2.3 ХІХ ғасырдағы көрнекті қазақ ағартушылары халықтық тәрбие туралы Профессор С.Қалиұлының пайымдауынша, қазақ халық педагогикасы дамуындағы алтыншы кезең Қазақстанда ұлт-азаттық қозғалыстың кең етек алуымен және ағартушылық-демократиялық бағыттағы тәлiм-тәрбиенің өркендеуімен (ХVIII ғасырдан ХХ ғ. 20-ж. дейiн) тығыз байланысты. Осы кезеңге кіретін 18-ғасырдағы жыраулар поэзиясындағы ерлік пен елдік мәселесіне қатысты тәрбиелік идеялар туралы бұған дейін айтылғандықтан, алтыншы кезең туралы сипаттаманы қазақтың Шоқан, Ыбырай, Абай сияқты ұлы тұлғалары өмір сүрген ХІХ ғасырға сипаттама беруден бастауға болады.
XIX ғасырдың екiншi жартысында Қазақстан даласында Ресейдiң алдыңғы қатарлы демократиялық ой-пiкiрдегi (Герцен, Белинский, Радищев, Чернышевский, Ушинский, т.б.) оқымыстыларының жолын қуушы А.Янушкевич, Ф.Достоевский, Э.Михаэлисс, Н.Долгополов, С.Гросс, Т.Шевченко, т.б. зиялы демократтар жер ауып келiп, Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А. Құнанбаев сияқты қазақ ағартушыларымен достасып, олардың саяси-идеялық, ағартушылық көзқарастарының қалыптасуына игi әсерiн тигiзді.
Қазақ халқының ұлттық мақтанышы Шоқан Уәлиханов (1835-1865 ж.ж.) – бірнеше ғылым саласында еңбек етіп, олардың әрқайсысында айқын із қалдырған тұңғыш ғалым. Өзінің қысқа өмірінде ол қазақ халқының түп тегі, тарихы туралы этнографиялық жазбалар, тарихи зерттеулер қалдырды. Жастайынан еуропаша білім алып өскен Ш.Уалиханов 1853-1854 жылдары төтенше тапсырмамен Сарыарқаға барып, Нұра, Сарысу өзендерінің бойындағы сәулет өнері ескерткіштерімен танысып, Қапал бекетінде ұлы жүз қазақтарының жазба деректерін жазып алады. «Қазақ шежіресі» атты еңбегінде ғалым қазақ руларының тарихын, әр замандағы тарихи-әлеуметтік құбылыстарды талдап, қазақ хандары туралы деректерді нақтылап көрсеткен. Ш.Уәлиханов қалдырған шежірелердің ішінде ең ірілері - «Ұлы жүз туралы», «Ұлы жүздің аңыз-пәлсапалары», «Абылай», «Қырғыз рулары», т.б. Шоқан 1858 жылы Қашқарияға бару сапарында Ыстықкөл бойындағы қырғыз ағайындардың ауылдарын аралай жүріп, "Манас" жырының "Көкетайдың асы" деген бөлімін жазып алады. Шоқан: "Манас" - бір кезеңде және бір адамның төңірегіне жинақталған қырғыз жұртының, барлық ертегілерінің, аңыздарының, ескі нақыл сөздерінің, салт-дәстүрлерінің энциклопедиялық жиынтығы», - деген ой түйеді. Ол Шығыс халықтарының, оның ішінде қазақ халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, діни наным-сенімдерін, фольклорлық шығармаларының шығу тарихы мен өзіндік ерекшеліктерін зерттеуге арнап «Жоңғария очерктері», «Қырғыздың Манас жыры туралы», «Шаман дінінің қазақтар арасындағы қалдығы», т.б. еңбектерін жазды. Шоқан қазақ қыздарын жас кезінен және олардың келісімінсіз аттастырып қоятын әдет-ғұрыпты сынай келе, «Бұл әдетті өзгерту үшін қазіргі молдалардың қарамағында болып отырған неке, талақ туралы істерді бұрынғысынша билер сотының қарамағына беру жөн. Ол үшін аға сұлтандар мен болыстарға қатаң жауапкершілік артып, қазақ қыздарын мынадай жасқа жетпей тұрып, күйеуге бермейтін болсын, ата-аналары өз балаларын олардың ризалығынсыз тұрмысқа шығаруға, үйлендіруге күштемейтін болсын, соны қатаң бақылаңдар деп бұйрық беру керек» дейді. Ол қазақ әкімдерін жоғырыдан тағайындау арқылы емес, халықтың өзі сайлап қоюы керек, тек сөйтсек қана әкімдердің халық алдындағы жауапкершілігі күшейеді деп қарады. Шоқанның қазақ даласындағы ел билеу мәселесін демократиялық жолмен шешуді ұсынуы және заң жобаларын ұлттық психология мен қоғамдық қалыптасқан дәстүрге негіздей отырып қабылдауды талап етуі, оның ұлттық дәстүр мен салт-сананы, ғылыми тұрғыда жан-жақты зерттеп қарастыруы оны өз заманында білгір этнограф, тарихшы-ғалым болғанын дәлелдейді. Ш.Уәлиханов ел ішіндегі діни наным-сенімдерінің күшті кезінде өмір сүргеніне қарамастан, қараңғылық пен надандыққа қарсы күрес ашты, қай халықтың болмасын салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарындағы озық үлгілерін ортақ мұра етуді мақсат тұтты. Ол мәдениет пен ғылым-білімді бүкіл адам баласының бәріне бірдей ортақ рухани байлықтың қайнар бұлағы деп қарады: «Тек ақиқат білім ғана күдіктерден құтылуға мүмкіндік беріп, өмір мен материалдық әл-ауқатты бағалауға үйретеді». Халықтық тәрбиенің жаңа жүйесін ойластыра отырып, Шоқан ең алдымен жасөспірімдерді ғылымның соңғы табыстарымен, дүние жүзі мәдениетінің бай қазынасымен таныстыра алатындай дүниежүзілік білімдерді енгізуді жақтады. Ол халықтың болашағы мистицизмге де, аскетизмге де емес, тек өркениет пен оқу-ағарту табыстарына байланысты деп білді. Өз халқының келешегінен зор үміт күткен Шоқан озық мәдениетке жетуде ғылымы мен мәдениеті дамыған елдерден үйрену керектігін ескертті. Оның еңбектерінде білім жалпы халыққа бірдей ортақ болсын деген озық идея бар.
Қазақ даласында ілім-бiлiмнiң қалыптасуы мен дамуына тұңғыш ағартушы, этнограф және жазушы Ыбырай Алтынсарин (1841-1889 ж.ж.) зор еңбек сiңiрдi. Ол – патшалы Ресейдiң орыстандыру, шоқындыру саясаттарын батыл айыптаған, ұрпақ болашағын ойлап, қазақ балаларының тағдырына терең үңілген қазақ зиялыларының көшбасшысы. Оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыруда ол дүние жүзі педагогикасының классиктері Ж.Ж.Руссоның, Я.А.Коменскийдің, К.Д.Ушинскийдің, Л.Н.Толстойдың гуманистік идеяларын басшылыққа алды. Орыс-қазақ мектептерiн ашу туралы мәселелердi насихаттаумен қатар, Ы.Алтынсарин тәрбие жұмысы барысында қазақ халық ауыз әдебиетiнiң үлгiлерiн пайдалануды қуаттады. Осы принцип негiзiнде құрастырылған өзiнiң “Қазақ хрестоматиясын” (1879 ж.) жазып, ұсынды. Осы еңбекке енген «Өрмекші, құмырысқа, қарлығаш» әңгімесінде кішкентай жәндіктердің өмір үшін тыным таппай жүрген еңбексүйгіштігін дәріптесе, «Әке мен бала» әңгімесінде балаларды жастайынан бойкүйездік, жалқаулық сияқты қасиеттерден аулақ болуға шақырады.
Жазушы әңгімелерінің бәрі балалардың жас ерекшеліктеріне орай тілі жеңіл, мазмұны тартымды, олардың жан дүниесіне әсер ететіндей түрде берілген. Ел аузында аңыз болып кеткен Атымтай жомарт туралы әңгімені де Ыбырай балаларға лайықтап жазып, осы хрестоматияға енгізген. Әңгіменің идеясы да, кейінгілерге үлгі боларлық тәрбиелік мәні де Атымтайдың сөзінен анық көрінеді: «Күн сайын өз бетімнен тапқан пұлға нан сатып алып жесем, бойыма сол нәр болып тарайды. Еңбекпен табылған дәмнің тәттілігі өзгеше болады екен».
Ағартушының қай шығармасын алсақ та, жас ұрпаққа дұрыс тәрбие беру, оларды жас кезінен дұрыс баулу мәселесі алдыңғы орынға шығады. «Баланы дұрыс тәрбиеле, дұрыс бағыт бер, адасса, айқын жолға сал!» деген идея «Бақша ағаштары» әңгімесінің өзегі болып табылады. Ал мейірімділік, махаббат, адамгершілік мәселелері жазушының «Шеше мен бала», «Аурудан аяған күштірек», «Мейірімді бала» әңгімелерінде жан-жақты ашылған. Мысалы, «Аурудан аяған күштірек» әңгімесінде аяғы сынған Сейіт деген баланың ауруы жанына қанша батса да, анасын ренжітпеу үшін қабақ шытпағаны айтылады. Бала кезінен әлпештеп өсірген анасының қадірін біліп өскен жас кейін Отанын шын сүйетін азамат болып өсері хақ. Бұл әңгімені оқушыларға осылай түсіндірген жағдайда ғана Сейіттің мейірімді мінезін түсіне аламыз.
Ы.Алтынсарин еңбектерінде түрлі елдердің мәдениетіндегі өзара қарым-қатынас та жан-жақты бейнеленген. Ағартушының қазақ балаларына түрлі елдердің мәдениетінен хабар беріп, шетелдің танымал адамдарын үлгі етуі – жалпы адам бойындағы жақсы қасиеттердің барлық халықтарға ортақ екенін түсіндіру. Мысалы, «Талаптың пайдасы» деп аталатын әңгімеде орыс патшасы І Петр сурет салып тұрған баланы көріп, сол баланың суретке талабын аңғарып, суретшілік оқуға бергізеді. Кейін сол бала атақты суретші атанады. Мұндағы жазушының мақсаты – І Петр патшаның ақылдылығын көрсету ғана емес, жас баланың суретшілік өнерге деген талабын, мақсатқа жету жолындағы табандылығын көрсету болып табылады. Талап етіп, талпынбаса, адам баласы ешқашан алға баспайтынын ескерте отырып, әр нәрсені жігермен, өзіңнің қабілетіңе қарай таңдай біл деген идеяны алға тартады.
Ы.Алтынсариннің оқу-ағарту ісіндегі тағы бір ерен еңбегі – қазақ жастарына мамандық беру мәселесін қолға алып, қолөнер, ауыл шаруашылық училищелерін ашуы. Қазақ қыздарына арналған мектептерді ашуға да назар аударғандардың алдыңғы қатарында Ы.Алтынсарин болды. Аталған оқиғалардың бәрі сол кездегі қазақ қоғамы үшін прогрессивтік маңызы бар оқиғалар болатын. Қазақ халқының тұңғыш ағартушысы Ы.Алтынсарин халқын жан тәнімен сүйген, оның көркейіп өсуі үшін бойындағы бар күш-жігерін жұмсаған нағыз патриот болды.