Жұмабек кенжалин қалам қанаты


ЕЛ РУХЫН ҚАЛАМГЕР КӨТЕРМЕГЕНДЕ



Pdf көрінісі
бет3/22
Дата12.02.2017
өлшемі2,9 Mb.
#3983
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22

ЕЛ РУХЫН ҚАЛАМГЕР КӨТЕРМЕГЕНДЕ 
КІМ КӨТЕРЕДІ?
«Қазақ əдебиеті» газетінің пікірлесу 
орталығындағы  ой орамдары
Ж.КЕНЖАЛИН: 
– «Тəуелсіздіктің  жетінші  жылына  аяқ  бастық.  Еліміз 
орасан  өзгерістерге  түсуде.  Қоғам  өзгерді.  Адам  өзгерді. 
Сана өзгерді. Жақсы да болып жатыр, жаман да болып жа-
тыр. Осылар көркем образдармен əдебиетте кестеленуі ке-
рек пе, керек емес пе? Əрине, роман, повесть дегендер жыл-
дар  бойғы  толғаныстан  туады,  жылдар  бойы  жазылады. 
Оны білемін, түсінемін. Сонда да жаңа Қазақ елінің, жаңа 
Қазақ  жерінің  сөзбен  салынған  суреті  дүниеге  келер  күн 
тым кешеуілдеп кеткен жоқ па? Араларыңызда бүгінгі күн 
тақырыбына  көлемді,  іргелі  дүние  жазып  жүргендер,  тым 
болмаса ойластырып жүргендер бар ма?».
Жоғарыдағы 
сөз – Президентіміз 
Нұрсұлтан 
Назарбаевтың 
жазушыларға 
қарата 
айтқан 
сөзі. 
Қаламгерлерге арнап айтқан сөзі.
Алматыдағы  зиялы  қауым  өкілдерімен  кездесу 
сəтінде  Елбасымыз  айтқан  осы  сөзден  енді  талай-та-
лай  мəніс-мəселелер  туындайды.  Біріншіден,  бүгінгі 
күн  тақырыбына  қалам  тарту  мəселесі.  Əрідегі  жы-
раулар  дəстүрін  айтпағанның  өзінде,  берідегі  Абай 

34
дəстүрін  алыңызшы.  Өзі  өмір  сүрген  ортаны,  өз 
заманының  қайшылық-қатпарлары  мен  өзекті,  келелі, 
кезек  күттірмейтін  мəселелерін  тереңмен  толғап  айта 
да алды, аша да алды ғой. Жəне қалай айтты десеңізші! 
Əрине,  бүгінгі  күн  тақырыбына  қалам  тарту  деген  сөз 
–  қазіргі  өмір  шындығын,  ұлтымыздың  мұраты  мен 
мүддесін,  жалпыадамзаттық  проблемаларды,  дүние  
сырын  терең  игеру  жəне  оны  озық  əлемдік-əдеби  кри-
терийлерге  сай  бейнелеп,  бедерлеп  бере  білу  деген  сөз. 
Осы  тұрғыдан  келгенде,  төл  əдебиетімізде  бүгінгі  күн 
тақырыбын,  қазіргі  өміріміздің  шындығын  тереңдеп 
көрсете алған көркем туындылар бар ма? Бар болса, олар 
қай  шығармалар?  Жоқ  болса,  неге  жоқ?  Оның  себеп-
сыры  неде?  Қаламгерлеріміздің  даярлығы,  дайындығы 
жетпей жүр ме, əлде дарыны жетпей жүр ме? Не болма-
са,  жағдайы  келмей  жүр  ме?  Осы  жөнінде  кеңінен  пікір 
алыссақ.
Екіншіден, елдің рухын көтеретін, халықтың қайратын 
жанитын  шығармалар  тудыру  жайы.  Президентіміздің 
меңзеп отырғаны да осы мəселе. Рас, қазір зиялыларымыз 
«елдің рухын көтеруіміз керек» деген сөзді жиі айтып жүр. 
Ал енді Сіз  осы ұғымды қалай түсінесіз жəне халықтың ру-
хын көтеруге жазушылар қауымы нендей үлес қосуға тиіс 
деп ойлайсыз? Бұл мəселеге де көңіл бөле кетсек.
Т.МЕДЕТБЕК:
–  Президентіміздің  бұл  сөзі – қай-қайсымызды  да  ой-
ландыратын,  қай-қайсымызға  да  үлкен  міндет  жүктейтін 
сөз.  Шынында  да,  еліміз  тəуелсіздік  алып,  өзінің  бағыт-
бағдарын белгілеу жолында басынан сан қилы саяси  са-
пырылыстар  мен  сан  түрлі  əлеуметтік  қайшылықтарды 
өткізіп,   аласапыран тіршілікпен арпалысып жатқан мына 
заманның қаптаған қалың сұрағына қолына қалам ұстаған 
қаламгерлер жауап іздестірмегенде, енді кім іздестірмек? 
Бірде  сабасына  түсіп,  бірде  арнасынан  асып,  бірде    тар-
тынып,  бірде  алқынып,  ызасын  ішіне  тығып,  сабырын 

35
жолдас қып отырған мына уақыттың мінезі мен келбетін 
ақын-жазушылар жасамағанда, енді кім жасамақ?!
Еріксіз ойланасың. Ойланасың да əдебиетіміздің қазіргі 
тыныс-тіршілігіне  көз  жібересің.  Ондағы  жүріп  жатқан 
процестерге  қарап,  ол  процестердің  туу  салдарларын 
іздестіресің. Енді соған келейік. 
Қазір, Құдайға шүкір, айтулы-айтулы қаламгерлеріміздің 
кітаптары шықпай жатқан жоқ, шығып жатыр. Ол кітаптар, 
негізінен,  қайта  басылымдар,  таңдамалылар,  мемуарлар. 
Бұл процесті əбден түсінуге болады. Біз екі ғасыр тоғысында 
тұрмыз. Бұл – бір. Екіншіден, отаршылдықтан енді босап, 
тəуелсіздікке  кірдік.  Яғни  бір  дəуір  аяқталды.  Мұндайда 
қаламгерлеріміздің  өткенін  қорытындылап,  бүгінге  есеп 
беріп жатқанының ешқандай əбестігі жоқ.
Əлбетте,  жаңа  шығармалар  жазылып  жатыр.  Ол 
шығармалардың  тақырыптары,  негізінен,  Кеңес  өкіметі 
тұсында  жазыла  қоюы  екіталай  тақырыптар.  Бірқатар 
қаламгерлеріміз  енді  бостандықтың  еркін  кеңістігіне 
шығып сол кеткен есені қайтару үстінде. Бұл да дұрыс.
Дей тұрғанмен, дəлелі мен дəйегі нық бұл себеп-салдар-
лар «мені неге көрмейсің?» деп көлденеңдеп тұрған бүгінгі 
күн тақырыбының орнын толтыра алмайды ғой. Олай бол-
са, бүгінгі күн тақырыбының əдебиетімізде кеңінен (мүлде 
жоқ деуге аузым бармайды) көрінбей жатуы неде? 
Дүние қазір толқып-шайқалып, бір көтеріліп, бір басы-
лып  тұр.  Əрине,  толқып,  шайқалып,  бір  көтеріліп,  бір  ба-
сылып,  аударылып,  төңкеріліп  тұрған  дүние  ішінде  қолға 
қалам  мен  қағаз  алып,  кең  тынысты  шығарма  жаза  қою 
қиын.  Олай  етем  деу – шторм  үстіндегі  кеменің  палуба-
сында  тұрып  майлы  бояумен  сурет  салам  деумен  бірдей. 
Мұндайда қаршығадай алғыр жанр – өлеңнің  сөз алғаны 
орынды-ақ.  Солай  болып  та  жүр.  Əрине,  олардың  ішінде 
«самопал»  ішіп  алғандай  өкіреңдеген  даңғой,  дарақы 
өлеңдер  баршылық.  Дегенмен,  өлең  өз  міндетін  атқарып 
жүр дей алмаймын...
Президентіміздің өзі де «...роман, повесть дегендер жыл-

36
дар  бойғы  толғаныстан  туады,  жылдар  бойы  жазылады. 
Оны білемін, түсінемін» деп айтып тұрған жоқ па. Олай бол-
са,  дүние  сəл  саябырсып,  сабасына  түскеннен  кейін  үлкен 
дүниелер бой көрсетеді деп білем. Қазір көру, көңілге түю, 
барлау-зерттеу,  оны  қорыту,  елеп-екшеу  процестері  жүріп 
жатыр. Тың жерді игеру үшін алдымен сүдігер жыртылмай-
тын  ба  еді.  Сонан  кейін  ол  жерді  өңдеп,  қопсытып  барып 
дəн  егіледі  ғой.  Қайратты,  қарымды  қаламгерлеріміз  де, 
талантты жас жазушыларымыз да қазір дəл осы жұмыспен 
айналысуда.  Олар  қазір  өзінің  өткір  публицистикалары-
мен,  зерттеу  еңбектерімен  бұл  тақырыпқа  түрен  салып, 
сүдігер жыртуда. Яғни олар бүгінгі күн тақырыбын – тың 
алқабын  игеруге  кірісті.  Оның  өңделуі,  байытылуы,  оған 
дəн себілер сəті алда. Яғни бəрін сүзгіден өткізіп алу үшін 
уақыт алшақтығы керек.
Президентіміздің  бұл  сұрағын  бір  жақты  тар  аяда 
түсінуге, оны науқан етуге болмайды. Оны біз, терең, кең 
мағынасында  түсінуіміз  керек.  Бүгінгі  күннің  көкейтесті 
мəселелерін , оның қуанышы мен қайғысын, аярлығы мен 
əділдігін,  жеңісі  мен  жеңілісін,  тіпті  философиясын  тари-
хи  материалдар  арқылы  да  қарастыруға  болады.  Мен  бұл 
ретте  Əбіш  Кекілбаевтың  «Абылай  хан»  драмасын  атар 
едім.  Бұл  драмада  Абылай  хан  заманы  арқылы  бүгінгі 
күннің  ең  өзекті  мəселелері  бүкіл    тамыр-топырағымен 
қопарыла ашылып, қотарыла құйылыпты. Алам десе, ханға 
да, қарашаға да тағылым мол. Қасиетіңнің де, қасіретіңнің 
де  қаны  сорғалап  тұр.  Қан  жылап  тұрып  көресің.  Бірақ  
қажырсыз  сорлы  болмасаң,  қайраттанып  шығарың  сөзсіз. 
Шын  мəніндегі  ұлы  шығарма!  Мен,  əдетте  «ұлы»  деген 
сөзді абайлап қолданушы ем. Бұл жолы ол сөзді қолданбау 
мүмкін емес.
С.БАЛҒАБАЕВ:
–  Ең  алдымен,  Қазақстан  Республикасы  Президентінің 
əдебиеттің  бүгінгі  мəселесіне  көңіл  бөліп,  назар  аударуы 
ерекше  қуаныш  екенін  айта  кеткен  жөн.  Əйтпесе,  соңғы 

37
уақытта  қаламгер  ағайындардың  жағдайлары  қалай  екен, 
не шаруа тындыруда деген сөзді естуге зар бола бастап едік.
Бүгінгі  күн  тақырыбын,  қазіргі  өмірдің  шындығын 
көрсетуге  қазақ  қаламгерлерінің  кəсіби  шеберлігі  де, 
дарыны  мен  қабілеті  де  əбден  жетеді.  Жалпы,  қазақ 
қаламгерлерінің  шығармашылық  шеберлік  деңгейі  өзге 
елдердегі  əріптестерінің  ешқайсысынан  да  кем  емес.  Тек 
соны  түсіну,  бағалау,  ең  өкініштісі – оны  таныту  жағы 
жетіспей  отыр.  Əрине,  соңғы  кезде  ұлттық  əдебиет  пен 
өнердің жағдайының қиындап бара жатқаны туралы барлық 
жерде  айтылып  та,  жазылып  та  келеді.  Бірақ,  олардың 
көпшілігі  жалпылама  қызыл  сөз  бен  құр  сарыуайымға 
салынушылықтан  ғана  тұрады.  Ал  бұл  тығырықтан  
шығудың  жолын  көрсететін  нақты    жоспар  мен  ұсыныс 
жоққа тəн. Сондай-ақ  жаңа заманның қайда бара жатқанын 
түсініп, сезіну де  кемшін деп ойлаймын. Мысалы, əдебиет 
пен өнер саласында құрметті атақ беру, орден, медальдар-
мен  наградтау,  көшелер  мен  мектептерге  қайраткерлердің 
атын  беру,  мерейтой  өткізу  сияқты  шараларды  ең  басты, 
маңызды мəселе деп қарау, көрсету жиі кездеседі.  Əрине, 
мұндай  марапаттаудың  қажет  екендігін  ешкім  де  жоққа 
шығармайды. Ал бірақ ендігі жерде  мұның ешқайсысы да ең 
бірінші, маңызды мəселе емес. Жаңа XXI  ғасырда  əдебиет 
пен  өнердегі  ең  бірінші  маңызды  мəселе – осы  саладағы 
қайраткерлердің  шығармашылық  жəне  авторлық  құқын 
қорғау, олардың еңбегіне төлемақыны дұрыс, құндылығына 
сəйкес  лайықты  төлеу  мəселесі  болмақ.  Егер  осы  мəселе 
дұрыс шешілмесе, онда əдебиет пен өнердің болашағынан 
ешқандай үміт жоқ. Бұл – біз ойлап тапқан жаңалық емес, 
өркениетті  елдердің  бəрінде  атамзаманнан  қалыптасқан 
жағдай.  Дүниежүзінің  бəрінде  шығармашылық  еңбекке 
төленетін  ақы  басқа  мамандықтардың  бəрінен  де  жоғары. 
Ал  біздегі  тиісті  орындар  (Қаржы  министрлігі,  Еңбек 
министрлігі, т.б.) мұны білмейді, не əдейі білгісі келмейді. 
Əдебиет пен өнер қайраткерлерін мұндай кемсітушіліктен 
қорғаудың қазіргі жағдайда екі-ақ жолы бар. Оның біріншісі 

38
– Шығармашылық туралы заң қабылдау. Екіншісі – əдебиет 
пен  өнерді  дамытудың  ұзақ  жылдарға  арналған  кешенді 
бағдарламасын жасау. Жəне бұл екі құжатты да ешкім жасап 
бермейді,  оның  негізін  əдебиет  пен  өнер  қайраткерлерінің 
өздері  дайындау  керек.  Зиялы  қауымның  белсене  арала-
спауы  салдарынан  «Мəдениет  туралы  заңда»  көп  мəселе 
ескерілмей қалды. Жалпы, басқа саланың өкілдері өздеріне 
қажетті  пайдалы  заңды  əлдеқашан  жасап  алды.  Мыса-
лы, «Мемлекеттік  қызмет  туралы»  Заң, «Дипломатиялық 
қызмет туралы» Заң, т.т.
Р. ТОҚТАРОВ:
–  Бүгінгі  күн  тақырыбы  дегенді  мен  өмір  бойы  күн 
тəртібінен  түспейтін  адамгершілік,  ар-ождан  мəселесі, 
əйтпесе,  тіпті  ұлт  мұңы  деп  ұғамын.  Ол  ешқашан 
ескірмейтін,  тот  басып  көнермейтін,  мəңгібақи  алдыңнан 
шыға  беретін  өміршең  тақырып.  Осыдан  алты  мың  жыл 
бұрын  Египет  патшасы,  яғни  ертедегі    мүйізі  қарағайдай 
фараондардың бірі өзінің туысқанына заманның бұзылып, 
жастардың ішкілікке салынып, адамгершілік пен ар-ұятқа 
нұқсан  келтіре  бастағанын  айтып,  зарланып  хат  жазыпты 
ғой.  Енді  алты  мың  жылдан  соң  да  осындай  мəселе  күн 
тəртібінен  түсе  қояр  ма  екен.  Бірақ,  əр  дəуірдің  өз  суреті, 
ерекше  рельефі  бар.  Жазушы  міндеті – соны  дəл  танып, 
көзге айқын  елестетіп беруде. Ол үшін ең бірінші қажетті 
фактор – дарын.  Ол  неғұрлым  қуатты,  қоспасыз  таза  бол-
са, өмір шындығын да соғұрлым терең талдап көрсете ала-
ды. Екінші, ондай дарын мүлде күтпеген жағдайда, ешкім 
ойламаған  жерден  көрінеді.  Оның  қасиетінің  өзі – сонда. 
Орыс қоғамында XIX ғасырда ешкім де Толстой мен Досто-
евский секілді теңдесі жоқ ірі талант иелері  шыға келер деп 
ойлаған  жоқ.  Ол  екеуін  де  уақыт    капризі  дүниеге  əкелді. 
Егерде  ірі  тұлғалар  тумай  жатса,  оны  уақытынан  бұрын 
зорлап  тудырудың,  қолдан  жасаудың  мүлде  керегі  жоқ. 
Құдайдың құдіретімен емес, қолдан, айтумен жасалған жа-
зушы да бір – жанды қуыршақ та бір.

39
Ə.ҚАЙЫРБЕК:
–  Қазіргі  өмір  шындығын  терең  бейнелеген  күрделі 
көркем  шығарма  əлі  дүниеге  келген  жоқ.  Бəлкім,  бұл 
ғасырда  ақындар  мен  жазушылар  айтарын  айтып,  жаза-
рын  жазып  қойғандықтан  шығар...  Енді  не  күтсек  те XXI  
ғасырдан күтеміз.
Рас,  қоғам  өзгерді,  адам  өзгерді.  Əдебиет  те  өзгермек. 
Өмір  шындығын  түйсіну,  түсіну,  қорыту  жəне  оны 
оқырманға  көркем  образбен  жеткізу  қай  заманда 
қаламгерге оңай шаруа болып еді. Кешегі кеңестік дəуірде 
де коммунистің тұлғасын сомдай алмай талай шаш ағарды 
ғой...
Жан-жағымызға  абайлап  қарайықшы.  Ұрлық-қарлық, 
қайыршылық,  қарақшылық  қатар  қабындап  бара  жатқан 
жоқ па. Кеше ғана «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ту-
ралы»  Заң  шықты.  Сыбайлас  жемқорлар  халықтың  қанын 
сүліктей  сорып  жатқанда  басқа  қай  шындықты  жазып, 
қалың елге «рухани лəззат» сыйламақсыз? Өмір шындығы 
дегенде  көзге  алдымен  көлеңкелі  тұстардың  шалынаты-
ны  бекер  емес.  Көлеңкелі  тұстарымыз  өте  көп.  Біздіңше, 
əдебиеттің аяусыз күресетін бір мəселесі де осы ғой деп ой-
лаймын.
Қ.ТҮМЕНБАЙ: 
– Абай дəстүрі – өлмес мектеп. Онан кейінгі ұлы Жамбыл 
да жүзге келгенше өмір құбылыстарына баға беріп өтті ғой 
фəни  жалғаннан.  Одан  бергіректегі  Əуезов,  сонан  кейінгі 
Нұрпейісов  дəстүрі  ше?  Мəселен,  М.Əуезовтің  «Түркістан 
солай  тудысы» – көркем  шығармаға  бергісіз  дүние.  Сол 
кезеңдегі  совхоздардың  құрылуын,  асырасілтеулер  мен  
кемшін тұстарды жете бейнелеген шынайы шығарма. Одан 
тіпті  берідегі  Ə.Нұрпейісовтің  қоғамның  лүп-лүп  соққан 
тамырын  тап  басып  көрсеткен  «Ақ  бидай  туралы  аңыз», 
«Жер шоқтығы»  очерктері де кейіпкердің көркем бейнесін 
сомдаған  публицистикалық дүние. Демек, көркем шығарма 
жазылған жерде публицистика қабат жүреді. 

40
Қазір  осының  екеуі  де  жоқ.  Егер  қаламгерлер  жазса 
даярлығы да, дарыны да жетер еді. Олардың жағдайы кел-
мей жүр.  Тұрпайы айтқанда, қарны тоймай жүргені – өмір 
шындығы.
Ж.КЕНЖАЛИН: 
– Шын талант дəл осындай жағдайда шиыршық атпау-
шы  ма  еді.  Менің  түсінігімде  біздің  баспалар  оқырмандар 
тарапынан  сұраныс  тудырады  дейтін  қолжазбалар  іздеп 
зыр қағып жүр.
Шын суреткер жағдай талғамауы керек. Бұл мен ашып 
отырған жаңалық емес. Бабалар салған сүрлеудің, ағалар із 
қалдырған соқпақтың сабағы бұл. Біз қаласақ та, қаламасақ 
та  қазақтың  ғажайып  қаламгері  Бейімбет  Майлин  өз 
дəуірінің  көркем сөзбен  кестеленген суретін салып кетті. 
Ол  бірақ  маған  атақ  беріңдер,  коттедж  салыңдар,  шетелге 
саяхатқа  жіберіңдер деп жер тепкілеп, өкпе-наз айтқан жоқ.
Т.ƏСЕМҚҰЛОВ: 
–  Меніңше, «бүгінгі  күндік», «бүгінгі  күндік  емес» 
тақырып  болмайды.  Тақырыптың  барлығы  да – актуаль-
ды,  өскелең.  Абай  өз  заманының  шындығын  бедерледі, 
суретін  салды,  сол  арқылы  адам-пенденің  мəңгі  өзгермес 
мінез  үлгісін  бейнеледі.  Абай  айтқан  идеялар  сол  себепті 
ешқашан  да  ескірмейді.  Сол  себепті  Абай  поэзиясынан 
бүгінгі күннің лебін сезіп отырамыз, бүгінгі күннің қалпын 
танып  отырамыз.  Біз  барлығымыз – атқамінерлеріміз  бар, 
атқосшыларымыз бар, бəр-бəріміз де – Абай кейіпкерлеріміз.
«Қазіргі  өмір  шындығына»  келетін  болсақ,  бұл  жерде 
айтарымыз,  шындық – күнделікті  болып  жатқан  оқиғада 
емес, адамның санасында. Осы дүниеде болып жатқанның 
барлығы – адам  санасындағы  мифологияның  салдары, 
соның актуализациясы. Сол себепті, бүгінгі адамның пси-
хологиясын  аша  білген  шығарманы – қазіргі  өміріміздің 
шындығын тереңдете көрсете алған шығарма деп айта ала-
мыз.

41
Егер  шын  қаламгер  болса,  оның  дарынды  болуы, 
даярлығы  мен  дайындығы  болуы – табиғи  шарт.  Себебі 
даярлық пен дайындық сол дарынның табиғатынан өрбиді. 
Соның іске асуының шарттары болып табылады. Сəтсіздік 
көп жағдайда дарынның кемдігінен  немесе «қаламгердің» 
əдебиетке  мүлдем  қатысы  жоқтығынан  болады.  Демек,  
қолға қалам ұстай білгеннің бəрі дарынды емес екен.
Менің ойымша, бүгінгі күні елдің рухын əдебиет емес, 
ел ағаларының игі ісі, туған еліне деген қамқорлығы ғана 
көтере алады. Ескі əдебиетті қарасаңыз, ақын əдетте елдің 
рухын көтеруге емес, əміршіні жөнге салуға ұмтылады...
Қазақ – басынан  талай  даңқты  тарих,  ауыр  нəубеттер 
кешкен,  шаршаған  халық.  Гумилевтің  пассионарлық  тео-
риясына сүйенетін болсақ, біз пассионарлық өрт дəуірінен 
өттік, өнер мен əдебиет қаулап дамитын акматикалық фа-
задан  өттік.  Қазір – инерциялық  фаза.  Келесі  өрлеудің 
алдындағы жым-жырт күй. Яғни  болашақ бүгінгі адамның 
санасында дайындалып жатыр.
Р.ТОҚТАРОВ:  
– «Елдің  рухын  көтеретін  шығармалар»  деген-
нен  шығады,  жақсы  жазылған  көркем  туынды – бүкіл 
адамзаттық  активке  қосылады.  Ұлттық  көбейткіш    табли-
цасы  болмайтыны  секілді,  ешқашан  бір  ұлт  төңірегінде 
қалған үлкен шығарма болған емес. Елдің рухы халқымыз 
тəуелсіз мемлекетке ие болып, өз алдына отау тіккенімен-
ақ көтеріліп отыр. Бұрынғыдай емес, өз өмірімізге де, бала-
лар  мен  немерелеріміздің  болашағына  да  жарқын  жүзбен, 
сеніммен  қарай  бастадық.  Еңсе  көтерілді  деген  осы  емес 
пе.  Елдің  рухын  жақсы  шығармамен  көтеру  деу – даулы 
пікір. Кеңес одағы тұсында небір дуалы ауыз ақындар ру-
хани тірлікті аз жырлаған жоқ, мүмкін шектен асырып та 
жіберген  шығар,  онымен  халық  кенеліп,  айдарынан  жел 
есіп  пе  еді?  Сервантестің  «Дон  Кихотын»  испан  халқы 
да, бүіл дүниежүзі елдері де мақтан тұтады. Ал бұл кітап 
испан  халқының  бүкіл  жамандығын,  есердаңғойлығын 

42
əшкерелеп, мəңгілікке күлкі мен мазақтың жемі еткен бо-
латын.
Біз  ұзақ  жылдар  бойы    өтірік  сөйлеуге,  көріп  оты-
рып  жоқты  бар  деуге,  сол  үшін  де  қиыннан    қиыстырып 
жазуға  жаман  үйренгенбіз.  Уақытында    дарынсыз,  мүлде 
қанатсыз жазылған көп дүниелердің  «классика» санатын-
да  бағаланып  келгені  де  сондықтан.  Оқырман  қауым  да, 
əдебиет те ондай «классикадан» жалығып, шаршап болды. 
Əдебиет  жағдайға  ыңғайланғанда,  əсіресе  конъюктурлікті 
көтермейді.  Бір  кезде  Фадеевтің    «Жас  гвардиясын» 
өкімет те, халық та қатты жақтап еді. Қазір екеуі де үнсіз. 
Уақытшалық пен мəңгіліктің айырмасын осыдан-ақ көруге 
болады.  Шолоховтың  «Тынық  Доны»  мен  Əуезовтің 
«Абай  жолы»  əлі  сол  күйінде  жарқырап  тұрған  жоқ  па. 
Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақ білегі» киізге жанған алтын 
жүзіктей  боп  қайта  жайнап  шыға  келіп  отыр  ғой.  Ақын-
жазушылардың көзі тірісінде тым мерейленіп, кеуде қағып 
кеткенін жақсы ырымға баламаймын. Бұл жөнінде орыстың 
ғажайып əрі сəуегөй ақыны Пастернактың «Быть знамени-
тым некрасиво» деген атақты өлеңі бар:
Цель творчества – самоотдача,
А не шумиха, не успех.
Позорно, ничего не знача,
Быть притчей на  устах у всех.
Əдебиетті  ұлттың  өзі,  оның  басынан  кешкен  ұлы 
істерінің рухы жасайды. Осы ретте Елбасымыз Нұрсұлтан 
Əбішұлы сыбайлас жемқорлық жөнінде дер шағында  келелі 
мəселе көтеріп отыр. Осыған орай, біздер, əдебиетшілер де 
өз  арамызда  үлкен  мағынада  осы  тотығудан,  жең  ұшынан 
жалғасып  ымыраласудан  құтылып,  таза  шығармашылық 
жолына  түспей  қалың  оқушы  қауымды  елең  еткізер  тəуір 
шығарма тудыра аламыз деп айта алмаймын.
Ə.БӨПЕЖАНОВА:
–  Көркем  əдебиет  міндеті  кешегі – бүгінгі – ертеңгі 
күн  тақырыбына  қалам    тарту  еместігі  əлімсақтан  аян. 

43
Əрідегі  жыраулар,  берідегі  Абайды  алға  тартудың  жөні 
жоқ,  өйткені  ол  кезеңдердің  саяси-қоғамдық,  рухани-
əлеуметтік құрылымы бүгінгіден мүлдем өзге еді жəне ол 
кезеңдерді  тану-зерделеу  араға  ғасырлар  өткен  соң  ғана 
кейінгі ұрпақтардың еншісіне тиеді. XX ғасырдың соңғы он 
жылдығында Қазақстан атты егемен елдің саяси-қоғамдық, 
рухани-əлеуметтік бітім құрылымын келер ұрпақтар толық 
та мүмкіндігінше объективті зерделер.
Жазушы – өз  кезеңінің  бел  баласы,  дей  тұрғанда, 
ең  алдымен  жеке  өмір-тіршілік  иесі  екенін  еске  алсақ, 
бұл  қауымның  бүгінгі  рухани  құрылымы  біраз  ойға 
жетелейді.
Ықылым заманнан жыраулары, ақындары, сөз зергерлері 
халықтың  көш  бастары,  рухани  зердесі  саналып  келген 
қазақ  үшін,  əсіресе,  тəуелсіздігіміздің,  цифрға  жүгінсек, 
жеті жылында жазушы қауымның үні дара, айбары ерек-
ше болмақ керек-ті. Тəуелсіздік буына мастанған алғашқы 
бірер жылда осылай болды да. Бірақ тоталитарлық атанған 
Кеңес одағы кезінің өзінде саяси билікке іштей оппозиция, 
жасампаз  қарсы  күш  міндетін  ақтарып  келген  жазушы 
қауымның  соңғы төрт-бес жыл көлеміндегі ахуалы «тым 
қиындап» кетті ме деп қаласың. Осы ретте мұрат-міндеті 
асқаралы  болмақ  керек  жазушылар  қауымы  қанша  серке 
көрінуге тырысқанмен заманға тез бейімделе бастады да, 
бұрынғы  «қоғамдық  пікір  ұйытқысы  болу»  міндетінен 
бас тартуға көшті. Бұл парадокс бір есептен, заңды жəне  
зерделеуді қажет ететін құбылыс.
Жазушы  да  адам,  пенде.  Сондықтан  да  қайтсем 
халқыма  қызмет  етеммен  қатар  жаңа  тарихи-қоғамдық 
жағдайда қайтсем өз орнымды табамынды көбірек ойлай-
ды.  Əрине,  ойлай  алатындары.  Ой  желісін  əрі  өрбітсем, 
қазір  жазушы  қауымын  шартты  түрде  бірнеше  топқа 
бөлуге болар еді. Зиялы, оның ішінде жазушы қауымның 
үлкен билікпен үзеңгілес бір тобы – рухани  жасанды оли-
гархияны құрайды. Өзгесін былай  қойғанда  мемлекеттік 
рухани-мəдени  саясатқа  ықпалы  шамалау,  халықтың 

44
шын жағдайы, зар-мұңынан алыстау болғандықтан «піл 
сүйегінен  жасалған  мұнарада»  отырғандай    көрінетін; 
үлкен  күлшенің  бір  шетінен  аздап  болса  да  тістеу 
мүмкіндігі, демек, əулетінің, ағайын-туыстың болашағын 
материалдық тұрғыдан  қамтамасыз етуге қолы жеткен, 
мүмкін  сондықтан  да  үнемі  мемлекеттік  категориялар 
мен  ойлаудан  қолы  тимейтін  «жеке  адам  олар  үшін  аб-
страктылау ұғым» бұл топтың жағдайы өте жақсы.
Екінші топ – бейресми-бейтарап, саясаттан алыс, еркін 
боп көрінгенмен, реті, орайы келе қалса, жоғарғы биліктің, 
саяси  истеблишмэнттің    шашбауын  көтеріп,  мезгіл-мезгіл 
науқандарда халық атынан сөйлеп көзге түсіп, «сүйікті» бо-
лып жүретін топ.
Үшінші  топ – мемлекеттік  құрылымдарға  бара  қалса 
бар  күш-жігерін  тəуелсіздікке,  рухани  ахуал  түзетуге 
бағыттауға  ұмтылатын,  бірақ  рухани    мұраттастарының 
тым аздығынан жігері құм болып, көп ұзамай қызметінен 
кететін, мықтағанда жалпыға ортақ əуенге көшетін топ.
Төртіншісі – суреткерлік  тағдырын  саяқ  кешіп,  əлем 
мен  өз  елінің  тынысын  жіті  бақылап,  онда  жүріп  жатқан 
процестерді  талдап-зерттеу,  адам  жанының  тұңғиығына 
үңілу арқылы өз заманының көркем бейнесін жасау мүмкін 
санаулы ғана суреткер.
Мұндай шартты классификацияны жалғастыра беруге 
болар еді. Жазушы қауымның басты трагедиясы – бүгінгі 
шынайы ахуалды, мемлекеттік саясаттағы қателіктерді та-
нымауы  немесе тəуелсіздіктің құн-қадірін білмейтін, үлкен 
саясатты түсінбейтін боп көрінуден қашқақтап, «өз қолын 
өзі  кесетін»  жанның  кебін  киюден  қорқуы.  Күндердің 
күнінде  уақыты  келгенде  бүгінгі  күннің    шындығы  да, 
көркем бейнесі де ақ қағазға түсері сөзсіз.
Елдің рухын көтеру, үндеу – ұранмен емес, нақты іспен, 
жүйелі  мемлекеттік  саясатпен  ғана  жүзеге  аса  алады. 
Халықтың əл-ауқатын арттыру, демек, күн санап өршіп бара 
жатқан  жұмыссыздықты  ауыздықтау,  қоғам  мүшелерінің 
əлеуметтік  статусына,  мансап-дəрежесіне  қарамастан 

45
заң  алдындағы  бірдей  жауапкершілігі  əлеуметтік 
əділетті  қоғамдық  өркендеудің  ұстынына  айналдыру – 
экономикалық  дамуға,  бұл  даму  өз  кезеңінде  əлеуметтік 
жəне мəдени өркендеуге, ал əлеуметтік-мəдени өркендеу ел 
рухының көтерілуіне бастайды.
Жазушы қауымы, егер, өзін бүгінгі таңда да елдің серкесі 
санайтын  болса – уақытша  науқандарға    атсалысудан  гөрі 
тұрақты мəдени даму шараларын жүзеге асыруға мұрындық 
болатын;  үлкен  биліктің,  ең  алдымен,  халық  үшін  қызмет 
етуі  тиістігін  үнемі  еске  салатын  жасампаз    күшке,  үлкен 
билік  санаспасына    болмайтын  қуатты  күшке  айнала  алуы 
шарт.
Кітапханалар, кітап дүкендері жабылып, кітаптары қыста 
тамызыққа жұмсалған, мерзімді баспасөз жетпейтін (байла-
ныс бөлімшелері жабылған, қысқартылған, т.б. ұшы-қиыры 
жоқ себеп-сылтаулар) қалың жұртшылық көп ұзамай кітап 
оқу  дегенді  мүлдем  ұмытуы  əбден  мүмкін.  Ал    айталық, 
халықтың  рухын  көтеру  үшін  жазылған  шығармалар 
оқырманына  уақтылы  жетпесе  күндердің  күнінде  рухтың 
да түкке қажеті болмас.
Т.МЕДЕТБЕК: 
–  Жалпы,  рух  деген  менің  ойымша  қан  мен  текке  та-
мыр сап тұрған, ананың ақ сүтімен қоректеніп, тəрбие мен 
дəстүрдің мектебінен қуат алатын қасиетті ұғым. Мəселен, 
чешендерді  алыңыз.  Олардың  оқу-тоқуы  басқа  жұрттан 
асып кетті дей алмаймын. Арба мініп, дамбал киіп жүріп-
ақ орыстардан өз елін қорғап қалған ауғандарға қараңыз. 
Олардың көбі шала сауатты. Əңгіме – жалғыз оқу-тоқуда 
ғана емес, негізде, нəтінде, тек пен қанда! Біз тексіз емеспіз. 
Егер  санап  кетсек,  қай-қайсымызда,  не  өз  жағымыздан, 
не нағашы жағымыздан, не  ақын мен батырға, не би мен 
білгірге  тірелеміз.  Тек  тəрбиеміз  ақсап,  дəстүріміз  іске 
қосылмай жатыр. Ақын-жазушыларымыз дəл осы мəселеге 
–  дəстүр  мен  тəрбиені  қалыптастыруға  өз  үлесін  қосады 
деп білемін.

46
С.БАЛҒАБАЕВ:
–  Елдің  рухын  көтеретін,  халықтың  қайратын  жа-
нитын  шығармалар  тудыру  керек.  Əрине,  бұл  сала-
да  өткен  дəуірлеріміздегі  неше  түрлі  алып  тұлғалар, 
хандар  мен  батырлар  туралы  жазылған  дүниелердің 
өте  маңызды  екені  даусыз.  Дегенмен,  осылармен  қатар 
халыққа  бүгінгі  қиындықтан  шығудың  нақты  жолын 
көрсететін,  болмыс-бітіміміздегі  кемшіліктерден  арылуға 
үндейтін  шығармалар  да  өте  қажет.  Жалпы,  бүгінгідей 
кезеңде  комедиялық,  сатиралық  туындылардың  да  керек 
екенін  естен  шығармағанымыз  жөн.  Екінші  дүниежүзілік 
соғыстың  ең  қиын  кезінде  комедиялық  шығармалардың 
халық сұранысына төтенше ие болуы кездейсоқтық емес.
Сонымен  бірге,  бүгінгі  күн  тақырыбы,  елдің  рухын 
көтеретін  шығарма  деген  дақпыртпен  басшылар  мен 
əкімдерге  жағымпаздануға,  белгілі  бір  ата  мен  рудың 
мүддесін  насихаттауға  арналған  арзанқол  дүниелердің 
көбейіп кетпеуін де қатаң қадағалаған дұрыс.
Ə.ҚАЙЫРБЕК:
–  Тоқсаныншы  жылдардың  басында  ұлттық  рухымыз, 
ұлттық  санамыз  ерекше  бір  күш-қуат  алғандай  еді.  Қазір 
сол күш-қуат бəсең тарта бастағандай. Біздіңше, елдің ру-
хын  көтеру  үшін  рухани  саладағылар:  ақындар,  жазушы-
лар,  өнер  адамдары,  ғалымдар,  мұғалімдер,  т.б.  теңге  тап-
пай тентіреп кетпеуі керек.
Қ.ТҮМЕНБАЙ: 
-Шүкір, 
Астананың 
тұсауы 
кесілді, 
сыбайлас 
жемқорлыққа  қарсы  күрес  туралы  құжатқа  қол  қойылды. 
Енді халықтың тағдырын бірінші кезекке қоятын күн жетті.
Қазір  елдің  еңсесін  көгілдір  экрандағы  əншілер 
көтеріп  жүр.  Ел  қолына  əдеби  кітап  ұстап, «Жұлдыз»  бен 
«Қазақ  əдебиетін»  оқиын  десе,  ақшасы  жоқ.  Нартай  ақын 
айтпақшы: «Дəме  бар  да,  дəрмен  жоқ».  Əуелі  рухты  та-
зарту  керек.  Соңғы  ұрпақтың  рухын  кір  шалды. «Ана 

47
тіліндегі» Үндеуде  айтылғандай, КТК арнасындағы Доктор 
Секстің, əртүрлі жан төзгісіз боевиктердің, «Караванның» 
тұзағынан  рухымызды  құтқарып  алып,  бұрынғы  «Абай 
жолы»  мен  «Ботагөзді»  оқығандай  көркем  шығарманы 
іздеп  жүріп  оқитын  жаңа  идеологиялық  бағыт  керек.  Бұл 
үшін үкіметтік деңгейдегі шара қажет.
Дүңгіршекте  «Қазақ  əдебиеті»  мен  «Ана  тілі»  тығулы 
жатады  да, «Босс»  пен  «Караван»  маңдайы  жарқырап 
алда  тұрады.  Дүңгіршектің  иесіне  «Қазақ  əдебиеті» 
жазушылардың жалғыз газеті екендігін айтып, түсіндіріп, 
тəжікелесіп кеп қолыңа қалай қалам ұстайсың. Еңсең езіліп, 
рухың түсіп, «Осы мен кім үшін жазып жүрмін?»-нен бұрын 
«Осы мен қандай қоғамда өмір сүріп жүрмін?» деп, өзіңді-
өзің сауалдың астына аласың.  Қоғамның көзі мен құлағы 
–  қаламгер  қауымға  қолтықтан  демер  жылы  сөз  бен  ескі 
досымыз  К.Маркс  айтқандай: «Тұрғын  үй  мен  киім,  ақша 
қажет».  Рухы  биік  қаламгер  халқының  алдында  қарыздар 
болып қалмайды. Халқының да рухын көтереді.
Ж.КЕНЖАЛИН:
– Біздің бұл тақырыпта əңгіме қозғауымыз бір бұл емес. 
Естеріңізде болар, үстіміздегі жылдың наурыз айында ре-
дакциямызда  өздеріңіз  секілді  бір  топ    қаламгерлер  бас 
қосып, редакцияның қонақжай шаңырағында пікір бөлісті. 
Онда «Жел өтіндегі қоғам жəне қалам қабілетінің салмағы» 
деген  тақырыпта  əңгіме  өрбіген  еді.  Бүгінгі  пікірлесіміз 
соның  заңды  жалғасы  деп  түсінген  дұрыс.  Бір  мəселенің 
басын  ашып  айтуым  керек,  бүгінгі  əңгіме  көзіқарақты 
кісілерге ой салуы қажет. Пікір алысуға қатысушыларды 
қақпайлаған  жоқпыз,  əркім  хал-қадерінше  ортақ  мүдде 
орайындағы  мəселелерге  шын  жанашырлықпен  пікірін 
білдірді.  Алайда  ақиқаттан  айналып  өте  алмайтынымыз 
секілді əңгіме түйінінде  мына мəселелерді  атап айтпаса 
тағы  болмайды.  Қаламгер  қаласын,  мейлі  қаламасын  ол 
өзі өмір сүріп отырған қоғамның бір бөлшегі, сондықтан 
ол болмыста бой көрсеткен мəселелерден бейтарап қалуы 

48
мүмкін  емес.  Бұл – аксиома.  Сондықтан  өтпелі  кезеңнің, 
өлара  шақтың  қиындығын,  оның  өзіндік  ерекшелігін 
сырттай ғана бақылап, тамашалап қалу азаматтыққа сын. 
Менің  міндетім  жазу,  айналада  күл  болмаса,  бұл  бол-
сын  деген  принцип  имандылық  принциптеріне  қайшы 
болмақ. Бізге тарихи сəт келді. Ғасырлар бойғы аталары-
мыз, бабаларымыз аңсаған тəуелсіздік атты  құбылыстың 
көк  байрағы  желбіреп  тұр.  Оны  шайқалтып  алмай, 
іргетасын    бекіте  түсу  біздің  парызымыз.  Бұнымен  ай-
налысу    белгілі  бір  ғана    топтың  шаруасы    деп  қарасақ, 
шатасқанымыз.  Қоғам  болып,  ел  болып  қолға  алғанда  
ғана ол мəуелі, мəйекті болмақ. Қаламгердің халық рухын  
көтерудегі  парызы    дейтін  мəселе  осыдан  келіп  шығады. 
Ащы  да  болса  шындықты  айтпай  тұра  алмайсыз. «Қазақ 
əдебиеті» – ел оқығандарының, зиялыларының газеті. Ал 
осы газетке ел өміріндегі  өзекжарды  мəселелерге  байла-
нысты    атсалыспақ    түгілі,  пікір  білдіруге    ерінетін  аза-
маттарымыз  да  жоқ  емес.  Пікірін  қағазға  жазып  бермек 
түгілі, ой айтуға ерінетін зиялылар заманына  кез болдық 
па деп қорқамыз. Менің жоғарыдағы бір пікірімде, аз ғана 
ғұмырында жанкешті тіршілік кешіп, бірақ, халқына мол 
мұра қалдырған Бейімбет ағаны мысалға келтіруімнің бір 
сыры осында жатыр.
Орынсыз өкпешілдік өрге бастырмас. Сондықтан белгілі 
бір кезеңдік  құбылыстарға  деген көзқарастарды халықтық, 
елдік  мұраттар  жолындағы  үрдістермен  айырбастап 
алмайық.  Намыстан  жаралған  қаһарман  халқымыздың, 
мың өліп, мың тірілген халқымыздың осы өлара кезеңдегі 
өр  тұлғасын  аласартып  алмайық.  Міне,  бүгінгі  əңгіменің 
тоқ етер түйіні де, басты мəні де осы болса деп едік.
 «Қазақ əдебиеті» 24-шілде, 1998 ж.

49

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет