К. Алтаева жазбаша сөйлеу мəдениеті оқу-əдістемелік құрал Алматы


 - дәріс. Грамматикалық құрылыстың стильдік қызметі туралы



Pdf көрінісі
бет18/28
Дата05.06.2023
өлшемі0,83 Mb.
#98882
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   28
Байланысты:
Алтаева жазбаша сөйлеу мәдениеті (1)

9 - дәріс. Грамматикалық құрылыстың стильдік қызметі туралы 
Мақсатты ойды түсінікті әрі әсерлі етіп айту үшін тілде барды дәл тауып, 
өз орнында дұрыс пайдалану оңай міндет емес. Адам ойының ұшы-қиыры жоқ. 
Сондай-ақ тіл байлықтары да ұшан-теңіз. Сол теңіз дүниесіне сүңгіп, ой 
өрнектеріне керекті тілдік материалдар мен грамматикалық тәсілдерді дұрыс 
пайдалана білу үлкен шеберлікті керек етеді.
Грамматика мәселелерін екі түрлі ыңғайда қарастыруға болады: 
біріншіден, тілдің грамматикалық ережелері мен заңдарын айқындау 
мақсатымен, екіншіден, грамматикалық тұлғалар мен грамматикалық 
тәсілдерді қалай пайдаланғанда, ойымыз дұрыс шығады деген тұрғыдан. Бұл 
екеуі өзара тығыз байланысты болғанымен, алдыңғысы – грамматика, соңғысы 
– стилистика ғылымының үлесіне берілуге тиіс.
Тіл мәдениетінің табысы стилистика ғылымының талаптарымен 
ұштасып жататындықтан, бұл екеуінің де арасында жақындық күшті. 
Сондықтан грамматикалық тұлғалар мен грамматикалық тәсілдердің стильдік 
қызметтерін айқындаудың керегі осы арада да бір байқалып қалады.
Әдетте стилистика ғылымы грамматикалық тұлғалар мен 
категориялардың мәндестігін, олардың әдеби тіл стиліне қатысын 
қарастырады. Біз де осыларды негізге алып, олардан басқа мәселелерді де тіл 
мәдениеті тұрғысынан сөз етуге тиіспіз.
Адам ойын айтудың негізгі формасы – сөйлем. Жеке сөйлем арқылы 
біршама аяқталған ойды білдіріп, оны екінші, үшінші... сөйлемдермен 
ұластырып, ұзын-ырғалы мақсатты ойды жетер жеріне жеткізіп айтуға тиіспіз. 
Мұндайда әр сөйлемді қалай құру, қандай-қандай сөздерді пайдалану, ол 
сөздерді қай тұлғада жұмсау, қай сөзді қай сөзбен байланыстыру, қалай 
байланыстыру керек деген сияқты сұрақтар туады.
Тілді жақсы білетін кісілер бұл сұрақтарға жауап іздемей-ақ дұрыс 
сөйлеп, дұрыс жазуы мүмкін. Әрине, олардың да белгілі дағдысы, тіл 
мүмкіншілігі жайында түсінігі, оқымай-ақ үйренген білімі болады. Оның 
үстіне олар әлгілердің ғылыми негіздерін түсініп, біліп пайдаланса, тіл 
жұмсауда қате-кемшілік аз болмақ.


28 
Мақсат – тілде барды жойып, жаңалық орнату емес, барды дұрыс 
пайдалану.
Тілдің грамматикалық құрылысы ғасырлар бойы жасалып, әбден 
қалыптасып қалған болса, оны өзгерте салу мүмкін емес, ол жеке кісілердің 
қолынан келмейді де. Мұндай үлкен өзгерісті былай қойып, тілде барды дұрыс 
қолданбаған сөйлем кездессе, оған тосырқап қарап, қынжыламыз. Мысалы, М. 
Сүндетовтің «Күтем сені, Дидар» повесіндегі (Жұлдыз, № 6, 1965) мына 
сөйлемдерін алайық: «Апам сөйленіп жүр» (37), Жиырмаға биыл күздікте 
шығам (39). Бұлардың дұрысы - Апам сөйлеп жүр. Жиырмаға биыл күзде 
шығам. Ал мына сөйлемді қанша оқысаң да, бәрібір түк түсіне алмайсың: «Ол 
бір әңгімені бастарда көз ойнақшып, алдына отырғандарды арбап тілеулестікке 
шақыра шыбын-шіркей қыдырар еді» (40).
Тілдің грамматикалық құрылысын осылай «тізеге салып, сындыруды», 
қырын шығарып жонып өзгертуді ойламай, тілдегіні мәпелеп, шыңдап, талғап 
пайдалана білуді қарастыру керек. Сонымен қатар тіл ешқандай өзгеріске 
ұшырамауға тиісті деп тағы айта алмаймыз. Өзгеріс барды жойып, жаңаны 
ойдан шығару жолымен емес, тілде барды дамыту, қызметін кеңейту, солардың 
негізінде жаңа сөз, жаңа орам, жаңа тіркес енгізу жолымен болуға тиіс.
Қазақ тілінің құрмалас сөйлем жүйесі де бай. Мысалы, мезгілдік бір 
мағынаны толып жатқан құрмалас сөйлем түрлерін пайдаланып айтуға болады:
1 Сені көргенде, Есен көз алдыма елестейді.
2 Сені көрген кезде, Есен көз алдыма елестейді.
3 Сені көрсем, Есен көз алдыма елестейді.
4 Сені көруім мұң екен, Есен көз алдыма елестейді.
5 Сені көрісімен, Есен көз алдыма елестейді.
6 Сені көрдім-ақ, Есен көз алдыма елестейді.
7 Сені көрсем болғаны, Есен көз алдыма елестей қалады.
8 Сені енді көріп, Есен көз алдыма елестеп отыр.
9 Сені көрсем де, Есен көз алдыма елестей қалады. 
Стилі жатық жазушы осылардың бірде онысын, бірде мұнысын 
пайдаланады. Не болмаса, Есеннің келетінін кеше айтпап па едім? деген 
сөйлемді құбылтып, сөздерін түрліше орын ауыстырып айтып, оны 
құйқылжытып жұмсауға болады.
Тағы бір мысал: күрделі етістіктерді түрлендіріп құрастыру арқылы істің 
әр алуан кезеңдерін білдіреміз: келе бастады, келе жатыр, келіп қалды, келіп 
болды, келіп тұр, келе қоймады, келе кірісті, келе беретін болды, келіп тұра 
алмадық т.б. Осылардың бәрі бір емес. Сондықтан қазақша сөйлеген, қазақ 
тілінде жазған кісі осыларды керегіне жаратады.
Тіліміздің осылар тәрізді мол мүмкіншіліктерін дұрыс пайдалана білу – 
жақсы стилист болу деген сөз.


29 
Сөйтіп стилистика мәндес және мәндес емес те грамматикалық 
тұлғалардың, синтаксистік құрылыстардың тиімділерін пайдалана білуді 
үйретеді. Қазақ тілі грамматика жүйесінің де стильдік мүмкіншіліктері мол.
Жақсы стилист болу – сөз зергері болу деген сөз. Әдетте жазуы жатық, 
тілі бай стилист кісілер тілде барды, оның өте нәзік мәнін, өзгелерге еленбейтін 
иненің жасуындай қылаң еткен стильдік қызметін шебер түсінеді. Осылайша 
тіл байлықтарын, әсіресе тілдің грамматикалық мүмкіншіліктерін жақсы біліп, 
керегіне жаратып отырады. Мысалы, тілге деген талабы, сезімі, білігі мол 
жазушы (журналист) ешуақытта «Ақ ат мінген қыз қойларды жамыратты», «Ол 
белін арқанға буды» демейді. Себебі аттың түсі ақ болса да, қазақ «ақ ат» 
демейді, «боз ат», «ақбоз ат» дейді, әдетте қой жамырамайды, қозы 
жамырайды, белін арқанға бумайды, белін арқанмен буады. Не болмаса, қазіргі 
қазақ тілінде бірнеше бірыңғай сөйлем мүшелерін «және», «мен» 
жалғаулықтарымен байланыстырып айтқысы келген стилі жатық журналист 
ешуақытта «жәнені» бұрын, «мен» (бен, пен) жалғаулығын кейін жазбайды. 
Мұндайда «және» жалғаулығы бірыңғай мүшелердің «тұйыққа тіреліп», 
аяқталып 
қалғанын 
көрсетеді. 
Сондықтан 
зауыттарымыз 
және 
фабрикаларымыз бен елді мекендеріміз... деуге болмайды. Бұлай жазу стильдік 
қате болады. Дұрысы: «Біздің зауыттарымыз бен фабрикаларымыз және елді 
мекендеріміз жылдан-жылға нығайып келеді».
Сөйтіп, грамматикалық құрылыстың орнықты қалпын сақтап жазу да, 
мағыналық, эмоциялық қызметі болған жағдайда оны құбылтып, өзгертіп жазу 
да стилистика талаптарына сай бола береді. Ал дұрысты бұзып айтуда 
ешқандай мән болмаса, ондайлар өрескел қате болып есептеледі.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   28




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет