Гүлсімді мойнынан тартып:
_ Гүлсім, сенің көзің әдемі ғой, әуелі көзіңнен сүйейінші,_ деп екі көзінен кезек сүйген кездегі
жүрегі жарылардай алқынып, Берікболдың көкірегіне балапан торғайша жабыса түскені көз алдына
елестеді.Сондағы Берікболдың күректей жалпақ алақаны бетін сипағанда, Берікболдың алақаны
ыстық па, жоқ, өзінің беті от болып қызып кетті ме, оны Гүлсім айыра алмай қалған. Махаббат
ләззатына елітіп отырып Гүлсім:
_ Берікбол, мәңгі сендікпін,_ деген еді, сонда Берікбол:
_ Тірі болсақ бір күркеде, өлсек бір көрде жатамыз,_ деп Гүлсімді кішкене баланы
көтергендей кеудесіне көтеріп орнынан тұрған. Сол шақ енді ғана бала мұрттаған Берікболдың сәл
дүрдіктеу бала ерні Гүлсімнің сәби баланың ерні сияқты жұп-жұқа ерніне келіп тиген. Гүлсім
көздерін жұмған беті сүюдің жан ләззатын тұңғыш рет сезініп, мас адамдай бойы балқып, буынсыз
күйде тәтті құшақта ұзақ жатқан еді. Сонан кейін де кең далада талай рет аймаласқан.
_ Жоқ, _ деп Гүлсім өзіне өзі күбірледі, _ біз сен айтқандай, өлсек бір көрде бола алмайтын
болдық, тірі кезімізде де бір күркеде мейіріміміз қанғанша сырласып тұруды Алла бес-ақ күнге
жазыпты.
Гүлсімнің көзінен аққан жас екі самайынан ағып құлағына келді. Бірақ жылағанын Бекбайға
білдіргісікелмеді. «Бекбай жылап жатқанымды сезсе, қорқып кетеді ғой» деп ойлады. Сөйтті де
қолының сыртымен оң қырынан жатып көзінің жасын сүртті. Дәл осы шақта өлімнен үрейленген
жоқ, қайта бойына қайрат жинап бекіне түсті. Пеш аузында пыс-пыс етіп от жағып жатқан Бекбайға
көзінің қырымен қарады. Ол жамбасынан жатып, бір қолыьмен отынды пешке қайта-қайта салып
жатыр екен. Әлі тың секілді. От жағарлық қауқары болды деген сөз тіршілік қуаты түгей қоймағанын
білдіреді ғой. «Көзім жұмылып кетсе, мені дөңге кім апарып жерлейді? Іргемізде еш туыс-туған жоқ.
Бекбайда хал қалмады, менің көзім жұмылса Бекбайға қиын болады-ау» деп ойлады. Көз алдына
тағы да Берікбол елестеді. «Уа, сүйікті, аяулы жарым Берікбол, қош, қиямет машарда кезігейік.Уа,
жарық дүние қош!» деп сыбырлады. Дауысы үзіліп-үзіліп әрең шықты. Бар қайратын бойына жиып
басын сәл көтерді. Басы зеңіп кетті. «Өлген деген осы ғой» деп ойлады. Қайтадан сұлық жата кетті.
Көкірегінде бір өкініш сазы запыран сияқты кеудесін шеңбектеп тұрған сияқты сезілді.
_ Бекей деп дауыстады Гүлсім.
_ Ау,_ деп пеш аузынан Бекбайдың дауысы шықты.
_ Бекей, сен қорықпа, ер жігітсің ғой,бүгін өлеміз бе, ертең өлеміз бе, жоқ , бұл дүниенің бізге
арнаған рыздығын түгел тауысып өлеміз бе, оны Алла біледі, _ Гүлсім тамсанып қойып сөзін тағы
жалғады,_ ішімде бір арманым кетіп барады.Той жасап ағаң Берікболмен анық бес күн бола
алмадым.Онымен ең құрғанда өлер шағымда екі ауыз тілдесе алмадым...
Гүлсім сөзінің соңын айта алмай сұлық жатып қалды. Дәл осы шақта есік шиық етіп ашылып
Берікбол кіріп келді.
_ Берікбол ағам келді ғой!_ деп Бекбай пештің қасындағы аласа үстелге сүйеніп орнынан тұрды.
Гүлсім өз құлағына өзі сенбей жан дәрмен ұшып тұрды. Өзіне қалай дәрмен бітіп, орнынан қалай
тұрып кеткенін білмей қалды. Сенделектеп келіп есік алдында тұып қалған Берікболды құшақтай
алды. Берікболдың қолындағы көне тоз былғары сомке жерге түсіп кетті. Гүлсім Берікболға сүйеніп
ұзақ тұра алмады.Оның етінен арылып шидей болып қалған арық саусақтары Берікболдың
ыйығынан босап сырғи бастады.Гүлсімнің әбден әлсіреп кеткенін Берікбол енді білді.Келіншегін
сүйеп отырғызып, былғары сомкедегі темір торсығын қолына алды.Қазан жақтан екі шыны әкеліп,
салқын әрі ашты қара шайды екеуіне де ішкізді. Гүлсімнің мейірі қанып кеткендей болды. Маңдайы
тершіп бүкіл денесі жадырап кетті.
_ Көп кешіктің ғой, енді келмесең өлетін едік,_ деп Гүлсім жылап жіберді.
_ Он бес күн жол аңдыдым. Қашқандарды қуған солдаттар шекара жақта қайшалысып жүр. Бүгін
ғана сәті түсті,_ Берікбол сыртқы киімдерін шешіп,_ сендер өте ашығып кетіпсіңдер, тамақты көп
жеулеріңе болмайды.
Берікбол тез қимылдап, бір шәугім ашты қара шәй қайнатып Бекбай мен Гүлсімге аздан-аздан
ішкізді.Соңынан аздап нан үгіндісін талшықтап берді. Бекбай тамақ болса бір-ақ оуып жіберетіндей
болып отыр еді, қара шәйдың соңынан аузына салған нан қоқымы коңілін көтергендей сәл қиналыс
байқатты
_ Көңілім айныған сияқты болып тұр,_ деді Бекбай Берікболға үрейлене қарап.
_ Ештеңе етпейді, аш адамның өзегіне дән түскенде сондай болады,_ деді Берікбол
Бұлар түн ортасы ауғанша аз-аздан бес рет тамақтанды. Бекбай мен Гүлсімге де жан кірді. Бұл
екеуін ұйқы баса бастады.
_ Ұйықтамаңдар,_ деді Берікбол үй ішіне аралай көз тастап,_ қазір жолға шығамыз. Көлік нашар, көп
жүк ала алмаймыз. Сатқанда ақшаға жарайтын, салмағы жеңіл, көлемі кішкене, алып жүруге епті
нәрселерді ғана аламыз.
Берікбол лезде үй ішінің астаң-кестеңін шығарып жақтырған нәрселерін теріп қоржынға салды.
Манадан Берікболдың қимылына қарап үнсіз отырған Гүлсім:
_ Әнеу тұрған темір қобди үлкен ағаныкі еді, ашшы, ішінде не бар екен,_ деп қалтасынан кілтін
шығарып берді.
Берікбол темір қобдиға сүле ғана қарап, құлыбын ашты. Шолақ сапты балта, тістеуік, темір кесетін
кескіш, тескіш, әр түрлі темір-терсектің қиқымы екен. Берікбол ренішті кескінмен қобдиды төңкеріп
төге салды. Гүлсімнің көзіне елеусіз кішкене құрым қалта шалынды.
_ Әнеу құрым қалтаны алшы,_ деді Гүлсім.
_ Мұндағы мықтаса аттың шегесі шығар,_ деп қалтаның аузын буған таспаны шешті де тақтайлы
еденге төге салды. Үшеуінің көзі жарқ ете түсті. Қалтадағы алтын , күміс екен.
Қытай жеріне барғанда бірдеңеге жарар,_ деп Берікбол алтын-күмісті құрым қалтаға қайта
салып, қойнына тығып алды. Өздеріне қажетті керек-жарақтарын түгел алып, Берікбол Бекбай мен
Гүлсімді ертіп далаға шықты. Күн бұлыңғыр тартып тұмандана қалыпты да, түн көзге түртсе көргісіз
қараңғы екен.
Маған еріп отырыңдар,_ деп Берікбол қыстақтың шығыс оңтүстік жақ шетіндегі көне тас қораға
келді. Мұнда үш ат ертеулі дайын тұр екен.Берікбол өзі демеп Гүлсімді атқа мінгізді. Бір аттың
шылбырын Бекбайға ұстатты:
_ Атқа міне алатын шамаң бар ма?_ деді Бекбайға бұрылып. Бекбай үзеңгіге аяғын салып, екі
ұмтылып атқа міне алмады. Буыны құрып кеткен екен.Оның атқа міне алмағанын білген Берікбол
келіп қолтығынан демеп атқа мінгізе салды.
Осылайша үш жүргінші, яғни қашқын түн бойы шығыс оңтүстікті бетке алып тартып отырды. Түн
ортасы ауып, таңға таяған шақта Берікбол атының басын тартып кідіріс жасады :
_ Естеріңде болсын,_ деді ол екеуіне қадағалап сөйлеп,_ осыдан аз жүрген соң таулы өңірге
кіреміз. Жер қиын, қорықпай аттарыңның басын еркіне жіберіңдер, ат жығылмайды. Оқта-текте
бейтаныс біреу кезіксе мен сөйлесемін. Сендер мылқау адам кейпіне еніп аласыңдар. Бекбай сен
ұмытып қалма!
Берікбол сөзін қадағалап ұқтырған соң әйелі мен Бекбайға ат үстінен азырақ тамақ жегізіп
алып тағы жолға түсті.
4
Үш жүргінші тау арасының бірде жаттық, бірде өр-ылдилы болып келетін жолсыз жерлерімен түн
жамылып тоқтаусыз тартып келеді. Бұл қар негізінен кеткен мамыр айының басы еді .Онда көктем
лебі білініп жер көгілжім тартқанымен, тауға қарай өрлеген сайын суық жел соғып, сүркейлене
бастады. Тағалы аттардың тасқа соғылған тағасының сартылы мен аттардың пысқырған дауысынан
басқа бұл өңірден ешбір бөгде дыбыс білінбейді. Алғашындағы көзге түртсе көргісіз
қараңғылық жүре келе сұйықтап кетті ме, жоқ көздері қараңғыға үйірлесіп кетті ме, әйтеуір шет-
шегіне көз жеткісіз мынау меңіреу қараңғыға көміліп, мұнартып жатқан қара қоңыр таудың ердің
қасы сияқты айыр кезеңдері мен шөгіп жатқан нар сияқты көлденеңдей қалатын мұрыншақтары енді
Бекбайға анық-анық көріне бастады.
Бекбайдың миын жүрген сайын түрлі-түрлі үрейлі ойлар торлап алды. «Біз басқа бір елге қашып
келеміз, барғаннан кейінгі күніміз не болар. Танымайтын ел, көз көрмеген жер. Кіндік қанымыз
төгіліп, балауса уыз табанымыз тұңғыш топырағын басқан Атамекендегі көргілігіміз осы болды,
тағы қандай азапты күндер бізді тосып тұрғанын бір Алланың өзі білер» деп ойлады. Бірнеше рет
жеңгесі Гүлсім мен ағасы Берікболға сөйлегісі келіп еді, бірақ өзінен-өзі айтар сөзін жұтып үнсіз
кете берді. Ең алда келе жатқан Берікбол анда-санда атына қамшы ұрып қойып, мойнын созып
айналасына көз салып қояды. Еңіс жерге келгенде Берікбол желе жөнеледі де, ал қайқаң өрге
келгенде атының еркіне салып аяңдай қалады. Бір кезде бұлар түйенің өркеші сияқты аш кезеңге
шығып, оң қол жақтарына қарай жалғыз аяқ қабырға жолмен қапталдай жөнелді. Астыңғы
жақтарының терең шатқал екенін Бекбай қап-қараңғы болып үңірейіп жатқанынан-ақ білді. Бұлар
жүрген сайын беттеріне көктем желі сұп-суық болып ұрылып, жайлаудың дымқыл салқын ауасының
жағымды исі кеңсіріктеріне ұрылды. Жолдың үстіңгі-астыңғы жақтарында бұта-бүргендердің де
көбейе бастағанын Бекбай анық сезіп келе жатты. «Алла жол берсе өлімнен құтылған шығармыз»деп
ойлады Бекбай. Дәл осы шақтағы Гүлсімнің ойы басқаша еді. Ол сонау адамдары күн сайын азайып,
бір-бірден жер қойнына кіріп жатқан үрейлі қыстақтан шыққалы артына әлде неше рет жалтақтап
қарады.Өздерінің ес білгелі атын ғана естіп бір бұрышын да көрмеген жат елге кетіп бара
жатқандарын ойлаған сайын, мынау қалып бара жатқан ажал ұясы іспетті шағын қыстақты қимайтын
ғажайып бір сезім көкірегін тырналай бастаған-ды. Екі көзіне мөлдіреп жас іркілді.Осы бір
жандарын әрең алып шыққан сүркей қыстақта, мәңгі қиғысыз қымбат нәрсесі қалып қалған сияқты
болып, көңілі құлази берді. Бірақ ол не нәрсесінің ұмтылып қалып бара жатқанын қанша толғанса да
есіне келтіре алмады.Түннің ортасы ауғанша , осы биік тас қыратқа шыққанша Гүлсімнің көзінің
жасы тоқтамады.
Қабырға жол бұларды тағы біраз жүрен соң, ұстараның жүзіндей қара тас қыратқа алып шықты.
Бұл шақта шығыс жақтағы түнгі аспанның жиегі бозғылт тартып, таң белгісі біліне бастағанын
аңғартқан еді. Қыраттың арғы бетіндегі жүктей жартастың түбіне келіп атынан түскен Берікбол :
_ Аттарыңнан түсіп кеңіп алыңдар, азырақ ат белін суытып алайық,_ деді.
Бұлардың қайда келгенін, бұл жердің қай жер екенін Берікбол ғана біледі. Гүлсім де, Бекбай да
үнсіз атынан түсіп, қол-аяқтарын жазып, арлы-берлі жүрді.
_ Кіші аға , шекараға жақындап қалдық па,_ деп Бекбай ағасы Берікболдың қасына келіп әлдекім
естіп қоятындай сыбырлай сұрады.
_ Ойбой, қарғам-ай, шекара қайда, әлі де екі күн жүреміз. Күндіз мықты бекініс тауып
қозғалмай жатамыз.Осылайша үртіс түнде жүріп отырсақ , екі түн жүрсек , Алла амандық берсе
шекарадан өтеміз,_ деді Берікбол.
Манадан мынау биік таудың қыратына шыққанға, Бекбай «Шекараға келген шығармыз» деп
ойлаған болатын. Берікболдың сөзінен соң көңілі суып, өзінен-өзі қарадай қобалжи қалды. Бірақ
көңіліндегі қорқынышын Берікбол мен Гүлсімге айтқысы келмеді. Бекбай да, Гүлсім де аяқтары
ауырып, қайта-қайта үзеңгіден аяқтарын кезек-кезек шығарып әрең шыдап келе жатыр еді, мына
демалыс екеуін едәуір сергітіп тастады. Арбері-жүріп буын-буындарын созып, бойларын жазып
жырғап қалды.
_ Атқа қайта мінейік!_ деді Берікбол атының сауырын қамшымен сипап тұрып.
Бұл жолы Бекбай атқа жеп-жеңіл мініп кетті де, Гүлсім атқа үш ұмтылса да міне алмады.
Берікболдан бұрын Бекбай атынан қайта қарғып түсіп, Гүлсімді қолтығынан демеп атына мінгізді.
Бекбай атына мініп жолға түскен соң, «Ей Алла, үлкендер әйел адам аштыққа берік болады деуші
еді, мына Гүлсім неге осынша босап кетті. Байқұс, қолына ілінген тіске сыздық болар бірдеңелерді
маған беруші еді-ау» деп ойлады.Сөйтті де Гүлсімге ала көлеңкеде өзінен өзі мейірлене қарады.Ол
ат үстінде Берікболдың соңынан өбек-өбек етіп, құр сүлдері ғана кетіп бара жатқан жандай сезілді
Бекбайға.Гүлсімнің осыншалық иіні түсіп жүдегеніне Бекбайдың жаны ашыды.
Берікбол таң ағарып атқанда өз әйелі Гүлсім мен Бекбайды ертіп , қалың бүргенді , екі жағы құзар
шың, шыңның тамақтары қалың қойтас болып келетін биік тау қапталына келді.Үш атты үш
қойтастың арасындағы көгал текшеге байлап тастады.Онан соң Бекбай мен Гүлсімді ертіп аттардың
үстіңгі жағындағы үлкен үңгірге келді.Үңгір іші дымқыл болғанымен мұнда астыға төсеніш ететін
сырдақ , шөп сияқты нәрселер бар екен , бір түкпірде ыдыс-аяқтар да тұр. Бұл шақта анау шығыстағы
шоқының кетігінен күміс күн де шекесін көрсетіп келе жатқан-ды.Бекбай үйге келгендей бойы сергіп
едәуір жеңілдеп қалғанын сезді. Берікбол үңгірдің түбіндегі қабаттап салынған сырдақтың үстіне
шалқалап аз жатқан соң барып басын қайта көтерді.Інісі мен Гүлсімнің көзі Берікболға тігулі еді.
Берікбол да бұл екеуінің көзінің не сөйлеп тұрғанын білді.
_ Екеуің екі жағыма отырыңдар,_ деді. Гүлсім сол жағына, Бекбай оң жағына келіп жүрелеп
отыра кетті.
Берікбол орнынан тұпып, үңгірдің сол жақ босағасында жатқан жалпақ тасты алды. Жалпақ
тастың асты терең шұңқыр екен, шұңқырдан екі тұлып алып шықты.Екі тұлыптағы түгел тамақ екені
Бекбай мен Гүлсімге белгілі болды. Бір тұлыптағы тоңазыған пысқан етті алып, асықпай етігінің
қонышынан пышағын алып, екі кесек кесіп, екеуінің қолына ұстатқан соң, сырлы шәугімді көтеріп
үңгірден шыға жөнеліп, лезде бір шәугім су алып қайта кірді.
_ Бұл бір мықты бекініс, суы өзінде, деді Берікбол суды екеуіне құйып беріп жатып,_ күндіз
осында бекініп жатамыз. Қараңғы түскен соң жолға шығамы. Біз төте тартсақ шекара жақын еді,
бірақ ол жақ өте қатерлі. Шекараның бер жағында күзет күшті.Ар жағында бер жақтан өткізген
тыңшылар көп.Біз бүгін түнде Ертістен өтеміз де орманды өңірге ілініп дем аламыз. Алла жол берсе,
ертең түнде Қаба шекарасынан да өтерміз.
Бекбай да, Гүлсім де Берікболдың сөзіне сөз қосқан жоқ. Бекбай ішінен «Мына Берікбол
мұнша көп жерді, осыншалық қиын шекараның сырын қайдан біліп алды екен» деп ойлады. Сөйтті
де Берікболдың мынау қиындығына іштей қайран қалды.
Бағанадан Берікболдың аузына қарап отырған Гүлсім үңгірдің бір түкпірінде тұрған аң терісін
әкеліп Берікбол мен Бектайдың алдына жайды.Тұлыптағы тоңазыған еттен екі кесегін алып тері
дастарқанның үстіне қойды. Суды қайтерін білмей сұраулы көзбен Берікболға қарады.
_ Әнеу ыдыстарға суды құйып әкеле бер , мұнда от жағуға болмайды.От жақсақ қазір-ақ
аңшылардың көзіне түсеміз. Осылайша қара сумен әлі бірнеше күнді өткіземіз,_ деді Берікбол.
Гүлсім шеті кетілген екі шыныны әкеліп Берікбол мен Бекбайға су құйып берді.Мынау тоңазыған ет
қаншалық арық малдың еті болса да Бекбайдың ауызына ерекше тәтті сезілді.Шынын айтқанда ,
Бекбайдың былтыр күзден кейінгі ауызын толтыра тамақ шайнағаны осы еді, аузындағы қатқыл етті
ұзақ-ұзақ шайнап дәмін әбден алған соң ғана жұтып отырды.
Тамақтан соң Берікбол Бектайды ертіп үңтірдің сыртына шықты. Жартастың түбін жағалап, биік
екі шоқы тастың арасындағы ашамайдың қасы тәрізді иықшаға келді.Берікбол артына бұрылып :
_ Мына кетіктен сайға қарай көз салшы,_ деді. Бекбай кетіктен ұмтылып астыңғы жаққа көз
салды. Ирепеңдеп жатқан алып Ертіс төменгі жақтан жарқырап анық көрінді. Сай тағанынан бірнеше
жерден шұбатыла көтерілген ақшулан түтін шүйкедей шұбатылып көк зеңгір аспанға көтеріліп
барады.
_ Астыңғы жағымызда ел бар екен ғой,_ деді Бекбай арт жағындағы Берікболға бұрылып.
_ Ел болғанда иін тіресіп отырған ел бар. Біз күн бата келген ізімізбен қайта қайтып , ана
қыраттың , _ Берікбол арт жақтарындағы терең жылғаның қарсы бетін нұсқады,_ар жағындағы
саймен құлдап Ертістен ат салып өтеміз. Алла жол берсе Ертістен өтсек құтылып кетерміз.
Дәл осы шақ Бекбай өздерінің ұстараның жүзінде жүргенін анық аңғарды.Тағы бір рет кетіктен
ұмтылып анау Ертіс аңғарына көз салды. «Ертістен ат салып өтеміз» деген сөз құлағына қайта
естілгендей болды. Жүрегі сәл дір ете қалып еді, тұла бойы бір ысып , бір суып кетті.
Аздан соң Берікбол Бекбайды ертіп келіп аттардың ерін алғызып, үлкен қойтастардың
арасындағы терең жыраға шылбырынан арқандап қойды.
_ Аттар әбден суыды , біраз жайылған соң суарып қойсақ күн батқанша тыңайып алады,_ деді
Берікбол.
_ Қараңғыда Ертістен өте аламыз ба?_ деп Бекбай күмәнды жанарын Берікболға бұрды,_ мына
кез өзеннің тасыған шағы ғой.
_ Алаңдама,_ деді Берікбол Бекбайдың арқасынан сипап,_ мынау үш жануардың үшеуі де
ерекше сушыл.Нағыз ерге серік болатын аттар.
Екеуі кеңесе үңгірге келіп кірді. Гүлсім қоржынды жастанып, бір түкпірде бүрісіп жатыр екен.
Берікбол мен Бекбай келген соң басын көтерді. Қынаның дымқыл исі кеңірсікті жарған үңгір ішінің
салқын ауасы Гүлсімді ширатып, шаршағанын жеңілдетіп жіберген еді. Берікбол келіншегі
Гүлсімнің бетіне қадала қарап аз тұрды. Гүлсімнің өңі нұрланып, бүгін ерекше сұлуланып кеткен
сияқты сезілді. Бұрынғы доп-домалақ беті жоғалып, қара торы өңі ақшыл тартып ашаңдай қалған
екен. «Ой , тәуба, әйел адам жүдеп етінен арылғанда да сұлуланып кете ме қалай» деп Берікбол өзіне
өзі таң қалды.Той жасағандарына жылдан асқанмен анық бес күн бірге тұруды жағдай нәсіп
қылмаған еді. Бірақ дәл осы минуттағы Гүлсімнің көңіл-күйі Берікболдың ойынан мүлде басқаша
болатын.
Көкірегін ай бойы өлім үрейі торлаған Гүлсімнің арманы, жан біткенді бір шайнам дәнге зар
қылып, көздері ашық кетіп жатқан сансыз боздақтармен бірге сарғайып жүріп, қосылған жары
Берікболмен бірге көз жұмып, мынау сыры мен қыры белгісіз ғажайып хикімет құйрықсыз заманның
ит қырқа азабынан ерте құтылу еді. Дегенмен тәңір Гүлсімнің көз жасын көлдетіп күңіренген сол бір
риясыз жүрегінің ақтық тілегін қабыл қылды. Мынау иен таудағы тас үңгірге аман-есен жеткен соң
Гүлсімнің тынысы кеңіп, жан сарайы ашылғандай көңілі бір түрлі желпініп кетті. «Ей, Алла, өзіңе
жалынарым, енді қандай кезде, қай жерде болса да құдай қосқан қосағым Берікболмен бірге жан
үзіп, бақи дүниенің тыныш құшағына бірге баруды нәсіп ете көр» деп ішінен әлде неше рет тәубасын
үйіріп тілек тілеп үлгірді.
Тамақтан соң Бекбай мен Гүлсім ұйықтап қалды. Берікбол әлсін-әлі тысқа шығып аттарын
байқаумен болды. Аттары да жайылып, су ішкен соң жүндері жылтырап, терін құрғатып ала қойған
екен. Аттардың сауырын сипап қойып, қайта айналып үңгірге келді. Бекбай қорылдап ұйқыда жатыр.
Келіншегі Гүлсімнің қасына келіп отырды. Берікбол бұрын байқамаған секілді, Гүлсімнің қап-қара
ұзын кірпіктері екі көзі жұмылып ұйқыға кеткенде тіпті де әсем болып кетеді екен. Сәл қалыңдау
жаралған еріндері бөлек сүйкімді болып кетіпті. Болымсыз ғана жымиып, күлімсіреп жатыр.
Берікбол көз алмай едәуір уақыт қарап отырды.Өзінің Гүлсімнің жүзіне телміріп ұзақ отырып
қалғанын ол алғашында сегзен жоқ еді. Бекбайдың :
_ Атты, атты, қаш!_ деп ұйкысырап айғайлаған даусынан соң барып, өзінің мұнда жүрелеп ұзақ
отырғанын сезді.Оң жақ аяғы ұйып қалыпты.Бекбай өз даусынан өзі оянып кетті. Өңі әппақ болып
басын көтерді.
_ Не болды? Шошып ояндың ғой,_ деді Берікбол.
_ Алла,_ деді Бекбай көзін бір ашып ,бір жұмып,_ сені біреу мылтығын оқтап атқалы жатыр
екен, қорқып кеттім.
_ Ештеңе етпейді, «түс түлкінің боғы» деген, одан қорқатын ештеңе жоқ. Мен біраз кірпік
айқастырып алайын. Сен ана аттарды байқай тұр. Күн бата бере мені оят, ұқтың ба?
_ Ұқтым,_ деде Бекбай орнынан тұрып бара жатып,_ күннің өзі кешкіріп қалыпты ғой.
Берікбол Гүлсімнің қатарына киімшең қисая кетті.
Бекбай үңгірден шығып төңірекке көз салды. Бұл маңда өздерінен басқа жан пендесі көрінбейді.
Көктемнің суық желі аңырап әлі соғып тұр. Бір басып, екі басып ілбіп аттардың қасына келді, аттар
жайылып тұр екен. Бұрынғыдай емес денесі жеңілдеп, бойы едәуір сергіп қалған сияқты сезілді.
«Әйтеуір иен жерге келіппіз ғой, енді азық таусылса, құрт-құмырысқа жесекте өлмеспіз» деп ойлады.
Ойлады да осы ойынан тез қайтты. «Құдайым ондай құрт-құмырысқаға көзімізді сатып, аузымызды
арамдайтын күнді басымызға келтірмесін» деп өзіне өзі күбірледі. Жартастан құлап түскен жүк бойы
тастың аласа иықшасына оң қолын қойып дардай тұрды. Анау арт жақтарынан орап жатқан биік тау
қыраты шалғайырақ жерлерді көрсетпей қоршап тұр. Бекбай өздерінің ес біліп етек жапқалы мекен
етіп келе жатқан сары адырдың қайда қалғанын, тіпті қай жақтарында қалғанын да мөлшерлей
алмады. «Әнеу биікке шықсам қалайда жер зұрығын білер едім» деп ойлады. Өздерінен жоғары екі
қыраттың жарыса барып бас қосқан жеріндегі шоқыға қарап тағы біраз тұрды. Күн ашық
болғанымен жел едәуір қатты екен.Бекбай өзінің сәл тоңази бастағанын сезді.Қайта ілбіп үңгірдің
аузына келді.Үңгірдің есік алдында әр түрлі жалпақ тастар көп екен. Бір қарағанда адамдар әдейі
жатқызған сияқты, енді бір көзбен жіңішкелеп қараса тым ретсіз еді.Ол жалпақ тастарды басып
арлы-берлі жүрді. «Құдай мұны осылай жаратпаған шығар, мұнда да бір сыр бар ғой» деп ойлады.
Сөйтті де таңертең Берікбол апарып көрсеткен тау кетігіне келіп алысқа көз салды. Бірақ жер
дүниені түгел аппақ шаңыт басып тұрғандықтан онша ұзақ жерлер көрінбеді.Таңертеңгідей емес,
төменгі үңірейіп жатқан шыңырау, ойдағы өзен де бұлынғырланып көрінбей қалыпты. Осы кезде
Бекбайдың есіне осыдан үш жылдың алдындағы марқұм әкесінің есік алдына шығып тұрып
төңірекке көз салған соң :
_Айналамыздағы таулардың басын түгел мұнар баса қалған екен, бұл жақсылықтың нышаны
емес қой, ей, Алла, аз ғана елдің басына мұнар түсіре көрме , деп екі қолын жайып , ішінен әлде
Достарыңызбен бөлісу: |