Жазушы Шәміс Құмарұлы 15. 04. 1952 жылы Қытай халық республикасының Мори қазақ автономиялы



Pdf көрінісі
бет21/28
Дата08.01.2017
өлшемі1,22 Mb.
#1414
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   28
отырды, - менің бұл дүниенің дәмін тауысатын күнім ұзақ емес. Мына екі баланы өзіңе тапсырамын 
ғой,  алдын  ала  айта  отырайын.  Менің  осындай  күнге  қалатын  жөнім  бар.  Әңгімені  басынан 
бастайын,  мен  кешігіп  үйленген  адаммын.  Әкеміз  ауқатты  адам  екен.  Қасқырдай  төрт  ұлы  іркес-
тіркес тең ержеттік. Әкем өзі ертіп барып татулыққа жақсы деп шешемнің туған сіңілісінің қызына 
құдалыққа  барды.  Сәл  өңінің  қаралығы  болмаса,  ерттеген  аттай  әдемі  қара  торы  қыз  екен.  Әке-
шешесі  әкем  екеумізді  бәйек  болып  күтіп  жатыр.  Әкем  бұрыннан  емеурін  білдіріп  жүретін  болса 
керек,  құдалыққа  келгенімізді  олар  айтқызбай-ақ  білді.  Бірін-бірі  құда-құдағи  деп  әзілдеп жүрді  де 
кетті.  Қойшы  әйтеуір,  мұнда  қозғалмай  он  күн  жаттық.  Бара-бара  мен  де  қалыңдығыма  тіл  қатып 
әзілдесетін  жерге  жеттім.  Біз  аттанардан  бір  күн  бұрын  далада  ат  ерттеп  жүр  едім,  қалыңдығым 
қасыма келіп : 
 
-  Мынау саған берген естелігім болсын, - деп қолыма кішкене кестелі түйіншекті ұстатты да 
лып етіп үйге кіріп кетті. Әдемі кестелі бет орамалға түйген күміс жүзік екен. Осылайша ақ батамен 
құдаласып  ауылға  қайттық.  Осы  жылдың  күзінде  біздің  ауылға  жылқымызды  бағатын  болып 
Баймырза деген көшіп келді. Әкем Баймырзаны шақыр деген соң, үйлеріне жетіп барсам, қазан жақта 
жалғыз қыз іс тігіп отыр. Басқа ешкім көрінбейді. 
 
-  Үлкен кісілер бір жаққа кеткен бе?  - деп едім,  -  жоғарғы үй шайға шақырып кетті,  - деп 
қыз менің бетіме тігіле қарады. Қыздың бетіне қадала қарап қалсам керек, қыз : 
 
-    Сенбей  тұрсыз  ба?    -  деп  сылқ-сылқ  күлді  .  Ыңғайсызданып  қалдым.  Сонда  да  жігіттігіме 
басып : 
 
-  «Жақсыны көрмекке» дегендей, сұлу жүзіңнен көзімді алғым келмей тұр, -  дедім күліп. 
 
-  Онда көзіңізді тастап, өзіңіз кете берсеңіз болды ғой. 
 
-  Қабыл алсаң, қарындас, көзімді қойып, өзімді де осында тастаймын,  -  дедім. 
 
-  Иесіз адамша сөйледіңіз ғой, -  деп қыз тағы сылқ-сылқ күлді. Күлкісі бөлек жағымды екен. 
Осы танысқаннан соң, оны-мұыны сылтауратып қыздың үйіне күнде баратын болдым. Сөйтіп жүріп 

қызбен  сөз  байласып  та  үлгірдім.  Ақыры  бұл  қылығымды  әкем  біліп  қалыпты.  Аздап  мені  сабап 
ашуын  шығарды.  Қыс  өтіп  күзге  айналғанда,  қалыңдығымды  әкелуге  мені  құдаласқан  қайныма 
аттандыратын  болды.  Қалай  бұлтақтасам  да  әкем  бұлқындырмады.  Қасыма  мықты  жігіттен  екеуін 
қосып аттандырды. Жамандық жатама, менен бұрын мұнда менің өсегім баяғыда жетіп болған екен. 
Қайнатамның  қабағы  қарс  түюлі,  қайнапам  ғана  азырақ  жылулық  білдіргенсиді.  Онысы  бер  жағы 
ғана сияқты. «Не болса да қатын алғанды қойып қашып кетейін» деген бекімге келдім. 
Көз  алдымнан  жылқышының  аққұбаша  қызының  өңі  кетер  емес.  Жұрт  таңғы  ұйқыға  кеткенде, 
білдірмей  киім-кешегімді  қолтығыма  қысып  далаға  шықтым.  киімімді  киіп  болып,  сылдырлатпай 
далада  жиулы  тұрған  ерімді  алып,  арқандаулы  аттың  қасына  келсем,  атымның  қасында  біреу  тұр. 
Қасына таяп келсем қалыңдығым екен. Ол менің бұзылып кетуге ыңғайланғанымды біліп қойыпты. 
Қалайда айтарын айтып қоштасып қалмаққа атымның қасында жүрген секілді. Атымды ерттегенше 
үндемей қарап тұрған еді, атымның айылын тартқанда аяңдап қасыма келді: 
 
-    Қапи, бүйтерің бар, құдаласпасаңдар болатын  екен. Сені  тосқалы тұрғаным жоқ. Мені тірі 
өлтіріп кеттің. Туған бөлем сенің көрсеткенің осы болса, саған рақымет. Жолың болсын !  - деп қыз 
ауылына қарай жүре жөнелді. Айтарға болмаса көңілім бір түрлі болып, қайтерімді білмей аз тұрып 
қалдым.  Қыздың  жылап  бара  жатқанын  білдім.  Бір  ауыз  жауап  та  қайтара  алмадым.  Сол  күні  түні 
ауылдың сыртында бекініп жатып, келесі  күні түні  жылқышының қызын алып ұзатқан апайымның 
ауылына безіп бердім. Сол бөле қарындасымның қарғысы тиді, әйелім бала көтермей менімен отыз 
жыл жолдас болып, дүниеден биыл өтті. Әлгі бөле қарындасым бір ауылды аузына қаратқан атақты 
әйел болды. Дәл қәзірге дейін оның бетіне түзу қарай алмай өтіп келемін. 
 
 Қапи шалдың хикаясы Бекбайдың ұйқысын ашып жіберді. Қоянның етін асқан тоғаны оттан 
шегіндіріп, Қапиға күлімсірей қарады : 
 
-  Қазір томардай болып отырғаныңызбен, кезінде бірін тастап, бірін алып қашқан мықтының 
бірі екенсіз ғой, -  деді Бекбай. 
 
-  Е, Бекей, онда не мықтылық тұр дейсің, біреудің жылтыраған бетіне  қызыққан ақымақтың 
қылығы ғой. Қазір ойласам, өзіме өзімнің ашуым келеді. Адам біреуді жақсы көрсе, көзіне одан басқа 
ештеңе көрінбей қалатын сияқты ғой. 
 
Бекбай Қапидың сөзін естіп күліп жіберді. 
 
-  Күлме,  -  деді Қапи,  - басыңа келгенде бір-ақ білесің. 
 
-    Басыма  да  келген,  көзіме  ештеңе  көрінбей  қалғанды  мен  де  көргем,  мен  де  сіз  сияқты 
ақымақтың дәл өзімін,  -  деді Бекбай. 
 
-  Онда дәл табысыппыз ғой, -  деп Қапи қарқылдап күлді. Мұхамет пен Мұстапа мына ашты 
күлкіден оянып бастарын көтерді. 
 
Бекбай тоғадағы қоянның етін тоғаның қақпағына салып Қапидың алдына қойып :  
 
-  Мынаны өз қолыңызбен бөліңіз, -  деді. 
 
Қапи үндеген жоқ, ағаш қындағы сары мойнақ пышағын шығарып қоянның етін асықпай екіге 
бөлді. Жартысын бөлек қойып, қалған жартысын бірдей етіп төртке бөлді. 
 
-    Жартысын  ертең  түске  қалдырайық,  -    қоянның  етінің  төрт  бөлегін  төрт  ыдысқа  салды. 
Қапидың бөлісіне ешкім үн қатпады. Бәрі тең етке қол қойды. Бір-бір жапырақ еттерін жеп болғанша 
ешкім тіл қатқан жоқ. Қоянның еті  аузына ерек татыса керек, кішкентай Мұстапа саптаяғын жерге 
қойып : 
 
-  По, қоянның еті недеген тәтті, мен өмірімде осындай тәтті ет жеп көрмеппін ғой, - деді. 
 

   Төрт  жүргінші  таңертең  күн  көтеріліп  келе  жатқанда  бастарын  көтерді.  Аспанда  шыбарланған 
аздап  ала  бұлт  ғана  бар  екен.  Бекбай  орнынан  тұрып,  бықсып  жатқан  сексеуіл  томарының  шоғына 

қураған  шөмшек  салып  от    жақты.  Мұхамет  пен  Мұстапа  жартас  түбіндегі  қарға  барып  беттерін 
жуып, от басына келді.  
 
-  Алла, түндегі қоянның еті недеген тәтті, -  деді кішкене Мұстапа тамсанып. 
 
-  Е, балам, көктемдегі көке жасық қоянның еті ғой, қазір бізге жеуге келетін не нәрсе болса да 
бәрі  бал  татиды  емес  пе,  -    деп  Қапи  дорбадағы  арпадан  төрт  ыдысқа  төрт  шымшым  сеуіп  берді. 
Күндегі  әдеті  бойынша  қойнындағы  кішкене  қазыдан  жұқалап  кесіп,  Мұхамет  пен  Мұқстапаға 
ұстатты.  
 
Бекбай арпа себілген суға қалтасындағы құрттың бірінің шекесінен пышағымен бір шағылдақ 
түсіріп салды. Бір шайнам арпа, бір шайнам құрт, қайнаған су Бекбайды таңертеңгі шәйін жайғасып 
ішіп  отырғандай  рахат  күйге  келтірді.  Ол  қайнаған  суды  ішіп  болып  ыдысын  жинастырды.  Көз 
алдына тағы Жайна елестеді. Бұрынғысындай жымиып күліп тұрған сияқты. Ол күлгенде екі көзінің 
артында  болымсыз  сызық  пайда  болып,  күлкісінің  артында  бір  мұң  жатқандай  өңін  сынық 
көрсететін. Дәл қәзір де солай кескін байқатты. Бекбай мынау әсем елеске құныға қарап көз алдынан 
жібергісі  келмей,  саптаяғын  ұстаған  беті  бір  тізерлеп  отырып  қалды.  Бекбайдың  мынау  қалыпсыз 
қимылы ең әуелі кішкене Мұстапаның назарын аударды. 
 
-  Бекей аға, неге меңірейіп отырып қалдыңыз? Бір жеріңіз ауырды ма? - деп орнынан ұшып 
тұрып Бекбайдың қасына келді. Бекбай ұйқыдан оянғандай Мұстапаға таң қала қарады. 
 
-  Ештеңе болған жоқ. Бір тәтті ой ойлап қалып едім, -  деп Бекбай күлді. Көз алдындағы тәтті 
елес лезде ғайып болып артынан қайта пайда болды. 
 
 Төрт  жүргінші  жолға  шығып  едәуір  жерге  келгенге  дейін  Жайнаның  кескіні  Бекбайдың  көз 
алдына  қайта-қайта  елестеді  де  тұрды.  Үстіндегі  киімі  онша  айқын  көрінбейді.  Екі  бетінің  еті 
орталап,  арықтап,  өңі  аққұбашаланып  кеткен  сияқты.  Бекбай  ішінен  :  «Ей,  Алла,  жолымызды 
оңғарып, Жайнаға аман-есен жеткізегөр, жанымның азығы болған асқақ арманыма жеткізегөр !» деп 
қайта-қайта тіледі.  Ол Жайнаның қайта-қайта көзіне елестегенін жаманға жорымады. Қайта Жайна 
мені  сағынып  жүр  екен  ғой  деген  қортындыға  келді.  Сөйтті  де  тағы  ойға  батты.  «Жайна  бойжетіп 
үлкен қыз болды. Боғда жеріне барғанда, менен күдерін үзіп біреумен некеленіп кете ме кім біледі. 
Алыстан  азып-тозып  ауып  барған  ел  әлі  есін  жиған  жоқ  шығар.  Пәленің  басталатын  жері  осы  жаз 
болар, мал тойынып, ел есін жиғанша жетсем екен, шіркін !» 
 
Бекбай  түрлі  ойдың  жетегінде  қанша  жүргендерін  білмей  қалды.  Барған  сайын  күн  ысып, 
үстіндегі  күндіз  киім,  түнде  көрпе  болып  келе  жатқан  шолақ  ішігі  екі  иығын  басып,  аяғының 
ауырлай бастағанын сезді. Ескі көн етігінің де екі өкшесі ішіне қарай желініп, жүрген сайын аяғының 
мойнын ауыртып келе жатыр еді. 
 
-  Осы көш жолы бізді тастақ көк адырдың ішіндегі бір шұқанақ суы бар ағарға апарады -  деді 
Қапи  жүріп  келе  жатып,  -    сонда  жарым  күн  тынығайық.  Одан  ары  күн  қатты  ысып  кетсе,  мына 
қалың киімдерімізді жеңілдетеміз ғой.  
 
-  Қазірдің өзінде мына ішік маған ауыр болып келеді, -  деді Бекбай. 
 
-    Күн  қанша  ысып  кетседе  қалың  киімді  түгел  қалдыруға  болмайды,  адамға  ыстық  өткен 
жаман, киім адамды ыстықтан қорғайды, -  Қапи ыстықтан қорғаудың қамын жасау туралы сөйледі, -  
алда қандай күнге кез боламыз, оны бір құдайдың өзі біледі. Құмның жаман жері күндіз адам төзгісіз 
ыстық болса, ал түнде оның керісінше қатты салқын болады.   
 
-  Сонда құмға қашан жетеміз? -  деп Бекбай Қапидың бетіне тесіле қарады. 
 
-    Ойбай-ау,  құмға  жетсек  жеттік  емес  пе,  мынау  шөл  адыр  оңай  түгемейді,  онан  ары  керіш 
тағы бар, -  Қапи басын шайқап-шайқап қойды.  
 
Мына  сөз  Бекбайдың  үмітін  селге  кетіргендей  болды.  «Үш  тал  құртпен  әуелі  құмға  да  жете 
алмайтын сияқтымын ғой» деген ойға келді. Өзінен сәл оза жөнелген Қапиға тез жүріп қатарласты : 
 
-  Сонда, Қапеке, құмға мөлшермен неше күнде жетеміз? 
 

 
-  Алла жол беріп осы жүрісімізден айрылмасақ, енді жеті күнде құмға ілініп қалармыз. 
 
-  Ойпыр-ай, ұзақ екен ғой. 
 
- Олай деме, - Қапи алдыңғы жақтарында алыстау кетіп бара жатқан Мұхамет пен Мұстапаны 
меңзей сөйледі, -  аналар естіп қалмасыын, кішкене ғой, рұхтары майрылып, жігерлері жасымасын. 
 
Бекбай  үнсіз  күлімсіреп  бас  изеді.  Ол  қалтасындағы  азығының  жағдайына  қарай  айтып 
қалғанын  Қапиға  айтқысы  келді.  Бірақ  айтпады.  Қапидың  қоржынында  қаншалық  дән  бар  ол 
Бекбайға анық. Ал Бекбайдың қалтасында үш тал кішкене құрт барын Қапи да біледі.  
 
Бұлар  осы  сорап  ізбен  тоқтаусыз  бес  күн  жүрді.  Ең  алдымен  Бекбайдың  құрты  таусылды. 
Қоржындағы шақайлық тері ғана қалды. Ағын-ағын шөл адыр таусылатын емес. Оның үстіне күн де 
барған  сайын  шыжып,  аспан  айналып  жерге  түсетіндей  ысыды.  Төртеуінің  де  аяғындағы  киімдері 
тесіліп  дал-дұлы  шықты.  Мұстападан  басқасы  қызыл  табанымен  жер  басқанның  аз-ақ  алдында 
келеді. 
 
Күн бесінге жақындағанда бұлар биік қоңыр белге шықты. 
 
Бекбай енді құмға жақындаған шығармыз деп келе жатыр еді, анау оңтүстікке қарай қатпар-
қатпар болып көсіліп жатқан қара сұры адырды көргенде жүрегі айнып кетті. Қапидан сұрауға жүрегі 
тартпады. 
Бекбайдың көңілін Қапи білді. Күлімсірей келіп Бекбайдың иығынан ұстады : 
 
-    Алдағы  екі  белді  ассақ,  терең  ағынға  түсеміз.  Ағынның  төменгі  жағында  көлденең  аласа 
жартас  бар  еді,  сонда  құландар  тарпып  су  ішетін  жылтыраған  аз  суы  бар  жырашық  болатын.  Қас 
қарайғанша соған жетсек, тағысын тағы көрерміз, -  деді. 
 
Қапидың су бар деген сөзі Бекбайға алдыңғы жақта ауыл бар деген сияқты әсер етті. Буыны 
құрып қайта-қайта отыра кеткісі келіп әрең келе жатыр еді, қайтадан буыны қатайып, бойына қуат 
біте қалғандай болды. Осыдан соң екі баланың да жүрісі тездеп, жолды едәуір ұтып жіберді. Күн енді 
ғана  ұясына  еңкейгенде,  жүргіншілер  терең  ағынға  жетті.  Расында  көлденең  жолдың  төменгі 
жағында,  дәл  ағардың  орта  тұсында  кішкене  жартас  бар  екен.  Екі  бала  да,  бекбай  да  солай  қарай 
жүгіре  басып  жөнелді.  Төртеуі  де  бүгін  қатты  шөлдеген  еді,  жартас  түбіндегі  жыраға  ең  алдымен 
жеткен Мұхамет жыраны өрлеп-құлдап аңтарылды да қалды. Қасына енді келген Бекбайға ол : 
 
-  Су жоқ екен, -  деді. 
 
-    Атаң  келсін,  сол  кісі  біледі  -  деп  Бекбай  мойнындағы  қоржын-қолаңын  алып  жарастың 
түбіндегі  ақ топырақты тақыршаққа қойды. Бекбай Қапидың аяқ алысының күндегідей емес едәуір 
ауырлап  қалғанын  байқады.  Су  ұрған  бұйрат-бұйрат  ұсақ  жырашықтардан  баяу  аттап  аяғын  санап 
басып ғана келеді. «Е, шалым-ай, сенің де халің азайған екен ғой» деді Бекбай ішінен. Қапи Бекбай 
қоржын қойған тақыршаққа мойнындағы қоржынын тастай салып, су ұрған ағарға бұрылды. 
 
-    Бекей,  -    деді  ол  жыраның  ортасындағы  үшкір  тас  шығып  тұрған  құмдауытты  қолымен 
нұсқап, -  үшкір таспен андағы құмды қазып жіберші. Су бұрқ ете түседі. 
 
 -    Міне,  -    деп  Бекбай  үшкірлеу  тастан  бірді  алып,  құм  үстіне  жүрелеп  отыра  қалып  қаза 
жөнелді. Қапи расында біледі екен. Екі қарыс тереңдемей-ақ су бұрқ ете түсті. Анадайда отын теріп 
жүрген  Мұхамет Мұстапаның  «су,су» деп айғайлаған қуанышты дауысымен жүгіріп келіп :  
 
-  Алла ! Жақсы болды ғой, атам недеген біледі. бағанадан  «бүгін торсықтағы суды түгел ішіп 
алдық.  Мына  жерден  су  шықпаса,  шөлден  өлемізбе»  деп  ойлап  едім.  Жақсы  болы  ғой  !  -  деді 
қуанышты кескінмен.  
 
Лезде жыраға от жағылды. Тоғаға су құйылып, үш тастан жасалған ошаққа қойылды. Күн де 
ұясына  батты.  Бекбай  қоржынындағы  дегдіп  сіріге  айналайын  деп  қалған  торы  аттың  екі  пұшпақ 
терісін алып Қапидың алдына тастап :  
 
-  Мынаны қандай жөндейміз, отқа ұйтамыз ба, жоқ жүнін қырамыз ба? -  деді. 
 
-    Мен  жөндеп  жіберейін,  -    деп  Қапи  беліндегі  ағаш  қыннан  сары  мойнақ  пышағын  алып 
аттың пұшпағын, жүнін сыртына қаратып бүктеп, бір жағын Мұхаметке ұстатып, енді бір жағын өзі 

сол қолымен ұстап, жүнін қыра бастады. Тоғадағы су қайнап болғанша, Қапи бір пұшпақтың жүнін 
тап-тақыр етіп қырып үлгірді. Онан соң ортасынан екіге бөліп Бекбайға қайта берді : 
 
-    Бір  жуып  жіберіп  тоғаға  сала  ғой,  жас  жылқы  болса  екі  қайнағанда-ақ  жеуге  келеді.  Ал, 
сегіз-тоғыз  жастан  асқан  кәрі  жылқы  болса,  едәуір  қайнатпасақ,  тісіміз  батпайды  ғой.  Сөйтсе  де 
әйтеуір  бірнеше  күнге  азық  болатын  секілді,  -  Қапи  сөйлей  отырып  алдында  тұрған  торсықтағы 
сумен қолын жуды, - жүні қою екен, алты-жеті жастардағы ат секілді. Тез пысып қалар. 
 
Тоғадағы  пұшпақ  тері  бір  қайнаған  соң,  Қапи  Мұхамет  пен  Мұстапаға  сорпасынан  орта 
саптаяқтан құйып беріп, қойнындағы қазыдан екеуіне жұқалап екі кесіп ұстатты. 
 
-  Осыны ішіп-жеп екеуің қисайып дем алыңдар, -  деді Қапи. 
 
Саптаяқтағы терінің нілін ұрттап жіберіп, Мұстапа қуанып кетті. 
 
-  Кәдімгі еттің сорпасы секілді дәмді екен ! -  деді. 
 
 - Осындай жас тері табылса да аштан өлмес едік,  -  деді Қапи. 
 
Терінің нілі мен бір тілкім қазыларын жеп, Мұхамет пен Мұстапа шұр етіп ұйықтап кетті. 
 
-    Мыналардың  ұйықтағаны  жақсы  болды,  -    деді  Қапи,  -    мына  тері  әзірге  пыса  қоймайды. 
Бағана  олардың  көңілі  үшін  айттым  ғой,  мынау  кәртең  жылқының  терісі  секілді.  Пұшпақ  тері  де 
болымсыз  ақ  қылшықтар  бар  екен,  көбірек  қайнасын.  Қойылтып  нілін  ішейік.  Терінің  сорпасы 
расында күшті болады. Сен аштыққа төзімді екенсің. 
 
Терінің  нілінен  аз-аздан  құйып  ұрттап,  Қапи  мен  Бекбай  кеңесіп  едәуір  уақыт  отырды. 
Пұшпақ терінің нілін Бекбай ішкен сайын ішкісі келді. Бір кезде сүйектің нілін  қайнатып ішіп, талай 
күн жан баққандарын есіне алды. 
 
-  Мен ашаршылықты енді ғана көріп отырғаным жоқ, -  деп бастады Бекбай сөзін,  -  бір рет 
емес, талай рет аштан өліп қала жаздағаным бар. 
 
-  Бұдан бұрын Алтайда ашаршылық болғанын естімеген екенмін, жасым алпысқа таяды ғой, 
жұбыма жетіп аштыққа ұшырағаным бірінші рет екен. 
 
-  Мұндай болғанда төзімді қайсар адам нақ сіз екенсіз, -  деді Бекбай күліп. 
 
-    Е,  Бекей,  не  жырғағаннан  қайсар  болып  отыр  ғой  дейсің,  «басқа  түссе  баспақшыл»  деген 
осы  емес  пе,  -    Қапи  алдындағы  жана-жана  жартысы  ғана  қалған  сексеуілді  оттың  ортасына  қарай 
сырғытып  қойды,  -    пендешілік  адамға  не  қылғызбайды  дейсің.  Қарын  тоқ,  қайғы  жоқ  күнде 
астамсыған шақтарым да болған шығар. Қанша күнә өткіздік оны бір құдай өзі біледі ғой. Осы жасқа 
келгенше болмаса намазды да үйреніп алмаппын. 
 
Қапидың  мынау  дүние  сөзін  сөйлеп,  өткен  өміріне  өкінішпен  үңілгені  Бекбайдың  көңіліне 
жақпады.  Бекбайдың  көзіне  Қапи  енді  сора-сора  болып  жылап  отырған  адам  сияқты  көрінді. 
«Өткенге өкінудің өзі барып тұрған ақымақтың ісі» деп ойлады Бекбай. Сөйтті де Қапидың екі көзі 
жасаураған  жүдең  жүзіне  қайтадан  қадала  қарады.  Қапидың  томпиған  екі  бетінің  ұшынан  басқа 
бетінен  мойнына  дейін  әжім  шимайламаған  жері  жоқ  екен.  «Әжім  дегеннің  өзі  Алла  тағала  адам 
баласына  салған  кәріліктің таңбасы  екен  ғой,  көп  өтпей  бұл  таңба менің  де  бетіме  түсетін  шығар» 
деп ойлады ол. 
 
-  Пысқан шығар,  -  деп Бекбай шолақ ожаумен тас ошақтың үстінде баяу жыбырлап қайнап 
тұрған тоғаны екі құлағынан жеңімен көтеріп жерге қойды. 
 
-    Ішіндегіні  тоғаның  қақпағына  алшы,  езілді  ме  екен  көрейік,  -    деп  Қапи  беліндегі  ағаш 
қында тұрған сары мойнақ пышағын суырып алып жуа бастады.   
 
Бекбай  тоғадағы  теріні  ожаумен  алғалы  көтеріп  еді,  тері  екі  рет  сусып  қайта  тоғаға  түсті. 
Бекбайдың қолына тері үлкейіп әрі ауырлап қалған сияқты әсер берді. 
 
-  Мына тері қайнап-қайнап кесек етке айналып кеткен бе? - деді Бекбай күліп. 
 
Ол  үшінші  рет  ожау  салғанда  барып  екі  терінің  бірін  әрең  алып  шықты.  Міне  қызық,  тері 
бұрынғысынан қалыңдап, бейне қойдың төс шандырына ұқсап кеткен екен. Оның керісінше, көлемі 

едәуір кішірейіп кетіпті. Қапидың көзіне де, Бекбайдың көзіне де екі қиқым тері екі кесек ет сияқты 
болып көрінді. Қапи терінің қиқымы салынған тоғаның қақпағын алдына тартып, пышағын қолына 
ұстаған  беті  дардай  отырды.  Неге  бұлай  отырып  қалғанын  Қапидың  өзі  де,  қасындағы  Бекбай  да 
аңғара алмады. 
 
-    Жә,  Бекей,  «бұйырған  асқа  тісің  тисін»  деген  осы,  -    деп  Қапи  терінің  бірін  қолына  алып 
асықпай кішкене бір тілім кесіп, «биссмилла» деп аузына салды. Екінші рет одан сәл үлкендеу кесіп 
Бекбайға  ұсынды.  Кәдімгі  құйқа  сияқты  екен.  Бекбай  шайнап  отырып,  өзінің  шақайлық  теріні  жеп 
отырғанын ойлады. Осы екі шақайлық терінің тағы бірнеше күн өздеріне талшық болатынын әбден 
межеледі.  Алғаш  торы  аттың  екі  пұшпағын  кесіп  алғанда,  Бекбай  оны  жаяу  жүріп    аяқ  киім 
жыртылса,  шақай  етіп  тартамын  деп  алған  еді.  Енді  міне  жүрек  жалғап,  азық  үшін  тамсана  дәмін 
алып  отыр.  Жылбырап  керемет  жұмсап  кеткен  екен.  Бір  тілкім  теріні    жеп  болғанда  екеуі  де  ет 
жерген адамдай жадырай қалды. Қапи терінің қолындағы қалғанынан тағы екі кесіп алып Мұхамет 
пен Мұстапаға қалдырды да, қалғанын аз болса да екіге бөлді  

 
-    Мә,  мына  бір  бөлегін  сен  же.  Қалғанын  мен  жейін,  ана  қалған  бөлегін  жігіттерге 
қалдырайық,  -    деп  Қапи  қанағаттанғандай  көңілдене  сөйледі,  -    сен  аттың  пұшпағынан  шақай 
тартуды ойламасаң, бізге бұл қайда, адам қанша ақылды болғанымен қарны тоқ, қайғысы жоқ кезде 
ештеңені ойламаған екен ғой.  
 
-    Қарны  тоқ  кезде  адам  аш  қалатынын  білмейді  ғой,  тіпті  өлерін  де  білмейді.  Ондайда 
ашаршылық туралы ойлаудың қәжеті жоқ. Адам басына ауыр күн түскен сайын, күллі дүние адамға 
жұдырықтай ғана болып көрінетін сияқты. Үрейлі ойлар да миды қоршап алады екен, -  деді Бекбай. 
 
Қапи  пысқан  теріден  тағы  бір  кесіп  өз  алдына  қойды  да,  екінші  рет  кесіп  бекбайға  берді. 
Терінің сорпасын Бекбай екі саптаяққа ортадан сәл молдау етіп құйып, бірін Қапидың алдына, бірін 
өз  алдына  қойды.  Саптаяғын  қолына  алған  Қапи  шырт  ұйқыда  жатқан  бала  жігітке  қайта-қайта 
жалтақтап қарап қойып аузына апарды. Екі бала ұйықтап жатқанда, Қапидың кеңірдегінен ас өтпей 
отырғанын Бекбай білді. 
 
-  Екі баланың амандығы жақсы ғой, екі баланың амандығы үшін сіз де тірі жасауыңыз керек, -  
деді Бекбай. Бұл жолы Бекбайдың даусы әрі кескін, әрі қатаң шықты. 
 
 Бекбайдың сөзі қамшы болса керек, Қапи саптаяғындағы терінің қою сорпасын көзін жұмып 
ұрттай бастады. 
 
Бекбай  сорпаны  екі  ұрттағанда-ақ  маңдайынан  тер  бұрқ  ете  түскен  еді.  Саптаяғындағы 
сорпаны ішіп тауысқанда, кәдімгі  еркек қойдың сорпасын ішкен адамдай еңсесі  көтеріліп, тынысы 
кеңіп қалды. 
 
Жүргіншілер  тері  жеп  отырған  жоқ,  тамақ  жеп  отыр  ғой.  Қапи  мен  Бекбай  құйқаның  қою 
сорпасынан екеуі екі шыны ішкен соң, қалғанын Мұхамет пен Мұстапаға қалдырып ұйқыға кетті. 
 
Бекбай таң ата оянды. Мұхамет пен Мұстапа күбірлеп сөйлесіп жатыр екен. Бекбай орнынан 
тұрып еді, олар да орындарынан тұрды. От жанып, су қайнауға айналғанда барып Қапи шал басын 
көтерді. Бекбай екі бала жігітке құйқадан екі кесіп ұстатып, сорпасын жылтып саптаяқтарына құйып 
берді. Екі баладан асқан азырақ сорпаны Қапидың саптаяғына құйып алдына қойды.  
 
-  Өзіңеші, - деп Қапи Бекбайдың жүзіне қадала қарады. 
 
-  Сіз кәрі адамсыз, өте ашығып кетсеңіз болмайды. Мен жаспын ғой, жілігіме сүйеніп болса 
да талай жерге барамын. 
 
Қапи  саптаяқтағы  құйқаның  сорпасын  ұстап  аз  отырды.  Бірдеңе  айтқысы  келсе  керек, 
Бекбайдың бетіне бір-екі рет жалтақтап қарады. 
 
-    Ішіп  алыңыз,  кеше  кеште  осында  әрең  жеттіңіз,  -  деп  Бекбай  ұмтылып  келіп  саптаяқты 
түбінен көтеріп оның аузына қарай жақындатты. 
 
-  Ата, ішіңіз, Бекбай ағамның тілін алыңыз, -  деді Мұхамет. 

 
-    Сіз  болмасаңыз  біз  басшысынан  айрылған  аққу  сияқты  адасып  далада  қаламыз  ғой,  -  
Бекбайдың үні сәл дірілдеңкі шықты, -  төртеуіміз түгел Боғдаға жетуіміз керек.Бәрімізге де жарық 
дүние  қымбат.  Күн  ысып  келеді,  азықтық  бірдемені  жолдан  тауып  жерміз.  Бірнеше  күнде  ең 
болмағанда қойжуа көктеп қалар. 
 
Қапи шал әуелі Бекбайдың бетіне қарап аз отырды. Онан соң Мұхамет пен Мұстапаға кезек 
қарады. 
 
-    Мен  ештеңе  етпеймін,  қорықпаңдар,  Мұхамет,  Мұстапа  екеуің  егер  бастарыңа  күн  туса, 
яғни мен олай-бұлай болып кетсем, Бекбай ағаларыңның етегінен ұстап ақылын алыңдар.  


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   28




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет