36
біріншіден, айтып тұрған сөздеріңізді көпшілік қабылдай алмаған соң алға
қойған мақсат та орындалмайды; екіншіден, сол сөздерді айтып тұрған кісі
туралы да (білгішсінген, аудиторияны меңгере алмаған немесе өзінің білетінін
барлығы да білуге тиіс дегендей) көңілге қонымсыз ой тууы мүмкін. Тіл
мәдениетіне әркімнің сөйлеу әдептілігі ғана емес, психологиясының да қатысы
бары сөзсіз.
Тіл мәдениетіне біршама нұқсан келтіретін тағы бір жай – жаргонизмдер.
Жаргонизмдер дос-жаранның, қатар құрбының арасында немесе үлкен-кіші
болса да, әзілдері жарасқан адамдардың бір-бірімен тіл қатысқанда айтатын
қалжың-оспақ сөздері болып табылады. Бір-бірін түсінетін мұндай адамдар
ондай сырт көзге байқалатын оспадар, дөрекі сөздерге мән бере қоймауы
мүмкін, бірақ ондай сөздерді қалың қауымға, көпшілік ортасына арнап
айтудың қисыны жоқ. Демек жаргонизмдер шағын ортада пайдаланылады,
сондықтан да оларды көпшілік орындарда қолданудың әдепсіздігі өзінен-өзі
белгілі болып отырады.
Тегінде, әзіл-қалжыңда да сөзді мәдениетті түрде қолдана білудің өзі
мәдениетті болып табылады. Қазақта «Әзілің келіссе, атаңмен ойна» деген
ұлағатты нақыл бар. Ендеше көңіл-күйдің көтеріңкілігін пайдаланып немесе
сөйлесіп отырған адамның сөз мағынасын, мазмұнын ұға білу қабілетіне
байланысты қалжыңға орын беруді ешкім де теріске шығара қоймас. Сол ретте
сөздің әдептілігінің сақталғаны жөн.
Достарыңызбен бөлісу: