Қазақ тілінің анықтағышы
|
1988
|
2007
|
Енді бірқатар тұстарда, керісінше, сөздің соңғы буынында жіңішке дауысты дыбыстың әрпі таңбаланғанмен, қосымшалар жуан жалғанады. Мысалы, кінә, күнә, күмән, Күләш, Іңкәр тәрізді соңғы буындарында ә әрпі жазылған сөздерге қосымша жуан жалғанады: кінәлау (кінәлеу емес), күнәлы (күнәлі емес), күмәндану (күмәндену емес), күнәға (күнәге емес), Күләшқа (Күләшке емес) (2016, 11).
|
дімкәс
дімкәстану, дімкәстанбау, дімкәстанған
дімкәстік, дімкәстігі (1988: 133)
|
дімкас
дімкастану, дімкастанбау, дімкастанған
дімкастық, дімкастығы (2007: 140)
|
кінә, кінәға, кінәсы
(1988: 185)
|
кінә, кінәға,кінәсі, кінәсіна, кінәсінан, кінәлары (2007: 234)
|
күнә, күнәға, күнәсы
күнәкарлық, күнәкарлығы
күнәлау,
күнәлы
күнәлылық, күнәлылығы
күнәсыз
күнәсыздық, күнәсыздығы
(1988: 184)
|
күнә, күнәға, күнәсі, күнәсіна, күнәлары
күнәкар, күнәкарлық, күнәкарлығы
күнәлау,
күнәлі
күнәлілік, күнәлілігі
күнәсіз
күнәсіздік, күнәсіздігі
(2007: 231)
|
Кесте – 3 1988, 2007 жылдардағы сөздіктер мен қазақ тілінің анықтағышындағы сөздердің жазылу сипаты.
Қазақ тілінің анықтағышында көрсетілгендей күнәлі емес күнәлы болады екен. Демек, 1988 жылғы сөздіктегі нұсқа дұрыс болады. Олай болса, бұл сөз не себепті 2007 жылы өзгеріске түскен нұсқасы берілгені түсініксіз. Сонымен бұл кестедегі сөздердің қосымшалары жуан жалғанады.
Келесі мысалдар, екі сөздікте де бірдей берілген құдірет пен құзырет сөздері. Бұл сөздерді айтқанда екеуін де құдірет/құзірет деп немесе құдырет/құзырет деп те айта аламыз. Екі сөзді бір-бірінен ажыратып тұрған д/з әріптері ғана. Екеуі де ұяң дыбыстар. Оқырман қауымның бәрін болмаса да, біразын шатастыратын бұл сөздердің не себепті бірі жіңішке, бірі жуан жазылатыны белгісіз. Мекенжай сөзін бірге немесе дефис арқылы жазылып жүргенін көп байқаймыз. Бұл сөз екі сөздікте де бірігіп жазылған.
Ендігі мысал 1988 жылға сөздікте наурыз (ескіше ай аты), наурызы, наурыз көже, наурыз той (1988: 251) деп берілген болса, ал, 2007 жылғы сөздікте наурыз (ай аты), Наурыз (мейрам), наурызкөже (этн.), наурызтой (2007: 308) деп көрсетілген. Аса маңызды тарихи дәуірлердің, революциялардың; уақиғалардың, мерекелердің аттары бас әріппен жазылады (2016: 53). Наурыз сөзін ай аты әрі мереке атауы ретінде екі бөлек көрсеткені жөн. Бірақ та, наурыз көже, наурыз той сөз тіркестері екі сөздікте екі түрлі беріліп тұр.
Қорыта айтсақ, қазіргі таңдағы қазақ тілінің емле мәселесін, оған негізделген бірізді орфографиялық сөздік құрастыру мәселесін қазақ тілінің заңдылықтарына, табиғатына сай шешу тіл мамандарының алдында тұрған ауқымды тапсырма. Қазақ тілінің бүгіні мен болашағы үшін аса маңызды болып табылатын бұл мәселелер ешқандай саясат пен ғалымдардың МЕН-інің араласпауынсыз ғылым алдындағы әділдікпен, тазалықпен өзінің нақты шешімін табарына сенеміз.
АҚЫМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ЖӘНЕ ҚАЗІРГІ ЛАТЫН ӘЛІПБИІ
Тарихтан белгілі әр заманның халқы үшін жанын беруге әзір өз қас батыры, асқан білімпазы, дара ғалымы болады. Қалта мен құлқынның құлы болмай, ел қамын ойлайтын нағыз азаматтары болады. Осындай елінің бүгініне жүрегін ауыртып, ертеңіне еңбек еткен тұлғалардың бірегейі, ұлт ұстазы – Ақымет Байтұрсынұлы. Ғалым жайлы, ғалымның еңбектері жайлы зерттеулер баршылық. Дегенмен де, қазақ ұлтының дамуына зор үлесін қосып кеткен тұлғаның әлі де зерттеуді қажет ететін әр салада салып кеткен өз ізі бар. Тілші академик Рәбиға Сыздықтың «Әрине, біздің сипатымыз өте жалпы айтылып, қысқа қайырылған түйін. А. Байтұрсыновтың ағартушылық, ғылыми еңбектерімен қатар, оның поэтикалық творчествосын, саяси-әлеуметтік көзқарастарын нақтылы, арнайы және терең зерттеу – алдағы міндет, әр сала мамандарының жұмысы» (1992:28), – деп баса айтып өткеніндей, ғалымның еңбектері қазақ тіл білімі ғылымы аясымен ғана шектелмейді.
Қазақтың ірі жазушысы Мұхтар Әуезов 1923 жылы А. Байтұрсынұлының 50 жылдығына орай жазған мақаласында «жаңа өсіп келе жатқан қазақ әдебиеті Ахаңды өзінің басшысы деп санайды» (1923), – деп жазуы арқылы оқырман қауымға ғалымның қазақ әдебиеті саласының да негізін салушылардың бірі екенін танытады. Нұрғалиев Р. еліміз тәуелсіздік алған жылы жарық көрген мақаласында Ақымет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышы» жайлы сөз қозғай келе «...қазақтың ұлттық әдебиеттануының ғылыми негізі, методологиялық арналары, басты-басты терминдері мен категориялары түп-түгел осы кітапта қалыптастырылған» (1991), – деп әділ бағасын береді. Осыдан да ғалымның әдебиет саласына салған сара жолының тереңдігін көре аламыз.
Ал, 1923 жылы 28 қаңтарда ғалым жайлы жазған мақаласында Ил.Омаров ғалымның еткен еңбектерін тізбектей келе «было бы не излишне пояснить, какое имеют значения эти открытия, они говорят сами за себя: каждое из сделанных Ахметом Байтурсыновичем открытий, безусловно, представляет собой гигантский шаг вперед в истории киргизской (казахской) грамматики; (открытия Ахмета Байтурсыновича) слишком велики, чтобы исчерпать в краткой статье все их значение» (1923), - деуі арқылы ғалымның ашқан жаңалықтарының мол екендігі және әрқайсысының қазақ тіл ғылымының дамуына қосқан үлесінің ерен екендігін нақтылайды.
Ақымет Байтұрсынұлы термин жасауда да терең із қалдырды. Терімсөздердің қазақыландыру ұстанымын берік ұстанып, сол жолда аянбай еңбек етті. Өзінің «Сəбитке жауап» деген мақаласында: «Жат сөздерді басқалар, мəселен, орыстар өз тілінің заңына үйлестіріп алғанда, солай алуға біздің де қақымыз бар» (1928), – деп терминжасауда қазақ баласы ұғарлықтай атау болуы тиіс екендігін алға тартып, жат сөздерді өзгертпей қабылдауға қарсы екенін ашық білдірді.
Ақымет Байтұрсынұлы – қазақ грамматологиясының негізін қалаушы біртуар ғалым. Грамматология жазу туралы, жазудың типологиясын, графикаларды, олардың талдауларын, жазу мен сөйлеудің қарым-қатынасын қарастыратын тіл білімінің бір саласы. Бұл қатарға жазу тарихын да кіргізетін ғалымдар бар. Жазу туралы ғылымға ең алғаш 1952 жылы жарық көрген «A study of writing» атты еңбегінде грамматология деген атау берген поляк ғалымы Игнес Джей Гельб болды.
Жазудың алфавит, графика, орфография және пунктуация сынды негізгі категориялары бар. Аталған категориялардың әрқайсысы бойынша Ақымет Байтұрсынұлы зерттеулер жүргізіп, ғылыми теориялық негіздемелерін қалдырып кеткен. Солардың ішінде тоқталатынымыз әліпби категориясы болмақ.
Сол заманда қолданыста болған ескі жазудың қазақ тілінің бар дыбыстарын көрсете алмайтынына көзі жеткен ғалым, араб графикасын пайдаланып, қазақ баласына түсінікті болатын, қазақ тіліне тән дыбыстардың бүткілін нақ көрсететін ғалымның өз сөзімен айтқанда «самый идеальный алфавит», яғни мінсіз әліпби құрастырды. Оған ешкімнің дауы жоқ. Алғаш қазақ әліпбиін, қазақ тілі емлесін жасаған ғалымның еңбегін сол кездегі бірегей замандастары да мойындады. 1929 жылы Қызылорда қаласында болған емле конференциясында Поливановтың Ақымет Байтұрсынұлының араб жазуын өңдеп, қазақ тілінің заңдылықтарына қарай ыңғайластырып енгізген өзгерістері жайлы «ʙul dәvir 1923-24 çьldarь ʙoldь; ol kezde birine biri çanaspajtьn emleler çasaldь. sol kezdegi qazaqьstannьɳ istegen çumьstarьn ьraqattanьp eske tysirem. ol kezde qazaqьstannьɳ soɳьnan ʙasqa tyrk elderi erdi. arap çazuvьn өɳdev, ozgertyv çaƣьnan qazaqьstan ʙasqa elderdiɳ aldьnda otьrdь; ʙasqalarga murьndьq ʙoldь. qazaqьstannan soɳƣь orьnda tatarьstan ʙoldь. sol kezdegi qazaqьstan men tatarьstannьɳ eski çazuvьndaj çaqsь çazuv ʙolƣan çoq. arap әlippesin durьstap өɳdev tek qazaqьstan men tatarьstannьɳ ƣana qolьnan keldi. qazaqьstanda munь istegen ʙajtursьn ulь ʙoldь. tatarьstannan qazaqьstannьɳ çazuvь artьƣьraq ʙoldь» (1930), – дейді. Қазақстан елінің атқарған жұмысының жоғары болғаны жайлы айтып, бұл істі атқарушы Ақымет Байтұрсынұлы екенін айта отырып, ғалымның еңбегіне жоғары баға береді.
Әліпби дұрыс болса, емле ережелері де жөнге келмек. 1926 жылы болған бірінші бүкілодақтық түркологиялық съезде Ақымет Байтұрсынұлы сөйлеген сөзінде біреулер әліпби мен дұрыс жазудың арасында байланыс бар десе, енді біреулері жоқ дейтінін айта келе «на самом деле правописание имеет связь с альфавитом только в том случае, если алфавит несовершенный» (2018), – деп, әрмен қарай «если алфавит несовершенный, тогда действительно это несовершенство будет влиять на правописание, а когда алавит совершенный в том смысле, когда для каждого звука имеется соответсвующий, определенный знак и этот знак никогда не меняется, то это другое дело» (2018) деген сөздермен ойын сабақтайды. Демек, ғалымның тұжырымы бойынша әліпби мінсіз болуы үшін, әр дыбыстың тек өзіне тән, сәйкес, еш өзгермейтін таңбасы болуы шарт. Ал, ғалым жасаған араб графикасына негізделген әліпбиі осы шартты толығымен орындаған кемел әліпби болды.
Ғалымның айтуы бойынша «Әліпби деген тілдің негізгі дыбыстарына арналған таңбалардың жұмағы». Бұл дегеніміз, жұмақта әр адамның өзінің керемет дайындалған толыққанды әсем орны болатындай, әліпбидегі таңбалар да әр дыбысқа толыққанды орын беріп тұруы абзал екен. Профессор Яковлев мінсіз әліпби жайлы «тем меньше знаков, тем лучше» (2018) деп таңбалар санының аз болуына мән берген.
Ақымет Байтұрсынұлы әліпби қазақтың тәжірибесіне бағынбайтын дүние емес екенін тілге тиек ете келе, «Это (алфавит) есть не больше, не меньше, как комлект знаков, изображающих основные элементы речи. Чем легче, чем полнее передаются эти элементы речи тем лучше алфавит» (2018) деп сөйлеудің негізгі элементтері оңай болған сайын, әліпби де жеңіл болатынын айтады. Ғалым өзінің баяндамасында әліпбиден не талап етіледі деген сұрақ қойып, «от алфавита требуется, чтобы он хорошо передавал звуки и в техническом отношении был удобен» (2018) деп жауап береді. Мұнан ұғарымыз, әліпби дыбыстарды дұрыс жеткізуі тиіс әрі техникалық тұрғыдан ыңғайлы болуы шарт.
Профессор Яковлев алғашқы бүкілодақтық съезде жасаған баяндамасында әліпби жасағанда мән беретін екіжақты сұрақ бар екенін, оның бірінші жағы әліпби реформасын енгізгелі отырған халықтың мәдени-әлеуметтік жағдайына қарау керектігін көрсетеді. Ал, екінші жағы әліпбиді енгізудің техникалық өңделуі, сарапталуы. Бұл екінші жақтың өзі ішінде тағы екіге бөлінеді екен. Алғашқысын, профессор жазу жүйесі деп атайды да, екіншісі таза графикалық жағы деп көрсетеді. Жазу жүйесі деп атаған алғашқы жақ әліпбиді орфографиямен байланыстыратынын айтады. Мұнда бұл тілге және сол тілдің әліпбиіне қанша таңба қажет деген сұрақты жатқызады. Бұның графикаға тіпті қатысы жоқ екенін айта келе, әліпби құрастырғанда жауабын табуға тиіс ең алғашқы сұрақ осы деп нақты жеткізеді. Әрмен қарай таңба санын анықтау мен ол сандарды үнемдеудің түрлі жолдары бар екенін айтады. Расында, араб графикасы болсын, латын графикасы болсын әліпби жасалғанда бірінші қаралуы тиіс мәселе әліпбиге енетін таңба мәселесі. Ал, оның ар жағында дыбыстар тұрғаны анық. Түптеп келгенде, әліпби жасағанда графикадан бірінші дыбыс, таңба мәселесі шешімін табуы тиіс. Ақымет Байтұрсынұлы алғаш қазақ әліпбиін жасағанда дыбыстардың толық таңбалануына, таңба санына, оны үнемдеуге баса назар аударды.
Ғалым қазақ тілінде 24 дыбыс барын, оның ішінде «қ» мен «ғ» үнемі жуан, ал «к», «г», «е» үнемі жіңішке айтылатынын ескертіп, өзге 19 дыбыстардың әрқайсысы бірде жуан, бірде жіңішке айтылатынын көрсете келе, «егерде бұл 19 дыбыстың жуан айтылуы үшін бір белгі, жіңішке айтылуы үшін бір белгі керек десек, мысалы ت - ط(т), س - ص(с) сықылды, онда 19 дыбысқа 38 белгі керек болар еді. Бұған дайым жуан айтылатын «қ» мен «ғ»-ны қосқанда, дайым жіңішке айтылатын «к» мен «г», «е»-лерді қосқанда, бәріне 43 белгі (харіп) керек» (1992). Әрмен қарай, ғалым араб әліппесінде мұнша хәріп жоқ екенін, харіп түрлерін тым бұзып та жібере алмайтынын ескеріп, «дауысты дыбыстар сөздің жаны есебінде, дауыссыз дыбыстар һәм жарты дауысты дыбыстар сөздің тәні есебінде» болсын деген шешімге келеді. Бұны жан тәнді қалай билесе, дауысты дыбыстар да дауыссыз дыбыстарды солай билеуі керек екенін айтып, яғни дауысты дыбыстар жуан айтылса, дауыссыздар да жуан айтылмақ, дауысты дыбыстар жіңішке айтылса сәйкесінше дауыссыз дыбыстар да жіңішке болатынын түсіндіреді. Олай болса, «дауысты дыбыстардың жуан-жіңішке айтылмағын белгілеп айырсақ, басқа дыбыстардың да жуан-жіңішке айтылатындығы да айрылғаны» (1992) деп шешімін түсінікті етеді. Осылайша, жіңішкелік үшін жалғыз ғана белгі алып 43 түрлі дыбысты 25 белгімен қалай дұрыс жазуға болатынын көрсетеді. Мұндағы 25-ші белгі жіңішкелікті білдіретін ۥ (дәйекші). Көріп отырғанымыздай, Ақымет Байтұрсынұлы әр дыбыстың дұрыс таңбалануына аса мән беріп, таңбаны үнемдеуі қажет екенін де ескеріп, расында мінсіз әліпби түзіп шықты. Ғалымның бұл ісі жайлы профессор Яковлев өз баяндамасында түркі халықтарындағы әліпби жүйесін орнатудың қарапайым жолы өздігінен біршама күрделенгенін айтады. Ғылымның ұсынар қарапайым жолы бұл тілде сөз мағынасын ажыратумен байланысты қанша осындай дыбыстық айырмашылықтар барын көрсету, себебі әр тілде екі категориялы дыбыстық айырмашылықтар бар: біреуі сөздерді мағынасына қарай ажыратумен байланысты болса, екіншісі онымен байланысы жоқтары деп хабарлайды. Бұл жерде сөз мағынасымен байланысы жоғы мәтіндегі дыбыстардың байланысу заңдылығы бойынша сөйлеу барысында автоматты түрде пайда болып, әліпбиде көрсетілмеуі тиіс, ал сөз мағынасымен байланысы барлар әліпбиде көрсетілуі тиіс екенін айта келе былай жалғастырады: «Но все дело в том, что мы встретились с интереснейшим явлением: работники на местах, из которых некоторые даже здесь присутсвуют, как тов. Байтурсын из Казахстана, по своей инициативе сделали до извсестной степени открытие, а именно, они использовали фонетические законы тюркских языков, те из них, которые проводят явления сингармонизма без исключения, и вместо того, чтобы вводить для довольно большого количества гласных звуков особые буквы, они использовали тот факт, что в слове в этих языках могут быть или только твердые гласные, или только мягкие гласные. Они ввели особые знаки, которые должны это качество обозначать на целом слове, таким образом, алфавит, в котором все решительно звуковые отличия выражены, оказался на значительное число знаком экономней» (2018). Демек, Ақымет Байтұрсынұлының әліпбиді жасауда тапқан шешімі заманының елеулі жаңалығы болғаны айқын екенін көреміз.
Ғалым әліпбидің үйренуге және үйретуге жеңіл болуы шарт екеніне ерекше мән берді. Ғалымның өзі әліппенің оңай болғанын көздеп, біріншіден басынан аяғына шейін оңай әрі қысқа сөздерді алғанын, бұл өз кезегінде балалар үшін еш қиыншылық тудармайтынын айтады. Ал, екіншіден «бұл әліппеде әр дыбысқа, өзіне деп анықтап, харіп арналды; олай болғанда бұрынғыдай бір харіп әр түрлі орында әр түрлі оқылмай, қай орында да болса, бір харіп бір-ақ түрлі оқылады; бұл һәм оқуды жеңілдетеді» (1992) деп бір әріптің тек бір түрлі оқылатыны оқуды жеңілдететінін жеткізеді.
Жоғарыда айтылғандарды қорытып, әліппеге қойылатын талаптарды тізіп көрсек, төмендегідей болмақ:
Әріптер тіл дыбыстарын нақты таңбалауы тиіс;
әр дыбыстың тек өзіне тән, сәйкес, еш өзгермейтін таңбасы болуы шарт;
таңбалар саны үнемді болуы тиіс;
«дауыссыз дыбыстар дауысты дыбыстардың иелігінде» болуы тиіс;
оқуға жеңіл болуы тиіс;
жазуға жеңіл болуы тиіс;
үйретуге оңай болғаны жөн;
Әліпби жасауда дыбыстардың дұрыс таңбалануы, әр дыбысқа тек өзіне ғана тиесілі таңбасының болуы маңызды екені түсінікті болды. Осы жерде дыбысқа тоқталсақ, әліпби жасарда таңбалануы тиіс дыбыстар алдымен нақтыланып алғаны жөн. Содан кейін графика мен емле мәселесі шешілуі тиіс екені де түсінікті болды.
Ғалым үйрену мен үйретудің әуелде қиын болатынын ескертіп, балалар баста қиналмағаны жөн, сол кезде тауы шағылмай оқуға ықыласы артатынын айтады. Үйретуші де жігерленіп, ісі өрге жүзетінін, оқытуға шабытана түсетінін түсіндіреді. Бұл әліпбидің жеңіл болуының оқытушыға да, білім алушыға да маңызды екенін айқын көрсетеді.
Қазіргі таңда әліпби мәселесі сөз болғанда, айтылғандарды Ақымет Байтұрсынұлының ізін жалғаушы профессор Әлімхан Жүніспек ағай көп көтеріп жүр. Профессор ең алдымен қазақтың төл дыбыстарын нақтылап алу керек деп дұрыс пікір айтып, төл дыбыстарды көрсетіп те, дәлелдеп те берді.
Латын графикасы негізді әліпбиге көшу мәселесі еліміз тәуелсіздігін алғаннан бері көтеріліп келе жатыр. 1993 жылы тілші академик Әбдуәлі Қайдардың президентке ашық хат жолдап, латын графикасына түбі көшу жөнінде шешім қабылдауын сұрап жазған болатын. 2006 жылы ресми түрде шешім қабылданып, 2017 жылы қараша айында латын графикасы негізді әліпби қабылданды. Дегенмен, бұл әліпби қарапайым халық тарапынан да, тілші ғалымдар жағынан да қолдау таппай қазіргі күнге дейін түрлі жобалар ұсынылып келеді. Жобалар ішінде басты 3 жоба бар. Оның екеуі бірінен бірі тек умлаут, акуттарымен ғана ажыратылмаса, екеуін бір дерсің. Ал, үшінші жоба профессор Әлімхан Жүніспек бастаған А. Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты ғалымдары ұсынып отырған ұлттық жоба. Өкінішке орай бұл жоба республикалық талқылаудан тыс қалып қойған жоба.
Әліпби жасауда негізге алатын бірнеше қағида бар: әріптер тіл дыбыстарын нақты таңбалауы тиіс; әр дыбыстың тек өзіне тән, сәйкес, еш өзгермейтін таңбасы болуы шарт; таңбалар саны үнемді болуы тиіс; «дауыссыз дыбыстар дауысты дыбыстардың иелігінде» болуы тиіс; оқуға жеңіл болуы тиіс; жазуға жеңіл болуы тиіс; үйретуге оңай болғаны жөн. Бұдан да басқа бар талаптарды қамтымадық. Мақала барысында жеткізгіміз келгені, әліпби құруда сол тілдің дыбыстарына, дыбыстардың сипатына, толық таңбалануына баса назар аудару маңызды.
Қазіргі латын әліпбиін жасағанда Ақымет Байтұрсынұлы ұстанған қағидаларды қолдансақ еш ұтылмаймыз. Мәселе ол әліпбидің араб графикасына негіздеп жасалуында емес, мұнда маңыздысы сол графикамен көрсетілетін дыбыстардың сипаты мен таңбалар саны, олардың дұрыс таңбалау ұстанымдары болып тұр. Яғни, қазіргі латын әліпбиін жасауда Ақымет Байтұрсынұлының әліпби жасау жолы мен тәртібін негізге алғанымыз жөн іс болмақ деп қорытындылаймыз.
XX ҒАСЫРД БАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ЖАЗУЫ: ӘЛІППЕ, ЕМЛЕ МӘСЕЛЕСІ
Жазу жеке ғылым ретінде әлем тіл білімі саласында өз орнын ресми түрде 1950 жылдары алғанымен, ол кезге дейін де зерттеліп келген сала. Әр ұлтта өз жазуын, тілін зерттеп, маңызды еңбектер қалдырған ғалымдар аз болмады. Қазақ жазуына ден қойылып, тың еңбектер жазылған уақыт XX ғасырдың басы мен ортаңғы тұсы болды. Әлихан Бөкейханов, Ақымет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедов, Телжан Шонанұлы, Елдес Омаров, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Нәзір Төреқұлов, Құдайберген Жұбанов ... сынды қазақ ағартушылары қазақ тілі үшін, соның ішінде қазақ жазуы үшін де алаңдап, ерен еңбектер қалдырды.
Қандай да бір тілдің жазуы жайлы айтқанда, сол тілдің әліппесі, графикасы, орфографиясы, тыныс белгілері, мағына сөз етіледі. (Асылында жазумен мағына қатар жүргенде ғана жазу деп аталуы тиіс. Мағынасыз құр жазудың суреттерден айырмашылығы болмай қалады – авторлар) Өткен ғасырда қазақ жазуында елеулі өзгерістер болды. Оның басты үшеуін атаған жөн:
Қазақ ұлттық әліппиі жасалды (1912);
Қазақ әліппиі араб графикасынан латын графикасына өзгерді (1929);
Қазақ жазуы латын графикасынан кирилл графикасына көшті (1940).
Қазақ жазуына қатысты бұл тарихи оқиғалардың орын алуы заман талабына сай болды деп те қабылдайтындар бар. Дегенмен, егеменді ел атанып, өз тарихымызды еркін зерттеуге мүмкіндік алған заманда, бұл өзгерістердің мақсатты түрде жүргізілген үлкен саясаттың жемісі екенін түсінеміз.
Достарыңызбен бөлісу: |