан құлап қалған есігі.
Осы үйшіктің отағасы – иесі –
Мына әлемнің қап-қара дақ күйесі
Әлде ашыққан,
Әлде асыққан біреу ме,
Ақ ешкіні асып қойып іреуде.
Асулы тұр–
Аппақ Ешкі.
Ақ ешкі,
Ақ ешкіден нұр тарайды көмескі.
Ол –
Әлемнің ардағындай ақ екен,
Ол –
Әйелдің арманыңдай пәк екен.
269
Ақ Ешкінің...
Киесі тұр “аһ” ұрып.
Іреп жатыр ібілістей мақұлық.
Үй сыртында қарқылдайды қарғалар,
Ту сыртында – қадалады бір Жанар.
Көз – бұл!
Көз – бұл!
Көзі өлмеген Киенің –
Қимылында қап-қара дақ, күйенің.
У тарайды ібілістің миынан,
... Ақ Ешкінің Қызыл Қаны ұйыған!..
Қасапшыға...
Бір қол таяп келеді.
(Бұл киенің көрінбейтін қолы еді)
Ібіліске таяп келіп ол енді,
Желкесінен бүріп ала жөнелді.
Көр көзінен қап-қара қан атылып,
“Мен е-ме-е-ес!” деп айғалады мақұлық.
Неге ол емес!...
Кие!
Кие! Шын ашын,
Бұл пенделер мойындамас күнәсін!
270
ТҮС НЕМЕСЕ
МАЙШАМДАР МАСКАРАДЫ
“Біздер билеп, ойнап жүрміз,
Сауык-сайран салудамыз.
Бояу, нұрмыз,
ояу, дүрміз,
Жанудамыз,
Жанудамыз,
Біз–майшамдар,
Біз – жайсаңдар,
Біздер – өмір дәулетіміз,
Біздер – өмір сәулетіміз!..
Япыр-ау, бұл нендей дауыс.
Жаңылдым ба мен есімнен?
Үсті-басымсауыс-сауыс,
Сау емеспін есіргеннен.
Билеп жүрмін мен де, міне,
Санды сабап,
“Оп-па” деймін,
Мәз боламын ермегіме,
“Биле, майшам, қорықпа!” деймін.
Шындығында...
Бәрі майшам,
Мұнда жүрген достарымның.
“Саған лайық, қане, қайсы ән,
271
Өмірдегі қостарың кім?” –
Деп сұрайды бұраң қағып,
Көзім кетті тұманданып.
Мына біреу...
Таныс маған –
Антын берген, нан ұстаған.
Майшам болып кеткен бе өзі,
Жоқ, жоқ өрі, намыстанам.
Мынасы кім?
Түтіндеген,
Үсті-басын бүтіндеген.
Әлгі кім ғой...
О несі екен –
Түтіндеген
төбесі екен.
Көздерінің ағы алайған,
Сірә, мұның майы азайған.
Анау кім бе?
Шөре-шөре.
Көз ұялған көре-көре.
Қазір маған келеді де,
Көлгірсиді...
Керегі не?!
Басым менің айнала ма,
Лоқсығым да кеп барады.
Тұра қашсам айдалаға,
Майшам досым кеп қалады.
Ұстап алып, ақыл айтып,
Ұрсар көзін шақырайтып.
272
Құрысын біраз шыдайыншы,
Майшам бола тұрайыншы ...
Міне, мен де май шам болдым,
Міне, мен де жайсаң болдым.
Бүраң қағам,
Сылаң қағам,
Өзімдейлер ұнар маған.
Ал, бөтендер, ары тұрыңдар,
Қойынымда алтыным бар.
Мен – дәулетпін.
Мен – сәулетпін.
Мен – данамын,
Мен– жанамын!
Лап-лап етіп жандым біраз,
Дұшпан көзі қылайын деп.
Елдің есін алдым біраз,
“Мен биікте тұрайын” деп.
“Мен– данамын,
Мен – жанамын!”
Жандым біраз, лыпылдадым.
Жыпылықтап, жыпылдадым.
Сөніп барам...
Бекерболды-ау
Тым ертерек құтырғаным.
Жебеуші қол,
Сен кайдасың?
Жебе мені – сал майыңнан!
Тартып жатыр шалғайымнан.
273
ӨЗЕН ҒАНА
Аспан – апа көрсетіп жақындығын,
Жер – сіңілі желпініп жатыр бүгін.
Бұйра жалды бұлтқа мініп келген,
Айтып жатыр айғайлап ақын жырын.
Ару Жердің аймалап аяулы өңін,
Жел білдіріп қояды баяу демін.
Ақ қымызын ағызып, шұбат құйған,
Аспан, Жердің ауылы бай-ау дедім.
Құдіретті күйімен құлақка еніп,
Аспан – апа қоштасты жылап келіп.
Қуаныштан қол соғып қалжыраған,
Бала құрақ үйықтады бұлақты еміп.
Не керемет бұл тойда жасалмады,
Не керемет бұл тойдан аса алмады.
Ғажабына ғарыштың ғашық болған,
Өзен ғана өксігін баса алмады.
274
* * *
Қамырық күйді көп кешем,
Қамығып, оймен қаңғимын.
Қараңғы түнмен кектесем,
Қабарып танды аңдимын.
Қанаты қан-қан құстаймын,
Қасарып ұшқан шың жаққа.
Қаңсырап қонсам – ұшпаймын,
Қаламын мәңгі түн жақта.
Қайрат қыл, қайрал, шыдамым,
Қайсарлық – қиғыр қылышың.
Қайраңнан мен де шығамын,
Қан жүтқан күнер құрысын.
275
БІР АҚЫНҒА
Сен өмірмен ойнайсың-ау, ақыным,
Пәлсапаңды сәл қоя тұр... ақырын.
Әзілдеспе данышпанмен, данамен,
Абайлағын аналардың жатырын.
Болды, болар бұл өмірде нелер шың,
Солар жаққа жолың түссе келерсің.
Етегіңнен шап бергенде біреуі,
Жаннан басқа кымбатыңды берерсің.
Сәл босатып шабыт буған денеңді,
Таразыла өмір, өлім дегенді.
Өмір – жалған, мәңгілік бар өлімде,
Мәңгіліктің жырын жырла сен енді.
Қорқасың ба, қорқа көрме, пақыр жан,
Мәңгілікте ақындар жүр аһ ұрған.
Қас жауына қан шеңгелін батырған,
Мәңгілікте батырлар жүр ақырған.
Сен солардан қорқасын ба, шынымен?
Бітіп пе едің боқ дүниенің мұңымен?
Пәлсапаңды сәл қоя түр жасанды,
Ақын болсаң, шын күңірен, күңірен.
276
ӨЛЕҢ
Өлең. Өлең.
Жарығым-ау, жарығым,
Аспан сынды ашығым да жабығым.
Сілкілейсің тірі ақынның жүрегін,
Сипалайсың өлі ақынның қабірін.
Өлең. Өлең.
Атың кандай назды еді!
Өн бойыңнан білінеді жаз демі.
Бір сен үшін мұңданғандар аз ба еді,
Бір сен үшін жынданғандар аз ба еді!?
Өлең. Өлең.
Қоңыр өлең, қара өлең,
Тудың бірге таумен, сумен, даламен.
Сансыратып сарғайтатын санамен,
Сен суретші сала алмайтын қара мең.
Өлең.Өлең
Жапырағым, жалғызым!
Жүріп өтсең – жүректерде қалды ізің.
Қыстың күні гүл өсіріп мұзартқа,
Жаздың күні тірілтесің қар қызын.
Өлең. Өлең.
Нәзік өлең, өр өлең,
277
Зағип та сен, сақи да сен көреген.
Алғаш сені ақ бесікке бөлеген,
Ақын – Ана бақытты еді не деген!
* * *
Мен шөлдедім бір сусынға...
Ол не екен?
Анам айран беруші еді шөлдесем.
Мына шөлім ондай емес,
Сәл ыссы,
Тандайыма таттай болып жабысты.
Ал шөлдейін...
Өртенейін...
Жанайын...
Қалың оттар каптап кеткен маңайым
Өзегімді бір запыран тұр тіліп,
Етпеттедім...
Екі-үш рет ұмтытып.
Кетті айналып көздің алды құйынға,
Бір айдаһар дөңбекшиді миымда.
“Өткен күндер – өшкен іздер” дедім мен,
Сонда ғана сес білінді демімнен.
Көп шөлдеме,
Көп терлеме.
Көтер бой,
Қанбас шөлің өкінішің екен ғой.
Сен айналып кеткеніңше елеске,
Қыр соңыңнан қалмайтын сол емес пе?..
278
* * *
Кеудеңнен керуен көшіп, ит үргенде,
Алдыңнан албасты жел итергенде.
Тәубаңа бір келерсің сонда, шырақ,
Қосыңа қоңыр аю сүйкенгенде.
Қалқиған, қарайғанға болып алаң,
Қалмайды үрей сені торымаған.
Сол кезде сонау көкке бір қарап кой,
Үйіріп иманыңды қожыраған,
Болса да туысыңнын көбі дилы,
Ішіңде қорқау қасқыр неге ұлиды?
Қарағым, қара бас құрт қашанғыдан
Кеміріп көкіректі, жеді миды?
Қалсаң да қарауылдан бой тасалап,
Есесін алар өмір қайта санап.
Мойныңа тағдыр құрық салмай тұрып,
Сананды бір тергеп ал сан сапалақ.
Аддыңнан шығар әлі талай сұрақ,
Көз көрер түрғаныңды қалай шыдап.
“Сасқалақ болар түбі асқалақтың”,
Білмесең, түсініп ал, солай, шырақ!
279
БІРЕУ
Түкке арланбай,
Түк те алданбай,
Түбін түптеп әр ненің,
Сұпыланып,
Шұқьланып,
Келе жатыр әлдекім.
Мінсіз бір бас,
Кімге жолдас,
Кімге жау–
Туысқан да,
Суысқан да білмеді-ау.
Күліп түрғыш,
Тіс шүқығыш,
Шырт түкіргіш кей-кейде.
Қолы тершіп,
Жөткергенсіп,
Сеніп түрар сенбей де.
Жансыз бір жан,
Таң қалдырған.
Түңілткен,
Сырлы, айлалы
Мұндайларды біліп пе ең?
280
БИ ҮСТІНДЕ
Қызғаныштан өліп-өшіп,
барамысың сен, қалай?
Жан жарыңның көңілі өсіп,
нұрланады... Жалған-ай!
Сиқыр күліп сырғалары,
гауһар жүзік көзге үрып.
Жат құшақта ырғалады,
намысыңды қоздырып.
Қара жалын – қара шашы,
сенің жүрек – жалауың.
Қара шашқа... қарасаңшы
Тығыпты “анау” танауын.
Қыл мықында қара білек,
Өзі жүндес, өзі нән.
О, әбілет! Қара жүрек!..
Қатігез ең не қылған!..
Жас арудың жанарына,
қалған сынды жас тұнып.
Егіз шыңдай анарына,
Қонған сынды жас бұлт.
О, сайқал-ай!.. Тілегің не?!
Неткен найсап жүрексің!..
281
Мұндай бидің керегі не –
Музыканың үні өшсін!
Құшқандай жар «досын ізгі»
(Неткен нәзік жарасым...)
Алып еді-ау осы қызды
тастап қатын-баласын.
Жүзі бейне алаулы бұлт,
Балқып еді-ау сүйегі.
Анау сырға, анау жүзік,
тартқан сонда сыйы еді.
Алқынып кеп, алтын алқа,
тағып еді мойнына.
Күнде-күнде, қайта-қайта,
барып еді қойнына.
Ұмытқан-ды ұлды, қызды,
бәйбішені, үйді де.
Келе-келе, қызды-қызды,
кетті жалын күйдіре...
Қызғаныштан өліп-өшіп
барамысың сен, қалай?
Ашпа өзіңе өлім-есік,
іштен тынып, зарламай.
Той тарқасын.
Көресің ғой,
Барарсындар үйге де.
Бірақ жарға демейсің ғой –
«Енді ешкіммен билеме».
282
* * *
Майысып гүл маужырап,
Мамыр айы түр күліп.
Былдырлайды бал бұлақ,
Бар екенін білдіріп.
Қозғап, түртіп сезімді,
“Қадірімді білші-ай” деп,
Аспан ару керілді,
Шымылдығы шымқай көк.
Көбелекпен жарысып,
Көп ойнады бір бала.
Ат басымен алысып,
Жігіт шықты қырлана.
“Құпиямды ел біліп.
Қоя ма?” деп бойжеткен –
Терезеден телміріп,
Сығалайды әйнектен.
Жұдырыктай тұмсығы,
Сақал-мүртсыз шал отыр.
Зыр-зыр етіп ұршығы,
Дейді кемпір: “Әрі отыр”.
Шал қараса, кемпірдің
Тоқ секілді қалтасы.
“Келіп отыр желпінгім,
Бір жүз грамм болсашы!”.
283
“Әдірем! – деп кемпірі
Әжімдерін жиырды. –
Отырғанда сен тірі
Жеп боларсың миымды...”. .
... Мамыр қандай жақсысың!
Мамыр, майсың, майдасың,
Жастықпенен жастысың,
Кәрілікке қайдасың?!.
284
Достарыңызбен бөлісу: |