«Жетi жарғы» және Қожаберген жырау»



Pdf көрінісі
бет4/5
Дата03.03.2017
өлшемі0,5 Mb.
#6948
1   2   3   4   5
 
Ызғарлы күн де болды аса суық, 
Қазаққа қиын болды зор күн туып. 
Халқыма аштық, соғыс бірдей келді
Тұрғандай ғазырейіл төніп жуық. 
 
Сұм соғыс, аштық пен жұт нені қойсын, 
Айырылды ел ен байлық пен жиған малдан. 
Дұшпандар оқ жаудырып, кімді қойсын, 
Хал кетті нелер алып сардарлардан. 
 

 
60 
Сайғақтай сая таппай туған жерден, 
Қашып тұр бақ-береке талай ерден. 
Қолына ұстағаны таяқ болып, 
Әр жерде қалды өліп нелер мерген. 
 
Жасыл жерді басып шаң, 
Судың бетін бояп қан. 
Есі шығып абдырап, 
Жұрттың басы болды даң. 
 
Батыс, шығыс көршілер, 
Мұсылманға өшікті. 
Атысарға мылтық жоқ, 
Халымыз болар нешік-ті? 
 
Орыс, Қытай көршіміз, 
Ойраттарды жақтаған. 
Мылтық алып солардан, 
Жорыққа қалмақ аттанған. 
 
Мұсылмандарды қырғанға, 
Халхи мен Жоңғар шаттанған. 
Қонысынан айырылып, 
Қазағым болды-ау, ақтабан. 
 
Қанға құмар Торғауыт, 
Дәу мылтықты сүйретті. 
Үсті-үстіне доп атып, 
Даламды тегіс күңірентті. 
 
Көрсетті жазмыш бұл істі, 
Болсақ та жұртқа аяулы-ақ. 
Қарқыны болып тым күшті, 
Көп жерді алды сұм қалмақ. 
 
Бақыты тайып қапа боп, 
Қостары ауған шоралар. 
Паналауға мекен жоқ, 
Босқын болды көп жандар. 
 
Басқыншы дұшпан желігіп, 
Кең даламды таптаған. 
Қоярдай жалмап көрініп, 
Соғысып дамыл таппаған. 
 
Байқап тұрсам заманға, 
Көрші елдер ұқсайды қабанға. 
 

 
61 
Татулық жоқ, мейірім жоқ, 
Жау болды адам-адамға. 
 
Жап-жасыл қазақ жерлері, 
Күз болған соң сарғайып. 
Халықпен бірге күйзелді, 
Қасіреті тым ұлғайып. 
 
Хал болмай шабар қамалға, 
Іс айналды жаманға. 
Дәу мылтықтан доп атып, 
Қаптады қалмақ бұл маңға. 
 
Билер де көп сөз қозғап, 
Тіршілік жайын ойланған. 
Ерлер де көп атсыз қап, 
Жаяу жүріп қиналған. 
 
Соғысқұмар сұм қалмақ, 
Түсіріп елге зор салсақ. 
Тұтқын етіп өзінше, 
Жұртымды болды құл қылмақ. 
 
Садақтан басқа төрт түрлі, 
Қалмақтың бар мылтығы. 
Қырса да жұртты басылмайды, 
Қанқұмарлық ынтығы. 
 
Орнатып жұртқа дозақты, 
Жоқ етпек боп қазақты. 
Қырып-жойып ерлерді, 
Көрсетпек көпке азапты. 
 
Аттарын қалмақ баптаған, 
Оларды көрші ел шаптаған. 
Жолдамалы жендетппен, 
Көбейіп саны қаптаған. 
 
Жалдамалы сұмдарын, 
Айдап салып халқыма. 
Қысқа қамды жасатпай, 
Ұрындырды салқынға. 
 
Мінетін тым болмаса өгіз болмай, 
Азамат жаяу қалды ортан қолдай. 
Атыстан қазақ қолы қаймығып тұр, 
Тең түсер дәу мылтыққа құрал болмай. 
 

 
62 
Хиуа алып түрікпеннен арғымақты, 
Орнына берген қылыш дандан сапты. 
Қазақты аяғансып тұрса-дағы, 
Мылтықпен Түрікпенді жабдықтапты. 
 
Үш жүзге ықыласы түспей қатты, 
Бұхар да Түрікпенге мылтық сатты. 
Алайда елші сыйлық апарған соң, 
Сол себеп бізге Бұхар жауықтапты. 
 
Қыруар ел Зерафшанға қоныстанды, 
Мекендеп аз да болса тыныстады. 
Хиуаға, Бұхарға да алым төлеп, 
Олармен тіл табысты қырылыспады. 
 
Көп өсіп Арғын-Қыпшақ өнген еді, 
Рахатын молшылықтың көрген еді. 
Арасын Ташкент, Торғай мекен етіп, 
Ежелден қыстап, жайлап жүрген еді. 
 
Шығысын Қаратаудың қыстау етіп, 
Батысын Сарыарқаның жайлаушы еді. 
Арқаны жыл аралата қыстап шығып, 
Жалғанның қызығына тоймаушы еді. 
 
Қара өткел, Шу арасы Арғын жері, 
Шығысы Жарма өзенге тіреледі. 
Орта жүз Арғын-Қыпшақ, Тарақтылар, 
Егін сап, мал өсіріп күн көреді. 
 
Көп жерін Сарыарқаның мекен етіп, 
Өнермен Арғын-Қыпшақ өрлеп еді. 
Аң аулап, саят құрып жігіттері, 
Тапшылық бұған дейін көрмеп еді. 
 
Шабуыл, аштық пен жұт қысқан заман, 
Қазақтан бақыт құсы ұшқан заман. 
Қолында мылтықтары болмаған соң, 
Қалмақтан халқым қорқып пысқан заман. 
 
Теңіз бен Сыр бойынан көш келеді, 
Көш бас сайын атандар бос келеді. 
Айырылған туысқаннан қандай ауыр, 
Көл-көсір көзге ыстық жас келеді. 
 
Жас келмей екі көзге қайтсін енді, 
Жұртымыз зор апаттан сескенеді. 
 

 
63 
Мұздады жылы жүрек күн-түн сайын, 
Жау қалмақ елге қарап беттегелі. 
 
Тарылып қағынды ғой заманымыз, 
Тозды ғой жаяу жүріп табанымыз. 
Толассыз дәу мылтықтан доп атылып, 
Сарқылды әдіс-тәсіл, амалымыз. 
 
Апатқа дейін қазақ көп ел еді, 
Жігіті әнші, батыр, мерген еді. 
Үш жүздің өзім тұстас қариялары, 
Қалмақпен сан соғысып көрген еді. 
 
Шеткі жер қолдан қолға өтуші еді, 
Көбінесе жау жеңіліп кетуші еді. 
Кешегі Әз Тәукенің заманында, 
Уағада тастай болып бекуші еді. 
 
Бұл күнгі хандар сертті бола алмады, 
Пайда тіл көрші елдермен таба алмады. 
Қазақ пенен Ноғайды құртқызбақ боп, 
Сөйлеспей Орыс, Қытай табандады. 
 
Мұндай боп жаудан маңдай таймап еді, 
Қалмақ жеңіп, қанатын жаймап еді. 
Сан майдан, талай ауыр шайқастарда, 
Бұршақша қорғасын оқ жаумап еді. 
 
Хан еді ұлы жүздің таз Жолбарыс, 
Үйсіннің дәулетіне мас Жолбарыс. 
Санасу жақсылармен ойында жоқ, 
Ақыл айтқан кісіге қас Жолбарыс. 
 
Төле менен Ханкелді, 
Бірі – батыр, бірі – би. 
Жолбарысты хан сайлап, 
Тіккен оған арнап үй. 
 
Ол екі ердің ойынан, 
Жолбарыс хан шықпады. 
Төле бидей жақсының, 
Ақылын айтқан ұқпады. 
 
Болғанда жаумен арпалыс, 
Қамданбады еш Жолбарыс. 
Ақылсыз сұлтан сол екен, 
Маңдай да соры бес қарыс. 
 

 
64 
Әбілхайыр сұлтанды, 
Десе де жұрт айлалы. 
Қазақ үшін ол төре, 
Түбінде болмас пайдалы. 
 
Әбілхайыр сұлтан да, 
Жолбарыс ханның інісі. 
Бөгенбай ерге балдыз боп, 
Кеңіп бірі қалды-ау, тынысы. 
 
Қол басқарып көрмеген, 
Әбілхайыр деген төреңіз. 
Кіші жүз қолын бастар деп, 
Ол қуға қалай сенеміз? 
 
Татардың бір тайпасы Дәрмен екен, 
Еділ де жаудан қысым көрген екен. 
Үздіксіз Қалмақ шаба бергеннен соң, 
Күнгейге ауа көшіп келген екен. 
 
Олар да Байұлы мен бірге болды
Қайғырып жүректері шерге толды. 
Алшынның жасағымен күшін қосты, 
Кеспек боп жау өтетін әрбір жолды. 
 
Батырлар, билер кеңесті, 
Шықпақ болып қоршаудан. 
Сарбаздар жаумен егесті, 
Босанбақ болып құрсаудан. 
 
Қорғанбақ боп жыланнан, 
Құтылмақ боп лаңнан. 
Шоралар көп кеңесіп, 
Көктөбеге жиналған. 
 
Бөгенге көмекші екен деп, 
Әбілхайыр мен Ғайыпқа 
Сену қиын жарандар, 
Қысылса кетер тайыпта. 
 
Сыр бойы, қаратауды келген қыстап, 
Кіші жүз жоңғарлардан көрді қыспақ. 
Орта жүз, Кіші жүз боп тізе қосты, 
Бір-бірін жау қолына кетпей тастап. 
 
Басында Көктебенің құрдық кеңес, 
Уайымы мол жандарда болмай егес. 
 

 
65 
Ырду-дырду болатын ештеңе жоқ, 
Басталған жау шабуылы оңай емес. 
 
Хабарлап ауған елдің көштеріне, 
Күнгей жұрт қосылмақшы Арқа еліне. 
Жиналды әрбір жоқтан келген ауыл, 
Қаратаудың теріскей бөктеріне. 
 
Екінші Күлтөбе бар бұл бөктерде, 
Таяу жер біз отырған Көктөбеге. 
Ер тері, аттың тері төгілмекші, 
Қан майдан басталатын Күлтөбеде. 
 
Жылқысын қалмақ тартып алғаннан соң, 
Халқымның көбісінде ат болмай тұр. 
Мінетін көліктері болмаған соң, 
Көңілі ерлерімнің шат болмай тұр. 
 
Бұлтартпай көп ауылды жау кеп басты, 
Үстіртке Қарақалпақ көше қашты. 
Орта жүз Кіші жүздер күнгейдегі, 
Қоршауда да тұрып жаумен арпалысты. 
 
Бұл екі ел жауынгер еді әуел бастан, 
Соғысты ата жаумен аянбастан. 
Орта жүз, кіші жүз боп ұрандасып, 
Қамалға шапты жастар тайсалмастан. 
 
Біз-дағы ата жаумен майдандастық, 
Халхидың жендетімен найзаластық. 
Дұшпанға қолдан намыс бермеу үшін, 
Таңдаулы тайшысымен қылыштастық. 
 
Талай жан тірлікті ойлап зар қағып жүр, 
Төрт балам, бәйбішем де сақтанып жүр. 
Ілесіп ұлдарыма бір топ жастар, 
Соғысқа араласып, ел қорғап жүр. 
 
 
*  *  * 
 
Әмудария атанған Жейхұн өзен 
Бойлары Қарақалпақ мекені екен. 
Қазақпен бауыр болып олар-дағы, 
Ертеден бірге көшіп жүреді екен. 
 
Ақыры Қарақалпақ қоныс таңдап, 
Шығысына Түркістан өңірі көшкен екен. 

 
66 
Онда да қазақтармен бірге болып, 
Басынан жақсы өмірді кешкен екен. 
 
Түркістан аймағының шығыс жағын, 
Мекендеп бірталай жыл Қарақалпақ. 
Қазақ пен тату-тәтті көрші ел болып, 
Байланбай тұрған еді жаман атақ. 
 
Сұм қалмақ көп жыл бойы шабуылдап, 
Әрдайым жасаған соң үлкен шатақ. 
Шығысын Түркістанның тастап көшті, 
Ілесіп қазақтарға Қарақалпақ. 
 
Бектері Қарақалпақ болып жалтақ, 
Оларда ой болмады күшін қоспақ. 
Түбі бір туысқан ел болса-дағы, 
Майданға шыға алмады бізді қостап. 
 
Өкпе айттық қиын күнде мұсылманға, 
Ішінде мұсылманның тұысқанға. 
Ноғайдан басқалары болысқан жоқ, 
Қалмақпен үш жүз жылдай соғысқанда. 
 
Әлі де жарты ғасыр соғысар ел, 
Жалмамақ көп жандарды сұм қара жер. 
Қалмақпен екі жақтап соғысқанда, 
Тәңірім, басқызбағай аяқты кері. 
 
Қарақалпақ бауырды көрмейміз жек, 
Қашқанын және олардың тұтпаймыз кек. 
“Тұқымы азғана елдің құриды”, - деп, 
Соғыстан тайған болар бастаушы бек. 
 
Оларды  мәңгі бақи қорғағанбыз, 
Туыс деп әрқашанда қолдағанбыз. 
Бөлініп қиын кезде кеткеннен соң, 
Өлеңмен өкпе-назды жолдағанбыз. 
 
Қалжырап қалды халқым құты қашып, 
Мылтықсыз жауынгерлер қалды жасып. 
Жеңетін ата жауды күн туса екен, 
Бақытқа қадыр Алла жолды ашып! 
 
Өкпе-наз қата болса, кешір, Алла, 
Дұшпанға көктем жасыл түсір, Алла! 
Баласын мұсылманның панаңа алып, 
Үш бірдей жаудың үнін өшір, Алла! 
 

 
67 
Әлеумет, үш дұшпаның-кәпір бәрі, 
Қарғаған  үш жауды да жас пен кәрі. 
Қалмақты қалған екеу бізге айдап сап, 
Жоңғарға берген мылтық, оқ пен дәрі. 
 
Біздің сөз қас дұшпанды меңзеу деп ұқ, 
Бір емес ата жауым үшеу деп ұқ!? 
Үш бірдей аждаһаға душар болсақ, 
Жұртымыз құрып кетер, осыны ұқ!? 
 
Болмайық соның үшін жалынышты, 
Үш жаудың ешқайсысына бағынышты. 
Тірісіп Қазағымның тәңірім қорғап, 
Жат елге ете көрме табынышты. 
 
Күлтөбеге жиылып, 
Жасықтықтан тыйылып. 
Ұрысқа ерлер бел буды, 
Алла, аруаққа сиынып. 
 
Бүгінгі күн-мұнар күн, 
Жер бетін тұман басқан күн. 
Қытайлар аспас асудан, 
Кәпір қалмақ асқан күн. 
 
Бейғам жатқан халқымды, 
Қапыда дұшпан басқан күн. 
Атысарға болмай мылтығы, 
Қалмақтан қазақ қашқан күн. 
 
Мылтығы көп ұраңқай, 
Шарасынан тасқан күн. 
Ақыл таппай қиналып, 
Билерім қатты сасқан күн. 
 
Паналар жер таба алмай, 
Ер етегін басқан күн. 
Жер-суынан айырылып, 
Ел-жұртым жылап босқан күн. 
 
Сәмеке, Ғайып, Барақтар, 
Хиуамен ақыл қосқан күн. 
Хонтайжымен құда боп, 
Аяқты кері басқан күн. 
 
Жазығы жоқ жұртыма, 
Жоңғарлар соғыс ашқан күн. 
 

 
68 
Қазақ, Ноғай екі елдің, 
Қанын судай шашқан күн. 
 
Қарақалпақ бауырлар, 
Жеңіліп жаудан қашқан күн. 
Дұшпанмен құда кей төре, 
Елдің сырын ашқан күн. 
 
Тар кезеңін Үш жүздің, 
Орыс пен Қытай тосқан күн. 
Бақыты тайып Қазақтың, 
Ерсілі-қарсылы жосқан күн. 
 
Жау індеті жеткен күн, 
Үш жүзден қайрат кеткен күн. 
Күшіне қару сай болмай, 
Өкініп ерлер өткен күн. 
 
Қазақтың ауыр жағдайын, 
Түрікпен бегі күткен күн. 
Қалмақша шауып олар да, 
Мыңғытты жүндей түткен күн. 
 
Түрікпеннің шонжары, 
Кердері елін шапқан күн. 
Қазақ пенен Ноғайды, 
Жылатып олжа тапқан күн. 
 
Қазақ пенен Ноғайға, 
Түрікпен неге кектенген? 
Жаулықтың білмей себебін, 
Билердің іші өртенген. 
 
Жер сұраған кезінде, 
Мейман етіп ерлерін. 
Мекендеуге ұсындық, 
Иесіз Маңғұл жерлерін. 
 
Келіссе де оған бектері, 
Алтайға бірақ көшпеді. 
Сыйласақ та оларды, 
Жаулықтың оты өшпеді. 
 
Көше қалса Алтайға, 
Бермек болдық жәрдемді. 
Уәделессекте әуелі, 
Кейін қабыл көрмеді. 
 

 
69 
Бостан-босқа өшігіп, 
Татулыққа еш келмеді. 
Жазығы жоқ халқыма, 
Соқтығып маза бермеді. 
 
Парсыдан көмек сұрауға, 
Қазақтың қолы жетпеген. 
Туыстық сөзі Үш жүздің, 
Өзбектерге еш өтпеген. 
 
Хиуа, Бұхар, Қоқан да, 
Қазақтарға қатайды. 
Бізден барған елшіге, 
Мылтық сатпай шалқайды. 
 
Алауыз болып мұсылман, 
Бір-біріне жәрдем етпеген. 
Бауырмал, жомарт ел едік, 
Ешкімді сырт теппеген. 
 
Не пиғылдан тап болдық, 
Біле алмаймын індетке? 
Жүретін енді жағдай жоқ, 
Мылтық құрал іздеп те! 
 
Пана болсын бір Алла, 
Әлсіреп қалған халқыма! 
Тіршілік бер деп тілеймін, 
Азайып қалған жалпыға! 
 
Орта жүзді төрелер, 
Екі бөліп билеген. 
Алдап момын қауымды, 
Нан есепті илеген. 
 
Бөлшектеп елді басқарды, 
Әбілмәмбет пен Сәмеке. 
Бір хандық төртке бөлінсе, 
Болама халқым береке? 
 
Әбілмәмбет солқылдақ, 
Ақ балшықша борпылдақ. 
Келіспейді ерлермен, 
Қабандарша қорсылдап. 
 
Соңына халқын ерте алмай, 
Шепті бұзып өте алмай. 
 

 
70 
Әбілмәмбет хан қиналды, 
Қоршаудан шығып кете алмай. 
 
Шағырмақ күнім-түн болды, 
Хан, сұлтандар жым болды. 
Сәмеке, Болат, Барақтың, 
Әлсіздігі шын болды. 
 
Бұрынғы хандар секілді, 
Қазіргі хандар болмады. 
Ынтымақ кетіп төреден, 
Жұртымыз содан оңбады. 
 
Тірілікті ойла әлеумет, 
Тоғышар пенде хан болмас. 
Ел басқарар азамат, 
Қоғамшыл болар, паң болмас. 
 
Көсемсіз халқым сорлады, 
Дегені бүйтіп болмады. 
Ірі апатқа тап болып, 
Қайғының бұлты торлады. 
 
Бәйтерек қандай көрікті, 
Маңында өскен ағашпен. 
Хандардың көркі болар ед, 
Ынтымақ құрса Алашпен. 
 
Қата болса, бұл сөзім, 
Сәлем бер ме жарандар. 
Сене бермей әркімге, 
Алды-артыңа қараңдар. 
 
Төле биге ілесіп, 
Шуға көшкен Жолбарыс. 
Сарысуға бармап ед, 
Секілденіп Арқа алыс. 
 
Бұл күнде Шудан Сырға ауды, 
Болғанменен жер алыс. 
Сырға да тоқтамай, 
Қаратауға келді Жолбарыс. 
 
Төре-төлеңгіт қожаны, 
Сірә да жек көрмеймін. 
Оларды Үш жүз жұртынан, 
Оқшаулап тағы бөлмеймін. 
 

 
71 
Төре-төлеңгіт, қожа да, 
Қазағымның ұлы ғой. 
Мұсылманның бәрі де, 
Бір Алланың құлы ғой. 
 
Хандықты төртке бөлді деп, 
Өкпеледім хандарға. 
Ренжімей қалай тұрасың, 
Миғұла болған жандарға. 
 
Көбейді жұрт шұбырған, 
Жер-судан өкше ысырған. 
Шабуылдады сұм қалмақ, 
Қасқырша шапшып құтырған. 
 
Соғысуға болмай хал, 
Нелер сабаз болды дал. 
Әр жерде қалды көмілмей
Бала-шаға, кемпір-шал. 
 
Адамдар көп сұлаған, 
Балалар көп жылаған. 
Талай сұлу сымбатты, 
Көзінің жасын бұлаған. 
 
Қазақтың жасыл даласын, 
Түтін мен шаңға оратты. 
Ата дұшпан – жау қалмақ, 
Қорғасын оқты боратты. 
 
Ата қалды баласыз, 
Бала қалды анасыз. 
Көшке ере алмай әр жерде, 
Науқастар қалды панасыз. 
 
Құмалақтай қорғасын, 
Нелер жанды сұлатты. 
Дәу мылтықтан шар түсіп, 
Ерді атымен құлатты. 
 
Боздағынан айырып, 
Ата-ананы шулатты. 
Сүйгенінен айырып, 
Аруларды жылатты. 
 
Дүлей жоңғар санасыз, 
Жеткіншекті кемсітті. 
 

 
72 
Ата-анасыз ұл-қызды, 
Жылатып қатты өксітті. 
 
Бармағын шайнап долданып, 
Ер жігері құм болды. 
Торсық шеке ұлдардың, 
Көздеріне жас толды. 
 
Басқыншы дұшпан желігіп, 
Даламызды таптаған. 
Дәу мылтықтан бет қайтып, 
Қамалға ерлер шаппаған. 
 
Жүректері шайлығып, 
Шайқасуға батпаған. 
Ертелі-кеш сабылып, 
Ел-жұртым болды-ау ақтабан. 
 
Жекпе-жек шығу аз болды, 
Мылтығына жаулар мәз болды. 
Қазақтар түсіп қыспаққа, 
Қалмақтың көңілі жаз болды. 
 
“Босқа өлуге болмас”, - деп, 
Садақ тарттық Қалмаққа. 
“Қалған жанды сақта!” – деп, 
Сиындық Алла, Аруаққа. 
 
 
Намысы бар азамат, 
Соғыспай құр жатпаған. 
Қару ұстап қолына, 
Елін қорғап жақтаған. 
 
Өтеміз бе деп шынымен, 
Қызығын көрмей жалғанның. 
Кіші жүз – Алшын Бай ұлы, 
Байбақты Дат балуанның. 
 
Көтергеніне қарасаң, 
Жасыл ала ту болды. 
Жебенің ұшын майлайтын, 
Ағаштан алған қу болды. 
 
“Не болса да көрем”, - деп, 
“Соғысып жаумен өлем”, - деп. 
Батырлар қолға найза алды, 
“Қоршауды бұзып өтем”, - деп. 
 

 
73 
Бастады ерлер көп қолды, 
Аршуға жаудан бар жолды. 
“Майданда өлген дұрыс”, - деп, 
Күлтөбе басы шу болды. 
 
Қоршаған бозбала көп жан-жағымда, 
Жырларым жаққаннан соң құлағына. 
Көңілі босап-қорқып жылаған соң, 
Бұлайша қайрат бердім жан-жарыма. 
 
Қуарып өңі кетті манатым-ай, 
Тозып тұр үстімде ішік жанатым-ай. 
Анталап қалмақ жауыз қоршаса да, 
Қорғанар қынапта тұр болатым-ай. 
 
Я Алла, я Аруақ пана болғай, 
Кенжесі ем Ер Толыбайдың ортан қолдай. 
Келдім деп алпыс бірге мойымаймын, 
Көрсетем қайратымды осы жолда-ай. 
 
Жете алмай туған жерге қалғаннан соң, 
Болып тұр қайырылғандай қанатым-ай. 
Айшажан, жылап мені налытпашы, 
Отпын шал да болсам жанатындай. 
 
Қайғырып жасытпа Айша жігерімді, 
Үзбеймін қиналсам да күдерімді. 
Қоршауды аман-есен бұзып шықсақ, 
Арқадан жолықтырам өз елімді. 
 
Нағашым Айдабол би, Күлік мырза, 
Ісіне туған халқы болған риза. 
Аруағы сол екі ердің жебеу болып, 
Көрерміз туған елді дәм бұйырса! 
 
Көп жылап тоздырма Айша жанарыңды, 
Тауыспа бүйтіп менің амалымды. 
Сібірге сені арқалап жеткізермін, 
Жыл жүріп тоздырсам да табанымды. 
 
Күнасыз пенде болмас сұм жалғанда, 
Ағаттық еске түсер қиналғанда. 
Мықты ұстап өзімізді жүрейікші, 
Ешқандай пайда болмас жылағанда. 
 
Ақбура, Тұлпар менен Қабыланбек, 
Бір туған нағашы атам інілері еді. 
 

 
74 
Аруағы үшеуінің қолдау болар, 
Олар да шарапатты нағашым еді. 
 
Дүние жеткізбес жол бұраңдаған, 
Бақ тайса, мал менен бас құралмаған. 
Көзіңмен зор апатты көрсең-дағы, 
Айшажан, үміт үзбе бір Алладан. 
 
Көріп тұрсың Айшажан, 
Мынау қырғын-жосықты. 
Қаза тапты қанша адам, 
Тойтарам деп бұзықты. 
 
Жазықсыз шапты жұртымды, 
Қанға құмар жау қалмақ. 
Болмаған соң мылтығы, 
Қалайша елім қорғанбақ? 
 
Затын алып темірдің, 
Күшімен майлы көмірдің. 
Балқытпадық әр жерде, 
Ішінде өртеп үңгірдің. 
 
Жасамадық мылтықты, 
Тауып темір әр жерден. 
Сылтау етіп сынықты, 
Қалдық кенже көп елден. 
 
Қырды дұшпан қазақты, 
Шынымен болып қас надан. 
Төбе шашым тік тұрды, 
Халқымды көріп қиналған. 
 
Түршіктірді жанымды, 
Естіліп дауыс зарланған. 
Толып жатыр жас бала, 
Қара жерді қарманған. 
 
Заты басқа Ғайыпқа, 
Сенем деп ерлер алданған. 
Туысы оның Болатқа, 
Ерем деп елдер сандалған. 
 
Жол-жөнекей қарасам, 
Қырылған халық орасан. 
Өліп жатыр әр жерде 
Талай сарбаз бура сан. 
 

 
75 
Алшынның теміртауына, 
Дұрыстап назар салмадық. 
Мылтық соғу шаруасын, 
Үш жүз боп қолға алмадық. 
 
Ойлаған мен Айшажан, 
Төгілген қайта толмайды. 
Қалғанға берсін береке, 
Өкінгенмен түк болмайды. 
 
Ой түбіне жетпеспіз, 
Ойламайық босқа ойды. 
Армансыз болып өтпеспіз, 
Тоқтатайық осы ойды. 
 
Мінекей, көрдік істі басқа салған, 
Жауыздар халқымызға салды лаң. 
Бәрі де көрген қызық түске айналды, 
Еске алман өткен дәуір болды-ау жалған. 
 
Мұңайма қасыма ерген жарым Айша, 
Дүниеде кім қиналмас бағы тайса. 
Кім біледі Қазақтың да айы оң туар, 
Алланың рахматы мен нұры жауса! 
 
“Елім-ай!” – деп, бастай бер, Айша жарым, 
Біз айтпасақ, кім айтар елдің зарын. 
Жауға шабар мылтықты жасағым жоқ, 
Өлең айту болды ғой бар амалым. 
 
Мұңлы әнге сал, жырымды ұғып алып, 
Өліп кетсем есіне алсын халық. 
Өлмесемде жайылсын елге хиссам, 
Үлгі болсын ұрпаққа атым қалып. 
 
Кенжесі ем Толыбай сыншы Қожаберген, 
Бата алғам Әнет пенен Әз Тәукеден. 
Күйзелген жұрт жағдайын көзбен көріп, 
Өзегім өртенген соң айттым өлең. 
 
Біз айтпай көптің зарын кім айтады, 
Батырды ұзақ соғыс қартайтады. 
Кенеттен елі-жұртын жау шапқан соң, 
Жырауды шабыншылық мұңайтады. 
 
Жүрегім жау мен жұрттан сескенеді, 
Біздерге кімдер қуат-күш береді? 
 

 
76 
Тілеймін амандықты бір Алладан, 
Үш жүзді қашан қорғап ескереді? 
 
Қарт ақын осындай да нұсқа айтады, 
Мұндай жай ер қайғысын ұлғайтады. 
Халқына қысылғанда айтпағанда, 
Пайдалы насихатын қайда айтады. 
 
Халқыма жәрдем бер деп хақтағала, 
Қолға ұстап жасыл туды шықтым алға. 
Бұлайша өлеңменен қайрат бердім, 
Соғысқа қатысатын мұсылманға: 
 
-
Ассалау мағалайкум,әлеуметім, 
Дұрыс қой, осы бүгін алған бетің. 
Қолда бар қаруларды пайдаланып, 
Жойыңдар жау әкелген зор індетін!? 
 
Соғысу ата жаумен-бұл міндетің, 
Аянбай қылыштасар келді ретің. 
Қол оқпен дұшпандарды жер құштырып, 
Сопы мен айықтырғай елдің дертін. 
 
Асынған құтты болсын жарақтарың, 
Сөзіме құлағың сал қарақтарым. 
“Шабуылы сұм қалмақтың күшті екен”, -деп, 
Кетпеңдер жаудан қорқып тарап бәрің. 
 
Жорықта жолың болсын азаматым, 
Болыңдар жаудан кекті қайтаратын. 
Кеудеңде шыбын жаның болса егер, 
Жоғалтпа жер бетінен қазақ атын. 
 
Болып тұр халқым үшін ауыр кезең, 
Найзаңды, боздақтарым, жауға кезен. 
Жырылып өз тобыңнан алшақтама, 
Ер жігіт оңа алмайды елден безген. 
 
Шабушы ек жауға қарсы ұрандасып, 
Майданға аттанушы ек қатарласып. 
Биылғы қалмақ қолы басым болды, 
Тоқтату қиын боп тұр қарсыласып. 
 
Дұшпанның аямасын әбден сезем, 
Жаулардың қорлығына қалай төзем? 
Қалмақтар дәу мылтықтан доп атқанда, 
Сілкінді тау, орман, көл, тоғайлы өзен. 
 

 
77 
Салғанмен Жоңғар қатты бүліншіілік, 
Қуса да елді жерден быт-шыт қылып. 
Шыдаңдар тобың бұзбай, азаматым, 
Арылар әлі-ақ бастан қиыншылық. 
 
Жемегей саяқ жүріп жаудан таяқ, 
Жүрген жоқ бүгін бізді ешкім аяп. 
Айнала анталаған дұшпаның көп, 
Мылтығын атпақ болып тұрған таяп. 
 
Пайдалан, Қазақ, Ноғай құралыңды, 
Көтере айт “Алаш!” – деген ұраныңды. 
Өлер болсаң, балаңа қолтабыс ет, 
Жоғалтпай қоржындағы Құраныңды. 
 
Қазыбек, Ер Жәнібек, Алдабек би, 
Көрді олар өз жұртынан кеткенін күй. 
Үшеуі тозған елді біріктірер, 
Қайғыр ма, жас пен кәрі, естерің жи!? 
 
Өскенбіз Қазақ ұлы бір ұяда, 
Қызыққан ел емеспіз дүнияға. 
Үлкенді кіші сыйлап әрқашанда, 
Топ болса, сөз бастатқан қарияға. 
 
Сақтанып ұйымдасып, тізе коссақ, 
Инша Алла, мұны құдай хош көреді. 
Топтанып ғаскер құрап, есті жисақ, 
Алла, аруақ баршамызға күш береді. 
 
Тастама халы азыңды мықтыларың, 
Қоныстан жылжымаңдар күші барың. 
Мекеннен марал ауса, жайы болмас, 
Есте ұста, бұл сөзімді есі барың!? 
 
Би мен бек, бір-біріңді сынамаңдар, 
Дауласып ел арасын былғамаңдар!? 
Сардарлар, сарбаз жинап, жаумен соғыс, 
Сөздерін ғазазілдің тыңдамаңдар! 
 
Қаратау, Сыр, Сарыарқа, Еділ-Жайық
Тұрақты Қазақ жұрты қонысы деп. 
Санаңдар түп қазаққа соны лайық, 
Әуелден мал кіндігі өрісі деп. 
 
Тіріліктен жарамайды күдер үзген, 
Сайла орын, жер үй салып, жапан түзден. 
 

 
78 
Қазақтың қыздарына жараспайды, 
Қалмақтың бектеріне көзін сүзген. 
 
Қыздарым, келіндерім, жауынгер бол, 
Дұшпанға басыңды име, ұсын ба қол. 
Сендер де қару-жарақ асыныңдар, 
Жоңғардан кек алатын өжет жан бол. 
 
Қыздарым, келіндерім, топ құрыңдар, 
Ерлерше киініңдер, сай тұрыңдар. 
Ұрыста өл, мазақ болма, берілмеңдер, 
Қалмақты қанжарменен шапқа ұрыңдар. 
 
Таралған Үш жүз ұлы бір ұядан, 
Сөйтсе де қоныс тепкен әр қиядан. 
Бір-бірін көре қалса, “ой, бауырымдап!” 
Табысып шұрқырасқан қиуадан. 
 
Тарқатпа, сарбаздарым, жиыныңды, 
Оңайлат жаудан кек ап, қиыныңды. 
Қалмақты жеңіп шығып, құдай оңдап, 
Боздақтар қайтадан тап үйіріңді?! 
 
Елестеп көз алдыңда бұрынғы күн, 
Шығарма өткенді ойлап, жылаған үн!? 
Тірі қалған пенделер сергек болғай, 
Иманын жолдас етсін өлгеніңнің! 
 
Пайда жоқ қайғырғанмен, жамиғатым, 
Ешқашан жасымаңдар, болғай батым. 
Ауырлық жау қырылып жеңілденсе, 
Артады бұрынғыдай салтанатың! 
 
Мұхаммед үммәтіміз – құдайға құл, 
Сіздерге бабаң айтар өсиет бұл. 
“Адам басы – Алланың добы”, - деген, 
Тәңірден тілек тілеп, шүкірлік қыл! 
 
Соғыста қиындыққа шыдай берсек, 
Дұшпанға қырылатын келер кезек. 
Табағын жаудың өзіне қайта тартар, 
Бөгенбай, Ер Сары, Асқап, Жабай, Көшек. 
 
Біріңді бірің қолда қысылғанда, 
Татулық – лайықты іс мұсылманға. 
Боларсың бәрің батыр, өндірлерім, 
Ұрыста ата жаумен ысылғанда. 
 

 
79 
Сынап көр бұл соғыста бағыңызды, 
Сындырмай жау алдында сағыңызды. 
Жоңғарға жеделерің тура тисін, 
Дәлдеп ат, кере тартып жағыңызды. 
 
Ауыр күн ұзақ тұрмас бастарыңда, 
Тоқтарың қайырыла жүр аштарыңа. 
Тірілікте бір-біріңе мейірімді бол, 
Естек жап, ұйымдасып ес барында. 
 
Сүйей жүр әлсізіңді әлі барың, 
Қолдағы жолдас болсын қаруларың. 
Майданға жау Қалмақпен шыққан кезде, 
Алла мен аруақ болсын сыйынарың. 
 
Дәрменсіз сұлтандарға ел ермесін, 
Қазағым ғазазілді дос көрмесін. 
Қазіргі төрт ханда да береке жоқ, 
Оларға енді тізгін жұрт бермесін. 
 
Екі жүзді сатқынға, 
Жарамас ерлер иліккен. 
Қоғамшыл емес сұлтанды, 
Тайдырыңдар биліктен. 
 
Қысылшаң мұндай кезеңде, 
Айырылмаңдар бірліктен. 
Мейлің төре, қара бол, 
Жұртыңды қорға ерлікпен. 
 
Үш биден, менен бата алған, 
Түйе балуан атанған. 
Балта керей Тұрсынбай, 
Асқан батыр қатардан. 
 
Он жетісінен мәлім Тұрсынбай, 
Ертісбай ердің баласы. 
Жаста болса ол шаһбаз, 
Қазақтың үлкен панасы. 
 
Дұшпан шошыр айбатты, 
Көп батырдан қайратты. 
Қалмақ тигенін естісе, 
Дей бер жауды жайратты. 
 
Сондай ерлер аттанса, 
Жоңғардың құрыр шарасы. 
 

 
80 
Ішкерілей енуге 
Келе қоймас шамасы. 
 
“Сарыарқа – Қазақ жері кіндігі”, - деп, 
Атаның мүлкі болсын жиғандарың. 
“Жау қалмақ – ата дұшпан қанішер”, - деп, 
Ойраттың мойны болсын қиғандарың. 
 
«Нұр жауар талапты ерге» деген жанмын, 
Есіркеп қашан Алла жеткереді? 
Тәңірден елге амандық тілеп жүрмін, 
Қазақтың ісін қашан хош көреді? 
 
Күн барма енді бізге жиылатын, 
Дәм-тұзы туған жердің бұйыратын. 
Сауықшыл бейбіт жатқан Қазақ едік, 
Жау көрсек, қарсы бірге жұмылатын. 
 
Бар еді Кіші жүзде батыр Жайнақ, 
Жау десе, аттанушы еді жүзі жайнап. 
Ол-дағы халқын жинап, жасақ құрып, 
Қалмақты “ә” дегенше шығар жайпап. 
 
Намазды тоқтатыңдар, азаматым, 
Ұнаса менің айтқан насихатым. 
Қожа, молда, ишандар уақытша, 
Қоржынға сақтап қойсын шариғатын. 
 
Намаз оқып жатқанда, жаулар қырар, 
Атылған дәу мылтықтан доп кеп ұрар. 
Мінажат қып жайнамазда отырғанда, 
Сұм халхи ұстап алып, тұтқын қылар. 
 
Көңілің Алла мен дінге болса таза, 
Тартқызсаң жау қалмаққа қатаң жаза. 
Ұжмақтың төрінен орын аларсыңдар, 
Кешірілер намазың болса қаза! 
 
Тұрмыстың көрдің, міне, ауырларын, 
Сау болғай, қайда жүрсең, бауырларым! 
Тастама, ата-анаңды, ұл-қызыңды, 
Қасыңда бірге жүрсін алған жарың!? 
 
Қалмақтың күні бізден жаман болсын, 
Індет кен аттары да шабан болсын! 
Өткендер енді қайта тіріліп келмес, 
Аз қазақ тірі жүрген аман болсын! 
 

 
81 
Санама біріңді артық, біріңді кемге, 
Біріңді-бірің деме сүрінгенде. 
Әрқашан тобық бұзбай, бірге жүрсең, 
Татисың азда болсаң іргелі елге. 
 
Түсірме естеріңе ойда жоқты, 
Көрсетпе бір-біріңе қоқан-лоқы. 
Зор апатттан қалсаңдар аман-есен, 
Аларсың әлі-ақ жинап дүние-боқты. 
 
Дәулет, бақ, перзентке асығыс жоқ, 
Пендеге шыдамдылық дес береді. 
Жоққа қуып еш жүйрік жеткен емес, 
Біреуге ерте, біреуге кеш келеді 
 
Орнатар дұшпандарға заман ақыр, 
Жас арыстан Қанжығалы Жантай батыр, 
Естісе қалың қолын бастап шығып, 
Жоңғарды отырғызар мұзға тақыр. 
 
Саспаңдар, жұртты ұйыстыр, даналарым, 
Дұшпанның көрсеңдерде соққыларын. 
Қалмаққа шығын болмай, майдан барсаң, 
Белгілі болар жауды жоқ қыларың. 
 
Ту ұстап, тұлпар мінген мен қарт ноян, 
Бет келсе, жоңғарлардың көзін оям. 
Қаншама арпалысып соғыссақ та, 
Дінкені құртып тұр ғой мына қоян. 
 
Желкілдеп бәйшешектей қатар өскен, 
Майданда қайрат қылып көзге түскен. 
Асынған қару- жарақ көген көздер, 
Қоршауды бұзып шыққай ерен күшпен. 
 
Көп әлі көретінің берендерім, 
Бел буып, тәуекел ет, өрендерім. 
Оғыңды құр далаға шығын қылмай, 
Байлап ат дұшпаныңды мергендерім. 
 
Жырларым құлағыңа тие қалса, 
Ұғып ал, есіңе ұстап,азаматым. 
Тірі жүрсең, қайта тап жер- суыңды, 
Жоғалтпа жер жүзінен үш жүз атын. 
 
Шәкіртім қайда екен Бұқар жыршы, 
Ол Бұқар әрі ақын, әрі сыншы. 
 

 
82 
Естісе жау тигенін аттан салар, 
Жырына оның, халқым, құлақ түрші!? 
 
Бұқаржан биылғы жыл отыз жаста, 
Атағы ақындықпен шықты Алашқа. 
Өзі де көп қайғырып жүрген шығар, 
Түскен соң ауыр бейнет қайтсын басқа! 
 
Азаттық қамын ойла милыларың, 
Қосқайсың елдің басын сыйлыларың. 
Дұшпанға бас көтертпей, соққы берсең, 
Жойылар бүгін көрген қиындарың. 
 
Қалмақты шамаң келсе, қыра бергей, 
Өмірдің көрем десең рахатын. 
Тірлікте жауыздарға есе бермей, 
Бабаңның мақұлдаңдар насихатын! 
 
Есен бол, әр уақытта, бауырларым, 
Көңілге медеу болсын қаруларың. 
Біріңді- бірің қолда шамаң келсе, 
Кетпесін босқа тозып ауылдарың. 
 
Күн туса, ел беті оңға бұрылатын, 
Әңгіме-кеңес, думан құрылатын. 
Жұртымыз өз қалпына келер еді-ау, 
Болса егер жау табаны сырылатын. 
 
Бұл заман, қай-қай заман, қасқыр заман, 
Көрші ел жоқ қазақтарға қас қылмаған. 
Дұшпанға кездескенде соққы бергей, 
Дұрыс іс-жауға кеуде бастырмаған. 
 
Алынсын сұрыпталып жиындарың, 
Жұмсалсын үнемделіп бұйымдарың. 
Киім мен азықтарды бөле- жарып, 
Оңайлат істеріңнің қиындарын. 
 
Керейдің батыры бар Ақпанбеттей, 
Оған да қоймаушы енді дұшпан беттей. 
Естісе ғаскер жинап, ту көтеріп, 
Қалмаққа келіп тиер жанған өрттей. 
 
Мекенің болсын орман, тау мен тоғай, 
Ол жерден жау алуы болмас оңай. 
Майданда Қазақ қолын аруақ қолдап, 
Халқыма қадыр Алла пана болғай. 
 

 
83 
Жаттап ал жырларымды, балаларым, 
Болашақ көпке тұтқа даналарым. 
Дұшпанды батылдықпен тойтарыңдар, 
Жоғалтпай жау алдында беттің арын!? 
 
Бастасын тозған елді көсемдерім, 
Ақылшы болсын сөзге шешендерім!? 
Мұндайда езуі босты ел санамай, 
Тізе қос, күшті жинап есендерің!? 
 
Зор соғыс мұныменен тыйыла алмас, 
Қазақты кәпір қалмақ жоқ қыла алмас. 
Дүние кезек деуші еді бұрынғылар, 
Дейме екен Үш жүз жаудан кегін алмас. 
 
Ерлерім, тілейтінім сендерден сол –  
Аршыңдар Қазақ үшін бақытқа жол. 
Қажыма, сескенбеңдер, ілгері ұмтыл, 
Жастардан тез құрастыр қарулы қол!? 
 
Қиыншылық ылғи болмас, әлі-ақ өтер, 
Сарбаздар жауды ұзатпай тентіретер. 
Бөгенбай, Ер Сары, Асқап, Жабай, Көшек, 
Қалмақты қойша қырар, зар еңіретер. 
 
Қазағым дәулеті мол, қарқынды еді, 
Жүздері ерлерімнің жарқын еді. 
Құс төресі аққу құс секілденген, 
Жұртымның қыз-келіні алтын еді. 
 
Үміттімін әлі-ақ халқым оңалар, 
Кәпір қалмақ, жер бетінен жоғалар! 
Балаларым, жауды жеңіп күйретіп, 
Тұғырына қазақ қайта қона алар! 
 
Астыңда болмасада тұлпарларың, 
Аянбай соғысыңдар, сұңқарларым!? 
Майданда өл, жауға тірі берілмеңдер, 
Төкпеңдер, азаматтық беттің арын!? 
 
Қалмақпен басталғанда үлкен ұрыс, 
Қаршылдап жарқылдасын алмас қылыш. 
Бастап өт Сарыарқаға қалың елді, 
Жараспас шораларға босқа тұрыс. 
 
Би мен бек, жұртты ұйыстыр, қарап тұрма, 
Артыңа алаңдама, мойын бұрма»? 
 

 
84 
Кейінгі елді ертетін сардарлар бар, 
Олар да құлақ түрер біздің жырға. 
 
Жырымда кемдік болса, сөге көрме, 
Қарғысты қарт бабаңа төге көрме!? 
Кек қайтар дұшпаныңнан, ұландарым, 
Басқаға көңіліңді бөле көрме!? 
 
Қайраттан, қимылдап қал, боздақтарым, 
Есіңде болсын менің айтқандарым. 
Жауларды қол оқпенен топырақ қаптыр, 
Әрдайым берік болсын ынтымағың!? 
 
Балалар, Алла, аруаққа сыйыныңдар, 
Топ-топ боп әрбір тұсқа жыйлыңдар. 
Әр жерден жау қалмақты бас салыңдар, 
Бытырап құр жүруден тыйылыңдар!? 
 
Құй ойла, құй ойлама, бітті жұмыс, 
Бастаңдар қоршау бұзып үлкен ұрыс. 
Қайғыдан ұран салып серпіліңдер, 
Бұл сөзім менің айтқан болмас бұрыс. 
 
Аршыңдар жұрт өтетін жаудан жолды, 
Шаншыңдар көк найзамен оңды-солды. 
Соғыста жолың болғыр қолбасылар, 
Бастаңдар сұрыпталған қалың қолды. 
 
Аман бол, ел қамқоры жарқындарым, 
Алмастай қан майданда жарқылдағын. 
Жұрт қамын естеріңе ап, ескере жүр, 
Бақ қонып, басылмасын қарқындарың! 
 
Ел мұңын әнге қостым, күйге қостым, 
Алдыңа тарту етіп, жырды тостым. 
Насихат халайыққа тағы да айттым, 
Жігері артса екен деп көңілі бостың. 
 
Тыңдады өсиетімді Үш жүз халқы, 
Ұнатып айтқанымды жаяу-жалпы. 
Осындай насихат сөз көпке арнадым, 
Жазсын деп игілікке апат арты. 
 
Жырымды ұғып жұрттың қаны қызды, 
Тастамай жетектеді ұл мен қызды. 
Батырлар найза ұстаған алға түсіп, 
Сайланған жауынгерлер қоршау бұзды. 
 

 
85 
Ашынған қазақ қорқып бұға алмады, 
Қалмақтар жекпе-жекке шыға алмады. 
Мылтығы жеткілікті қанішерлер, 
Бірме-бір шайқасуды қаламады. 
 
Лап қойған бетте Қазақ бұзып шықты, 
Қалмақты қоршап тұрған шаншып жықты. 
Қайсы бір жас өндірлер оққа ұшса да, 
Қайтпасын біздің жақтың жау да ұқты. 
 
Түспен деп енді қалмақ алдауына, 
Қаймықпай соққы беріп қас жауына. 
Орта жүз, Кіші жүз боп күшін салып, 
Дұшпанның быт-шыт қылды құрсауын да. 
 
Жағдай жоқ көрші жұртпен елдескендей, 
Өмір мен өлім болды белдескендей. 
Мылтықсыз біздің Үш жүз жүрсе-дағы, 
Тап қазір болдық жаумен теңдескендей. 
 
Ер емес жаудың туын құлатпаған, 
Қалмақтың адамы жоқ жылатпаған. 
Сүйреткен дәу мылтығын сұмырайлар, 
Қолма-қол соғысуды ұнатпаған. 
 
Садақ пен мылтығым бар “күлдірмамай”, 
Кезім жоқ атысқанда тигізе алмай. 
Халқыма насихат жыр айтқанымда, 
Қоршауды бұзып шықты бірі қалмай. 
 
Кезінде қыннан қылыш суырылған, 
Апшысы ит Қалмақтың қуырылған. 
Орта жүз, Кіші жүздер садақ тартып, 
Еріксіз дұшпан жақтан ту жығылған. 
 
Қарамай өлгеніне, тірілгеніне де, 
Қалмақтың таптап өтті мергенін де. 
Қазақ, Ноғай баршасы ұран салып, 
Дұшпанның талқандады шеңберін де. 
 
Бөгелмей зуылдата садақ тарттық, 
Күлдірмамай мылтықпен көздеп аттық. 
Қоршау бұзып шығарда көк семсермен, 
Арпаласқан жаулардың басын шаптық. 
 
Қазақтың қарт батыры ем ардақтаған, 
Жырымды топқа салып салмақтағам. 
 

 
86 
Қан кешіп, сан майданда жүрсем-дағы, 
Жоғалтпай өз бойыма ар сақтағам. 
 
Мейман боп қайын жұртқа келіп едім, 
Сый-құрмет Кіші жүзден көріп едім. 
Еліме қайтар шақта жау қоршады, 
Жаратқан, осыншама не қып едім? 
 
Қазаққа қиын болды келген індет, 
Ежелден жауға шабу-ерге міндет. 
Шығарда жау қоршауын күшпен бұзып, 
Екі ұлым майданда өлді Науан, Әсет. 
 
Майданда соғысқанда шаһыбаздарым, 
Қиналып қысылып еді жер боп тарын. 
Сұм қалмақ қорғасын оқ жаудырса да, 
Қаймықпай шайқасып ед құлындарым. 
 
Екі ұлым, екі атқосшым оққа ұшты, 
Төрт боздақ қара жерді барып құшты. 
Өлімін төрт батырдың көргенімде, 
Өртеніп іші-бауырым күйіп пісті. 
 
Төртеуі бізбен бірге келіп еді, 
Тамаша Кіші жүзден көріп еді. 
Ақыры қан майданда шейіт болды, 
Төрт ботам жау қалмаққа не қып еді? 
 
Көрген соң сұмдық істі шыдай алмай, 
Ұрандап “Ошыбайлап!” салдым айғай. 
Шаныштым оңды-солды көк найзамен, 
Жығылды талай жендет салып ойбай. 
 
Пенденің бала деген жүрегі ғой, 
Аз күндік тіршілікте тірегі ғой. 
Ұлдардың жаудан кегін алу үшін, 
Қалмақтың тайшыларын түйредім ғой. 
 
Қалмақтың алақандап ұрттап қанын, 
Құштырдым талайына аттың жалын. 
Әйтеуір бір өлім деп қылыштастық, 
Қазақтың қорғау үшін мал мен жанын. 
 
Үйде, түзде болсақта бір-ақ өлім, 
Дұшпаннан алған дұрыс елдің кегін. 
Келсемде алпыс бірге найзаладым, 
Жоңғардың қанға құмар талай бегін. 
 

 
87 
Қоршауды бұзар шақта әлді жидық, 
Уайымды, босаңдықты мүлдем тыйдық. 
Алысқан ат үстінде ит халхидың, 
Ұстап ап айдарынан мойнын қидық. 
 
Уақиға ауыр болды көзбен көрген, 
Атқыш ем қолмен мерген, көзбен мерген. 
Лақтырып шыжым найза жылдамдата, 
Қалмақты сұлатуды мақұл көргем. 
 
Болсам да қол бастаған батыр ноян, 
Қайғыны ішімдегі қалай жоям? 
Қасымда қалың жасақ болмаса да, 
Шайқастым алпыс бірде болмай қоян. 
 
Айырылды тұлпар атым тағасынан, 
Тозып тұр ақ сауытым жағасынан. 
Қайралған қайқы болат алдаспаным, 
Боялды қызыл қанға сағасынан. 
 
Жорықта қырық төрт жыл ғұмырым өтті, 
Орта жас ол да мені тастап кетті. 
Ит қалмақ соғысуға душар қылды, 
Болмаса ақсақалдық кезең жетті. 
 
Жасымнан ту ұстаған болдым сардар, 
Соңыма еріп жүрді талай дегдар. 
Кез болдым алпыс бірде қатал жауға, 
Ісіне құдіреттің не амал бар? 
 
Жау алды қазақтың кең сахарасын, 
Талайды оққа ұшырып, кесіп басын. 
Күнасыз жүкті әйелдің ішін тіліп, 
Найзалап шырылдатты жас баласын. 
 
Тірілікте бұл қорлықты көрмейін деп, 
Тайынбай жауға соққы берейін деп. 
Дұшпанға ыза кернеп, қарсы шаптым, 
Майданда шейіт болып өлейін деп. 
 
Қалмақпен ұрыс салдық аянбай-ақ, 
Аялдап алды-артыма қарамай-ақ. 
Мені көріп, жастар да аттан салды, 
Ойратты шабақтадық аямай-ақ. 
 
Жүрекке шабыншылық салды жара, 
Бөлінді ел бір-бірінен дара-дара. 
 

 
88 
Жоңғармен ұлғайсам да кескілестім, 
Тағдырдың жазуына бар ма шара? 
 
Пендеге опа болмас дүние жалған, 
Жау үшін қазақ құны арзандалған. 
Майданда Алла сақтап жарылмады, 
Төбесі дулығамның маржандалған. 
 
Атаның еркін өсіп дәулетінде, 
Бөленіп сән-салтанат сәулетіне. 
Сарбазсыз жолаушылап жүрсем-дағы, 
Қаймықпай шығып жүрдім жау бетіне. 
 
Көргенде Хорос, Шорос, Білеуітті, 
Убашы, Ұраңқай мен Телеуітті. 
“Әкелген жұртыма апат сұмырай”, - деп, 
Іштегі кәрі кегім қайнап кетті. 
 
Құрымай енді дұшпан бізге күн жоқ, 
Ерлердің жүрегіне түсірген шоқ. 
Халқымды қансыратқан малғұндардың, 
Қадалттым жауырынынан дәлдеп қол оқ. 
 
Айналды зор шайқасқа ұрыс соңы
Жаңбырша жауып кетті қалмақ оғы. 
Дұшпандар оқ бората бастағанда, 
Шегінді шығын болмай қазақ қолы. 
 
Кең дала толып кетті айғай шуға, 
Қазақтар паналады тоғай-нуға. 
Соғысқан қалмақтармен біздің ғаскер, 
Болды ғой тірелгендей от пен суға. 
 
Қалжырап күші азайған есіл халық, 
Мәңгірді соғыс, аштық жүдеткелі. 
Көлігін қолда барлар пайдаланып, 
Бет қойды Сарыарқаға тез жеткелі. 
 
Жанына қиыншылық қатты батып, 
Азаптың улы дәмін бәрі татып. 
Қажыды азығы жоқ шұбырған жұрт, 
Әр жерде аш, жалаңаш қона жатып. 
 
Бұл заман, қай-қай заман, мыстан заман, 
Қазақты әлсіреткен дұшпан заман. 
Шұбырғанда ізіңнен шаң борайды, 
Қар жауған қантардағы қыстан жаман. 
 

 
89 
Қанданды қазақ атам кең даласы, 
Өлік пен ашқа толды сай-саласы. 
Құтқармақ елді апаттан болсадағы, 
Әнеттей жолда қалды жұрт данасы. 
 
Құрсауын Торғауыттың бұзып өтті, 
Қазақтар қоршаудағы бәрі кетті. 
Жеткізбей халхиларға кеткен елдің, 
Біразы Сарысуға барып жетті. 
 
Келтірдің жұртыма індет қатты, құдай, 
Қара жер ел табанына батты, құдай. 
Жаяудың жүрсе аяғы ауырады, 
Халқыма қимадың ғой атты, құдай. 
 
Зор апат Үш жүз ұлын тентіретті, 
Жұртымның бақ, береке, құты кетті. 
Жал-жая, қазы-қарта жеген қазақ, 
Дариға-ай, шөп тамырын қорек етті. 
 
Жоқшылық меңдеткен соң адам жұқа, 
Шекпенге өш болады тікен, бұта. 
Қазағым шөп тамырын қорек етіп, 
Қампайтты ішін сумен жұта-жұта. 
 
Бейнетке жол-жөнекей әбден батып, 
Тоқтайды дем алмақ боп аздап жатып. 
Қоршаудан шықса-дағы мекені жоқ, 
Ойлайды жан сақтауды басы қатып. 
 
Көсемдер қайғыланды қатты налып, 
Жарымжан, кемтар-ауру жолда қалып. 
Өгіз, тайлақ мінгендер қуанысып, 
Шұбырды Арқа жаққа қашқан халық. 
 
Өкшелеп артымыздан бізді қуып, 
Жетуге қалмақ қолы қалды жуық. 
Жауға дәлдеп шірене садақ тарттық, 
Қалдық деп бір күн өліп, бір күн туып. 
 
Қалмады соңымыздан кәпір қалмақ, 
Тағы да түсірмек боп ауыр салмақ. 
Бұршақша қорғасын оқ жаудырды олар, 
Қоярдай қалған елді бірден жалмап. 
 
Мен талай жау шебіне салғам ойран, 
Ісіме Үш жүз ұлы қалған қайран. 
 

 
90 
Атақты Ер Толыбайдан тусам-дағы, 
Тимей тұр тозған жұртқа ешбір пайдам. 
 
Қазаққа болмасам да үлкен тұтқа, 
Насихат тағы да айттым барша жұртқа. 
Жырымды шегінген қол қабыл алды, 
Кезігіп тұрса да аштық, соғыс, жұтқа. 
 
Ел намысын қозғадым, 
Ұзақ сөйлеп созбадым. 
Қайрат беріп ерлерге, 
Бұлайша бір толғадым. 
 
Өртеңге шыққан жас шөптей, 
Еркелеп өскен ұлдарым. 
Дұшпандарға бас име, 
Құламасын тіккен туларың. 
 
Жау келді деп қайғырма, 
Табаныңды тайды ма!? 
Жебе барат қалмаққа, 
Естеріңнен айырыл ма?! 
 
Ұрандап шық майданға, 
Қолдағы сеніп сайманға. 
Жау таңқалсын мылтықты, 
Тапқан ақыл-айлаңа. 
 
Бақыт қонбас тайғанға, 
Сес көрсетіп жайнаң да. 
Абдырама ерлерім, 
Қалмақ қанат жайғанға. 
 
Қас ойлаған кәпірдің, 
Қабыл болмас тобасы. 
Естен кетпес қазаққа, 
Иттердің салған жарасы. 
 
Қалмаса да соңыңнан, 
Берме намыс қолыңнан. 
Аянбай ұрыс салыңдар, 
Бөгей алмас жолыңнан. 
 
Қалдырармыз Қалмақты, 
Аударып тастап салмақты. 
Тойтарайық жауызды, 
Құрсаулатпай жан-жақты. 
 

 
91 
Батырлардың ағасы, 
Қырықта жас шамасы. 
Қорған болар халқыма, 
Бөгенбайдай панасы. 
 
Қанжығалы Арғын Бөгенбай – 
Алтынды тонның жағасы. 
Осы күнгі сардардың, 
Бәрінен артық бағасы. 
 
Бес жасы кіші Бөгеннен, 
Албанның ері Ханкелді. 
Бөлінсе де жұртынан, 
Бастауға жарар ғаскерді. 
 
Тазартылар күн туар, 
Қазақтың кең даласы. 
Ел қорғаны ұл туар, 
Жоңғардың құрыр шарасы. 
 
Жазығы жоқ қазақтың, 
Батырлар болар панасы. 
Жұртты қырған Ойраттың, 
Жыртылар әлі-ақ жағасы. 
 
Қазақтар түйіп қабағын, 
Жаудың орып тамағын. 
Қайта тартар қалмаққа, 
Өздері тартқан табағын. 
 
Быт-шыт қып шебін, қамалын, 
Кәпірдің тауысып амалын. 
Қазағым жерін тазартып, 
Тайдырар дұшпан табанын. 
 
Қайтарылар жерлерің, - 
Тау, орман, өзен, көлдерің. 
Болашағы үшін ел-жұрттың, 
Ұрысқа шық ерлерім! 
 
Ту көтеріп, ұран сап, 
Шығарып жаудың ойранын. 
Желбіресін құлпырып, 
Бөрілі жасыл байрағың. 
 
Халқымның соры арылып, бағы жансын, 
Дұшпандар топырақ қауып, жер жастансын. 
 

 
92 
Үш жүздің жауыз Қалмақ соққысын жеп, 
Айырылып жер-суынан қайғылансын! 
 
Қолынан ата жаудың дәулет кетсін, 
Жай түсіп, елі-жұрты құрып бітсін! 
Талқандап Қалмақтарды мекенінде, 
Қазағым желбіретіп туын тіксін! 
 
Келеді көп ұзамай ондай заман, 
Азамат тізе қосып, жүрсе аман. 
Ұшырап бейбіт жұрттың қарғысына, 
Қалмақтың көрер күні болар жаман! 
 
Мұны естіп өңкей боздақ қайраттанды, 
Сарбаздар көңілденіп, бек шаттанды. 
Ілгері қалмақ қолын жүргіздіртпей, 
Жігіттер садақ тартып, айбаттанды. 
 
Көрсетті өндірлерім жауға айбын, 
Тарқады оны көріп, шер мен қайғым. 
Сарбаздар жылдам қол оқ лақтырғанда, 
Бәрінен қашты дұшпан дөң мен сайдың. 
 
Батырлар халхиларға шегіп айбат, 
Көп бөгеп Қалмақ жолын қылды қайрат. 
Хорос, Шорос, Білеуіт жабылса да, 
Күллісін қазақ қолы шықты жайпап. 
 
Жендеті Сібе, Ұраңқай сасып қалды, 
Убашы, Торғауыттар жасып қалды. 
Қолма-қол шайқасқанда жауын қырып, 
Көңілі ерлерімнің тасып қалды. 
 
Біздің жақ бірме-бірде басым түсті, 
Қылыш пен найза ұрыста асып түсті. 
Алысып қалмақтармен ұмар-жұмар, 
Көрсетті бұл майданда жауға күшті. 
 
Өзім де “Ошыбайлап!” ұран салдым, 
Дұшпанның қорлығына назаландым. 
Қасық қаным қалғанша соғыспақ боп, 
Қалмақтың батырларын найзаладым. 
 
Майданда ақыл-естен адасқанда, 
Өлшеусіз ерік бердім алдаспанға. 
Наркескен мойнын қиды талай жаудың, 
Өзім мен жан-жарыма жармасқанда. 
 

 
93 
Жаным менің ерлерден ардақты емес, 
Өткен күн көз алдымда жай бір елес. 
Жүз жиырма төрт мың пайғамбар мен 
Отыз үш мың сахаба да дүниеден өткен, 
Солардан Қожаберген артық емес. 
 
Дүние опасы жоқ жалған екен, 
Бізден басқа да ерлерден қалған екен. 
Өліп кетсем, соғыста шейіт болам, 
Үйде өлмей, түзде өлген арман екен. 
 
Ашамайлы керей ішінде Көшебемін, 
Жорыққа он жетімнен төселгенмін. 
Жекпе-жек Қалмақтармен шыққан шақта, 
Желкесін қидым талай ерсінгеннің. 
 
Бұл сөзім менің айтқан жалған емес, 
Өтірікке ерлік арым барған емес. 
Алпыс бірге келгенше бірме-бірде, 
Жау дендеп, ат сауырына салған емес. 
 
Бұл да болса, құдайдың бергені де, 
Атқардым қолдап істің келгенін де. 
Аллаға шүкір, беделсіз болған емен, 
Түсінем жұртым, маған сенгенін де. 
 
Атқарып тәуір жұмыс елшілікте, 
Ұнадық ер атанып көпшілікке. 
Айырылып қасыма ерген төрт боздақтан, 
Тап болдым дәл бүгін мен кемшілікке. 
 
Зор апат болатынын білген жоқпыз, 
Кем тұтып, ғарыптерге күлген жоқпыз. 
Кез болдық абайсызда бұл індетке, 
“Ертегі” тыңдайық деп жүрген жоқпыз. 
 
Батыр деп түсіп жұрттың ықыласы, 
Болып ем жас шағымнан ордабасы. 
Кешегі қамал бұзған жиырма бесте, 
Сыйлап еді мұсылманның кәрі-жасы. 
 
Жерлерім-Ертіс, Есіл, Тобыл бойы, 
Елімнің жайылушы еді ешкі-қойы. 
Күн туып, ата жаудан кек алатын, 
Қалмақтың іске аспасын харам ойы. 
 
Белгілі мырзалықпен жұртқа жайлы, 
Орта жүз Керейде елім Ашамайлы. 

 
94 
Есепсіз көп өсіп еді тайлақ-тайы, 
Болған соң жер-суы оның тым жағдайлы. 
 
Жағасында түйе қаптаған, 
Суы тұзды көлім-ай. 
Қалың жылқы жайылған, 
Жап-жасыл жазық жерім-ай. 
 
Желіге құлын байлаған, 
Жомарт қолды ерім-ай. 
Ит жүгіртіп, құс салған, 
Бетегелі белім-ай. 
 
Үйрек ұшып, қаз қонған
Айдын шалқар көлім-ай. 
Дағдарып тұрмын бүгін мен, 
Бетпақтың қуаң шөлінде-ай. 
 
Бір-бір ұштың көзімнен, 
Теріскей Арқа жерім-ай. 
 
Тірімісің, бармысың, 
Қатар өскен теңім-ай. 
Тұлпар мініп, ту ұстап, 
Кернейлеткен бегім-ай. 
 
Көкпар тартып, сайысқан, 
Жасыл алқап дөңім-ай. 
Күн туарма дұшпаннан, 
Қайтатұғын кегім-ай. 
 
Қайран Керей елім-ай, 
Көк шалғын Сібір жерім-ай. 
Кір жуып, кіндік кескен жер, 
Кетем бе, сені көре алмай. 
 
Білмедім жолда мұндай сор боларын, 
Апаттың қазақ үшін зор боларын. 
Орта жүз Керей-дағы аудыма екен, 
Кім біледі істің алда не боларын? 
 
Орнымда қалып еді жасақ бастап, 
Ел басшысы сайлап ем, халқым қостап. 
Жаудан жұртын жүрме екен қорғап аман, 
Қуатым, сүйенішім інім Асқап? 
 
Өтежан, Қарабас би, Тобыш ағам, 
Үш ағам аман ба екен жау оғынан. 

 
95 
Көрем бе туған елді, көрмеймін бе, 
Биылғы жаудың беті өте жаман. 
 
Дариға-ай, туған жерден алыс қалдым, 
Белгісіз не болары біздің халдың. 
Тірі боп елмен бірге кездесерме, 
Үйдегі он ұл, бір қыз балапаным? 
 
Тарығып ұзақ жолда тарттым бейнет, 
Туатын күн болар ма, бізге зейнет. 
Қолында аға-інімнің аман-ба екен, 
Ең кенжем – жалғыз қызым, құлыным Зейнеп. 
 
Үш ағам кәрілік жеңген қария еді, 
Ақылға, ерілікке де дария еді. 
Бүл күнде жетіп, тақтан тайды, 
Әйтпесе даңқы көпке жария еді. 
 
Қызығын жаулар көрді жиған малдың, 
Нақақтан қанын төгіп талай жанның. 
Біз кеткенде, жорықта жүрген бес ұл, 
Шіркін-ау, тірімісің, қайда бардың? 
 
Зәресін алып еді сан дұшпанның, 
Келтіріп тәубасына басынғанның. 
Еділ жаққа қол бастап кетіп еді, 
Тұңғышым, есен бе екен Әди жаным? 
 
Қорғаны болып еді жан мен малдың, 
Қазақта басшысы еді сері-салдың. 
Арқаға ғаскер бастап барып еді, 
Жүр ме екен, аман-есен, Дәстем жаным? 
 
Аққас көл, Қарақас көл арасында, 
Бас қосып Жаңбыршы жал ағашында. 
Отырар шұбат ішіп күн болар ма, 
Үлгі айтып Керей-Уақ баласына? 
 
Қоян жыл дәл алпыс бір мүшелім ғой, 
Жасымнан сардар болған кісі едім ғой. 
Көрші елге елшілікке ылғи барып, 
Халқыма адал қызмет істедім ғой. 
 
Кезінде сардар болған сансыз қолға-ай, 
Керейде менің әкем сыншы Толыбай. 
Жетсекте бұрын талай жеңістерге 
Жолықтық бүгінгі күн күші зорға-ай. 
 

 
96 
Тайынбай қарсыласып қалың жауға, 
Шықтық қой қоршау бұзып қалмай жауда. 
Майданда өлсем, әйтеуір шейіт болам, 
Дұшпаннан қорқып жанды етпен сауға. 
 
Кешегі жас өспірім балғын шақта, 
Оқыдым медереседе Самарқандта. 
Жеті жыл ғұламалардан дәріс алдым, 
Меңгеріп үш-төрт тілді дер уақытта. 
 
Екі жыл Бұхарадан және оқыдым, 
Ие боп зерек шәкірт деген атқа. 
 
Өнерге жас шағымнан құштар болғам, 
Самарқанд, Бұхарадан білім алғам. 
Атанып үздік шәкірт қатарымда, 
Ең үлкен медересесін тәмамдағам. 
 
Ерлікпен мағылұм болдық алыс-жатқа, 
Ән шырқап, қобыз тарттық көңіл шатта. 
Бітіріп медересені шыққаннан соң, 
Имам боп он жетімде міндім атқа. 
 
Он сегізде әйгілі балуан болып, 
Он тоғызда іліндік батыр атқа. 
Жиырмада имам болмай, ақын болып, 
Сыймайтын іс жасадым шариғатқа. 
 
Артықша болмаса да айла-амалым, 
Қайтардым бетін талай қас дұшпанның. 
Кешегі әз Тәукенің заманында, 
Сан рет тайдырып ем жау табанын. 
 
Тіліне араб, парсы болдым жетік, 
Оны да қолданбадым өнер етіп. 
Шамамша ел қорғаны-батыр болып, 
Мен жүрдім қазағыма қызмет етіп. 
 
Мекендеп Тобыл, Үшбұлақ екі арасын, 
Қазақтың жырға бөлеп ен даласын. 
Сауықшыл Орта жүздің Керейі едік, 
Ұш жүздің жат көрмеген еш баласын. 
 
Бұла өсіп ағалардың арқасында, 
Айналып аға- жеңгем марқасына. 
Жорықтан ұтқын етіп ел әкелген, 
Қалмақтың көз салмаушы ем қалқашына! 
 

 
97 
Адам деп өн бойына өнер жиған, 
Ел іші деп атайды мені имам. 
Жорыққа он жетімнен араласып, 
Болғам жоқ  қожа, софы, молда, ишан. 
 
Хат танып, дін исламның білімін алғам, 
Жұртыма насихатшы жырау болғам. 
Әз Тәуке дәуірінде сардар болып, 
Ту ұстап, тұлпар мініп, қол басқарғам. 
 
Қай заман, мына заман, бағы заман, 
Болар ма баяғыдай тағы заман. 
Қара орман – туған жерім алыс қалып, 
Көлдария көздің жасын ағызамын. 
 
Жорықта еді қос немерем – Меңгер, Сапа, 
Тар жерде соларды ойлап болдым қапа. 
Өзім де ұзақ жолда мандымадым, 
Айрылып төрт батырдан шектім жапа. 
 
Жау қалмақ шапты талай ауылдарды, 
Халқымның тұрмыс – халы ауырлады. 
Алдырмай жауыздарға елге жетіп, 
Көрем бе, аға-іні, бауырларды. 
 
Ажырады ұл атадан, қыз анадан, 
Қырылды ел соққы көріп қалмақтардан. 
Дариға-ай, қазаққа Алла қуат беріп, 
Кек алар күн туар ма дұшпандардан?! 
 
Арғы атам – Ордабасы Дәулен батыр, 
Еділге, Алтайға да тіккен шатыр. 
Қараған Қазақ, Естек қоластыңа, 
Аруағың жебеу болмай, қайда жатыр?! 
 
Лақтырып жауға қол оқ ерлер жылдам, 
Турадық дұшпанды ұстап сай-жылғадан. 
Қарамай қысаңшылық ауыр күнге, 
Халқымның мұңын айтып, өлең қылғам. 
 
Өткеріп бастан бәрін шатақтардың, 
 
Ісіне көп күйініп жалтақтардың. 
Асқанға да бір зауал болар ақыр, 
Быт-шытын шығар ғар жұрт қалмақтардың. 
 
Көрмессің сұм қалмақтай тым қаталды, 
Болса да сонша қатал көп маталды. 
 

 
98 
Қалмақты қазақ бөгеп, тойтарған жер, 
Сол күннен “Қалмақ қырылған” деп аталды. 
 
Қазақтың қамсыздығын жаулар сезген, 
Тыңшысы қалмақтардың елді кезген. 
Шал-кемпір кейпінде боп жер шарлаған, 
Санақшы тұтқындалды жаннан безген. 
 
Қалмақтың санақшысы қолға түсті, 
Қысымға ап көрсетіп ек оған күшті. 
Баяндап қару-жарақ, ғаскер санын, 
Қалдырмай айтып берді керек істі. 
 
Қазақтар қаша көшіп ұрыс салды
Бетпақта адастырды қалмақтарды. 
Арқаға күнгейдегі қазақ ауып, 
Шу, Талас, Сыр, Қаратау жауда қалды. 
 
Тарақты Ер Байғозы қолдың басы, 
Жиырманың алтауына келген жасы. 
Бұл-дағы Кіші жүзге күйсу екен, 
Ерлігін көрді елдің кәрі-жасы. 
 
Қатысты Кіші жүзден Тайлақ мерген, 
Сұлатты көздегенін атқан жерден. 
Бір мерген Саңырық атты жараланды, 
Тайлақтың жолдас болып қасына ерген. 
 
Екеуіде Кіші жүзде Шекті еді, 
Қалмаққа әуел бастан кекті еді. 
Ағасы Тайлақ мерген Байрақ, Қайрақ, 
Оларда жүрек жұтқан бетті еді. 
 
Баласы Бекежанның мерген Тайлақ, 
Садақпен жау қалмақты атты байлап. 
Ағасы оның Қайрақ ғаскер жинап, 
Дұшпанға қарсы аттанған қару сайлап. 
 
Әйгілі Тайлақ, Саңырық батыр емес, 
Найза ұстап, жекпе-жекке шыққан емес. 
Өзгеше мергендікпен көзге түскен, 
Болмаса қылыштасып етпес-егес. 
 
Байғозы қолма-қолда екен күшті, 
Ер болып,жеке шығып,көзге түсті. 
Атысқа ғадеттенген қалмақтардың, 
Бепе-бет кездескенде зәресі ұшты. 
 

 
99 
Тұсында “Таңбалы тас” болып шайқас, 
Қазақтар ата жаумен салды айқас. 
Қалмақтар үсті-үстіне оқ боратты, 
Дегендей Үш жүз ұлы көріп байқас. 
 
Соғысып осы жолы байқасқанда, 
Қаймықпай басқыншымен айқасқан да. 
Қалмақтар жеме-жемде ұта алмады, 
Қолма-қол қазақтармен шайқасқанда. 
 
“Айнакөл” жағасында қырғын болды, 
Қанды ұрыс екі жаққа қиын болды. 
Орта жүз, Кіші жүз боп қарсыласып, 
Қалмақтан алты мың жан шығын болды. 
 
Тоқтаусыз келе берді қалмақ қолы, 
Қанданды ол иттердің жүрген жолы. 
Сескендік ерлер, құрал аздығынан, 
Әлсіз боп қалған жасақ оң мен солы. 
 
Қамданған жасақ жиып тігіп шатыр, 
Қолбасшы Әбілхайыр қайда жатыр? 
Сәмеке, Ғайып, Болат, Әбілмәмбеттің, 
Жәрдемі бар қазаққа тимеді ақыр. 
 
Көп күттік Әбілхайыр келеді деп, 
Тосыннан жауға соққы береді деп. 
Алайда, көмекші қол көрінбейді, 
Қорықтық халық түгел өледі деп. 
 
Көрінген батыр сұлтан сөзі майда, 
Мақтанған жайшылықта Барақ қайда? 
Қытай мен орыстарды мақтаушы еді, 
Тапты екен сол жұрттардан қандай пайда? 
 
Әйтсе де көп боп қазақ өлермені, 
Қалмақтың ойға қалды елермені. 
Жоңғарлар мылтықтан оқ жаудырса да, 
Көрінді екі жақтың теңелгені. 
 
Кіші Арғын Қараманның әулетінен, 
Бар екен жүрген батыр өз бетімен. 
Есімі сол сабаздың жас Бөгенбай, 
Мойымас айырылса да дәулетінен. 
 
Ер шыққан Кіші Арғыннан жас Бөгенбай, 
Көңілі қалмақ десе тас Бөгенбай. 
 

 
100 
Дұшпанға бір бүйірден келіп тиді, 
Арғынның жасағына бас Бөгенбай. 
 
Дұшпанға қарсы тұрды Арғын қолы, 
Кесілді еріксізден жаудың жолы. 
Айнакөл жағасында тоссақ-тағы, 
Келмеді Әбілхайыр жиған тобы. 
 
Шегініп Үзкент жаққа болдық бармақ, 
Үзкентті болды ойымыз қорғап қалмақ. 
Аспаннан тілегенді жерден берріп, 
Бөгенбай болды жауға қанды қармақ. 
 
Бөгенбай болды жұртқа үлкен сүйеу, 
Болмады Үш жүз үшін енді күйреу. 
Әбілхайыр сұлтанға ол кейіді, 
Болса да төрелерге өзі күйеу. 
 
Баласы Қожакенің Бөген сардар, 
Қолда деп бұл майданда паруардигар. 
Ат қойды Үзкентке кеп Жоңғарларға, 
Жауларға кезек келді қырғын табар. 
 
Бес мыңдай жау қырылды Үзкент жақта, 
Екпіндеп баса-көктеп келген шақта. 
Тойтардық Сарысуда қалмақ қолын, 
Дұшпандар өте алмады батыс жаққа. 
 
Бұл жерде Төлегатай бейіті бар, 
Қасында қайын атасы Қылышты дегдар. 
Бейітіне екі асылдың құран оқып, 
Қолдасын дедік бізді әруақтар. 
 
Төлегатай Қылышты софы қызын апты, 
Мекендеп Үзкент маңын тұрып қапты. 
Ұлғайған да аулақтап өз жұртынан, 
Үзкенттегі қоныста дүние сапты. 
 
Төлегатайдың екінші бәйбішесінен 
Туған ұлдар Балталы, Бағаналы. 
Ел болып кейін олар өсіп-өніп, 
Қонысқа Үржар екен таңдағаны. 
 
Қалмақ келіп шапқанда, олар да ауған, 
Сарысуға өтіпті қашып жаудан. 
Көбі аман қалыпты бұл жұрттардың, 
Құтылған балықтай боп құрған аудан. 
 

 
101 
Қылышты софы қызынан туған екен, 
Балталы, Бағаналы деген ерлер. 
Екі асылдың батасы қабыл болып, 
Олардан тарап кеткен талай елдер. 
 
Жарылғап, Жанкісі байлар туған екен, 
Жұртының басты адамы Өтемістен. 
Сол арада жолығып дидарластық, 
Бағаналы мырзасы Өтеміспен. 
 
Бейітке дұға оқып, шықтық түнеп, 
Аруаққа көп сиынып, тілек тілеп. 
Арқаға өтуге елге басшы болдық, 
Аштықтан қалса-дағы халық жүдеп. 
 
Құтылу үшін жаудан болып азат, 
Шыдатпай шапшаңдата тарттық садақ. 
Қалмақтың соңға түскен жендетіне, 
Тигіздік мірдің оғын дәлдеп қадап. 
 
Атсада дәу мылтықтан бізге допты, 
Желігіп жаудырса да жұртқа оқты. 
Қазақтар бұрылып кеп бас салғанда, 
Еріксіз қалмақ қолы жеді соққы. 
 
Ілгері жаулар қадам баса алмады, 
Бөгелді Сарысудан аса алмады. 
Ащыкөл, Телікөлде қырылды олар, 
Үш жүздің қанын шаша алмады. 
 
Қайғырып қазақ елі шекті уайым, 
Зор апат төмендетіп хал-жағдайын. 
Жырымды әрі қарай ұластырып, 
Азырақ қайын жұртты баяндайын. 
 
Сүйген жарым Айшаның, 
Асыл тегін сұрасақ. 
Білмек болып жарандар, 
Шежіреден қузасаң. 
 
Сауал қойсаң біздерге, 
Үш жүздің деп қай ұлы? 
Кіші жүз – Алшын ішінде, 
Он екі ата Байұлы. 
 
Байұлыға жататын 
Есентемір деген ел еді. 
 

 
102 
Сырдарияның бойында, 
Мекені – Бестам жері еді. 
 
Ерлер шыққан бұл елден, 
Жұртқа басшы киелі. 
Қоныстанған жерінің 
Шұрайлысы еді Шиелі. 
 
Жігіттері жауынгер, 
Шеттерінен бөрі еді. 
Жұтқызған жауға қайғы-шер, 
Қамалға шапқан ер еді. 
 
Алдынан өрген малының 
Есебі жоқ көп еді. 
Ғарыптерге қайырымды, 
Етек-жеңі кең еді. 
 
Айырылып ата қоныстан, 
Бет қайтқан соң соғыстан. 
Дәу мылтықты дұшпаннан, 
Есентемір жұрты ығысқан. 
 
Жағалбайлы, Жаппас пен 
Есентемір, Кердері. 
Орал тауға көшпекші, 
Жаулары шайқап іргені. 
 
Алшынның әйдік шешені, 
Есентемір елі көсемі – 
Қайын атам Қабылан би, 
Ақылға дихан кісі еді. 
 
Қатарында ер еді, 
Азулы жанның бірі еді. 
Қартайса да беделді, 
Кіші жүзге бел еді. 
 
Айла-амалға кемел-ді, 
Баурап көрші-көлемді. 
Топтастырды маңына, 
Жігіттерді өнерлі. 
 
Көп қиындық көрсе де, 
Алдағы істі білсе де. 
Дайындалды сапарға, 
Сексен беске келсе де. 
 

 
103 
Жағалбайлы көсемі, 
Сансызбайұлы Төспенен. 
Ақыл қосып екеуі, 
Көшейік бар да ес деген. 
 
Алла, Әруаққа сиынып, 
Тас түйін боп жиылып. 
Қару-жарақ асынды, 
Еретін жұртқа бұйырып. 
 
Салқынданып сұрғылт күз, 
Күннің көзін бұлт басты. 
Тозған елге басшы боп, 
Жағалбайлы, Жаппасты. 
 
Есентемір, Кердері, 
Жұртын бұлар бастап ап. 
Бірі – кәрі, бірі – жас, 
Сөздерін қауым қостап ап. 
 
Амалсыз тастап Сыр бойын, 
Орал тауға бармақ боп. 
Шоғырланды төбеге, 
Көшпек болған жиын-топ. 
 
Ту көтеріп көсемі, 
Соңына ертіп көп елді. 
Тәуекелге бел буып, 
Көшті бастап жөнелді. 
 
Жағалбайлы Төс батыр, 
Өз халқына ес батыр. 
Жиырма алтыда жасы бар, 
Қалмақтарға өш батыр. 
 
Сансызбайдың өзіндей 
Көрсеткен жауға сес батыр. 
Үзкентте болған ұрыста, 
Қалмақты қырған гүж батыр. 
 
Кетерінде қиналды ел, 
Қоныстарын қия алмай. 
Бәрі де жұрттың жылады, 
Көз жастарын тия алмай. 
 
Көз жасын төкті ел мен ер, 
Іштеріне толып қайғы – шер. 
 

 
104 
Аударып табан көшсе де, 
Орал тауы шалғай жер. 
 
Орал таудың күнгейі –  
Кіші жүз Әлім жері еді. 
Алшынның Әлім тайпасы, 
Алты аталы ел еді. 
 
Шықса да талай қарсы қалың жауға, 
Шабақтай болды оралған құрған ауға. 
Кіші жүздің төрт руы бетін бұрды, 
Ырғыз, Ор, Ойыл, Елек, Орал тауға. 
 
Беттеді көлігі барлар әр бағдарға, 
Бет қойды біраз Алшын Мұғаджарға. 
Күнгейлік Кіші жүздер бел байлады, 
Бармақ боп жер кіндігі – Сарыарқаға. 
 
Билері үш Алшынның көп кеңесті, 
Бір тобы Сарыарқаға барам десті. 
Сыр бойы, Қаратау да қоныс болмай, 
Ілесіп Орта жүзге Алшын көшті. 
 
Шығысын Сарыарқаның қалмақ алды, 
Балқаштың айналасын қоныстанды. 
Баян тау, Ереймен мен Қарқаралы, - 
Бәріне Жоңғарлар кеп салық салды. 
 
Мекені еді Арғын-Қыпшақ, Тарақты елі, 
Арқаның Қытайлар аспас сары белі. 
Тапталып дұшпан аты тұяғына, 
Қазақтың қор болды ғой жасыл жері. 
 
Ташкент пен Түмен шаһар араларын, 
Орман, тау, өзен, көлді далаларын. 
Қыс қыстап, жазда жайлап, еркін өсіп, 
Ту ұстап, тұлпар мінген шораларым. 
 
Түркістан, Сайрам, Тараз, Ташкент маңын
Мекендеп Орта жүздің халқы қалың. 
Ежелден қоныс етіп, егін салып, 
Өсірген қой мен түйе, жылқы малын. 
 
Осындай кең байтақты мекен еткен, 
Орта жүз бүгін жаудан жапа шеккен. 
Айырылып ата қоныс, мал-мүлкінен, 
Тұрмысы жұртымыздың кері кеткен. 
 

 
105 
Аумаған көп аймақта ел қалмаған, 
Халқымды қалмақ оғы көп жалмаған. 
Сандалған саудагердің айтуынша, 
Арқаның Батыс жағын жау алмаған. 
 
Жан-жақтан Сарыарқаға ел құлады, 
Қуылып қыстауынан зар жылады. 
Қиналған мекен таппай жаяу-жалпы, 
Шұбырып жүрген ізін жол қылады. 
 
Ит жоңғар шабуылдады бірнеше ұдай, 
Қоршауды бұздық, қолдап аруақ-құдай. 
Ертіс, Есіл, Тобылға жетпек болып, 
Келеміз Айша екеуміз жүріп тынбай. 
 
Ақса да соғыста қан ағын судай, 
Арқаға қазақ көшті улай-шулай. 
Аштарға аттың бірін сойып беріп, 
Аттандық көңілденіп ерлік буға-ай! 
 
Құрбан қып шалған атым күрең жорға, 
Біз тарттық ауыр бейнет ұзақ жолда. 
Көңілге Айша екеуіміз медеу еттік, 
Бар ғой деп атысатын мылтық қолда. 
 
Солмаған жоқшылықта біздің көрік, 
Дулыға басымдағы темір бөрік. 
Найзаға ту байламай жүрген емен, 
Жасыл ту он жетімнен болдың серік. 
 
Бөрінің басы, жарты аймен 
Жұртымның туда белгісі. 
Байрақты ондай ұстайды, 
Қол бастаған ер кісі. 
 
Майданды бастан кешіру –  
Жүректі жігіт белгісі. 
Табанды болса сардардың, 
Өрге басар әр ісі. 
 
Жақсының бала кезден алдын көргем, 
Қаймықпай қалмақтарға майдан бергем. 
Ер Көкше, Ер Есімді хисса еткен, 
Керейдің жырауы мен – Қожаберген. 
 
Сыйынып аруақ пенен Жаббар хаққа, 
Мінгестік Айша екеуіміз ақ боз атқа. 
 

 
106 
Құтылып жаудан алыс кете бардық, 
Әйтеуір тұтқын болмай ит қалмаққа. 
 
Амалдап қамшы бастық ақ боз атқа, 
Бет түзеп біз жөнелдік Арқа жаққа. 
Ауылға жетем деген зор үміт бар, 
Елімді жолықтырғай біздің баққа. 
 
Жетекте ілбіп келеді көкшұбар ат, 
Ертеден жылқы малы ерге қанат. 
Суына Сарысудың тысын жудық, 
Болған соң үстімде қан ішік жанат. 
 
Өтуге Сарысудан етіп амал, 
Сол жерде қамыс буып жасадық сал. 
Салға отырып, аттарды жетектеп ек, 
Өзеннен малтып өтті жануарлар. 
 
Аттанып Сарысудан терістікке, 
Келеміз жадырамай кейістікте. 
Сөйтсе де тілек тілеп, сөз сөйледім, 
Шыққанда Арқадағы кеңістікке. 
 
Алладан енді тілегім, 
Сақтап бізді саламат. 
Еліме аман жеткенше, 
Денеме салма жарақат. 
 
Алпыс бірге келгенде, 
Кездесті бізге бұл бейнет. 
Күдерімізді үзбейік, 
Туар алда күн зейнет. 
 
Көп қайғырма Айшажан, 
Жетерміз елге амалдап. 
Құтылармыз ұрыс сап, 
Келсе де қалмақ қамалап. 
 
Тілеуін көптің тілейік, 
Ел-жұртпен бірге жүрейік. 
Қан майданда соғысып, 
Ұлғайсақ та көрейік. 
 
Көрерміз елді Айшажан, 
Тірі жүрсек саламат. 
Ауыр күн кетер қиналтқан, 
Құдай берсе зор қуат. 
 

 
107 
Батырлар мен көсемдер, 
Ғаскерін бастап ұрысқа. 
Майданда жауды еңсерер, 
Ерік беріп қылышқа. 
 
Соғыста күйреп, жау жусап, 
Сарбаздар жеңер ұран сап. 
Тазартылып жыртқыштан, 
Ұзамай қалар жер босап. 
 
Қысаңшылық жойылып, 
Халқымыз болар мүлде азат. 
Жағдайымыз жақсарып, 
Орнар заман шын ғажап. 
 
Баяғыдай сайрандап, 
Қымыз ішіп жайраңдап. 
Тұрмыстары түзеліп, 
Асыр салар жайнаңдап. 
 
Арылар бастан бар азап 
Қалмаққа төніп жұт, дозақ. 
Қалпына келер толқысып, 
Дәулетті болар бар қазақ. 
 
Уайымдама, Айшажан, 
Қалды деп боз ат шабандап. 
Жетерміз елге біз де аман, 
Құлжа атып жеп амалдап. 
 
Ауыстырып мінуге, 
Жарап қалды шұбар ат. 
Айырылмайық ақылдан. 
Болмасада көңіл шат. 
 
Қайғыра көрме ой ойлап, 
Қалармыз деп жаяулап. 
Есен болсақ жан-жарым, 
Барармыз жұртқа аяңдап. 
 
Бөгелмейік аялдап, 
Жүрсекте атпен баяулап. 
Ұзап шықтық алысқа, 
Жете қоймас ит қалмақ. 
 
Жағдайдың бәрін шамалап, 
Сулы жерді жағалап. 
 

 
108 
Жау мен жұт қабат қысса да, 
Бұрылмай артқа алаңдап. 
 
Орта жүздің ішінде 
Ашамайлы керейде. 
Жаудың кірген түсіне, 
Бөленіп ерлік мерейге. 
 
Толыбай сыншы баласы –  
Қожаберген жырау  ем. 
Сыйлаған елдің данасы, 
Қамалға шапқан шаһыбаз ем. 
 
Сібірде туған жеріме, 
Өзімнің туған еліме. 
Жеткенімше жыр жырлап, 
Өлеңнің кірдім кеніне. 
 
Көргем жоқ көпті жамандап, 
Бөлгем жоқ жұртты алалап. 
Барғанымша халқыма, 
Дастанды қойман тамамдап. 
 
Көрсеттің көпке қысым қатты, құдай, 
Қара жер қабырғама батты, құдай. 
Табаным жаяу жүрсем қажалады, 
Сусыз,шөпсіз ашықтырдың атты,құдай. 
 
Бұл заман, қай-қай заман, шұбар заман, 
Қазаққа жаулар торын құрар заман. 
Ертіс,Есіл,Тобылдағы туған елді, 
Көретін күн болар ма есен –аман?! 
 
Атсыз қап жұрт жүрісі шабан болды, 
Халқыма аштық, соғыс жаман болды. 
Басталып ел сұлауы Алакөлден, 
Ақтабан шұбырынды заман болды. 
 
Кез болған дұшпанк кәріне, 
Бала-шаға, кәріңе – 
Бағыштаймын хиссамды 
Қаза тапқан бәріңе! 
 
Қарт қолбасшың қайғырып, 
Қобыз ап қолға зарланған. 
Разы болсын аруағы, 
Өткендердің жалғаннан! 
 

 
109 
Аузына харам салмаған, 
Қиянатқа еш бармаған. 
Шейіт болған жандарға 
“Елім-ай” жырын арнағам. 
 
Қалған жан аман жүріңдер, 
Соғысып жаумен көріңдер! 
«Елім-айдай» хиссамды, 
Бәрің жатқа біліңдер! 
 
Сендері Алла жақтасын, 
Сұм ажалдан сақтасын! 
Тірі жүрген әлеумет, 
Өлгеннің кегін жоқтасын! 
 
Дұшпаннан кек алуға еттік шешім, 
Ел-жұрттан жасырамын мұның несін? 
Халқымның ауыр халін баян етіп, 
Жырладым апат күннің шежіресін. 
 
Жұртыма шал да болсам едім қорған, 
Қарғытым тұлпарымды терең ордан. 
Қайғырып қан майданда жыр шығарған, 
Керейде Қожаберген бабаң болам. 
 
Ұрпаққа өзім өлсем атым қалсын, 
Жырыма барша жұртым құлақ салсын. 
«Бабамның Қожаберген дастаны» деп, 
Ұмытпай кейінгі жас есіне алсын! 
 
 
*  *  * 
 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет