Абай Құнанбаев (1845-1904 ж.ж.) – қазақ халқының классик ақыны, ағартушы-демократ, ұлтымыздың рухани мақтанышы. Шығыс пен Батыс классиктерінің ағартушылық ой-пікірлерінен мол нәр алған ұлы ақын бала тәрбиесі мәселелеріне де кеңінен тоқталып, өзінің өлеңдері мен қара сөздерінде педагогикалық көзқарасын білдіреді. Адам мінезіндегі орынсыз мақтан, ойсыздық, салғырттық, күншілдік, көрсеқызарлық сияқты жаман әдеттердің ақыл мен ойды тоздыратынын айта келіп, естігенді есте сақтау, көргеннен үлгі-өнеге алу, жаман әдет-дағдыдан бойын аулақ ұстау, нәпсіні ақылға жеңдіру, ұстамды болу сияқты адамгершілік қасиеттерді насихаттайды. «Егер есті кісінің қатарында болғың келсе, күніне бір мәртебе, болмаса жұмысында бір, ең болмаса айында бір, өмірді қалай өткізгенің жайында өзіңнен өзің есеп ал», - дейді. Яғни адамның өзін-өзі тәрбиелеу мәселесінің маңызы мен мәніне ерекше тоқталады.
Абай адамның жақсы-жаман болуы, ақылды-ақылсыз болуы, адам мінезінің қалыптасуы тәрбиеге, ортаға байланысты екенін дәлелдеді. Өзінің отыз жетінші қара сөзінде: «Мен, егер заң қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім», - деді. Абайдың поэтикалық шығармалары мен қарасөздері пәлсапалық, этикалық, эстетикалық, психологиялық және педагогикалық ой-пікірлерге толы. Абай түсінігінше, табиғат біздің санамыздан тыс және бізге тәуелсіз өмір сүреді. Біздің түйсігіміз бен қабылдауымыз, түсінігіміз айналадағы ақиқат шындық өмірдің сәулесі ғана. Адам баласы «көзімен көріп, құлақпен естіп, қолмен ұстап, тілмен татып, мұрнымен иіскеп тыстағы дүниеден хабар алады», - дейді Абай. «Адам баласы анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Бірі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп туады. Бұлар – тәннің құмарлығы. Екіншісі – білсем екен деу - жан құмарлығы», - деп түйіндей келе, «адам бойына жан құмарлығы арқылы жиналатын нәрсенің аты ақыл, ғылым…, ол таланттылық пен ерінбей еңбек еткен адамның қолына түседі», - деген қорытынды жасайды.
Ұлы ағартушы өзінің көптеген шығармаларында қазақ халқының надандығын мінеп-шенеді. Қара басының қамын ғана ойлайтын, яғни тән қажеттігін өтеуді ғана ескеріп, рухани қажеттілікті ойламайтын, біреуді алдап, біреуді арбап күн көрушілерге, өзінен күшті әкімдер алдында жағымпаздықпен көзге түсіп қалуға тырысушыларға Абай мейлінше қарсы болды. Ондағы мақсат халыққа адал қызмет ету деп ұқты:
Пайда ойлама, ар ойла
Талап қыл артық білуге.
Артық білім кітапта
Ерінбей оқып көруге, - деп, жастарды білім-ғылымды меңгеруге шақырды. Сол кездегі кейбір оқыған жастардың білімді шен алу, шекпен кию үшін пайдаланып, парақорлықпен алдап-арбаудың құралы етуге тырысқанына ызаланған Абай:
«Ойында жоқ олардың,
Салтыков пен Толстой.
Я тілмаш, я адвокат,
Болсам деген бәрінде ой, - деп сөкті.
Жастарға халық қамын ойлаған ақын-жазушылар мен ғалымдарды үлгі-өнеге етіп, «Білімдіден шыққан сөз талаптыға кез болса екен», - дейді. Сондай-ақ ұлы ақын бос даурығуға, бекер мал шашуға, өтірік, өсек айтуға, жалқаулыққа қарсы шықты. «Бес нәрседен қашық бол, Бес нәрсеге асық бол, адам болам десеңіз», - дей келіп, ол:
«Өсек, өтірік, мақтаншақ,
еріншек, бекер мал шашпақ,
Бес дұшпаның білсеңіз,
Талап, еңбек, терең ой,
қанағат, рақым, ойлап қой,
Бес асыл іс, көнсеңіз», - деген өсиет айтты. Қазақ елінде ойын-сауыққа көп әуестеніп, бір үйден бір үйге, бір ауылдан бір ауылға селтеңдеп, қыдырып жүретін келеңсіз әдет барын ашына ескертіп, одан аулақ болуға шақырды. «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын», - деп жағымсыз қасиеттерден жастарды жирендіреді.
Жалпы, этнопедагогика ғылым ретінде Батыс Еуропа елдерінде ХУІІ-ХУІІІ ғасырларда қалыптасып, дами бастаса, қазақ этнопедагогикасының ғылым ретінде зерттеле бастауы одан көп кейін, атап айтқанда ХІХ ғасырдың екінші жартысында қолға алына бастады. Осы ретте С.Қалиев қазақ халық педагогикасының даму кезеңдерін жоғарыда аталғандай сегіз кезеңге жіктесе, қазақ этнопедагогикасының ғылым ретінде қалыптасу тарихын үш кезеңге бөледі. ХІХ ғасырдың екінші жартысын қамтитын бірінші кезең қазақтың ұлттық тәлімгерлік ой-пікірлері мен салт-дәстүрлері туралы алғаш ғылыми еңбек жазған Шоқан, Ыбырай, Абай шығармашылығы мен батыс және орыс этнограф-ғалымдары А.Левшин, В.Радлов, А.Янушкевич, Н.Г.Потанин қолжазбалары негізінде қалыптасты. Кейін Шоқан, Ыбырай, Абай көтерген ағартушылық қозғалыстың туын Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов, Әбубәкір Диваев, Халел Досмұхамедов, т.б. жалғастырды. Олай болса, С.Қалиев ХХ ғасырдың басын қазақ этнопедагогикасының ғылыми тұрғыда дамуының екінші кезеңі деп атап көрсетеді. Жоғарыда аттары аталған алаш зиялыларының шығармашылығы туралы келесі бөлімде сөз болмақ. Сондай-ақ қазақ этнопедагогикасының үшінші кезеңі туралы да кейінгі бөлімде тоқталамыз.