2.2 Қазақ жыраулары шығармаларындағы халықтық педагогика Қазақ жыраулары шығармаларында халықтық тәрбие мәселесі қашан да ерекше орын алған. Қазақ хандығы (ХV-ХVIII ғ.ғ. аралығы) кезінде кең өріс алып, халық педагогикасының бастау бұлағына айналған жыраулар поэзиясы кейін қазақ даласының Ресей құрамына енуі (ХУІІІ ғасырдың аяғы) мен ХІХ ғасырдағы демократиялық-ағартушылық бағыттың дамуы тұсында да өрлей түскені анық. Профессор С.Қалиұлының жіктемесіне жүгінетін болсақ, жыраулар шығармашылығындағы тәлім-тәрбие мәселесі қазақ халық педагогикасы тарихының бесiншi, алтыншы кезеңдеріне сәйкес келеді. Нақтырақ айтатын болсақ, профессор С.Қалиұлы қазақ тарихындағы хандық заманды (ХV-ХVII ғ.ғ. аралығы) халық педагогикасы дамуындағы бесінші кезең деп деп қарастырса, алтыншы кезеңге Қазақстанның Ресейге қосылу кезi мен сол кезеңдегi ұлт-азаттық қозғалыстың етек алуын (ХVIII ғасырдан ХХ ғ. 20-ж. дейiн) жатқызады. Аталған кезеңдерде жыраулар поэзиясының ерекше дамып, халықтық тәрбиенің қайнар көзі ретінде алдыңғы орынға шығуын халық педагогикасының басты ерекшелігі деп атауға болады. Енді аталмыш замандарда өмір сүріп, өз шығармашылығында халықтық тәрбие мәселесіне ерекше назар аударған қазақ жырауларының шығармашылығына тоқталайық.
Тарихтан белгілі болғандай, Қазақ хандығының құрылуы ХIҮ-ХҮ ғасырларда Алтын Орда мемлекетi мен Ақсақ Темiр империясының өзара бақталастықтарының нәтижесiнде әлсiреп, ыдырай бастаған кезеңдерге тура келедi. Қазақ хандығы кешегi ата-бабаларымыз сақтар мен ғұндардың, ежелгi түркiлердiң, Шыңғыс хан мен Алтын Орда империяларының заңды мұрагерлерi болып саналады. Алтын Орда империясының ыдырауы Русь мемлекетiнiң отаршылдық бұғаудан босанып, өз тәуелсiздiгiн алуына әкелiп соқты. Шыңғысхан мен Алтын Орда империяларынан саяси тәжiрибе жинақтаған Русь мемлекетiнiң тәуелсiздiк алуы қайта өрлеу дәуiрiне (14-16 ғ.ғ.) дөп келдi. Тарихтың бұл бетi Шыңғысхан империясының тарихымен бiрге өрбідi. Бiр кезде Шыңғысхан, Бату, Жошы, Тоқтамыс, Ақсақ Темiр империясының отар елi болған Ресей кейiн сол империядан ыдырап, бөлiнiп шыққан халықтарды (Өзбек, Татар, Ноғай, Сiбiр (Көшiм), Қырым, Астрахан хандықтарын) өз империясының отар елiне айналдырды. Қазақ хандығы жаңа мемлекет болып қалыптасуы барысында (1470-1718 ж.ж.) 250 жылдай тәуелсiз ел болып, дербес өмiр сүрдi. Бiрнеше ауыр қасiреттердi, жойқын соғыстарды басынан кешiрiп, тiптi жер бетiнен жойылып кете жаздады.
Қазақ ұлтының дамуы мен қалыптасуына зор үлес қосқан Керей, Жәнiбек, Қасым, Есiм, Хақназар, Тәуекел, Тәуке, Ақтанбердi, Шал, Әнет, Төле, Қазыбек, Әйтеке, Әбiлқайыр, Абылай, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Райымбек сияқты хандар мен сұлтандар, билер мен жыраулар, батырлар мен ақындардың аттары қазақ тарихында ерекше аталады. Аузы дуалы ақылгөй жыраулар мен шешен билер жалпы жұртқа өнегелi сөздерiмен, өлең-жыр толғауларымен зор ықпал етiп, халықты ел болуға, берекелi бiрлiкке шақырып, қоғамдық өмiр сахнасына шыға бастады. Қазақ жырауларының толғау тебiренiстерi, билердiң шешендiк-қанатты сөздерi өзiнiң тәлiмдiк шарапаты жағынан ғана емес, рухани, эстетикалық, отаншылдық мәнi жағынан да аса маңызды болды. Жыраулар жауынгерлiк заманда хандар мен бектердiң, қолбасшы батырлардың ақылгөй кеңесшiсi болып, жорыққа бiрге аттанды, ру-тайпаларына басшылық еттi, сұрапыл қанды майдан көрiнiстерiн жырға қосты, ерлiктi мадақтады, шейiт болған батырларды жоқтап, ел қайғысын бөлiстi, халықпен кеңесіп отырды. Қазақтың халық педагогикасының ең алғашқы iргетасының қалана бастауына негiз болған Асанқайғының, Мұхаммед-Хайдар Дулати, Қадырғали Жалайыр, Қазтуған, Шалкиiз, Үмбетей, Сыпыра, Доспамбет, Бұқар, Жиембет, Марғасқа, т.б. көптеген ақын-жыраулардың шығармаларын атап өткен жөн.
Халқының қамын жеп, оның береке-бiрлiгiн, келешектегi бағытын, келер күнiн аңсаған Асан қайғы Сәбитұлы (XV ғ.) өз отандастарының алдағы тағдыры не болмақ деген толғаныспен күн кештi. Содан да болар, ел аузында оның есiмiне “қайғы” деген ат қосақталып, аңызға айналды. Ш.Уәлиханов «көшпенділер философы» деп атап кеткен Асан қайғы өз заманының үлкен ойшылы болған. Асан атымен айтылып, халық арасына тараған нақыл сөздер мен толғаулар қазақ халқының орта ғасырдағы тарихи-қоғамдық, рухани тілегімен байланысты болып келеді.
Мінезі жаман адамға,
Енді қайтып жуыспа.
Тәуір көрер кісіңмен,
Жалған айтып суыспа.
Ашу дұшпан, артыңнан,
Түсіп кетсең, қайтесің,
Түбі терең қуысқа... Ел қамын ойлап, көп толғанған жырау өз заманында қоғамдық өмірге үңіле қарап, халықтың тартып отырған ауыр азабын көріп қайғырады, сол кездегі қоғамдық өмірге наразы болады. Ол халықтың болашағын ойлап, бақытқа бөлеудің жолы «Жерұйыққа жету» деп тұжырымдайды. Асан желмаяға мініп желдіріп, Желмаяны іздеуді Ақ Ордадан бастап, жеті өзенге дейін сапар шегеді. Сарыарқаны аралап жүргенде айтқан тұжырымдары мынадай екен. Ұзын аққан Ертісті көргенде, жырау: «Мына шіркіннің баласы тойдым деп қарап отырмас, қарным ашты деп жылап отырмас. Сиырдың мүйізі, доңыздың құлағы шығып тұрған жер екен», - десе, Түндікті өзенін көргенде: «Он екі қазылық ой түндік, маңырап жатқан қой түндік. Қойдың құлағы тұтам шығып тұрған жер екен», - деп, тастап кетуге қимай, артына үш қараған екен. Содан таудың аты Үш қараған атанған екен. Баянауыл тауын көргенде Асан: «Ат ерін алмайтын жер екен. Бауырында тұзы бар екен, тұзы ауыр екен. Бір түн түнеп кетем деген адам бір жұма тоқтап қалады екен, тұзы жібермейді екен», - депті. Өлеңті өзенін көргенде, тоқтап, ештеңе айтпай, өлеңдете берген екен. «Неге үндемейсіз?» деген сұраққа, аз тұрып: «Өлеңтінің суы – май, Шідіртінің шөбі – май», - деп, жүре беріпті. Асан іздеген «жерұйық» - шұрайлы қоныс қана емес, елін, жұртын сыртқы жаулардан қорғайтын жол, жаңа қоғамның үлгісі, қазақ халқын тарих сахнасында сақтап қалу бағдарламасы. Жырау өзінің толғауларында заман жайлы философиялық пікірлерін де сарапқа салады. Халық қамын жеуді, құлқынның құлы болмауды адамгершіліктің үлкен парызы деп есептеген жыраудың соңында «Атаның баласы болма, адамның баласы бол», «Ашуды ақылға жеңгіз», «Көпшіл бол» сияқты ұлағатты сөздер қалған.
Жыраудың «Ойылда кеңес қылмадың» деп, елді бірлікке үндейтін толғауы оның елшілік қызметке жақын жүріп, іштей буырқануының көрінісі екені анық:
Қырында киік жайлаған,
Суында байлық ойнаған
Оймауыттай тоғай егіннің
Ойына келген асын жейтұғын
Жемде кеңес қылмадың,
Жемнен де елді көшірдің.
Ойыл деген ойынды,
Отын тапсаң тойынды.
Ойыл көздің жасы еді.
Ойылда кеңес қылмадың,
Ойылдан елді көшірдің... Асан қайғының осылай халық атынан толғауы сол халықтың ертеңіне деген алаңдаушылықтан туғаны анық. Жырау толғауындағы: «Қарындасыңды жамандап, өзіңе туған табылмас» деген бір ауыз тіркесте адам баласына туған-туыстың қадірін түсінудің, жекжат-жұрағатпен сыйластықта болудың қажеттілігі айтылған. Ұлы ғұламаның осыдан бес ғасыр бұрын айтқан тәлімдерінің ішіндегі «Арғымаққа міндім деп, артқы топтан адаспа, артық үшін айтысып, достарыңмен санаспа» деген сөзінің қазіргі кезде де маңызы зор екені анық. Қорыта айтқанда, жыраудың ел жүрегіне ұялаған толғаулары, жер, қоныс туралы айтқан бағалары әлі күнге дейін халықпен бірге жасасып келеді.