Қыдыруға барайық. Балалар алаңның (бөлменің) жан-жағына қойылған орындықтарда отырады. Тәрбиеші балалардың біреуіне жақындап келеді де оны өзімен бірге қыдыруға шақырады. Ол бала тәрбиешінің артына тұрады. Ендігі бала одан кейін тұрады да, тағы сондай. Тәрбиеші осылайша 6-8 баланы жинайды да, олармен бірге алаңды бір-екі айналып өтеді. «Үйге, үйге!» деген сигнал бойынша балалар өз орындарына жүгіреді. Тәрбиеші басқа балаларға келеді, ойын одан әрі жалғастырылады.
Өз үйіңді тап. Балалар алаңның немесе бөлменің бір жағын жағалай отырады. «Қыдырып қайтайық», - дейді тәрбиеші. Балалар алаңда (бөлмеде) тобымен немесе жеке-жеке, кім қайда барғысы келсе, сонда аралап кетеді. Тәрбиешінің «Үйге қайтыңдар», - деген сигналы бойынша өз үйлеріне қарай жүгіреді. Ойын үш-төрт рет қайталанады.
Е с к е р т у: Егер алғашқы кезде балалар кеңістікті онша дұрыс бағдарлай алмайтын болса, онда кез келген орындыққа отыруға рұқсат ету керек. Кейін барып тек өз орындығына отыру ережесін енгізуге болады.
Ойынның басқа варианты.
Жеке үйдің – орындықтың орнына балаларға бөлменің әр бұрышында коллектив үйлер құрып, онда 4-6 баладан жиналуды ұсынуға болады. «Үйлеріңе қайтыңдар» деген сигнал бойынша балалар өз үйлеріне қарай жүгіреді.
Өз түсіңді тап. Балалар үш-төрт жалаушалар алады. Біріншісі – жасыл, екіншісі – көк, үшіншісі – сары жалауша алады да 4-6 адамнан бөлменің (алаңның) бұрыштарында топтасады. Әр бұрыштағы тұғырдың үстіне тәрбиеші әр түрлі жалаушалар (жасыл, көк, сары) қояды.
Тәрбиешінің: «Қыдыруға барыңдар», - деген сигналы бойынша балалар топтанып немесе жеке-жеке алаңды (бөлмені) аралап кетеді. «Өз түсіңді тап деген жаңа сигнал бойынша балалар өздеріне лайықты түстегі жалаушаға қарай жүгіреді.
Тышқандар мен мысық.
Балалар-тышқандар бөлменің қабырғасын жағалай немесе алаңның жан-жағына ұзыннан-ұзақ қойылған орындықтарда немесе скамейкаларда – індерінде отырады. Алаңның бір бұрышында мысық отыр. Оның ролін тәрбиеші атқарады.
Мысық ұйықтап қалады, тек осы кезде ғана тышқандар бөлмеде жүгіріп жүреді. Бір уақытта мысық оянады, мияулайды да тышқандарды ұстай бастайды. Тышқандар індеріне қарай қашады, орындықтардағы өз орындарына барады. (Тәрбиеші тек біреуді ұстағысы келген түр білдіреді.) Тышқандардың бәрі өз індеріне оралғаннан кейін, мысық бөлмені тағы бір аралап шығады да қайтадан өз орнына келіп, ұйықтап қалады. Ойын қайталанады.
Тәрбиеші ойынға қолға кигізілетін ойыншық мысықты пайдалана алады.
Поезд.
Балалар алаңның бір жағында немесе бөлменің бір қабырғасын жағалай колонна құрып тұрады. Колоннаның ең басында тұрған бала – паровоз, ал қалғандары – вагондар.
Тәрбиеші гудок береді де балалар алға қарай жылжи бастайды (бірін-бірі ұстамаған күйде). Алғашқыда жай қимылдайды, одан кейін тезірек, ақырында жүгіруге көшеді, жай қимылдаған кезде балалар «чу-чу-чу» деген дыбыс білдіреді. «Поезд станцияға жақындап келеді», - дейді тәрбиеші. Балалар бірте-бірте жүріс қарқынын баяулатады да тоқтайды. Тәрбиеші қайтадан гудок береді, поезд қайтадан қозғалады.
Тәрбиеші балалардың жүріс қарқынын және оның мерзімін реттеп отырады. Алғашқы кезде ол балалар колоннасын өзі басқарады, ол кейін екпінділеу баланың бірін алға қояды.
Ойынның басқа варианты
Балалар ойынды жақсы меңгергеннен кейін, яғни бірінің артынан бірі тіркесіп жүре алатын болғанда, ойынды күрделендіруге болады – поезд тоқтағаннан кейін балалар серуенге шығады: гүл, жеміс-жидек, қозықұйрық тереді. Гудокты естіген кезде балалар белгіленген жерге (қабырғаға) қарай жүгіреді де колоннаға қатарға тұрады.
Алғашқыда балаларға қалай болса солай тұруға рұқсат етуге болады, ал жылдың аяқ кезінде колоннадағы өз орнын білуге - өз вагонын табуға – үйрету қажет. Жылдың екінші жартысында ойында бірқатар құрал-жабдықтарды пайдалану ұсынылады, мысалы, поезд көпірден өтер кезде (гимнастикалық скамейкалардан немесе екі басқыштың арасына салынған тақтайдан немесе екі рейканың арасынан, сызылған линиялардан, төселген жіптерден, т.б.).