сияқты естілді. Бекбай еріксіз бір ұрттам суды ішті. Оның аузына су тимегелі екі күн болған еді.
Мына бір ұрттам су тамағының құрғап тікенше қадалып тұрғанын басты.
Жүргіншілер орындарынан тұрып тағы жолға шықты. Әлгіндегі бір-бір ұрттам борсыған су Қапидан
басқа үшеуіне едәуір жан бітіргендей болды. Күн түс ауған соң тіпті шыжып кетті. Басын көтеріп
күнге қараған Бекбай:
- Төртінші айда күннің дәл осындай ысып кеткенін көрмеген екемін, - деді.
- Бұл құм дала ғой, таудағы ел әуелі тоңып отырған шығар, - деп Қапи шал астыңғы тілінген ернін
тілімен жалап қойды.
3
Күн бесінге айналғанда, жүргіншілердің аяғы ауырлап, бір-біріне сүйеніп жыбырлады да қалды.
Жандарында азық та, сусындық су да қалмағанын Мұхамет пен Мұстапа да анық білді. Бекбай өз
тілінің таңдайына түрпідей тиіп, жұтынса тамағына бір нәрселер инеше қадалып, ауыз қуысының
құп-құрғақ болып кеткеніне қарап, өз денесіндегі судың азайып кеткенін сезді. Бәрінің де екі көзі
алдыңғы жақтарында, қараңдап адам пенлесі кезіксе деп бәрі де іштей тіленіп келеді.
- Шіркін-ай, осындайда бір атты адам кезіге кетсеші!- деді Мұхамет.
- Үміт дүниесі ғой, - деді Қапи ауыр дем алып, - елге жақындап қалдық, адам не мал аз жүрген соң
кезігер.
- Ата, сөйлемеңізші, сөйлесеңіз шаршап қаласыз, - деді Мұстапа атасын білегінен сүйеп.
Қапи шал үнсіз бас изеді. Оның енді сөйлерлік халы да қалмаған еді. Бұлар екінтіге таяғанда қалың
жыңғыл өскен құмды бұйратқа ілінді.
- Сием, - деді Мұстапа.
- Тостағаныңа си, - деді Бекбай.
Мұстапа тартынған жоқ. Тостағанына сигелі теріс айналып тұра қалды. Мұстападан әрең бір ұрттам
ғана несеп шықты.
- Бір ұрттам ғана екен, - деді Мұстапа.
- Бір ұрттам болсада іш, - деді Бекбай.
Мұстапа тостағандағы өз несібесін аузына апара алмай дардай тұрып қалды. Әрине, бұрын мұндай
өмір мен өлім арасындағы қиян-кескі күнді басынан кешпеген жас сәби өз несібесін ішуге көңілі
оңай тартпады. Мұстапаның несібесін іше алмай қиналып тұрғанын байқаған Бекбай, қолына
тостағанды алып, зорланып отырып екі ұрттамдай өз несебін құйып алды.
- Міне, Мұстапа, мен несебімді іштім, - деп Бекбай тостағанды бір-ақ көтерді. Бекбайға ілесіп
Мұстапа да несебесін ішіп алды. Бекбай екі ұрттам несептің өзіне едәуір қуат болғанын білді. Ол
Мұхаметке жақындап:
- Әй, Мұхамет, бар болса тостағаныңды алып, сен де несебіңді іш. Адамға қуат болады екен, - деді.
Көп өтпей Мұхамет те тостағанын алып, өзінің екі ұрттам несебін тосып алып ішті.
Бұлар күн бата бұйраттың арасындаға тақыршаққа келіп киімшең қисая кетісті. Қапи шалдың халы
қатты нашарлап кеткен еді. Тақыршаққа отыра алмаса керек. Тақыршақтың шетіндегі үйінді құмға
барып құлай кетті. Бұрынғыдай от жағып, су қайнатамыз дейтін су жоқ. Тіс айқастырар дән жоқ.
Таңертең адам жолықпаса, бәрін де ажал жалмағалы тұрғанын іштей біліп, іштерінен тәңірге
жалынып отыр. Сәлден соң Бекбай қоржынын басына жастап, тақыршаққа екі аяғын көсіліп
шалқасынан жатты. Мұхамет пен Мұстапа да Бекбайдың қатарына дәл осылай шалқалады.
Шалқалап жатқан Бекбайдың көзіне алқара көк аспанда жыпырлаған қалың жұлдыз көрінді. Арт-
артынан бірнеше жұлдыз ақты. Аққан жұлдыздар Бекбайдың бала күніндегі бір әңгімені ойына
оралтты. Ол Бекбайдың он жасқа шыққан жылы болатын. Жайлауға көшіп келе жатқан ауыл Шилі
қабақ деген жерге жетіп, итарқа, қайқаймаларын қалқайтып дамылдай қалды. Ауылдың қойшысы
Қасым екеуі далаға жатты. Дәл осындай жұлдызы самсыған қап-қара көк аспанға қарап жатқан
Бекбай арт-артынан аққан бір қанша жұлдызды көріп, аққан жұлдыздарды санай бастады. Қойшы
Қасым Бекбайды иығына қағып:
- Жұлдыз санама, жұлдыз санаса жаман болады дейді ғой,- деді.
Бағанадан жұлдыз санап жатқандықтан, Бекбай айтарға болмаса қорқып қалды.
- Қалайша,- деді таңданып.
- Анау аспандағы жұлдыздар жердегі бір-бір адамның жұлдызы екен. Жұлдыздың бірі ақса, бір адам
өледі дейді. Мүмкін, біздің жұлдызымыз жарқырап тұрған шығар,- деді Қасым.
- Сонда, қасым аға, жер бетінде адам қалмағанда, аспанда жұлдыз да қалмайтын шығар?- деді
Бекбай.
- Солай болатын шығар,- деп қойшы Қасым да өз сөзіне өзі шұбалана жауап қайырған. Мүмкін, оған
Қасымның да толық көзі жетпесе керек.
Сондағы Қасымның сөзі құлағына қайта естілгендей болды. Қап-қара көк аспаннан жұлдыз тағы да
ақты. Сондағы қойшының сөзіне сенгеніне күлкісі келді. «Пәк, сәбилігім-ай, алдай салғандарына
сене салған қам-қайғысыз күндерім-ай» деді ішінен күбірлеп. Ол бір тарих болып, ұмтылып артта
қалды. Тағы да жап-жарық болып, құйрығы күміс жіпше созылып жұлдыз ағып жоқ болды. Мүмкін,
Бекбай бұл әлемнен екі көзі жылтыраған бір тірлік иесі ұшып кеткеніндей, шет-шегі жоқ бір алып
планетаның тозаңға айналып жоқ болып жатқанын білмеген де шығар. Бір жұлдыз әлемдегі бір
жарық қой, оның ағып жоғалғаны, әрине, әлемнен бір жарықтың өшкені емес пе, оның жер бетіне бір
тірлік иесінің көшкенінен не парқы бар. Қойшы дұрыс айтып отыр. Жер бетіндегі бір адам бір
тұрақты жұлдыз сияқты. Ол болжаусыз бір күні жұлдыз сияқты бұл әлемнен ағып бір-ақ минутта
жоқ болады.
Бекбай жұлдызы самсыған тұп-тұнық қара көк аспанға телміріп тағы біраз жатты. «Бәрі де таусылды.
Ертең бізде жарқ етіп, михынаты мол мынау алдамшы дүниеден құтылармыз» деп ойлады. Сөйтті де
Жайнаға жаны ашыды. «Маған жан-тәнімен берілген еді ғой, бір күн көрмесек елжірей сағынып, ес-
ақылымыз шығушы еді-ау, мені тосып, сары аурудай сағыныштан сарғайып жүрген шығар» деп
ойлады. Осы шақ Бекбайдың екі көзі тұз құйылып кеткендей болып, кеңірсігі ішінен жел соққандай
ашыды. Бірақ сонда да көзінен жас ақпады. Қасындағы Мұхамет пен Мұстапаның мұрындары
пышылдап ұйықтап кеткені байқалды. Қапи шал тастай қараңғы түнде құмды жастанып, бұлардан
сәл алысырақ жатыр. Оның ұйықтап не ояу жатқанына Бекбай көз жеткізе алмады. Өткен түнгі қатты
боран теріскенге түскен жұлдызқұрттарды қойып, жыбырлаған ұсақ жәндіктен ештеңе қалдырмай
сыпырып кеткен сияқты. Ең кемінде енді ғана тіріле бастаған шегірткелердің шырылы да естілмейді.
Бекбайдың дәл ертең шөлден өле қалмайтынына көзі жетті. «Адамның жаны сірі екен ғой» деп
ойлады. Сол шақ көз алдына ағасы Берікқазының бесіктегі баласының ыңырсып бір қанша күн
жатып әрең өлгені есіне келді. «Кім біледі, көптен бері ашығып, жілік майымыз үзіліп келеміз ғой,
қаттырақ жығылсақ жанымыз шығып кететін шығар» деп ойлады. Сөйтті де көзін жұмып ұзақ
жатты.
ҚҰМДАҒЫ ҚҰДЫҚ
1
Бекбай құрқылдаған құзғынның сүркейлі даусынан оянды. Таң ағарып атып кеткен екен. Шығыс
өңтүстіктен азырақ салқын леп соғып тұр. Мынау салқын леп Бекбайдың шөліне едәуір медеу
болғандай сезілді. Құзғын тағы құрқылдады. «Ой, құлқыныңа тас тығылғыр, неменеге құрқылдап
жүр. Бізді түгел қырылып жатыр деп жүрме» деді күбірлеп. Басын көтеріп жан-жағына қарап тағы
біраз отырды. Құзғынның дуысын естігені болмаса, өзін көре алмады. Бекбайдың қыбырымен
Мұхамет пен Мұстапа да оянып, бастарын көтерді. Екеуінің де көздері шүңірейіп ішіне кіріп кетіпті.
Кейіптері тым кетіңкі екен. «Байқұстардың қанша су ішері бар екен, бойларында жандарынан басқа
ештеңелері қалмады ғой» деп ойлады Бекбай. Ол екеуі емес, өзінің де бойында бір шыбын жанынан
басқа ештеңе қалған жоқ қой. Кенет Бекбайдың көзі құм төмбекті жастанып қозғалмай жатқан
Қапиға түсті. Шалда әлі қыбыр жоқ. Көзіне өлген адам сияқты көрінді. Бекбай сасқалақтап орнынан
тез түрегелді. Ақырын бір-екі аттап Қапидың қасына барды. Мұхамет пен Мұстапаға сездірмей
шалдың мұрнына алақанын апарды. Тынысы әлі бар екен. Қуанып кетті.
- Қапа, қандайсыз!- деді.
Қапи көзін зорға ашып Бекбайға қадала қарады. Оның бір нәрсе айтқалы жатқанын Бекбай білді.
- Жол жүре аласыз ба? - деді Бекбай. Осы шақ Бекбайдың көзіне жас іркіле қалған еді. Қапи үнсіз
басын шайқады да, аздап ернін жыбырлатты. «Маған бір нәрсе айтып жатыр ғой» деп ойлады
Бекбай. Еңкейіп құлағын Қапидың аузына жақындатты. Оның дауысы құлағына жер астынан
шыққандай сыбырлап әрең естілді.
- Уақытты ұтыңдар, тез кетіңдер, шығысқа қарап қиыстап жүрсеңдер терең ағын бар. Сол ағынды
өрлеп құмнан өтіңдер. Ел кезігер. Алла жол бер...ер, ма...қарама...ңдар.
Бекбай шалқалап жатқан Қапиға қимастықпен қарады. Оның қолын қозғауға да дәрмені қалмағанын
Бекбай білді. Қапидың шұңғыл көзі өңменінен өте қадалды. Бір кезде ағасы Берікқазының өлер
алдында дәл осындай қадала қарағаны есіне түсті. «Ұзағанда жарты күндік ғұмыры ғана қалған ғой»
деп ойлады. Бір тірі адамды көзін жылтыратып тастап кетуге Бекбай шыдамады.
- Атам неге тұрмайды?- деп Мұстапа Бекбайдың қасына келді.
- Атаң тұра алмайтын секілді,- деді Бекбай күмілжіп.
- Ата, - деп Мұстапа Қапидың қолынан ұстады, - тұрсаңшы, орныңнан тұра аласың.
Қапи Мұстапаның қолынан ұстап, оның саусақтарын қатты қысты:
- Балаларым, тілімді алып тез жылжыңдар, маған қарамаңдар!
Қапидың дауысы әлгіндегідей емес сәл қатты, анық шықты. Мұстапаның үрейлі дауысымен Мұхамет
те жетіп келді.
- Жә, балалар, біздің енді аялдауымызға болмайды. Бүгін қалайда құдыққа жетуіміз керек, - Бекбай
сөзін қадап сөйледі,- Қапаң осында дем алып жатсын, басына көлеңке жасап кетейік, құдыққа жеткен
соң, су әкеліп беріп өзім ертіп кетемін.
Мына сөзге Мұхамет пен Мұстапа көнді. Ұзын-ұзын сексеуідден үшеуін әкеліп басын қосып
күркеше жасап, оған Қапидың өзінің жұқа қара шапанын жауып қойды. Екі сәби шалды өледі деп
ойлаған жоқ еді, басына көлеңке орнаған соң, Бекбайға ілесіп жолға түсті. Жандарында ұрттам су,
бір шайнам дәм қалмаған үш жүргінші баяу жылжып, күн түс бола бергенде қума-қума селдір
қамысы бар ағынға жетті.
- Құдай берді, ана қамыстың түбінде қылтиған сүйрік бар шығар. Тамақ деген сол,- деді Бекбай.
Үшеуі сенделе басып шеткі топ қамысқа келді. Бекбайдың айтқаны келді. Қамыстың арасында енді
ғана қылтиып қамыс тамырынан көктеген әппақ-әппақ сүйрік бар екен. Сортаң сазға жалып-жалып
етіп отыра кеткен үшеуі қолына ілуге жарағандарын бірден суырып жей бастады. Жер бетіне енді
ғана қылтиған уыз сүйрік әрі жұмсақ, әрі жағымды еді. Арт-артынан бірнешеуді жеп үлгірген
Мұстапа қуана айғай салды.
- Бекбай аға, мына қамыстың ұсағы ақ қанттан тәтті екен ғой.
- Тәтті болмағанда, сол ақ қантты қант құрағы деп аталатын қант қамысы болады. Содан алады емес
пе, - деді Бекбай.
Сүйріктер жер бетіне қолдың бір буынынан сәл биігірек көктеген екен. Бекбай қатты қуанды.
Төбелерінен төніп келген ажалдың беті азырақ қайтып кеткендей сезілді. Сүйрікті жеген сайын шөлі
қанып, бойына қуат біте бастағанын білді. Мұхамет пен Мұстапа да бір топ қамыстан енді бір топ
қамысқа өтіп, көк қуған қой секілді жайылып кеткен екен. Олар тіпті сөйлеуге де мұрсасы жоқ
сияқты.
- Әй, Мұхамет! - деп дауыстады Бекбай,- шөлдерің қанғандай болса, енді қолдарыңа ілінгенін
қалталарыңа салыңдар. Баратын жеріміз әлі алыс. Көп жеп ауырып қалмаңдар.
Бекбай әсілі бүгін бір ажалдан қалдық деп айтпақшы еді, оны айтпады. Екі баланы үрейлендіргісі
келмеді. «Өлмегенге өлі балық жолығады» дегендей, мынау қамыстың тамырынан енді ғана
қылтиған ұсақ сүйрік расында бұларды бір ажалдан алып қалды ғой. Мүмкін, екі сәби оны ойламаған
да шығар. Бекбай сүйріктің тамақ болатынын кімнен естігенін есіне алғысы келді. Дардайға дейін
есіне келтіре алмады. Сүйріктерді жұлып қалтасына сала жүріп ойланды. Ол қолына жұққан сап-
сары шайыр батпақты етегіне сүртіп отырып, ағасы Берікболдан естігенін есіне алды. Онда Бекбай
бірінші сыныпқа жаңа кірген болатын. Бір күні түстен кейін ағасы Берікбол екеуі өріске қозы жайып
шықты. Бір кезде Берікбол жырадағы бір топ қамысты көріп, солай жүгіріп кетті. Аздан соң дауысы
әдемі сырнай сияқты нәрсені сарнатып жетіп келді. Мынау дауыс Бекбайдың құлағына сондай
жағымды естілді.
- Көрейінші, не нәрсе?- деп берікболдың қасына жүгіріп жетіп келді. Ол аузына жаңа көктеген
қамысты тістеп алып үрлеп сарнатып тұр екен. Бекбай қызығып кетті.
- Әкелші, Берікбол, көрейін,- деп ұмтылып еді, Берікбол өзінен көп кіші Бекбайды ақымақ етіп, бере
қоймайды. Ашуланған Бекбай жылап ауылға қарай тұра қашқан. Қасындағы ермегі болған бауырын
алдамаған Берікбол, Бекбайды қолынан жетелеп қамыстың арасына келіп, жерден бір сүйемдей ғана
көктеп көтерілген сүйріктің сәл қара көк тартып жуандаған біреуін жұлып алып, қабат-қабат ішін
аршып, сыртқы бір қабағын қалдырып, Бекбайдың ерніне тістетіп:
- Енді үрлеп көрші,- деген. Бекбай үрлеп еді, аузындағы ұлпа қамыс шыжылдап әсем дауыс шығарып
сарнай жөнелген. Әлгі қара көк сүйріктің ішкі жағындағы әппақ жуан шидей өзегін ортасынан
сындырып, Берікбол жартысын өз аузына салып, жартысын Бекбайға берген.
- Мынау тамаша тамақ, дәмі де жақсы. Шөлдегенде шөл қандырады,- деген Берікбол. Енді
Берікболдың сол сұңғылалығы Бекбайға ес қатты. Былайша айтқанда, оны тағы бір ажалдан алып
қалды.
Үшеуі қума-қума шоқ қамыстың түбінен көктеген сүйріктерді жұлып, бір-бір қалталарын толтырып
алған соң, аяқ-қолдарына жұққан сары батпақты қағып, ағарды өрлеп жолдарына түсті. Бұлар жүрген
сайын күн шыжып, аспан айналып жерге түскендей айналалары от болып кетті.
Шығыстан батысқа қарай ақ айдағар сияқты ирелеңдеп ұзыннан-ұзақ көсіліп жатқан құм көрінгелі де
міне бірнеше күн болды. Тіпті анау қатты бораннан бұрын көрінген болатын. Бұлар жүрген сайын,
ары қарай қашып бара жатқан сияқты жақындатпай-ақ келеді. Таңертең құм жыра-жылғасы ап-анық
көрініп жақын тұрған сияқты көрініп еді. Жарым күннен артық жол жүрді. Әлі жеткізбей қашып
барады. Күн екінтіге айналғанда құмның солтүстік жиегіне әзер ілінді. Құмның ағар тұсы биік-биік
құм болмаса да, ұсақ бұйрат құм екен. Ең алда келе жатқан Мұхамет бір нәрсе көргендей тұра қалып
арт жағындағыларға:
- Міне жерде жаңа ғана жүрген атты адамның ізі бар екен,- деп айғай салды.
- Құдай берді, ондай із болса елге жақындаған сияқтымыз,- деп Бекбай бар қуатын бойына жинап,
егілген құмды басып жүрісін сәл тездетті. Мұхамет екі құмның арасындағы болымсыз тақыршақтан
өткен, кәдімгі тағалы аттың әлгінде ғана жүрген жап-жаңа ізіне үңіліп тұр еді. Бекбай келіп ізге
үңіліп қараған соң:
- Мынадай болғанда ел онша алыс емес екен. Аз қайрат көрсетіп ілгерілесек, біреу-міреу кезігіп
қалар,- деді Бекбай. Оның бар зейіні Қапи айтқан құдық еді, әйтеуір құдыққа жетсе, шөлдері қанса,
одан ары қалайда елге де жетерміз деп ойлаған.
Олар құмның ағардың тұсындағы кесік жерінен екінтіге аунағанда әрең өтіп шықты. Құмның үстіңгі
жағында сол жайпақ ағар бұрынғысындай тауға қарай қайқайып жатыр. Бекбай ағардың батыс
жағындағы қабақты бойлап, тіке тауға қарай тартты. «Шіркін, күн батқанша құдыққа жетсек,
мейіріміз қанып су ішсек, тағы бірер күнге шыдармыз» деп ойлады. Артына қайрылып қарап еді,
Мұхамет пен Мұстапа едәуір алыстап қалған екен. Сенделіп аяқтарын әрең-әрең алып аттайды.
Екеуін тосып аз тұрды. Анадай жердегі тақырда бір ірі қара малдың бас сүйегі жатыр. Жылқының
басы ма, түйенің басы ма, айыра алмады. Екі бала жақындағанда, бар қайратын бойына жинап тағы
жылжыды. Алды болымсыз жатық белегір екен. Не де болса сол белегірден асып дем алуға бекінді.
Артына тағы қайрылып қарады. Мұхамет пен Мұстапа енді қолтықтасып бірін-бірі сүйеп келеді
екен. Екі баланың да халы нашарлап кеткенін Бекбай білді. «Апыр-ай, екеуін елге аман-есен
жеткізсем жақсы болар еді» деп ойлады. Қалтасындағы қамыстың сүйрігінен бір талды аузына
салып, дәмін алып тағы алдына қарай жылжыды. Күн еңкейіп ұясына кіруге аз қалды. Басын көтеріп
батыс жаққа көз салып батар күнге қарады. Алдыңғы жағынан тағы үміттенді. Екі балтыры талып,
екі аяғының тоғыз тарауы сәл қақсап ауырғандай болды. «Не болса да осы белгілерден асып барып
дем алайық» деп күбірледі. Сөйтті де өзіне өзі жақындап қалған Мұхамет пен Мұстапаға қарамай
алға тартты. Буыны құрып, жайбір белегірге Бекбай әрең шықты. Белегірдің асты қыстай мал
қыстаған болымсыз қорасымақ көңірек екен. Бекбай жүгіре басып тап-тақыр болып жатқан дөп-
дөңгелек киіз үйдің жұртына жетіп келді. Ол дәл осы шақта бір киіз үйдің өзіне жетіп келгендей
қуанды. Анадайтын жердегі үюлі жатқан сексеуілге көзі түсті. «Құдық сөзсіз соның астында» деп
өзіне өзі күбірледі. Сөйтті де лып етіп сонда барды. Бойына күш қайдан келгенін өзі білмей қалды.
Сексеуілдерді жұлып-жұлып лақтырып жіберді. Құдықтың аузы үңірейіп шыға келді. Жан дәрмен
құдыққа үңілді. Құдық таяз екен. Арқасына таңып алған қоржын-қолаңын жерге тастап, беліндегі
жіңішке жіпті алып, кішкене шәугімді байлап құдыққа салды. Сылдырлаған құдық ішіндегі судың
дауысы Бекбайдың құлағына музиканың үніндей керемет жағымды естілді. Құдықтық суы мұздай
суық екен. Бекбай мейірлене жұтты. Бұл шаққа дейін екі бала мынау құдықтың қасындағы белегірге
жете алмаған еді. Суды жұтып жібергенде-ақ Бекбайдың өне бойынан тер суша сорғалады. Тынысы
кеңіп, бойы сергіп кеткендей болды. Енді бір шәугім су тартып алып, арт жақтағы әлі белегірге шыға
алмаған екі балаға қарай жүгірді. Бекбай белегірге шыққанда, Мұхамет пен Мұстапа белегірге
шығуға дәрмендері жетпей сұлап-сұлап жата кеткен еді. Бекбай:
- Су!- деп айғайлады. Сұлап жатқан екеуі де басын көтерді. Олар Бекбайдың шәугім көтеріп жүгіріп
келе жатқанын көргенде, қуанғандарынан бірін-бірі құшақтай алды. Мұхамет пен Мұстапа бір
шәугім қара суды кезектесіп бір-ақ жұтты. Алақандарымен маңдайларынан сорғалаған терді сүртіп
орындарынан тұрды. Бұл шақта күн ұясына құлап, төңіректі қараңғылық қымтай бастаған еді. Үшеуі
киіз үйдің жұртына жетіп, қоржындарын жастанып сұлай кетті.
2
Құдықтың суық суынан мейірлері қанғанша ішіп ұйқыға кеткен үшеуі, көкжиектен қызарып
күн көтеріліп келе жатқанда бастарын көтерді. Бұрынырақ орнынан тұрған Бекбай қора маңын
айналып, сүйек-саяқ бір нәрсе іздеді. Маңайдағы сексеуіл, жыңғылдардың түбіндегі ағарған
нәрселердің бәрін көрді. Түгел атам заманғы әппақ сөңке болып қураған ірі қара малдардың сүйегі
екен. Биылғы жаңа сүйек мүлде көрінбейді. «Қырсық шалса, қымыран іриді деген осы ғой, қыстай ел
қыстаған, ең болмағанда жазға салым бір ай отырған жерден бірер тал сүйек табылмағанын қарашы»
деп өзіне өзі қатты кейіп, күбірлей сөйледі. Мына қораны көргенде-ақ Бекбай қора маңында қалайда
қысқы соғымның сүйегі бар ғой деп қатты үміттенген еді, енді үміті үзіле бастады. «Бірер сүйек
табылса, оны суға қайнатып нілін ішсек, қалайда елге жетуімізге болар еді» деп ойлады. Дәл осы
шақта әкесі марқұмның айтқан бір кездегі бір ауыз сөзі есіне оралды. Ол Бекбайдың сегіз жасқа
шыққан жылы болатын. Үнемі өздеріне көрші отыратын Қатыран дейтін шал бар еді. Оның бар
мүлкі астындағы ақ айыл шардақ тор аты, сынық мүйіз қоңыр сиыры, кемпірі, басындағы күркесі
ғана. Қатыран да, кемпірі де сол күнде сексен жасқа таяған. Осы ауылдан аздап мал сауып күн
көретін.
Күздің күні болатын, бетте ойнап жүрген Бекбай біреудің ыңқылдап-гүрсілдеп бір арқа отын
көтеріп келе жатқанын көрді. Алғашында оның кім екенін аңғармаған. Отыншы қасына таман
жақындап келіп, отынын гүрс еткізіп қоя салғанда барып ойынмен айналысып отырған Бекбай жалт
қарады. Шашы күздікүнгі селеудей ағарған Қатыран шал отынына сүйеніп басынан ағыл-тегіл аққан
терді сүртініп тұра қалды.
- Асслаумағалайкұм!- деп Бекбай орнынан тұрды.
- Уағалайкұм уассалам! Жарайды, балам, не істеп отырсың?
- Ойнап отырмын, ата.
- Ойнап болдың ба?
- Болдым, ата.
- Онда, мына менің отынымды көтерші.
- Мен көтере алмаймын,- деп міңгірледі Бекбай.
- Неге көтере алмайсың?
- Мен бала тұрсам, күшім жетпейді ғой, сіз шаршасаңыз, отыныңызды бөліп маған біраз буып
беріңіз. Үйіңізге жеткізіп берейін,-деп Бекбай Қатыран шалдың қасына келген.
- Рақымет, балам! Рақымет! - Қатыран шал Бекбайдың маңдайынан сүйді,- ақ көңіл, жақсы адам
болады екенсің, отынымды көтеріп үйіме апарып бергендей қуандым. Жүре ғой ауылға, бірге
қайтайық.
Қатыран шал Бекбайды ертіп алды. «Кәрі адам болғанда не деген күшті адам» деп ойлады Бекбай.
Қатыран шал отынын көтеріп өз үйіне кеткенде, Бекбай жүгіріп үйлеріне келді. Шешесі мен әкесі
енді ғана шәйға отырған екен.
- Алла, Қатыран атам не деген күшті. Үлкен бір арқа отын көтеріп келді,- деді Бекбай таң қала
ентігіп.
- Ой, жарықтық-ай, кемпірі ауырып қалған ғой,- деді шешесі.
- Сорлы адамдар осы Қатыран шал сияқты жанкешті болады, дұниеде сүйеніші, сенері жоқ адамдар
тек өзіне ғана сенеді. Өз күші мен ақыл-парасатына сүйенеді. Сондықтан олар қажырлы, қайратты
болады. Бірақ мұндай адамдар басқаларға сенбейді, басқаларға күйініп те кетпейді,- деді әкесі.
- Ойбой, елдің бәрін сен қолыңнан туғыздың ба? Бәрі де тағдырдың ісі емес пе?!- деген шешесі кейіп.
- Е,- деген әкесі,- «сорлыға сойыл бұрын тиеді»- деген мақалды естіп пе едің, әуелі «кедейдің қырық
қаңтаруы бар» деген сөз де бекер айтылмаған ғой. Тағы «кедейді кезеңде тосып, ойпаңда тонайды»
деген аталы сөз тағы бар. Бұл кедейдің жауы көп деген сөз емес, қайта ақыл-парасаты төмен адамдар
кедей болады деген сөз. Ақыл-парасаты жоғары адамдар әуелі өлім хаупінен де құтыла алады.
Бекбайдың әкесінің дауысы құлағының түбінен дәл сол күндегідей қоңырлап, ап-анық естілгендей
болды. «Менің өлмей келе жатуым, ағам Берікболдың ақыл-парасатының арқасы ғой, тіпті кеше ғана
қамыстың сүйрігін жеп жанымыз қалды» деп өзіне өзі күбірледі.
Бекбай аға, атам шөлден өлетін болды ғой. Ол кісіге су апарып берейікші,- деді Мұстапа.
Бағанадан ой жетегінде түс көрген адамдай меңірейіп тұрып қалған Бекбай ұйқыдан оянғандай,
Мұстапаға қарады. Бұл шақта Мұхамет пен Мұстапа құдықтан шәугімдерімен су тартып ішіп, енді
неше күннен бері су тимей қара қожалақ болып кірлеген беті-қолдарын жуып жатыр еді.
Мұстапаның сөзі Бекбайдың жүрегін зырқ еткізді. «Марқұмның болмағанда бетін жасырып келсем
Достарыңызбен бөлісу: |