Қожаберген ақын Толыбай сыншыұлының «Елім-ай» тарихи эпопеялық
жырының екінші бөлімінің бас жағы.
Ортасы қазан айы болды міне,
Сұм соғыс жиіледі күннен-күнге.
Тамыздың ортасында басталды ұрыс,
Толастап көрген емес әлі күнге.
Мамырда қалмақ ашқан қанды майдан,
Майданнан көп елдердің бағы тайған.
Қазақтың шығыс жағын жоңғар жаулап,
Сол себеп көше қашқан Қоңырат – Найман.
Тамызда жау жасағы Сырға жетіп,
Бостырды көп ауылды зар еңіретіп.
110
Жан-жақтан дұшпан қолы қоршаған соң,
Халайық қатты састы, дегбірі кетіп.
Дәл екі ай Қаратауда болды соғыс,
Бермеді қанішер жау жұртқа тыныс.
Бақ кетіп, істеріміз кері айналып,
Дариға-ай, бұл кез елден қашты ырыс.
Алыстап майдан жерден шықтық ұзап,
Артымнан ел де келеді ұбап-шұбап.
Сал жасап, Сарысудан ілгері өттік,
Жаратқан бергеннен соң бойға қуат.
Салымыз жалпақ етіп буған қамыс,
Сарысу көп жорықтан маған таныс.
Қарасы қалың жаудың көзге ілінбей,
Ұрыстан бұл күндерде қалдық қалыс.
Бұл шақта бөкен-киік ауып кеткен,
Құстар да жылы жаққа ұшып кеткен.
Есіркеп қиындықта Ақтың өзі,
Құлжа атып, тамақ қылдық шыққан беттен.
Құлжаның етін бөліп, азық еттік,
Қуанып бұған-дағы шүкір еттік.
Жөн сілтеп, босқын елге алда жүріп,
Қалжырап Сарыөзенге зорға жеттік.
Арқадан Қаратау мен Сыр бойына,
Бет алып шұбырған жұрт көрінбейді.
Арқадан Зерафшанға жазда ел ауған,
Еш жағдай одан басқа білінбейді.
Бұл жақта Орта жүздер алыс көшпей,
Дұшпанның шабуылына көп кездеспей.
Қалған жұрт Қорғалжынға жиналыпты,
Табысып туысқанмен безінбестей.
Қорғалжын аймағына топталыпты,
Қалмақпен соғысуға оқталыпты.
Би мен бек, хан мен батыр кеңес құрып,
Сол жерде көптің мұңы жоқталыпты.
Көбі елдің жер-суынан айырылыпты,
Шығын боп азаматы қайғырыпты.
Арқаның шығысынан тиген дұшпан,
Оларды қонысынан тайдырыпты.
111
Жасымнан көп шыққан саң сапарға алыс,
Жорықта жүрген жердің бәрі таныс.
Байқасам жеткен кезде ел жағдайын,
Панасы келген жұрттың қалың қамыс.
Құяды Қорғалжынға бірнеше өзен,
Осы өлке маған таныс жігіт кезден.
Ағалар дәулетінің арқасында,
Жасымда серілік құрып, жиһан кезгем.
Қамыс пен тоғайларды паналаған,
Барлығы жұрттың шымнан үй қалаған.
У-шусыз жиі-жиі қоныстанып,
Халайық өзен, көлді сағалаған.
Қорғалжын талай көлден құралады,
Ондағы ел мал асырап қуанады.
Бұл күнде кешегідей жұрт бай емес,
Сондықтан көп ауылдар сия алады.
Кейбіреу шым оя алмай кештеу қалып,
Кіретін баспалдақпен жер үй салып.
Құм төсеп, ішінде оның сыз болмасқа,
Күнелткен баспана қып барша халық.
Қуандым елдің шеті көрінген соң,
Қол ұшы шеткі ауылдан берілген соң.
Сәлемін топтың берген қабыл алдым,
Жұрт сыйлап, арқам бірден кеңіген соң.
Құрметпен кеп азамат ауыл жақтан,
Түсіріп бәйбішемді, өзімді аттан.
Қолтықтап екеумізді кіргізді үйге,
Еске алып, ерлігімді етіп мақтан.
Әр пенде өз халқына сенеді екен,
Тіршілікте ер елі-жұртын көреді екен.
Атағым жастайымнан жайылған соң,
Өзімді сырттай бәрі біледі екен.
Қарсы алып жібектей боп есілген соң,
Дем алдық, төрде отырып шешінген соң.
Жылы үйге енгеннен соң, мызғып кеттік,
Жадырап аяқ жазып көсілген соң.
Маужырап келген күні ұйықтап қалдық,
Екеуіміз бәйбішеммен тыныс алдық.
112
Ұйқыны бел шешініп қандырған соң,
Бой сергіп, есті жиып дұрысталдық.
Оянып ұйқымыздан беті-қол жуып,
Көңілді жадыраттық қалған суып.
Дастарқан жайып, алға табақ тартып,
Құрметпен үй жандары отыр жуық.
Таныссам үй иесі Арғын екен,
Арғында Бес Мейрам ел қалың екен.
Ішінде Бес мейрамның Қуандықтан,
Шыққан жас қатарында балғын екен.
Сұрап ем есімі оның Қасым екен,
Ақылы тең-құрбыдан басым екен.
Күн көрген жастайынан аң-құс аулап,
Ешкімге телмірмеген асыл екен.
Ас ішіп, ауқаттанып жайланған соң,
Асықпай әңгімеге айналған соң.
Жағдайын күнгейдегі елдің сұрап,
Кәрі-жас сауал қойып сайланған соң.
Бәрі айтты: сізді сырттай білеміз деп,
Құлаққа ерлігіңді ілеміз деп.
Даңқыңа баба сіздің бек шаттанып,
Әрдайым тілектес боп жүреміз деп.
Сұрады ақсақалдар майдан жайын,
Тыңдауға үлкен-кіші отыр дайын.
Әуелі өлеңменен естіртпек боп,
Өтіндім айтпақ болып мәні-жайын.
Сөйткенде көңілденді бізді тыңдап,
Хабарымыз әлеуметке әбден ұнап.
Алдымен ән-күй, жырмен білдіруге,
Үйдегі жәмиғаттар етті рұқсат.
Қадірлеп бәйбішемді, өзімді де,
Қатты аяп, есіркеді жүзімді де.
Ардақтап төрлеріне отырғызып,
Тыңдады ықылас қойып сөзімді де.
Мен сонда қобыз алып, ойға баттым,
Аздан соң «Елім-ай» деп, күйді тарттым.
Халайық көздеріне жас алғанда,
«Елім-ай» әнін шырқап, жырын айттым.
113
Аңғардым тыңдауға жұрт берілгенін,
Болған іс аянышты көрінгенін.
Елестеп күздегі апат алдарында,
Көздерден моншақтап жас төгілгенін.
Сонан соң аз кідіріп тыныс алдым,
Баяндап оқиғаны алғыс алдым.
Естіртіп жеңіс күні алыстығын,
Білдірдім ауырлығын біздің халдың.
Қару сай ер күшіне болмаған соң,
Қалмақты орыс, қытай қолдаған соң.
Быт-шыт боп жеңілгенін елдің айттым,
Дұшпандар дәу мылтықты қолданған соң.
Сұрап ем біздің елде келген екен,
Асқапқа бірі қалмай ерген екен.
Жетіпті Қорғалжынға малын айдап,
Жаратқан өзі жәрдем берген екен.
Мұндағы ел аштық көрген емес пенде,
Малдан да құр алақан емес кенде.
Бәрінің күнелтерлік азығы бар,
Қарасып жатыр аш пен ауру-кемге.
Қоштасып алғыс айттым Арғындарға,
Ағайын, туған елді көрмек болып.
Аға-інім, ұл-қызыммен табысуға,
Тезірек Айша екеуміз жүрмек болып.
Қалмақтар аса жауыз жыртқыш тектес,
Қорлығы ол сұмдардың естен кетпес.
Алды кеп Керей-Уақ тоқтаған жер,
Қорғалжын аймағында Құлан өтпес.
Түзеткен дер кезінде істің мінін,
Өткізген ел қорғауда жастық күнін.
Өзенге Құлан өтпес жеткен шақта,
Біздерге ұшырасты Асқап інім.
Аттарды ерттеп мініп шықтым сыртқа,
Кешікпей табыстық кеп туған жұртқа.
Айшажанмен екеуміз бек қуандық,
Інімді көріп Асқап елге тұтқа.
Көрістік аттан түсіп інілермен,
Аяулы сыйлайтұғын келіндермен.
114
Бауырымызға қысып сүйіп балаларды,
Құшақтап амандастық кәрілермен.
Қолдасып амандасып, көңілдендім,
Ағайын, үлкен-кіші бәріменен.
Әйтсе де топ алдында таяқ ұстап,
Үш бірдей туған ағам көрінбеген.
Шаттанып беттен сүйдім ұл-қызымды,
Көрген соң сау-саламат жұлдызымды.
Жадырап Айша екеуіміз рахаттандық,
Иіскелеп баға жетпес құндызымды.
Табысса да інім-келінім, балаларым,
Көзіме ұшырамады ағаларым.
Шошыдым ажал тапқан екен ғой деп,
Өзімді ерке өсірген даналарым.
Құлазып сала берді шіркін көңіл,
Дедім мен неге қысқа мынау өмір.
Үш ағам қартайса да сап-сау еді,
Оларды көрмей бізден кетті дегбір.
Жастардан үздік шыққан Жұмай, Жабай,
Сөйледі тура айтпай сөзді жанай.
Өлімін үш ағамның естіртпек боп,
Келіпті би мен бектің бірі қалмай.
Көңілім боп тұрған соң жадау, тақыр,
Бәрі бір сезіп тұр деп бұл жайды ақыр.
Жақсысы Керей-Уақ ортаға алып,
Естіртті Тоқпанбет би, Жабай батыр.
Жау төніп, жұрт жағдайы болып ауыр,
Айырылған жер-суынан қалың ауыл.
Аз бұрын ел ауардан қайтыс бопты,
Үш бірдей жасы үлкен қайран бауыр.
Шығардым үш ағама отыз жоқтау,
Жұбатып ел жиылын айтты тоқтау.
Қайғы артып, қан майданнан оралғанда,
Өлімі үш данышпан қиын соқты-ау.
Есітіп ақтық сөзін қала алмадым,
Топырақ қабіріне сала алмадым.
Зор апат ойда жоқта жолды бөгеп,
Дариға-ай, кезінде елге бара алмадым.
115
Келсе де ұзақ жолдан беті қайтып,
Жылады жарым Айша жоқтау айтып.
Жұбатты жан-жағынан сабыр қыл деп,
Оған да еркек, әйел тоқтау айтып.
Қалмаққа Керей-Уақ қарсы тұрған,
Біраз жас қан майданда шығын болған.
Аз уақыт жазда елге ауру тарап,
Ағалар науқастанып, қаза болған.
Керейдің бір руы-Хансадақты,
Қалмақтар оқ жаудырып қырып сапты.
Көшпеуге Көк Есілден белді буған,
Аббас керей жұрты да қырғын тапты.
Танаштың Аббас дейтін інісінен,
Таралып біраз Керей өскен еді.
Хансадақ Аббас керей тізе қосып,
Бермейміз жерді жауға дескен еді.
Ақыры екеуі де құрып кеткен,
Оларды сақтауға Асқап қимыл еткен.
Доп атып дәу мылтықтан қалмақ қолы,
Асқаптың жолын бөгеп, кедергі еткен.
Аймағын Көкшетаудың мекен қылған,
Меркіт керей Жоңғармен ұрыс қылған.
Ежелгі қонысын жұрт қалай қисын,
Меркіттер жер бермеуге белді буған.
Ежелден Көкше өңірін еткен қоныс,
Керейлер ата жаумен салыпты ұрыс.
«Өліспей қыстау-жайлау бермейміз», - деп,
Асынған жарақтарын болат-құрыш.
Айбалта, қылыш, күрзі, садақ, найза –
Бес қару әрқашанда жанға пайда.
Қолданып сойыл, қанжар, пілтелісін,
Дұшпаннан жеңілмеске еткен айла.
Сұм қалмақ дәу мылтықты қолданған соң,
Қоныстан Керей-Уақ сырылыпты.
Хансадақ, Аббас керей Есіл үшін,
Соғыста жау оғынан қырылыпты.
Ордабек пен Орманбет,
Оңғарбек деген үш ру
116
Шыққанменен Керейден,
Ойында болмай шеп құру.
Асқаптың сөзін ұмытып,
Мылтықты жаумен соғысқан.
«Өлмей жерді бермен!» – деп,
Табан тіреп ұрысқан.
Дәу мылтықтан доп жауып,
Бұл елдер де жойылған.
Қазақты қырып Тобылда,
Қалмақтар қанға тойынған.
Бес руы Керейдің,
Соғыста құрып жоғалды.
Есіл, Тобыл, Көкшеде,
Мал мен мүлкі тоналды.
Қайтсе де елді сақтап қаламын деп,
Күнгейге інім Асқап бұрылыпты.
Қазақ пен Татар қолын біріктірген,
Көрген соң қанға тоймас құбыжықты.
Қорғаған Балта, Сибан, Тарышыны,
Тойтарып жан алатын алдашыны.
Көшебе, Абақ, Уақ елдерін де,
Сақтаған жаудан аман Қарабасұлы.
Меркіт, Сибан Керейлер қырылса да,
Қорғауға оларды Асқап жанын салған.
Жаралы, кемтар, науқас адамдарын,
Қалдырмай жау қолына жинап алған.
Тұқымы елдің құрып кетеді деп,
Қазақ, татар, естекке ашып жаны.
Ұрыс сап неше күндей соғысса да,
Асқаптың білінбепті шаршағаны.
Қондырған көштерді әкеп әрбір сайға,
Халқының қамын ойлап еткен айла.
Ұшыратпай зор қырғынға ауылдарын,
Ер Асқап ақылынан тапқан пайда.
Балта, Көшебе, Тарышы, Абақтың да,
Шығын болған бірталай сабаздары.
Солармен бірге жүрген Уақытың да,
Оққа ұшқан қан майданда сарбаздары.
117
Барлығын ауылдардың алға салған,
Алды-артын қарауылдап байқап алған.
Ілгері көштің бәрін аттандырып,
Өздері жаудың жолын бөгеп қалған.
Бұл істер түгел шындық, емес жалған,
Індеттен жұртын сақтау ерге арман.
Асқаптың өнерінің арқасында,
Апаттан Керей-Уақ аман қалған.
Сібірде қалмақтардан соққы көрген,
Татарлар Керейлердің көшіне ерген.
Шалабай аймағының Естектері,
Ілесіп қазақтарға ода келген.
Келген соң үлкен апат барлығына,
Тап болып жазмыш ісі жарлығына.
Бәрі кеп Қорғалжыннан қоныс тепті,
Кейімей жаңа қоныс тарлығына.
Ежелден Сарыарқаны келген қыстап,
Тарақты, Арғын-Қыпшақ, Керей-Уақ.
Бұл бес ел Қорғалжынға шоғырланды,
Жер-суын алғаннан соң кәпір қалмақ.
Арғында Бес Мейрамның мекені еді,
Қорғалжын, Нұра, Баян, Қарқаралы.
Суы тұщы, шөбі шүйгін малға жайлы,
Құйқалы ғажап жерлер Арқадағы.
Саны тең Арғынменен, Найманменен,
Күн кешкен Керей сауық-сайранменен.
Дихан боп егін салып һәм ұста боп,
Күн көрген құрал жасап сайманменен.
Көсемі Керей-Уақ Асқап інім,
Тірілікте теңдесі жоқ айым-күнім.
Әрдайым жаттықтырып сарбаздарды,
Көрген жоқ босқа өткізіп әрбір күнін.
Қорғалжын тозған жұртқа болды ошақ,
Келген ел бір-біріне жайып құшақ.
Жатырқау ешбір жанда болмай кетті,
Тату боп бірге өскен адамға ұқсап.
Шынында Үш жүз халқы атасы бір,
Сол себеп – болмау керек көңілде кір.
118
Қалмақты жеңем деген елде үміт бар,
Қолдаса жұртымызды аруақ пен пір.
Болса да осы күзде жаңбыр сирек,
Нажағай жарқылдады, күн күркіреп.
Соңында қазан айы осындай іс,
Кез болды ғұмырымда алғашқы рет.
Қарасаң Ақ жұмысы қандай ғажап,
Қар түспей Сарыарқада күз болды ұзақ.
Тәңірім қазақтарға болысқандай,
Баршаға құра алмады дұшпан тұзақ.
Бірақ та Бетпақ жақтың күзі суық,
Қашқан ел тез түңілді көңілі суып.
Арқадан құмда жағдай ауыр соғып,
Келгендей болды тағы апат жуық.
Рахымы табиғаттың өзгергендей,
Тәңірім Арқаны елге меңзегендей.
Ердің ері, егіздің сыңары қалды тірі,
Халыққа хақ жәрдемін жібергендей.
Бұл заман-тажал қалмақ шыққан заман,
Ақиық кез құйрықтан бұққан заман.
Соғысқа дайындығы болмаған соң,
Бет қайтып, жаудан халқым ыққан заман.
Шабуыл қыс бастала толастады,
Қалың жау қарашада жанаспады.
Қыс түсіп бетпақ шөлде тым ертерек,
Қалмақтар Сарысудан бері аспады.
Қазаққа ұйымшылдық жарасып тұр,
Аштарға тұрғын елдер қарасып тұр.
Науқас пен кемтарларды қамқорына ап,
Жұртымның ғаріптерге жаны ашып тұр.
Шығудың қыстан аман қамын ойлап,
Қайғыны басқа түскен болдық жоймақ.
Бөлісіп қолда барын жан сақтады ел,
Жаралы жұртқа кімдер кінә қоймақ?
Аттары сарбаздардың тұрды жарап,
Ұсталар соғып жатыр қару-жарақ.
Сақтанып тосын болар шабуылдан,
Өткіздік қатал қыстың күнін санап.
119
Жігіттер аттары жоқ нарға мінбек,
Ұзамай күні ертең көктем келмек.
Жауынгер киер шекпен тоқу үшін,
Келіндер дайын отыр құруға өрмек.
Жақсылар мәжіліс құрып айтып ойын,
Дұшпанға көрсетпек боп істің сойын.
Қоян өтіп, ұлу жыл кіргеннен соң,
Жасадық тілек тілеп, наурыз тойын.
Дедік біз ұлу жұртты ұлытпасын,
Сақтасын, қалған елді құрытпасын.
Қазақтар қайда жүрсе, аман болсын,
Жер-суын қайта тапсын, ұмытпасын.
Арқаға қазақ, ноғай жиылып тұр,
Насихат құлағына құйылып тұр.
Жеңіске жеткізгей деп кешіктірмей,
Бәрі де Алла, аруаққа сиынып тұр.
Мінекей, сағындырған келді көктем,
Күлімдеп жер бетіне нұрын сепкен.
Адамзат, жануар, құс жадырады,
Қоңыр жел жылылықпен сүйіп беттен.
Наурыз да өтті, сақтықпен көкек те өтті,
Жауынгер кезекпенен мал күзетті.
Азамат күндіз-түні жортуылда,
Салар деп дұшпан келіп қалың өртті.
Кешікпей мамыр айы жылжып жетті,
Қалмақтар Сарысудан батысқа өтті.
«Қыпшақтың өзінен кеп алды», - деген,
Естідік жау тайпасы Білеуітті.
Алармыз жоңғарлардан елдің өшін,
Тосылған халқым үшін оққа төсім.
Ұлу жыл уақиғасын тағы жырлап,
Бұған да «Елім-ай» деп бердім есім.
Еш пенде бұл шаруамды жек көрмеген,
Жаралы науқасты емдеу дұрыс деген.
Жұртыма аман келіп табысқан соң,
Жинадым сынықшы, емші әрбір елден.
Арасы ауылдардың емес қашық,
Ем қыл деп ауруларға айттым ашық.
120
Сынықшы, балгер, емші тобы содан,
Аралап кісі емдеуді етті машық.
Ол топқа хал-хадари бердік сыйлық,
Қалтқысыз орындалып еткен бұйрық.
Сауыққан жігіттерден жасақ құрап,
Осылай аз да болса, есті жидық.
Ғаскерге қартайсам да сардар болдым,
Басшысын тағайындап әрбір қолдың.
Бір тобын жауынгердің ертіп жүріп,
Арқаның біраз жерін барлап, шолдым.
Көңілім жер аралап, болмады тоқ,
Бұрынғы ақ үйлі ауыл орнында жоқ.
Қаңырап босап қалған қыстау көріп,
Шерленген жүрегіме түсті ыстық шоқ.
Арудың ақша жүзі солған заман,
Кәрі-жас түгел мұңлы болған заман.
Сұңқардың құзғын-қарға орнын басып,
Қарқылдап гүл-бақшаға қонған заман.
Қазағым, ақ ниетті қайран елім,
Бекініп белді бекем байлап едің.
Абайлап жан-жағыңа көзіңді сал,
Мекенің, туып-өскен қайда жерің?
Үй тігіп отырушы ең әрбір сайда,
Қайран ел ғайып болып қайда?
Жаратып кермелерге байлап қойған,
Бура сан, мұзбел тұлпар атың қайда?
Еркіңмен көшіп-қонып кең далада,
Ешқандай таршылықты көрмеп едің.
Тау, өзен, орман, көлді жаудан қорғап,
Дұшпанға қолдан намыс бермеп едің.
Ту ұстап, сауыт киіп, тұлпар мініп,
Құлашты тым биікке сермеп едің.
Ие боп ен дәулет пен зор бақытқа,
Қырандай қияға ұшқан өрлеп едің.
Мырзалар қазық қағып, желі тартып,
Ботаны құлынменен байлап еді.
Іргесін ақбоз үйдің түріп тастап,
Мыс шәугім оттан түспей қайнап еді.
121
Сапырып сары қымызды дәрі орнына,
Қазы сап тосап жасап ішуші едің.
Сән-салтанат қатардан асырам деп,
Ылғи да бәсекеге түсуші едің.
Қондырып ауылдарды жайлы орынға,
Мейманға ақ үй тігіп сайлап едің.
Бағыланды қонағыңа таңдап сойып,
Жал-жая, қазы-қарта шайнап едің.
Уа, жұртым, сол бір жақсы күйің қайда,
Жаз болды тіккен, қане, үйің қайда?
Халайық, уақытымен басын қосып,
Той-думан болып тұрар жиын қайда?
Түйінін әрқашан да даудың шешіп,
Топ болса сөйлейтұғын биің қайда?
Сүннет той, келін түскен қуанышта,
Ақынға беретуғын сыйың қайда?
Заманды құлдырар деп ой да бар ма,
Семірткен серке менен қой да бар ма?
Аштыққа ұрынбауға сақтық қылып,
Жасырған азық-түлік, қойма бар ма?
Болар деп малға ықтасын жаңбыр болса,
Жасалған лайықты қора бар ма?
Қыс-көже, жазда-қымыз, тегін тамақ,
Байғұстар күн көрерлік орда бар ма?
Мүскіндер дәм ішетін майхана жоқ,
Оларға мырза арнаған баспана жоқ.
Шаһардың бәрі бірдей жау қолында,
Қазақта хан отырар астана жоқ.
Байлар аз ие болған дүние-малға,
Бойдаққа қиын бұл кез жүру жалға.
Байтал түгіл бас қайғы дегендейін,
Малшы, жалшы жұмсайтын шонжар қайда?
Мырзаға, мал кеткен соң, жағдай қайда,
Бақ қоңған баяғыдай маңдай қайда?
Он мыңдап жылқы-түйе өсіргендер,
Бұл күнде түсіп қалды шаруа-жайға.
Ерен батыр болса да жалғыз оқтық,
Кімге жолдас болғандай дүние боқтық?
122
Жиналған мал мен мүлкің қолдың кірі,
Байлар да болады екен бірер жұттық.
Ақ үйлі ауылдардың көркі қайда,
Жиналған асыл жиһаз, мүлкі қайда?
Жайылған қой мен ешкі, сиыр, түйе,
Өрісте құба жонда жылқы қайда?
Ел-жұрттың баяғыдай сәні қайда,
Шырқаған құйқылжыта әні қайда?
Күй тартып, жыр шығарған ұзақ таңға,
Қауымды шаттандырған сері қайда?
Көп еміп жер емшегін, ұстап кетпен,
Ағаштан соқа жасап, кәсіп еткен.
Диханның біреуі жоқ қарап тұрсам,
Киетін үстеріне қой жүн шекпен.
Қайғырған қазақ, ноғай қайран жұртым,
Бұл күнде шаруаң быт-шыт, ішің түтін.
Күйзелді бала-шаға, кемпір мен шал,
Шіркін-ау болмаған соң бойда күтім.
Қонақжай, қолы ашық, салты ғажап,
Жартылай көшпелі жұрт біздің қазақ.
Сайланбай алдын ала қорғануға,
Дариға-ай, бейғамдықтан тарттық азап.
Япырым-ау, қалай болды мына заман,
Айырылды ел ұл-қызы мен дүние-малдан.
Ұмытпай кейінгіге жыр қып айтар,
Көзімен бұл сұмдықты көрген адам.
Түрікпендер Маңғыстауды алды басып,
Күнгейлік Алшын, Ноғай көшті қашып.
«Жау жағадан алған да, бөрі етектен»,
Дегеннің кебі болды айтсам ашық.
Майданда нар түйедей бақырғанмен,
Айбарлы арыстандай ақырғанмен.
Қорғасын оқты мылтықсыз күнің қараң,
Ұрандап жұртты ұрысқа шақырғанмен.
Сонда да күдер үзбей қалған жалпың,
Дұшпаннан қорғануға бәрің талпын.
Би мен бек, батырларым, мылтық соқтырт,
Аты өшпей, қалсын десең туған халқым.
123
Жырымды зейін қойып тыңда, ерлер,
Майданда өзіңді-өзің шыңда, ерлер!
Тек қана жауды жеңсең, бақ оралар,
Соғыспай бекер қарап тұрма, ерлер?
«Елім-ай» жырының үшінші бөлімінің бас жағы.
Ташкенте жетіп жаулар лаң салды,
Бәрін де жолдағы елдің қырып салды.
Тігілген ақ ордалар қайран қоныс.
Қаңырап тіршіліксіз босқа қалды.
Ташкентті халхи қолы алды басып,
Жазықсыз кент жұртының қанын шашып.
Қырылып жатқан біздің момын елге,
Болысқан еш көрші ел жоқ жаны ашып.
Көп жандар оққа ұшып, өліп қалды,
Біразы түн жамылып кетіп қалды.
Шаһардың хакімдерін дарға асып,
Ташкентті жоңғар мекен етіп қалды.
Башқұрттан ел тарайды Қайсақ, Естек,
Бұларды ағайын деп есептесек.
Жат елдің сөзіне еріп азғырылып,
Олар да бола алмады туысқа есеп.
Бұхарға барған елдер қайта оралды,
Қырғызып Қуаң шөлде біраз малды.
Індеттен жиі ауырып құнан, тайлақ,
Байырлап ол жоқта жұрт тұра алмады.
Ыстық боп жау алса да туған жерлер,
Қия алмай кейін қайтты бір топ елдер.
Атысар қолда мылтық болмаған соң,
Майданда көп қиналды ардагерлер.
Келген жұрт жаудан жерін ала алмады,
Алмақ түгіл маңайлап бара алмады.
Қаратаудан Алшын мен бірге ауды,
Торғайдан басқа барар жер қалмады.
Бұл қайтқан Арғын-Қыпшақ елдері еді,
Соғысып Ташкент үшін ерлері өлді.
Шу бойы, Тараз, Сайрам, Шымкент, Созақ,
Түркістан – бәрі Орта жүз жерлері еді.
124
Әуелден Арғын-Қыпшақ жерлерінің,
Жағасы Қабырға өзен батыс шеті.
Қалмаққа жері кетіп көшкен елдің,
Бұрылды соған қарай бүгін беті.
Дұшпаннан соққы жеген топ жарандар,
Көп қарғап қалмақтарды шекті ғой зар.
Арқаға Арғын-Қыпшақ түгел қайтпай,
Бойында Зерафшанның қалған ел бар.
Әбілхайыр төреңіз,
Хан болудан үмітті.
Қолға алса, істі бүлдірер,
Бермеңдер оған билікті.
Әбілхайыр сұлтанның,
Отыз үшке жасы қарап тұр.
Қолдаған соң жездесі,
Көсемге өзін балап тұр.
Қанжығалы Бөгеннің
Хан етпек оны ойы бар.
Әбілхайыр хан болса,
Көрсетер істе сойы бар.
Кіші жүзге хан болса ол,
Алшыннан бақыт жойылар.
Сыртқы дұшпан басынып,
Талайдың көзі ойылар.
Бөгенбай ерге балдыз ғой,
Әбілхайыр, Жолбарыс.
Билік тисе оларға,
Ұзамай болар арпалыс.
Ақшаның ұлы – Бөгеннің,
Әрбір түрлі ісі бар.
Хан етуге балдызын,
Жұмсайтұғын күші бар.
Жолбарыс хан мен Бөгенбай,
Салтанатын енді түзетпек.
Кіші жүз Алшын жұртына,
Әбілхайырды хан етпек.
Ел басқарып оңдырмас,
Әбілхайырдай сұлтаның.
125
Ондайды хан ғып сайласаң,
Тозып кетер ұрпағың.
Билік құрса ондайлар,
Жол бермес жайсаң, қасқаға.
Адастырып халқыңды,
Кіріптар етер басқаға.
Тұсында Әйтекенің шыға алмаған,
Бектермен дұрыс мәжіліс құра алмаған.
Ғайыптың өліміне қатысы бар,
Әбілхайыр төре елді алдаған.
Жігіт қой Әбілхайыр мансапқұмар,
Бойында қулығы мен сұмдығы бар.
Күншілдік, тәккаббарлық мінездері,
Айтпаса да ісінен көрініп тұрар.
Хысырау ұлы Ғайып та,
Хиуаның ханын жанапты.
Бота тірсек, бос белбеу,
Төре емес ол да талапты.
Қара, төре – бәрі де,
Қазағымның баласы.
Қиналғанда халқына,
Ақыл айтар данасы.
Аталғанмен Үш жүз деп,
Бөлініп жікке көрмеген.
Табанды елім-қазағым,
Жат сөзіне ермеген.
Ұйымшыл болып ежелден,
Дұшпанға теңдік бермеген.
Бұрын солай болғанмен,
Көбейді адам азғағы.
Соңғы кезде байқалды,
Мықтылардың азғаны.
Белгілі болды көрші елге,
Халқымыздың тозғаны.
Дұшпаннан қатты қорғанып,
Бәріміз де аман болайық.
126
1759 жылы жаздың басында жеңіспен елге оралған батырлар арнап келіп,
мүлдем қартайған Қожаберген жырауға сәлем беріп, қазақ әскерінің жеңіске
жетіп, жер-суды қайтарып алғанын айтып, қарт қолбасшыны қуантады. Сонда
Қожаберген жырау қолына қобыз алып, «Жеңіс» атты тарихи толғау
шығарыпты. Бірақ, Толыбай сыншыұлының «Жеңіс» атты толғауы біздің
кезеңге жеткенмен, оның толық нұсқасын ешкім жазып алмапты. Біздің
қолымызға түскен «Жеңіс» толғауның үзіндісі төмендегіше:
Жеңілген мұсылманнан қалмақ еді,
Кезінде ұсақ елді жалмап еді.
Соңынан қалмай қуып, әскер барса,
Қалдыр деп бізді тірі зарлап еді.
Бөгенбай сонда оларға ақырады,
Ажалдан қорқып сұмдар аһ ұрады.
Салыққа ақ терісін төлейміз деп,
Қырма деп енді бізді зар қылады.
Қазақтар қалмақтарды сол арада,
Қысымға ап құн төлеуді етті талап.
Қазақта жас кезінде тұтқын болған,
Қарт қалмақ ел атынан берді жауап.
«Қорыққан соң Маңғұлмыз деп айтқан едік,
Өзеннің қамысында жатқан едік.
Киім жоқ, тамақ та жоқ, аш-жаңалаш,
Қарғысқа белшемізден батқан едік.
Қазақ пен Қытай қолы екі жақтан,
Қырған соң осы жаққа қашқан едік.
Айырылып мінер аттан жаяу-жалпы,
Маңғұлдың даласына асқан едік.
Қарғысы мұсылманның тура келіп,
Қалмақтың жартысынан көбі өліп.
Шұбырып ақтабан боп ақырында,
Тығылып жатыр едік мұнда келіп.
Жеңілдік жасаңыздар енді бізге,
Етейік біз қызмет енді сізге.
Соқтыққан себепсізден сіздің елге,
Обал жоқ расында өзімізге.
Жауызды күнәсіз жұрт қарғайды екен,
Зұлымдар өз бастарын жалмайды екен.
Құруға біздің қалмақ айналып тұр,
Дүниедегі дүниеге бармайды екен».
127
Деп айтып әлгі естісі зарланған соң,
Мойнына ап бар айыбын қарғанған соң.
Бөгенбай шабуылды тоқтатады,
Соғысар басты дұшпан қалмаған соң.
Қалмақтың білген қазақ еміншегін,
Иесіз жерге келген келімсегін.
Алдына Бөгенбайдың әкеп тартты,
Бойжеткен көп қыз бен жас келіншегін.
Бөгенбай сөз сөйледі ойланбай көп,
Маңғұлдар ерте кеткен бұл жақтан деп.
Жамылған Маңғұл атын мүсәпірсіп,
Күнаһар қалмақ сендер жалғаншы деп.
Маңғұлдың тегі – татар, түріктен деп,
Болады шашы жирен, көздері көк.
Өңдері қызыл сары, тұлғасы ірі,
Оларды жас кезімнен білемін деп.
Татардың Маңғұл деген сол тайпасы,
Үпінің ар жағында тұрады деп.
Олар да біз секілді мұсылман ғой,
Сөйлейсің қалмақ неге тым бекер деп.
Кездессе сендерді де Маңғұл қырар,
Қатардан қалмайтын ел жауынгер деп.
Шыңғыс хан бастап Татар ере көшкен,
Бағынып жолдағы елдің үндері өшкен.
Шыңғыстың шыққан тегі – Маңғұл ру,
Татардың күшті жұрты көзге түскен.
Біздерге лайық емес даламыз деп,
Батыста жасыл жерге барамыз деп.
Татардың жиырма руы түгел көшкен,
Жайлы жер өзімізге табамыз деп.
Татардың алды Оралдан асып кеткен,
Еділ өзен бойынан қоныс тепкен.
Біреуі жиырма тайпа жирен Маңғұл,
Қазан шаһар маңайын мекен еткен.
Еділдің Қама деген саласы бар,
Сол суға Маңғұл, Мишар құмар болған.
Тептер мен Дәрмен, Қырғыз соларға еріп,
Қонысқа жайлы орын деп кеңес құрған.
128
Қазан да ескі Түрік қаласы екен,
Жайлы орын мұсылманның панасы екен.
Маңғұл, Мешер, Тептердің тоқтағаны,
Еділдің толып жатқан саласы екен.
Татардан Бұлғар, Қырғыз, Дәрмен тарап,
Олар да жүрген шарлап қоныс қарап.
Сардардың Сүбетайдай арқасында,
Еділдің тәуір жерін алған таңдап.
Көп елді қырып, сендер салдың бүлік,
Жүрсеңші өтірік айтпай жайың біліп.
Маңғұл деп өздеріңді айтқан үшін,
Бәріңнің тастайын ба ішің тіліп.
Деп Бөген Халхиларға ақырады,
Дауысынан жаңғырыққан атырабы.
Қалмақтар қазаққа құл боламыз деп,
Біздерді қырмаңыз деп зар қылады.
Қайрат жоқ құрыған соң шарасы да,
Шұбырып қыз, қатыны, баласы да.
Қалжырап аш, жалаңаш жеткен екен,
Маңғұлдың иесіз жатқан даласына.
Қоға мен көк шөпті жеп жүрген қалмақ,
Өзеннің жатқан екен жағасында.
Жығылып Бөгенбайдың аяғына,
Жалынған мұсылманның баласына.
Жыл сайын аң терісі салық төлеп,
Қызмет қазақтарға етеміз деп.
Ешкіммен қол көтеріп соғыспаймыз,
Тып-тыныш дүниеден өтеміз деп.
Жылаған орыннан бәрі тұрып,
Өтінген батырлардан құлдық ұрып.
Кей бірі көп тұруға жарай алмай,
Жығылған сол арада әлі құрып.
Ант берді қазақ ханы Абылайға,
Жалынып Бөгенбай мен Қабанбайға.
Уәдесін жауыз қалмақ тағы берді,
Қолбасы Балта керей Тұрсынбайға.
Бас иіп Ерсары мен Ер Жабайға,
Және де шапырашты Наурызбайға.
129
Қалмақтар қырылмаудың жайын ойлап,
Жалынған Көшек пенен Олжабайға.
Ант беріп, қолын қойды қалмақ шартқа,
Зар болып тамақ, киім, мінер атқа.
Қытайдың керуеніне жалданды олар,
Баратын сауда жасап Парсы жаққа.
Соғысты жеңілген соң жаулар қойды,
Жеңіске мұсылманның көңілі тойды.
Абылай сарбаздарға олжа бөлді,
Керөлең жағасында жасап тойды.
Кәрісі бата беріп жастарына,
Жақсы күн оралған соң бастарына.
Той тарқап, жеңіспенен елге қайтты,
Сарбаздар қос ат мініп астарына.
Басқаның жерін алған күшпен зарлап,
Қалмақтар жеңіліс тапты әбден сорлап.
Оралды Қазақ қайта мекеніне,
Алла, аруақ Үш жүз ұлын ақыр қолдап.
Document Outline
Достарыңызбен бөлісу: |