6-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) жылу энергетикасы саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;
2) жылу энергетикасы саласындағы техникалық регламенттерді бекітеді;
3) жылумен жабдықтауды ұйымдастыру қағидаларын бекітеді;
4) жылу энергиясы нарығына қатысушылар арасындағы үлгі шарттарды бекітеді;
5) жылу энергетикасын дамыту схемасын әзірлеу тәртібін айқындайды;
6) жылу энергиясын және жылу тасығышты босатуды есепке алу қағидаларын бекітеді;
7) жылу энергиясын пайдалану кағиадаларын бекітеді;
8) Конституцияға, заңдарға және Президент актілеріне сәйкес өзге де функцияларды атқарады.
7-бап. Уәкілетті органдардың құзыреті 1. Жылу энергетика саласындағы уәкілетті орган:
1) өз құзыретінің шеңберінде ЖЭО-ның, қуаттылығы 100 Гкал/ сағ. және одан астам белгіленген қазандықтардың жылу электр орталықтарымен (ЖЭО) жылу энергиясын өндіру саласындағы, техникалық пайдалану мен техника қауіпсіздігі, жабдықтың пайдалану сипаттамалары саласындағы Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін (техникалық регламенттерді қоспағанда), жылу өндіруші, жылу беруші, жылумен жабдықтаушы ұйымдардың технологиялық қажеттіліктеріне жылу энергиясы шығысының нормаларын (қуаттылығы кемінде 100 Гкал/сағ. белгіленген жылу желілері мен қазандықтарды қоспағанда) әзірлейді және бекітеді;
2) объектілерді жобалау, салу, техникалық пайдалану және олардың техникалық қауіпсіздігі, жабдықты пайдалану мен техникалық-экономикалық сипаттамалары салаларындағы нормативтік техникалық құжаттарды, табиғи монополиялар субъектілері болып табылмайтын жылу өндіруші ұйымдардың технологиялық қажеттіліктеріне жылу энергиясы шығысының нормаларын әзірлейді және бекітеді;
3) табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар салаларындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органмен бірлесіп тарифтерді (бағаларды, алымдар ставкаларын) немесе олардың шекті деңгейлерін, тарифтік сметаларды бекіту кезінде ескерілетін инвестициялық бағдарламаларды және (немесе) инвестициялық жобаларды бекітеді;
4) жылу беруші және жылумен жабдықтаушы ұйымдардың, жылу электр орталықтарының, қазандықтардың қызметіне мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
5) қуаттылығы 100 Гкал/сағ. және одан астам белгіленген қазандықтардың, жылу электр орталықтарының энергетикалық жабдығының техникалық жай-күйінің мониторингін жүзеге асырады;
6) меншік нысанына қарамастан жылумен жабдықтау объектілерін және (немесе) оның жекелеген бөліктерін сатуды-сатып алуды, жалға немесе сенімгерлікпен басқаруға беруді келіседі;
7) Конституцияға, заңдарға және Президент актілеріне сәйкес өзге де функцияларды атқарады.
2. Коммуналдық шаруашылық саласындағы уәкілетті орган:
1) қуаттылығы кемінде 100 Гкал/сағ. болып белгіленген қазандықтардың энергетикалық жабдығының, сондай-ақ тұтынушылардың жылу пайдаланатын қондырғыларының техникалық жай-күйінің мониторингін жүзеге асырады;
2) жылу энергиясын және жылу тасығышты коммерциялық есепке алу қағидаларын бекітеді;
3) елді мекендердің жылумен жабдықталуын дамыту схемасын әзірлеу мазмұны мен тәртібіне қойылатын талаптарды бекітеді;
4) жылумен жабдықтау объектілеріне қосылуға техникалық шарттарды беру мен келісудің үлгі қағидаларын бекітеді;
5) Конституцияға, заңдарға және Президент актілеріне сәйкес өзге де функцияларды атқарады.
3. Табиғи монополиялар салаларындағы және реттелетін нарықтарда басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган:
1) меншік нысанына қарамастан жылумен жабдықтау объектілерін және (немесе) олардың жекелеген бөліктерін сатып алуды, сатуды жалға немесе сенімгерлікпен басқаруға беруді келіседі;
2) Конституцияға, заңдарға және Президент актілеріне сәйкес өзге де функцияларды атқарады.