Тақырыбы: Табиғат (көктемгі) құбылыстары және ауыл шаруашылығындағы еңбек.
Орындаған: Қабиева Д.Қ
Топ:ДО2Б(11)
Жетекші: Секенова И.К
2023 жыл
Сәуір айы. Бұл – көктемнің нағыз күшіне енген шағы. Осы орайда оқырман қауымға сәуірде болатын табиғат құбылыстарына байланысты сөздердің мағынасын тарқатуды жөн көрдік.
СӘУІР КӨКЕК – жазғытұрым кезіне сай келетін төртінші айдың арабша аты, көкек.Сәуір сөзі араб тілінде «өгіз» деген мағынаны білдіріп, жұлдыз айлары бойынша «Торпақ шоқжұлдызының» атауы болып табылады .
Бұл айдың ертеден келе жатқан қазақша аты – көкек. Айдың «көкек» деп аталу себебі көктемнің бір белгісі көкек құсының алғаш шақыра бастайтын мезгілімен байланысты қаралады. Бұл айдың өзгешелігі – құс үнінің ерекше байқалуы. Ал Куфтин көкек айын көк-көк («едва зеленый») деген сөзден шыққан деп түсіндіреді, сөйтіп, «жас көк» деген ұғыммен ұштастырады. Қазақтар үшін көкектің даусы ай атауын белгілеуге негіз болса, чулымдықтар мен барабалықтар үшін қарға даусы, қарғаның ерекшелігі бұл айды «қарға ай» деп қоюға негіз болған. Ал саяндықтар «құстың пашқы айы» деп атаған. Көктемгі табиғаттың әсемдігін уәж еткен тувалықтар мен шорлар бұл айды «көрік айы» деп атаған.
Көкек – ұшқалақ, жеңілтек құс, өз атын өзі шақырады, сондықтан осы сөз жағымсыз мәнде айтылады деп, айдың атауын сәуірмен ауыстырған (3). Ал Шоқан Уәлихановтың пайымдауы бойынша, көкек жағымсыз құс емес, керісінше, «Көкек – киелі құс. Май мол болады деп, көкек қонған бұтақты алып, сүт құйған сабаға салып қояды» екен (4). Халық аузында бұл айдың сәуір, көкек деген атауларына байланысты мынадай өлең жолдары кездеседі:
Суға толар сай-сала,
Сәуір болмай, жауын жоқ.
Нуға толар айнала,
Жауын болмай, тәуір жоқ.
Көкек келмей, көктем жоқ, –
Көктемнің дер шағы бар.
Айдың – төлдер көкке тоқ –
Көкек аты тағы бар.
Сәуір айы – шаруа айы.
Еңбек етіп жатыр ел.
Көкек келді – көктем келді. Көкек – табиғаттың тамаша кезеңі. Көктем айының бұл нағыз толысқан уақыты. Барша табиғат жаңарып, айнала қызу тіршілікке бөленеді: мал шөлдеп, малды ауылда мәре-сәре кеңи бастайды. Ал кейбір аймақта қардың көбесі жаңа ғана сөгіліп, ызғарлы суық та байқалып қалатын уақыттары болады. Осыған байланысты қазақ малшылары: «Көктем мезгілінің үш айы қазақтар «Наурыз – суымен, Көкек – нуымен, Мамыр – гүлі нулы да сулы ай екенін атап көрсетеді» (5).
Бесқонақ – көктемнің жуан ортасында өтетін бес-жеті күндік жауын-шашынды салқын кез, амал. Бұл – әр жылы соғып өтетін суық әрі лайсаң мезгіл. Жұрт осы «бесқонақтан» қатты сақтанып, күтініп отыратын болған. Кей жерлерде сәуір айындағы бесқонақ амалы өтпей, қазіргі малшы-шопандардың өздерін де күн райы қанша тамылжып тұрса да, жайлауға көшпеген. Өйткені бесқонақ амалы кезінде ең болмағанда үш-бес күндік суық, қар аралас жаңбыр болмай қалмайды.
Қызыр қамшысы – сәуір айының орта кезінен асқан шақта болатын табиғи амал. Бұл кезде алғаш найзағай ойнайды, жаңбыр жауады, жер бусанады, оңтүстікте жаздың жайлы күндері басталады. Осы сәттегі найзағайдың жарқылын халық: «Қызырдың қамшысы шартылдады, қыс кетті» деп есептейді. Мәшһүр Жүсіптің айтуынша, ескіше он бесінші наурыз Қызыр Ілиястың қамшы сілтер күні деп аталады.
Тобылғы жарған – сәуірдің соңғы күндерінде 2-3 күнге созылатын суық жел. Бұл «тобылғы бүршік жарған», яғни өсімдіктер тамыр жайды, алғашқы көк шыға бастады деген сөз.
Отамалы – қазақтың байырғы күнтізбесі бойынша ауа райының жайсыз, жауынды-шашынды болатын көктемнің ең жайсыз кезеңі (1).
Отамалы сөзін ай атауы деп танытатын пікірлер де көп. Мәселен, Отамалы атауын Шоқан Уәлиханов март айына тақса, В.Радлов май айы деп көрсеткен. Зерттеушілердің біріндегі ай атының екіншісінде болмауының өзі ұлан-ғайыр даланы мекен еткен халықтың ай аттарын әртүрлі атай бергендігін, күн райының амалына қарай айлардың қосымша атауларының болғандығын көрсетеді. Қазақ есепшілері, әрине, бұл атаулардың бәрін де білген. Бірақ қалыптасқан қолданыстағы он екі айдың ішіне бұл сөз кірмейді. Ондағы екі айдың арасында болатын кәсіби шаруашылыққа негізделініп, сол шаруа науқаны басталған уақытты атау мақсатында қолданылады. Отамалы ертедегі қазақ шаруашылығына өте жақын, соған байланысты осылай аталған. Бұл айда шөп өсіп, жер отаяды. Малдың аузы көкке толады.
Е.Жанпейісовтің еңбегінде «Отамалы» сөзіне арнайы талдау жасалған. «Абай жолында» берілген түсініктемені сол қалпында көрсете отырып, ғалым Әуезовтің түсіндіруі мен В.Радловтың пайымдауын салыстырады. Халықтың сол кездегі шаруашылық науқаны мен күн райының өзара үйлесуінен барып туындаған «Отамалы» атауын терең танытуда М.Әуезовтің түсіндіруі жақын келетін секілді. Мысалы: «Отамалы көкек айының он бірінде кіріп, он жетісінде шығады. Желсіз, борансыз өтпейді. Қыстың соңғы зәрі сонда. «Отамалы» деп атағаны бір байдың Отамалы деген қойшысы болған екен. Сол бақыр күн қайырады екен-ау. Көкектің суығы басталған уақытта, әлгі қойды жайылысқа шығармайық, боран болады… десе, бай Отамалыны сабап-сабап, қойды жайылысқа шығартады. Сол күні бір қатты боран басталып, үш күн, үш түн соғып, бар қой ығып кетіп, қырылыпты да, қойдан қалмаймын деп, Отамалы бақыр да үсіп өліпті. Көкектің суығын «отамалы» атағаны содан дейді».
Отамалы туралы ел арасында мынадай аңыз-әңгіме тағы бар. Тым ертеректердегі от жағуға сіріңке тапшы кездердің бірінде бір әйел адам көрші ауылдан от сұрап алуға жолға шығыпты. Жол-жөнекей лезде күн бұлттанып, қатты соққан дүлей қарлы боран салдарынан адасып кеткен әйел сол күні үйіне оралмай, ақыры үсіп өліпті. Көктемнің бұл ызғарлы күндерін «отамалы» деп атау осыдан қалыпты. Бүгінде осыған орай жұрт арасында «Отамалы оңына бақса, от алғанша өте шығады, ал жаманына бақса, ойылған жұт болады» деген тәмсіл сөз бар (Айдын Кәлімхан).
Сәуір амалы қазақ есепшілерінің есебі бойынша, осы айдың 20-ларына кіреді. Сәуір туғанда алғаш рет күн күркірейді, бөлек-бөлек «жаз бұлты» шығады. Қариялар сәуір амалы кіргенде жаз бұлттарын бақылайды. Бұлт төніп, ыдырамаса, сәуірдің бұлты қалып қойғаны. Онда сәуір амалы ұзаққа созылып, 40 күнге жалғасады. Жаңбыр нөсерлеп жауып, соңы қарға ұласады. «Сәуір болмай, тәуір болмайды» деген мақал осыдан қалған болса керек. Тілімізде сәуір амалы кезінде табиғи құбылыстардың шаруашылыққа пайдалы болатыны туралы басқа да мақал-мәтелдер қалыптасқан: «Сәуір – суымен, мамыр – гүлімен», «Сәуір айы – малшыға тәуір ай», «Сәуір айы – жауын айы», «Сәуір болмай, сайран болмас, Сайран болмай, айран болмас», «Сәуір болса күн күркірер, Күн күркіресе көк дүркірер», «Сәуірдегі жауын – Сауып тұрған сауын», «Сәуір жақ-сылығына бақса алты күн, жақсылығына бақпаса алпыс күн» деген мақал-мәтел, қанатты сөздері бар.
Сәуір амалы кезіндегі әдет-ғұрып: сәуір амалы өтпей, сәурік (үйірге енді қосылған 3-4 жасар айғыр) пішуге болмайды. Аяқ-астынан ауа райы бұзылып, қарлы боран болуы мүмкін. Осы жөнінде бір аңыз былай дейді: бір бай отамалы өткен соң, жаз шықты деп ойлап, қырық сәурігін түгел піштіріп тастайды. Соның артынан қарлы боран болып, қырық пішпе түгел қырылыпты. Ел ішінде осы амалды «қырық сәурік» деп те атаса керек. Күндер өте келе «сәуір» аталып кеткен деген пікір бар.
Қадан Қабисатұлының тұжырымы бойынша, сәуір амалы мамыр айының онында кіреді (Моңғолия, Баян-Өлгий аймағы).
Сонымен қатар қазақ халқы сәуір амалы кезінде соғатын көктемгі желді де сәуір деп атайды. Мысалы,
Омырауынан бір сәуір шайқап есіп,
Ажырасқанды жүреді қайта қосып.
Мен өзім де ән салам түн ауғанша,
Менің жаным бұл күнге құмар қанша
«С.АМАНЖОЛОВ АТЫНДАҒЫ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН УНИВЕРСИТЕТІ»КЕАҚ
ЖОҒАРЫ КОЛЛЕДЖ
Достарыңызбен бөлісу: |