2 .Балалардың сөйлеу дағдысын қалыптастыру
Тіл – ұлт мәдениетінің қайнар көзі. Әр халықтың ұлттық дәстүрінің, сана сезімінің, сөйлеу, ойлау тәсілінің, мінез-құлқының, мәдениеті мен әдеп ниетінің айрықша белгілері тіл арқылы бейнеленеді. Тіл өнерінің құнын халқымыз өте биік бағалап, «Өнер алды – қызыл тіл» деген. Егеменді еліміздің талабына сай мемлекеттік тілді меңгеру, қазіргі заманға сай білімді де, тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеу педагогтар еншісінде. Мектеп жасына дейінгі балалардың сөйлеу дағдысын дамыту мәселесі бағдарламаға сай дидактикалық ұстанымдарды басшылыққа алып жүргізіледі. Әсіресе, баланы мектепке даярлауда олардың байланыстырып сөйлеуін, сөздік қорын байыту, өз ойларын басқару, түсіндіре білу жақтарына баса көңіл бөлінеді. Берілетін білім мен тәрбиелеу әр уақытта баланың өз ана тілі арқылы іске асады.
Сәбилердің дүниетанымын кеңейтіп, ойын өрістетіп, тіл байлығын жетілдіруде балабақша тәрбиешілерінің ролі ерекше. Балабақшада балаларды дұрыс сөйлей білу мәдениетіне айнала қоршаған ортамен, сондай-ақ көркем әдебиетпен таңыстыру арқылы жүзеге асырылады. Әрбір ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде дидактикалық ойындарды қолдану арқылы балалардың сөйлеу дағдысын қалыптастырып, қиялын шарықтатып, ойлау қабілетін ұштауға болады.
“Сөз-сөзден туады, сөйлемесе қайдан туады?” демекші. Қазіргі уақытта балалардың сөйлеу тілі кеш шығып, түсініксіз болуда. Сонымен бірге, отбасында екі тілде сөйлеуде бұл баланың сөйлеу тілін бұрмалап, кешеуілдеп шығуына әсер етеді. Баланың сөйлеу тілі оның психикасына да әсер етеді. Өзінің достарының арасында тұйықталып, аз сөйлеуге тырысады. Қоғамда өзін қолайсыз сезініп шеттетіліп қала береді. Сондықтан да ерте жастан бастап сөйлеу тілін түзету ұтымды болады.
Балалардың сөздік қорын дамытуда ойын, тапсырма жаттығулардың орны ерекше.Соның ішінде ойын баланың шын тіршілігі. Ойын балалар үшін айналаны танып,білу тәсілі. Ойындар мазмұнына қарай, өзіне тән ерекшеліктеріне қарай сюжетті-рольді ойындар , дидактикалық ойындар, құрылыс ойындары, қимылды ойындар және ұлттық ойындар болып бөлінеді.Ойын баланың тілін дамуына ықпалын тигізеді. Мысалы: Біз қазір ойын ойнаймыз. “Ненің құйрығы?” ,”Мен, сен, ол” “Кімде не бар?”т.с.с.
Балалардың сөйлеу дағдысын қалыптастыруда тапсырмаларды құру барысында балалардың жас ерекшеліктеріне, сөйлеу тіл мүмкіндіктеріне, – тапсырмаларды қалай түсінетініне назар аудару қажет. Тапсырмаларды ауызша және көрнекілік арқылы беруге болады.
Сөйлеу мәнерінің қалыптасқан үлгісі – тілдік тәсілдер мен сөз шеберлігін дәл орнымен қолдану деген сөз. Балабақшадағы тәрбиелеу және оқыту жұмысында балалардың тілін дамыту, сөздік қорларын дамыту, ауызша сөйлеуге үйрете отырып, үйренген сөздерін күнделікті іс-әрекет кезінде, тілдік қарым-қатынаста қолдана білуге жаттықтыру ісіне ерекше мән беріледі. Бала айналадағы өмірмен танысу нәтижесінде әр түрлі құбылыстармен бетпе-бет кездеседі. Күнделікті тұрмыста, табиғат аясында ойын, еңбек, серуен, сабақ процесінде қоршаған орта туралы жаңа сөздер үйренеді. Үйренген сөздерін күнделікті іс-әрекет үстінде қолданады.
Баланың сөздік қорын байыту, нақтылау үшін, күнделікті өмірде орынды қолдана білуі үшін жаңа сөздің мәнін, мағынасын жете түсіндіріп, белсенді сөздік қорын арттыру қажет. Ауыз әдебиеті үлгілері: мақал- мәтел, жұмбақ, жаңылтпаш, ертегілерді, сюжетті суреттерді ойын, жаттығуларды балаларға арналған мультфильм, кинофильмдерді пайдаланып, ертегі мазмұнын қайта жаңғыртып, ондағы кейіпкерлерді сынау, сипаттау, сұраққа жауап беру әдіс- тәсілдерін қолдана отырып сөз туындату, сөйлем құрау, шығармашылықпен қысқаша әңгіме құрастыру арқылы баланың тілі дамытылады
Тәрбиеші-мұғалімдер мен ата-аналардың баланы жеке заттардың аты болып табылатын сөздерді айтуға үйретуі, сабақта сөздік жұмысын жүргізуі, сөзді құрайтын дыбыстарды дұрыс айтуға жаттықтырып, мұны тілдің грамматикалық жағын меңгеру жұмыстарымен ұдайы, бірлікте іске асырып отырады. Байланыстырып сөйлеуді жетілдіре отырып, жеке сөздердің тура мағынасы мен ауыспалы мағынасына, сөздің көп мағыналылығына, яғни сөздің семантикалық жағына көңіл бөліп отырудың да маңызы ерекше. Үқсас және біртекті заттарды атайтын жалпы есімдерді (киім, жеміс, тағам, мүлік, мал т. б), антоним, синонимдерді, салыстыру мағынасын беретіні бейнелі көркем сөздерді үйретудің де рөлі зор.
Тіл дамытуды қалыптастыруда қарым-қатынас маңызды құрал болып табылады. Сөйлеу іс- әрекетін қалыптастыруда баланың айналасындағы адамдармен өзара қарыым – қатынасы тілдік белгілер жүйесі арқылы жүзеге асатын күрделі процесс болып табылады.
Мектеп жасына дейінгі бала тілді үлкендерден үйренеді. Сөз – педагогтың еңбек құралы. Баланың ой – өрісін кеңейту, ақыл – ойын дамыту, мінез – құлқын, еркін тәрбиелеудің бірі – тәрбиешінің сөзі арқылы іске асады. Қоршаған өмір тіршілігімен бөбектерді таныстырып, білім беруде баланың нені қай дәрежеде ұққанын, нені есіне сақтағанын байқау, жалпы құралмен: ойыншықпен түрлі затпен, оқу құралымен, суретпен көрсетіп балаға үйретуде педагогтың әбден төселген сөйлеу дағдысы, сөйлеу мәнерінің қалыптасқан үлгісі болады. Мектеп жасына дейінгі балалардың сөздік қоры, сөйлеу мәнері, сөз сарыны соларға еліктеу арқылы қалыптасады. Сондықтан тәрбиешінің сөздік қоры бай, тілі орамды, стилі жатық, дыбыстау мәдениеті өрісті де өрелі болғаны абзал. Қызықты әңгіме, ертегі, өлең, тақпақтарды мақамдап айту- халық шығармашылығын ұрпақтан – ұрпаққа жеткізудің дәстүрлі тәсілі болып келді.
Бала тілінің дамуы, негізінен, эмоциялық ортаға, әр баланың отбасында қалыптасқан әке мен шешенің, әже мен атаның, үлкен мен кішінің қарым-қатынасына тікелей байланысты. Баланың өзге жұртпен қарым-қатынасы, амандасуы, үлкен-кішімен сөйлесуі- бәрі-бәрі отбасынан басталады. Оның алғашқы ұстазы ата-анасы, тетелес ағалар мен әпкелері. Олар мен күнбе-күн араласу, сөйлесу арқылы баланың тілі күн санап жетіле береді. Адамның тілі неғұрлым бай болса, ойы да нғұрлым кең болады. Сондықтан бала тілін кішкене күнінен әдебиеті мен көркем шығармалардан үзінділер оқып таныстырудың маңызы зор.
Бүгінігі техникалық мүмкіндіктер дамыған заманда білім беру мекелерінің де, ата-аналардың да балалардың сөйлеу дағдысын қалыптастыру мүмкіндіктері кеңейді. Балалардың сөйлеу дағдысының қалыптасуына теледидар, интернет арқылы көрген ертегілері, қойылымдар, ойындар мен түрлі бағдарламалар өз септігін тигізіп жатар. Бала тілінің дамуы ата-ананың баланы жалғыз теледидар не компьютер алдына отырғызып, ғаламтордан түрлі бағдарламалар мен фильмдерді көруіне жағдай жасаумен емес, керісінше, ертегілерді бірге көріп, не болмаса ертегіні ата-ана өзі оқып беріп, баланың ертегіні түсінгенін, я түсінбегенін байқап, сұрақтарына жауап бергенде ғана нәтижелі болады. Сондықтан әрбір ата-ана өз баласының мүмкіндігін, жас ерекшелігіне тән сөздік қорын жетілдіріп отыруға тырысуы тиіс.
Баланың тілін дамыту жұмысың негізгі мазмұны – сөздің жалпы ұғым беретін жағын меңгеруге көңіл бөліп, ойлау қабілеттерін дамыту, өз ойын еркін жеткізуін, қоршаған орта мен айналасындағы адамдармен еркін қарым-қатынасқа түсу, сөйлеу қабілеттерін қалыптастыру.
Сонымен қатар, балалардың сөйлеу дағдыларын қалыптастыру төмендегідей нақты міндеттерді орындағанда жүзеге асырылады:
1. Баланың сөздік қорын қалыптастыру, оны белсенді түрде байыту;
2. Бала тілінің дыбыстық жағын жетілдіру, мәнерлі де мәдениетті сөйлеуін тәрбиелеу;
3. Тілдің грамматикалық жағын қалыптастыру, грамматикалық
формалардан ауытқымай сөйлеуге машықтандыру;
4. Ауызекі сөйлеу тілінің қалыптасып, дамытылуын іске асыру;
5. Өз ойын монологты түрде байланыстыра жеткізе білуге үйрету;
Достарыңызбен бөлісу: |