ДӘРІС 3. Динозаврлардың жойылып кетуі. Қысқа периодты ауытқулар және
антропогенез. Кромоньондықтардың дамуындағы шешуші кезеңдер.
Мақсаты: Студенттерге антропогенез, динозаврлардың, мамонттар мен мастодондардың
жойылуы туралы білім беру.
Динозаврлар Жер бетінде бұдан 290 млн жыл бұрын пайда болып, 100 млн жылдан аса уақыт
үстемдік құрды. Динозаврлардың жаппай қырылуы екі геологиялық кезең арасында — бор
мен палеогенде – 65 млн жыл бұрын өтті. Ғалымдар осы кезеңдер арасында тіршіліктің бір
формаларының екіншісіне кенет ауысқанын анықтады. Палеонтологтардың алған қазба
қалдықтары арасынан осы кезеңдерде жойылып кеткен жануарлардың жаңа түрлері
табылуда. Олардың ішінде өте кішкене түрлер де, алып гиганттар да бар. Мысалы, АҚШ – та
массалары 50-80 тоннаға дейін жететін, ал Қытайда – мойынының ұзындығы 30 метрге
жететін жануарлар табылған. Бұл алып жануардың бір ғана мойын омыртқасынң ұзындығы 3
метрге жетеді.
Динозаврлар негізінен өсімдіктермен қоректенген, арасында жыртқыштары да болған.
Динозаврлардың қарқынды өсіп дамуына атмосферадағы оттегінің концентрациясының
жоғарылауы әсер еткен болуы керек. Бұл кезде оттегінің концентрациясы қазіргі кезден 1,5
есе жоғары болған. Атмосферадағы оттегінің концентрациясының төмендеуі динозаврлар
тіршілігіне кері әсерін тигізген, дегенмен де олардың жойылып кетуіне бір ғана осы себеп
болды деуге болмайды. Бұдан басқа да себептер: осы кезеңдегі атмосфераның құрамында
көмірқышқыл газы, қазіргі кездегіден 5 есе көп болды. Ал бұл барлығымызға белгілі
болғандай, парниктік эффект әсерінен ауа температурасы 2,50 — қа жоғарылатады, олай
болса, көмірқышқыл газының 5 есе жоғары болуынан температура да қазіргі кездегіден 5 есе,
яғни 12,50-қа жоғары болған.
Динозаврлардың арасында қанаттары 11 метрге дейін жететін алыптары да болған. Ғалымдар
көп уақытқа дейін бұндай алыптардың ауада қалай ұша алатынын түсіне алмады. Бұл жағдай
геохимиктер Г.Лэндис пен Р.Бернер(АҚШ) қазбадан табылған 80 млн жыл бұрынғы
янтарьдағы газдардың құрамын зерттеулері нәтижесінде түсінікті болды. Ол кезде газдардың
қысымы қазіргіден 10 есе жоғары болған екен, ал оттектің мөлшері 32 процент. Осы тығыз
атмосфера алып ұшқыш жануарлардың ұшуына жағдай жасаған сияқты.
Ғалымдар, бұдан 65 млн жыл бұрын тек қана динозаврлар емес, барлық жануарлардың
жартысынан көбі жойылып кеткенін анықтады. Көптеген зерттеушілердің пікірінше,
жануарлардың қырылып қалуы Жерге бұдан 65 млн жыл бұрын бір немесе бірнеше ірі аспан
денелері құлағанынан болуы керек. Олардың негізгі бөлігі (диаметрі 9 км болған) Жерге
Мексика территориясында соғылып, диаметрі 180 км кратер түзілген. Бұдан басқа да
бірнеше кішілеу кратерлер табылған. Мысалы, Қара теңіздің солтүстік бөлігінен диаметрі 25
км Каменский, диаметрі 3 км Гусевский кратерлері, Кар теңіз жағалауларынан диаметрі 60
км Кар және 25 км Усть-Кар кратерлері табылды. Бұл кратерлердің барлығы теңіздің таяз
бөліктерінде пайда болған. Осы кратерлер бір улкен космостық дененің құлап, атмосферада
бірнеше бөлікке бөлініп кетуі нәтижесінде пайда болған деп жорамалдайды. Атмосфера
ұшып түскен осы дене кометаның ядросы болуы ықтимал.
|