Айырылып асқар тау мен шалқар көлден.
Сұм соғыс кездейсоқта жолын байлап,
Бақ тайды аруақ қонған асыл ерден.
Еріксіз Ойрат жаулап Қаратауды,
Күнгейлік Арғын-Қыпшақ жерден ауды.
Арқадан көпшілігі көшпесе де,
Аз тобы жол кесіліп, Жизаққа ауды.
Мінекей, Қаратауды жонғар алмақ,
Кердері теңізі, Сыр жауда қалмақ.
Қылышын сүйретіп қыс әлі-ақ келеді,
Япырым-ау, біздің қазақ қайда бармақ?
Ежелден “Сұлу төбе” – Алшын жері,
Көп еді Сыр бойында Алшын елі.
Еділ мен Сыр арасын мекен етіп,
Әуелден көшіп-қонып жүруші еді.
Жаласы жапқан Естек жалған еді,
Орыстың өсегіне нанған еді.
Қазаққа Башқұртты айдап салу үшін,
Жылқысын қалмақ қуып алған еді.
45
Сыр бойы, Қаратауды қалмақ алды,
Алшынды күнбатысқа қуып салды.
Жинаған асыл бұйым, дүние мал,
Бұйырмай иесіне жауда қалды.
Шіркін-ау, ел-табаны тайған ба еді,
Дүние шыныменен жалған ба еді.
Үш жүзге мұнша қалмақ өшігетін,
Бұрыннан кегі алынбай қалған ба еді?
Жаңбырша қорғасын оқ сан бораған,
Сасқан жұрт паналар жер таба алмаған.
Азамат қан майданда соғысып жүр,
Қорғансыз бала-шаға әйел қалған.
* * *
Бестамды Есентемір тастап көшті,
Дұшпанға құл болман деп құлақ кесті.
Кіші жүз жасақтары қарсы тұрды,
Көрсетіп шамасынша жауға сесті.
Көрген соң дәу мылтықты ұраңқайды,
Теңізден қаша көшті Жағалбайлы.
Керейіт, Алаша, Ысық Арқаға ауды,
Кетпесе Торғауыттар аямайды.
Жоңғарлар басқа шауып, төске өрледі,
Қазаққа оқ жаудырып, дес бермеді.
Жағынған хан, сұлтанға бимен бектің,
Тілегін жаратқан хақ хош көрмеді.
Қажыды шаршап талай ер,
Қиналды елдер жұтып шер.
Көп сарбазды жалмады,
Бауыры суық қара жер.
Зерафшанға ел кетті,
Естілерден ес кетті.
Мал-мүлікті тартып ап,
Қазақты Жоңғар еңіретті.
Қия алмай дала, тау-тасын,
Құрай алмай ел басын.
Жер-суынан айырылып,
Халайық төкті көз жасын.
Мұсылманға әкелді,
Кәпір қалмақ ажалды.
46
Қазақ,Татар ұтылды,
Тойтара алмай тажалды.
Көрген жанды жиіркентер,
Қалмақтардың кескіні.
Жазығы жоқ жұртыма,
Молайып кетті өштігі.
Сақал да жоқ, мұртта жоқ,
Өңкей көсе, көнті ауыз.
Ел шапқанға көңілі тоқ,
Қанға тоймас жалмауыз.
Дариға-ай, ерсілі-қарсылы ел сабылды,
Алтайда қалған қазақ бері ағылды.
Күш жұмсап сырға қарай өтсе-дағы,
Тұсында Алакөлдің көп шабылды.
Көңілі жауыздардың жаз болғандай,
Қуанып ел шапқанға мәз болғандай.
Көз тікті көрші елдердің мекеніне,
Иесіз Маңғұл жері аз болғандай.
Түріктің Татар, Қырғыз үлкен жұрты,
Татардың Маңғұл деген іргелі ұлты.
Шыңғыстың бастауымен көшіп кеткен,
Қымбат боп дүние деген көздің құрты.
Жиһанға билік құру болып арман,
Татарлар көп жерлерді жаулап алған.
Батысқа Шыңғыс ханмен бірге көшкен,
Маңғұлдың барлық жері босап қалған.
Сол жерге қоныстанбай кәпір жоңғар,
Жер үшін көрші елдерге шашып ызғар.
Біз оған әуелде де тиген жоқпыз,
Білмедік көңілінде қандай сыз бар.
Кей елдер қоршаудағы көше қашып,
Құлжадан бері өтті асып-сасып.
Жетуді Сарысуға арман қылды,
Соққы жеп қалса-дағы қатты жасып.
Маңында Найман қақпа тосып алып,
Алдыңғы кейінгіні қосып алып.
Сарыарқа жер кіндігі қайдасың деп,
Ілгері жөнелісті жосып халық.
47
Жетті олар өліп-талып шықпай жаны,
Қосылды қалған қазақ бізге тағы.
Дұшпанмен соғысқа ерлер дайындалды,
Бимәлім кімнің соры, кімнің бағы.
Басында Сұлу төбе мәжіліс құрған,
Таба алмай ақыл-айла көп қиналған.
Бәрі де бір Алладан тілек етті,
Қалса деп аман болып шыбындай жан.
Ойласаң аңғалдықтан болған бәрі,
Естілді кемпір-шал мен бала зары.
Сақтанбай алдын ала ата жаудан,
Не пайда хан мен бектер тапты кәні?
Арқаға кеткен ғаскер қайтты оралып,
Сырға жетті атының мойны талып.
Олар кеп ну қамысқа паналады,
Қалуға өз бастарын аман алып.
Келді әскер Еділден арып-ашып,
Шегіне ұрыс салып кейін қашып.
Қалжырап ұзақ жолдан қайтқан жасақ,
Майданға шыға алмады жаумен ашық.
Бұл заман, қай-қай заман, азған заман,
Ел-жұртым апат келіп, тозған заман.
Көрші екі ел мылтық беріп есірткен соң,
Үш жүзден сасық қалмақ озған заман.
Еділ мен Жайық жақтан көш келеді,
Ат пен нар әр көш сайын бос келеді.
Айырылған жер мен судан қиын екен,
Мөлтілдеп екі көзге жас келеді.
Қор болды бірлігі жоқ біздің қазақ,
Басынып ата жауым етті мазақ.
Көршілес екі жұрттан дәу мылтық ап,
Көрсетті Халхи, Жоңғар елге азап.
Біз-дағы бұл соғысқа араластық,
Дұшпанға қарсы тұрып тайталастық.
Бәрі бір қайда барсаң, бәрін де ұрыс,
Бет алып Түркістанға қарай астық.
Алыстан жау қарасы әйгіленді,
Жиынның болар жері белгіленді.
48
Шалғайдан қоршалғанын ұқты халық,
Мылтықты қатал дұшпан көрінгелі.
Ноғай мен жетіруды жиі шауып,
Түрікпендер жер алмақшы ебін тауып.
Өңірін Маңғыстаудың жауламақ боп,
Төндірді егіз жұртқа тағы қауіп.
Кердері теңізі, Сыр, Қаратаудан,
Ыққан ел соққы жеді қалмақ жаудан.
Сахарадан таба алмай жанға сая,
Жұрт ойлады шығуды зор қоршаудан.
Көктебенің басында болып жиын,
Түсінді ел зор апатты болар биыл.
Құрсаулап жан-жақтан жау қысып келед,
Қоршаудан шығуға айла табу қиын.
Ауыр боп қазақ үшін қанды майдан,
Үш жүздің маңдайынан бағы тайған.
Жағалай жерімізді басып алып,
Әр тұстан қалмақ қолы қанат жайған.
Мылтығын Ресей, Қытай сатпаған соң,
Қатынас арадағы тоқтаған соң.
Сенделді хандар, билер ақыл таппай,
Кенеттен дұшпан елді таптаған соң.
Өткен жыл Әйтеке би дүниеден өтті,
Келгенде елу алты жасқа ажал жетті.
Бағыну бір көсемге дұрыс қой деп,
Боларын осы апаттың болжап кетті.
Төреден Әйтеке би безін деді,
Келді ғой көсем сайлар кезің деді.
Қазақты алғыр батыр басқармаса,
Ата жау быт-шыт қылар сезін деді.
Хан, сұлтан, төре күні өткен деді,
Олардан ақыл-айла кеткен деді.
Үш жүзім өзіңді өзің тұтас ел қып,
Басқарар енді уақыт жеткен деді.
Әйгілі топтан көсем ізде деді,
Жұртыңның амандығын көзде деді.
Қазақты төре бастап көгертер деп,
Малтаңды би мен бектер езбе деді.
49
Данышпан топтан көсем сайла деді,
Үш жүздің келешегін ойла деді.
Көсемге ер-азамат түгел еріп,
Бақытын дұшпаныңның байла деді.
Ақылды болсын батыр көсем деді,
Басқарса қазақ болар есен деді.
Көрші елмен татуласып, тіл табысар,
Тағы да болсын өзі шешен деді.
Үш жүзден үш ақылшы болсын деді,
Қазаққа бақ пен дәулет қонсын деді.
Сайлаған көсемдерің кемеңгер боп,
Халқыңның болашағын шолсын деді.
Бұл сөзді бимен бектер ұға алмады,
Бас қосып, дұрыс кеңес құра алмады.
Үш жүздің шонжарлары төре жақ боп,
Ортадан батыр көсем шыға алмады.
Өткен күн ойлағанмен қайта оралмас,
Бақыт құс ұшып кеткен қайта қонбас.
Өсиетін Әйтекенің естеріне ап,
Қазыбек, Төле, Ақсуат шайқады бас.
Қазыбек, Төле, Ақсуат шешен жорға,
Қиналды ақыл таппай осы жолда.
Сайланған менен кейін ордабасы,
Үш жүзде Ер Бөгенбай басшы ед қолға.
Қанжығалы Бөгенбай Ақша ұлы,
Ол ер де бір Алланың сүйген құлы.
Түскен соң ел басына ауыртпалық,
Баршаға ортақ болды мал мен пұлы.
Атанып ордабасы Ер Бөгенбай,
Он үш жыл жетекші боп қалың қолға-ай,
Басынан көп соғысты өткерсе де,
Бұл күнде тіреліп тұр тұйық жолға-ай.
Бөгенге көмекші боп белгіленіп,
Беделді болмаса да ел басшысы.
Сайланды Әбілхайыр отыз жаста,
Кіші жүз жасағына ғаскербасы.
Деп айтып төремізді тәңірім қолда,
Алшында бата беріп қожа, молда.
50
Билікке Әбілхайыр араласты,
Өзінше жұрт тізгінін алып қолға.
Бөгенбай, Жәнібектей жезделері,
Сайлатты Кіші жүзге ғаскербасы.
Әйтпесе Әбілхайыр дейтін төре,
Көрмеген бұрын болып қолға басшы.
Алшынның жасағына бас болды деп,
Емес бұл жас төрені күндегенім.
Мұндайда қол басқару оңай емес,
Үйренсін сардарлардан білмегенін.
Көпке ұнамсыз болған соң,
Айтпасқа тағы болмайды.
Әбілхайыр сұлтанға,
Алшынның көңілі толмайды.
Әбілхайыр мен Жолбарысқа,
Бөгенбай, Жәнібек жезде еді.
Балдыздарын көтеріп,
Аттарына сөз келді.
Қолбасы болуы қиын-ау,
Тәжірибесі аз жігіттің,
Белгілі зайға болары,
Ондайға артқан үміттің.
Бір кездегі шәкіртім,
Ақшаның ұлы Бөгенбай.
Әбілхайырды сардар сайларда,
Біздерге хабар салмады-ай.
Күндегенім емес-ау,
Хан әулеті-төрені
Батыр жоқтай сайлатты
Әбілхайыр деген немені.
Жолбарысты хан қойды,
Жағдайдың ауыр кезінде.
Сондай жігіт болса да,
Ұлы жүз жұрты өзінде.
Төрелерге жол берді,
Хангелді мен Төле де.
Бәрі де жолсыз іс қылды,
Ақылдаспай көнеге.
51
Даңқы шыққан екі Арғын,
Қос төренің жездесі.
Сардар етті балдызын,
Алшынның жоқтай өзгесі.
Жәнібек пен Бөгенбай
Шәкіртім еді бір кезде.
Тым ретсіз іс етті,
Ақыл салмай біздерге.
Қол басқара біледі,
Жігіттің батыр естісі.
Оларға нұсқа үйретер,
Сардардың біздей ескісі.
Жас биі Кіші жүздің Малайсары,
Ол дағы ақыл-айла таба алмады.
Бас қосып, Күлтөбеде кеңес құрып,
Жөн көрді қоршау бұзып құтылғанды.
Малайсары Тайұлы
Шыққан тегі Байұлы.
Байұлы да Беріштен,
Ақылға күші сай ұлы.
Жеті баулы Беріштің,
Малайсары данасы.
Есет деген батырдың
Бірге туған ағасы.
Кім жақсы көрер дейсің ұтылғанды,
Сонда да апаттан ел құтылмады.
Арасы хан, сұлтанның ала болып,
Сақтауға жұрт бірлігін ұмтылмады.
Төрелер Әз Тәукедей бола алмады,
Оларға қазақ көңілі тола алмады.
Батыр, Болат, Сәмеке дәрменсіз боп,
Кездейсоқ ел жағдайы оңа алмады.
Еділдің арғы жағын қыстап ұдай,
Жүретін туыс көріп бізді қолдай.
Бірігіп Кіші жүзбен тізе қосып,
Қалмаққа қарсы аттанды азғана Ноғай.
Болысар одан басқа халық болмай,
Қазағым серкесі жоқ болды қойдай.
52
Желікті өршелене мейірімсіз жау,
Ішсе де күндіз-түні қанға тоймай.
Тасаттық беруге де мұрша болмай,
Шұбырды ел бет-бетіне үріккен қойдай.
Қолданар жауға қарсы құрал аз боп,
Есіл жұрт ығып кетті-ау, тозып бордай.
Аймағын Маңғыстаудың қыстап ұдай,
Ежелден мекендеген Қазақ, Ноғай.
Кердері мен Маңғытты көшірмек боп,
Түрікпендер көрсетіп жүр күнде құқай.
Қалмақтың шабуылы үдеп кетті,
Шабылған біздің Үш жүз жүдеп кетті.
Шұбырған босқын елдің жүрісінен,
Қою шаң көтеріліп түтеп кетті.
Құлақ тұнды дәу мылтық дыбысынан,
Тоқталды сайгүліктер шабысынан.
Бұйырып жиған малы қалмақтарға,
Айырылды біздің Үш жүз табысынан.
Қазақта жоқ бекініс, қамал, қорған,
Неге десең бәрі де қирап болған.
Ел тонап, жер алуды мақсұт еткен,
Дұшпанның қан ішкенге көңілі толған.
Күз болып, өсімдіктер құрап солған,
Халқымды Жоңғар оғы шөптей орған.
Дұшпандар дәу мылтықтан доп атқанда,
Күңіренді тау, өзен, көл, дөң, сай, орман.
Құтылу қиын болды жау торынан,
Келгенше амал етті жұрт қолынан.
Қаншама арпаласып соғысса да,
Қырылды бірталай жан жау оғынан.
Жан қиып, соғысты жұрт жер-су үшін,
Сан ерлер бойларынан сарқып күшін.
Ұрысқа әйелдер де араласты,
Келгенін зор алапат содан түсіп.
Әйелдер қолға ұстап құрық, бақан,
Қалмаққа қарсы тұрды ауыл шапқан.
Сойыл ап қариялар да арпалысты,
Қорғанбай отырған жоқ құр алақан.
53
Шошынды шар түскенде Қазақ, Ноғай,
Таба алмай паналауға жыра, тоғай.
Дедік біз қарғыс айтып, назаланып,
Келетін сұм қалмаққа кәрдің жоғы-ай!
Халқыма кез келтірді зор апатты,
Қырылып қазақ қаны судай ақты.
Халымыз биылғы жыл мүшкіл болды,
Болсақ та сауықшыл жұрт салтанатты.
Оққа ұшып ат-матымен қоса қабат,
Қиылды қыршынынан көп азамат.
Жаудырып қорғасын оқ өңкей мәжнүн,
Қара жер сан боздақты жатыр жалмап.
Басқаның бәрін-дағы қырып-жоймақ,
Қазақты жер бетіне емес қоймақ.
Көршілес екі ірі елден дәу мылтық ап,
Жұртты қыру әдісін тапқан ойлап.
Дүние кейде оңда, кейде солда,
Баста бақ, дәулет ылғи тұрмас қолда.
Ту ұстап, тұлпар мінген сардарлардың,
Талайы оққа ұшып, қалды жолда.
Іс болды аса қиын таңдай қағар,
Қорланды жаяу қалып сансыз батыр.
Жайнаған гүлдей тұрмыс ғайып болып,
Дариға-ай, ойда жоқта болдық пақыр.
Жау керегі меруерт, маржан ба еді,
Қалмаққа жұртты қыру арзан ба еді?
Қашаннан қазақ, қалмақ соғысса да,
Дәл мұндай қырғын, апат болмап еді.
Көңілі опасыздың тас болады,
Халқына ер-азамат бас болады.
Бұл қырғынды көзімен көрген жанның,
Іші өртеніп, көзіне жас толады.
Жөңкілді ел бет-бетіне есі шығып,
Бөрі тиген қойларша кетті ығып.
Жұрт басын құрай алмай ақсақалдар,
Қорқақ қоян секілді қалды бұғып.
Құлдырап кері кетті қоғамымыз,
Болды ғой аяқ асты Отанымыз.
54
Кетірген Үш жүзімнің берекесін,
Хан, сұлтан, бекке болсын обалымыз.
Қорғанар жоқ бекініс, қамалымыз,
Талды ғой еріксізден табанымыз.
Жау атқан дәу мылтыққа тоқтау болмай,
Таусылды ақыл-айла, амалымыз.
Жаратқан ісімізді оңда құдай,
Майданда ерлерімді қолда құдай.
Әз Тәуке өткеннен соң быт-шыт болдық,
Үш жүздің басын қосар көсем тумай.
Бас қоспай қайран елім бытырады,
Хал-жағдай күннен-күнге құлдырады.
Жау атқан дәу мылтыққа төтеп берер,
Қазақтың қолын да жоқ еш құралы.
Қолда бар қылыш, қанжар, садақ, найза,
Айбалта, сойыл, шоқпар кетпен, қайла.
Осының бәрін қару етсек-дағы,
Таппадық қарсыласып ешбір айла.
Бекінді мақұлұқ Жоңғар жер үй салып,
Үздіксіз атқылайды бұғып алып.
Батыс, шығыс көршіден нұсқа үйреніп,
Соғысқа шебер болды әдіс алып.
Қазақты оқ күшімен жерден қуып,
Талайлар алды бетін жаспен жуып.
“Өліспей жер мен суды бермейміз”, - деп,
Жүрді ерлер тәуекелге белді буып.
Күз болып қазақ жері көркі кетіп,
Дұшпанға Үш жүз малы, мүлкі кетіп.
Тірліктен нелер жандар күдер үзді,
Қолынан билік пен бас еркі кетіп.
Түскен соң ел басына ауыр салмақ,
Апаттан жанын сақтау қиын болмақ.
Нәуетек жігіттері жігерсіз боп,
Бет қойды Үргенішке Қарақалпақ.
Қашса да олар ұзап кете алған жоқ,
Серттесіп пәтуа сөз ете алған жоқ.
Ағылып ерсілі-қарсылы басы айналды,
Алшынның үстіртіне жете алған жоқ.
55
Өзгеріп сұры қашып келбеттері,
Айналып жоғалуға сәулеттері.
Халифат байлығындай ауқатты елім,
Қажыды қолдан кетіп дәулеттері.
Елдердің Бұхар жақта болмай жайы,
Тышқақтап көп қырылды құлын-тайы.
Сұм қалмақ күн құрғатпай шабуылдап,
Үш жүздің оң жағынан тумады айы.
Бір хандық төрт хандыққа бөлінген соң,
Даңғойға жұрт билігі берілген соң.
Қалмақта соны біліп майдан ашты,
Қазақтың әлсіздігі көрінген соң.
Әйелдерше шашты өріп,
Бұрым еткен қалмақтар.
Қалдырып аз шаш төбеде,
Тұлым қойған қалмақтар.
Сиықсыз сондай сұмдармен,
Шықтық талай жекпе-жек.
Айдарынан ұстап бас кесіп,
Алған едік жаудан кек.
Биыл олар басқаша,
Бәрінің мылтық қолында.
Түгел атып тастайды,
Не кездессе жолында.
Ордос, Тумет, Білеуіт,
Деген қалмақ елдері.
Өршелене соғысты,
Керек боп қазақ жерлері.
Шаңға бөлеп әр жерді,
Көк шалынды қүратты.
Доңызын әкеп лайлап,
Арамдады суатты.
Аңғал қазақ алданған,
Төренің сөзін малданған.
Жан-жағынан жау қамап,
Жол таба алмай дағдарған.
Шапқыншылар құтырып,
Даламызды таптаған.
56
Дәу мылтығын сүйретіп,
Құмырысқаша қаптаған.
Қоғамдаспай хан мен бек,
Қалмақтан халқым ұтылған.
Дәрменсіз басшы сұлтаннан,
Жөн болар елім құтылған.
Қалмақпен құда кей төре,
Қашуға жұрттан ұмтылған.
Тіліне еріп солардың,
Қор болды ерлер жұлқынған.
Шығыста Алтай, Хобдадан,
Жендеттерін топтаған.
Батыста Еділ сыртынан,
Ағайындас жұртынан
Қанға тоймас сұмдарын,
Мейірімсіз бұзық қуларын.
Шордан тері жинады,
Бермесе тауып қинады.
Қорыққан Тұба шонжары,
Қолда барын сыйлады.
Жаулап алған елінен,
Азық пен киім жеткізіп.
Бас игізіп құлданып,
Еріксіз қызмет еткізіп.
Көршілес екі ел дем беріп,
Кәпір қалмақ құтырды.
Жауламақ боп көп елді,
Қанішерлер ілгері ұмтылды.
Қалмақ келіп жаулаған,
Еділ мен Жайық арасын.
Қазақ пен Ноғай шулаған,
Таппай дерттің дауасын.
Еділ-Жайқ арасын,
Мекендеген Кіші жүз.
Тастап шықты қонысын,
Болғаннан соң мылтықсыз.
Жайықтан өтті сал жасап,
Жеңіліп жаудан амалсыз.
57
Ойылға қарай бет бұрды,
Әбден болып шарасыз.
Қаратау мен Сыр бойы,
Көшті жаудың қолына.
Түсірмекші Үш жүзді,
Кәпір қалмақ торына.
Дәу мылтықтан доп атып,
Қазақты қалмақ күйретті.
Жоңғарға мылтық атуды,
Орыс пен Қытай үйретті.
Айырылған соң қоныстан,
Өкшесі елдің сырылып.
Қатын-бала, кемпір-шал,
Әр жерде қалды қырылып.
Бұл заман, қай-қай заман, Орлы заман,
Орнаған Үш жүз үшін торлы заман.
Атадан ұл, анадан қыз адасып,
Жұртымды тентіреткен сорлы заман.
Қаратаудың басынан көш келеді,
Көш бас сайын бие, іңген бос келеді.
Ауылдар жұбын жазбай бірге көшсе,
Бір-бірін қиын жолда ес көреді.
Бірігіп бұрынғыша қоғамдасып,
Сұлтандар жүрсе ерлермен ақылдасып.
Жоңғар да баса-көктеп келмес еді,
Мұсылман бірлік құрса жақындасып.
Біз-дағы бұл аттанға аттан қостық,
Деп ойлап қосылмасақ болар бостық.
Қырғыннан қалған елді сақтау үшін,
Келетін жау әскері жолын тостық.
Шабуыл қазақ үшін болып ауыр,
Қоныссыз қаңғып қалды талай ауыл.
Әр жерге топталысты шұбырған жұрт,
Келе ме қайғырғанмен өткен дәуір.
Болмаса бір Алладан елге жәрдем,
Төніп тұр әр тараптан үлкен қауіп.
Көз тігіп Орыс, Қытай торауылдап,
Күн сайын мазалайды қалмақ шауып.
58
Қалған соң көршілерден көңілі суып,
Талайлар алды бетін жаспен жуып.
“Берілмей қан майданда өлейік!” – деп,
Соғыстық денемізді намыс буып.
Бір туған Қазақ, Ноғай, Қарақалпақ,
Ел едік, мал өсіріп, жатқан жалпақ.
Бас салып, ес жиғызбай ауылдарды,
Мылтықты қанішер жау кетті таптап.
Жазықсыз қанын төгіп талай жанның,
Тұсында болған қырғын Шыңғыс ханның.
Осы апат сонымен бірдей боп тұр,
Түбіне әбден жетіп қазақтардың.
Қазақтан бақыт шіркін, тайған ба еді,
Қалмақта бұрын мылтық болған ба еді?
Халқымнан дәулет құсы ұшып кетіп,
Жоңғардың шадтарына қонған ба еді?
Басталды елде аштық көп ұзамай,
Қалмақтың шабуылы аз болғандай.
Ұшырады шұбырындыға жас пен кәрі,
Сұм заман қазақтарға қас болғандай.
Болған соң сахарасы кең жер ғажап,
Тұрған жоқ Сыр бойында барлық Қазақ.
Аштық, жұт, қырғын соғыс қабаттасып,
Көрем деп кім ойлаған ауыр азап?
Япырым-ау, мынау құтсыз жыл ғой қоян,
Қазаққа дегені ме қанға боян.
Жаралы һәм ішетін тамағы жоқ,
Әр жерде аштан өлді талай ноян!
Қирады ақ орданың сүйектері,
Кілемнің ыдырады жиектері.
Соғыс, аштық, суыққа ұрынған соң,
Қарттардың селкілдеді иектері.
Бешпенттің қырқылды ғой етектері,
Жаураған бала-шаға дедектеді.
Суықта қатын-қалаш, кемпір мен шал,
Үйсіз қап айдалада дірдектеді.
Талды ғой сарбаздардың білектері,
Шайылды сардарлардың жүректері.
59
Бөгелді жау оғынан қазақ қолы,
Көрініп құлағандай тіректері.
Тозды ғой арулардың желектері,
Өртенді таудың қайың, теректері.
Тыным жоқ күн-түн сайын шабысуда,
Ерлердің қайтып қалды жүректері.
Сазандай балғын өскен балалары,
Дүние-жиһаз толы қоралары.
Қолды боп жиған мүлкі ата жауға,
Үш жүздің көп қамықты шоралары.
Көзінен ел-жұртымның бұл-бұл ұшты,
Күндері той-думанды, мерекелі.
Бытырап шіл боғындай тозып кетті,
Болса да біздің Қазақ берекелі.
Хан, патша қазынасындай болған Қазақ,
Төрт түлік малға толған далалары.
Мылтықты хайуандардан көріп азап,
Үш жүздің көп қайғырды даналары.
Сорлаған жесір болып аналар көп,
Зарлаған жетім қалып балалар көп.
Айырылып жер-суы мен дәулетінен,
Үй-күйсіз мәңгі болып қалғандар көп.
Бұлт төніп, ауыр күн орнап бастарына,
Індет кеп кәрі менен жастарына.
Жас келіп көздеріне мөлт-мөлт етіп,
Қарайды таудың тарғыл тастарына.
Ұшырап шабуыл мен аштық, жұтқа,
Кезболды ауыр соғыс біздің жұртқа.
Қамалап жан-жағынан қалың дұшпан,
Түскендей болды қазақ су мен отқа.
Достарыңызбен бөлісу: |