Жазықова М.Қ. Этнопедагогика


В.А.Сухомлинский тәжірибесіндегі халықтық педагогика



бет32/97
Дата27.11.2023
өлшемі497,09 Kb.
#128670
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   ...   97
Байланысты:
Этнопедагогика Оқу құралы - соңғы

7.5 В.А.Сухомлинский тәжірибесіндегі халықтық педагогика
Көрнекті кеңес педагогы В.А.Сухомлинскийдің (1918-1970 ж.ж.) кең тараған еңбектерінің ішінде “Балаға жүрек жылуы”, “Азаматтың қалыптасуы”, “Коллективтің құдіретті күші”, “Павлыш орта мектебі”, “Мұғалімдерге жүз кеңес”, “Мектептің жас мұғалімімен әңгіме”, т.б. ерекше атауға болады. В.А.Сухомлинский дәстүрдің, фольклордың, табиғаттың тәрбиелік ықпалы мәселелерін терең және жан-жақты талдады. Ғалым баланы ізгі жүректі азамат етіп тәрбиелеуде ертегі айтудың, ойын ойнаудың, табиғатты тамашалаудың маңызы зор екенін атап көрсетті, сол арқылы олардың ой-қиялын өсіруге баса көңіл бөлді, осы бағытта өзі де балаларға арналған шағын әңгімелер, аңыздар мен ертегілер жазып қалдырды. Сухомлинский ертегілерінде балаларға ақыл айтпайды, олар негізінен сұрақпен аяқталады. Бұл өз кезегінде балалардың адамгершілік тұрғыдан таңдау жасауына мүмкіндік беріп, осыған ұқсас жағдайдағы өз әрекетін талдауға, таразылауға мүмкіндік береді. Мысалы, «Әке қарындашы» («Отцовский карандаш») ертегісінде қатардағы жауынгердің ұлы – жағымды кейіпкер. Ол әкесінің соғыста хат жазған карындашына құрметпен қарап, «Анашым, мен де әкем сияқты Отанымның адал ұлы боламын деп ант беремін» дейді. Ал жағымсыз кейіпкерлер – совет жеріне басып кірген фашистер екені анық. «Менің кілем-ұшағым болса...» («Если бы у меня был ковёр-самолёт…») ертегісінде әңгімеші адамдарға қамқорлығы арқасында жағымды кейіпкер ретінде көрінеді. Ол жақын адамдары үшін таудың басынан кілем-ұшақпен барлық аурулардан жазатын сиқырлы гүл әкелуге дайын. Ал «Жолды басып тастапты» («Протоптали дорожку») әңгімесінде мектепке бара жатқан балалардың жалғызбасты Мария әженің қар басқан ауласын көруі және оның үйінен құдыққа дейінгі жолын тазалап бергеннен кейін ғана мектепке әрі қарай кетуі сөз болады. Барлық ертегілерде жағымды кейіпкермен қатар жағымсыз кейіпкердің болуы – өмір шындығы. Жазушы шығармаларының бір тобы қысқа миниатюралардан құралған. Мысалы, «Саңырауқұлаққа барғанда» («За грибами») әңгімесінде екі жағымды кейіпкер бар; бірі – үшінші сынып оқушысы Федя және оның сыныптасы Аленка. Әңгімеде Федя бірде-бір саңырауқұлақ жинамаған табыссыз кейіпкер болып көрінгенімен, балалар оны төзімді және қайратты бала деп есептейді. Аленка туралы олардың пікірі қиын кезде сыныптасына көмекке келген мейірімді қыз ретінде көрінеді. В.Сухомлинский өз әңгімелерінде мектеп оқушыларының жас ерекшеліктеріне сәйкес келетін маңызды мәселелерді қозғап, оларға ғибраттық мағына береді. Мысалы, «Інілі болдым» («Братик родился») әңгімесінде педагог отбасында екінші баланың дүниеге келуі сияқты өзекті мәселені көтеріп, аз ғана тіркес арқылы бірінші баланың толғанысын суреттейді және Күн арқылы оған қажетті ақылды кеңес береді. Оқушылар шығарманы талдау барысында қыздың анасы мен інісіне деген сүйіспеншілігін атап көрсетеді, екі кейіпкерді де жағымды деп есептейді. В.А.Сухомлинскийдің барлық әңгімелері диалогқа құрылған және оның тәрбиелік мәні жоғары. Әдетте, бір жағымды кейіпкер екіншісін үйретеді. Бала жалпылық және жекелік, құбылыс және негіз туралы әмбебап ұғымдарды ойын арқылы меңгере бастайды.
Ұлы ғалым еңбектерінде педагогтың кәсіби қызметіне шығармашылықпен қарау мәселесі де басты орын алған. Өзінің “Мектептің жас директорымен әңгіме” еңбегінде педагог былай деп жазды: “Егер педагогикалық еңбек мұғалімге қуаныш әкелсін десеңіз, егер күнбе-күнгі өткізілген сабақтар жалықтыратын, бірсарынды қайталанып отыратын жұмысқа айналмасын десеңіз, әрбір мұғалімді зерттеудің бақытты жолына жетелеңіз”. Ал “Балаға жүрек жылуы” еңбегінде ол балаларды үйлесімді дамытуға бағытталған тәрбиешінің жұмысының жемісті болуы әрбір баланың рухани өмірі мен даму ерекшеліктерін терең білгенде ғана мүмкін екендігін айқын көрсетіп берді. В.Сухомлинский халықты педагогикалық даналықтың нағыз тірі құралы деп түсінді. «Білім беру мен оқыту - органикалық талдаудың көзі, дамыған сезім мен ақылдың бірлігі, халық пен адамның үзіліссіз білім алуының қалыптасқан сұранысы», - деп атап көрсетті. В.А.Сухомлинский ұлтаралық қатынастың басты қағидалары ретінде төмендегілерді атап көрсетті: адамға, оның тазалығына сен; ойланбай айтылған, суық сөз күдік тудырады – осыны біл; жамандық пен адами әлсіздікті шатастырма, зұлымдыққа қарсы тұр; басқа адамның беделін төмендетпе; «біз» деген ұжымшылдық ұғымы барлық қоғамның құндылығы болып табылады.
В.А.Сухомлинскийдің педагогикалық көзқарасының қалыптасуына танымал поляк педагогы Я.Корчактың ықпалы ерекше болды. Оның “Баланы қалай сүюге болады” (1920), “Қашан мен қайтадан кішкентай боламын” (1926) сияқты еңбектерімен В.А.Сухомлинский соғысқа дейін таныс болған. Я.Корчак фашистік концлагерлерінің бірінде 1942 жылы тамыз айының бас кезінде жетімдер үйінің тәрбиеленушілерімен бірге қайтыс болды. Өзінің өмірін сақтауға болар еді, оған бірнеше рет қашуға ұсыныс түскен болатын. Бірақ ол өзіне шексіз сенген балаларды сатып кете алмады. Я.Корчак газ толтырылған камерада өлім азабының соңғы минуттарында балалармен бірге болды. Адамгершіліктің ең жоғарғы өлшеуі болып табылатын Я.Корчактың ерлігін В.А.Сухомлинский соғыстан кейін білді. “Януш Корчактың өлімі, оның ерлігі мен үшін ерекше адамгершілік күш пен тазалықтың белгісі болып табылады», - деп жазды ол. В.А.Сухомлинский өзіне дейінгі ұлы педагогтар негізін қалаған гуманистік дәстүрдің лайықты ізбасары бола білді. Ол басқарған Павлыш мектебіндегі жазалаусыз тәрбие бүкіл педагогикалық ұжымның қағидасы болып табылды. “Мен он жыл өзімнің тәрбиеленушілерімді жазалаусыз тәрбиеледім және олар танымал адамдар болып шықты,” – деп жазды ол. В.А.Сухомлинский баға туралы айта келіп, оны тек жоғары сыныптарда қою керек деп есептеді. Сухомлинскийдің айтуынша, барлық балалар 1-сыныпқа бір ғана мақсатпен - жақсы оқу үшін келеді. Баланың оқудағы жетістігі, оның күн сайын алға басқан қадамы оған күш-жігер береді. Қанағаттанарлықсыз баға қою баланың жүрегін жаралайды, психологиясына әсер етеді, өзіне деген сенімін жоғалтады деп есептеді. В.А.Сухомлинский төрт жыл бастауыш сыныпта жұмыс істегенде бірде-бір рет қанағаттанарлықсыз баға қоймаған, бірде бір бала екілікпен жазаланбапты. Бағаны ұстаз жазалау құралы ретінде емес, әруақытта оптимистік еңбегі үшін марапат деп түсінді.
Қорытындылап айтқанда, барша замандарда баланы оқыту мен тәрбиелеу ісінің дамуына үлес қосқан тамаша ойшылдар халық педагогикасының адамдардың рухани жəне тəн-дене дамуында шешуші роль атқарғанын атап айтады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   ...   97




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет