Ұлттық сананың қозғаушы күші – ұлттық намыс, ұлттық абырой. Ол жеке тұлғалардың перзенттік борышты өтеу дәрежесін көрсетеді. Сондықтан әрбір әдет-ғұрыптың, салт-дәстүрдің санаға әсер ететін тәрбиелік мәні зор. Ұлттық сана-сезімге адамның «мен-олар» жүйесін түсінуі, өзін қоғам өкілдеріне тиістілігін саналы ұғынуы, туған жерге, өскен елге, ана тіліне, ұлттық салт-дәстүрге деген сүйіспеншілігі, ұлтына деген махаббаты, оның жетістігін бағалауы және т.б. жатады. Сондай-ақ ұлттық сана-сезімді қоршаған ортаның әлеуметтік-экономикалық, мәдени және жаратылыс құбылыстарының сол ұлт өкіліне тартқан ерекше табиғи сыйы деп қарастыруға болады.
Ұлттық сана-сезімді қалыптастыруда халық педагогикасының салт-дәстүр, ұлттық ойындар, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, т.б. ерте заманнан бастап жас ұрпақтың ой-өрісін, зеректігін дамыту үшін қолданылатын халық педагогикасының құралдары қолданылады. Сондықтан тәрбие ісі нәтижелі болу үшін халық педагогикасын кешенді қараған жөн.
Халық педагогикасы арқылы ұлттық сана қалыптастыруда маңызды орын алатын, әрине, имандылық тәрбиесі. Имандылық тәрбиесі халық педагогикасында дәстүрге, әдет-ғұрыпқа, байсалды мінез-құлыққа айналып, адам баласының өмір заңдылығы болып қалыптасады және адамгершілік қасиеттерді дарытуға көмектеседі. Жастардың санасына халқымыздың асыл қазынасы – салт-дәстүрлерімізді дұрыс жеткізе білсек, ертеңгі күні олардан ұлттық сана-сезімі жоғары, ұлтжанды азамат шығатынына кәміл сенуге болады.
Ұлттық талғам – халықтың ұлттық асханаға, табиғаттың қарапайым бейнесіне, адам аттары мен атауларының таралуына қатынасы. Ол ұлттық тәрбиеден туған ұлттық сананың дамыған түрі, әлемнің бір бөлшегі. Қазақ халқының өнер, сұлулық туралы талғамы оның тұрмысымен байланысты қалыптасқан. Күнкөрісі малмен тығыз байланысты болған қазақтың барлық дүниетанымы, наным-сенімі төрт түлік малдан туындаған десе болғандай. Қазақ адамның мінез-құлқын, іс-әрекетін, жүріс-тұрысын, келбетін төрт түлік малмен салыстыратын болған. Жігіттің келбетіне қатысты беті торғайдай, мойны ырғайдай, бота тірсек, құлын мүсін; мінезіне қарай жылқы мінезді жігіт, шібіш, т.б. тіркестер қолданылған. Сұлу қыздың, мықты жігіттің образдарын жасағанда дәстүрлі көзқарасымыз айқын көрінеді. Мысалы, ең сұлу көздер - ботакөз, танакөз. Мал ішінде ботадан сұлуы жоқ. Сондықтан қазақтар қыздарына Ботакөз, Танакөз, Ақбота сияқты есімдер берген. Сол сияқты Қаракөз есімінің орны ерекше, себебі қазақ ұғымында қаракөз – сұлулықтың белгісі. Ал ер жігітті қазақтар асқар тауға, алынбас қамалға, алмас қылышқа, қыран бүркітке теңеп, Асқар, Алмас, Бүркіт, т.б. есімдер берген.
Қазақтар табиғатқа етене жақын өмір сүрген. Сондықтан қазақтың көзқарасында ең сұлу көрініс – табиғат көрінісі. Мысалы, қазақтар сұлу жандарды гүлге, көктемге балайды, қыстың кең тынысын, ақ қарын абзал адамға, ерке балаларға ұқсатады.Табиғаттың әсемдігі адам жанын тазалыққа, сұлулыққа, төзімділікке тәрбиелейді. Қазақ тіліндегі жер жаннаты, тал шыбықтай, таң сәрі, телегей теңіз, аспанмен тілдескен сияқты тіркестер – осының айғағы. Ұлттық талғам мөлшері балалық шақтан бастау алуы тиіс.
Ұлттық мінез – халық тәжірибесінде тарихи қалыптасқан дағдылар мен әдеттердің жиынтығы, жалпы қасиеттер және сол халықтың ерекше қасиеттерінің бірлігі. Ұлттық мінез осы ұлтқа тән темпераменттік, психологиялық-рухани сапамен ерекшеленіп, көзге түседі. Ұлттық мінез – тарихи категория, ол қоғамдық, рухани, экономикалық және саяси жағдайларға сәйкес қалыптасады. Дүниені ұлттық түсінікпен қабылдау жолы қай адамға болсын тән. Мысалы, қазақтарға тән бауырмалдылық, ақжарқындылық, қонақжайлылық, жомарттық, аңқаулық, барға қанағатшылық, өзбектердің сыпайы мінезділігі, діншілдігі, орыс халқына тән қарапайымдылық пен кеңпейілділік, американдықтардың құнттылығы, ағылшындардың салқынқандылығы, немістердің ұқыптылығы, француздардың жинақылығы, испандықтарға тән қызуқандылық, шығыс халықтары – корей, қытай, жапондардың бойында еңбексүйгіштік сияқты ерекшеліктер байқалады. Бұл қасиеттер әр халықта әр түрлі қырынан көрініс табады. Алайда әр ұлттың өзіне ғана тән этностық таза мінез-құлқының болуы мүмкін емес. Мысалы, орыстарға тән дейтін төзімділік қытайларға да тән қасиет болып келеді. Немесе грузиндерді қызба қанды халық дейміз. Ал ол мінез испандықтарға да ортақ. Академик С. Конның «Ұлттық мінез-құлықты анықтауда әр ұлтқа тән этностық мінез-құлықты шартты түрде алып қарау керек», - деуі орынды. Дегенмен бір халықта ерекше басымырақ болып көрінетін мінез-құлық сипаты сол халықтың психологиялық ерекшелігі болып саналады. Мысалы, қазаққа тән ақкөңілділік мінез өзара сыйласымнан, жайдары жарасымнан, жақсылыққа құштарлықтан, ақниетті, жанашырлық әрекеттерден айқын көрінеді. «Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат өзінен түңілсін» деп, ақкөңіл мінездің сыйласымдық мәнін халық жоғары бағалаған. Сондай-ақ халық «Ақкөңілдің аты арымайды, тоны тозбайды», «Ақылдының көңілі ақ болады, оған абырой мен бақ қонады» деп, осындай мінезден үлгі алуға уағыздайды. Халықтық тәлімде Жиреншенің ақниеттілігі, Қожанасырдың ақкөңілділігі жас ұрпаққа үлгі-өнеге ретінде пайдаланылады.
Ұлттық әдеп – қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық құндылығы. Әдептілік, кісілік, имандылық, байсалдылық, бауырмалдылық нышандары жеке тұлғаның беделін арттырып, бейнесін бедерлейді. Осы тұрғыда қазақ «Иманы бардың, сыйламы бар», «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет», «Кісілік кішіліктен танылады», «Үйің тар болса да, көңілің кең болсын», «Жақсыдан парасат, жаманнан кесапат», «Сабыр түбі – сары алтын», т.б. мақал-мәтелдер арқылы ұлттық мінездің ең құндыларын ұрпағының бойына сіңіруге тырысқан. Көркем шығармада ұлттық мінез жасау үшін автор сол халықтың дүниетанымын, әдет-ғұрпын, мінез-құлқын, психологиясын білу керек. Бұл туралы Н.В.Гоголь: «Ақын өмірге өз халқының көзқарасымен қарап, әр нәрсені ұлттық психологияға сәйкес құбылыстай сезініп, толғанғанда ғана ұлттық сипатты бейнелеп беруі мүмкін», - деген ой айтады. Шынында да, үнділердің «Махабкарата», орыстың «Игорь полкі туралы жыр», қырғыздың «Манас», қазақтың «Ер Тарғын» сияқты эпостары сол халықтың дүниетанымын, мінез-болмысын айқындайтыны рас.
Қазақ халқының ұлттық мінезі кезінде Абайдың «Қара сөздерінде» айтылған сипаттармен салыстырғанда қазіргі жаһандану заманында өзгеріске түсті ме? Қалыптасып, халықтық әдепке айналған ұлттық мінезге заман әсер ете ме? Әрине, әсері болар, алайда ұлттық мінездің түбегейлі өзгерістерге түсуі мүмкін емес. Сондықтан қазіргі заманның пәрменді жаңару үдерістеріне қарамастан, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық мінез, ұлттық келбеттің іргелі тұстары сақталып отырғаны анық. Жоғарыда аталған қазаққа тән бауырмалдық, әдептілік, намысқойлық, қонақжайлық қасиеттер әлі күнге дейін халқымыздың бойынан табылса, өкінішке орай, немістердің ұқыптылығы, жапондардың еңбексүйгіштігі қазақтарға жетпей жатқан сияқты. Дегенмен, қазақ жастарының бойындағы білімге құмарлық, тілдерді игеруге бейімділік қуантады. Кезінде М.Жұмабаев «Мен жастарға сенемін» деп, қазақ жастарына үлкен сенім артса, бүгінгі тәуелсіз қазақ елінің жастары аталған ұлттық құндылықтарымызды ерекше қастерлеп, сақтай білуі тиіс. Осы тұрғыдан алғанда зиялы қауым алдында жастарымызды жаһандану заманының келеңсіз үлгісі ретінде соңғы кездері пайда болған тұтынушылық психологиясыдан арылтып, бойларына халқымыздың ғасырлар бойы жинақтаған гуманистік және рухани құндылықтар жүйесін енгізу бағытында жұмыс атқару міндеті тұр.