Омыртқа остеохондрозы Егде және қарт жастағы адамдарда тірек-қимыл аппараты ауруларының ішіндегі омыртқа остеохондрозы негізгі өзекті мәселесі болып табылады. Қазіргі заманда өмірдің жағдайының өзгеруіне (аз қимылдау, тамақтану тәртібінің сапасының өзгеруіне) байланысты жер шары тұрғындарының 40-80% остеохондрозбен ауырады. Бұл ауру қарттарда кең тараған 60 және одан үлкен жастарда тұрғындар популяциясында остеохондроз жиілігі 95-100%-ды құрайды. Остеохондрозбен ерлерге қарағанда әйелдер жиі ауырады, бірақ ерлерде жиі өршу болып көп жағдайда ота жасалынып мүгедектікпен зейнетке шығады. Жыл өткен сайын ауыратын науқастар саны көбеюде. Остеохондроз тек медицинаның ғана емес әлеуметтік мәселе болып табылады. Омыртқа остеохондрозы омыртқа жотасының дегенеративті– дистрофиялық өзгерістері жиі 30 жастан асқанда дамиды. Соңғы жылдағы зерттеулер нәтижесі бойынша остеохондроз жасаруда. Аурудың рентгенологиялық және клиникалық белгілері қазіргі кезде 12-15 жастағы балаларда да кездеседі. Омыртқа жотасының дегенеративті–дистрофиялық өзгерісінің идеологиясында эндогенді (дизэмбриогенез,омыртқаның аномальды дамуы, тұқым қуалаушылық, жастық өзгерістер) және экзогенді (омыртқаның жарақаты, интоксикациялар және т.б) өзгерістер болып табылады. Омыртқаның ең жиі зақымданушы бөлігі омыртқааралық дискі болып табылады, өйткені олардың қанмен қамтамасыз етілуі нашар болғандықтан регенерацияланбайды. 35-40 жаста дисктің барлық элементтерінде - ядро, фиброзды сақина, гиалинді пластинкасында біртіндеп кебуі мен тығыздалуы байқалады. Содан кейін екіншілік спондилез – омыртқаның денесінің шеттерінен сүйекті өсінділер (остеофиттер) дамиды. Остеохондроз кезінде остеофиттермен шығыңқы дискілердің жұлынды және өсінділерін, жұлын тамырларын қысуынан неврологиялық бұзылыстар болады.
Остеохондроздың клиникалық көрінісі полиморфты. Ол омыртқаның зақымданған деңгейімен анықталады.Омыртқа остеохондрозының негізгі түріне мойын және бел- сегізкөз бөлігінің зақымдануы болып табылады. Мойын омыртқасының остеохондрозы-ағзаның анатомо-физиологиялық ерекшелігіне байланысты клиникалық көріністері және полиморфизммен айқындалады. Клиникасы көптеген: цервикалгия, кардиалгия, жұлындық, түбіршекті, омыртқа артериялары, алдыңғы сатылы бұлшықеттер, иық-жауырын периартрит, эпикондилит, білек сүйегінің стилоиды және т.б. әртүрлі комбинациялық синдромдарды құрайды. Жас келе түбіршекті синдром жиілейді. Мойын бөлігі омыртқасы жұлыны түбіршектерінің қысылуы мойын, иық, бұғана, білек, қол басы, бұлшықеттерінің созылмалы парестезиялы ауырсынуымен байқалады. Қозғалыстағы бұзылыстар әсіресе білезік пен саусақтарда кездеседі. Терінің сезімталдығы бұзылады. Мойын омыртқасының остеохондрозы көп жағдайда созылмалы цервикалгиямен көрінеді. Ол басты ұзақ бір бағытта ұстағанда, белсенді қозғалтқанда, жүйке түбіршектерінің компрессиясы және ирритациясы ретінде байқалады. Омыртқа артериясының симпатикалық жүйке шоғырының ирритациясында және мойын омыртқасының жарты ай тәрізді сіңірлі – сүйекті өсінділерімен компрессиясында, доға өсінділері буындардың шығуында омыртқа артерияларының синдромы туындайды. Ол бастың шүйде, төбе аймағының қысып, басып ауруымен, бас айналуымен, құлақтың шулауымен, көздің көруі мен құлақтың естуінің төмендеуімен және т.б. сипатталады. Қарттар мен егде жастағы адамдарда синкопальды, вертебральды синдром байқалады. Бұл кезде басты тез бұрғанда омыртқа мен базиллярлы артериялар бассейнінде ишемия үдеуінен – науқастың басы айнып, жүрегі айналып, құсу, кейде талып қалу да байқалады. Мойын омыртқасының остеохондрозы жүрек аймағының ауырсынуымен (кардиалгиямен) көрінеді. Спинальды синдромы кезінде мойын, иық аймағының ауырсынуы, әлсіздік, гипотензия, қол бұлшықеттерінің атрофиясы, беткейлі сезімталдылығының бұзылыстарымен көрінеді. Иық, жауырын периартритінде иық буынның ауырсынуымен, жиі оң жақтың, түнгі ұйқы кезінде тұмсық тәрізді өсінділердің ауырсынуымен, дельта тәрізді бұлшықеттің инсерциясының, иықтың ротациясының шектелуімен, қолдың қызметінің төмендеуімен сипатталады. Алдыңғы сатылы бұлшықет синдромында иық және қол басының ауырсынуы парестезиямен, қолдың әлсіздігімен, ауырлықты сезінуімен, терінің жергілікті бозаруымен, тері қызуының көтерілуімен, пульстің ассиметриясымен сипатталады. Зақымдалған жағының бұлшықетін басқанда, терең дем шығарғанда, басты қарсы жағына бұрғанда ауырсынулар сезіледі. Аурудың клиникалық белгілерін науқасты физикалық зерттеулер толықтырады. Мойын омыртқасының остеохондрозында мойынды алға еңкейткенде қысқаруына, лордоздың үдеуіне, кейде мойынның аздаған сколиозы әсерінен бір жағына қисаюына және анталгиялық қалыпқа әкеледі. Қарттарда бұл өзгерістер қайта қалпына келмейтін органикалық сипатта болады. Мойынның тіндерін, кеуде қуысын пальпациялағанда, қозғалыс кезінде «сықыр» естіледі. Егде жастағылар және қарттарда мойын омыртқасының остеохондрозында жұмсақ тіндерінде дистрофиялық өзгерістер анықталады. Жас ұлғайған сайын алақан апоневрозының контрактурасы, тыртықты тығыздалулар анықталады. Қарттарда мойын омыртқасының остеохондрозы жиі спондилезбен, унковертебральды неоартрозбен, артроздармен, Шморл жарықтарымен және т.б. бірге жүреді. Омыртқалардың рентгендік зерттеулерінде омыртқааралық қуыстардың кішіреюін, сүйекті өсінділермен омыртқаның денесінің субхондралды склероздану мен азғана остеопороздар анықталады.