Жазықова М.Қ. Этнопедагогика



бет45/97
Дата27.11.2023
өлшемі497,09 Kb.
#128670
1   ...   41   42   43   44   45   46   47   48   ...   97
Байланысты:
Этнопедагогика Оқу құралы - соңғы

Ұлттық психология төмендегідей компоненттерден тұрады: ұлттық әдет-ғұрып пен салт-дәстүр, ұлттық сана-сезім, ұлттық талғам және ұлттық мінез.
Халықтың игі әдеттері дағдылана келе әдет-ғұрыпқа, ал әсерлі әдет-ғұрыптар салт-дәстүрге өтеді. Ұлттық әдет-ғұрып пен салт-дәстүрлер – тұрақты мәдени, әлеуметтік, тұрмыстық нормалар. Игі әдеттердің өмір қолданысына айналуы – әдет-ғұрып, оның біржола өмір заңдылығына айналуы салт-дәстүр деп аталады. Әдет-ғұрып ұзақ тарихи мерзімде біртіндеп қалыптасып, халықтың санасына сіңеді, сөйтіп сол халықтың ұлттық болмысын құрайды және оны басқа этностардан ерекшелендіреді. Қазақ әдет-ғұрыптарын олардың қоғамдағы атқаратын қызметіне қарай отбасылық және қауымдық-қоғамдық ғұрыптар деп үлкен екі топқа бөлуге болады. Отбасылық ғұрыптар белгілі бір отбасы, жақын туыстар арасында өткізіледі, оған баланың дүниеге келуі, ер жетуіне, өлген адамды аттандыру, т.б. жағдайларға байланысты әдеттер жатса, қоғамдық-қауымдық ғұрыптар – жалпы қоғамдық мәні бар, бүкіл қауым болып өткізілетін әдеттер болып табылады. Оған құрбан айт, ораза айт, наурыз сияқты мерекелер жатады.
Салт дегенімізхалықтың әдет-ғұрыптарына, тіршілік кәсібіне, наным-сеніміне, өмірге деген көзқарасына байланысты қалыптасып, ұрпақтан ұрпаққа ауысып отыратын дәстүрдің бір түрі. Ұлттық дәстүр дегеніміз – тарих барысында қалыптасып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып отыратын әдет-ғұрыптар, қоғамдық тәртіп, заң, рәсімдер мен жоралғылар, ырымдар мен тыйымдар, түрлі сенім-нанымдар түрінде өмірде қолданыс тауып келетін мінез-құлық қалыптары. Дәстүр – қолданбалы іс-әрекет, ол ешкімнің нұсқауынсыз еркін орындалады. Мысалы, қазақ халқында бала тәрбиесіне байланысты: шілдехана, бесік тойлары, тұсау кесу, сүндетке отырғызу тойлары; үйлену мен үй болуға байланысты: құда түсу, келін түсіру; өлген адамды жерлеуге байланысты: қоштасу, естірту, көңіл айту, жұбату, т.б. салт-дәстүрлер бар. Олардың бірі дамып, толысып отырса, екіншілері өмірдің өркениетті дамуы нәтижесінде жоғалып, ал үшіншілері жаңа заманға бейімделіп өзгеріп, жаңарып отырады. Мысалы, қыз ұзату мен үйленуге қатысты салт-дәстүрлердің «әмеңгерлік», «атастыру» сияқтылары қазіргі уақытта мүлдем жойылды деуге болады.
Салт-дәстүр сабақтастығы ұлттар арасындағы қарым-қатынаспен тығыз байланысты. Бір ұлтта бар салт-дәстүр, ұлттық ою-өрнек, тағам, спорттық ойын түрлері екінші бір ұлтта да белгілі ұқсастықпен және өзіндік ерекшелігімен көрініс береді. Мысалы, қазақтардың көкпар тарту ойыны кейбір өзгешелігімен көрші өзбек, түркімен, қырғыз, монғол, ауған елдерін де кездеседі. Киіз үй тігу көшпелі халықтардың бәріне ортақ. Алайда оның құрылысында, ою-өрнек әшекейінде әр ұлтқа тән ерекшелік белгілер байқалады. Жалпы айтқанда, әр ұлттың төл мәдениетін, салт-дәстүрін, тілін дамыту, жаңғырту мәселесі бүгінгі таңда қандай өзекті болса, әр халықтың ұлттық ерекшелігін зерттеу мәселесі де күн тәртібінен түспеуі керек. Ғұлама ғалым-дәрігер Әбу Әли Ибн Синадан: «Дәрігерлік емдеу қасиетіңізді Сіз кімнен үйрендіңіз?» деп сұрағанда, ол: «Тәуіптіктің киелі күшін анамның аялы алақанынан, жібектей әуенінен үйрендім», - деген екен. Шындығында солай болар. Жылап отырған баласын анасының қолына алып, аялы алақанымен басынан сипап, ыңылдап ән салып, ұйықтатуын дәрігерліктің басы – жүрек сезімінің күші деп білу керек. Ежелгі грек философы Платон: «Кімде-кімнің үйінде қартайып отырған әке-шешесі «қонағы» болса және үй иесі оларға дұрыс қарап, қамқорлық жасаса, ана-анасы олардың отбасының құты болып табылады», - деген екен. ХVIII ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген Ақтамберді жыраудың еңбектеріне назар аударсақ, осы Платон пікірімен үндесіп, тіпті соны қайталап жатқан жерлерін көптеп көруге болады. Сондай-ақ халқымыздың ауыз әдебиеті үлгілері «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», Ер Тарғын», «Қырымның 40 батыры» сияқты батырлар жырларында үлкенді сыйлау салты жан-жақты көрсетілген. Олай болса, ата-ананы құрметтеу салтының біздің халқымыздың қанында барлығын дініміз де, салтымыз да, жырымыз да, әніміз де, күйіміз де дәлелдей түседі.
Ұлттық сана-сезім арқылы әр этнос «мен – олар» жүйесін түсінеді. Әдетте, материалдық және рухани мәдениет саласының алуан түрлілігіне қарай тілде, мәдениетте, дінде, халық шығармашылығында, отбасы тұрмысында, әдептілік ережелері мен әдет-ғұрпында айырмашылықтар туындайды. Осыған орай әр ұлт өкілі өзінің осы қауым адамдарына тиістілігін саналы ұғынады, өзінің ұлтының мәнін түсініп, оған деген махаббатын өмір бойы сақтайды, оның жетістігін бағалап, мақтаныш етеді, ұлттық қызығушылықтар мен қажеттіліктерді саналы ұғынады.
Олай болса, салт-дәстүр мен құндылықтардың ұлттық жүйе ретінде сіңісіп, біржола заңдастырылуы ұлттық сана деп аталады. Ұлттық санаға сіңіп, қалыптасқан салт-дәстүрлер мен құндылықтар сол ұлттың ой-санасының дәрежесін көрсетеді.
Адамзат қоғамының даму сатыларын зерделейтін болсақ, қоғамдық дамудың алғашқы сатыларында-ақ тәрбиелік ой-сананың орын алғаны көрінеді. Ол негізінен көне ежелгі наным-сенімдерде көрініс тапқан. Оны ғылым тілінде халық педагогикасының синкреттік (толық дамыған) белгісі деп атайды. Халықтың тәлімгерлік тәжірибесі оның синкреттік белгілеріне қарай екі салаға жіктеледі: идеологиялық және жанрлық синкретизм. Мұның алғашқысы тәрбиелік ой-сананың мифтік ұғымдардан ажырамай, рулық-тайпалық деңгейдегі көрінісін білдірсе, келесі түрі оның көне ұғымдардан бөлініп, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ырым, кәде, жол-жоралғы, т.б. жанрлық салаларға жіктеле бастағанын көрсетеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   41   42   43   44   45   46   47   48   ...   97




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет