3.2 Қазақ этнопедагогикасындағы қазақтың ұлттық философиясының ролі Философия (дүниетаным) – адамның әлемге, қоғамға, өзінің әлемдегі және қоғамдағы орнына көзқарастар жүйесі. Халықтық философия – халықтық астрономияда, халықтық медицинада қаланған әлемді түсіну, кеңістік пен уақытты қабылдау, тыйымдар туралы халықтың жүйеленбеген, стихиялы қалыптасқан білімдер жиынтығы. Халықтық философия ұлттық сананың дүниетанымдық негізін анықтайды. Бұл халықтың әлемдегі ақиқатты жан-жақты түсінуі, яғни әлемнің этникалық бейнесі (адам деген кім, өмір, өлім деген не сияқты сұрақтарға жауаптары) халықтың өзінің өмір сүру ерекшеліктеріне сәйкес келеді.
Өзінің жеке философиясы болмаған елдің дербес рухани тұрмыс пен өркендеуге мүмкіндігі болмай, бөгде тектік факторларға тәуелділігі күшейе түседі. Ежелгі заманнан өмір сүріп келе жатқан түркі тайпалары негізінде қалыптасқан іргелі халықтардың бірі – қазақтар ғасырлар бойында жазба мәдениеті болмаса да, ауызша әдіспен өзіне тән бай рухани мұра жасай білді. Ал жазба әдебиет пайда болғаннан кейін бұл мұра өте үлкен қарқынмен дами отырып, әрқилы ерекшеліктерге толы күрделі тарихи жолдардан өтті.
Ақындар мен жыраулар, саясаткерлер мен батырлар, хандар мен қолбасшылар, айтыскерлер мен ертекшілер, билер мен серілер – бәрі де өздері өмір сүрген заманның объективті құбылыстарын тілге тиек, ойға өрнек етіп, әр түрлі деңгейде қазақ халқының қоғамдық саяси, мәдени, философиялық ойлау жүйесінің құрылымын жасады.
Қазақ философиясы – халқымыздың тарихын жан-жақты түсіну үшін үлкен негіз және әдістемелік құрал. Ол қоғамдық сананың басқа да түрлерімен тығыз байланысты. Халықтың ұлт-азаттық қозғалысымен тығыз байланысты қазақ философиясы ғылыми құндылығымен қатар, жоғары азаматтық қасиетімен, әлеуметтік әділеттілікке жету жолдарын тікелей іздеуге ат салысқандығымен, өзінің жемісті жетістіктерімен ерекшеленеді. Қазақтың ұлттық философиясының гноселогиялық танымдық ерекшеліктері ретінде С.Қалиев жыраулар поэзиясында кең сөз болатын адамгершілік мәселесін, атамекен, ел-жұрт мәселесін, сөз өнеріне деген көзқарасты, ұлттық тірегінің көшпелі өмірмен байланысын атайды. Бұлар, сайып келгенде, халқымыздың ұлттық ойлау ерекшелігінің тереңдігін, ұлттық пәлсапасының ақыл-ойға, тәлімге құрылғанын көрсетеді. Шынында да, Асан қайғы сияқты ұлы тұлғалардан бастап, қазіргі қазақ поэзиясының таңымал өкілдерінің шығармашылығын зерделей отырып, оларда жиі кездесетін келелі мәселе – адамгершілік мәселесі екеніне көз жеткізуге болады. Қазақ ұғымындағы «Ердің құны жүз жылқы», «Ер ел үшін туады, ел үшін өледі, «Ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді» деген түсініктер, бір жағынан, ердің құнын адамгершілікпен, ар-ожданмен өлшеудің маңыздылығын көрсетсе, екінші жағынан, дала философиясындағы ер, кемел адам деген ұғымдардың философиялық сипатын анықтайды.
Қазақ философиясындағы келесі гноселогиялық танымдық ерекшелік «ата қоныс», «атамекен», «кіндік қаны тамған жер» сияқты ұғымдарға деген көзқарасы арқылы көрінеді. Қазақ жұрты кіндік қаны тамған жерін, ата-баба әулетінің мейіті жатқан жерін ерекше қастерлеп, оны тастап кетуді өлім санайды. «Ата қоныс», «атамекен» - қазақ үшін киелі жер. Көшіп-қонып жүрген жерлерінің тауы мен тасы, даласы мен орманы, өзен-көлдері қазақ үшін қымбат болғанымен, өзі өскен, өнген жер әр қазақ үшін – киелі, қасиетті. Атасының оң-солын танып келе жатқан немересіне алдымен туған жерімен, құтты қонысымен таныстыруы – осының айғағы. Жылдың әр мезгілінде ауылдың қайда, қалай көшетінін, суды қайдан ішетінін, жеті атасын, елдегі даңқты адамдардың ерлік хикаяларын, жер-су аттарын баланың санасына сіңіре білген. Қазақ халқы аңыз-әңгімелерінде, өлең-жырларында да өзінің атамекенін, ата қонысын ерекше суреттейді. Елін сүйген ерді мадақтап, «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деуінде әрі философиялық, әрі патриоттық сарын бар.
Қазақ философиясының тағы бір өзіндік ерекшелігі – ана тіліне, сөз өнеріне деген көзқарасы. «Өнер алды қызыл тіл» деп ұққан халқымыз би-шешендердің өсиет сөздерін, ақын-жыраулардың термелерін жазу-сызусыз жадында сақтап, біздің заманымызға жеткізді. Халқымыз ұлттық философиясында сөздің тәрбиелік құдіретіне де ерекше мән беріп, «Жүйелі сөз жүйесін табар», «Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле», «Көп сөз – көмір, аз сөз – алтын» деп, философиялық ой топшылаған.
Тіршіліктің тұтқасы – төрт түлік мал деп ұққан халқымыздың ұлттық философиясындағы тағы бір ерекшелік көшпелі өмірмен байланысты. Төрт түлікті қадірлеу қазақ үшін өмір заңы болып есептелген. Қазақ үшін малдан айрылу – шыбын жаннан айрылумен пара-пар болған. Осымен байланысты малға қатысты салт-дәстүрлердің, мақал-мәтелдердің, ертегі-әңгімелердің халық ауыз әдебиетінде орасан көп болуы – заңды нәрсе. Наурыз тойы, күздікке, соғымға шақыру, ерулік, бие байлау, т.б. толып жатқан ырымдар, жол-жоралғылар халық өмірінің малмен біте қайнасуынан туған.