Жазу және оқу. Ғалым жазуды дыбыс таңбасы дәрежесінен әріптер тізбегі дәрежесіне көтерумен шектелмеді. 1928 жылы жазған «Қай әдіс жақсы» атты мақаласында жазу сауаттылықтың негізі деп жазу ұғымының аясын одан әрі кеңейте түсетін тұжырым айтты.
«Сауатты адам деп қандай адамды айтамыз? – Оқи да, жаза да білетін адамды айтамыз. Оқи біліп, жаза білмейтін адам бола ма? – болады. Ескіше үйренгендердің көбі-ақ оқи біліп, жаза білмейтін. Ондай адамдарды толық сауатты деуге бола ма? – Болмайды. Ондайлар шала сауатты адамдар. Жаза біліп, оқи білмейтін адам бола ма? – Жоқ. Жаза білетіндер оқи да біледі. Олай болса сауаттылық негізі оқу бола ма, жазу бола ма? – Әрине, жазу болады» (1928:3-11).
Ақымет Байтұрсынұлы осы сөздері арқылы жазудың қоғамдағы, адам өміріндегі маңызын нақты көрсетіп қойды. Қоғамда әрбір адамның сауатты болуы, яғни, жаза да оқи да алуы тиіс. Ғалым сауаттылыққа мұқтаждықты оқу емес жазу тудыратынын атап өтті. Ал, оқуды жаза білумен бірге үйреніп кететін қосалқы білім деп есептеді. Бұл жерден оқудың маңызы жоқ екен деп қате ұғынып қалмаған абзал. Тек жаза білудің орны оқи білуден жоғарырақ екенін түсіну қажет. Жазу жоқ кезде оқу болмаған. Бұл дегеніміз, жазу оқудан бұрын пайда болып, содан кейін оны оқу қажеттілігі туғандығы түсінікті.
Ғалым тұжырымдарынан байқайтынымыз, жазу ұғымының аясын бірте-бірте кеңейтіп келеді. Осылай ұғынсақ болады, немесе жазудың жан-жақты қызметі бар деп тұшынсақ та болады. Қалай дегенде де, мұнда мән беретін жәйт ғалымның жазуға түрлі аспектіден қарап, түрлі анықтамалар бергендігі. Жазудың маңыздылығын оқырман қауымға айтарлықтай жан-жақты ашып көрсете білгендігі. Және де жазудың оқумен де байланысының тығыз екендігін де нақты атап өтті.
Жазу түрлері. Ғалым «Қай әдіс жақсы» атты мақаласында ағылшын, америка, француз, қытай, итальян, түркі тілдерінің жазу жүйесін сөз етеді. Кей елдер жазу үшін әріп алса, кей елдер таңба алады. Әр тілден мысалдар келтіріп, дыбыстар мен әріптердің сәйкестігі әңгіме болады. Түркі тілдер тобына жататын тілдерден қазақ пен қырғыз тілін қарастырады.
Төмендегі суретте ғалымның бөлген жазу тобы көрсетілген:
Сурет – 1 Жазу түрлері (1928:3-11).
Жазу және емле. Ақымет Байтұрсынұлы сол кездегі тілдерді қарастыра келе, сол күнгі қолданылып жүрген емлелерді төрт жүйеге бөледі: таңбаша жүйе, дағдыша (тарихша) жүйе, туысша жүйе, дыбысша жүйе. Алғашқысы таңба негізді жазумен негіздес тәртібі бір емле. Бұл жүйеге қытай тілін жатқызады. Дағдыша емле деп бұрыннан қалыпты түрде қолданылып келе жатқан емле. Бұл емлеге ағылшын тілін мысал етеді. Ал, туысша емлеге орыс тілін жатқызады. Бұл емле тек басына қарамай басқа түбірлес туыстас сөздердің де айтылуына қарайтын емле. Соңғысы сөз дыбыстарын қалай естісе солай жазу қолданатын емле. Бұл жүйеге итальян, неміс, қазақ тілдерін жатқызады.
Сөздің айтылуы мен жазылуы алыстаған сайын емленің тәртібі таңба негізді емлеге жақындайды екен. Әріп негізді емлелердің идеалды нұсқасы айтылу мен жазылудың бірдей болу деп білеміз. Бұл ретте, соңғы көрсетілген емле жүйесін үйренгенге де, үйреткенге де, қолданысқа да ең ыңғайлы екендігі түсінікті. «Растыққа жүгінсек, түріктің тұнық тілі, түзу емлесі қазақта» (1913:113).