Жазушы Шәміс Құмарұлы 15. 04. 1952 жылы Қытай халық республикасының Мори қазақ автономиялы



Pdf көрінісі
бет26/28
Дата08.01.2017
өлшемі1,22 Mb.
#1414
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   28
жатыр,  қәзір  келеді.  Мұхамет  пен  Мұстапа  қуанғандарынан  өздерінің  он  сегіз  күн  аш-жаяу 
жүргендерін  лезде  ұмытып,  орындарынан  секіріп-секіріп  кетті.  Ауыл  адамдары  шүйіншіге  келген 
дөненнің айналасына жиналып, әркім өз әлінше баға беріп жатыр. 
 
 - Белі бүкіс жылқы екен, жорға ғой деймін,- дейді біреуі. 
 
- Жоқ, жорға емес мынау нақ жүйрік,- дейді тағы бірі.  
 
-Әйтеуір шүйіншіге келген кері дөненге ешкім жаман баға берген жоқ. Көбінің аузынан жорға 
мен жүйрік шығады.  
 
 -  Көпшілік  дуылдасып  тұрғанда,  жоғарғы  жақтан  келе  жатқан  бір  топ  адамның  қарасы 
көрінді. Көзді ашып-жұмғанша олар да ауылға жетіп келді. Дәл Қапи шал сияқты дембелше келген 
бүйрек бет қара торы кісі жүгіріп келіп Мұхамет пен Мұстапаны бетінен кезек-кезек сүйді. 
 
- Қарғаларым-ай, жандарың аман-есен қалған соң болды,- деп кеңкілдеп жылап жіберді.  
 
Бекбай оның қасына келіп сәлем берді: 
 
 - Ассалаумағалайкұм! 
 
 -  Уағалайкұм  уассалам!    Ой,  әлгі  екі  баланы  осында  жеткізген  жігіт  сен  екенсің  ғой,-  деді 
Бекбайдың қолын қатты қысып. 
 
Жапар  үш  ат  ерттеп  әкелген  екен,  ол  мынау  ауылға  шәйға  да  қаратпай  үш  жолаушыны 
ауылына  алып  жөнелді.  Ауылы  анша  алыс  емес  екен.Майсарының  ауылынан  батысқа  қиыстап  сәл 
жүрген  соң,  терең  ағарға  келіп  түсті.Ағардың  батыс  жақ  қабақ  түбіндегі  үш  үй  айқын  көрінді. 
Туыстарына  тез  кез  болған  Мұхамет  пен  Мұстапаның  қуанышында  шек  болмады.  Жүректері 
жарылардай леріріп, өз туған ата-анасының құшағына келіп кіргендей, мынау үш үйлі шағын ауылға 
жеткенше ат үстінде отыра алмай желпініп кетті. Бұл шақта мынау ақ еділ дарқан елдің шетіне екі 
баланы  ертіп  аман-есен  ілінгеніне  Бекбайдың  да  көңілі  судай  тасып,  ат  үстінде  жас  баладай 
шалықтап, шалқып келеді. Үш үйдің барлық адамы сыртқа шығып бұларды тік тұрып қарсы алды. 
 
Көктемдегі қара өзек шақ болса да,мынау семиялардың қарны тоқ, тұрмысы да едәуір жақсы 
екен. «Жұт, ашаршылық Өр Алтайда ғана тұр екен» деп ойлады Бекбай. 
 
-  Екі  күннен  соң,  Бекбайдың  бастауында,  Жапар  бір  топ  азамат  ертіп,  құмның  астыңғы 
жағында Қапидың жаназасын шығарып арнаулы жерлеп келді. 

 
-  Ашаршылықтан  құтылып,  «ел  іші  -  алтын  бесік»  дегендей,  ырғын  тұрмысқа  гүп  ете 
түскенімен, Бекбайдың ұйқысы тағы да қашып, ойы он бөлекке бөлінді. Ақыры Жайнаның кіші әкесі 
Жақайдың  ауылын  іздеу  бекіміне  келді.  Мал  қораланып  ел  орынға  отырған  шақта,  Бекбай  сөз 
бастады: 
 
 -  Жапа  аға,  ағаңыз  Қапидың  тапсырған  аманатын  аман-есен  қолыңызға  жеткіздім.  Құдайға 
шүкіршілік, бұл үлкен қуаныш болды ғой! 
 
- Айта қалсын қуаныш болды,-  деді Жапар басын изеп. 
 
-  Қарным  тойды  деп  жата  бергенім  болмас.  Өз  ауылымды  іздеп  тапқаным  жөн.  Қайнатам 
ертеде қайтыс болған екен. Інісі Жақай ақпанның соңында ауылын көшіріп осы Боғдаға кетіпті. Елді 
аралап  сұрастырсам  қалайда  табылады  ғой.  Алыстан  көшіп  келген  бөтен  ауылды  отырықты  елдің 
адамдары тез біліп қалар.  
 
-  Оның  жөн,  Алтайдан  ауып  келген  бір  бөлім  ауылдар  батыс  район  жақта  деп  естігем,-  деді 
Жапар. 
 
-  Онда  соның  ішінде  екен,-  деді  Бекбай  қуанып,  -  егер  рұқсатыңызды  берсеңіз,  бүгіннен 
бастап батысқа қарай жағалап, ауылымды тауып алайын. 
 
Жапар  басын  изеп  үнсіз  біраз  отырды.  «Мүмкін,  іздеген  туған-туыстары  онша  алыс  емес 
шығар» деп ойлады. 
 
Басын көтеріп Бекбайға шұғыл қарады:   
 
-  Мен  қанша  тоқтатсам  да  тоқтамайтын  секілдісің.  Бес  тұрманымен  бір  атты  ерттеп  өзіңе 
дайындап  қойғамын.  Балаларым  ертіп  ел  аралатсын,-  деп  Жапар  орнынан  тұрып  Бекбайды  ертіп 
далаға шықты,- қолмыздағағы аттардың ең семізірегі осы, елпек, жүрдек жылқы. Бұдан да мол силық 
берсек жөн еді, оны ауылыңды тауып, тойыңды жасағанда көрермін.  
 
Белдеуде әдемі кері төбел ат ерттеулі тұр екен. Бекбай қатты қуанды: 
 
-  Рақымет,  Жапар  аға!-  деп  Жапардың  қолын  алды,-  маған  істеген  жақсылығыз  менен 
қайтпаса  құдайдан  қайтар.  Қапи  аға  секілді  ақ  көңіл  адам  екенсіз,  ауылымды  тапқан  соң 
хабарласамын.  
 
-  Жарайды,  ауылыңды  тапқанша,  көңілің  орнына  түспейді  ғой,  бүгін  өзіңді  мен  ертіп 
аралатайын, - деді Жапар.   
 
Бұған Бекбай онша қарсы болған жоқ. Жоқ іздегенге, әрине, біреуден екеу жақсы ғой. 
 
Жапар түскі шайға әбден қанған соң, Бекбайды ертіп батыс жақтағы ауылдарға қарай аттана 
жөнелді.  Мамырдың  басы  болса  да,  тау  етегі  әлі  салқын  екен.  Ақ  шәйға  қанып  терлеп  шыққан  екі 
жүргінші тау жақтан ескен салқын лепке көкіректерін төсеп, едәуір сергіп қалды. Екеуі әңгімелесіп 
күн  бесінге  таяғанда  балық  жон  аласа  сары  адырдың  жазыққа  тірелген  етегіндегі  бес  үйлі  шағын 
ауылға  жетіп  келді.  Қорада  үш  адам  бір  ала  жылқыны  жығып  тағалап  жатыр  екен.  Бәрі  Жапарды 
танитын секілді.  
 
Ассалаумағалайкұм!- деп үшеуі де орнынан тұрды.  
 
- Уағалайкұм уассалам!- деп Жапар тағашылардың қасына барды. 
 
- Жайша жүрсіздер ме?- деді қолында балғасы бар ат тағалап жатқан  жігіт.  
 
- Жоқ іздеп жүрміз, жоқ болғанда, ол үлкен бір ауыл,  - деп Жапар қасында тұрған Бекбайды 
көрсете сөйледі,- Бәйтіктен ауып келген Жақай дегеннің ауылын іздеп жүрміз. 
 
- Ол ауылды анау үйде отырған жолаушы шал біледі,- деп тағашы жігіт оң қолымен шеткі ақ 
үйді нұсқады. Жапар Бекбайды ертіп аяңдап сонда келді. Үйдің төрінде жастықты биік қойып, семіз 
қара  шал  жамбастап  жатыр.  Үшеуі  сәлем  беріп  шалдың  оң  жақ  қатарынан  орын  алды.  Төрде 
жамбастап  жатқан  шал  Жапар  мен  Бекбайдың  сәлемін  аузын  жыбырлатып  қана  алды  да,  қасына 
ешкім  келмегендей  көлбеп  жата  берді.Мынау  шалдың  ең  болмағанда  көзінің  қырын  салып  та 

қоймағаны Жапардың ашуын келтірді. Қара шыбар шалдың жүзіне қадала қараған ол, құйрығымен аз 
жылжып жақындады: 
  
- Ақсақал, қай жеріңіз ауырып жатыр?- деді ештеңе білмеген адам сияқты таң қалып.  
 
- Қабағын түйе шытынай қалған қара шыбар шал ызбарлана басын көтерді: 
 
- Е, менің ауру-сауымды тексергелі келдіңдер ме? 
 
- Кешіріңіз,- деді Жапар күліп, - қайдан білейік, сәлем алуға шамасы келмей сұлап жатыр екен 
деп ойладық. 
 
-  Осы  ауылға  батыс  жақтан  жолаушы  келіпті  деген  соң,  бір  ауылдың  жайын  ұғысайық  деп 
келіп едік,- деді Бекбай сыпайы сөйлеп.  
 
- Онда менің жолаушы екенімді біліп келдіңдер ғой,- деді қара шыбар шал.  
 
- Әрине,- деп Жапар шалға таман сырғып отырды,- мына жігіт Алтайдан келген жолаушы еді, 
осы көктемде Бәйтіктен осылай көшіп өткен туыстарын іздейді екен. 
 
- Е,- деп қара шыбар шал Бекбайға қадала қарады,- туысыңның аты кім еді?  
 
- Жақай деген адам, қасында Мәрия деген жесір жеңгесінің үйі бар. 
 
- Жә, жігітім, мені дұрыс іздеп келіпсің. Сонда не шүйінші бересің?- деді қара шыбар шал. 
 
Бекбай қатты қуанып кетті. Орнынан атып тұрып шалға қолын ұсынып: 
 
- Шүйіншіге астымдағы атымды атадым, - деді. 
 
 -  Болды,  болды  жігітім,  жарайсың,  азамат  екенсің.  Жалғыз  атты  жолаушының  астындағы 
атын  алсам  елден  ұят  болар.  Осы  пиғылыңа  разымын.  Қиын  күнде  адамға  ес  қатқандай  азамат 
екенсің, болды, шүйіншіңнің керегі жоқ, туыстарыңның хабарын естуге асығып отырған шығарсың, 
олардың  амандығын  айтып  көңіліңді  орнықтырайын,  -  қара  шыбар  шал  орнынан  көтеріліп  алып 
сөйледі,- Жақайдың ауылы дін аман, біздің қасымызда отыр. Шонжының базарынан өте қалсаң жетіп 
барасың.  Ол  жерді  Дұңши  дейді.  Сол  Дұңшиге  жеткен  соң,  Хамиттің  ауылы  қайсы  десең  біздің 
ауылды елдің бәрі біледі.   
 
- Рақымет, ақсақал,- деді Бекбай. 
 
Қатты қуанғаннан аузына сөз түспей, жүрегі дүрсілдеп соға жөнелді. Қасындағы Жапарға бір, 
мына қара шалға бір жалтақ-жалтақ бір қарап отырып қалды.  
 
- Асықсаң кете бер, асықпасаң менімен бірге қайт, менің атым Хамит,- деді шыбар шал.  
 
- Қанша жер екен?- деді Бекбай.  
 
-  Мына  жерді  Моридың  ақ  адыры  дейді,  бұл  жерден  Дұңшиге  мықты  ат  болса  күнбе-күн 
жетеді. Ат қалыпты болғанда, бір жарым күнде баруға болады. 
 
- Күн кеш болып қалды ғой, ертең мына кісімен кеткенің жөн,- деді Жапар. 
 
Сол күні қонып, ертеңінде Бекбай Хамитқа ілесіп Жақайдың ауылына жол алды. 
 
Хамит  шал  алғашында  Бекбайдың    көзіне  қатыгез,  қайрымсыз  адам  сияқты  көрінген  еді, 
сөйлесе  келе  танысып,  Жайнаның  ауылының  жөнін  ұққан  соң,  ол  Бекбайдың  көзіне  аса  мейірімді, 
қамқор адам секілді көріне бастады. Екеуі жолға шыққан соң, Бекбай астындағы атына қайта-қайта 
қамшы басып, жүрістерін жылдамдатып тез жетуге тырысты.   
 
-  Асыққаның  жөн  жігітім,  бірақ  мынау  малдың  сүйегі  жұқарған  қара  өзек  шақ,  оның  үстіне 
екеуміздің  атымыз  да  тым  қабырғалы  аттар  емес  екен.  Қатты  жүрсек  жолда  қаламыз,  асықпай 
жүрейік,- деді Хамит. 
 
Бекбай  ауылдан  шыға  шапқылай  жөнелгісі  келген,  Хамиттан  ұялып,  жүрісін  баяулатқан  еді, 
мына сөзден соң Хамиттің атының аяңына ілесіп ғана отырды.    
МАХАББАТ  ТАҢЫ 

 
Хамит пен Бекбай ертеңінде түсте Шонжының базарының үстіңгі  жағынан өтіп, күн бесінге 
айналғанда  Дұңшидегі  мал  төлдетіп  отырған  елдің  шетіне  ілінді.  Бекбай  кешеден  бері  қанша  тез 

жүргісі келсе де, Хамиттың астындағы аттың сырты қораштау көрінген соң, «жол ортада болдырып 
қалмасын» деген оймен ілесіп ғана отырған. Ал өз астындағы кертөбел қыстан семіз шыққан жылқы 
болса  керек.  Жүрген  сайын  болдырғанның  орнына  ауыздығын  басып,  қамшы  салдырмай  лыпып 
аяңдап келеді. 
- Дұңши деген жер осы, аз жүрсек ауылға да барамыз,- деп Хамит қамшысының сабымен тымағының 
маңдайын көтеріп қойды. 
- Онда ауылға да келіп қалған екеміз ғой, - деді Бекбай қуанып.   
- Сонда сен анау Мәрия кемпірдің күйеу баласы болдың ба? - Хамит сұраулы көзін Бекбайға қадады, 
- той жасап алып па едіңдер? 
Бекбай мына сұрауға сәл ыңғайсызданып күлді. 
-  Кеше  ұқтыңыз  ғой,  расында  мен  сол  кемпірдің  күйеу  баласымын,  шынымды  айтсам,  енді  той 
жасағалы  отырғанда  қырсық  болып  бұлардан  айрылып  қалғам,  сұрай-сұрай  тауып  келе  жатқаным 
осы,- деді Бекбай. 
Ауылға жақындадық  деген сайын Бекбайдың көңілі лепіріп, тағы да жүрегі  лүпілдеп соғып, қайта-
қайта тізгінін қоя беріп Хамиттан оза жөнеліп келеді. 
Хамит  та  соза  қамшыланып  қойып  тартып  келеді.  Оның  астындағы  аты  сырты  қораштау 
көрінгенімен, белі қатты жүріске берік жылқы сияқты, әлі сол алғашқы жүрісінен танған жоқ. Атын 
тізгін қақтырып қойып, Хамит қайта сөз бастады:  
- Анау Жақай бірқанша жылдан бері Қоржадағы қытайларға істеп, едәуір ауқаттанып қалып еді. Ірі 
қарасы да, ұсақ малы да өсіп қалған. Былтыр Бәйтікке кетіп, биыл жұтап әрең қайтып келді. Шынын 
айтқанда  биыл  Бәйтіктен  келген  елдің  бәрі  азықтан  тарығып  әрең  отыр,  десе  де,  жылқысы  бар 
көрінеді.  
- Дендері сау болса, жұтаған малдың орны толады ғой,- деп Бекбай Хамитқа күлімсірей қарады. 
-  «Басы  аманның  малы  аман»  деген  сол,  жас  болсаң  да  көпті  көрген,  көп  жасаған  адам  сияқты 
сөйлейді екенсің, кім біледі, кейін сенің аузыңа қарап отырамыз ба. 
-  Ойбой,  ағасы,  әуелі  елімді  тауып,  есімді  жиып  алайыншы,  елді  аузына  қаратқан  өнер  менің  қай 
теңім дейсіз.  
- Олай деме, бала, Хамит қарқылдап күліп кетті, - Болат шыңдаудан кейін шығатынын білмейсің бе, 
сен шыңдалып жатқан болат көрінесің. 
-  Ағатай,  мен  болат  та,  темір  де  болмай-ақ  қояйын,  жер  бетінде  өзіме  тиісті  рыздығымды  теріп, 
қалқиып жүрсем ғана болды ғой.  
-  Ой,-  деді  Хамит алдыңғы жаққа мойнын созып, ауылыңа  аз қалыпты. Мен  шүйінші  сұрап оларды 
дүрліктірмей-ақ қояйын. 
Бекбай  күліп  үнсіз  басын  изеді.  «Мына  Хамит  жөн  білетін,  жүйеге  жүйрік  сүңғыла  адам  ғой»  деп 
ойлады. Сөйтті де қайта-қайта Хамиттің көктем желі тоздырып бозарған жүзіне қарағыштады. Оның 
сыр білдірмей өзіне баға беріп келе жатқанын да іштей білді.  
-  Аз жүрген  соң, жүрегінің соғуы тездеп, көңілі айныған сияқты болып, басы  азырақ  зеңи қалд.  Ол 
«аттан  жығылып  қаламын  ба»  деп  сәл  алаңдап  еді,  аз  жүрген  соң  оңалып  кетті.  Денесінен  аз  тер 
шыққандай  болды.  «Мүмкін,  өте  қатты  қуанып  кеткен  шығармын,  бұл  қалыпсыздық  содан  болды 
ғой» деп ойлады.  
Бекбайдың  өңінің  бір  құбылып  қайта  қалпына  келгенін  Хамит  байқай  қойған  екен.  Бекбайдың 
бетінен бірдеңе көргендей көзін жыпылықтатып қадала қарады:   
-  Балақай,  бұл  ауылға  күйеу  келді  дейтін  уақытқа  жақындағанда  баратын  болдық.  Қысылып-
қымтырылма, Мәрия кемпірмен де биыл әбден таныс болдық, өзім бастап барайын. 
Бекбай  Хамиттің  өз  көңіл-күйін  өте  жадағай  мөлшерлеп  келе  жатқанын  білді.  «Мен  есіктен  кіріп 
барғанда  Жайна  қандай  күйде  болар  екен,  шіркін,  жүгіріп  келіп  амандасатын  шығар,  жоқ  Мәрия 

шешейдің артында жылап тұрып қалар ма екен. Мәрия шешей сөзсіз жылайды» деп ойлады. Ауылға 
жақындаған  сайын,  Бекбайдың  ойы  сан-саққа  жүгірді.  Көз  алдына  Мәрия  кемпір  мен  Жайнаның 
кескіні  қайта-қайта  елестеді.  Бекбай  осындай  көп  ойдың  жетегінде  Хамитке  ілесіп  шет-шегі  жоқ 
көсіліп жатқан шилі даланың шығыс бүйірінен кіріп, топ-топ болып жайылып жатқан жылқы, сиыр, 
түйе  аралас  қалың  ірі  қара  малдың  арасын  аралап  тоқтаусыз  жүріп  келеді.  Анда-санда  балық  жон 
шилі  дөңкілдердің  түбінен  көкшулан  түтін  көтерілген  киіз  үйлердің  төбесі  көрініп  қалады.  Хамит 
жақындап  қалдық    дегеннен  кейін  де  Бекбайға  көп  жүрген  секілді  сезілді.  Дегенмен  бір-біріне 
қосылып алқа-қотан жатқан қалың мал Бекбайдың назарын едәуір бұрды. «Мал да қалың, мұнда шөп 
те көп екенғой» деп ойлады Бекбай. Сөйтті де жол жағасындағы нар шилердің түбіндегі томырылып 
жатқан қалың қияққа таң қала қарады: 
- Хаке-ау, мына жердің шиінің қияғы әлі күзді күнгідей желкілдеп тұр ғой, не деген жақсы жер,- деді. 
 - Е, Бекбай бала,- деді атын қамшылап, - бұл мал мен егінге тең жаралған, топырағы құнарлы, түгін 
тартса май шығатын түңкелі жер ғой, мұнда мекендеген ел аз емес. 
Екі  жүргінші  осылайша  әңгімелесе  отырып  күн  екінтіге  аунаған  шақта  шилі  дөңкілдің  шығыс  жақ 
түбіндегі үш үйлі шағын ауылға жетіп келді.  
- Жақайдың ауылы осы, кімдікіне түсеміз? Мәрия кемпірдің үйіне түсеміз бе?- деді Хамит. 
- Әрине, сонда түсеміз ғой,- деді Бекбай. 
Бұл шақта Бекбайдың жүрегі біресе дүрсілдей соғып, біресе дірілдеген сияқты болып, бір түрлі қым-
қуыт күйге түскен еді. Жолдан бұрылып ауылға жақындаған сайын, бүкіл денесі бір ысып, бір суып, 
жауырынының ортасы терлеп, денесі қызып бара жатқан сияқты болды. 
Бұл ауылдағы үйлердің кім-кімдікі екенін Хамит әбден біледі екен. Ол атының басын үш үйдің батыс 
жағындағы кішкене қара борша үйге қарай бұрды. 
-  Қайнапаңның  үйі  осы,-  деп  Хамит  Бекбайдан  оза  жөнелді.  Үрген  иттің  шәбелеңдеген  дауысымен 
шығыс  жақтағы  екі  үйдің  біреуінен  екі  кішкене  бала  шықты  да,  енді  бірінен  жастау  әйел  шығып, 
Бекбайларға  көз  сала  қарап  тұрды.  Белдеуіне  екі  атты  адам  келіп  түсіп  үйге  кіргенше,  мына  қара 
борша үйден ешкім тысқа шықпады. Бұл үйде ит те жоқ секілді.  Әлгіндегі  шәбелеңдеген иттер екі 
үйге қарай қайтып кетті. Бекбай атын асығыс байлай салып, жүгіріп келіп Хамитқа есік ашты. 
-  Ассалаумағалайкұм!  -  деп  ең  алдымен  үйге  сәлем  беріп  Хамит  кірді.  Хамиттің  соңынан  Бекбай 
кірді. Мәрия әже қазан жақта күйбеңдеп жүр екен. Хамит:  
-  Құдағи  амансыз  ба?-  деп  амандаса  төрге  өрлегенде,  Бекбай  жүгіріп  келіп  Мәрияға  қол  беріп 
амандасты. 
 - Амансыз ба, шеше, дендеріңіз сау ма? 
-  Аманбыз  ғой,  қарағым,  -  деп  Мәрия  мынау  өзіне  қадала  амандасқан  бейтаныс  жігіттің  жүзіне 
қадала  қарады.  Ол  қанша  қадалып  қараса  да  Бекбайды  тани  алмады.  Бұл  күнде  жылай-жылай 
Мәрияның  көзі  де  әлсіреп  кеткен  еді.  «Бұлар  көктен  түскендей  жетіп  келген  қайдағы  жолаушылар 
екен,  бізді  іздеп  келе  қоятындай  туыс-туғанымыз  жоқ  еді  ғой»  деп  ойлады.  Үлкен  көнетоз  жез 
шәугімге су құйып мосыға ілді. Хамитті орнына отырған соң бір-ақ таныды.  
-  Құдай-ау,  ұят  болды-ау,  сіз  Хамит  екенсіз  ғой,  көршіні  танымай  қалғанымызды  қараңыз,  көз  де 
әлсіреп кетті,- деді Мәрия отқа отын салып жатып. 
-  Күнде  көріп  жүрген  мені  танымай  қалғаныңызға  қарағанда,  мына  жігітті  мүлде  тани  алмайтын 
секілдісіз,- деп Хамит қалжыңдап күле сөйледі.  
-  Ойбой,  Хамит-ау,  мен  де  не  күй  бар  дейсің,  әйтеу,  бойдан  жан  шықпаған  соң  тырбаңдап отырған 
ғой,-  деп  Мәрия  кішкене  ағаш  тақтайға  үш  шыны  қойып  бірден  жуа  бастады.  Мәрияның  Хамиттің 
сөзінің нарқын түсінбегенін Хамит та, Бекбай да білді. Мәрия қайтіп сөйлеген жоқ. Қазан жақтағы 
Мәрияның жер төсегінде біреу бүркеніп жатыр. Үйде Жайна көрінбейді. «Анау жер төсектегі мынау 

туыстарының  бірінің  баласы  шығар.  Жайна  мынадай  бейуақытқа  жақындаған  шақта  бүркеніп 
жатпас, сөз жоқ, басқа біреу» деп ойлады Бекбай.  
Мал төлдеп әрбір үйдің оң жағындағы үйшіктер қозыға толып тұратын бұл шақта, бұл үйде үйшікті 
былай қойғанда, бірен-саран қозы да жоқ екен. Бүрісіп-бүрісіп екі-үш лақ ғана тұр. «Бұл үйде тегінде 
ұсақ аз  еді, енді  тіпті  ештеңе қалмаған  екен ғой» деп ойлады Бекбай. Шәй  қайнап төрге дастарқан 
жайылғанда, Хамит алдына қарай құйрығымен сырғып отырып: 
- Жә, Мәрия, мына жігітті тани алдың ба?- деп Бекбайды қолымен нұсқады. 
-  Е,  Хамит-ау,  менде  көз  дейтін  көз  қалған  жоқ  бағана  айттым  ғой,  бұл  баланың  бет-әлпеті  жылы 
ұшырай  береді,  сонда  да  тани  алмай  отырмын.    Әйтеуір  бір  жерден  көрген  сияқтана  беремін,-  деп 
Мәрия Бекбайға ұмсынып бар зейінімен қадала қарады. 
 - Мен балаңыз Бекбаймын ғой, тани алмай отырсыз,- деді Бекбай күліп.  
-  Ой,  қарғам-ау,  тірі  екенсің  ғой,  -  Мәрия  орнынан  жылай  түрегелді.  Жүгіріп  келіп  бекбайдың 
қолынан сүйді, - қарғам-ау, не пәлеге ұшырап жоғалдың, келгеніңнің жақсы болғанын қарашы. 
Мәрия  көзінің  жасын  сүрте  жүріп  Хамит  пен  Бекбайға  шәй  құйып,  тағы  Бекбайға  қадала  қарады. 
Кәдімгі Бекбайдың өзі. Әбден таныды. Енді орнынан қуана түрегеліп, өз төсегінде басын шапанмен 
бүркеніп жатқан адамға қарай жүгірді.  
-  Жайна  балам,  басыңды  көтерші,  Бекей  келді!  -    деп  Жайнаның  бетіне  жабулы  жатқан  шапанды 
алып,    Жайнаны  оятты.  Жайна  басын  нарау  көтерді.  Бекбай  Жайнаға  қарады.  Бірақ  тани  алмады. 
Бұрынғы  екі  беті  қып-қызыл  алмадай  албырап  тұратын,  жүзінен  нұр  тамған  Жайна  емес,  әппақ 
шөлмек болып жүдеген, иегі сорайған бір тірі әруақ, әлде неден шошынғандай Бекбай мен Хамитқа 
үрейлене қарады.  
- Бекбай, мына Жайнаға амандасшы, сені тани алмады ғой,- деп Мәрия күңкілдеп жылай жөнелді. 
- Жайна, амансың ба? Мен Бекбаймын, сендерді іздеп келдім,- деп Жайнаға жақындап еді. 
-  Жоқ,  сен  Бекбай  емессің,  мені  алдай  алмайсың,-  деп  Жайна  қара  шапанды  басына  бүркеніп 
қайтадан  тоңқайып  жатып  алды.  «Бұл  сорлыны  біреулер  қорқытып  тастаған  екен  ғой»  деп  ойлады 
ішінен. 
- Күдерін үзіп кетті ғой, ақырын таныр,- деді Бекбай. 
-  Қарғам-ау,  сен  қайда  жоғалып  кеттің?-  деді  Мәрия  көзінің  жасын  шылауышының  шалғайымен 
сүртіп,-  табаны  күректей  үш  жыл  іздедік.  Бір  тал  дерегіңді  білсек  бұйырмасын.  Жайна  содан 
тоқтаусыз бес жыл жылады ғой, ақыры осындай кісі танымайтын ауруға кіріптар болды. Сені таныса 
сауығып қалар еді ғой, шіркін! 
Хамит  шәйдан  соң,  Бекбайға  қош  айтып  ауылына  аттанып  кетті  де,  ауылдың  үлкен-кішісі  түгел 
осында  жиналды.  Бәрінің  де  Бекбайдың  аяқ  астынан  жоғалып  кеткенінен  хабарлары  бар  сияқты. 
Аман-сәлемнен  соң  Бекбайдың  жүзіне  таң  қала  қарасады.  Бекбай  өзінің  аяқ  астынан  қалай 
жоғалғандығын,  одан  кейінгі  тартқан  жапа-машақатын  Мәрия  кемпір  бастаған  ауыл  адамдарына 
қысқаша айтып берді. Бірақ он күнге дейін Жайна Бекбайды тани алмады. Бекбай өзін таныстырып 
қалай кеңессе де, көп-көрім танып келе жатып баж етіп жалт ете түседі. Содан «Бекбай емессің» деп 
зар қақсайды. Көзінен жас суша сорғалайды. Бұл шақта шешесі Мәрия да қосылып жылайды. Мынау 
адам  жанын  жегі  құртша  кемірген  аянышты  халді  көзімен  көріп  тұрған  Бекбай  алғашында  Мәрия 
кемпірге тоқтау айтып, көңілін жұбата жүрді. Ол өзінің іштей үгіліп, қатты қиналғанын қай уақытта 
да Мәрия кемпірге білдірмеуге тырысты.  
Бекбай тыста едәуір  жүріп таңертеңгі  шәйға келді. Мәрия төрге дастарқан жайыпты. Жайна төрдің 
қазан жағында отыр екен. Бекбай оның сол жақ қасына келіп шәйға отырды. Жайна күндегідей емес, 
Бекбайдың  жүзіне  қайта-қайта  қарады.  Бекбай  ішінен  «мені  шырамытып  отыр-ау»  деп  ойлады. 
Маған бірдеме айтарма екен деп дәмеленді. Бірақ Жайна жалтақ-жалтақ қарағаны болмаса, ешқандай 

таныстық білдірмеді. Бекбай қолындағы шәйді сарқып ішіп, шынысын дастарқанға қойып Жайнаға 
қарады: 
-  Жайна,  мен  Бекбаймын  ғой,  сенің  мұғалімің  Бекбаймын,  -  деп  еді,  Жайна  Бекбайға  бір  нәрседен 
шошынғандай, екі көзі шарасынан шыға үрейлене қарады: 
- Жоқ, алдама, Бекбай емессің, ол жоғалған!- деді жыламсырап. 
-  Жайнаш-ау,  мен  расында  Бекбаймын!-  деп  еді  Бекбай,  Жайна  артына  қарай  шегініп,  қолындағы 
шәйді Бекбайдың бетіне шашып жіберді. Ыстық шәй Бекбайдың бетін күйдіріп кете жаздады. Бекбай 
алғашында он күнге дейін Жайна қашан болса да таниды ғой деп жүрген еді, осыдан соң аздап көңілі 
қайтып қалды. Бір қорқынышты торығу жүйкесін жаулап, Мәрия кемпірдікінде отырғысы келмейтін 
күйге түсті. Тірлігіне сүйеніш болған өмір арқауы үзіліп кеткен сияқты сезініп күн сайын жүдеді.   

Бекбай  Ертіс  бойындағы  Қанағаттың  үйінен  Сарсүмбеге  аттанып  кеткен  соң,  үш  күнге  дейін  ауыл 
адамдары  Бекбайды  жоғалды  деп  ойлаған  жоқ.  Сарсүмбенің  базарында  базар  аралап  жүр  дескен. 
Төртінші  күнге  айналғанда,  Қанағат  бай  да,  Мәрия  кемпір  де  алаңдай  бастады.  Таңертеңгі  шәйін 
шала-шарпы  ішкен  Мәрия  Қанағаттыкіне  келді.  Ыбылжып  күнде  жәй  тұратын  Бейсенбай  мен 
Сейсенбай да ерте тұрып алыпты. Қанағат сыртта жүр екен. Мәрияны көріп ол да үйге кірді. Сөзді ең 
алдымен Мәрия бастаты. 
 
-  Қанағат-ау,  әлгі  Бекбайға  не  болды,  қалада  қанша  жұмысы  болса  да  келетін  уақты  болды 
ғой,- деді.  
-  Соны айтам,-  деп Қанағаттың әйелі  Мәрияны қостады,  - тіпті  мұндай төрт күн жүретін жөні  жоқ. 
Бір пәлеге ұшырады ма деп қорқып отырмын.  
-  Бүгін  қалаға  барып,  әлгі  Қасымдыкінен  жөнін  білейін,  -  деп  Қанағат  Мәрияның  көңіліндегі 
алаңдаушылықты сәл бәсеңдетті. 
Осыдан  соң  шәйін  іше  сала  атына  қонған Қанағат,  тізгін  ұшымен  тамыры  Қасымдыкіне  келген,  ол 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   28




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет