М.Жұмабаев (1893-1938 ж.ж.) – ақын, аудармашы, ұстаз-ғалым. Ол тәрбиенің ұлттық ерекшеліктерін ескере отырып, тұңғыш рет қазақ тілінде «Педагогика» оқулығын жазды. Мұндағы автордың туған халқының тәлім-тәрбиелік бай мұрасын игеру жөніндегі бағыт-бағдары да ерекше: «Ұлт тәрбиесі – баяғыдан бері сыналып келе жатқан тақ тақ жол болғандықтан, әрбір тәрбиеші, сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиіс. Сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті», - дейді ғалым. Сондай-ақ ғалымның: «Бір ұлттың тілінде сол ұлттың жері, тарихы, тұрмысы, мінезі көрініп тұрады. Ұлттың тілінің кеми бастауы – ұлттың құри бастауы», - деген тұжырымы бүгінгі күні өз маңызын жойған жоқ. Сөйтіп, ол қазақтың халық педагогикасын ғылыми тұрғыда қарастырып, тұңғыш этнопедагогика ғылымының теориясын жасады. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында жоғарыда аталған алаштың біртуар ұлдары ғылымға негізделген халық педагогикасының алғашқы үлгілерін дайындаса, қазақ тіліндегі педагогикалык ғылыми-әдiстемелiк “Қазақстан мектебi” журналы (1925 ж.) да осы жылдары шығарылып, мұғалімдер қауымына ұсынылды. Мұнда мектеп мұғалiмдерi мен педагог ғалымдардың еңбектерi үнемi жарық көрiп отырды. Педагогикалық, психологиялық оқулықтар ана тiлiнде шығарылып, ғылыми терминдер қалыптасты. Сөйтiп, педагогика, психология және әдiстеме ғылымдары жеке ғылым дәрежесіне көтерілді.
Өкінішке орай, Кеңес Одағы кезiнде қалыптасқан педагогикалық тәжiрибелер “коммунистiк идеологияға” негiзделiп, “коммунистiк тәрбие беру” атты саяси-педагогикалық, диктатуралық жүйеге ұласты. 1935-1937 жылдары сталиндік жеке басқа табыну науқаны кезінде қазақ этнопедагогикасының іргетасын қалап, ғылым ретінде қалыптастыруда арнайы еңбектер жазып, зерттеу жұмыстарымен айналысқан А. Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Х.Досмухамедов, М. Дулатов сынды алаш азаматтары «ұлтшыл» деген атпен қуғынға ұшырады. Көпшілігі түрмеге жабылып, жер аударылды, ал олардың еңбектері пайдаланудан алынып тасталды. Осымен байланысты ұлт мәдениетін зерттеу ісі 1940-1970 жылдарлың арасында тоқырауға ұшырады. Балалар мен жастарға жан-жақты тәрбие беруде үлкен жауапкершiлiктi мойындарына алған пионер-комсомол ұйымдары негiзiнен коммунистiк тәрбие принциптерiне сүйендi. Қазақ мектептерi, негiзiнен, ауылдық жерлерде орналасқандықтан, оның материалдық-техникалық базасына көп мән берiлмедi. Мектептегi оқу-тәрбие жұмысының бағдарламалары, әдiстемелiк нұсқаулар ұлттық тәлiм-тәрбиенiң ерекшелiктерiмен санаспаған, орыс тiлiнде жазылған еңбектердiң аудармалары арқылы жүзеге асырылды. 1941-1945 жылдардағы соғыстан кейiнгi уақытта жаппай орыстандыру мәселесi қолға алынды. Қазақстандағы тың жерлерді игеру ісі отаршылық принципке негiзделді. Мемлекеттiк басқару жұмыстары, iс қағаздары, қоғамдық жиындар бiрыңғай орыс тiлiнде жүргiзiлдi. Көптеген қазақ тілді бала бақшалар мен мектептер жабылып, орта арнаулы және жоғары оқу орындарындағы қазақ бөлiмдерi қысқартылды. Халық педагогикасы жөнiнде ғылыми-зерттеулер жүргiзуге шек қойылды. Ұлттық салт-дәстүрлердi дәрiптеу санадағы ескiнiң сарқыншағы деп бағаланды. Қазақ тiлiнде оқу-тәрбие жұмыстарына арналған әдiстемелiк нұсқаулықтар жазу назардан тыс қалды.
Осындай қиындықтарға қарамастан, өткен ғасырдың 70-жылдары бір топ ғалымдар КСРО халықтарының көне мәдениетін қайта жинау, зерттеу жұмыстарын қолға алып, этнопедагогика проблемаларымен айналыса бастады. Атап айтқанда, 1970-1990 жылдардың аралығында этнопедагогиканың даму заңдылықтары мен ұлттық тәлім-тәрбиенің өзіндік ерекшеліктерін, тәлімдік мәнін ашуда Ресейде - Г.Н.Волков, В.Ф.Афанасьев, Татарстанда - А.Г.Тайчинов, Чешенстанда - А.Г. Тамбиева, Әзірбайжанда - А.Ш.Гашимов, т.б. ғалымдар үлкен үлес қосты. Қазақстанда да Р.Г.Лембергтiң, А.П.Нечаевтың, И.Л.Стычинскийдiң, Т.Тәжiбаевтың, М.Ғабдуллиннің, Ә.Сембаевтың, Ә.Сыдықовтың, Қ.Бержановтың, Е.Суфиевтiң, А.Темiрбековтiң, А.Асылбековтың, Қ.Б.Жарықбаевтың, Т.Сабировтың, К.Құнантаеваның, М.Мұхановтың, А.Мәдиннiң, С.Мусиннiң, Ә.Б.Сейтешевтiң, Т.А.Умановтың, Н.П.Хмельдiң, А.Көбесовтiң, т.б. монографиялық еңбектерi жарық көрдi. Сөйтіп, 1970-2005 жылдарды С.Қалиев қазақ этнопедагогикасы дамуының үшінші - қайта жандану кезеңі деп атап көрсетеді. М.Ғабдуллиннің «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» (1974), Б.Адамбаевтың «Халық даналығы» (1976), М.Әлімбаевтың «Халық – қапысыз тәрбиеші» (1977), Қ.Жарықбаевтың «Аталар сөзі – ақылдың көзі» (1980), С.Қалиевтың «Халық педагогикасының ауыз әдебиетіндегі көрінісі» (1987), «ХУ-ХІХ ғасырлардағы ақын-жыраулар поэзиясындағы педагогикалық ойлар» (1990), Б.Момышұлының «Соғыс психологиясы» (1990), т.б. еңбектерде ұлттық тәлім-тәрбиенің ауыз әдебиеті үлгілерінен, ақын-жыраулар поэзиясы мен халықтың салт-дәстүрлерінен, шешендік өнерден орын алуы арнайы cөз етілді.
Сегiзiншi кезең – тәуелсiз Қазақстандағы ұлттық тәлiм-тәрбиенiң өркен жаю
кезеңі (1991 жылдан қазіргі уақытқа дейін). Жалпы, қазақ этнопедагогикасының теориялық негіздері С.Қалиев, Қ.Жарықбаев, С.Ұзақбаева, Қ.Бөлеев, К.Қожахметова, Ш.Т.Таубаева, М.Х.Балтабаев, Ш.Б.Құлманова, Қ.Қ.Шалғынбаева, С.Ж.Піралиев, т.б. ғалымдардың зерттеулерімен толықтырылып, айқындалды. Қазақ этнопедагогикасы ғылымның негізін қалаушылардың бірі профессор С.Қалиев: «Қазақ халқының даралығы ой толғаныс қазынасында, ұрпақ тәрбиелеу тәсілдері мен салт-дәстүр ерекшелігінде», - деп тұжырымдайды. Ал профессор К.Қожахметова: «Әрбір мектеп адам тәрбиелеуді жалпы міндет тұтса, алдымен оны белгілі елдің азаматы қылып, сол қоғамның талабына сәйкес тәрбиелеуге міндетті. Мектептің бағыты сол ұлттың мінезі мен жалпы бағытына тәуелді болуға тиіс», - дейді. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары жарық көрген «Қазақтың салт-дәстүрлері» (С.Қалиев, М.Смайылова, М.Оразаев), «Мектептің ұлттық тәрбие жүйесі» (Қ.Қожахметова), «Қазақ этнопедагогикасын оқытудың әдістемесі» (Ә.Табылдиев), «Болашақ мұғалімдерді оқытудағы ұлттық тәрбие беруге дайындаудың теориясы мен практикасы» (Қ.Бөлеев), «Ұлттық тәрбие», «Ұлттық тәрбиенің патриоттық мазмұны» (С.Пірәлиев), т.б. ғылыми-практикалық еңбектерде қазақ этнопедагогикасы жөніндегі ғылыми ой қорытындыларының практикадағы нәтижелері көрсетілді. Еліміз егемендік алған тұстан бастап мемлекет тарапынан ұлттық тәрбие беру мәселесіне арналған бірнеше тұжырымдамалар мен құжаттар шығарылды. Олар: «Қазақстан Республикасында гуманитарлық білім беру Тұжырымдамасы», «Қазақстан Республикасында жалпы орта білім білім беретін мектептерінің Тұжырымдамасы», «Мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалардың тәрбие Тұжырымдамасы», «Тәлім-тәрбие Тұжырымдамасы», Қазақстан Республикасының «Білім туралы Заңы», Қазақстан Республикасының «Жоғары білім туралы Заңы», Қазақстан Республикасының «Тіл туралы Заңы», «Қазақстан Республикасындағы этникалық-мәдени білім тұжырымдамасы», Қ.Жарықбаевтың, М.Құдайқұловтың, А.Нысанбаевтың, Р.Башаровтың дайындауымен жасалған «Қазақстан Республикасында жалпы орта білім беретін мектептерінің Тұжырымдамасы». Сонымен қатар соңғы жылдары халық педагогикасының қағидаларын оқу-тәрбие жүйесіне енгізуге арналған «Қазақтың салт-дәстүрлері» (М.Смайылова, М.Оразаев), «Қазақтың тәлім-тәрбие тарихы» (Қ.Жарықбаев, С.Қалиев), «Елім-ай» (М.Балтабаев), «Балбөбек» (Б.Баймұратова, М.Сәтімбекова, т.б.), «Атамекен» (М.Құрсабаев), «Кәусар бұлақ» (З.Ахметова), «Әдеп әліппесі» (Ә.Ашайұлы, С.Қалиев) сияқты бірнеше бағдарламалар дайындалды. Ы.Алтынсарин атындағы Қазақтың білім проблемалары институты жанынан этнопедагогика және тәрбие зертханасы ашылып, 1994 жылдан бері ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып келеді. Сол жылы осы институт даярлаған «Қазақтың тәлімдік ой-пікірлер антологиясының» (авторлары: Қ.Жарықбаев, С.Қалиев) қазақша-орысша томдары жарық көрді.
Қорыта айтсақ, бүгінгі таңда қазақ этнопедагогикасы мақсат-міндеттері анық, зерттеу объектісі айқын ғылымның жеке саласы болып табылады. Аталмыш ғылымның қажеттігі айқын, себебі ұлттық тәлім-тәрбие этнопедагогика негізінде беріліп, жүзеге асады. Ал ұлттық тәрбие алған ұрпақ дені сау, білімді, ақылды, адамгершілікті, иманжүзді, сұлу да сымбатты, халқын, елін, туған жерін, оның табиғатын сүйетін ұлтжанды, ата-бабамыз армандаған «Сегіз қырлы, бір сырлы» тұлға болып өседі. Сондықтан қазақ этнопедагогикасын болашақтың педагогикасы, болашақ ізгілікті қоғамның педагогикасы деуге болады.