Қазақстан Республикасының сыртқы саясатында ұстанған көп бағыттылық саясаты
Біріншіден, басқа елдермен, оның ішінде бұрынғы Одаққа кірген республикалармен, Азия, Тынық мұхит, Таяу Шығыс аймағы, Еуропа елдері және АҚШ-пен халықаралық байланысты өркендету. Екіншіден, шет елдермен тек дипломатиялық байланыс қана орнатып қоймай, сонымен қатар, олармен мәдени-экономикалық байланысты күшейту, сол арқылы алдыңғы қатарлы өркениетті елдердің қатарына қосылу. Үшіншіден, Қазақстанның қауіпсіздігін сақтау, дүниежүзілік соғысты, ядролық қаруды қолдануды болдырмау.
Міне, осы бағытта 1991 жылдан бастап сыртқы саясат пен халықаралық қатынастар саласында көптеген шаралар іске асырылды. Қазақстан өзінің барлық көршілерімен, негізгі әріптес мемлекеттерімен байыпты және болжауға болатындай байсалды қарым-қатынастар орнатты. Сыртқы саясаттың негізгі діңгегі – көпвекторлық жол, яғни көп бағыттылық. Ол – еліміздің геосаяси жағынан орналасуына байланысты өмірдің өзі талап етіп отырған қалыпты жағдай. Өткен уақыт ішінде Қазақстан Республикасын дүние жүзінің 180-нен астам мемлекеті таныды. Қазақстан 120-дан астам елмен дипломатиялық қатынастар орнатты. Шет елдерде 40-тан астам дипломатиялық және консулдық өкілдіктер ашылды. Ал Алматы мен Астанада 50-ден астам шетелдік елшілік пен миссия, халықаралық және ұлтаралық ұйымдардың ондаған өкілдігі жұмыс істейді. Қазақстан өзінің сыртқы саясатында ең жақын және ірі көрші мемлекеттер – солтүстікте Ресеймен, ал шығыста Қытаймен тығыз қарым-қатынас орнатуға ерекше назар аударып келеді. Қазақстан мен Ресей арасында 1992 ж. 25 мамырдағы Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартқа қол қоюдың зор тарихи маңызы бар. Екі халықтың достығы мен ынтымақтастығын нығайтуда 1996 ж. 27-ші сәуірде Ресей Федерациясының Президенті Б.Ельцин мен Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Алматыда кездесіп, Қазақстан мен Ресей бірлескен Декларациясына қол қоюының маңызы өте зор болды. Онда Қазақстан мен Ресейде жүргізіліп жатқан демократиялық қайта құрулар мен саяси-экономикалық реформалардың екі ел халықтарының болашағы үшін үлкен мәні бар екендігі атап көрсетілді.
Ал 2000 жылы қаңтарда Мәскеуде өткен екі мемлекет басшыларының кездесуінде басты үш бағыт туралы келісім жасалды. Біріншісі – екі ел саясатындағы қарым-қатынастың сабақтастығы. Екіншісі - қауіпсіздік мәселесіндегі ынтымақтастық. Үшіншісі – шекараны нақтылау мәселесі.
Қазақстанның сыртқы саясатындағы басты көңіл аударып отырған мәселелердің бірі – елдің шекаралық қауіпсіздігін сақтау. Бізбен солтүстікте бірнеше мың шақырым шекараласатын Ресеймен, оңтүстік-шығыста Қытаймен шекараны тұрақтандырып бекіту өте қажет іс еді. Шекара – мемлекеттік егемендіктің басты белгілерінің бірі. Сондықтан бұл маңызды саяси проблема Ресей мен Қазақстан үкіметтері арасындағы кездесулерде әлденеше рет әңгіме арқауы болды. Осының нәтижесінде екі ел арасында 1992 ж. 15 мамырда ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа және 1999 ж. 28 наурызда Қазақстан мен Ресей арасындағы Әскери ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылды
Достарыңызбен бөлісу: |