2.4 Қазақ этнопедагогикасының заңдары мен заңдылықтары Заңдар – қатаң белгіленген заңдылықтар. Заңдылықтар – аяғына дейін танылмаған заң (немесе әрекет шегі және формасы анықталмаған).
Ғылыми заңдар - құбылыстар, үрдістер және ішкі, тұрақты және қажетті байланыстағы жүйе. Олар шынайы құбылыстардың өзара объективті, қолда бар қажетті, жалпы, тұрақты және қайталанатын (белгілі бір жағдайда) қолданыстары.
Жалпыпедагогикалық заңдылықтардың ықпал аймағы тәрбие үдерісінің барша жүйесіне әсер етеді және оның аса маңызды бірліктері арасындағы байланыстарды анықтайды.
Жалпыпедагогикалық заңдар:
Дамудың қозғаушы күші – қарама-қарсылықтардың (ішкі, сыртқы, жалпы және жеке) күресі;
Тұлғаның дамуы ішкі және сыртқы жағдайлармен өзгереді;
Тұлғаның дамуы үш фактормен анықталады: тұқым қуалаушылық, орта, тәрбие;
Даму тұлғаның іс-әрекеті үдерісіне өтеді;
Шынайы өмірде тәрбиеленеді.
Этнопедагогикалық заңдар:
Адамгершілік – этникалық заңдар;
Дәстүрді тәрбиелеу заңдары;
Этноәлеуметтік рөлдердің заңдылықтарын орындау.
Практикадағы қазақ этнопедагогикасының заңдары:
Этникалық мәдениет заңдары;
Шариғат заңдары;
Азаматтық-құқық заңдары;
«Жеті ата» заңы;
Салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар жүйесі.
Этникалық мәдениет заңдары – мәдени элементтер мен құралдардың жиынтығы. Онда этникалық ерекшелік және қызмет сақталады. Этникалық мәдениет белгілі бір тайпаға, ұлтқа, халыққа тән. Ол арқылы басқа халықтар этностың біртұтастығын, ерекшелігін және даралығын таниды. Этникалық мәдениетке белгілі бір этнос өкілдері қалдырған барлық заттай және рухани мәдениеттердің жиынтығын жатқызуға болады. Бұл мәдениеттің қалыптасуына табиғи орта, тіл, дін, этноним өзіндік әсер етеді. Өз мәдениеті арқылы әр этникалық қауымдастық әлемдік өркениетке өзіндік үлес қосады.
Осы тұрғыдан алғанда қазақ халқының этникалық мәдениет заңдылықтары да көп ғасырлық дамудың нәтижесінде жинақталғанын атап айту керек. Этникалық мәдениет – этностық құндылықтар, рәміздер мен наным-сенімдердің, мінез-құлық үлгілерінің жиынтығы ғана емес, сол ұлттың рухани өмірінің басқаларға ұқсамайтын кескін-келбеті. Қазақтың имандылық, мейірімділік, ізеттілік, инабаттылық, меймандостық, қонақжайлық қасиеттері ұлттық мәдениеттің айқын белгілері болып табылады.
Шариғат заңдары – дұрыс, тура жол, беделді билік арқылы орындалуы міндеттелген заң, нұсқау – мұсылмандардың иманын айқындап, адамгершілік мұраттиары мен діни ожданын қалыптастыратын, оның мінез-құлқын реттеуші нақты өлшемдер бастауы болып табылатын, Құран мен сунналар арқылы пысықталған нұсқаулар жиынтығы. Исламдық дәстүр шариғат ұғымын дінге сенушілерді адамгершілік кемелдікке, пәнилік рақатқа жеткізіп, жұмаққа алып баратын, Аллаһ сызып берген төте жолды бейнелеу үшін қолданумен байланыстырады. Ислам идеологиясында шариғат терминдері әрбір мұсылман басшылыққа алуға тиісті және мұсылман ниетінің тазалығын бағалау үшін Аллаһ белгілеген өлшемдерге қатысты қолданылады. Ал бұқаралық түсінікте ол исламдық өмір салтын біріктіретін жалпыға ортақ исламдық мінез-құлық ережелерінің жиынтығы болып табылады. Мұндай кең мағынада шариғат заңдарын діни заң деп те атайды.
Шариғат соты төрт ұғымның басын біріктіреді: Қасиетті Құран кәрім, Пайғамбардың (с.ғ,с) сөздері мен істерін талдайтын дәстүрлі ережелер жиынтығы – сүннет, мұсылман ғалымдарының пікірлері – Иджма және мұсылмандардың өмірлік құбылыстарын сәйкесінше талдау – қияс. Шариғат заңдары қоғамдағы ең ауыр, ең әділ жаза болып есептеледі. Мысалы, зинақорларға дүре соғу, жерге көму, тас ату, есірткі заттарын тасығандарды өлім жазасына кесу, т.б. Зайырлы мемлекет ретінде Қазақстан Конституция заңдарын басшылыққа алады.
Азаматтық құқық заңдары – азаматтық заңдарда көрініс тапқан мүліктік және мүліктік емес қатынастармен байланысы бар жеке қатынастарды реттейтін нормалар жинағы. Бұл нормалар азаматтық-құқықтық заңнамаларда көрініс тапқан. Нарықтық қатынастар кең етек алған елдерде Азаматтық кодекс екінші Конституцияға теңестірілген. Азаматтық құқықтың қағидаларына тараптардың теңдігі, шарт еркіндігі мен таңдау құқығы, еркіндік, тәуелсіздік, меншікке қолсұқпаушылық, біреудің жеке ісіне келісімсіз араласпау, азаматтық құқықтардың еш кедергісіз жүзеге асырылуы, бұзылған құқықтарды қалпына келтіруді қамтамасыз ету жатады.
«Жеті ата» заңының қазақ қоғамындағы орны қашан да ерекше болған. Қазақ қоғамының күрделі этникаішкілік әлеуметтік құрылымы ХУІІІ-ХІХ ғасырларда жүзге және ру-тайпаларға бөліну түрінде жалғаса түсті. Этникаішілік әлеуметтік құрылым үш жүзден құралды: Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз. Әр жүздің айқын белгіленген өз аймағы болды. Мысалы, Ұлы жүз қазақтары Қазақстанның оңтүстік-шығыс және оңтүстік аймағын мекендесе, Орта жүз өкілдері орталық, солтүстік, солтүстік-шығыс өңірлеріне иелік етті. Ал Кіші жүз қазақтары бүкіл батыс Қазақстан аумағын қоныстанды. Әр жүз бірнеше руға бөлінді, ал рулар өз кезегінде көп рулық аталықтарды біріктірді. Қазақ рулары – қазақ халқының негізін құраушы тарихи қалыптасқан бірлестік, бір атадан өрбіген туыстас адамдардың жиынтығы. Жүздердің құрылуына негіз болған нәрсе туыстас жеке рулар мен тайпалардың одақтарға бірігуі болды. Ең маңызды белгілері: қандық туысқандық сезім; бірлік пен достық сезім; өзара көмектесу; үлкендер мен ата-баба рухын құрметтеу; салт-дәстүрді сақтау.
Қазақ руларын бір тудың астына біріктіру құралының негізгісі шежіре болып табылады. «Жеті атасын білмеген – жетесіз», «Жеті атасын білген ер жеті рулы елдің қамын жер, жалғыз өзін білген ер құлағы мен жағын жер» деген сөздер қазақ халқының шежіре мәселесіне ерекше назар аударғанын көрсетеді. Жеті атасының арғы, бергі шежіресін жаттап өскен азамат өз тегінің, отбасының, ата қонысының, Отанының белді мүшесі екенін біліп түсініп, халқының ертеңі үшін алаңдайтын кемел тұлға болып қалыптасары анық.
Жеті ата – қазақтың дәстүрлі салт-санасындағы адамның ата жағынан тегі таратылуының нақтылы жүйесі. Бала өзінен бастап, жеті атасының нақтылы есімдерін кішкентайынан жаттап өседі. Бұлардан туған ұрпақтар бір атаның балалары саналады. Ағайындықтары жеті атаға толмай, жақын-жуықтар бір-бірінен қыз алыспайды. Ататек атаулары төмендегідей: ата, әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене. Бұдан әрі туыстық атаулар жүрежат, туажат, жұрағат, жат жұрағат, жегжат, жамағайын болып кете береді. Соңғы түйіндеуші буын ру есіміне тіреледі. Өзінің жеті атасын білу әрбір азамат үшін міндетті болған және сол білігі арқылы ол өз халқының дәстүрін жалғастырып отырған. Бұл қазақтардың этникалық ерекшелігін танытады және оның қиын-қыстау кезеңдерде тегінен көз жазып қалмауына, басқа халықтармен ассимиляцияға түсіп кетпеуіне себепші болған. Жеті атасын тарата білу арқылы әркім көрші рулармен байланысын білген, сөйтіп, бүкіл қазақтың біте қайнасқан туыстығына көзі жеткен. Жеті аталық ұстаным қазақ халқының этнобиологиялық, этномәдени, рухани тұтастығын табиғи түрде қамтамасыз еткен. Жеті атасын, руын, жүзін білген соң кез келген қазақ кең байтақ даласының қай өңірінде жүрсе де, өзін алып бір отбасының мүшесіндей сезінген. Нәтижесінде біртұтас отбасы секілді ұлттың біртұтас зердесі қалыптасып, жер басып жүргендер ғана емес, баяғы ата-бабалар да тірілердің санатында тірлігін жалғастырған. Жеті аталық ұстаным бабалар рухы алдында әрбір қазақ пен бүкіл қазақтың іштей жауапкершілік сезімін оятқан. Осы ұстаным аясында қазақ өмірінің моральдық кодексі, салт-дәстүрі мен тыйым-жораларының негізі қаланған. Жеті ата ұстанымы бүкіл халықтың бойында еш мәжбүрлеусіз мейлінше тегіреуінді рухани бірлік сезімін терең сіңірді. Ол этникалық тұтастықтың қуатты арқауы, темірқазығы болып табылады.
«Жеті ата» принциптеріне негізделген, жеті ұрпаққа дейінгі туысқандар мен туыстардың генеалогиялық белгілі тобын біріктірген бұл құрылым дәстүрлі қазақ қоғамының тіршілігінің әмбебап әрі ең тиімді формасы болды. Саны жағынан жеті ұрпақтық мөлшерден асқаннан кейінгі жаңа қауымдық құрылымның бөлініп шығуы – көшпелі этноэкожүйесіндегі материалдың және табиғи ресурстарды мейлінше тиімді игеруге әрі пайдалануға байланысты этникалық ұжымды ұйымдастырудың ғасырлар бойы қалыптасқан институтының тәсілі.
Сонымен, халқымыздың ұлттық тәлім-тәрбиесі қазақ этнопедагогикасы негізінде беріліп, жүзеге асады. Ал ұлттық тәрбие алған ұрпақ дені сау, білімді, ақылды, адамгершілікті, иманжүзді, сұлу да сымбатты, халқын, елін, туған жерін, оның табиғатын сүйетін ұлтжанды, ата-бабамыз армандаған «Сегіз қырлы, бір сырлы» кемел адам болып өседі. Сондықтан да қазақ этнопедагогикасын болашақтың педагогикасы, болашақ ізгілікті қоғамның педагогикасы деуге болады.