Жазушы Шәміс Құмарұлы 15. 04. 1952 жылы Қытай халық республикасының Мори қазақ автономиялы



Pdf көрінісі
бет17/28
Дата08.01.2017
өлшемі1,22 Mb.
#1414
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   28
жолыңа аттан. Мына шәугімің ауыз жарымайтын кішкене екен ғой. 
 
Бекбай кемпірден тез құтылуға асықты. Кемпір шөмшек тере бастағанда, ол қабақ астындағы 
бастаудан су әкелуге жөнелді. 
 
Бекбай  су  әкелгенде  кемпір  отты  маздатып  жағып  жіберген  екен.  Бекбай  шәугімжі  отқа 
қойып, қоржынның ауызынан азыырақ ет алып кемпірдің алдына қойды. 
 
-  Балам,  азығың  мол  екен.  Бәйтік  деген  мына  тұрған  жер,  екі-ақ  күнде  жетіп  барасың.  Егер 
атың бар болса бір-ақ күнде барушы едің. Ер жігітке екі күндік жер түк емес қой, -  деді кемпір. 
 
- Бәйтікте елім бар ма, жоқ па алаңдап келемін, естуімше бір бөлім ел Боғдаға көшіп кетіпті. 
 
- Ер адамға Боғда дегенде онша ұзақ жер емес қой. 
 
Бекбайдың көңілінде “ Жайнаның үйі Боғдаға кетсе қайтіп жетемін» деген қорқыныш бар еді. 
Кемпірдің мына сөзі ол қорқынышын үмітке айналдырды. 
 
- Боғда сонда жаяу адамға қанша күндік жол? 
 
- Дені сау адамға жаз болса он күндік жол. Ал қыста он бес күндік жол ғой. 
 
Кемпірдің жаз, қыс деп бөлгенін онша түсінген жоқ, қайталап сұрағысы келмеді. Оттағы су да 
қайнап кетті. Бекбай тостағанына су құйып жатып : 
 
- Шеше, өзіңізде ыдыс жоқ па? -  деді. 
 
-  Болымсыз  бірдеңе  бар  еді,  -  деп  кемпір  артына  бұрыла  бергенде,  оның  шиге  сүйеп  қойған 
ескі  қарала  дорбасы  құлап  қалды.  Кемпір  дорбасын  көтергенше,  дорбаның  ауызынан  жалпақ 
пышақтың ұшы жарқ етіп көрінді. Кемпір теріс қарап дорбасына қолын тығып, үлкен ағаш саптаяқты 
алып  еді,  саптаяқтың  түбіне  бір  нәрсе  жабысып  ілесе  шықты.  Кемпір  жан  дәрмен  лып  еткізіп  оны 
дереу  дорбасына  салды.  Арт  жағынан  үңіле  қараған  Бекбайдың  көзіне  әлде  бір  нәрсенің  аяғы 
шалынып  қалды.  Жүрегі  зу  етіп  тас  төбесіне  шықты.  Бекбай  қорыққанын  білдірмеуге  тырысты. 
Оттағы  шәугімді  алып,  кемпірдің  саптаяғына  су  құйып  берді.  Кемпір  алдындағы  етті  саптаяғына 
салып,  терлеп-тепшіп  жеп  жатыр.  «Алла,  Алла  ,  мынау  нақ  жалмауыз  кемпір  екен»  деп  ойлады 
Бекбай.Ол осыны ойлаған сайын денесі бір ысып, бір суып, жүрегі дүпілдеп соға бастады. Азырақ су 
ішті, ет жегенге көңілі қобалжып тәбеті тартпады. «Мына жалмауыз кемпірді тойғызып жолға салып 
құтылайын» деп ойлады. 
 
-  Жеп-ішіп алыңыз, елдің бәрі қыстаудан көшіп кетті ғой, бар болса әнеу адырда бар шығар, -  
деді Бекбай. 
 
-  Жоқ,  балам,  ел  көктеулікке  кеткен  жоқ.Түгел  жан-жаққа  ауып  кетті.  Осы  өзеннің  бойында 
қыбыр еткен жан қалған жоқ. Үш күн болды, өзен бойынан  өзіңнен басқа тірі пенде кездестірмедім. 
Қаңырап-қаңырап көшкен елдің жұрты жатыр. 
 
-  Ал,  шеше,  жолыңыз  болсын  !  -    Бекбай  Қоржынның  ауызынан  және  бір  кесек  ет  алып 
кемпірге берді, қараңғы түскенше жолды біраз ұтып алайын. 
 
- Рахымет, балам, жолың болсын ! 
 
Бекбай  жүген-ноқтасын  шылбырымен  шумақтап  беліне  буды  да,  қоржынын  иығына  салып 
жолына түсті. Ол едәуір өрлеп, өзеннің шығыс қабағындағы дөңге шығып, өзі су қайнатқан жердегі 
кемпірге  көз  тастап  еді,  ол  әлі  от  басында  сопайып  отыр  екен.  Отты  маздатып  жағып  қойыпты. 
«Мына  жалмауыз  кемпір  соңымнан  ілесіп  келіп    өлтіріп  кете  ме»  деп  қорыққанда  Бекбайдың 
бойында  жан  қалмады.Оның  әлгі  от  жаққан  жерден  әлі  қозғалмағанын  көріп,  жүрегі  сәл  орнына 
түскендей болды. «Ей, көзге көрінгенді жегізген заман-ай» деп орнынан тұрды.  Бекбай осыдан соң 
күн батқанша тоқтамай жүрді. Екі көзі қып-қызыл болып қанталаған әлгі кемпірдің сұрлы кескіні көз 
алдынан бір минутта кетпей қойды. Қайта-қайта биіктеу жерлерге шығып соңымда әлгі кемпір келе 
жатыр  ма  екен  деп  қарап  қойып  отырды.  Ол  үрейленіп  қанша  қарасада,  әйтеуір  кемпірдің  бараны 
байқалмады. Күн батуға айналғанда оңтүстік жақтағы тар сайды өрлеп жатқан үлкен соқпақ жолға 

жетіп келді. «Бәйтікке баратын жол осы екен ғой» деп Бекбай өзіне өзі қуана сөйледі. Жол аузында 
көп тұруға тақат қылмады. «Бәйтік қайдасың» деп жол сайды өрлей жөнелді. Сайдың іші көз көрім 
жерге  дейін  түзу  жаттық  екен.  Осы  жаттықты  тауысып  артына  қайрылып  қараған  Бекбайға 
елбеңдеген  ештеңе  көрінбеген  соң  көңілі  тіпті  орнына  түсті.  Күн  батып  кеткенімен,  әлі  ақшам 
қараңғылығы түсе қоймаған еді, Бекбай тағы жолға түсті. 
 
Адам  баласы  үшін  өлім  оншалықты  қорқынышты  нәрсе  емес.  Өйткені  ес-ақылы  жайындағы 
әрқандай адам өзінің қашан да бір өлетінін біледі. Мәселен оның қорқынышты болатын жері, өлімнің 
қалай  болуына  байланысты  ғой.  Адам  баласы  өлімді  таңдап  алмайды.  Солайда  тағдыр  әркімге 
әртүрлі  өлімді  кез  келтіретіні  анық.  Дәл  осы  шақ  Бекбайдың  құлағына,  көз  алдына  аласа  жаралған 
быртық Суайттың жалпылдап тез сөйлейтін шіңкілдек дауысы естілгендей болды. Суайттың кескінін 
көз  алдынан  кетіргісі  келмей  көзін  жұмып  сәл  түрды.  «Шіркін  !  Қасымда  Суайт  бар  болса  қандай 
жақсы  болар  еді»  деді  күбірлеп.  Қарадай  Суайтты  көргісі,  онымен  кеңескісі  келді.  Бірақ  Бекбай 
Суайтты сағына қалғанын мүлде сезген жоқ. «Суайт мені өтірік айтып абақтыдан шығарып жіберді 
ғой, бірақ өтірік айтып ажалдан құтылып қалуға болмас» деп ойлады Бекбай. Сөйтті де өз ойына өзі 
қайран қалды. Десе де, біздің геройымыз бұл жерде сәл жаңылыс кеткенін жасыра алмаймыз. Ол өзі 
өтіріктің кереметімен ажалдан қалып отырып, оны өзі мойындағысы келмей отыр. 
 
Оқырман, есіңізде болар, Бекбай торы атын қасқыр жейтін күні шәй ішкен үйінен өтірік айтып 
қашып кетпеген болса , аты да, өзі де бұл дүниемен мәңгі қоштасары хақ еді. Өтірік айтып өлімнен 
қалу  деген  осыдан  артық  емес  шығар.  Десе  де,  өтірік  бүкілдей  қоғамға  және  адамдардың  жеке 
басына өте пайдалы нәрсе екен деп қалмаңыздар. Өтіріктің адамдарды жоғарыдағыдай өлімнен алып 
қалатын жері де, көбінде адамдардың басын өлімге байлап беретін жері де бар. 
 
Бекбай жүріп келеді. Өлім туралы ойлап келеді. Суайттың әлде кімдермен қар күреген шақта 
керкілдесіп : 
 
-  Ей,  ақымақтар,  атамыз  қазақтың  :  «Шынға  бергісіз  өтірік,  өтірікке  бергісіз  шындық  бар» 
дегенін білмейсіздер ме? - деп айғайлағанын есіне алды. 
 
Әрине, біреулердің өтіріктің кесірінен абыройы шашылып, халық алдында қадірі кетіп жатса, 
ал,  енді  біреулердің  өтіріктің  арқасында  беделі  биіктеп,  абыройы  көтеріліп  жатады.  Мұны  қалай 
түсінуге болады?! Мәселе «өтірік» деп отырғанымыз өтірік пе, емес пе? Нас басқанда біздің осыны 
парықтай алмай отырғанымыз айдан анық. 
 
Жүрген сайын Бекбайға мынау жол сайдың іші әрі жаттық, әрі жарық сияқты білінді. Ақшам 
жарығы сөнгеннен кейін де сай ішінің едәуір  жері анық көрініп тұрды. Бекбай жүріп келеді, ойлап 
келеді, өйткені ой әлде кіммен кеңескен сияқты жолды қысқартуға едәуір пайдалы екен. 
 
Мынау жол сайдың төменгі жағы тарлау болғанымен, өрлеген сайын іші кеңіп, екі жағындағы 
таулары  да  жаттықтап  кетті.  Бекбай  іздеген  сайын  отын  боларлық  бұта-бүрген  мүлде  табылмады. 
Болмаса ықтасын боларлық жартас, болмаса үңгір сияқты ештеңе де кезікпеді. От жағып байпағын 
кептіріп  алатын,  отыны  бар  жерге  жетуді  армандап  қараңғы  түскен  сайын  шамасы  келгенше  тез 
жүрді. 
 
Жүрген  сайын  сайдың  екі  бетінің  қары  азайып,  беткейлер  қарая  бастады.  Мынау  қардың 
жұқарып, азайғаны оны «отынды жерге таяған шығармын» деген ойға келтірді. Үміттенген сайын тез 
жүрді.  Алдыңғы  жағынан  баяу  ескен  ызғырықты  да  елеген  жоқ.  Екі  етігі  де  қатып  аяғын  қыса 
бастады. Қырсық  болғанда, ол жүрген сайын жер тақырланып, мүлде шырпысы жоқ тастақ адырға 
айнала  бастады.  Мына  даңғыраған  көне  жолда  аз  күннің  алдында  ғана  жүрген  ат,  түйе  сияқты  ірі 
қара  малдардың  ізі  жатыр.  Жан  ұшырып  қатты  жүргендікі  ме,  жоқ,  мынау  сайды  өрлегендікі  ме, 
Бекбайдың аяғы сәл ауырлағандай болды. Жүрген сайын қара қырдаңдар көбейе бастады. Сайдың екі 
жағындағы  беттерде,  арлы-берлі  шұбырған  қойдың  көне  іздері  аппақ  қар  бетінен  анық  көрініп 
жатыр. «Бұл жерлерді де мал қыстаған ғой» деп ойлады. Ол тоқтаусыз жарым күнге таяу жүргенде, 

мынау  даңғырап  жатқан  үлкен  қан  жолдан  бірде-бір  пенде  кезікпеді.  Татыртаң  қара  дөңкілге 
бұрылып, қоржынын жерге қойып аз дем алды. Иығы суып, бойы сәл тоңазығандай болғанда, қайта 
жолына түсті. Азырақ отыны бар ықтасын жер тауып таңды атырмасам, өліп қаламын ғой» деп өзіне 
өзі күбірледі. 

    Бекбай  тоқтаусыз  жүрді.  Жүрген  сайын  отыны  бар  жер  кезікпеді.  Сай  іші  бұрынғыдан  сәл 
тарайып, іңір қараңғысы қоюлаған мезгілде, жол сайдың шығыс жағынан түскен тар жылғаның аузы 
кез  болды.  Жылғаның  басы  көрінбейді.  Едәуір  ұзақ  секілді.  Оның  үстіне  бұл  жылғаны  өрлеп-
құлдаған  көне  іздерде  көп  екен.  Ел  қыстаған  қора  кезігер  ме  деп  дәмеленді.  «Не  болса  да  осы 
жылғаны  өрлеп,  бір  ықтасын  жерге  барып  дем  алайын»  деп  ойлады.  Сөйтті  де,  қара-қара  қырдаң 
жерлерді қуып, жолдан бұрылған ізін қалдырмай жылғаның күнгей бетіне ілінді. Қара жерге ілінген 
соң, күнгейді жағалап жылғаны өрледі. Екі тұмсық айналғанда, күнгей жақта биік жартас бар екен. 
Жартастың түбі  бір кезде ел отырған  көңірік / көңірек  -  біраз малшылар қой түнеткен аз көңі  бар 
қоныс / екен. Елдің ошақ етіп шәй қайнатқан үш тасы да анық көрініп жатыр. Жартастың түбіндегі 
кішкене  үңгір  көзіне  түсті.  Жүгіріп  сонда  келді.  Үңгірдің  ішіне  үңіліп  еді,  дардай  отындық  томар 
жатыр  екен.  Мойнындағы  қоржынын  жартастың  түбіне  қойды.  Беліндегі  ноқта-жүгенін  шешіп 
тастады.  Ішігі  ауырлау  сезілсе  де  «тер  қатып  қалмасын»  деген  оймен  шешпеді.  Әуелі  жартас 
түбіндегі  қары  жоқ  тақыршақ  жерге  үш  тасты  қойып,  онан  соң  үңгір  ішінде  жатқан  құрғақ 
томарларды  алып  шығып  от  жағуға  кірісті.  Жартас  түбінде  отарлаған  малшылардан  қалса  керек, 
азырақ сиыр тезегі де бар екен. Бәрін жинап от жақты. Кішкене шәугімге қар салып ошаққа қойды. 
Жартас түбіне от жанған соң, Бекбай дәл бір ауыл үйге келгендей жадырап тынысы кеңи бастағанын 
сезді. Қар еріп су қайнағанша маңайынан шөмшек, тезек сияқты нәрселерді теріп жинай бастады. Су 
қайнаған  соң  ескі  қоржынын  қасына  алып  келіп,  болымсыз  үйілген  көңнің  үстіне  қойды. 
Тостағанына су құйып, қоржынын ақтарып ет салған дорбаға қол салып еді, кішкене жалғыз кесек ет 
ғана қолына ілінді. Бекбайдың жүрегі зу ете түсті. Қоржыннан дорбаны суырып алды. Дорбада түк 
жоқ.  Аздап  еттің  қоқымы  ғана  бар  екен,  жолда  қырдаңда  ет  алып  жегенде  дорбасы  толып  тұрған 
сияқты  болатын.  «Бағанағы  қақпас  мені  суға  жіберіп  жайлаған  екен  ғой»  деді  күңіреніп.  Дорбада 
қалған  жалғыз  кішкене  кесек  еттің  жартысын  ғана  жеп,  қалғанын  дорбаға  қайта  салып  қойды. 
«Әттеген-ай,  аштан  өлгенім  осы  ғой,  кемпірде  нем  бар  еді.  Өз  жолыма  кете  бермей»  деп  көзінен  
аққан жасты сүртіп, бір сәт отқа телміре қарап отырып қалды. Екі көзі қып-қызыл болып қанталаған, 
бетін  өрмекшінің  торындай  әжім  айғыздаған,  қап-қара  кемпірдің  қорқынышты  кескіні  көз  алдына 
тағы елестей қалды. Саптаяқтың түбіне жабысып шығып салақтай қалған әлде бір нәрсенің тізесіне 
дейінгі  бір  аяғы,  оны  сасқалақтап  дорбасына  асығыс  салған  кемпірдің  күс-күс  болып  тілінген  қап-
қара қолы көз алдынан шұбырып өтіп жатыр. Бекбай сиыр тезегінен бірнешеуін отқа тастап қойып, 
отқа жақындап отырды. «Рас, жалғыз қаңғып жүрген жалмауыз кемпір екен» деді күңгірлей сөйлеп. 
Бекбай  бала  күнінде  жалғыз  көзді,  орсақ  тісті  жалмауыз  кемпір  туралы  ертектерді  көп  естіген 
болатын.  Адамның  сәбилік  шағы  қандай  тәтті  десеңізші  !  Ауылдың  қойшысының  аузынан  сол 
жалмауыз кемпір  туралы ертектерді  көздері ұйқыға барғанша естіп, қарадай үрейленетін. Тіпті кей 
күндері  түнде  түсінен  шошып  оянып  үй  ішінің  мазасын  алған  кездері  де  болған.  Енді  нақ 
жалмауыздың өзін өз көзімен көріп отыр. Үнемі қойшы жігіт әңгімейтін жалмауыз кемпірдің айласы 
қиын көп еді. Рас, жалмауыз кемпірдің айласы көп, бүгін менің көп күнге жететін азығымды ұрлап 
алды.  Тіпті  маған  сездірген  де  жоқ.  Жалмауыздың  дәл  өзі.  Мүмкін,  түнде  кезігіп  қалсам,  мені  де  
бауыздап  бірталай  күнге  азық  ететін  шығар.  Бекбай  өз  ойынан  өзі  шошып  кетті.  «Жоқ,  мен  одан 
құтылып кеттім. Оған жеткізбеймін». Ол жүрегінің аздап дүпілдей бастағанын сезді. Мүмкін, сонау 
сәби  шағында  жүрегіне  қорқыныш  ұялатқан  жалмауыз  кемпір  туралы  ертегілердің  үрейі  бір  заман 
ұмтылып  кеткенімен,  бүгін  қайта  жаңғырды.  Сондықтан  қорқып  отырған  шығар.  Оттың  жалыны 

басылып,  қызыл  шоққа  айналып,  төңірекке  түсірген  жарығы  әлсіреген  сайын,  әлгі  қызыл  көз 
қемпірдің сұрлы кескіні көз алдына елестей бастады. Орнынан тұрып ең соңғы жалғыз тал томар мен 
тезекті отқа салып қойып, төңірегіне сақтана көз тастады, айналасы түгел қоршалған тау, ай жарық 
болғанымен  бетін  шарбы  бұлт  басып,  төңірек  бұлыңғыр  ғана  көрінеді.  Қарсы  беттегі  қарлы 
теріскейдің ортасындағы кішкене қара жартас түнде ерттеулі тұрған атқа ұқсайды екен. Қадала қарап 
едәуір тұрды. Мына жартас дәл өзінің әлгі қасқыр жарып кеткен тор атына ұқсайтын сияқты көрінді. 
«Адам сияқты ақыл-есі бар жануар еді ғой» деді күбірлеп. Сол екен, кеңірсігі ашып көзінен еріксіз 
жас  саулады.  «Алдырар  күні  жаздырар».  Сол  күн  атының  шылбырын  білегіне  орап  жатпағанына  
қатты  өкінді.  Қайта  жүріп  от  басына  келіп  отырды.  Өзінің  тіршілік  иқуатының  әлі  кем  екендігін 
мойындап  іштей  қатты  кейіді.  «Түсте  кемпірге  кезігіп  суға  барғанда  қоржынды  ала  жүрсем  де 
болады ғой, көсенің ақылы есіне кейін түседі деген осы екен-ау» деді міңгірлеп. Көз алдына қызыл 
көз кемпір тағы елестеді. Оның қөзінің қызылы қызыл болғанда бір түрлі қорқынышты күрең қызыл 
екен. Ал, екі қолының тілінген жерлерінің қанталаған қызылы да сол көзі сияқты күп-күрең қызыл. 
 
Жалмауыз кемпір туралы ертегілерде көп айтылғанымен, нақ жалмауыз кемпірдің өмірде бар-
жоғына Бекбай онша сене қоймайтын, бүгінгі кемпірдің кездесуі оны нақ жалмауыз кемпірдің өзіне 
жолыққандай күйге келтірді. «Шіркін, жарық дүние қандай қымбат, ойлап отырсаңыз, ең ұсақ жәндік 
құмырысқа  мен шыбыннан тартып, тірлік атаулының ең құдіреттісі адамға дейінгілердің өміріне көз 
салсаң,  бәрі  де  жарық  дүние  үшін,  жарық  дүниенің  бір  күнгі,  тіпті  бір  сағаттық  нұрлы  да  тәттілігі 
үшін  тырбанады  екен.  Баяғы  мен  де  соның  бірімін.    Әйтеуір  аштан  не  басқа  бір  кесепаттан  көз 
жұмып  бақиға  кетпесем,  Жайнаны  тірі  көрер  күн  болса,  осы  тартқан  жапа-машақатымның  бәрі  бір 
күнгідей болмас еді-ау, рас, әлгі қызыл көз кемпірді мен жалмауыз кемпір деп қарғанып отырмын. 
Мүмкін  ,  иен  далада  жалғыз  қалып,  аштан  өлетін  болған  соң,  көзіне  көрінгеннің  етін  жеп  жүрген 
шығар. Ол да тірлік иесі адам ғой, мына жарық дүние басқа адам пенделеріне, күллі тірлік иелеріне 
қаншалық қымбат болса, оған да сондай қымбат болатыны хақ. Ей, бейшара, менен ұрлап алған еті 
тағы  бірнеше  күн  мынау  жарық  дүниенің  тірлік  атаулы  мәңгі  қия  алмайтын  құдірет  нұрын  көруге 
нәсіп етер, мен аштан өлмеспін, ол қалайда ана ғой, етімді ұрлап алғаны да жөн болған екен». Бекбай 
ауыр ойдан есінеп аспанға қарады. 
 
- Ойпыр-ау, өзі не ойлап кеттім, - деді күңгірлей сөйлеп. Осы шақ Бекбай өзінің сол қызыл көз 
кемпірге  жаны  аши  қалғанын  сезді.  Томарлар  мен  тезек  әбден  жанып,  қызыл  шоқ  ағарып  күлге 
айналып барады екен. Орнынан тұрып аяқ-қолын созып, біраз бой жазған соң, отқа тағы бір-екі тезек 
салып қойды. Ай батып кетіпті. Бағанағы ат сияқты жартас қарсы бетте қап-қара болып түнеріп тұр. 
Көңіріктің  бетіндегі  күндізгі  жылымық  та  еріп,  енді  қабыршақ  мұзға  айналған,  тақыршақты 
сықырлата  басып,  көңірікті  бір  айналып  шықты.  «Не  де  болса  да  осы  таңды  ұйықтамай  атырайын, 
күн ашық екен ғой, күн жылымық тартқанда қара күнгейдің біріне шығып көз іліндіріп алармын» деп 
ойлады. Екі аяғы аздап тоңазығанымен денесі онша тоңбаған екен. Көңірікті баяу аяңдап тағы бір рет 
айналып шықты. Шалғайдан жылаған баланың дауысына ұқсайтын  бір құстың шиқылдаған дауысы 
естілді. Бекбай осы құстың дауысын бұрын бір рет естігені есіне келді. Онда Бекбайдың әке-шешесі 
тірі  болатын.  Күздің  қар  жаңа  бір  жауған  кезі  еді.  Ауылдары  Қалбаның  батыс  салмасындағы  қара 
адырды  қыстағалы  көшіп  барған.  Мал  қораланып  үй  ішіндегілер  кешкі  асқа  отырған  шақта,  бейне 
жылаған баланың дауысы сияқты бір дауыс қайта-қайта жалықпай шақырған. Сонда Бекбай қорқып : 
 
- Ойбай, бұл ненің дауысы? - деп үрейлене қалған. Бас жағында отырған Берікбол : 
 
- Бұл кісі жейтін құстың дауысы, тыныш отырмасаң сені жейді, -  деген. Шешесі күліп : 
    -  Қойшы,  Бекей  әлі  кішкене,  қорқытпасаңшы,  -    деп  Бекбайдың  басынан  сипаған,  -    ол  байғыз 
деген құс. Оның дауысы осындай. Бұл бейшара таң атқанша зарлайды. 
 
- Неге зарлайды, -  деген Бекбайға шешесі күлімсірей қарап : 

 
- Бұрын Сүлеймен деген патша болған екен. Ол күллі тіршілік иесінің тілін біліп бәріне ұқық 
жүргізіпті. Сол патша ерекше сұлу әйел алыпты. Әйелі не талап қойса, патша екі етпей орындайды 
екен. Күндердің бірінде әйелі патшаның қасына мұңайып келіпті. 
 
-  Не болды?  -  деп сұраған патшаға :  
 
-  Қазір,  патша  ағзам,  сіз  не  істеймін  десеңіз  қолыңыздан  келеді.  Маған  құстардың  сүйегінен 
бір сарай салып беріңіз, -  дейді. 
 
Сүлеймен патша күллі дүниедегі құстарды түгел жиып : 
 
-  Сендерге  қоятын  екі  сұрағым  бар.  Соны  таба  алмағандардың  бәрінің  басын  аламын, 
тапқандарды қоя беремін, -  дейді. 
 
Патшаның  екі  сұрағына  жауап  бере  алмай,  құстар  мұрындарынан  тесіліп  тізіле  береді.  Ең 
соңында  түгендесе  байғыз  деген  құс  жоқ  болып  шығады.  Сүлеймен  патша  дереу  алып  келуге 
шақырушы жібереді. Шақырушылар келгенде байғыз бір тастың үңгірінде жатыпты. Шақырушылар : 
 
- Сені Сүлеймен патша шақырады,  - дейді. Сонда байғыз басын әрең көтеріп : 
 
-  Байғыз деген құс едім, басым ауырып жатыр едім, -  депті. 
 
Шақырушылар оны дедектетіп патшаның алдына әкеліпті. 
 
Патша байғызға : 
 
-  Екі  сұрағым  бар,  жауап  бере  алмасаң,  ана  құстардың  қатарына  мұрныңды  тесіп  тіземін. 
Жауап берсең қоя беремін,  -  дейді.   
 
- Мақұл, сұрағыңызды қабыл алармын, -  дейді Байғыз. 
 
-  Бірінші сұрақ, -  дейді патша нығызданып, -  дүниеде өлі көп пе, тірі көп пе? 
 
-    Тақсыр,  патша ағызам,  байқасам тірілер мен өлілер тең екен. Егер күні  бойы ұйықтайтын 
жалқауларды да өліге есептесем, тіріден өлі көп болады екен, - дейді Байғыз. 
 
- Екінші сұрақ, - дейді патша орнынан тұрып, -  дүниеде әйел көп пе, ер көп пе?  
 
Байғыз басын иіп : 
 
-  Патша  ағызам,  байқасам  дүниеде  ер  мен  әйел  тең  екен  .  Егер  әйелінің  тіліне  ерген  ерді 
әйелге қоссам әйел көп болады екен, -  дейді. 
 
Осылайша, Сүлеймен патшаны жеңіп байғыздың тұмсығы тесілмей қалыпты дейді. 
 
- Онда байғыз жылаған бала сияқты шырылдағанымен шешен құс екен ғой, -  дейді Берікбол. 
 
- Ойбой, балам, -  деген шешесі күліп, -  байғызды сүйгеніне опасыздық істеген бір қыз екен, 
ол өкініште қалыпты, сондықтан таң атқанша зарлайды дейді ғой. 
 
Осы  ойдың  жетегінде  Бекбай  көзін  жұмып,  сол  орында  едәуір  уақыт  тұрды.  Құлағына 
шешесінің қоңырлаған жағымды дауысы естілгендей болды. Көздерінен еріксіз жас саулады. Көзінің 
жасын  сеңсең  ішігінің  жеңімен  сүртіп,  оттың  қасына  келді.  От  сөнуге  аз  қалыпты.  Күлге  айналып 
бара  жатқан  тезек  шоғының  солғын  алауына  екі  алақанын  қақтап  азырақ  жылынды.  Қоржынын 
ашып,  Қанағаттың  әйелі  мен  Сартоғайдағы  қонған  үйінің  әйелі  берген  бес  тал  құрттың  кішкене 
біреуін алып, жайланып отырып пышақпен төртке бөлді. Төрт бөліктің біреуін  аузына салып, қалған 
үш паршасын ішкі шапанының қалтасына салды. «Қалайда түн ортасы ауды, енді жолға шығайын» 
деді өзіне өзі. Сөйтті де жүген-ноқтаны шылбырымен шумақталған беті күндегісінше беліне буынып  
орнынан  тұрды.  Басын  көтеріп  аспанға  қарады.  Шарбы  бұлттар  ыдырап,  жұлдыздар  жайнап  тұр. 
Қоржынын  иығына  салып  жылғаны  құлдап  жолсайдағы  үлкен  жолға  түсті.  Жүріп  келеді.  Қыбыр 
еткен нәрсе көрінбейді. Түн болғанымен ала шарбы қардың жарығында жол ап-анық көрініп жатыр. 
Бұл жолмен жүргеніне қанша уақыт болғаны белгісіз, шуырған түйелі көштің ізі қарлауыт жерлерде 
ап-анық  жосылып  қалыпты.  «Шіркін !  Осы  елге жетсем Жайнаның үйінің дерегін білер едім» деп 
ойлады.  Осы  шақ  көз  алдына  Жайнаның  Ертіс  бойында  отын  алып  жүргендегі  өзіне  күлімсірей 
қараған    сүйкімді  кескіні  елестеді.  Оң  жақ  бұрымының  төрт-бес  талы  күрең  торғынмен  тыстаған 
пұшпақ  тымағының  маңдайы  астынан  жібек  сияқты  судырап  шығып,  қысқы  самалмен  желбірей 

қалған  еді.  Қайрыла  ұзын  жаралған  қоп-қою  қара  кірпіктері  дөп-дөңгелек  бота  көзін  ерекше  әдемі 
көрсетіп жіберген болатын. Әсем қыздың сұлу кескініне Бекбай мас болғанын білмей қалды. Еріксіз 
келіп  Жайнаның  қолынан  ұстады.  Оның  кіп-кішкене  саусақтары  ып-ыстық  екен.  Махаббат  сезімін 
ұяты  жеңіп  Жайна  шегіншектеп  еді,  Бекбай  өзін  ұстай  алмады.  Жайнаны  қапсыра  құшақтап  бетін 
бетіне  басты.  Сол  шақ  сәби  баланың  исі  тәрізді  тамаша  жағымды  иіс  мұрнына  келіп  ұрылған.  Сол 
тәтті  иіс  тағы  мұрнына  келгендей  болды.  Бекбай  Жайнамен  кеңесіп  келе  жатқандай  тәтті  сезімге 
кенелді. Бойын керемет бір күш кернеп, жүрісі тездей түсті. Кенет көз алдындағы тәтті елес көзінен 
ғайып болды да кетті. Жартылай мұзға айналып жолға қатқан бір кесек қар аяғын қағып қалған екен, 
сүрініп  кеткен  ол  жығылып  қала  жаздап  барып  оңалып  алды.  Әлгінде  ғана  Жайнамен 
әігімелескендей бойы  жадырап талай жылдан бергі  өзегін өртеген сағынышы аз болса да  жеңілдеп 
қалғандай сезілді. 
 
Басын  көтеріп  алдыңғы  жағына  қарады.  Сайдың  басы  барған  сайын  кеңіп  үлкен  белге 
айналып кетеді екен. Сайдың басындағы жайбір белге таяп қалыпты. Жүрісін тездетіп белге шықты. 
Шығыстан  құлан  иектеп  таң  ағарып  келеді  екен.  «Жолдың  нақ  беталысын  таң  әбден  атып,  жерге 
жарық түскенде бір-ақ мөлшерлеп алармын, қазірше көштің ізімен жүре берейін» деген ойға келді. 
Қоржынын  жерге  қойып  аз  дем  алған  соң,  тағы  жолға  шықты.  Таң  әбден  ағарып  атып  күн 
көтерілгенде, жол шығысқа қарай көлденеңдеп тағы бір жайбір белге шықты. Алды өте кең болмаса 
да  едәуір  көсілген  құнан  шаптырым  жазық  екен.  Жазыққа  көз  салып  едәуір  тұрды.  Жол  жазықтың 
ортасынан  кесіп  өтетін  сияқты.  Кенет  Бекбайдың  көзіне  сол  жазықтың  арғы  жиегінде  кетіп  бара 
жатқан үш қарайған нәрсе түсті. Бір үлкендеуі алдында, ал екі кішкенесі артында кетіп бара жатқан 
сияқты. «Екі бұзау ерткен сиыр ма екен» деп ойлады. Не де болса соған жетуге асықты. Ішігінің екі 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   28




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет