ХХ ғ. 20-30 жж. көшпелі және жартылай көшпелі қазақ шаруашылығын отырықшылыққа күштеп көшіру
отырықшыландыру науқаны дажаппай ұжымдастыру науқанымен қатар жүргізілді. Отырықшыландыру барысында жеделдету мақсаты қойылып, қазақ ауылының ерекшеліктері ескерілмей, екі жолмен жүргізілді. Оның біреуі — жүздеген шаруашылықты бір жерге иіріп әкеліп, шоғырландыра орналастырып, малын өнім дайындау қорына өткізу. Екіншісі — әлгіндей көп халықтың киіз үйлерін қар үстіне көше секілдендіріп тігіп, поселкелер құру, бұлардан ұжымшар жасау. Осылайша Ресей секілді егіншілік өңірлердің ұжымдасу формасы малшы өңірге күштеп таңылды. Көшпелілер мен жартылай көшпелілерді отырықшылыққа сталиндік күштеп көшіру саясаты қазақ этносының тіршілік ету жүйесін мықтап бұзды. Отырықшыландырудың алғашқы жылының қорытындылары бұл бағыттың қате екендігін көрсетіп берді. Бірде — бір бағдар бойынша міндеттер мен жоспарлар орындалмады. Салықтық қысымдар мен ет дайындау науқандарынан күйзелген қазаққа өз қаржысымен отырықшыландыру оларды босқынға ұшыратты. Большевиктер жүргізген күштеп ұжымдастыру мен солақай отырықшыландыру саясаты қазақ ауылына үлкен соққы болды. Әсіресе, мал шаруашылығы қатты күйзеліске ұшырады. Ұжымдастыру мен отырықшыландыру кезінде дәстүрлі мал шаруашылығының ерекшелігі есепке алынбай, түгел қауымдастырылған мал шығынға ұшырады. Сонымен қатар, малдыңкөп бөлігіүкіметтің ет салығын орындауға жұмсалды. О. Исаев Қазақстан өлкелік комитетінің VІ Пленумында1929 жылы Қазақстанда 40 млн. бас мал болғанын, содан 1933 жылы 4млн. ғана мал қалғанын мойындауға мәжбүр болды [9, 208 б.]. Сонымен, ұжымдастырудың айқын тарихы — «тәжірибе жасау мен қателіктердің», аяусыз да ымырасыз идеологиялық айқастың, саяси, оның ішінде қарулы қақтығыстардың тарихы.Қазақ даласында ғасырлар бойы қалыптасқан шаруашылықтың дәстүрлі мәдениетін күйреткен ХХ ғасырдың 20–30 жылдары — Қазақстан тарихының күрделі беттерінің бірі. Осы «ақтаңдақ» беттердің ақиқатын ашуға Қазақстан Орталық Комитеті мен Қазақ АКСР Халық Комиссарлар Кеңесінің 1928 жылғы 27—тамыздағы «Бай шаруашылықтарын тәркілеу туралы», 1928 жылғы 13—қыркүйектегі «Аса ірі және жартылай феодалдарды тәркілеу және жер аударуға қарсы әрекет жасағаны үшін қылмыстық жауаптылық туралы» және 1930 жылғы 19—ақпандағы «Жаппай ұжымдастыру аудандарында ауыл шаруашылығын социалистік жолмен қайта құруды нығайту жөніндегі және кулактар мен байларға қарсы күрес жөніндегі шаралар туралы» қаулыларын зерттеу жөніндегі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы комиссиясының қорытындылары және «Жаппай саяси қуғын—сүргіндер құрбандарын анықтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы жол ашып берді. Сонымен, осы жылдарда Қазақстанда жүзеге асырылған әлеуметтік—экономикалық процестер қазақ халқының дәстүрлі даму жолын талқандап қана қоймай, ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ халқының халықтық салт — дәстүрлерін аяқ асты етті. Нәтижесінде адамзат өркениетінде өзіндік орны бар, бірегей қазақ ұлтының өзінің рухани тамырларынан қол үзу, өзінен үлкен ұлттың жетегінде кету процесі белең алды.