Егемендік алғаннан кейін қазақ халқының ежелгі дәуірдегі әдебиетін жалпы кең тұрғыда зерттеуге мүмкіндік туды. Оның үстіне бүгінгі қазақ халқының ұлттық жаңғыруы және дүние жүзілік даму процесінде алатын орнының айқындалуы еліміздің ежелгі әдебиетін жан-жақты оқып зерттеудің қажеттілігін арттырды. «Түркі халықтарының әдебиеті» курсы әлеуметтік-гуманитарлық пәндер үрдісінің аясында жеке пән ретінде соңғы кезде жүйелі түрде оқытылады. Бұл курс алғашқы қауымдық құрылыс дәуіріндегі Қазақстан мен Орта Азияны, Алтай өңірін мекен еткен ру-тайпалар, ұлыстар туралы тарихи деректерді, б.з.б. екінші ғасырда «Ұлы жібек жолының» ашылуын, сол кездердегі Қытай, Үндістан, Греция, Иран, Сирия, Месопотамия, Вавилон, Мысыр тағы басқа елдермен сауда, мәдени, рухани байланыстарды, Сақ, Ғұн, Үйсін, Қаңлылардың тайпалық бірлестігін және олардың дәстүр, наным-сенімін, зороастризм діні мен «Авеста» кітабының көне түркілерге қатысын, ежелгі арамей, соғды, авеста, кушан, көне ұйғыр, руна жазуларының пайда болу кезеңдерін сабақтастыра қамтып, ғылыми мәнін ашып, студенттің білім деңгейін, ой-өрісін тереңдетеді.