Онда тұрған ұйғырлар мен дүнгендер XVIII ғасырда және XIX ғасырдың бірінші жартысында Қытай үкіметіне қарсы бірнеше рет көтеріліс жасады. Олар өздерінің ұлттық тәуелсіздігі жолында күресті.
Ұйғырлар мен дүнгендер бір жылдың ішінде Жетісу облысының аумағына қоныс аударуы жөнінде өздері нақты шешім қабылдауға құқықты болды. Бұл мәселе бойынша жергілікті халықтың арасында пікірі сұрастырылды. Сөйтіп 100 мыңға жуық ұйғыр мен дүнген Қазақстан аумағына өтуге тілек білдірді.
Ұйғырлар мен дүнгендер Қазақстанға қоныс аудара бастауы
Ұйғырлар мен дүнгендерді Қазақстан мен Орта Азияға қоныстандыру арқылы патша үкіметі екі түрлі мақсат көздеді: біріншіден, Қытайдың Құлжа өңіріндегі экономикалық базасын осалдата түспек болды; екіншіден, әскери-саяси жағдай шиеленісіп кете қалған жағдайда оларды Қытайға қарсы әскери күш ретінде пайдалануды мақсат етті. Алайда патша үкіметі бұл жөнінде жергілікті қазақ халқының пікірімен санаспады. Бұл кезде Жетісу жері мемлекеттік меншік деп жарияланып койған болатын.
Ұйғырлар мен дүнгендер бұрынғы отырған жерлеріндегі өңделіп бапталған жерлерін, жеміс беріп тұрған бау-бақшаларын, үй-жайларын түгел тастап кеткен болатын. Сондықтан да алғашқы жылдары едәуір қиындықты бастарынан қешірді. Жер кепелер мен күркелерде тұрды. Үй салып алуға Жетісуда ағаш өте қымбат болатын. Себетін тұқым, бағатын мал, құрылыс материалдары да жетіспеді. Ұйғырлардың шағын бір бөлігі Қытайдың Іле өлкесіне қайта көшіп кетті.
Қоныс аударып келгендерге шағын жер телімдері берілді. Егер коныс аударушы орыс шаруаларының әрбір ер азаматына 20-25 десятинадан жер берілсе, ұйғырлар мен дүнгендер 5-7 десятинадан ғана жер алды.
Ұйғырлар негізінен көкөніс, дәнді дақылдар өсірумен айналысты. Дәнді дақылдар арасында бидайдың, арпаның, тарының және сұлының үлесі көбірек болды. Суы мол жерлерде күріш өсірілді. Ұйғырлар сонымен қатар бау-бақша екті, жібек құртын өсірумен айналысты. Ұйғырлардың аулаларында жеміс ағаштары көп өсірілді. Мал шаруашылығы қосалқы кәсіп сипатында болды. Жұмыс көлігі ретінде өгіз, жылқы және есек ұстады.
Атақты бай ұйғырлардың бірі Верный уезінің Жаркент болысында тұратын Уәли Ахун Юлдашев болды. Оның бір өзі 10 мың десятинаға жуық жерді жалға ала алатын. Ол сонымен қатар астық саудасын да өз монополиясына айналдырып үлгерді. У.А. Юлдашев Англиядан алдырған пароходын Іле өзеніне алғашқылардың бірі болып жүргізді.
Ұйғырлар мен дүнгендердің рухани мәдениеті
Ұйғырлар мен дүнгендердің рухани мәдениетін зерттеумен кезінде Ш. Уәлиханов, Н.М. Пржевалъский, В.И. Роборовский және басқалары айналысқан болатын. Олар бұл халықтардың тарихы, этнографиясы, мәдениеті жөнінде бай мағлұматтар қалдырды.
XX ғасырдың 20-жылдарына дейін дүнгендер Қытай иероглифін, сонымен қатар араб алфавитін пайдаланып келді. Дүнгендердің көпшілігі қазақ, орыс және қырғыз тілдерін жақсы білді. Олардың өлең-жырлары мен аңыз-әңгімелерінің едәуір бөлігі Қытайда тұрғандағы ұлт-азаттық қозғалысына арналған болатын. Дүнгендердің сатиралық әзіл әңгімелері мен әндері халық арасында кеңінен тарады. Ақын By Сан байлар мен сарандарды, екі жүзді, жәдігөй жауыздарды айыптайтын, күлкі ететін өлендер жазды. Дүнгендердің ғажайып ертегілері бар. Ертегілер мен аңыз әңгіме айтушылар фофуди деп аталады.