алақанына үш іліп салды. Мұқамет пен Мұстапаның кішкене алақаны толып кеткен еді. Қуырылған
арпаның исі кеңірсіктерін жарып, бәрі обырлана күтірлетіп шайнады. Бекбай дәл осы шақ бір
шымшым арпа емес, мәңгі дәмі аузынан кетпейтін бір түрлі керемет бал шайнап отырғандай сезінді.
Боғдаға жол
1
- Жә, ақсақал, сіздің аты-жөніңізді білмедік қой, - деп Қапи жүруге оңтайланып орнынан
тұрды.
- Аз нәрсе әкеліпті деп ренжімеңіздер, - деп шал орнынан тұрып Қапиға қол берді, - Атым
Көкебай, Шіңгілдің шақабайымын. Мына Көкебай шалдың қолының саусақтары Қапидың көзіне бір-
бір сырғауыл сияқты әрі ұзын, әрі жуан көрінді. Ол ішінен «жортуылға көп жүрген алып күштің иесі,
жырындының бірісің ғой» деп ойлады.
- Қош, Көке, Қапи оның күректей жалпақ алақанын қатты қысты, «барына пайғамбар разы»
дейді ғой аталарымыз. Осы әкелген азығың да бізге көп қуат болды.
Төрт жүргінші белден еңкейіп, тағы бір бөлек аласа адырға кіріп, көзден ғайып болғанша
Көкебай шал белде ұзақ қарап тұрды. Ішінен мына төрт жаяу мүсәпірдің Боғда еліне аман-есен
жетуін тіледі. «Анау кетіп бара жатқан екі сәби сияқты екі немерем бар ғой, алдағы күндерде
олардың басына қандай күндер келерін кім біледі» деп ойлады.
Дегенмен әлгіндегі бір-бір уысқа таяу арпа екі балаға едәуір қуат бітірген екен. Оның үстіне
жер еңіс. болымсыз үзік-үзік ат жолмен Қапи мен Бекбайға жеткізбей безіп келеді.
Бәрінің де арман-тілегі бір күн болса да туыстары бар елді мекнге тез жету. Екі бала да дәл
қәзір алда, аштан өлеміз-ау деген ой мүлде жоқ. Өйткені олар Қапи мен Бекбайға қалайда азық
табады деп сенеді.
Түстен бұрын Мұхамет пен Мұстапа расында шалдан мол азық келеді деп дәмеленіп тез
жүрген. Бір-бір шайнам болса да арпа жеген соң, олардың бойына қуат бітіп, рұхтары көтеріліп
тыңая қалғандай болды. Аз ғана арпа мен екі жапырақ қара нан екі балаға едәуір мол азық сияқты
сезілді. Бүгін кеште жұқаланған бір тілім қазыға қосып кішкене бір уыс арпа жейтіндеріне көздері
жетті. Осы алғау олардың жүрісін тездетіп жіберген еді. Бұлар тағы бір аласа белден асқан соң,
көктемнің суық бораны шығыс оңтүстіктен соға бастап еді, жәйбір қара адырға кіргеннен кейін тіпті
де үдеп алды. Алдарынан қарсы ызыңдаған қара боран, жаяу әрі аш келе жатқан жүргіншілердің
қойны-қонышын кеулеп, ілгері басқан аяқтарын кері кетіріп, діңкелетіп жіберді. Әсіресе Мұхамет
пен Мұстапа, аласа кезеңдерге шыға келгенде желге ұшып кететін қаңбақтай, бойларын билей алмай
Қапи мен Бекбайға ықтап әрең жүріп келеді. Қатарынан үш қырқадан асып, терең ағынға қарай
еңкейгенде Қапи :
- Біздің қазақ «кедейдің қырық қаңтаруы бар» деуші еді, қырсық болғанда мына албасты
желдің алдымыздан қарсы соққанын қарашы, - деп ренішті кескінмен жел осқылап жасаураған
көздерін оң қолының алақанымен сүртті.
- Жел ғой басылып қалар, осы жел бұлт шақырып тұр ма деп қорқып келемін, - деді Бекбай
көңіліндегі күдікті жасырмай.
- Төртінші айға таяп кетті ғой, күн жылынады. Бір-екі күнде Керішке қарай еңкейсек, әуелі
күн ысып кетеді, онда үстіміздегі ішіктеріміз жүк болуы мүмкін, - деп Қапи зорлана күлімсіреді.
- Уа, қоян ! - Мұстапаның дауысы саңқ ете түсті. Алдарындағы аз ғана шиі бар сортаң
ағынның батыс жақ шетіндегі бір топ жыңғылдың ар жағына өтіп шоқия қалған сұр қоянды бәрі де
көрді.
- Әлгінде мына шидің арасынан қашты, - деді Мұстапа ентіге дауыстап.
- Қолымызда мылтығымыз жоқ, ол ұстатпайды ғой, - деді Қапи шал.
- Суға қашан жетеміз, - деп Бекбай Қапиға қарады.
- Көрдің бе? - деп Қапи адыр арасынан сәл биік шығып тұрған қара шоқыны қолымен
нұсқады, - сол шоқының желкесінен ассақ, көң қора бастау бар. Ол жерде де қоян көп шығар. Барған
соң Мұхамет пен Мұстапа тұзақ құрып көрсін.
- Ана шоқы көрініп тұрғанымен, ұзақ секілді ғой, бүгін жете алмайтын шығармыз, - Бекбай
сұраулы көзін Қапиға қадады.
- Бүгін жете алмаймыз. Алдымызда кей жылдары төртінші айдың басына дейін қар жататын,
теріскей жартас бар. Онда қар бар, қар болмаса тоқтау су бар балар, Бара көрейік, - Қапи қоян
отырған дөңге қарай жүре жөнелді. Қоян үркіп дөңнен арғы ағынға құлдап көзден ғайып болды.
Төртеуінің де көзі қашқан қоянда, бәрінің де көңілінде алдарында бір дорба ет қашып бара
жатқан сияқты еді. Қашып бара жатқан қоянды Мұстапаның қиғысы келмеді.
- Мына қоянның соңынан қалмай еріп отырсақ, бір жерге барғанда шаршап жығылып
қалатын шығар, - деді. Қапи күліп жіберіп :
- Әй, балам-ай, ол түзу жолмен қашады дейсің бе, қәзір-ақ бұрылып кетеді емес пе, - деді.
Бекбай сәбидің көңілін аяп кетті :
- Бұрылса бұрылар, соған дейін соңына түсейік, кім біледі, Мұстапаға Алла тағала бірдеңені
білгізіп тұрған шығар, - деді.
- Онда сөйтейік, - деп Мұхамет шоқырақтап жүгіре жөнелді.
- Жүгірмеңдер, оған жүгіріп жете алмайсыңдар, - Қапи жөн көрсете сөйледі, - қолдарыңа көп
ұсақ тас алыңдар, қоян қалай қашса солай лақтырып, жасқап отырайық. Мүмкін, шаршаса қаша
алмай қалар.
Қапи қоянның ұстатпай кететінін біле тұра, Бекбайдың Мұстапаның көңілін жұбатқанын
біліп, өзі де оны жұбатқысы келді.
Екі бала ортаға жүгіріп, Қапи мен Бекбай ағынның екі жағына шығып алды. Қоян ағынды
құлдап қаша берді. Алғашында қоян бойын көрсетпей ұзаңқырап қашып кеткен еді,бара-бара жүрген
сайын бойы оңай көрінетін болды. Ағар аздан соң кілт батысқа бұрылып, жол кенереге кетеді екен.
Осы араға келгенде қоянды ағынды құлдатпай оңтүстікке қарай кетіп жатқан түйе жолға қарай
айдауға тура келді.
- Жол анау оңтүстікке қарай кезең асып жатқан ақ жолақ , - деді Қапи. Қапидың ойын Бекбай
біле қойды, ағардың батыс жағымен құлдап жүгіріп, қоянның алдына тас жіберді. Қоян үркіп әлгі
кенерге қарай жөнелді.
- Иә, сәт, - деді Бекбай айғайлап, - бізге расында бұйырғалы тұрған жануар сияқты.
Бұлар ағардан бұрылып қоян кеткен кенереге бет алғанда, қоян аласа жәйбір белден асып
көзден ғайып болды. Қапи мен Бекбай қоян асып кеткен соң, бір жаққа бұрылып кетеді ғой деп
ойлаған еді. Кезеңге шығып, бір-біріне қарап қайран қалды. Қоян жолдан бұрылмай кенеремен кетіп
барады екен.
- Түзу кетіп барады екен ! - деп кішкентай Мұстапа қуана айғайлады.
- Расында осы қоян бізге бұйырады ғой деймін, - деді Мұхамет күліп.
- Алла сен сәбилердің тілегін беріп, бұйыртса екен, - деп Қапи шал да көңілдене қалды.
Қоян кенермен барып тағы бір жайбір кезеңнен асып кетті. Қоян асқан кезеңге жүргіншілер
сүт пысырым уақытта әрең жетті. Кезең асты терең жылға екен. Кезеңге елден бұрын жеткен
Мұхамет :
- Ой, әлгі қоян жоқ, басқа жаққа кеткен секілді, - деді айғайлап. Екі баланың соңынан Бекбай
мен Қапи да кезеңге шықты. Терең жылғаның екі жағы қожыр тас, ал, жылғаның тағаны қума-қума
сарбалақ екен. Төрт жүргінші құмдауыт еңісті гүрілдете басып, сай тағанына таяғанда бір топ
сарбалақтың түбінен қоян ытқи жөнелді.
- Әне қашты қараңдар, - деп тағы кішкене Мұстапа айғай салды. Қоян ағынды құлдай қашып
барып шығыс жақтағы жүктей аласа жартасқа қарай шошақтай жөнелді.
- Иә, сәт, үңгірге кірсе екен, - деп Бекбай жалбаңдап қоянның соңынан тұра жүгірді.
Қоян қашып барып жүктей жартастың түбіне барып жоқ болып кетті.
- Үңгірге кірді ! - деп айғайлады Мұхамет.
Бекбай иығындағы қоржынын тастай салып, бет жақтағы қоян жоқ болып кеткен жүк
бойындай аласа жартасқа қарай өрмеледі. Құмдауыт тік беттен аяғы қайта-қайта сырғанап,
жартастың түбіне әрең жетті. Жартастың түбіндегі сығырайған кішкене үңгірді көріп Бекбай қуанып
кетті. «Қоян, сөз жоқ осында тығылды» деп ойлады. Екбеттеп жата қалып үңгір ішіне үңілді. Үңгір
онша терең емес екен. Көкше қоянның жүні үңгір түбінен ағарып анық көрінді. Ішігін тез шешіп
үңгірдің аузына нығарлап қойып, артына қайрылып қарады. Қалған үшеуі де осылай өрмелеп келеді
екен.
- Үңгір таяз екен, қоян көрініп жатыр ! - деп Бекбай қуана дауыстады.
- Бекей, үңгірдің аузын баса тұр, қашып кетеді, - деп Қапи ентіге айғайлады.
Әуелі Мұхамет, онан соң Мұстапа жетті.
Бұлар ентіктерін басып болғанда, үңгір аузына Қапи әрең шықты. Ол жартасқа сүйеніп отыра
кетті. Қуанышты кескінмен Бекбайға қарап :
- Қол жететін бе? - деді.
- Жететін секілді, - деді Бекбай.
Бекбай үңгірдің аузына жатып, ішіктің бір жағынан қолын тықты. Қоянның жұп-жұмсақ жүні
Бекбайдың саусағына тиді. Саусақтан үріккен қоян үңгірдің тағы бір жағына қашпақшы болса керек.
Ол тырбынғанда, бір аяғына Бекбайдың қолы сап ете түсті. Бекбай қоянды бақыртып үңгірден
суырып алды.
- Байқа, Бекей, қолыңнан шығып кетіп, еңбегіміз еш болмасын, - деді Қапи.
- Пышағыңызды әкеліңіз, - деді Бекбай Қапиға бұрылып.
- Міне, дайын , - деп Қапи беліндегі ағаш қында тұрған сармойнақ пышағын алып Бекбайға
ұсынды.
- Екеуің аяқтарын ұстаңдар, - деп Бекбай қоянды бауыздауға ыңғайланып еді, Қапи :
- Тоқта, Бекей, - деді қолып көтеріп, - сайға түсіп қоржынымыздың қасына барған соң бір-ақ
бауыздайық , қаны бекер ағып кетеді.
- Бұл да жөн екен, - деп Бекбай бір қолымен қоянның алдыңғы екі сирағынан ұстап орнынан
тұрды.
- Ішігіңізді мен алып түсейін, - деп кішкене Мұстапа Бекбайдың ішігін көтерді. Төртеуі қатар
сырғанақтап қоржындары жатқан жылғаның жаттық тағанына түсті.
- Бүгін баратын жерімізге қаншалық қалды? - деді Бекбай.
Қапи орнынан тұрып, оңтүстік жақты қолымен нұсқады.
- Әнеу арғы қаздиған шоқының солтүстік түбінде.
- Онда бауыздап қанынан дәм татайық та, іші-қарнын сонда барып бір-ақ шығарайық, - деді
Бекбай.
Қапи дереу қоржынынан саптаяғын алып шығып ішін сүртті :
- Мұхамет, торсығыңдағы суды әкелші, мынаған біраз құяйық, бұл байқұста қанша қан бар
дейсің, - деді.
Мұхамет қоржындағы кішкене өркеш торсықты алып шығып тығынын ашып, саптаяққа
ортасынан келтіріп су құйды.
Мұхамет пен Мұстапа қоянның төрт аяғын екі-екіден ұстады. Бекбай қозғалтпай ұстап
саптаяққа қоянды бауыздады.
Орта саптаяқ су лезде қып-қызыл қан болып кетті.
- Мынау өте жақсы амал болды ғой, - деді Бекбай қуанып, - құдайдың бізге жазған бір
рыздығы екен. Ең үлкеніміз сіз ғой, алдымен сіз ауыз тиіңіз, қалғанымыз сізден соң бір-бір ұрттайық.
- Рас, ата, сіз ауыз тиіңіз ! - деді кішкене Мұстапа қуана дауыстап.
Қапи саптаяқтағы қан аралас суға ерні дірілдеп едәуір қарап тұрды. Онан соң Бекбай мен екі
балаға кезек қарады.
- Иә, Алла, жолымызды оңғара көр ! Осы дәмді жолқтырғаныңа рақымет ! - деп аз іркіліп , -
бисмилла рахыман рахим ! - деп саптаяқтағы қан аралас судан бір ұрттады да, Бекбайға ұсынды.
Бекбай бір ұрттап Мұхаметке берді. Мұхамет бір ұрттап Мұстапаға ұсынды. Мұстапа саптаяқты
қолына алып аз тұрды. Саптаяқтағы су бұрынғысынан онша көп орталамаған еді.
- Сіздер ішпепсіздер ғой ! - деді ол таң қалып.
- Сен кішкенесің ғой, көбірек іш, - деді Бекбай.
Мұстапа бір ұрттап атасы Қапиға ұсынып еді, Бекбай :
- Мұстапа, сен тағы бір ұртта, ұрттағанда ауызыңды толтырып көбірек ұртта, - деп саптаяқты
Мұстапаның өзіне итерді.
- Балам, ұрттай ғой, Бекей ағаң дұрыс айтады, - деді Қапи. Мұстапа қайта бір ұрттап
басқаларға берді. Осылайша төртеуі кішкенеден үш айналып ұрттағанда су түгеді. Әсілі төртеуінің
бір-бір ұрттағанынан қалмайтын, орта саптаяққа жетпейтін судың үш рет айналғанына кішкене
Мұстапа әлі қайран. Екі бала ішсін деп Қапи мен Бекбай қанды судың дәмін ғана алып ұрттамаған
болатын. Мүны Мұхамет білді.
- Екеуіңіз Мұстапа екеумізді аялап, нәр татпай келесіздер. Сіздерден айрылып қалсақ, бәрібір
бізде өлеміз ғой, - деп Мұхамет кемсеңдеп жылап жіберді.
- Жылама, Мұхамет, сен жігіт болып қалған, көп нәрсені білетін азамат тұрсаң, біз қоянның
етін пысырған соң жейміз ғой, - деп Бекбай жылап тұрған Мұхаметтің иығынан сипады.
Бекбайдың мынау тәтті мейірі Мұхаметтің көңілін тіпті де босатты. Дәл қазір Бекбай оның
туған әкесінен де мейірімді сияқты сезілді.
Бұлар жолға шыққан соң Мұхаметтің көз жасы тоқтамады. Ол жүріп келе жатып әкесін есіне
алды.
Қыстың орта мезгілі болатын. Даладан кірген Мұхаметті төсек тартып жатқан әкесі қасына
шақырған. Ауру мен аштық тең меңдеткен әкесі әппақ шөлмек болып жамбастап жатыр еді. Екі бетін
суық қарып, тоңып келген Мұхамет әкесінің қасына келді. Әкесі етінен арылып, ағаштай болып
арықтаған қолымен Мұхаметтің маңдайынан сипады.
- Балам, сен он үш жасқа шығасың, жігіт болғаның осы, шешең мен бауырыңа қайырымды
бол ! - деп тері күрменің сыртқы қалтасынан асықтай малта құртты алып Мұхаметтің қолына
ұстатты. Мұхамет сол құртты алғанда әкесі оған өмір бойы жесе де таусылмайтын азық бергендей
қуанған еді, бірақ ол әкесінің бір күннен соң жарық дүниемен біржолата қоштасып, өздерін мынау
жапасы мен михынаты мол хикімет тағдыр кешуге тастап кететінін мүлде ойламаған.
Бекбайдың қолы иығынан сипағанда, иығына Бекбайдың қолы емес әкесінің қолы тигендей
сезінді. Аштықтан қаншалық қиналып тұрса да, Бекбайдың Мұстапа екеуіне өз әкелеріндей
аяушылық етуі Мұхаметтің көңілін босатып, Бекбайға деген бір керемет сүйіспеншілік орнатқан еді.
- Бекей аға, сіз өте жақсы адам екенсіз, - деді Мұхамет көзінің жасын ішігінің жеңімен
сүртіп.
Мұхаметтің әсерлі сөзі Мұстапаға да әсер етсе керек, ол Бекбайға қатарласып :
- Бекей аға, Мұхамет дұрыс айтады, сіз өте жақсы адам екенсіз, - деп Бекбайдың білегінен
ұстады.
- Ой, балаларым-ай, - деді Қапи шал күлімсіреп, - Алла тағала сендердей екі сәбидің
тағдыры үшін Бекейді бізге жолықтырды ғой, бүгін міне көп-көрім семіз қоянды жолықтырды.
- «Өлмегенге өлі балық жолығады» деген мақал осындайдан қалған екен ғой, - деді Бекбай
күліп.
Бұлар күн батуға айналғанда, қоналқа жерге әрең жетті. Қапидың айтқанындай жартастың
теріскей түкпірінде қар бар екен. Жартастың қарсы жағындағы кішкене текшеге қоржындарын
тастап,маңайларынан отын тере бастады. Екі бала су орған терең ағардан сексеуілдің томарларын
бірдемде от жағатын жерге үйіп жіберді. Бекбай қоянның ішін жарып,ішек-қарын, өкпе-бауырларын
ыдыстарға салып тазартқанша, Қапи қар әкеліп, отты маздатып жағып жіберді.
- Қапеке, мынаны асып жейміз бе, жоқ қақтаймыз ба? - деді Бекбай қоянның жіңішке ішегін
шайқап жатып.
- Алдымен басын кесіп тастап, қоянның өзін ұйтып жібер. Қоянның басында у бар деуші еді,
сақ болайық, - ұйтып болған соң, тоғаға бұрқ еткізейік. Балалар сорпа болса да ішіп тыңайсын.
Бекбай қоянның басын кесіп тастап, ұзын сексеуілге өткізіп жүнін ұйтты. Онан соң тап-таза
жуып Қапидың тоғасына салып асты.
- Бұл пысқанша жүрек жалғап отырайық, - деп Қапи шал таңертең Көкебай шал берген аз
ғана арпа мен кішкене нанды алып шықты, - Мұхамет сен ана қайнаған суды ыдыстарға құй.
Мұхамет төрт ыдысқа қайнаған су құйып, Қапидың алдына тізіп қоя қойды. Қапи арпадан бір
шымшым алып төрт ыдыстағы қайнақ суға септі. Онан соң асықпай беліндегі ағаш қыннан пышағын
алып наннан жұқалап төрт тілім тіліп, бір-бірден таратты. Жүргіншілер аздап арпа себілген су мен
бір тілкім нан жегенге едәуір қаужанып қалды.
Бекбай алғашында аштыққа шыдай алмай қатты қиналған еді, екі күннен бері, қарны
оншалық қатты ашып кетпеген сияқты сезілді. «Адам баласы о дүниеге барғанда жеті күнде тозаққа
да үйренеді деуші еді, адам аштыққа да үйренетін көрінеді ғой» деп ойлады. Ол бір кезде абақты да
жатқанда ауыр уайым қайғы мен суықтың қысымында, қарынның ашқан-ашпағанын мүлде білмей
қалғанын енді сезді. Жылан бір тышқан жұтса үш ай азық болады екен деп еститін. «Мүмкін,
адамдар бір айда бір рет тойып тамақтанса да өлмей шыдай беретін болса керек» деп ойлады Бекбай.
Ол өз ойына өзі таң қалды. Бекбайдың жылан туралы естігені расында шын еді. Жылан бір тышқан
немесе торғай жұтса, бір-екі ай аш жүре береді екен. Бірақ адам жылан емес қой, жылан аштыққа
шыдағанымен, адам шыдай алмайды. Адам атаулы жыланды көрді болды өлтіреді.Мүмкіндігі бар
тірі жібермейді. Жыланды үлкен жау санайды. Бұған адамдар мынадай патуа айтады : Сонау Нұқ
пайғамбардың заманында адам өсіп жер бетіне симай кетіпті. Айтуларға қарағанда жетпіс
миллиятдан асып кеткен екен деседі. Адамның көптігінен қылмыс көбейіп, адамдарды басқару өте
қиын болса керек. Сол заманда Нұқ пайғамбарға Алла аян беріпті дейді : Ей, Нұқ, жер бетін топан су
басады. Үлкен кеме жаса, әр хайуаннан бір жұптан кемеге алып шық. Топан су қырық жылда
қайтады. Сен қырық жылға жететін азық дайында.
Нұқ алып кемені жасатып болғанда, Нұқты келекелеген адамдар қаптап келіп дәретке отырып,
кемені дайраққа толтырып тастайды екен. Мұны көрген Нұқ тәңірге елу жылда әрең жасаған кемемді
дайраққа толтырды, бұйрығыңды орындай алмайтын болдым деп жылапты. Осыдан көп өтпей сол
өңірдегі адамдарға жазылмайтын қотыр ауруы тараған деседі.
Сол қотырға кемедегі дайрақты жақса жазылады екен дейтін сөз тарайды. Денесі қотыр болып
қиналған қалың адам кемедегі дайрақты таласып үстілеріне жаққанда, кеме тазарып айнадай
жарқырайды. Сонық артынан топан су келіп, Нұқ әр хайуаннан бір жұп алып кемеге бекінеді. Жер
бетін бүкілдей су басып, Нұқтың кемесі су бетінде қырық жыл қалқып жүреді. Сол күндерде
аштыққа шыдамаған тышқан кемені кеміріп тесіп тастайды екен. Бұл тесікті бекітудің шарасы
табылмай, Нұқ пайғамбар қатты қиналады. Ол кемедегі барлық тіршілікке :
- Кім кеменің тесігін құрылыққа шыққанша бекітіп тұрса, не тілегі болса да қабыл етемін, -
дейді. Сол шақта жылан ирелеңдеп Нұқ пайғамбардың қасына келіп :
- Мен бекітіп тұрамын, - деп өз денесімен тесікті бітеп алыпты. Осыдан көп өтпей топан су
төмендеп, кептер құрылықты тауып, шүйіншіге зәйтүн ағашының жапырағын әкелген екен. Кеме де
құрылыққа жетіп, бар тірлік табанымен жер басады. Сонда жылан бағанағы уәде бойынша Нұқ
пайғамбарға келген дейді. Сонда Нұқ пайғамбар :
- Не тілегің бар? - деп сұрапты.
- Тақсыр, бұрын мен топырақ жеп келдім, енді не нәрсенің қаны тәтті болса, соны қорек
қылсам, - депті. Нұқ пайғамбар араны шақырып алып :
- Сен мына барлық хайуандардың қанынан татып көр. Қайыссының қаны тәтті екен, соны
маған жеткіз ! - деді.
Пайғамбардың бұйрығы бойынша ара хайуандарды бірден шағып қанын татып, қайтып келе
жатса алдынан қарлығаш шығыпты. Ол :
- Ненің қаны тәтті екен? - деп сұрапты. Ара іркілместен :
- Адамның қаны бәрінен тәтті екен, соны Нұқ пайғамбарға хабарлағалы келемін, - дейді.
Мұны естіген қарлығаш арамен еріп Нұқ пайғамбар мен жыланның қасына келеді. Ара енді сөйлей
бергенде, қарлығаш лып еткізіп оның тілін қыршып алады. Ара ненің қанының тәтті екендігін айта
алмай ызыңдап қалады. Жылан қарлығашқа тұра ұмтылып құйрығынан бір тістеп қалады. Араның
ызыңдайтын, қарлығаштың құйрығының жырық болып қалуы содан екен. Содан бері адам жыланмен
өш, қарлығашпен дос болған деседі. Бірақ адамдар қалай хикая тоқысада, жылан адамдардың өзі
тиіспесе тиіспейді. Адамдар жылан тиіссін, тиіспесін кезіккенін өлтіре береді. Өздері жаман көрген
адамдарын улы жылан секілді деп жыланға ұқсатады. Өмірдің шынайы өз мәніне көз салсақ,
адамдардың жыланнан неше есе улы екенін, ал жыланның уы емдесе оп-оңай сауығып кететінін, ал
адамдардың уы мәңгі сауықпайтынын аңғарамыз. Күллі тірлік атаулың бәріне көз жіберсек, адамнан
басқа ешқандай хайуан бір-біріне еш себепсіз қастық жасамайды екен. Адамдардың ішінде жыланды
қойып, айдағардан да қиын адамдардың бар екенін адамдар өзі біле бермесе керек. Біздің қазақта :
«Жатқан жыланның құйрығын басқан өзің емес пе» дейтін сөз бар. Бұл да жыланның еш себепсіз
адамға тиіспейтіндігін ұғындырып тұрған жоқ па?! Айтуларға қарағанда, Африкада бала бағатын,
ұры ұстайтын буылтық жылан деп аталатын жыландар бар екен. Олардың иесіне адалдығы сондай,
балаларды қорғау жолында өлімнен де қорықпайды деседі. Бұлай болғанда, жылан адамдардың жауы
емес, керісінше досы болды ғой. Адамдар қалайша өзі достасуға тиісті жауларымен жауласады?
Осының бәрін де адамдардың жеке мүддесінің ең жоғары, ең маңызды орында тұрғандығынан
осылай болса керек.
Сондықтан мүдде де адам ешқандай тіршілік иесіне жол бермейді. Тіпті бірі-біріне жол бермейді.
Жер бетінің қырқысы да осыдан болып жатқан жоқ па?!
Бекбай лапылдап жанған сексеуілдің кер қызыл жалынына көз тастап, көп ойдың жетегінде
ұзақ отырып қалғанын сезген жоқ, басын көтеріп Қапи шалға қарады. Ол қоржынын жастап оң
қырымен шынтақтап жатыр екен. Мұхамет пен Мұстапа бір-біріне сүйеніп қалғып кетіпті. «Кішкене
байқұстар-ай, шаршап қалдыңдар ғой» деп күбірледі Бекбай.
Бекбайдың дауысын Қапи естіді. Ол басын баяу көтерді :
- Бала деген ақымақ шаршағанын білмейді емес пе, оның үстіне қарындары аш, бүгін сенің
арқаңда бір қаужанып қалатын болды, - деді.
- Қапеке-ау, бұл менің арқам емес, құдайдың бұйрығы ғой, - деді Бекбай күліп, - мына шөл
едәуір үлкен шөл сияқты ғой, сіздің жол білгеніңіз мұндай жақсы болама, мен жалғыз жүрсем
сүйегім далада қалар екен.
- Е, Бекей ешкімге қастығы жоқ, жаны жақсы адамға ежелден жамандық аз, жақсылық көп
қой, кім болса да жамандыққа өзінің ниетінен жолығады, - Қапи басын көтеріп отқа жақындап келіп
Достарыңызбен бөлісу: |