жазба жұмыстары және оның түрлері
Құрастырушы авторлар: Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Мұғалжар жалпы білім беретін мектебiнiң қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бахтиярова Рая Аубакировна
Алғы сөз
Методиканы зерттеудің алғашқы жылдарынан бастап жазба жұмыстарына ерекше көңіл бөлініп келді. Себебі сауаттылықтың негізі жазба жұмыстарында жатқандықтан оған көңіл бөлмеу мүмкін де емес еді.
Жазу дағдысының психологиялық негізі мидың үлкен жарты шар қабығындағы анализатор ұштарының бір-бірімен күрделі байланысқа түсуі, екінші сигнал систамасының жинақталып, бір арнаға бағытталуы болып табылады. Жазу тілі көзбен қабылданады, қолмен іске асады. Ал ауызша сөйлеу, есіту кинестезиялық нерв байланыстары арқылы өтеді.
Жазу тілі ауызша сөйлеуден кейін шықты, сондықтан да ол үнемі ауыз тілге сүйеніп отырды. Жазудың құрамына алфавит, графика және орфография енеді. Жазба тілінің өзіне тән ерекшеліктері бар.
Жазба жұмысының барысында оқушылардың білімдері бекіп, өз беттерімен жұмыс жасау дағдылары қалыптасады, яғни зейін қойып тыңдай білу, белгілі бір жобалар бойынша сөйлем мүшелеріне талдай алу, сұрақ қоя білу, қажетті деректерді теріп алу, сөздікпен жұмыс істей алуға үйренеді.
Әрбір материал мұғалім тарапынан жақсы түсіндіріліп, қаншама дағды берілгенімен, әр оқушының білімі, дағдысы, шеберлігі есепке алынбаса, олардың материалды қалай меңгергені, нәтижесі, оған қалай жеткені белгісіз болып қала береді. Оның үстіне балалар өз еңбегінің нәтижесін біліп отырмаған соң, келесі еңбекке ынтасы азайып, сабаққа белсенділігі төмендейді. Сондықтан қай жазба жұмысы болмасын оның орындалуына ерекше мән беріліп, оқушы еңбегі бағалануға тиісті. Жазба жұмыстарының түрлері көп, соның ішінде біз тоқталмақшы түрлері: жаттығу жұмыстары (талдау жұмыстары), диктанттар, творчестволық жазба жұмыстары.
ЖАТТЫҒУ ЖҰМЫСЫ
Жаттығу жұмыстарының жүйесіне қарай материалды таңдауға қойылатын талаптар туады. Жаттығуларды жүргізу үшін алынатын материалдар бірден-бірге күрделеніп отырылады. Мұндай жаттығу жұмыстарының әдісі- оқушылардың білімін пысықтап, қалыптастырып, қайрат-жігерін дамытатын әдістің түрі.
Жаттығу жұмысын жүргізу үшін оқытушы, ең әуелі, оның түрлі мақсатын айқындап алады. Содан кейін оқушыларға жаттығу жұмысының үлгісі көрсетіліп, орындау тәсілдері түсіндіріледі.
Программалап оқыту әдісі бойынша, жаттығу жұмыстары белгілі бір жүйеге құрылып, жаңаша тәсілдермен жүргізіледі. Оқытушы оқушылардың жаттығу жұмыстарын тексеріп, дер кезінде кемшіліктерін түзетіп отыруы, оқушының сауатты жазуына ықпалын тигізеді. Жаттығу түрлері арқылы оқушылардың оқу материалын қалай ұғынғаны айқындалады, яғни жаттығу әдісі оқыту ісінің теориясын практикасымен байланыстыру принципін жүзеге асырады.
Сабақтағы жаттығу жұмысы оқушылардың қандай тілдік материалмен жұмыс жасауына қарай фонетикалық, лексикалық, морфологиялық, синтаксистік, т.б. болып бөлінеді.
Достарыңызбен бөлісу: |