ЭМОЦИЯ, оның түрлері, физиологиялык негізі. Эмоция немесе көңіл-күй латын тілінде эмовере - қобалжу, қозу деген мағынада тараған термин. Бұл жоғары жүйкенің күрделі, қиын зерттелетін қызметінің бір түрі. Сондықтан осы күнге дейін эмоция туралы нақтылы анықтама жоқ. Дегенмен көптеген ғалымдардың қағидаларын қорыта келе, адамның ішкі сезімін білдіретін сыртқы ортадан алған сезімдерінің негізінде қалыптасқан көңіл-күйінің көріністерін эмоция деп атауға болады. Ол адамның сыртқы ортаның жағдайына деген сезімін білдіріп, белгілі бір тітіркендіргіштің әсеріне көрсететін ағзаның жауабы. Эмоция адамның бетінің әлпетін, денесінің қалпын, мимикасын, сөз интонациясын, дауыс ырғағын қан тамырларының жағдайын өзгертуі арқылы көрінеді. Олар адамның ішкі сезімін анық жеткізеді. Былайша айтқанда, эмоциялық реакциялар вегетативтік реакциялармен сипатталады. Неғұрлым вегетативтік өзгеріс күшті болса, соғүрлым эмоцияның дәрежесі жоғары болады.
Жаңа туған сәбидің эмоция жағдайы ыңғайсыз болғанда жылау, терісінің қызаруы (бала жылар алдында зорланып, беті қызарады) арқылы білінеді. Кейіннен оның эмоциясының сипаты өзгереді. Баланың әрекеттерінің бәрі оның көңіл-күйінің белгілі бір қалпы арқылы көрінеді. Алғашқы жылғы өмірінен бастап оң эмоциялары қалыптасады. 2-4 жас арасында жағымсыз эмоция белгілері туады. Мысалы, заттардың белгісін, түсін айыра бастап, эмоциялық өзгерістерімен оның жағымды-жағымсызын білдіре алады. Жағымды эмоциялар 3 жасқа дейінгі балаларда өздерін шексіз сүйетін анасымен тікелей қарым-қатынастың негізінде қалыптасады. Сондықтан бұл кезде балаларда сүйіспеншілікке сүйіспеншілікпен жауап беруге байланысты жағымды эмоцияларды қалыптастыру аса маңызды.
Балалардың эмоциясы тұрақсыз келеді. Әсіресе, мектепке дейінгі жастағы балалар бір қалыптан екінші қалыпқа тез ауысады.
7-11 жастағы балалар психикалық эмоцияның барлық түрлерінің белгілерін көрсете бастайды. Әсіресе қуаныш, ренжу, қарсыласу іспетті эмоцияның түрлері дамиды. Бастауыш сынып оқушыларын байсалдылыққа үйрету арқылы жағымсыз эмоцияларын азайтып, жағымды эмоцияларын дамыту мүмкіндігі мол. Сондықтан оқу-тәрбие жұмыстарында мұны ескеру қажет. Баланың еңбектегі және оқудағы жетістіктерін жөнімен пайдалана отырып, дұрыс тәрбиелеу арқылы болашақ азаматты өзін-өзі ұстай алуға үйрету, теріс эмоциясын тежеп, көңіл-күйінің жетегінде кетуден сақтауға болады.
12-16 жаста эмоцияның барлық түрлері толық қалыптасады. Бұл жастағы жеткіншектердің ми қыртысындағы қозуының басым болуына байланысты теріс эмоциясы көбірек көзге түседі және себебі түсініксіз жағдайы - теріс эмоцияға бейім келеді. Бұл саладағы зерттеулерді жалғастыру аса маңызды. Әрине, өмірдің, тұрмыстың, мектептегі балалардың ықпалымен эмоцияның кейбір түрлері күшейіп, өзгеруі мүмкін.
Тәжірибелі мұғалім оқушының есте сақтау қабілетін дамыту үшін жағымды эмоцияның әсерін пайдаланды. Оқушының берген жақсы жауабын мақтап, басқаларға үлгі етіп жариялайды. Сонда ол оқушы сабақты бұрынғысынан да жақсы оқуға талаптанады.