Жұмабек кенжалин қалам қанаты



Pdf көрінісі
бет22/22
Дата12.02.2017
өлшемі2,9 Mb.
#3983
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   22

АРМАН ƏЛДИЛЕГЕН АДАМ
Екеуміз  ақтарыла  сырластық.  Арада  айтылмаған 
əңгіме қалмаған сияқты. Бір сəт ол əлдене есіне түскендей 
қолындағы  көнетоздау  қойын  дəптерді  парақтап  жіберіп, 
бұрынғысынан да шешіле, серпіле сөйледі.
–  Мына  бір  көріністі  көз  алдыңызға  елестетіп 
көріңізші.  Москва. 1921 жылдың  июнь  айы.  Елімізде 
жаңа  экономикалық  саясаттың  жүзеге  аса  бастаған  шағы. 
Революцияның  дұшпандарымен,  əсіресе,  ішкі  жаулармен 
айқастың нақ қызған кезі. Осы тұста пролетариаттың көсемі 
Лениннің инициативасымен Коминтерннің үшінші конгресі 
шақырылды. Оған Октябрь революциясына дейін бұратана 
саналған  дұңған  халқының  перзенті  Мағазы  Масанчи  да 
қатысады.  Алғашқы  мəжілістен  кейінгі  үзіліс  арасында 
Масанчиге  Ленинмен  кездесудің,  тілдесудің  сəті  түседі. 
Сəлемнен  соң  ол  көсемге  дұңған  полкінің  құрылғанын, 
оның тап жауларымен күресте атқарып жатқан жанқиярлық 
істерін  мəлімдейді.  Осы  кез  Ильич  батыр  тұлғалы  дұңған 
жігітіне  сүйсіне  қарап,  шын  ықыласымен  риясыз  жымия 
полк  командирінің  қолын  қысқан  еді.  Ол  аз-кем  кідіріп 
қалды  да,  əңгімесін  қайта  сабақтай  түсті. – Сіз  білесіз  бе, 

372
қиялымды қанаттандырып, жан дүниемді тебіренткен осы 
бір көрініс көз алдымнан кетер емес. Мұның бəрі, əрине, та-
рихи шындық. Масанчи образын жасау туралы ой келгенде 
Москвадағы  В.И.Ленин  атындағы  кітапханада  болғаным 
бар. «Правда»  газетінің 1935 жылғы 22-октябріндегі 
нөмірінде  М.Масанчидың  «Айрықша  дұңған  полкі»  деп 
аталатын  естелігі  жарияланған  екен.  Естелік  болашақ 
картинамның ауқымын үлкейтуіме түрткі болды. Шығарма 
өзегіне  екі  тарихи  тұлғаның  кездесуі  бейнеленуімен  ғана 
шектелмейді.  Мұнда  сол  сəттегі  көсемнің  психология-
сын, оның қас қағымда жүрегіңді елжіретіп,   жаныңа қуат 
құятын  ғаламат  ұлылығын  өнер  тілімен  жеткізуді  басты 
нысана  еттім.   Осы  ойды  жүзеге  асыру  азаматтық  боры-
шым деп білемін.
Сөйтті де ол əртүрлі көлемде салынған бір топ суретті 
алдыма  жайып  тастады.  Сырт  қараған  адамға  əп-əдемі 
салынған шығармалар, əлгі өзі айтқан көріністер.
–  Мұның  бəрі  эскиздер  ғой,–  деді  Мұхамед-Омар 
көкжиекке  көз  тастап. – Оқиға,  көрініс  бар.  Тақырып 
ауқымды,  бірақ  əлі  де  жетілдіруді  қажет  ететін  тұстар 
байқалады.  Ең  бастысы,  Владимир  Ильичтің  сол  сəттегі 
толғанысын, көңіл қошын көтерген хабардан соңғы нұрлы 
дидарын бейнелей білу əлі де талай ізденісті керек ететінін 
жақсы білемін.
Өзінің  əрбір  қолтумасына  осылайша  сын  көзбен 
карап,  ойша  екшеп,  əрдайым  ақыл  безбеніне  сала-
тын  дұңған  халқының  түңғыш  қылқалам  шебері,  жас 
суретшісі Мұхамед-Омар Паншаев Жамбыл облысындағы 
Жалпақтөбе селосында тұрады. Бүгінде бес жүзден аса кар-
тина  салған  қылқалам  иесінің  əлгіндегідей  кең  тынысты 
тақырыпқа баруы құптарлық.
Мұхамед-Омардың  қазір  қандай  жұмысты  қолға  алып, 
қандай  шығарманы  аяқтағаны  ауылдастарының  көз  ал-
дында.  Өйткені  оның  ауыл  тұрғындарынан  жасырар  еш 
сыры  жоқ.  Осыдан  бірер  жыл  бұрын  селода  шағын  көрме 
залы  ашылды.  Ауыл  өміріндегі  бұл  оқиға  ешкімді  де 

373
бейтарап  қалдыра  алмаған.  Ал  оның  экспозицияларына 
негізінен  Мұхамед-Омардың  туындылары  қойылды.  Сол 
сəтте ауылдастар көбіне-көп өздері байқай бермейтін туған 
топырақтың  таңғажайыптарымен  бетпе-бет  келген.  Өскен 
жерінің əсем көріністері кімді де болса ерекше сүйсіндірген. 
Ал сырттан келген ауыл қонақтары табысы шалқыған «Ок-
тябрь»  колхозындағы  осы  көрме  залына  бас  сұқса,  бұл 
өңірдің бар тарихына қанығар еді.
Жерлестері  өздерінің  көз  алдында  есейіп,  ер  жетіп 
өнер  əлеміне  құлшына  құлаш  ұрған  перзенттерінің 
болашағынан зор үміт күтеді. Өзіне деген осыншама сенім 
жауапкершілігінің  жүгі  қаншалықты  екендігін  Мұхамед-
Омар да жақсы түсінеді. Сондықтан да болар, ауылдың дəл 
төріндегі қылқалам иесінің шағын шеберханасынан ертелі-
кеш адам аяғы арылмайды.
–  Шынында  да,  солай, – дейді  ол,–  əдетте,  менің 
əріптестерім  жұмыс  орындарында,  шеберханаларында 
мүлгіген  тыныштықтың  болғандығын  қалайтыны  рас.  Ал 
мен, керісінше, ондай сəтте өзімді-өзім əлденемен құрсаулап 
тастағандай  сезінемін.  Мен  кейіпкерлерімнің  ортасында 
жүрмін. Олармен əр кездесу менің тың шығармалар бастау-
ыма түрткі болады.
– Мұхамед-Омар салған суреттердің біздің жүрегімізге 
етене  жақындығының  бір  сыры,  міне,  осында  болса  ке-
рек,– дейді «Октябрь» колхозының председателі Қазақ ССР 
Жоғарғы  Советінің  депутаты  М.Аширов. – Сырт  қараған 
көзге  қарапайым  ғана  дүниелер  сияқты.  Ал  аздап  ой 
жүгіртсеңіз, оның шығармаларынан осы өлкенің əлеуметтік 
түлеуін, тарихын жазбай таныр едіңіз.
Мұхамед-Омар  ауылдастарынан  осындай  баға  алар 
дəрежеге оп-оңай жеткен жоқ.
...Оның  көркемсурет  əлеміндегі  қадамы  мектеп 
қабырғасынан  басталған.  Бастапқыдағы  өнердің  осы 
түріне деген əуесқойлық сезімі кейіннен бірте-бірте өзінің 
иірімдеріне  жетелей  берген.  Аудандық  көрмеде  жеңіп 
алған жүлде балғын суретшінің қиялына қанат бітіргендігі 

374
де  сөзсіз.  Ұлының  таудай  талабын  құп  көрген  Сализ 
қарт  Мұхамед-Омар  сегізінші  кластан  соң  Фрунзедегі 
С.А.Чуйков  атындағы  көркемсурет  училищесіне  барам 
дегенде  бетінен  қақпаған.  Училище  кабырғасындағы 
жылдар ол үшін үлкен өнердің құпия сырын барлау жыл-
дары  болғандығы  анық.  Кейіннен      ол      училищені      өте 
жақсы тəмамдаған   түлектердің бірі ретінде   Москвадағы 
В.И.Суриков  атындағы  Мемлекеттік  көркемсурет  ин-
ститутына  қабылданды.  Мұнда  ол  СССР  Көркемсурет 
академиясының  корреспондент-мүшесі,  РСФСР  халық 
суретшісі, СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, про-
фессор  В.Г.Цыплаковтан,  сондай-ақ  А.Фомкин,  С.Чирков, 
В.Забелин  сынды  айтулы  қылқалам  шеберлерінен  дəріс 
алды. Ұзақты күн солардың шеберханасынан шықпай, су-
ретке жан бітірген шеберлердің тамаша қасиеттерін өз бой-
ына сіңіруге тырысты.
Сол  ізденістің,  тынымсыз  еңбектің  іздері  бүгін  мына 
колхоздың  көрме  залында  сайрап  тұр. «Дұңған  ауласы», 
«Хняз аға», «Тал түс», «Əсел», «Қысқы бақ», «Жер перзенті» 
деп  аталатын  шығармалары  көз  сүйсінтеді.  Суретшінің 
өзіндік қолтаңбасын айқындайтын үздік шығармаларының 
бірі «Жер перзенті». Бұл полотно 1982 жылы салынған еді. 
Картинадағы бояулар үндестігі, кең тыныстылық, серпінді 
динамика  бəрі-бəрі  бір  арнаға  тоғысып,  қылқалам  иесінің 
қарымын  анық  танытары  сөзсіз.  Базбір  суреттердегідей 
əсірелеу,  боямалау  атымен  жоқ.  Ұшар  басына  бұлт 
қонақтаған  тау  етегіндегі  мынау  қала,  көк  зеңгір  аспан, 
осы  көрініске  сүйсіне  қараған  кейіпкер  келбетінен  жер 
перзентінің,  ел  перзентінің  дария  көңілін  байқау  қиын 
емес. Сонау қияға, алысқа шарлаған нұрлы жанар мақсатты 
жанның рух  күштілігін дəлелдей түскендей.
–  Мұхамед-Омардың  Алматы,  Фрунзе,  Жамбыл  қа-
лаларында  əлденеше  рет  жеке  көрмелері  болып  олар  та-
бысты  өтті.  Талантты  суретші  Қазақстан  астанасында 
болған «Жігер» фестивалінің лауреаты атанды. Сол жылы 
өнерсүйер қауым оның «Дұңған ауласы», «Тал түс» деп ата-

375
латын картиналарына, бірнеше табиғат этюдтеріне ерекше 
назар аударған. «Дұңған ауласына» өзі туып-өскеп ауылдың 
жүрек қылын шертіп өтер бір сəттік көрінісі арқау болған. 
Мұнда  халықтың  өзіне  тəн  мінез  жомарттығы,  советтік 
өмір  салты  салтанат  құрып  отырған  дұңған  семьясының 
əлеуметтік  жаңарулары  айқын  көрініс  тапқан.  Өзіндік 
бедерімен, орындалу шеберлігімен ерекшеленген осы кар-
тина Қазақ ССР Мəдениет министрлігінің өнер туындыла-
ры қорына қабылданды.
...Біз  мектептен  шыққанда  сумка  арқалаған  бір  топ 
балаға қарсы жолықтық. Бұлар Паншаев жетекшілік ететін 
Жалпақтөбе селосындағы сурет үйірмесінің мүшелері екен.
–  Əзірге  барға  қанағат  тұтамыз  ғой.  Менің  кішкене 
шеберханам  үйірме  сабақтарын  өткізуге  тым  тар  екені 
байқалып-ақ  тұр.  Келесі  жылы  колхозда  сурет  галереясы 
ашылады.  О-о,  сонда  əңгіме  басқаша  болады, – дейді  ол 
ерекше бір серпінмен толқи сөйлеп, қуаныш сезімін жасы-
ра алмай.
Бұл дұңған колхозының мəдениетінің мəуелене түсуіне 
иненің жасуындай болса да, өз үлесімді қоссам деген арман 
қанатындағы жанның лебізі.
Арман адамды қашанда алға жетелейді.
1987 ж.

376
ҮШ ЭТЮД
Достықтың тілі
...Күй  аяқталғанда,  манадан  бері  əліптің  артын  бағып, 
домбырашының  əр  қимылын  қалт  жіберместен  қарап 
отырған  əділқазылар  алқасы  разылық  сезімін  ірке  алмай, 
біріне-бірі желпіне тіл қатып, серпілісіп қалған.
– Япыр-ай, өнерліге өріс кең деген осы-ау, ə!
– Талабын айтсаңызшы, бəрінен бұрын.
– Аты-жөні хабарланбаса, құдды қазақ баласы дер едіңіз 
күй төгілтіп отырған.
– Қазақша əн айтып, ел алғысына бөленіп жүргендерді 
білетін  едім,  ал  өзге  ұлт  өкілінің  қазақша  күй  тартыпты 
дегенін тұңғыш рет естуім.
Астанадағы 
П.И.Чайковский 
атындағы 
музыка 
училищесіндегі осы əңгімеге ертеңіне-ақ қала тұрғындары 
құлақтанып  үлгерді. «Корей  баласы  күй  тартып, 
жиылғандарды  таңғалдырыпты», «Жас  музыканттар  жа-
рысында күйші корей баласы жеке-дара озып шығыпты...», 
«Пай-пай,  домбыра  қағысы  неткен  жатық  еді  күйшінің». 
Домбырашы  корей  баласының  өнеріне  осынау  таңданыс, 
сүйсініс естір құлақты еліктірмей қоймап еді.
«Халық айтса, қалт айтпайды». Арада аптаға жуық уақыт 
өтпей  жатып,  жас  орындаушылардың IX республикалық 
байқауы мəреге жеткенде, өнер сайысы ə деп басталғаннан-
ақ  көрермендерінің  шынайы  ықыласына  кенелген  Гри-
горий  Югай  бəйгені  жеңіп  алды.  Сол  күні  əділ  қазылар 
алқасының    төрағасы  Григорийді  жеңімпаз  деп  атағанда, 
мұның қуанышында шек болған жоқ.
Осынау жұлдызды сəт Алматы облысы, Ақши селосында 
домбыра əліппесін үйренген ауыл баласының алғашқы арман 
асуындай еді. Бұл үлкен өнерге корей баласын баулыған Əділ 
Аманов сынды азаматтың ұстаздық еңбегінің жемісі, сондай-
ақ  музыкалық  училищеде  Григорийге  дəріс  беріп  жүрген 
Білəл Ысқақовтың да творчестволық ізденісінің белесіндей.

377
Ең бастысы – қазақ өнерін қалтқысыз сүйіп,  болашағын 
осы 
өнердің 
көш-керуенімен  байланыстырған 
ко-
рей  баласының  бұл  қасиеті  ұлттар  достығының  алтын 
сырмағын өзіндік нақышпен зерлей түскендей-ді.
– Алғашқы асуға оп-оңай жеттім деп ойламаймын. Ты-
нымсыз ізденіс, оқу, үйрену жеңістерге бастайтын жол. Ке-
лешекте не боларын уақыт көрсетер. Дегенмен, училищені 
бітірісімен консерваторияға түссем деген ойым бар, – дейді 
күйші корей жігіті.– Мұның бəрі дария көңіл, дарқан жүрек 
қазақ  еліне  деген  махаббатымның  белгісі  деп  білемін. 
Осындай ортада өскен əрбір зерделі жүрекке оның тілі мен 
өнерін үйрену зор абырой, мақтаныш, айта берсеңіз,  парыз.
...Сахнаға  сəл  қобалжыңқырап  шыққанымен,  аз-кемнен 
соң-ақ  əдеттегідей  домбыраның  құлақ  күйін  келтіріп 
алды  да,  қос  ішекті  бебеулете  жөнелді.  Бірде  компози-
тор  П.Барчуновтың  «Домбыраға  арналған  концерті» 
күмбірлесе, енді бірде халық күйшісі Ерғалиұлы Мəменнің 
«Он жетінші жылы» құйқылжи берген...
Бір  қуаныш:  өркенді  өнеріміздің  өрісін  кеңейте  түскен 
өрен өнегесінен айналасың! Бір үміт: достық пен туыстық 
көңілдің  көк  зеңгірінде  қалықтаған    қарлығаш  қанат  тал-
майды.
Əннің əсем əлемі
–  Елдің  еркесі  Ақан,  арда  Ақан 1872 жылы  əйгілі 
Сағынайдың  асында  қанаты  қайырылып,  Құлагерінен 
айырылды.  Ол  аздай  шынжыр  балақ,  шұбар  төстердің 
қысастығы  жанын  жегідей  жеп,  тынышын  алды.  Осынау 
зобалаңнан  запыран  құсып,  тау-тасты  мекен  еткен  ақын 
жүрегі өшкені жаңғырып, жоғалғаны табылғандай бір күй 
кешкені бар еді. Етекке  ат суара түскенде, көл жағалай қонып 
жатқан ел азаматтары қоярда-қоймай қолқа салып, Ыбырай 
ауылында болатын сауыққа шақырады. Сол күнгі кеште екі 
ұлдың ортасында бұлғақтап өскен Қадиша сұлу сері жүрек 
сезімін селт еткізген. Думанды шағымен, базарлы күнімен 
қайта қауышқандай болған Ақанның күміс көмейінен əсем 

378
əн төгіледі. Бұл өзі отыз екі шумақ. Мен қазір соның халық 
аузындағы шумақтарын қайырып берейін:
Қызы едің Ыбекеңнің Балқадиша, 
Бұралған белің нəзік тал – Қадиша. 
Жиылған осы тойға қалың қыздың
Ішінде қара басың – хан, Қадиша.
Дегенде, Балқадиша, Балқадиша, 
Боларсың біздің сөзге зар, Қадиша. 
Бұлаңдап асау тайдай жүрген басың
Боласың қандай жанға жар, Қадиша.
Қызы едің Ыбырайдың Балқадиша, 
Өзенді өрлей біткен тал, Қадиша. 
Бір түгіл екі жеңгең келіп тұр ғой 
Рұқсат бізден сізге, бар, Қадиша.
Ет-жүрегіңді елжіретіп, əлдебір сиқырымен баурап алып, 
лəззатына кенелтер əсем əуен концерт залының күмбезінде 
тағылып қалғандай. Əн аяқталды. Көрермендер де, əн тура-
лы  əңгіме айтқан əнші де əсем əуеннен соңғы осы бір іңкəр 
сəтті  бұзғысы  келмегендей,  іштей  ұғысып,  тым-тырыс 
қалған. Арқа Ақанымен сырласып,  мұңдасып, ақын əлемін 
аңсай күткен көпшілік көңілі қорғасындай еріп: «Тағы, тағы 
жалғастыра түссе екен» – деп тілейді.
Ынтызар  көңілдің  райын    тап  басқан  əнші  үкілі  қос 
домбырасын  кезек-кезек  қолға  алып,  осынау  əсем  əлемді 
əспеттей  түсті.  Артық  қимыл  жасаса,  мына  сұлу  шақты 
қолынан сусытып алардай, көпшілік те қошеметті тек қана 
ыстық  ықыласымен,  жəудіреген  жанарымен  танытқандай. 
Əннің  алуан  ғибратын  зерделі  жүрекке  жетердей  етіп 
əңгімелеп, Ақан ғұмырының ғажайып суретін сөзбен зер-
делеген əнші енді бір сəт халайықты Біржан сал мен Жаяу 
Мұсаның,  Жарылғапберді  мен  Əсеттің,  Жамбыл  мен 
Кененнің жыр кəусарына кенелтті.
Бұлардың  əндері  жоғары  профессионалдық  ше-
берлікпен орындалып қана қойған жоқ, халық композитор-

379
ларының  жұрт  біле  бермейтін,  келер  ұрпақтың  руха-
ни  азығының  алтын  діңгегіне  айналар  өнегелі  істері 
айрықша  əсерлі  əңгімеленді.  Біржан  салдың  «Айтпайы» 
мен  Жарылғапбердінің  «Топайкөгі»,  Жаяу  Мұсаның 
«Көгаршыны»  мен  Əсеттің  «Інжу-маржаны»  əнші  айтқан 
тың  деректермен  жаңа  бір  қырынан  жаңғырып,  жиылған 
жұрттың көкейіне құйыла берген, құйыла берген...
Енді бір сəт қазақ даласындағы əншілік мектептің сыр-
сипаты талданып, олардың əрқайсысының бірегей өкілдері 
туралы  талмай  тыңдай  берер  əңгіме  өрбіді.  Əңгіме  əнге 
ұласты: əнші қолындағы қос домбыра кезек-кезек бебеулеп, 
бірде майда үнді кестелеп, енді бірде асқақ əуенді əспеттей 
түскен. Дүйім елді ұйытып, бір кеште бойға қуат, жанға азық 
боларлық осындай əсерге бөлеген əнші жігіт Жəнібек еді. Əн 
жолдарының  əр  сөзіне  жан  бітіріп,  əн  тарихын  шежірелеп 
жүрген Жəнібек концерті осындай мағынасымен, осындай 
мəнімен  ерекше.  Өнер  сүйер  қауымның  «Қазақстан  Ле-
нин комсомолы сыйлығының лауреаты Жəнібек Кəрменов 
əн  шырқайды»  деген  құлақтандыруды  асыға  күтетіні  де 
сондықтан.
 
Менің бұла дəуренім
– Міне, – деді ол, – міне!
Қолындағы допты жоғары көтере түсті. Кəдімгі футбол 
добы.
– Кəнеки, көрелікші...
– Блохиннің қолын қараңдар!
– Пəлі, мынау Бессоновтікі болмаса нетті, иə, дəл соның 
қолтаңбасы.
– Ал мынау Демьяненконікі... Қолдан-қолға көшкен доп 
енді бір сəтте иесінің алақанында тұрды.
–  Өзі  қызық  болды,  дəл  мұндай  құрметке  ие  боламыз 
деп  ойлаған  да  жоқ  едік, – дейді  бидай  өңді  жігіт  жана-
ры  нұрлана,  ерекше  толқи  сөйлеп.—  Киномыз  жүлдегер 
атанғанын білген динамошылар «Тороны» көрмек болса ке-

380
рек. Ал нəтижесі міне, мынау. Жиырма екі футболшының 
доптағы қолтаңбасы — бізге деген ықыластың, ізгі ниеттің 
айғағындай.
Осы  əңгіменің  ертеңіне-ақ  республикалық  газеттер-
де  сүйінші-хабарлар  жарияланып  үлгерді. «Қазақфильм» 
киностудиясында  түсірілген  «Торо»  қысқаметражды 
кинофильмі  Киев  қаласында  өткізілген  кинофестивальда 
жүлдегер атанды. Оның режиссері — жоғары режиссерлік 
курс түлегі Талғат Теменов.
Бұл  қысқа  қайырымдар  өнер  өрісіне  тағы  бір  есімнің  
қосылғанынан  хабардар  етсе,  екіншіден,  қызығы  да, 
қиындығы да мол іске бел буған өршіл өреннің талай күнгі  
тынымсыз  ізденісінің  сығымдалып  түскен  сəулесі    іспетті 
еді. Шынында, дəл солай!
Ауыл  балалары    əлемін  өзінше  танып,  сол  əлемнің  
пəктігін,  сыр-сымбатын  алдына  жайып  салу – жас 
режиссердің басты кредосы.
Бұл  ретте,  ол  шым-шытырық  оқиға  қуып  жатпай-ақ, 
күнделікті  тіршіліктің  өзіне  тəн  қарапайым  ғана  бір  мы-
салы  төңірегінен  ой  өрбітеді.  Футбол.  Балалар.  Міне,  бар 
болғаны осы ғана. Ал осы ұғымдарға қатысты оқиға үстінде 
қаншама  психологиялық  тартыс,  нəзік  лиризм  айқындала 
түседі десеңізші!
...Футбол  десе  ішкен  асын  жерге  қоятындардың  бірі 
–  Самат.  Бірақ  Саматтың  өгей  əкесі  баласының  доп 
қуалағанын  жақтырмайды-ақ.  Тіпті  оны  жөн-жосықсыз 
далаға шығармай, үйде қамап тастап кететіні де сондықтан 
шығар,  бəлкім.  Ал    сондай  кездері  ол  көрші  балалары-
мен  доп  ойнауға  бара  алмай  қалатын.  Ал,  ойын  кезінде 
Саматтың  жоқтығы  кəдімгідей  білініп  тұрар  еді.  Мұндай 
кездері  жеңіліс  тапқан  Саматтың  достары  «айып» 
ретінде  қарсыластарын  «есек»  болып  ту-у-у,  жонға  дейін 
арқалайтын.  Осындай  бір  ұтылыстан  соң  əкесі  жоқ  кезде 
үйден  сытылып  шыққан  Самат  достарына  жетеді.  Жет-
кенмен  не  пайда,  ойын  аяқталып  қалған  екен.  Сол  жолы 
талай  күн  тіс  жармай  жүрген  Самат  достарына  əкесінің 

381
мейірімсіздігін, қаталдығын, ұрып-соғатынын жылап оты-
рып айтып береді. Бəлкім, бұл əңгімені ол айтпаған да болар 
ма еді, сол сəт оған достары орынсыздау қолқа салмағанда. 
Ойынға ақша тігілмекші. Ал  Саматтың өгей əкесі ақшалы 
адам. Ол ауылдың тері-терсегін жиып өткізеді. Команда на-
мысы үшін Самат əке сандығынан ақша алуға мəжбүр бо-
лады. Оның бұл ісін əкесі білсе, оңдырмайтыны анық. Осы-
ны сезе тұра Самат ойынға ақша ала барады. Бұлар ұтылса 
– ақша қарсыластарда қалмақ, ал ұтса – өздерінде қалмақ. 
Екі көшенің балаларын ақ тер, көк тер еткен тартысты ой-
ында Саматтар жеңіп шығады. Жеңіс! Осы бір жүрекжарды 
сөзді сол сəт команда мүшелері ғана емес, кинофильмді та-
машалап отырған көрермендер де қайталап жатқандай еді. 
Өйткені  енді аз уақытта ақша орнына қойылмақ.
Балалармен қуанышты бөлісуге де мұршасы келмеген Са-
мат үйге қарай зытады. Сүріне, қабына аяғының ауырғанына 
да қарамастан, үйге жетеді. Үлгерді-ау, əйтеуір! Уһ! Ал Са-
мат үшін жеңіс осы қас қағымдық сəттің аясында тұрғандай. 
Өйтпегенде  ше?  Ол,  біріншіден,  өгей  əкенің  назарынан 
құтылса, екіншіден, достарының сенімінен шыға білді.
Фильмді көре отырып, балауса балғын шағыңызға саяхат 
шегесіз. Саматпен бірге қуанып, Саматпен бірге күрсінесіз. 
Балалардың ақша төңірегіндегі əңгімелеріне еріксіз езу тар-
тып, ал, ең бастысы, қылаусыз таза көңілдің шуағына ма-
лына түсесіз.
Көрерменін  осындай  сезімге  бөлеген  фильм,  сөз  жоқ, 
жас  талапкер  режиссердің  өзіндік  қолтаңбасын  айқындай 
түскендей. «Шаңырақ», «Қайдасың, Чапай?» деп аталатын 
қысқаметражды фильмдер түсіріп, кино өнерінде өз бағын 
сынап  көрген  Талғаттың  қадамы  құтты  болды.  Еліміздің 
бірнеше  дүркін  чемпионы  Киевтің  «Динамо»  командасы 
футболшыларының жүрегіне жол тапқан фильм өз əлемінде 
қанат қағып барады.
Өнер мұраты дегеніміз осы болар, бəлкім?
1987 ж.

382
МАЗМҰНЫ
Қаламгерлік соқпақтың сыры мен шыны .............................. 3
І.  ТƏУЕЛСІЗДІК ТУЫ БЕРІК ҚОЛДА
Өткір сөз өзекті мəселелермен үндесуі керек  ...................... 6
Еңсеңді көтер, Ер Қазақ! ........................................................ 16
«Болыс болдым мінеки, бар малымды шығындап...» ........ 27
Ел рухын қаламгер көтермегенде кім көтереді? ................. 33
Гете елінен түйер ғибрат мол ................................................ 49
Мақсатты майдан марафоны ................................................. 56
Арқалық: үміт сəулесі сөнбейді ............................................ 59
Алаш тарихының айнасы ...................................................... 69
Қазақ баспасөзі: дəстүр сабақтастығының дəнекері .......... 79
Еуропа: тəлім мен  тағылым таразысы ................................. 89
Қазақ баспасөзі қайрат көрсетіп отыр ................................. 98
Ұят шіркін уыстан сусып барады ....................................... 104
Жаһан жүрегін баураған сəулелі ойдың шуағы .................110
Қайыңдылықтарға қайырым қолын созды ........................ 129
Көсемсөз туралы көшелі сөз ................................................ 134
Арман қуып, арғымақ ойнатқан .......................................... 137
Үміт үкілеген күн болды ...................................................... 144
ІІ.  ЖАҚСЫ ЖҮРГЕН ЖЕРІНДЕ ІЗ ҚАЛАДЫ
Қанжығалы Бөгенбай ........................................................... 152
Алашта білім асырған .......................................................... 168
Мəңгілік ғұмыр ......................................................................174
Сырнай сазы .......................................................................... 183
Ұлы Қазақ Елінің тарихына, тағдырына
тамсанудан жəне таңданудан жалықпаған жолаушы ...... 190
Құрыштан құйған ................................................................. 204
Жақсыға жан үйірсек .............................................................217
Шолпан  .................................................................................. 222
Сахна саңлағы ....................................................................... 228
Өрімтал .................................................................................. 233
Профессор жəне оның туындылары туралы ой  ............... 240

383
Журналистиканың желмаясы .............................................. 255
Журналистикадағы жанкешті ғұмыр  ................................ 269
Саяси көсемсөзшінің азаматтық ұстыны ........................... 274
Декандар ...............................................................................  280
Шарболат  .............................................................................. 291
Аққу сенім ............................................................................. 298
Көгершін көңіл  ..................................................................... 309
Қара қылды қақ жару парыз .................................................319
Қазақ елінің жаңа əлемі ....................................................... 327
III. ӨРІМТАЛ ДƏУРЕН ӨРНЕГІ
Үш өрім
Шаршы алаңда – сардардай ................................................. 340
Шеберлік шыңында  ............................................................. 346
Үміткер ................................................................................... 352
Үш құйылыс
Бір нəзік сəуле........................................................................ 358
Ғаламға ғашық жүрегі  ......................................................... 366
Арман əлдилеген адам ......................................................... 371
Үш этюд
Достықтың тілі ...................................................................... 376
Əннің əсем əлемі ................................................................... 377
Менің бұла дəуренім ............................................................ 379

Жұмабек КЕНЖАЛИН
Қалам қанаты
(Эсселер, ой-толғамдар, байыптамалар)
Редакторы Н. Домбай.
Корректоры Ш. Рахимбекова.
Суретшісі Е. Қожабаев.
Техникалық редакторы А. Сейілова
Компьютерде беттеген Ж. Дəуренбекова.
ИБ №1006
Басуға  5.08.2014 ж. қол қойылды. Пішімі 84х108 
1
/
32
 Офсеттік
басылыс. Шартты баспа табағы 20,0. Көлемі 24,0 б.т.
Таралымы: Мемлекеттік тапсырыспен 2000дана + 60 баспа есебінен
Тапсырыс №
«Ана тілі» баспасы ЖШС, 050009,
Алматы қаласы, Абай даңғылы, 143-үй.
тел.: 8(727)394-38-20; 394-42-78


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   22




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет