Ұшындагы бозғыл ойпаңда адам тұрағы барын аңдады. Иен емес, елді мекен



жүктеу 5.01 Kb.

бет1/14
Дата19.02.2017
өлшемі5.01 Kb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14

Sauap.org
 
 

 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
Мұхтар МАҒАУИН 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
САРЫ ҚАЗАҚ 
 
 
Роман
 
 
 
 
 
 
 
 

Sauap.org
 
 

 
1945  жылдың  30  апрелінде,  совет-герман  соғысы  аяқталуға  тоғыз  күн 
қалғанда геологиялық экспедицияның Бетпақ Далада адасқан У2 шолғыншы 
аэропланы  жағармайы  сарқылып,  шарасы  таусылған  ең  соңғы  сәтте  кӛз 
ұшындагы бозғыл ойпаңда адам тұрағы барын аңдады. Иен емес, елді мекен; 
бұрқыраған түтін шықпаса да, қарауытқан тіршілік нышаны анық байқалады, 
тіпті,  таяу  маңда  үйір  жылқы  жайылып  жүр.  Адам  тұрағына  бет 
бұрарбұрмастанақ мотордың үні ӛшті, пропеллер сыр етіп, буалдыр шеңберге 
айналған да, емескі тармақтанып, кері серпіле бере қалт тынған. Жүзіп емес, 
жер  бауырлай  қалықтап  келе  жатқан  ұшақ  боз  ойдың  жиегіне,  баялыш, 
жусанды  сұрғылт  дӛңеске  лықси  текіректеп  барып  қонғанда  бүкіл  даланы 
тұмшалаған тыныштықтан құлақ жарыла жаздаған. Аэроплан ішіндегі үшеу - 
алдыңғы  кабинадағы  ұшқыш  орыс,  артқы,  ол  да  бір  кісіге  арналған 
кабинадағы  бұттарын  айқастырып,  қарама-қарсы  отырған  дӛңгелек, 
жылтырбет қазақ пен европалық екені, азиат екені айырғысыз, қоңқақмұрын, 
кӛккӛз, сірә кавказдық гүжбан қара - "уһ!" деді ме, "аh!" деді ме, терең тыныс 
алып, бір сәт үнсіз калған. Содан соң ұшқыш далбайының құлағы жалбырап, 
кӛтеріле бере, кері бұрылды да, әлде кейінгі екеуді, әлде Бетпақтың меңіреу 
даласын  сықпырта  балағаттап  алды,  "Слава  богу,  живы!"  -  деді  кӛзі 
жыпылықтап, ыржия күлген казақ; ызалы ұшқыш аяғын сыртқа асқан кезде 
ғана  кӛтерілген.  Үшеуі  де  жерге  түсті.  Түскен  кезде  ғана  аңдады:  дымсыз, 
қимылсыз  тынған мына маң дала,  меңіреу  иенде  салбырай  жер бауырлаған, 
соншалық  кішкентай,  соншалық  бейшара  кепке  түскен  кӛк  жасыл  ұшақтың 
оң жақ қапталында, анадайда, теріс қарап күйбеңдеген жан иесі – кәдімгі тірі 
адам  ӛсіп  шығыпты.  Әлде  жер  қазған,  әлде  топырақ  аршыған  кейпі  бар, 
бұларға  назар  аудармайды.  Аспаннан  түскен  үшеу  жайлап  басып  қасына 
келгенде  сәл  іркіліп,  қырындай  қарады  да,  жұмысын  жалғастыра  берді. 
Аспаннан  түскен  үшеу  тамағын  кенеп  мекіренді,  былш-былш  түкіріп, 
қақырынды:,  ұйыған  аяқ,  қолдарын  жазып  отырып-тұрды,  есінеп  керілді  – 
жердегі  жалғыз  шаруасын  тоқтатпаған.  Осыншама  ыстықта  жүні  сыртына 
айналдырылған  тері  тон,  тӛбесі  оңып,  пәре-пәре  жыртылған  пұшпақ  бӛрік 
киген  жаман  қазақтың  мұншама  паңдығына,  паңдығы  емес,  топастығына 
қаны  қайнаған,  онсыз  да  жарылғалы  тұрған  летчик  жер  тебінді,  жұмыр 
басындағы жылтырақты, түймелі былғары далбайының тебінгідей қос құлағы 
жалбаң-жалбаң етіп: 
–  Где  же  мы  находимся,  черт  бы  тебя  побрал?!  -  деп,  ышқына  зекірді. 
Жердегі жыртық бӛрікті жалғыз жалт қарады. Танауы қусырылған түзу қыр 
мұрынды,  биік  қабақ,  қиғаш  мұртты,  жасы  кырықтың  жуан  үстіндегі  сұлу 
кісі  екен.  Ӛзі сап-сары, кӛзі  тұздай  кӛк.  Орыс.  Орыс  болғанда,  жалбыр  тон, 
жыртық бӛркіне қарамастан, ӛңі суық, айбынды орыс. Аспаннан түскен үшеу 
тосылып  қалды.  Басқаларының  бірер  қадам  жақын  тұрған  қазақ  кеудеден 
ұрғандай кері шегінді. 
– А?.. Кім... Бұл қай жер?..- деген сасқалақтап. 
Жердегі жалғыз  аспаннан  түскен  үшеудің  әрқайсысына  жіктей,  тексере 
қарап  алды  да,  жайбарақат,  жеңіл  күрсінді;  асықпай  бүрылып,  шаруасын 

Sauap.org
 
 

 
қайта  жалғастырган.  Аспаннан  түскен  үшеу  жердегі  жалғыздың  қам-
қарекетін  сонда  ғана  пайымдады.  Кісі  кӛміп  жатыр  екен.  Жаңа  ғана  кеміп 
болған.  Енді  қолындағы  шолтиған  кішкентай  күрекпен  тӛмпеш  үйік 
етегіндегі шашау топырақты жинақтап, жан-жағын оңдап жатыр. Оңдап бітті. 
Қабірді қасқыржон қалыпқа түсірді. Содан соң тізерлей отырып... 
"Ағу-у-узз  биллаһи-и..."  Күмбірлете  құран  оқуға  кіріскен. Бар  мақамын 
келтіріп,  ұзақ  оқыды.  Қанша  ұзақ  оқыса  да  ақыры  бітті.  Бітіп,  "Аллаһу 
акбар!.." деп бетін сипады. Бетін сипаған соң сәл үнсіз отырып, жер таянып 
барып  орнынан  тұрды.  Кӛкпеңбек  кӛзі  мӛлдіреген  тап-таза  жас  екен. 
Қусырылған танауы, күрең мұрты, үшкіл иегіне дейін. Жерге басы жеткенше 
иіліп,  дӛңкиген  қабірдің  дымқыл  топырағын  сылады.  Қатарында  дәл 
осындай,  бірақ  басылған,  кеберсіген,  үстіне  сояу-сояу  ақ  сораң  шыққан, 
құбыла бетіне  арбақ-сарбақ  сексеуіл  сайғақ  шаншылған  үлкенді-кішілі  тағы 
екі қабір бар екен. Қаралы жалғыз оларға да тәу етті. 
–  Примите  наши  соболезнования...  -  деді  аспаннан  түскен  үшеудің 
ортаншысы  –  ұлты,  тегі  белгісіз  гүжбан  қара  басындағы  кенеп  қалпағын 
алып. 
–  А...  иә...  соболезнование...  артының  қайырын  берсін...-  деді  қазақ 
міңгірлеп. 
Былғары  далбайының  құлағы  жалбырап,  енді айран-асыр болып тұрған 
ұшқыш  орыс  жерге  түкірді.  Ештеңе  естімеген,  ештеңе  аңдамаған  кейіпті 
қаралы жалғыз шолақ ағаш күрегі мен темір қайласын қолтығына кыстырып, 
ойға – қарауытқан қыстауға қарай аяңдады. Аспаннан түскен үшеу біріне-бірі 
қарап  аз  бӛгелді  де,  үшеуі  бірдей  шалбарларының  ауына  қол  салды; 
түймелерін  ағытып,  неше  сағат  бойы  аспанда  жинақталған  зәрін  сол  тұрған 
жерлеріне  борылдата  тӛкті  де,  иықтарын  қомдап,  сілкініп  алып,  қою 
қапырықта  малтығандай,  салыққан  аяқтарын  сүйрете  басып,  ауыл  иесінің 
соңынан ерді. 
Ойдағы қыстау – жалғыз үй екен. Үй емес, тӛбесі түйетайлана жабылған 
жеркепе.  Әудем  жерде  дӛңгелектене  тігілген  сексеуіл  шарбақ,  басы 
күргейленген құдық кӛрінеді. Үй іргесінде, ақ топыр желіге байланып екі-үш 
құлын, үйездеген бірнеше бие мен тай тұр. 
Аспаннан  түскен  үшеу  кез  келген  қазақ  аулына  барғандағы  әдет 
бойынша  үйге  сұраусыз  кірді.  Кіргенде,  текше  баспалдақпен  тӛмен  түсті. 
Бірден салқын леп соққан. Кепе терең екен. Терең, биік, кең. Арбақ-сарбақ, 
жуанды-жіңішкелі сексеуілмен жабылып, тӛбесіне әр жерден тіреу қойылған. 
Қабырға  қу  бұталармен  шарбақталып,  лаймен  сыланыпты.  Кей  жерлері 
жарылып  түскен;  әктелмегелі  кӛп  болғаны  байқалады.  Еденде  киіз  де, 
текемет  те  жоқ.  Тері.  Қатарластыра,  қабаттастыра  тӛселген,  қаба  жалы 
тӛгілген,  жирен  аралас  ӛңшең  кӛкбоз  жылқы  терісі.  Тӛмендегі  бұрышта  тік 
тартпа  мұржалы,  биік  қазандық.  Тӛр  жақ  қазақы  жал  пешпен  бӛлінген 
сияқты,  ортасында  арқалығы  үшкіл,  тапалтақ  есік  кӛрінеді.  Есікке  түр-түсі 
белгісіз,  әр  жері  сетінеп  жыртылған  кенеп  перде  іліп  қойыпты.  Аспаннан 

Sauap.org
 
 

 
түскен  үшеу  жоғарғы  бӛлмеге  ӛтуге  батпады,  ауызғы  үйге,  тӛргі  кабырғаға 
арқаларын тіреп, жұмсақ тай тулақ үстіне отыра-отыра кеткен. 
Үй  иесі  манағыдай емес,  ӛңі  жылыған,  бірақ  сол  үнсіз  қалпы,  босағада 
тұрған  үлкен  қара  торсықты  толғай  пісіп,  ағаш  саптаяққа  қымыз  құйды  да, 
гүжбан  қараға  әкеп  ұсынды.  Гүжбан  қара  –  қазаққа  берді,  қазақ  –  орысқа 
ұстатты. Келесі аяқ қазаққа ұсынылды – гүжбан қара ішті. Соңғы аяқ орысқа 
тартылды – қазақ ішті. 
–  Барымыз  осы...-  деді  үй  иесі  алақанын  жайып.  –Мейман  күтпеп  едік. 
Әрі қайғы үстіне келдіңіздер... 
Қазақша  айтқан.  Таза  сӛйлеген.  Үшеуі  бірдей,  тӛбеден  ұргандай,  тым-
тырыс отырып қалды. 
– Қайтыс болған... кім, жолдасыңыз ба?- деп сұрады сәлден соң қазақ. 
–  Жоқ  ...  Менде  құдайдан  басқа  жолдас  болған  емес,-  деді  үй  иесі 
күрсініп.- Тӛбедегі ала кӛлеңке сәуле түсіп тұрған жарғақ терезеге карады. 
Мұртын ширатып, жанарын тӛмен салды.- Әкемсорлы. Қасында   жатқан 
– балам. Одан соңғысы – бәйбішем ... – Кӛп сӛйлеп  кеткеніне  қысылғандай, 
қалт тоқтады. Тұқырып, жұдырығына таянып отырып қалды. 
— Бұл қай жер?- деп сұрады қазақ. 
— Бетпақ...- деді үй иесі. 
— Бетпақ болғанда... Бетпақтын қай жері? 
— Кӛкжайлау,- деді үй иесі. 
— Кӛкжайлау болғанда... қай тұс?.. 
—  Қай  тұс?-  Үй  иесі  созалаңдап,  мұртын  шайнап  аз  бӛгелді.-  Сыпатай 
мырза келіп қоныстанған тұсы. 
Қазақ  қалған  екі  серігіне  қарап,  иығын  қиқаң  еткізді.  "Міне,  қызық 
адам,-  деді  орысшалап.  –  Ештеңе  ұқпайды,  ештеңе  білмейді..."  "Ауданын, 
облыс, колхозын сұра,- деді ұшқыш.- Қалғаньн картадан тауып аламыз". 
— Қай колхоз, қай ауданға жатасыз?- деп сұрады қазақ. 
—  Колхоз...  Қалқоз...-  деді  үй  иесі  ащы  жымиып.-Қалқоз  орнады  ма 
ақыры? Құламай әлі тұр ма?.. Мен білмеймін қалқоз-малқоз дегенді. Жоқ мен 
үшін қалқоз-малқоз!.. 
Қазақ бар естігенін жолдастарына аударып жеткізген. 
—  Совет  ӛкіметінің  бар-жоғын  да  білмейсің  бе?-  деп  сұрады  ұшқыш 
орысша. Қазақ: "Совет ӛкіметіне қалай қарайсың?"- деп аударды. 
— Мен үшін Алла Тағаланың ӛкіметінен басқа патшалық жоқ,- деді үй 
иесі. 
— Онда біздің жерімізге тұтқиылдан, опасыздықпен басып кірген зұлым 
жаумен  бүткіл  Отанымыз,  бүткіл  Отанымыздағы  алпыс  ұлт  тӛрт  жыл  бойы 
кескілесіп соғысып жатқанын да білмейсің ғой? 
— Баяғы ақ пен қызыл ма?- деген қарсы сауал қойды үй иесі. 
—Қайдағы  ақ!  Азамат  соғысы,  одан  соңғы  коллективизация,  одан 
кейінгі      Сталиндік  бесжылдықтар  түгел  жеңіспен  аяқталған.  Ұлы  Отан 
соғысы!  Немістермен  соғыс!—  Немістермен?—  деді  үй  иесі  шынымен 
таңырқап.—  Тағы  не  жетпей  қалды?  —Жетпегені  қалай?—деді      қазақ  кӛзі 

Sauap.org
 
 

 
тӛбесіне   шығып.— Біз Отан үшін!.. Ұлы Сталин үшін! Тұтқиылдан басып 
кірді. Опасыздықпен шабуыл жасады!.. 
—Сендер  ӛздерің  бастап  жіберген  жоқсындар  ма?  Үй  иесінің  ақылы 
кемісі анық болды. 
—Ӛзің бастағаны қалай?— деді қазақ сонда да тоқтай алмай.— Біз... Біз 
деген... 
—Сіз  деген  бүкіл  жиһандық  революция  жасауыңыз  керек  еді  ғой.  Сол 
жер жүзілік тӛңкерісті Германиядан бастасаңыз несі бар! 
—Енді  орнатамыз,—  деді  қазақ  ӛзеленіп.—  Бүгін-ертең  Берлиннің 
тӛбесіне  жеңіс  туы  қадалады.  Содан  соң  бүкіл  Европада  социализм  жеңіп 
шығады. Содан соң Америка...Біздер — ұлы Сталин бастаған большевиктер... 
—Тоқтат, ақымақ!— Үй иесі оқыс ақырды. —Ғафу етіңіздер,-деді келер 
сәтте. —Сіз...—Қолын кеудесіне басып, айран-асыр гүжбан қараға басын иді. 
—Сіз...—Тіксініп,  атып  тұруға  ыңғайланған  шомбал  ұшқышқа  тағзым 
жасады.—Сіз  де...—  деді  құты  қашып,  қызара  тершіп,  тұқырып  отырған 
қазаққа,  тӛбесінен  аса  қарап.—Меймансыздар,  кінә  менен.  Ал  енді...  келген 
іздері-ңізбен кері қайтасыздар. Аман-түгел түрғанда. Міне есік. Әне дала... 
Сӛз  аңғарын  ұқпаса  да,  үй  иесінің  астам  сӛйлеп  отырғанын  байқаған, 
кешірім  сұрағанға,  бас  ұрғанға  қанағаттанбай,  ызалана  бастаған,  тапанша 
қабына  қолы  екі-үш  рет  барып  қайтқан  ұшқыш  орнынан  кӛтеріле  берді. 
Әңгіме  мәнісін  сұрап  еді.  "Сумашедши!—  деді  қазақ.—  Ненармальный!.." 
Бірақ үй иесіне сыпайы сӛйлеген. 
—Отағасы!  Мұныңыз  адамшылыққа  жатпайды.  Біз  —  жай  қыдырып 
келген  емес,  апатқа  ұшыраған,  адасқан  жолаушылармыз.  Біз  бензиніміз 
таусылып қондық... – Отағасы қарқ-қарқ күлді. 
—Нағыз  балшабек  екендеріңе  сендім,—деді  күлкісі  қалт  тыйылып.  — 
Нағыз  темір  балшабек-сіңдер.  Дарылдап,  дүрілдеп  ұшасыңдар,  бірақ  неге 
ұшқандарыңды,  қайда  қонатындарыңды  білмей-сіңдер,  бензеннің  аз-кӛбі, 
бағдардың  оң-солы  —  бәрібір,  кӛп  болса  да  сарқасыңдар,  оң  болса  да 
адасасыңдар,  ақыры,  машина  ӛртенуге  жақындағанда  бес  жүз  шақырым 
тӛңірегінде  бір  тамшы  суы  жоқ  Бетпақтың  қақ  ортасына  келіп  түсесіңдер! 
Және сол қу медиен шӛлге, аптап пен апат ошағына ӛздерің тықсырып қуған, 
қоғамнан тыс деп жариялаған, кӛзін жойып, тұқымын құртудан басқа ештеңе 
ойламаған қас дұшпаннан — ел аманда тауып алған, тыныштықта тілеп алған 
дұшпандарың-нан кӛмек сұрайсыңдар. Кӛмек! Бір тамшы май! Бір тілім нан! 
Жоқ!  Менде  жермай  жоқ.  Нан  да  жоқ.  Болса  да  бермес  едім.  Бір  жұтым 
сусынға  рақмет  айтыңдар.  Кім  екендеріңді  білдім  —  енді  ол  да  жоқ!  Таза 
дүниені, кең дүниені былғамаңдар, тарылтпаңдар! Аулақ! 
Шарасыз  үшеу  сыртқа  шығып  кеңесті.  Қу  медиендегі  жалғыз  үй  әлде 
бекетші,  әлде  қорықшы.  Таяу  маңда,  тым  құрса  елу-алпыс  шақырымда  елді 
қоныс  бар.  Қатынас  болмауы  мүмкін  емес.  Үшеуі  екіге  бӛлініп,  жер  кепені 
бірер  шақырым  жерден  дӛңгелек  айналып  шықты.  Ешқандай  соқпақ,  сорап 
байқалмайды.  Ешқандай  тіршілік  белгісі  жоқ.  Жалаңаш  топырағы 
суырылған,  ойдым-ойдым  болып,  сұрғылттана  шұбартқан  дӛңесте  жүрген 

Sauap.org
 
 

 
тӛрт-бес  жылқы  бұлар  таяу  келгенде  осқыра  ойқастап,  дем  тартып  азғана 
бӛгелді  де,  дүркірей  қашпағанымен,  ысырыла  сырғып,  аулағырақ  барып 
жусады.  Тым  құрса  торғай  ұшсайшы.  Тышқан  жүгіріп  ӛтсейші.  Құлаққа 
ұрған танадай. Бесінге ауған күн бар қызуын жаңа тапқандай, бойыңдағы бар 
дымыңды  сорып,  қуырып,  ӛртеп  барады.  Кӛз,  жетер  кӛк  жиекте  кӛлеңке 
болар  бұта  кӛрінбейді.  Манағы  қымыз  қанды  кептіре,  қарынды  аштыра 
түскендей.  Үшеуі  салбырай  мүлгіп  тұрған  аэропланға  әрең  жетті.  Жансыз 
қанат  кӛленкесінде  аз-маз  ес  жиған.  Ӛз  жағдайларының  қаншалық  ауыр 
екенін сонда ғана үғысты. Әрине, жапандағы үй үлкен жермен байланыспай 
тұрмайды. Бірақ қашан? Ӛлікті жалғыз ӛзі қойғанына қарағанда, таяу маңда 
ел жоқ. Мүмкін, бір айдан соң қатынасар. 
Мүмкін,  бес  айдан  соң...  Есерсоқ  отағасымен  келісімге  келмей 
болмайды. Елшілікке, әрине, домалақ бет, мықыр қазақ тағайындалған. 
Елшінің баруынан қайтуы  тез болды. Мынау!—  жай  ғана  жынды  емес, 
құтырған жынды екен. Сендер менің тұтқынымсындар депті. Не істейтінімді 
әлі  шешкем  жоқ.  Мүмкін,  қаталап  ӛлуге  шӛлге  айдап  тастаймын.  Мүмкін, 
сол,  аэропландарыңның  түбінде,  әке-шешеме,  әйеліме  құрбанға  шалып, 
малша  бауыздармын.  Ӛзім  де  ойланып  отырмын  депті.  Кешке  дейін 
ойландым. Күн батқанша тағдырларың шешіледі! Дәл осы сәтте орыс ұшқыш 
жарылып  кетті.  Қолы  дірілдеп,  қабын  әрең  ағы-тып,  беліндегі  тапаншасын 
алған. Балағаттай түкірініп, орнынан тұрған. Гүжбан қара ашулы ұшқыш-ты 
оңай  тоқтатты.  "Василий  Васильевич!—  деген.—  Бұл  —  тегін  адам  емес. 
Толық қарулы... 
Қалай  байқамадыңыздар,—  деген  содан  соң.—Тӛргі  үйде,  қабырғада 
маузер  тұр  ғой.  Кәдімгі,  революциялық,  "товарищ  Маузер..."  Сән  үшін 
ілмеген,  әрине.  Түріне,  мінезі  мен  сӛзіне  қараңдаршы.  Қазақ  емес.  Орыс  та 
емес. Мүмкін поляк, мүмкін француз. Қайдан келді? Не бітіріп отыр? Мүмкін 
неміс агенті шығар... 
Қалай  ұқпайсыңдар!  Ақыл-есі  түзу.  Тек  ештеңеден  қорықпайды.  Ӛте 
қауіпті адам. Пулемет, бомба шықса да таңырқамас едім... 
Бұдан  соң  ұшқыш  орыс  жуасып  қалды,  ӛз  сӛзінен  ӛзі  шошынғандай, 
таулық  гүжбан  қара  да  түтігіп,  құныса  кішірейген.  Мықыр  қазақ  болса 
болмаса таяқ жеген иттей. 
Бірақ  кеш  батпай  қойды.  Араға  тағы  да  елші  салуға  тура  келген. 
Қорықса да қайраны жоқ тілдес туысың. 
Жылтыр  бет  мықыр  қазақтың  баруы  тез,  қайтуы  ұзақ  болды.  Босатам, 
толық  еркіндік  берем  депті.  Яғни,  тӛңіректің  тӛрт  бұрышына  жол  ашық. 
Қалай  ашық?  Солай  ашық.  Ешкім  ұстамайды.  Қалаған  жағынызға  кетесіз. 
Рас, тӛрт жүз шақырым тӛңіректе су жоқ. Бірақ бәрібір қаталап ӛледі — осы 
Кӛкжайлауда  да  су  жоқ.  Бар,  әйтсе  де  тамшысын  татырмайды;  Егер  кетсе 
ғана... 
Екі торсық су береді. Әрине, торсығымен қоса, тегін. Бір аптаға жетеді. 
Артығымен жетеді он күнге. Жеткізе алмаса обалдары ӛздеріне. Айтпақшы, 
тағы  бір  шарты  бар.  Су  алардан  бұрын  орыс  ұшқыштық  тапаншасын  әкеп 

Sauap.org
 
 

 
беру  керек,  бар  оғымен.  "Егер  бұл  шартты  қабылдамасаңдар,—  депті,  тұтас 
арсенал  —  қаншама  оғы  бар  маузер,  үш  винтовканы  қатарынан  кӛрсетіп,— 
кӛп ұзатпай-ақ үшеуіңді де атып тастаймын. Қалай? Иттей қылып. Жалғыз-ақ 
бесатармен. Асықпай аяңдап, анау тұқыл тапаншаларыңның қары-мы жетпес 
шамаға  дейін  барам  да,  баптанып,  рақаттанып  кӛздеп  тұрып,  үш-ақ  оқпен. 
Күмәндарың  болмасын.  Ойлануға  отыз  минут.  Одан ары...  күн  батып  кетсе, 
анда-мында қашып, әуреге түсіресің-дер..." 
Жапанда қалған үшеу ақылдаса келе есерсоқ жалғыздың барлық шартын 
қабылдады.  Ұшқыш  қаруын  тастаған.  Таулық  гүжбан  қара  мен  жылтыр  бет 
мықыр  қазақ  су  толы  торсық,  арқалаған.  Оқпаны  үңірейген  маузер  астында 
ауылдан шығып, тура батысқа—толқына буалдырланған, теп-тегіс кӛкжиекке 
тіреліп,  сәт  озған  сайын  шетінен  жеміріліп  бара  жатқан  мейірімсіз  қызыл 
дӛңгелекке қарай бет түзеген. 
—Балшабектер  алмайтын  қамал  жоқ!  Балшабектер  қандай  қиындықты 
болмасын  жеңеді!  Троцкий  жолдасқа,  Сталин  мен  Бухарин  жолдастарға 
жалынды  сәлем  айта  барындар!—деді  мейірбан  отағасы  бұлардың  соңынан 
айқайлап.—Марксизм—адамзатты бақытқа, нұрлы бола-шаққа бастайтын ең 
даңғыл жол! Алға, жолдастар, алға! 
Арада  сүт  пісірім  уақыт  ӛткенде  екі  аягы  саландап,  соңдарынан  қуып 
жетті. 
—Есірік  ұран  астында  миларың  ашып  кеткен  екен,  жолдас  емес 
жолдастар!—деген, жайдақ ат үстінде мықынын таянып.—Батыс жақ—қалын 
құм,  елсіз  иен.  Онтүстікке  қарай  жүріндер.  Тура  онтүстікке.  Сегіз-тоғыз 
күнде,  ары  кетсе  екі  аптада  не  ел  шетіне,  не  су  шетіне  жетесіңдер. 
Адастырғаным емес. Қандарыңа ортағым жоқ. Ендігісі ӛздеріңе байланысты. 
Айтпақшы,—  деді  атының  басын  бұра  бере,—  мынау  —  сендерге...  бүгін 
жамбасы жерге тиген әкемнен сәлемдеме... 
Түкті  тері  дорба  ішінде  екі-үш  кесек  піскен  ет  бар  екен.  Ысталып 
сүрленген,  майлы,  қыртысты,  ӛңді  ет.  Және  ұшқыштың  былғары  қапты 
тапаншасы. Барлық оғымен. 
—Дьявол!  —  деді  ұшқыш  тістеніп.  Айрықша  күшті  тағы  бірнеше  сӛз 
айтты. 
—Дезертир!  —  деді  гүжбан  қара.—  Соғыстан  қашқан.Бірақ  ӛзінің  есі 
түзу емес сияқты. 
—Шпион!—  деді  жылтыр  бет  қазақ.—  Мына  торсықтағы  суды  улап 
берген жоқ па екен? 
—Ӛзің құйып алдың ғой,— десті қалған екеуі.— Тура құдықтан. 
—Иә,  солай  екен  ғой.  Құдығы  біреу-ақ  сияқты,  ӛзі  де  ішіп  отыр,  улай 
қоймаған шығар. Онда етін улап әкелді... 
—Алдымен  саған  жегізіп  тексереміз,—деді  ұшқыш  орыс  жергс 
түкіріп.—  Инженеришко!  Қанша  оқытсақ  та,  мал  күйлеріңде  қаласыңдар! 
Ӛзіңе  кӛк  тиын  пайдасы  жоқ  кенді  неменеге  іздейсің?  Жүрмейсің  бе,  мал 
соңында баяғыдай... 

Sauap.org
 
 

 
—Василий  Васильевич!  Сіз  аскарблайт  етпеңіз,  пажалыста,  —деді 
жылтыр  бет  мықыр  қазақ  орысша  мәнерлеп,  дәмдеп,  бірақ  именшектей 
сӛйлеп.  —  Совет      ӛкіметінің  арқасындабіз  де      жетілдік.          Баяғы 
қайыршытұрмыстағы  надан  қазақ      жоқ  қазір...  Бастаушымыз      үлы 
Сталин,аға  халық—ұлы      орыс      халқының      арқасында...Әкелік 
қамқорлықтың арқасында, тағылықтан, феодализмнен аттап ӛтіп, социализм 
орнатып, адамзаттың нұрлы болашағы — коммунизмге қарай... 
—Идиот!—деді  Василий  Васильевич  айқайлап.  —Міне,сенің  жеткен 
коммунизмің!—  Қарауыта  шӛгіп  бара  жатқан  тұлдырсыз  тӛңіректі 
кӛрсетті.—  Еще  шпион  іздейсің!  Мен  таптым.  Сенсің  нағыз  шпион!  Дикий 
далаңда  бізді  әдейі  адастырған.  Атып  тастаймын,  сукин  сын!  Сонда  екі 
бурдюк Эфенди Мустафаевич екеумізгс бір айға жетеді. Сволочь ты этакий! 
Сӛйлейсің еще!.. 
Таулық гүжбан қара ашулы орыс пен кінәлы қазақты сабырға шақырды. 
Подопытный  кролик-терің  мен  болайын  деп,  еттің  шетінен  тарамдай  үзіп, 
аузына  салған.  Содан  соң  үшеуі  түрған  жерле-рінде  қарама-қарсы  отыра 
қалып,  тұздалмаған,  құрғақ  кепсе  де  қатпаған,  майлы  еттен  шӛкімдей  үзіп, 
азғана  жеді,  бір  жұтымнан  су  ішті.  Біреуі  Аллаға,  біреуі  Айсаға  сыйынып, 
орындарынан тұрды. 
—Ертең  барлық  елдердің  еңбекшілерінің  Бірінші  Май  мерекесі!—деді 
құдайсыз қазақ. 
—Ура!— деді күржиген таулық. —Ал, жылжиық... 
—Послушайте,  Василь  Васильевич,—  деді  қазақ.  артынып,  қомданып 
қатып.  —Біздің  қазақтарды  айтам,  Интересный  народ.  Қалада  ғой, 
салтанатты  жиын,  митинг,демонстрация.  Ал  мұнда  —  колхозда,  тойға  деп 
арнайы мал босатады. Әйтпесе той деп санамас еді. Ӛзім куә болдым.Сойып 
жеп, ӛздерінше кәдімгідей мәре-сәре болады... 
—Біз ертең сені сойып жейміз,— деді орыс. 
—Жей  алмайсың,  Васька,—  деді  таулық.  —Су  жоқ.  Ақымақсың  сен, 
Васька. Және,— деді алға түсе бере,— ӛте нашар адамсың... Зиянкес... 
—Жолдастар!—  деді  қазақ.—  Араздасар  жер  бұл  емес.Бірлігімізді 
бұзбайық. Ұлы совет халқы интернационалдық достығының арқасында ғана 
жеңіске жетіп отыр!.. 
—Идиот!—  деді  Василий  Всаильевич  жерге  түкіріп.—Баран  ты 
паршивый!.. 
Үшеуі  жарқырап  жаңа  шыққан  Тұл  қатын  жұлдызын  оң  иыққа  салып, 
түстікке бет қойды. 
Арада  он  үш  күн  ӛткенде  неміс  шпионын  ұстау  мақсатында  Ташкент 
түбіндегі  әскер  бӛлімінен  арнайы  шыққан  екі  самолет  Бетпақтың  қақ 
ортасындағы,  ешбір  картада  жоқ,  жасырын  пунктке  жиырма  тӛрт  кісілік 
парашютті десант түсірді. Азғана аңыстаң соң, сыртқы есігі дәл лақтырылган 
қосар гранатпен талқандалған жертӛле ұрыссыз һәм шығынсыз алынған. Үш 
бӛлме  екен.  Ауыз  үйде  тӛңкеріліп  жиналган  қазан-ошақ,  аяқ-табақ,  әртүрлі 
тұрмыстық  бұйымдар  мен  еденге  тӛселген,  қабырғаға  ілінген  жылқы 

Sauap.org
 
 

 
терілерінен  басқа  ештеңе  жоқ,  тӛргі  үйлерде  сексеуіл  бұталарынан  буып 
жасалған екі тӛсекке мұқият жиналған бірнеше ескі текемет, алаша, кей жері 
тықырланып,  түгі  түссе  де  ӛңі  таймаған  қалы  кілем,  кезінде  тәуір  матадан 
қабылган, қазір оңып, сетінеп, әбден тозған екі-үш кӛрпе ғана бар екен. Рация 
немесе  басқадай  байланыс  аппаратурасы,  қару-жарақ  қоймасы  табылмады. 
Таяу маннан жайылған мал иә шетін тіршілік ізі байқалмаған. Шаң-топырақ 
баспай,  әлі  қопсып  жатқан  күл,  жылкьшың  тобарсыған  тезегіне  қарағанда, 
неміс  шпионы  осыдан  екі-үш  күн  бұрын  ғана  бой  тасалаған  сияқты.  Ұзап 
кетуі  мүмкін  емес  еді.  Қауіпті  дұшпанды  іздеуге  жаңа  күштер  қосылды. 


  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14


©emirsaba.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал