-са еді форманты шартты райдың реңкін сипаттауда қолданылады, бірақ -са етті, -у еттітүрі кездеспейді. Сонымен, Ы.Маманов жіктеуінде өкініш райдан басқасы А.Байтұрсынұлы, Қ.Кемеңгерұлы топтастыруларына ұқсас.
С.Исаев, А.Ысқақов еңбектерінде «Қазақ тілінің грамматикасындағы» топтастырулар өзара ұқсас. Ашық рай мен бұйрық райды тануда аталған ғалымдар мен А.Байтұрсынұлы, Қ.Кемеңгерұлының жіктеулері ұқсас. А.Байтұрсынұлының қайрау рай деп бөлек топтастырған рай түрі Қ.Кемеңгерұлы, Ы.Маманов, А.Ысқақов, С.Исаев еңбектерінде, «Қазақ тілі грамматикасында» бұйрық райдың реңкі ретінде берілген.
Бүгінгі таңдағы оқулықтарда да шартты райлы етістіктің мағыналық реңктерінің алуан түрлілігі жөнінде түрлі пікірлер бар. Мысалы, «Қазақ тілі грамматикасында»: «Шартты рай тұлғалары еді, болар еді, екен, ғой сөздерімен тіркесіп, сөйлеушінің тілегін, арманын, өтінішін (ғой демеулігі мен екен көмекші етістігі), екіншіден, опыну және өкінішін (еді, болар еді) білдіреді», - десе [Қазақ тілі грамматикасында, 172], С.Исаев«Шартты райлы етістік жіктеліп келіп, ғой, еді, екен, етті, (ма, ме) сұраулық шылау сияқты көмекші сөздермен тіркесіп, сөйлемді аяқтап тұрады да, сөйлеушінің тілек-арманын, өтініш-өкінішін, болжам, ниетін т.б. білдіреді: бар-са-м екен, сөйле-се-ң етті, бар-са-ңыз ғой, жолық-са еді т.б.», - деп жазады [С.Исаев, 197].
Бұл – қазақ тіл білімінде райдың нақты саны әлі анықталмағанын, оның қыр-сыры мол категория екендігін көрсетеді. Ендеше, рай категориясының түсін түстеп, түгендеу қажеттігі әбден сезіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |